Тақырып
Кәсіпорын
капиталы және оның маңызы
Қарастырылатын
сұрақтар
1) Кәсіпорынның
негізгі капиталы
2) Кәсіпорынның
айналым капиталы
1) Кез-келген кәсiпорын өз қызметін жүзеге асыру үшін белгілі-бір экономикалық ресурстары болуы қажет. Кәсіпорында қолданылатын экономикалық ресурстардың құрамы әртүрлі болып келеді. Әсіресе өндірістік қызметтің үздіксіздігі мен тиімділігіне ұзақ уақыт пайдаланылатын ресурстар қорларының немесе капиталдың болуы айтарлықтай әсер етеді. Кәсіпорын капиталын әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарастыруға болады.
Ең алдымен капиталды нақты және ақшалай капитал деп бөлуге болады. Нақты капитал өндіріс құралдары нысанында болса, ақшалай капитал ақша нысанында болады және кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық қызметін қамтамасыз ету, өндіріс құралдарын сатып алу үшін пайдаланылуы мүмкін. Материалдық – заттай нысанда капиталды негізгі және айналым капиталына бөлуге болады.
Негізгі капиталға ұзақ уақыт пайдаланылатын материалдық өндіріс факторлары, яғни, ғимараттар, өткізгіш тетіктер, машиналар мен құрал-жабдықтар т.с.с. жатқызылса, айналым капиталы әрбір өндірістік цикл үшін жұмсалатын құралдарды
(шикізаттар мен материалдар т.б.) сатып алуға жұмсалады. Негізгі капитал бірнеше жыл қызмет етсе, айналым капиталы бір өндірістік цикл ішінде толығымен жұмсалады.
Негізгі капитал көбінесе кәсіпорынның негізгі құралдарымен ұқсас түсінік ретінде қарастырылады. Алайда, негізгі капитал түсінігі негізгі құралдарға қарағанда айтарлықтай кең ұғымды қамтиды. Негізгі құралдар негізгі капиталдың басым бөлігін құрайды және олармен қатар негізгі капиталдың құрамында аяқталмаған өндіріс пен ұзақ мерзімді инвестициялар да болуы мүмкін.
Жалпы алғанда, негізгі құралдар деп өндірісте ұзақ уақыт бойы
(бір жылдан артық уақыт) пайдаланылатын, өзінің бастапқы заттай нысанын
(пішінін, түрін) сақтай отырып, құнын шығарылған өнімге, орындалған жұмысқа, көрсетілген қызметке біртіндеп, бөліп-бөліп есептелген амортизациялық аударым мөлшерінде ауыстыратын еңбек құралдарын, яғни материалдық активтерді айтады.
Негізгі құралдарға – жылжымайтын мүлік, жер телімдері, үйлер мен ғимараттар, өткізгіш тетіктер, машиналар мен жабдықтар, өлшеуіш және реттеуіш аспаптары мен құралдары, көлік құралдары, аспаптар, өндірістік және шаруашылық құрал-саймандары, шаруашылықтың ішкі жолы мен тағы басқалар жатады. Көлемінің үлкенді-кішілігіне, бағасының азды-көптілігіне
(арзанды-қымбаттылығына) қарамастан пайдалану мерзімі бір жылдан аспайтын өндіріс құралдары негізгі құралдардың қатарына жатпайды.
Барлық негізгі құралдар өздерінің өндіріске қатысуына қарай өндірістік және өндірістік емес болып екі топқа бөлінеді. Өндірістік негізгі құралдар деп өндірісте қызмет ететін, яғни өнім өндіру орындарында пайдаланылатын негізгі құралдарды айтады. Олар өндірістік процеске бірнеше рет қатысады, бірте бірте тозады және олардың құны пайдалану шамасына қарай өндірілетін өнімге бөлік – бөлігімен өткізіледі. Өндірістік негізгі құралдар капитал салымы есебінен толықтырылады. Өндірістік емес негізгі құралдарға кәсіпорын балансында тұрған тұрмыстық үй-жай, балалар және спорттық ғимараттар, сондай-ақ өзге де мәдени – тұрмыстық қызмет көрсету объектілері жатады. Олардың құны тұтыну кезінде жоғалады.