Газет мәтіндеріндегі фразеологизмдердің қызметі

Автор: Пользователь скрыл имя, 10 Октября 2011 в 08:22, дипломная работа

Описание работы

Тақырыптың өзектілігі Орталық Азия территорияларының ішінде, қазақтар «Шыңжаң» деп атап жүрген, немесе қытайшадан аударғанда «жаңа жер», «жаңа шекара» деген мағына беретін өлке географиялық орналасуы жағынан аймақтың дәл ортасында тұрғандықтан, әдетте, тарихи әдебиеттерде оны Азияның «жүрегі», «тоғысу нүктесі», Азияның «қақпасы» деп атау кеңінен орын алған. Міне, осы Азияның «жүрегі» саналған Шыңжаң жерін мекендеген халықтардың өткен тарихы, сырт мемлекеттердің бұл өлкедегі жүргізген саясаты әлем тарихшыларының назарын көптен бері аударып келеді.

Содержание

КІРІСПЕ……………………...........…………………………....………...…………..3

1 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ЦИН ИМПЕРИЯСЫ МЕН ШЫҢЖАҢДАҒЫ САЯСИ ЖАҒДАЙ....................................................................................................................18

1.1 ХІХ ғ. Цин империясының Шыңжаң өлкесінде жүргізген саясаты........................................................................................................................18

1.2 Шыңжаңдағы мұсылман халықтарының антициндік көтерілістерінің себептері мен барысы................................................................................................22

2 ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙДІҢ ШЫҢЖАҢҒА ҚАТЫСТЫ ҰСТАНҒАН САЯСАТЫ ЖӘНЕ ХІХ Ғ. МҰСЫЛМАН КӨТЕРІЛІСТЕРІНІҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ...................................................................................................................39

2.1 Цин империясының аймақтағы саяси билігінің күйреуі мен Ресейдің араласуы.....................................................................................................................39

2.2 Көтерілістердің нәтижесі мен тарихи маңызы.............................................46


ҚОРЫТЫНДЫ......………………….....………………..…………………….…….58

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ........……....……..…..……...……..

Работа содержит 1 файл

Алиұлы Нұрым.doc

— 596.00 Кб (Скачать)

     Бірақ Якуб-бектің мемлекеті күшейе бастап, циндердің әрекетсіз саясатынан кейін, Кауфман басқаша пікірге көшіп, Қашғариядағы оқиғалардың барысы орыс мемлекетінің Жетішар мемлекеті жөнінде басқаша саясатқа көшкені дұрыс болар еді - деген көзқарасқа келеді. Кауфманның ойынша, оған көп күш жұмсаудың қажеті жоқ, Якуб-бектің мемлекетін мойындау арқылы орыс үкіметі Қоқан мен Бұқараға қарсы одақтас табар еді, әрі ағылшындардың тіміскі әрекеттеріне тосқауыл қойылып, кең байтақ сауда рыногына ие болады деп ойлады. Осы ойын жүзеге асыру мақсатында, 1868 жылы Кауфман Қашғарға Якуб-бекпен келіссөз жүргізу үшін капитан Рейнтальды жібереді. Рейнтальды Қашғарға жіберуге байланысты Рссей мен Англияның арасында Якуб-бекке қайсысының ықпалы басым болатындығы жөнінде бәсекелестік мақсаттағы димломатиялық күрес басталады.

     Ресей бір жағынан, Якуб-бектің Англиямен  жақындасуынан сескенді, ағылшындардың қару-жарақ көмегіне арқа сүйеп, Якуб-бек күшті мұсылман мемлекетін құратын болса, онда орыс империясының шекаралық аймақтарына қауіп төнеді деген ой да маза бермеді.

     1869 жылы ағылшын үкіметі Ресейге  Қытайдан тәуелсіз Якуб-бек мемлекетін тануды ұсынды. Петербургте бұл ұсыныс «оның билігінің беріктігіне сенім жоқтықтан және оны Қытай танымағандықтан», қабылданбай тасталды.

     Якуб-бектің Цин империясы туралы ұстанған саясатына келетін болсақ, ол өзінің Жетішар мемлекетіне төнетін қауіптің ең үлкені басқа жау емес, дәл Цин империясы болатынын түсінді. Сондықтан да оның ұстанған саясаты да аса күрделі, саяси ойындарға толы болды деуге болады. Якуб-бек «айдаһармен» ашық айқасқа барудың болашағы жоқ екеніне көзі жете отырып, дегенмен мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күрестен тайынбайтынын да көрсетуге тырысты. Тарихшы ғалым А.Ходжаевтың зерттеуінде, - «Якуб-бек 70-ші жылдары Цин империясы жөнінде өте жалтақ саясат ұстады, себебі ол әскери күш-қуатының, тылының әлсіздігінен өзіне сенбеді. Ол феодалдық таптың нағыз өкілі болғандықтан халық бұқарасының маньчжур-қытай әскеріне қарсы тұрар күшін есепке алмады». «1872-1876 жылдары Циндермен болған қақтығыстарында Якуб-бек ашық қарсылыққа шығудан қорқақтады, мүмкін ол сонысымен Пекиннің көңілінен шығуды ойлап, түбінде Жетішардың тәуелсіздігін мойындайды деп үміттенді» деген пікірін білдіреді [22, 88-89 бб.]. Ходжаевтың бұл пікірін Якуб-бектің одан әрі жүргізген әрекеттері біршама анық дәлелдей түседі.

     Жаңа  ғана дербестікке ие болған, экономикалық жағынан артта қалған, өндірісі дамымаған Жетішар мемлекетінің Цин империясымен әскери қақтығысқа түсуі сөзсіз болғандықтан, оның жағдайы өте-мөте қиын болды. Осы ауыр жағдайлар Якуб-бекті бір жағынан шетелдік мемлекеттерден тірек іздеуге итермелесе, екіншіден, ол әлі де болса Цин империясы оның мемлекетінің өмір сүруіне кедергі келтірмей, дербестігін таниды деп үміттенді. Ол алғашқы жоспарын іске асыру үшін Индиядағы британдық отарлық өкіметпен және оның одақтасы Түркиямен жақындасуы нәтижесінде өзінің әскери күш-қуатын біраз нығайтып алады. Енді екінші жоспарын іске асыру үшін Якуб-бек  Цин  империясымен  тіл  табысып,   онымен   жақындасудың жолдарын қарастырады.

     1874-1875 жж. Якуб-бек Пекинге өзінің сыртқы  саясат жөніндегі кеңесшісі Ишан-ханды елшілікке жібереді. Ондағы мақсаты келіссөздер арқылы Цин үкіметінің Жетішарды мойындауына қол жеткізу болатын. Якуб-бек Цин империясының Жетішар мемлекетін мойындай қоюы екіталай екенін білді, дегенмен оған уақыт ұтқызу ауадай қажет еді. Ол өзінің әскери күш-қуатын арттыру жолдарын одан әрі жалғастырды.

     Цин үкіметіне де Якуб-бекпен соғысу үшін уақыт ұтқызу өте қажет болды. Себебі оған Жетішар мемлекетінің артында тұрған шетелдіктердің көмегін есепке алмауға болмайтын еді. Якуб-бекпен соғысқа кірісу үшін үлкен дайындық керек екенін түсінген цин үкіметі 1871 жылы екі жақты саясатын жалғастыра отырып, өзінің әскери қолбасшыларына арналған құпия жарлығын шығарып, онда дұңғандар мен ұйғырлар арасындағы алауыздықты одан әрі қоздыра түсу әрекетін жүргізуді және оны Жоңғарияны басып алуда пайдалануды ұсынды. Сонымен бірге Якуб-бекке келіссөз жүргізу үшін адамдар жіберіп, оның ішкі пиғылын анықтап қайтуды тапсырады.

     Бұл тапсырманы орындауға кіріскен Жоңғариядағы әскери басшылар Вэнь Линь мен Цзин Лянь Якуб-бекке Цзы Шытай деген адамын келіссөзге жібереді. Келіссөз, өкінішке орай, болған жоқ, себебі 1871 жылы көктемде елші Тұрфанға келгенде, Якуб-бек бұл жерден Қашғарға кетіп қалған болатын. Бұл туралы хабардар болған Якуб-бектің ойында «Қытайдың елші жіберуінің өзі онымен келіссөз жүргізуге әзір екен» деген үміт отын тұтандырады.

     1873 жылы Якуб-бек Константинопольдегі  ағылшын елшісі Г.Эллиотқа өзінің Түркиядағы өкілі Сайид Якуб-хан арқылы сәлем жолдап, өзінің әскерін қазіргі заманғы жаңа қару-жарақпен қаруландыруды ойлайтынын, жаяу әскер санын 60 мыңға, атты әскерді 20 мыңға жеткізуді көздейтінін хабарлайды. Ағылшын өкілдері, өз кезегінде, Сайид Якуб-ханға Жетішар билеушісіне Англиядан қару сатып алуға және әскерді үйрететін инструкторларды жалдауға қажетті шығын үшін 800 мың фунт стерлинг көлемінде ақша қарыз беретінін мәлімдейді [22, 116 б.].

     Дегенмен, Якуб-бек цин үкіметімен бейбіт келіссөздер  арқылы, Жетішар мемлекетінің тәуелсіздігін Қытай соғыссыз-ақ мойындайды деген үмітін жоғалтпайды. Жетішар мемлекетінің сырттан алып отырған көмегін біле отырып, Цин үкіметі өзінің онсыз да қаржылық тапшылығы жағдайында ауыр соғысқа бара қоймайды деген қате түсінігі, оны ұзақ уақыт бойы әскери қақтығыстардан қашқақтап, тым баяу саясат ұстауға әкелді, бұл өз кезегінде оның стратегиялық қателіктеріне әкеліп соқтырды.

     Цин империясының Шыңжаңдағы билікті қалпына келтіру соғысына жан-жақты талдау жасап, оған зерттеу еңбегін арнаған ғалым А.Ходжаевтың пікірінше, Якуб-бек «1871-1873 жылдары бүкіл Жоңғарияға ие болып тұрған кезінде, цин өкіметінің Баркөл мен Құмылдағы тым әлсіз позициясын пайдаланып, Жоңғарияны біржолата азат ету үшін және Жетішардың шығыс шекарасын қауіпсіздендіру мақсатында оларды сол жерлерден кетіре алмады. Бұл жағдай цин әскери басшыларының шығыс жоңғар жерлерін әскери тірі күштерді, қару-жарақтарды және азық-түлікті біртіндеп жинақтай беретін маңызды орынға, яғни Жоңғария мен Шығыс Түркістанды біртіндеп жаулап алуға плацдарм ретінде пайдалануға мүмкіндік тудырды»[22, 88 б.]. Якуб-бектің осындай басты стратегиялық қателігі, оның мемлекетін цин әскерлерінің тезірек жаулап алуына себеп болды.

     XIX ғ. 60-жылдары Шыңжаң жерінде мұсылман халықтардың антициндік ұлт-азаттық көтерілістері жеңіске жетіп, ондағы ХУШ ғ. екінші жартысынан бері үстемдік етіп келген цин билігі құлатылып, Шыңжаң Цин империясының уысынан шығып қалған жағдайда патшалық Ресей қандай саясат ұстады?

     Цин империясының Шыңжаңдағы билігінің құлатылуы онымен көршілес елдердің ғана назарын аударып қоймай, Шыңжаңды өзінің стратегиялық иелігі ретінде санауға ұмтылған шетелдік мемлекеттерді де елең еткізді. Әсіресе өзара бәсекелес Англия мен Ресей Шынжаңдағы қалыптасқан саяси жағдайды өз мүдделері тұрғысынан пайдаланып қалуды көздеді.

     Шыңжаңдағы  болып жатқан оқиғаларды ресейлік Түркістанның әскери басшылығы мүлт жібермей қадағалап, назарда ұстап отырды. Шыңжаңмен шекаралас Жетісу облысының әскери губернаторы генерал Колпаковский Батыс Қытайдағы дұңғандар көтерілісі басталғанда-ақ, яғни 1865 жылдың басында, өзінің үкіметке жазған мәлімдемесінде, Батыс Қытайдағы қытай билігінің әлсіздігіне, мұсылмандардың толық салтанат құрып, маньчжурларды біржолата қуып шыққанына көз жеткізгенін хабарлайды. Бұл көтерілістің ресейлік отарлық иелігіндегі   қазақ  даласына  да  үлкен  әсер   етіп,   шекаралық иеліктердің   қауіпсіздігіне   нұқсан   келтіретіндігін   ескертеді. Себебі     көтерілісші    мұсылман    халықтардың    көпшілігімен қазақтар  мен  қырғыздар тегі  бір туыс,  барлығы  ортақ діни сенімдегі   халықтар    болғандықтан,    бұл    жағдайлар    Ресей өкіметіне де үлкен қауіп әкеле бастаған еді. Бұндай жағдайда шекарада үлкен әскери отрядтар ұстау қажет болатынын ескерте отырып, Колпаковский, дегенмен оларды күшпен ұзақ уақыт ұстау мүмкін болмайтын да шығар деген қаупін білдіреді. Қазақ даласына төнетін қауіптің ең үлкені — Батыс Қытайда аса күшті, жауынгер   мұсылман   мемлекетінің   құрылуы   болатындығын, ондай мемлекетті Қоқандықтар орнатуы да мүмкін, өйткені олар бүған  дейін де  солай жасап  көрген тәжірибесі  бар,  мүмкін оларсыз да мұсылмандар ешкімнің көмегінсіз өздері-ақ күшті мемлекет   құруы   да   ғажап   емес,   қандай   болғанда   да   бұл мемлекет орыс өкіметіне дұшпандық көзқараста болатындығы сөзсіз,  - дейді  Колпаковский.  Осы  аса  маңызды  себептерді есепке  ала  отырып,  ол   орыс  өкіметі Шәуешекті,  Құлжаны, Қашғарды басып  алып,  шекаралық иеліктеріне  қосуы  қажет деген ұсыныс жасайды. Орыс әскерінің бұған шамасы әбден жететіндігіне    сендіріп,    қазіргі    жағдайда    цин    үкіметінің Шыңжаңдағы билігінің толық дәрменсіздігін, ондағы анархиялық жағдайды патша үкіметі пайдаланып қалуы керектігін, ол езінің   қазақ жеріндегі   шығыс   жақтан   төнетін   қауіпсіздігін біржолата қамтамасыз етуі қажеттігін ескертеді.

       Бұндай отаршылдық пікір білдірушілер патша өкіметінің әскери және мемлекеттік қызметкерлері сапында жеткілікті болды.

     Батыс Қытайдағы мұсылман халықтардың антициндік көтерілістеріне алаңдаушылық танытқан орыс үкіметі, ең бірінші кезекте, Шыңжаңдағы сауда-экономикалық мүддесінің зардап шекпеуі, Шыңжаңдағы антициндік наразылықтың ұшқыны ресейлік отарлық иеліктерге де таралмауы және Ресейдің Орталық Азиядағы геосаяси мүддесінің зардап шекпеуі жағына көңіл бөлуінің сыры тереңде.

     Көтерілістер  барысында Шыңжаң жерінде маньчжур-қытай  үстемдігін құлатып, дербестігін жариялаған бірнеше мемлекеттер - Ресей шекарасына жақын орналасқан Құлжадағы Тараншы хандығы да, Шығыс Түркістанды қолында ұстап отырған Якуб-бектің Жетішар мемлекеті де Ресейге достық ниетте болған жоқ. Шыңжаңдағы түркі тектес мұсылман халықтардың дербестігін қолдаған Түркия да, Шыңжаңда өз үстемдігін орнату арқылы отаршылдық әрекетін бүкіл Азияға жүргізуге дәмеленген Англия да тәуелсіздіктерін қолына алған бұл хандықтарға қолдау көрсетіп, оларды цин билігіне ғана емес, Ресейдің де ықпалына түсірмес үшін, оған қарсы саясат ұстауға итермеледі. Осы қолдауға арқа сүйеген Якуб-бек те, Іле сұлтандығының билеушісі Әбіл-оғлы да Ресейдің Шыңжаңмен шекаралас аймақтарына қауіп төндіріп, жағдайды барынша шиеленістіре түсті. Шекаралас аймақтардың мұсылман халықтары бір-біріне қолдау көрсетіп, ниеттестіктерін білдіре бастайды.

     Ресей Сыртқы Істер Министрі Батыс Сібір  генерал-губернаторына осы Шыңжаңдағы оқиғалар басталған кезде былай деп жазады: «көтеріліс рухы Батыс Қытайға да ене бастады; бұқара халықтың ақыл-ойында сілкініс пайда болуда, ондағы болып жатқан бүліктер мен бейберекеттік жағдайлар қытайлық бұл иелікті де сырт қалдырмайтыны айқын болды, ақырында, Қытайдан Қашғария ғана емес, сол сияқты, қытайлықтар кезінде отарлап алған Іле облысы да (бұрынғы Жоңғария), қытайлық езгіден азат болу үшін бөлінері анық екендігіне көз жеткізу қиын емес».

     Шыңжаңдағы  болып жатқан оқиғалар Ресейдің үрейленуі мен алаңдаушылығын туғызбай қоймады. Ресей ең алдымен, көтеріліс ұшқыны Шыңжаң шекарасынан өтіп, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының да қолдауына ие болып кетуі мүмкін деген қауіптен қатты қорықты. Ресейдің бұл уақытта ұлт аймақтарындағы және шекара бойындағы әскери күштері көп емес еді. Сондықтан, Қытайдың отарлық иеліктеріндегі халықтардың тәуелсіздік жолындағы көтерілістеріне, Ресей, өз империясындағы отарлық иеліктерінің тұтастығын сақтау тұрғысынан қарап, оған мүлдем қарсы болды. Ресей Қытай мемлекетіне көмек қолын созғысы да келді. Ол Қытайдың өз ішкі аймақтарындағы тынышсыздық салдарынан, Шыңжаңдағы көтерілісті басуға дәрменсіздігіне қатты алаңдады. Екі империяның да отарлық иеліктер жөніндегі мүдделері түйісіп, тіл табысар сәті туып еді. Бірақ, Ресей ашық түрде Цин империясына көмектесуге, ұлт-азаттық көтерілісті жаныштауға өзіндегі мұсылман халықтардың наразылығын тудырып алудан да сескенді.

     Ресейдің  осы жағдайларға байланысты ұстанатын позициясы үкіметтік құжатта былай деп көрсетілді: «Бұл оқиғалар барысын тоқтату бізге байланысты емес, және ол біздің үкіметтің саясатының жоспарына кірмейді. Дегенмен, осындай жағдайда, біздің бар ынтамыз Батыс Қытайда сауда жүргізетін ресейліктердің мүддесін қорғау болуға тиіс, сонымен қатар, қандай көтерілістер мен төңкерістер болмасын, жалпы Ресейдің мүддесінің зардап шекпеуін ойластыруымыз қажет».

     Көтерілістің  қызған шағында, 1864 жылы Қытайдың Орталық үкіметі Ресейден көмек сұрап, шекаралық Алатау округінің бастығы Г.А.Колпаковскийден дұңған-ұйғыр көтерілісшілерін басуға көмектесуін өтінеді. Іле цзяныдзюнінің хатын алып, Қазақстанға келген цин қызметкері Минь Сюй генерал Колпаковскийден Шыңжаңға көтерілісті басуға тезірек көмекке әскер жіберуін өтінеді. Іленің басшысы, өз хатында, орыс әскерлерінің тезірек келіп, көмек керсетуін сұрап, - Шыңжаңды бүлікшілерден тазартуға көрсететін көмегіңізді біз мыңдаған жылдар бойы есте сақтап, ешуақытта ұмытпаймыз, қытай халқы жақсылық жасағанды бағалай біледі - деген жалынышты сөздермен аяқтаған. Сондай-ақ, Іле басшысы, өз хатында, орыс сауда факторияларының да көтерілісшілер тарапынан тонауға ұшырап жатқандығын әдейі баса көрсетті [20, 164 б.].

     Пекиндегі орыс өкілі Влангалиге Цзунлиямынь (сырт елдермен байланыс мекемесі) қызметкерлері келіп, патша үкіметі Шыңжаңдағы көтерілісті басуға шекаралық орыс үкіметінің өкілдері арқылы Іле цзяньцзюніне азық-түлікпен, қару-жарақпен несиелік көмек көрсетуін сұрап, мүмкін болса әскери кеңесшілерін Іле басшысына жіберуін өтінген хат тапсырады.

     Шекарадағы  орыс басшылығына сонымен қатар көтеріліс жасаушы мұсылман халықтардың өкілдері де келіп, әскери көмек сұраған.

     Патша өкіметі Шыңжаңдағы көтерілістің цин  үкіметінің өз күшімен басылғанын қалады және Іле басшысына аздаған материалдық көмек көрсетумен шектелуді жөн көрді. Пошта арқылы Пекинге хат жолдап, ал Қобдаға, Іле басшысына арнап, 500 мың руб. көлемінде қытайдың күміс ақшасын жібереді [26, 127-131 бб.].

     Қытай мемлекетінің бөлшектенуінен гөрі, оның тұтастығының сақталуы патша өкіметі үшін аса маңызды еді, бірақ Қытай империясының мықтылығына да сене алмай қалды. Сондықтан патша өкіметі әзірше әліптің артын баға тұруды жөн көрді. Егер Цин империясы ыдырауға ұшырап, Шыңжаңда күшті мұсылмандық мемлекет орнаса, олармен алдын ала дұшпандық жағдайға келудің қажеті жоқ - деген шешімге келді. Орыс үкіметінің қызметкерлері Цин империясына да, мұсылмандық топтарға да көмек беруден жалтара тұруды жөн санады. Мұсылмандарға қару-жарақпен көмектесуге кейбір мемлекет қызметкерлері тіпті қарсы болды, себебі олар жеңіске жеткен жағдайда, сол қаруымызды өзімізге қарсы пайдалануы мүмкін деген қаупін де жасырмады.

Информация о работе Газет мәтіндеріндегі фразеологизмдердің қызметі