Кәсіпорынның негізгі құралдарының техникалық жағдайын сипаттайтын тағы бір көрсеткіш – негізгі құралдардың жарамдылық коэффициенті болып табылады. Ол негізгі құралдардың қалдық құнын бастапқы құнына бөлу арқылы есептеледі. Яғни, келесі формуламен есептеледі:
НҚ жарамдылық
= НҚ қ.қ.
/ НҚ б.қ.
(10)
Мұндағы: НҚ қ.қ. – негізгі құралдардың қалдық құны;
НҚ б.қ. – негізгі құралдардың бастапқы құны.
Кәсіпорындағы негізгі құралдардың пайдалану жағдайын сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – негізгі құралдардың тозу коэффициенті болып табылады. Ол негізгі құралдардың тозу сомасын негізгі құралдардың бастапқы құнына бөлу арқылы есептеледі. Демек келесі формуламен анықталады:
НҚ тозу
=НҚ т.с.
/ НҚб.қ.
(11)
Мұндағы: НҚ т.с. – негізгі құралдардың тозу сомасы;
НҚ б.қ. – негізгі құралдардың бастапқы құны.
Бұл көрсеткіш негізгі құралдардың тозу шамасын көрсетеді. Ол физикалық және моральдық тозу дәрежесіне және кәсіпорынның амортизациялық саясатына байланысты өзгеруі мүмкін. Кейбір экономистердің бағалауы бойынша
50 % -дан жоғары тозу коэффициенті жағымсыз құбылыс болып табылады. Осыған байланысты басшылық тарапынан кәсіпорынның материалдық – техникалық базасын нығайтуға және жаңартуға баса назар аударылуы тиіс.
Негiзгi қорларды пайдаланудың жалпылама көрсеткiштерiне қор қайтарымдылығы, қор сиымдылығы және қормен қарулану жатады. Осы көрсеткіштер арқылы кәсіпорындағы негізгі құралдарды пайдалану тиімділігін сипаттауға қол жеткізуге болады.
Қор қайтарымдылығы – белгілі бір кезең ішінде өндірілген өнім, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет құнының негiзгi құралдардың орташа жылдық құнына қатынасымен анықталады.
Ол мына формула бойынша есептеледі: Ққ
= Қө/НҚо.қ.
Мұндағы: Қө
- кезең ішінде өндірілген өнім, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет құны;
НҚо.қ.
- негiзгi құралдардың орташа жылдық құны.
Қор сиымдылығы
- бұл қор қайтарымдылығының кері шамасы болып табылады, яғни негізгі құралдардың орташа жылдық құнының өнім, жұмыс немесе қызмет көлеміне қатынасымен анықталады. Мұны формула түрінде көрсететін болсақ: Қс =
НҚо.қ./Қө
Мұндағы: НҚо.қ.
- негiзгi құралдардың орташа жылдық құны;
Қө
- кезең ішінде өндірілген өнім, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет құны;
Бұл көрсеткіштерді өндірілген өнім, орындалған жұмыс, көрсетілген қызмет көлемімен ғана емес сату көлемі немесе сатудан түскен табыс арқылы да есептелуі мүмкін. Қор қайтарымдылығы негізгі құралдардың әрбір теңгесіне қанша өнім өндірілгенін, жұмыс орындалғанын немесе қызмет көрсетілгенін көрсетеді. Ал қор сыйымдылығы осы көлемге қол жеткізу үшін қажетті негізгі құралдар құнын көрсетеді. Қор қайтарымдылығы көрсеткіші негізінен жұмыс істеп тұрған негізгі құралдарды пайдалану деңгейін талдау үшін пайдаланылса, қор сыйымдылығы негізгі құралдарға деген қажеттілікті жоспарлау үшін қажет болады.