Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

Автор: Пользователь скрыл имя, 18 Июня 2013 в 20:18, автореферат

Описание работы

Зерттеудің көкейкестілігі. Соңғы онжылдықтарда Қазақстан қоғамының саяси-әлеуметтік, экономикалық саласында болып жатқан өзгерістерге байланысты халықтың дәстүрлі педагогикалық мәдениетінде қалыптасқан озық тәжірибелерді зерттеп, зерделеуге аса назар аударылып отыр. Бұны елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деген Қазақстан халқына арнаған Жолдауы да, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының «жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде, жастардың өз Отанына сүйіспеншілігін, халық дәстүрлеріне құрметін тәрбиелеу» қажет деген жетекші міндеттері де дәлелдейді.

Работа содержит 1 файл

Ғылыми жұмыс КАМШАТ.docx

— 472.82 Кб (Скачать)

Қоғамның рухани мәдениеті әлеуметтанудың негізгі үш салада қарастыратын қоғамның рухани өмір деңгейінен көрініс береді: 1) қоғамдық сана; 2) рухани өндіріс; 3) рухани құндылықтардың қызмет атқаратын және дамитын жүйесі.

Қоғамның  рухани мәдениеті аясында идеология, дін, ғылым, қоғамдық сана, әлеуметтік-мәдени құндылықтар қарастырылады. Тәрбие қоғамның экономикалық өмірі мен  рухани өмірін байланыстырушы буын болып  табылады. Педагогикалық мәдениеттің  халықтың рухани және материалдық өмірінде ерекше орын алатындығы да осымен түсіндіріледі. Қоғамның материалдық және рухани мәдениетіне  терең бойлаған педагогикалық мәдениет осы екеуінің арасындағы көпір қызметін атқарады.

Әлеуметтік-нормативтік мәдениет өндірістік және қоғамдық саладағы тұрмыс әрекеттері барысындағы қоғам мүшелерінің өзара қатынасындағы мінез-құлқын реттеп, бағыттап отырады. Ол құқық, мораль, этикет, дәстүрлері мен қарым-қатынас өлшем-ережелерін және т.б. бірлестіреді.

Мәдениет  әр тарихи кезеңде жаңа ұрпақты тәрбиелеуші  адамдардың қоршаған ортаға, бір-біріне қатынасын, көзқарастары мен идеяларын  дәстүрлі формада бейнелейді. Мәдениет қашанда өзіне уақытты бағындырады, өткенді бүгінгі күнмен және болашақпен байланыстырады. Жаңа жағдайда ескіге әркез назар аудару, қашанда жаңа болып табылады. Ескіге назар аудару ескіні қайта жаңғырту, оны сақтау – бұл жаңадан бас тарту  емес, бұл ескіні, өзінің шығу тегін  жаңаша түсіну, өзін тарих аясында  сезіну.


Тарихи  дәстүрлер тәрбиенің маңызды  да, басты қозғаушы күші болып табылады, олар биологиялық тұрғыда берілмейді, тікелей еліктеу арқылы меңгертіліп, аға ұрпақтың кейінгі ұрпаққа  эмоционалды түрде әсер етуі арқылы беріледі. Басқаша айтқанда «этнос» өзінің шығу тегі арқылы ғана емес, «тәртібі» арқылы да анықталады және тәрбие жүйесі де балаға өз халқы жасаған мәдениет үлгілерін меңгертумен, бала бойында қоғам үшін пайдалы құндылықтар мен мотивтерді қалыптастырумен шектеліп қалмауы керек.

Тарихи  қалыптасқан дәстүрлер қоғамда  орныққан еңбек, адамгершілік, эстетикалық, діни және т.б. қатынастарды жаңа ұрпаққа  жеткізудің формасы. Олар халық шығармашылығында, салт-дәстүрлерде, әдет-ғұрыптарда, ұлттық этикетте, түрлі бейнелерде және т.б. көрініс алады.

Ұрпақтар сабақтастығы әр түрлі формада, тәрбие мәдениетін, бүкіл мәдениет атаулының басты компонентін құрайтын педагогикалық мәдениетті, соның ішінде жалпы адамзаттық мәдениетті жасайтын тәрбиемен қамтамасыздандырылады. Бұл, дәстүрлердің үздіксіз өзін-өзі дамыту мен жаңарту процесі болып табылады. Өйткені жаңа дәстүр ескінің негізінде, соны жалғастыра, меңгере, жетілдіре отырып қалыптасады.

Әр халықтың ұлттық өзіндік болмысы тарихи тұрғыда  қалыптасқан. Тек толыққанды және жалпыадамзаттық  мәнге ие ұлттық дәстүрлі мәдениет қана халықты жойылып кетуден  сақтайды, өйткені дәстүрлі мәдениет этностың шығармашылық әлеуетінің басты дәріптеушісі, тарихи дамудың негізгі мақсаты. Ол басқа халықтардың біздің ұлттық дүниетанымымызды, рухани-материалдық құндылықтарымызды түсінуіне мүмкіндік береді.

Дәстүрлі тәрбие мәдениеті тәрбиеге тікелей қатысы бардың да, жанама қатысы бардың да бәрін, тіпті тамыры тереңге бойлаған ассоциативті байланыстарды да қамтиды. Мұндай түсінік біздің пайымдаумызша, дәстүрлі педагогикалық мәдениеттің тарихи шарттарын, оның пайда болуының әлеуметтік себептерін қарастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда «дәстүрлі педагогикалық  мәдениет», «этномәдениет» ұғымдарына берілген анықтамалар да кездеседі. Біз оларға жан-жақты талдау бере отырып: «Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениеті дегеніміз, ғасырлар бойы әлеуметтік-тарихи шарттардың және материалдық-рухани құндылықтардың ықпалымен қалыптасқан бірыңғай мақсаттылықпен ұлттық тәрбие жүйесіне негізделген эмпирикалық тәжірибе» деп өз анықтамамызды ұсынамыз.

Дәстүрлі  педагогикалық мәдениеттің негізі болып халық педагогикасы саналады. Біз оны тәжірибеде сұрыпталып, тексерістен өткен және ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған халықтың жеткіншектерді тәрбиелеп, оқытудағы эмпирикалық білімдерінің рухани-адамгершілік, эстетикалық, этикалық құнды көзқарастарының идеяларының, әдіс-тәсілдері мен амал-жолдарының, құралдарының жиынтығы ретінде қарастырамыз. Халық педагогикасы педагогикалық білімнің белгілі бір деңгейін, адамзаттың рухани дамуындағы нақты тарихи кезеңдерді көрсетеді және педагогика ғылымын дамытуда негіз болады.

Дәстүрлі педагогикалық мәдениеттің  өзіндік ерекшеліктері болып: табиғилық, табиғатқа сәйкестілік, сабақтастық, бұқаралық, тәрбиедегі ұжымдық сипат, тұрақтылық, жетілген адам – «Сегіз қырлы, бір сырлы» бейнесіне бағдарлау, әрекеттілік саналады. Табиғилық – баланың еркін дамуына жағдай жасауды, оның мүмкіндіктерін ескеруді, орынсыз нәрсені міндеттемеуді көздесе, табиғатқа сәйкестілік, халыққа табиғаттың заңдылықтарын анықтап, ой-елегінен өткізуді, осы заңдылықтардың негізінде педагогикалық ықпалдың мақсаты құрылатынын ескертеді. Сабақтастық этникалық қоғам аясында педагогикалық процестің тәрбиелік ықпалдың жалғастығын, күтпеген жағдайда туындаған мәселелерді тез қабылдай білуін және т.б. қарастырады. Дәстүрлі педагогикалық мәдениеттегі сабақтастықты балалардың психикалық дамуын, олардың тәртібін, әлеуметтендіру тәсілін алдын-ала анықтаудағы тұрақты құбылыс деп түсіндіруге болады. Дәстүрлі педагогикалық мәдениетке тән тәрбиенің ұжымдық сипаты болса көпшілік тәрбиелейді, соның ішінде ұжым (балалар, ересектер, отбасы, адамдар тобы) тәрбиелейді деген көзқарастардан байқалады. Тәрбиенің дәстүрлі үлгісінің тұрақтылығы, сенімділігі және тиімділігі ұрпақтан-ұрпаққа өзгермей беріліп отыратын тәрбие мақсаттарымен, міндеттерімен, әдістерімен айқындалады. Әрекеттілік – жеткіншектерді ересектердің өміріне араластыруға оңтайлы даярлау барысында көрініс алады.

Дәстүрлі педагогикалық мәдениет жүйесін біртұтас процесс тұрғысында қарастыру халық тәрбиесінің мынадай белсенді ықпал ететін маңызды факторларын айқындауға мүмкіндік береді: табиғат, сөз, еңбек, қарым-қатынас, тұрмыс, балалардың, ересектердің этникалық ортасы, халық педагогикасының құралдары және т.б.

Қазақ халқының этникалық тәрбие жүйесінің  мазмұны өте терең, әрі бай, ондағы әрбір тәрбие формалары мен құралдары, әдіс-тәсілдері тұлғаның қалыптасып, дамуына ықпал етеді. Дәстүрлі тәрбие жүйесінің осы құрылымдық компоненттері тұлға бойында, ең алдымен адамгершілік-имандылық сапаларын, экономикалық, экологиялық біліктерін, эстетикалық талғам, түсінігін, еңбекке деген сүйіспеншілігін, ақыл-ойын, ұлттық дүниетанымы мен өзіндік сана-сезімін, ұлттық рухын және т.б. тәрбиелеп, қалыптастыруға бағытталады.

Табиғатынан балажан қазақ халқы жан-жақты  жетілген ұрпақ тұлғасын қалыптастыру мақсатында алдына түрлі тәрбие міндеттерін  қоя отырып, оған табиғи байланыста, қоршаған ортаның ықпалымен ұйымдастырылған  кешенді тәрбие жүйесі арқылы жетуге талпынады. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол!» - деген қағиданы басшылыққа ала отырып, жаңадан өмір мәнін түсіне бастаған баласына деген шексіз сүйіспеншілікке толы махабаттымен, балжандылығымен қатар, қатаң тәрбие талабын қоя бастайды. Бұл арадағы халық ұғымындағы балаға айтылатан «Адам бол!», «Арлы бол!», «Әдепті бол!» - деген талаптардың мәні, ең алдымен қоғамдық белгілі әдеп негіздері мен жағымды мораль категорияларын жете меңгеру, халық санасынан берік орын алған «тек», «тектілік» және адам жаны тазалығының көрсеткіштері: «ар», «ұят», «намыс», «абырой» түсініктерін бағалап, қастерлей білу және туған ел, жер, ата-ана, отбасы алдындағы азаматтық борышы мен міндетін ұғыну, орындау барлық қазақ баласына (ұл, қызға) ортақ басты талап болып табылады. Бұны халықтың «Ата-анаңды сыйласаң – көп жасарсың, сыйламасаң – жан қинарсың», «Ата – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ бала – жағасындағы құрақ» - деген аталы сөз иірімдерінен де, қасиетті хадис сөздерінен көрініс тапқан «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, тағы да анаңа, сонан соң Отанына жақсылық жаса» деген пайымдау сөздерінен де ең жоғары адамгершілік асыл қасиетті көруге болады. Бұдан қазақ халқының бала тәрбиесіндегі басты ұстанымы – адам бойындағы адамилықты тәрбиелеу болғанын байқау қиын емес.

Педагогикалық мәдениеттің негізгі  көрсеткіші – сөйлеу мәдениеті деп түсінген халық «сөзге» аса мән беріп, сөйлеу мәдениетіне биік талаптар қоя білген. «Сөздің көркі-мақал», «Мағынасыз сөз болмайды, мақалсыз ел болмайды», - деп айтылар ой-пікірдің әрі қысқа, әрі нұсқа болуын ескерткен. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер», - деп орынды сөйлеуге, сөздің қадірін түсінуге, әрбір айтылатын сөзге жауапкершілікпен қарауға шақырған.

Сөз адам санасының салмақтылығын анықтайтын, ақылы мен білімінің, дүниетанымының, мінез-құлқының, этикалық-эстетикалық  талғамының басты өлшемі деп түсінген дана халық жас ұрпақ тәрбиесін жүргізуде сөз өнерін жетілдіруге, тіл мәдениетіне баулып, тәрбиелеуге аса назар аударған. «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар», «Ішімдегінің бәрі – тілімде, тілімдегінің бәрі – түрімде» және «Жақтырмаған жүре сөйлеседі. жарамсақтанған күле сөйлеседі», «Ми ойлағанды, тіл тындырады», «Сөзі райлының – жүзі шырайлы», «Қарағым деген жылы сөз, тон болып тәнді жылытпаса да, жанды жылытады», - деп жастарды ескертуден жалықпаған.

Баланы  жақсы адам етіп тәрбиелеуде қасиетті ана тілінің құдіретіне сүйенген. «Әдепті бала өсірсең ауылдың абыройы», - деген қағидалы ойды ұстанған ата-бабаларымыз бала тәрбиесі ең алдымен ата-анаға, қала берді бүкіл ауыл-аймаққа қатаң сын деп түсінген. «Ақылды дана жоқ жерде тәрбиелі бала жоқ» деген оймен тәрбиеші тұлғасына жете мән берген. Мұндай тәрбиелік талаптар жүйесін халықтың өзіндік болмысына тән педагогикалық мәдениеттің айқын көрінісі десе болады.

Балаларға мінез-құлық ережелерін меңгертуде қазақ халқы тыйым сөздердің  де («Тізеңді құшақтама», «Аяғыңды жоғары көтерме», «Басыңды шайқама», «Үлкеннің  сөзін бөлме», «Ғайбат сөз айтпа», «Бетіңді басып жылама», «Таңдайыңды  қақпа», «Үйде ысқырма», «Кісіге  саусағыңды шошайтпа», «Жағыңды таянба және т.б.) педагогикалық мүмкіндігін  барынша ұтымды пайдаланған. Солар  арқылы ұлттық әдеп өлшемдерін ұстана білуге баулыған.

Қазақ халқы  өз тіршілігінің сан ғасырлық тарихында  тәрбиенің өзіне тән эмпирикалық  тәжірибесін жасады. Оған халық өмірінде ғасырдан-ғасырға жалғасын тауып  жатқан халық тәрбиесі мазмұнынан ерекше орын алатын салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, көптеген тәрбие құралдарын, әдіс-тәсілдерді жатқызуға болады. Қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени, қоғамдық өмір сүруі барысында дене, ақыл-ой, еңбек, адамгершілік, имандылық  тәрбиесі жөнінде өзіндік ерекшелікке  ие көптеген ұғым-түсініктері, іскерлік, дағдылары қалыптасқан.

Мәдени  дамуында жазу-сызу пайда болғанға дейін қазақтардың педагогикалық  ой-тұжырымдары мен идеялары, бала тәрбиелеудегі тәжірибесі ұрпақтан-ұрпаққа  күнделікті тәрбие тәжірибесінде және халықтың ауызекі шығармашылығы арқылы жалғасын тауып отырды. Көркем тілге құрылған аңыз әңгімелер мен ән-жырлар, эпостар, халық ертегілері мен тілге орамды мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар және т.б. халық педагогикасының ең құнды туындылары болды. Өн бойына халықтың бар даналығын жиған рухани мұралар, ғасырлар бойы халықтың педагогикалық тәжірибесінің сынынан өткен тәрбие құралдары болып табылады.

Өзінің  педагогикалық ұғымдары мен пайымдауларын  қазақ даласы мен отбасы тәрбиесінің  заңы ретінде қабылдаған халық «Әдеп  әліппесінің» жас ұрпаққа қоятын талаптарын (адамдық қасиеттерге  баулу, туған ел мен жерге, Отанға, отбасына деген сүйіспеншілікті, шынайы берілгендікті, қайраттылық пен  қайсарлықты, ержүректілікті, еңбекке  деген құрмет пен сүйіспеншілікті, мейірімділікті, қарапайымдылық пен  қайырымдылықты, төзімділікті қалыптастырып, ата-баба салтын бұзбауға, қонақжайлыққа, сөз қадірін түсінуге тәрбиелеу және т.б.) көпсөзділікке ұрынбай, қысқа да нұсқа мақал-мәтелдердің көмегімен-ақ («Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі», «Туған жерге туыңды тік», «Ер намысын қуғанның еңсесі биік», «Мінген атыңнан құласаң да, елдік салтыңнан құлама және т.б.) санасына құйып отырған.

Балалардың дәстүрлі мәдениетке қызығушылығын  арттыруда қазақ халқы мынадай  принциптерді негізге алған: тәрбиенің мақсаттылығы, табиғатқа сәйкестілігі, жүйелілігі, бірізділігі, тәрбиенің еңбекпен, өмірмен байланыстылығы, жас және дара ерекшелігін ескеру, жаңа міндеттерді орындауға психологиялық-адамгершілік тұрғыда даярлау, тәрбиенің тұтастылығы, кешенділігі, халықтылығы, тәрбиенің ұжымдық формада жүзеге асырылуы және т.б.

Аталған принциптерді тиімді жүзеге асыруда  халық бірқатар әдістердің жүйесін жасаған. Біз оларды қолдану ерекшеліктеріне қарай төрт топқа бөліп қарастырамыз (сөзбен ықпал ету әдістері; моральдық ықпал ету әдістері; эмоционалды ықпал ету әдістері; ынталандыру әдістері) және әр топтағы әдістерге жеке-жеке, деректі материалдарды негізге ала отырып, сипаттама береміз. Мәселен, қазақтар жастар тәрбиесінде педагогикалық ықпал жасаудың ең көп тараған тәсілі-тұспалдап айтуға аса назар аударған, өйткені онда алмастай өткір сөздер, нәзік юмор көптеп кездеседі. Тұспал сөздер үлкенге де, балаға да айтылған және бейнелі ойдың дамуына жәрдемдескен. Тұспал сөздерін, әсіресе, үлкендер ойын-жыйындарда, той-думандарда, сайыстарда, спорттық ойындарда жиі қолданған. «Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді», «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», «Әшейін де ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» деген халық мақалдары соны аңғартады. Бір жақсысы тұспал сөз біреуді ренжіттіп алмау үшін қадап айтылмайды. Бұл тәсіл басқа халықтарда кездесе бермейтін, сыйластықтың үлгісі десе болады.

Қазақ халық  тәрбиесінде болмысқа мәдени танымдық көзқарасты, мәдени қарым-қатынасты  қалыптастыру, жастар мен балаларды  рухани-адамгершілік құндылық мәдениетіне  тарту құралдары сан алуан. Халықтың ауызекі шығармашылығының түрлі жанрлары да (ертегілер, эпостық жырлар, мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер, дастандар, жаңылтпаштар және т.б.), ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптары да, сәндік-қолданбалы өнері мен музыкалық өнері де, ұлттық ойындары да соның жарқын айғағы болып табылады.

Информация о работе Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның