Меншікке қарсы қылмыстар

Автор: Пользователь скрыл имя, 10 Февраля 2013 в 21:15, курсовая работа

Описание работы

Қазақтың әдет-ғұрып құқығындағы мүліктікке қарсы қылмыстың түсінігі.
Мемлекет қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде пайда болады. Ал, заңдық тұрғыдан құқықты тек мемлекеттің пайда болуымен байланыстыруға болады.
Қазақстанның кеңес дәуіріндегі қылмыстық заңдарындағы бөтен мүлкіне қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы.Қазақстанның қылмыстық құқығындағы бөтен мүлікті заңсыз иемдену ұғымының қалыптасуы.

Работа содержит 1 файл

Меншікке қарсы қылмыс.doc

— 550.00 Кб (Скачать)

Ұрлықтың  жасырын жасалуының екі  критериі бар. Олар объективтік және субъективтік болып бөлінеді.

Объективтік критериі меншік иесінің ұрлықты жасаған адамның әрекетіне байланысты көз қарасымен     анықталады, яғни меншік иесі оның меншігіне қарсы жасалған қылмыстық әрекетті байқамайды. Затының жоғалғанын кейіннен барып біледі.  Кейде ұрлық меншік иесінің  байқауымен жасалса да ашық қылмысқа айналмайды. Қылмыскер ұрлықты ақыл–ойы кем адамның, жас баланың көзінше немесе адам қатты мас болғанда немесе ұйықтап жатқан кезде жасағанда, ол аталған адамдар оның әрекетін қылмыс деп санамайды деп ойлайды.

 Сонымен қатар, меншік иесінің  немесе басқа адамдардың бірінің  мүлікті иелену оқиғасын көріп  тұрғанымен  оның қылмыстық   сипатын  түсінбеген жағдайлар  да да, мұндай әрекет  жасырын  ұрлау деп саралануға  жатады

Мәселен, Б. деген азаматқа байланысты қылмыстық іс бойынша РСФСР сот алқасы: «Ұйықтап жатқан адамның затын  алып кету  ашық тонау емес, ұрлық болып табылады»- деп көрсетті. Р-ға байланысты іс бойынша ССРО  Жоғарғы Соты алқасы: «Жастығына орай қылмыскерді әрекетінің маңызын түсінбейтін баланың  көзінше жасалған бөтен мүлкіне қарыс жасалған қылмыс ашық тонау емес, ұрлық болып табылады»-деп көрсетті.

Субъективтік критериі ретінде қылмыс жасаған адамның  өзінің бөтен мүлкіне қарсы жасаған әрекетіне байланысты көзқарасы танылады. Қылмыстық заң және сот  тәжірибесі субъективтік критериді негізігі критерий ретінде түсінеді. Сондықтан да егер қымыскер  бөтен мүлкін  жасырын алып кеттім деп есептесе, басқа біреу оны байқап қалсада, оның әрекетін ұрлық деп саралайды.

Осыған орай ҚР Жоғарғы Сотының «Бөтен мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі  істер бойынша  сот тәжірибесі туралы» 2003 жылға 11 шілдедедегі нормативтік қаулысының 4 тармағында «ұрлық –бөтен мүлкін заңсыз жасырын иемдену. Бөтеннің мүлкін  заңсыз иемденудің жасырын  болып табылатыны туралы мәселені шешу кезінде соттар  кінәлі адамның өзі жағдайды қалай  қабылдайтынын  басшылыққа алуға тиіс. Егер кінәлі адам айналасындағылар  үшін өзі байқатпай әрекет жасадым  деп санаса, онда ұрлық, тіпті меншік иесі не өзге  адам оның әрекеттерін бақылап жүргеннің өзінде, ұрлық деп саралануға жатады»- деп көрсетті.

Мәселен, Иванов қызметтік үй-жайға  кіріп, жәбірленушінің кабинетінен  шығып кеткенін пайдаланып, оның костюмінің қалтасынан әмиянын алып, кабинеттен шыға бергенде  жәбірленушімен  кездесіп қалады. Жәбірленушінің: «Не іздеп жүрсің?»- деген сұрағына: «Бәленді іздеп жүрмін» дей салып, шығып кетеді.  Сезіктеніп қалған жәбірленуші костюмінің қалтасынан әмиянын іздей бастайды. Ивановтың алып кеткенін біліп, іле-шала артынан қуып шығады да басқа адамдардың көмегімен Ивановты ұстап алады.

Бірінші сатыдағы сотта, содан кейінгі сот сатылары да Ивановтың бұл әрекетін ашық тонау деп  саралап соттаған.

ҚР Жоғарғы Сотының  қадағалау  алқасы жергілікті соттардың  бұл қортындыларымен келіспей, Ивановтың әрекетін де ұрлықтың белгісі бар, себебі ол  жәбірленушінің әмиянын жасырын жағдайда алған деп қортынды жасап, оның әрекетін ұрлыққа ауыстырып қайта саралады.

Сотталған Кашкеев, ұялы телефондар сататын дүкенге кіріп, оны ешкімнің бақылап тұрмағанын  сезіп, витринға жақын келіп, жалпы құны 8500 теңге болатын ұялы  телефондардың екі макет-жобасын ұрлап алып, дүкеннен шығып бара жатқанда,  Кашкеевтің жүрісінен сезіктенген дүкеннің күзетшісі, оның  кейін қайтуын сұрайды. Осыны естіген Кашкеев қаша жөнелген. Алайда, оны күзетші қуып жетіп ұстап алған. Дүкенге қайта алып келіп, қалтасынан жаңағы ұрланған екі макет-жобаны алған. Сотталған Кашкеевтің осы әрекетін бірінші қатардағы сот  тонау деп саралап, 178 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп тауып, жаза тағайындаған. Облыстық сот сатылары да  соттың үкімімен келіскен.

Алайда Жоғарғы Сот  қадағалау  тәртібімен сот актілерін қайта  қарап, Кашкеевті  ұрлық жасауға  оқталды деп есептеп, оның қылмыстық  әрекетін 24 баптың 3бөлігі, 175 бабының 1 бөлігіне ауыстырып қайта саралап, оны жазадан босатты.

Кейде осындай жағдайларда бөтен  мүлкін заңсыз иемденбекші болған адам ұрлаған затты өзінде қалдыру  үшін жәбірленушіге күш қолданады. Кейде, ұрланған затты тастай салып, ұсталып қалмас үшін де күш қолдануы мүмкін. Жоғарғы Сот бұл жағдайларға байланысты егер кінәлі адам жәбірленушіге ұрланған затты қалдыру үшін емес ұсталып қалмас үшін күш қолданса, онда оның әрекетінде тонау немесе қарақшылықтың белгілері жоқ, бөтен мүлікті жасырын иемденге оқталу белгілері бар деп көрсетті.

 Сот үкімімен С. жәбірленушінің 32000 тенге ақшасын ашық тартып алуға оқталғаны үшін кінәлі деп танылған.Сотталғанның және жәбірленушінің сотта көрсеткендерінен мыналар анықталған.Сотталған С. балконның есігінің ашық тұрғанын пайдаланып, «Отырар» қонақ үйінің  516 бөлмесіне кіріп, осы бөлмеде тұрып жатқан  жәбірленушінің ұйықтап жатқанын пайдаланып, стол үстінде жатқан оның әмиянынан ақшасын алып балконга қарай жүрген кезде жәбірленуші оянып кетіп, сотталған С-ті ұстап алып, көмекке шақырып айқайлаған. Сотталған С. корридорға жүгіріп шығып, қалтасныдағы ақшаны тастай салған. Осыдан кейін  ұсталып қалмайын деп,  жәбірленушіні жұдырығымен  оң көзінен ұрған. Осы кезде қонақ үй қызметкерлері келіп С-ті ұстап алған. Жоғарғы Соттың қаулысымен сот үкімі өзгертіліп, сотталған С.-тің әрекеті ҚК 24 бабы арқылы 175 бабптың 1 бөлігіне ауыстырылып қайта сараланған.

 Тағы да назар аударатын жағдай, Жоғарғы  Сот жаңағы  аталған қаулысында, егер ұрлық, кінәлі адам туыстық, достық және жеке сипаттағы өзге де өз ара қатынастар да болған, осыған байланысты  олар  хабарламайды және оның әрекеттерінінің жолын кеспейді деп сенген  адамдардың алдында жасалса, бұл әрекеттерді ұрлық деп саралаған жөн-деп қортындылаған.

Жоғарғы соттың  бұл пікірі мен келісу қиын. Ұрлық жасырын заңсыз бөтен мүлікті иемдену екенін көрсете отырып, туысының  мүлкін  оның көзінше заңсыз иемденген адамның әрекетін ұрлық деп тануды ұсыну ұрлықтың объективтік жағына қайшы келеді.

Ұрлықтың алаяқтықтан айырмашылығы ұрлық кезінде қылмыскер бөтен мүлкін оның иесінің еркінен тыс жасырын жағдайда алып кетіп, өз пайдасына асырады. Ал, алаяқтықта  жәбірленуші қылмыскердің айтқанына сеніп, алданып өз мүлкін өз еркімен беріп қояды. Міне, сол себептенде, сот тәжірибесінде жәбірленуші аз ғана уақытқа қарай тұруды өтініп тастап кеткен мүлкін алып кеткен қылмыскердің  әрекетін ұрлық деп таниды.

Заңдылық сипатына қарай  ұрлық  материалдық құрамға жатады. Осыған байланысты  ұрлықтың аяқталған  кезі болып, қылмыскер  бөтен мүлкін  заңсыз алып қана қоймай, оны өз пайдасына толық жаратуға мүмкіндігі болған кезде ғана аяқталған болып танылады. Үйден, мекемеден немесе  күзетілетін аймақтан  бөтен мүлкін жасырын алып шығуға тырысқан  қылмыскер, сол аумақтың шеңберінде ұсталса, оның әрекеті ұрлыққа оқталғандық деп танылады.

Жоғарғы Соттың пікірі де осы мазмұндас. Аталған қаулысында Жоғарғы Сот: «Егер мүлік иесі немесе  басқа адамдар  бөтеннің мүлкін иемденуге бағытталған әрекеттердің жолын кессе, онда кінәлі адам  ұрлыққа оқталғаны үшін жауапқа тартылуы тиіс.»- деп көрсетті.

Ұрлықтың  қылмыстық заңда төмендегідей дәрежелеуші белгілері анықталған:

  1. адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған ұрлық;
  2. бірнеше рет жасалған ұрлық:
  3. тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға немесе көлік салонына заңсыз кірумен жасалған ұлық;
  4. Мұнайгазқұбырынан жасалған ұрлық;
  5. Ұйымдасқан топ жасаған ұрлық;
  6. Ірі мөлшерде жасалған ұрлық;
  7. Аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық

Айта кету керек, ұрлықтың алғашқы  ҚК 175 бабының 2 бөлігінде көрсетілген  үш дәрежелеуші белгісімен сотталғандар әр жылдары ұрлық үшін сотталғандардың 67-70 пайызын құрайды екен.

Ұрлықтың бірінші дәрежелеуші  белгісі ретінде  қылмыстық заңда  ұрлықты  аламдар тобының алдын-ала  сөз байласуы бойынша жасау көрсетілген. Адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы бойынша  қылмыс жасау түсінігі ҚК 31 бабының 2 бөлігінде берілген. Егер  қылмысқа бірлесіп жасау туралы күні бұрын уағдаласқан адамдар қатысса, ол адамдар  тобы алдын-ала сөз байласып жасаған қылмыс  деп танылады.

Бұл қылмыстық заңның бұрынғы Қазақ КСР қылмыстық заңынан өзгешелігі де осында. Адамдар тобы алдын-ала сөз байласып жасаған ұрлық қана оның саралаушы белгісі болып табылады. Ал, бұрынғы қылмыстық кодексте алдын-ала келіспей-ақ топ болып ұрлық жасалса, топ болып ұрлық жасау оның саралаушы белгісі болып танылды.

 «Адамдар тобы алдын ала сөз байласуы» белгісі бойынша кінәлі тұлғалардың іс-әрекеттерін саралау кезінде ҚР ҚК 31-бабының 2-бөлігін және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Ұрлық жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 8,9,10-тармақшаларын басшылыққа алу қажет.

Адамдар тобының алдын ала сөз  байласу бойынша ұрлық жасағаны белгісі бойынша кінәлі адамдардың іс-әрекеттерін саралау кезінде екі немесе одан да көп адамдардың кез келген нысанда көрініс тапқан келісімі болды ма, осы тұлғалардың бөтен мүлікті иеленуге тікелей бағытталған іс-әрекеттерді істеудің алдында, яғни ең кемінде бір орындаушының қылмыс құрамының объективтік жағын орындағанға дейін олар сөз байласты ма, соны анықтау қажет. Ұрлықты жасау үшін екі немесе одан да көп адамдардың ортақ күштерін біріктіру арқылы әрбір қылмысқа қатысушының іс-әрекеті алдын ала бөліскен ролдерге сәйкес қылмысқа қатысушылардың іс-әрекеттерді жасауы және барлық қатысушылардың әрекетінен болатын жалпы қылмыстық нәтижемен себеп-салдарлық байланыста болатын жағдайларда да ұрлық «адамдар тобының алдын ала сөз байласуы» белгісі бойынша сараланады. Бұндай жағдайда қылмысқа екі немесе одан да көп орындаушылардың қатысуы міндетті емес, екі қоса орындаушылар болған кездегі бір ғана орындаушының қатысуы жеткілікті. Ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесушiнің жауаптылығы олардың біруақытта қылмысты қоса орындаушылар болып табылатын жағдайларды қоспағанда, нақты қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін ҚК тиісті бабы бойынша басталады (жүктеледі).

Егер адам ұрлықтың басқа қатысушыларымен алдын ала сөз байласпай, бірақ осы қылмысты басқа адамдар жасау  кезінде оларға қосылып, қатысқан болса, онда іс жүзінде нақты іс-әрекеттер жасағаны үшін ол қылмысты қоса орындаушы ретінде жауаптылыққа тартылуы тиіс.

Осы қылмыс түрі үшін қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа жетпеген адаммен не болмаса есі дұрыс емес деп танылған адаммен бірлесіп қасақана жасалған іс-әрекет алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобының жасауы ретінде бағалануы мүмкін емес.

Бұндай жағдайларда қылмыс субъектісі болып танылған тұлға қатысу нысанына байланыссыз ұрлықтың орындаушысы  танылуы тиіс және бұдан басқа  негіздер болған кезде оның іс-әрекеттері кәмелетке толмаған адамды қылмыстық  іске тарту ретінде қосымша саралануы тиіс. Өзге жағдайларда кінәлі адам үшiн психикасы бұзылуының ауыр түрiнен зардап шегетiнi алдын ала белгiлi адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыс жасауға тарту ҚР ҚК 54-бабының 1-бөлігінің «д» тармақшасына сәйкес қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылады.

 

Бірнеше рет жасалған ұрлық деп, әдетте қылмыстық заңда анықталғандай, 175 бабында немесе осы бабтың бөлігінде көзделген екі немесе одан да  көп ұрлықты жасауды айтады.

Алайда, бөтен мүлкіне қарсы жасалған  қылмыстарға байланысты  қылмыстық заңның бұл талабын кең қолданып, ҚК 175 бабының ескертуінің 3 тармағында ҚК 175-181 баптарындағы бірнеше рет жасалған қылмыс деп осы баптарда, сондай-ақ ҚК  248, 255, 260 баптарында көзделген бір немесе одан да  көп қылмыстардан кейін жасалған қылмыс танылады деп көрсетілді Қылмыстық заңның  бұл ескертпесі қылмыстық заңның баптарының диспозициясына қайшы еді. Біз заңның мағнасын сөзбе –сөз түсінуіміз керек.

Қылмыстық заңға енгізілген  соңғы  өзгерістерге байланысты бұл ескерту алынып тасталды. Осыған орай бірнеше рет жасалған деп  тек ұрлықты  бірнеше рет жасау ғана танылатын болды.

 

Мысалы: 175 бабтың екінші бөлігінің диспозициясында бірнеше рет жасалған ұрлыққа жаза тағайындау көзделген. Бұл жерде  қазақ тіліне аударудың сәтсіз шыққанын тағыда қынжыла отырып айтуға таура келеді. Орыс тіліндегі  175 баптың 2 бөлігінің мәтіні: «Кража, совершенная неоднократно»-деп өте түсінікті  жазылған. Ал «Мынандай бірнеше рет жасалған ұрлық»-деп қазақша жазылған  мәтініндегі «мынандай» деген алдыңғы сөздің нені көрсету үшін жазылғанын түсіну қиын. Мұнда «Ұрлық бірнеше рет жасалса»-деп жазылса түсінікті болар еді.

Жалғасатын қылмыстан бірнеше  рет жасалған қылмыстарды ажырату  кезінде кінәлі адамның пиғылының неге бағытталғанын анықтау маңызды болып табылады.  Жалғасатын қылмыс кезінде кінәлі адам алдын ала белгіленген мақсатқа қол жеткізе отырып, бөтеннің мүлкін белгілі бір көзден бірнеше мәрте алып қою жолымен бірыңғай пиғылды іске асырады, ол  жиынтығында бір қылмысты құрайды.     

Бөтеннің мүлкіне бірнеше рет  қол сұғушылық жалғасатын қол  сұғушылыққа қарағанда бөтеннің мүлкін бірнеше мәрте заңсыз иемденуге  бірыңғай пиғылдың болмауымен сипатталады. Кінәлі адам бір емес, бірнеше қылмыс жасайды, әрбір жағдайда ол бөтеннің мүлкін алып қою пиғылын өз бетінше іске асырады.

Ұрлық жасағаны үшін бұрын сотталған  немесе заңда көзделген жағдайларда  қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, іс қысқартылған жағдайда ұрлық бірнеше  рет жасалды деп танылмайды.

Заңсыз кіру- бұл тұрғын үйге, қызметтік, өндірістік үй-жайға, қоймаларға, көлік салонына бөтен мүлкін заңсыз иемдену үшін кіру.

Заңсыз кіру қандай да болмасын кедергілерден  өту арқылы немесе ешқандай кедергілерсіз жасалауы мүмкін. Заңсыз кіру үйге не қоймаға кірмей-ақ арнайы құралдар арқылы мүліктерді иемденсе де орын алады. Үйге заңсыз кіруді жеңілдету мақсатында, үй иесін не қойма меңгерушісін,  қылмыскер өзін тексеруші органның қызметкері ретінде көрсетіп алдап кірсе де орын алады.

Информация о работе Меншікке қарсы қылмыстар