Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

Автор: Пользователь скрыл имя, 18 Июня 2013 в 20:18, автореферат

Описание работы

Зерттеудің көкейкестілігі. Соңғы онжылдықтарда Қазақстан қоғамының саяси-әлеуметтік, экономикалық саласында болып жатқан өзгерістерге байланысты халықтың дәстүрлі педагогикалық мәдениетінде қалыптасқан озық тәжірибелерді зерттеп, зерделеуге аса назар аударылып отыр. Бұны елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деген Қазақстан халқына арнаған Жолдауы да, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының «жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде, жастардың өз Отанына сүйіспеншілігін, халық дәстүрлеріне құрметін тәрбиелеу» қажет деген жетекші міндеттері де дәлелдейді.

Работа содержит 1 файл

Ғылыми жұмыс КАМШАТ.docx

— 472.82 Кб (Скачать)

Зерттеу нәтижелерін жоғары, арнайы орта педагогикалық  оқу орындарында және жалпы білім  беретін мектептерде, лицейлер мен  гимназияларда, педагог кадрлар біліктілігін жетілдіретін институттарда пайдалануға болады.

Қорғауға мынадай негізгі қағидалар  ұсынылады:

1. Қазақ  халқының дәстүрлі педагогикалық  мәдениеті – ғасырлар бойы әлеуметтік-тарихи шарттардың және материалдық-рухани құндылықтардың ықпалымен қалыптасқан, бірыңғай мақсаттылықпен ұлттық тәрбие жүйесіне негізделген эмпирикалық тәжірибе. Оның қалыптасуы мен дамуын төрт кезеңге бөліп сипаттауға болады:

- бірінші  кезең (VI–IХ ғғ.) – қазақ жеріндегі халықтардың, тайпалық бірлестіктердің дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің түрлі мәдениеттер тоғысындағы (сақтар, ғұндар, үйсін, қаңлы, Түрік және Түргеш қағанаттары және т.б) көне түркі дәстүрлерінің ықпалында қалыптасуы;

- екінші  кезең (Х–ХV ғ. бірінші жартысы) – қазақ жеріндегі халықтардың дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің көне түркі мәдениеті мен үстемдік еткен ислам дініне негізделген ұлттық дүниетаным аясында дамуы;

- үшінші  кезең (ХV ғ. екінші жартысы  – ХІХ ғ.) – қазақ халқының  дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің  қазақ хандығы тұсында, Ресей және Батыс Еуропа ойлары ықпалында дамуы;

- төртінші  кезең (ХІХ ғ. екінші жартысы  – ХХІ ғ. басы) – қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің Қазақстанның егеменді жағдайындағы білім беру жүйесі мен педагогика ғылымының өзара әрекеттестігінде дамуы.

2. Дәстүрлі педагогикалық мәдениеттің  маңызды бір элементі ретінде  қазақ халқының дәстүрлі тәрбие  жүйесінің дамуы оның ғасырлар  қойнауына бойлай тамырланғанын  дәлелдейді.

3. Ұлы ойшылдар мен жыршы-жыраулардың,  ағартушы-қоғам қайраткерлерінің  демократиялық идеялары олардың  қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық  мәдениетімен сабақтастығын көрсетеді.

4. Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық  мәдениетінің мәнін, мазмұны мен  ерекшеліктерін теориялық тұрғыда  дәлелдеу оның болашақ мұғалімдердің  қазіргі білім беру мен тәрбиелеу  процесін жетілдірудегі потенциалды  мүмкіндіктері туралы айтуға  негіз болады.

5. Тұжырымдама болашақ мұғалімдерді  қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық  мәдениетінің тәжірибесін жалпы  білім беретін мектептің оқу-тәрбие  процесінде шығармашылықпен пайдаланудағы  білім, іскерлік пен дағды жүйесін  меңгеру процесіне және нәтижесіне  бағдарлайды. 

6. Болашақ  мұғалімдердің этнопедагогикалық  мәдениетін қалыптастыру моделі  мақсатын, даярлық элементтерін, мазмұнды, компоненттерді, өлшемдер мен көрсеткіштерді  және деңгейлерді қарастырады.  Педагогикалық шарттар (мазмұндық,  ұйымдастырушылық, әдістемелік, материалдық)  болашақ мұғалімдердің этнопедагогикалық  мәдениетін қалыптастыруды қамтамасыздандырады. 

7. Болашақ  мұғалімдердің этнопедагогикалық  мәдениетін қалыптастыру әдістемесі  эксперимент барысында дәлелденген  тәжірибеге негізделеді және  олардың кәсіби біліктілігін  қалыптастыруға бағытталады.

Зерттеу кезеңдері. Бірінші кезеңде (2000-2002 жж.) қарастырылып отырған проблеманың тақырыбы, ғылыми аппараты анықталды. Зерттеу проблемасы бойынша материалдар жинақталып, сұрыпталды. Ғылыми мақалалар мен оқу құралы жарық көрді.

Екінші кезеңде (2003-2006 жж.) зерттеу проблемасы бойынша материалдар жинау жалғастырылды, тұжырымдама, «Педагогика», «Этнопедагогика» пәндері оқу бағдарламаларына қосымшалар жасалып, элективті курс бағдарламалары дайындалды, анықтау және қалыптастыру экспериментінің алғашқы кезеңдері жүргізілді, әрбір кезеңнің соңында кесінділер алынды, оқу-әдістемелік кешенге қажетті материалдар сұрыпталды.

Үшінші кезеңде (2007-2010 жж.) қалыптастыру эксперименті жалғастырылды, жиналған материалдар құрылым бойынша жүйеге келтірілді, нәтижелер қорытындыланды, бақылау эксперименті өткізілді, нәтижелер тексеріліп, математикалық өңдеуден өтті, монография, оқу-әдістемелік кешендер жарық көрді, пайдаланылған әдебиеттер жүйеге келтіріліп, диссертация талапқа сай рәсімделді.

Зерттеу базасы ретінде тәжірибелі-эксперимент жұмысы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде, Семей мемлекеттік педагогикалық институтында жүргізілді. Экспериментке 285 студент қатысты, оның 145 – эксперимент тобында,  140 – бақылау тобында болды.

Зерттеу нәтижелерінің  дәлелділігі мен негізділігі тарихи, теориялық және әдістемелік тұрғыда дәлелденуімен, зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігімен, кешенді әдістерді пайдалануымен, зерттеудің негізгі қағидалары мен алынған нәтижелердің практикаға ендірілуімен, тәжірибелі-эксперимент барысында пайдаланылған әдістемелік ұсыныстардың тиімділігімен, ғылыми болжамның дәлелденуімен, ізденушінің жоғары оқу орнындағы жұмыс тәжірибесімен қамтамасыз етіледі.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру. Зерттеу жұмысының нәтижелері халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, практикалық конференцияларда (Алматы 2000, 2002, 2007, 2009; Атырау 2007; Астана 2007; Ақтөбе 2001, 2004, 2005, 2006, 2007, 2008, 2009; Орал 2006, Санкт-Петербург 2010), Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушылары мен профессорларының ғылыми семинарларында (2002, 2003, 2004, 2005, 2006, 2007, 2008, 2009) және педагогикалық институт студенттеріне дәріс оқу барысында, «Бөбек» ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының семинарлары мен конференциясында (2003, 2006), Ақтөбе облыстық мұғалімдер біліктілігін көтеру курстарында (2007, 2008, 2009) оқыған дәрістерінде, Ақтөбе-Қазақстан облыстық телеарнасының «Көзқарас» бағдарламасында (2009, тамыз) баяндалды.

Диссертация құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.

Кіріспеде тақырыптың көкейкестілігі, зерттеудің объектісі, пәні, мақсаты, міндеттері, ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық-теориялық негіздері, зерттеу көздері, әдістері, ғылыми жаңалығы мен теориялық, практикалық мәні, зерттеу кезеңдері, қорғауға ұсынылған негізгі қағидалары, зерттеу нәтижелерінің сынақтан өтуі мен дәйектелуі беріледі.

«Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің тарихнамасы» атты бірінші тарауда қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің қалыптасып, дамуына ықпал еткен әлеуметтік-тарихи шарттар мазмұндалып, тарихи даму кезеңдері анықталады; қазақ халқының дәстүрлі тәрбие жүйесінің дамуына жан-жақты сипаттама беріледі; дәстүрлі педагогикалық мәдениетке ұлттық дүниетанымды қалыптастыру факторы ретінде түсінік беріліп, ұлы ойшылдар мен жыршы-жыраулардың, ағартушы-қоғам қайраткерлерінің идеяларының қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетімен сабақтастығы баяндалады.

«Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің теориялық  негіздері» атты екінші тарауда «мәдениет», «дәстүрлі мәдениет», «дәстүрлі педагогикалық мәдениет» ұғымдарына берілген анықтамалар жүйеге келтіріліп, олардың өзара байланысына жан-жақты сипаттама беріліп, тұжырымдар жасалады; дәстүрлі педагогикалық мәдениеттің тәрбие мазмұнындағы көрінісі қарастырылады; халық түсінігіндегі жетілген адам мен ұлттық этикет мәселесінің мәндік сипаты ашып көрсетіледі, қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің бүгінгі жоғары білім беру жүйесіндегі көрінісі мазмұндалады.

 «Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетін жоғары білім беру жүйесінде пайдалану практикасы» атты үшінші тарауда «Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетін жоғары білім беру жүйесінде пайдалану» тұжырымдамасының мазмұны және оны педагогикалық жоғары оқу орындарында жүзеге асырудың мазмұны мен әдістемесі қарастырылады;  тәжірибелі-эксперимент жұмысының нәтижесі және зерттеліп отырған проблеманың перспективасы беріледі.

Қорытындыда зерттеудің негізгі нәтижелері, қағидалары тұжырымдалады, ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беріледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

НЕГІЗГІ  БӨЛІМ

 

Қазақ халқы  өзінің тарихи даму жолында аса күрделі  жағдайларды басынан өткерді. Қазақ  халқының тарихи кезеңдері факторларының  әр алуандылығы түрлі әдіснамалық  көзқарастарды дамытты. Қоғамдық педагогикалық  ойлар тарихында халықтың қоғамдық өмірі мен тәрбиедегі дәстүрлі мәдениеті  оның дүниетанымдық, эстетикалық, философиялық көзқарасы жиынтығында біртұтас құбылыс ретінде қарастырылады. Әлбетте материалдық және саяси  өмір жағдайының ықпалымен бұл көзқарастар  да өзгеріске түседі. Әйтсе де тамыры тереңге бойлаған мәдениет дәстүрлері мұндай өзгерістердің біріне қарамастан өзінің іргелі бастауының мәндік сипатын  сақтап қалады. Оны қазақ халқының күні бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа  сабақтастықпен беріліп отырған  дәстүрлі мәдениеті дәлелдейді.

 Ғылыми  зерттеулерге (философия, тарих,  этнография, педагогика және т.б.) жасаған талдау қазақ халқының  дәстүрлі мәдениетінің зерттеу  тақырыптарының объектісіне қарай  кезеңдерге бөліп қарастырылғанын  көрсетеді (қазақ тарихының кезеңдері  (М.Қозыбайтегі), қазақ мәдениетінің  қалыптасу кезеңдері (Х.Маданов), қазақ тарихының дамып, қалыптасу  кезеңдері (А.Қ.Ақышев, М.К.Асылбеков,  М.Байпақов, Ж.Қ.Қасымбеков және т.б.), қазақ халық педагогикасының  даму кезеңдері (С.Қ.Қалиев).

Біз олардың  ұсынған кезеңдерін негізге ала  отырып, әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктері  мен даму жолына қысқаша сипаттама  береміз және ғылыми тұрғыда қазақ  халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің аса маңызды даму кезеңдерін ашып көрсетеміз:

- бірінші кезеңде (VІ–ІХ ғғ.) қазақ жеріндегі халықтардың, тайпалық бірлестіктердің дәстүрлі педагогикалық мәдениеті түрлі көне мәдениеттердің тоғысуында пайда болып, қалыптасты. Олар көшпелі сақтар мен ғұндардың, қаңлылардың тұрмыс-тіршілігінде, мәдениетінде ежелгі дәуірдегі және сақ-савроматтар мәдениетінің негізгі белгілерін сақтап қалды. Түрік қағандығы мен қатар өзге де (Шығыс және Батыс түрік) қағандықтардың құрылуы, ертедегі феодалдық қоғамдық қатынастар процесінің мүмкіндігінше тез қалыптасуы, этно-мәдени бірлестіктердің орнауы барысында материалдық мәдениет пен рухани мәдениетті дамытты. Ұлттық тіл, жазу альфавиті – руналық көне түркі жазуы пайда болды. Сырдария бойын мекендеген оғыз-қыпшақтар арасында пайда болған, өзінің тарихи мәнін, көркемдік сапасын күні бүгінге дейін сақтаған ауыз әдебиетінің мұрасы – «Қорқыт ата кітабы» осы кезең еншісіндегі тағылымдық-тәрбиелік мәні зор рухани мәдениеттің құнды туындысы.

- екінші кезеңде (Х–ХV ғ. бірінші жартысы) қазақ жеріндегі халықтардың дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің қалыптасуы екі түрлі ағымда: біріншіден, көне түркілер мәдениетінің; екіншіден, үстемдік еткен ислам діні негізіндегі ұлттық дүниетаным аясында жүзеге асты. Осы кезеңдегі халықтардың ұлттық дүниетанымының, мәдениеті мен салт-дәстүрінің негізін қалап, қоғамдық адамгершілік асыл қасиеттерін орнықтырған, X–XII ғғ. өмір сүрген шығыс пен батысқа, бүкіл әлемге есімдері танымал болған ғұлама ғалымдар мен ойшылдардың еңбектері халықтың педагогикалық мәдениетінің қайнар көзіне айналды.

Халыққа негіз болған түркі тектес рулар  тарихынан сыр шертетін ауыз әдебиеті нұсқалары батырлар жыры, ғашықтық жырлар, халық арманы, тілегімен  ұштасқан кейіпкерлердің рухани-адамгершілік қадір-қасиеттері, асқан ақылдылығы өзінің тәрбиелік мәнінің тереңдігімен ұлттық рухани мәдениеттен өз орнын  алды. Бұл кезеңдегі дәстүрлі педагогикалық  мәдениеттің дамуына гумманизмге  негізделген көзқарастардың пайда  болуы, өмірдегі мейірімділік пен зұлымдықтың  бір-біріне қарсы күресі айқын көрініс  тапқан қоғамдық сананың қалыптасуы тән.

XII–XV ғасырларда бүкіл әлемдік дамуда айрықша орын алған Еуроазиялық ұлы мемлекет Алтын Орда, Ақ Орда халқының ортасынан көптеген жыршы-жыраулардың, ауыз әдебиеті өкілдерінің шығуы осы тарихи кезең еншісіне тиеді.

- үшінші кезең (XV ғ. екінші  жартысы – XIXғ.). Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің дамуына қазақтың XV ғасыр ортасында халық болып құрылуының Ресейге қосылғанға (1731ж.) дейінгі тәуелсіздігінің, әлеуметтік-экономикалық жағдайының өмір сүру дәстүрлері мен рухани болмысының Ресей мен Батыс Еуропа ойларының ықпалы зор болды. Осы кезеңде халықтың дәстүрлі тәрбие жүйесінде көрініс алған араб-мұсылман мәдениетінде орныққан адамдық, имандылық қағидалары еңбек арқылы жас ұрпақты батырлыққа баулып, елдікке тәрбиеледі. Қазақтардың дәстүрлі педагогикалық мәдениеті бірте-бірте орыс және Батыс Еуропа мәдениетіндегі озық ой-пікірлердің ықпалымен әрі қарай дамыды. XV ғ. екінші жартысы – XIX ғ. қазақ халқының қоғамдық ойлары исламдық діни көзқарастар мен ағартушылық негізге бағдарланды.

- төртінші кезең (XIX ғ. екінші  жартысы – XXІ ғ. басы). Еркіндікке ұмтылған бейбіт елдің ұлттық филoсофиялық ойларымен, мектеп ісі, педагогика (этнопедагогика) ғылымымен және егеменді Қазақстанның қалыптасып, дамуымен байланысты бұл кезең қазақ халқының озық ағартушылық, демократиялық ой-пікірлері мен джадиттік идеологияда көрініс тапты. Салыстырмалы түрде алғанда қазақ халқының дәстүрлі материалдық және рухани мәдениетінің дәуірлеу кезеңі XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басында айрықша сипат алды. Осы кезеңде ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық толысу мен дәстүрлі қарым-қатынастың үйлесім табуы өз кезегінде мәдени-рухани процесті қоғамдық мүдде деңгейіне көтерді. Қазақ даласының саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуы да білім беру жүйесі мен ғылымның, мәдениет пен ақпарат құралының жетілуіне әсер етті. Ал бұл болса қазақ халқының әлеуметтік мәдениетіне айтарлықтай өзгерістер әкелумен бірге, дәстүрлі педагогикалық мәдениеттің гумандық белгісін сақтауға септігін тигізді.

Қазақ халқы  өзінің тарихи даму жолында халықтың ұлттық психологиясына, өмірінің табиғи жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне, дәстүрлеріне, мәдениетіне сәйкес өз педагогикасын  жасады. Қоғамның дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің мәнін құрайтын педагогикалық құндылықтар көптеген халық өнері туындыларында, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінде, сенім-нанымдарында, этномәдениетінде, қарапайым мінез-құлқында көрініс алады. Қазақтар туғаннан қартайғанға дейін осы мәдениеттің аясында үздіксіз өмір сүрумен бірге халық педагогикасын алғашында тәрбие объектісі ретінде қабылдады, содан соң жеткіншектердің қатынасындағы субъекті ретінде пайдаланды. Осылайша қоғамның дәстүрлі педагогикалық мәдениеті жеке бір тұлғаның этнопедагогикалық мәдениетіне айналып отырды. Халықтың педагогикалық мәдениеті адамның жалпы мәдениетінің құрамдас бөлігі болды. Демек, қоғамның педагогикалық мәдениеті тұлғаның этнопедагогикалық мәдениетінің базалық рөлін атқарды.

Информация о работе Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның