Автор: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2013 в 18:41, дипломная работа
Зерттеудің көкейкестілігі. Қоғамдағы ұлт саясатын жүзеге асыру және қазіргі жаңаша ойлау мен әлеуметтік-саяси өзгерістерге байланысты жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру ісі бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр.
Ғасырлар сынынан еленіп, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып ежелден келе жатқан халықтық педагогикасы жеке тұлғаның қалыптасуына, дамуына, ұлттық тәрбиесінде жалпы білім беру саласында, оқу тәрбие үрдісінде тәлім–тәрбиелік мәні зор.
К.Ж.Қожахметова ұлттық тәрбиені этникалық тәрбиеге қарағанда кең ұғым деп қарастыра отырып, мынадай анықтама береді: ұлттық тәрбие-жалпыхалықтықты ұлттық сипаттармен біріктіре алатын ұлттың азаматтарын, мүшелерін қалыптастыру: олар тілді, мәдениетті білумен қатар қазіргі заманға сай білімді де игеруі қажет. [2]
Қазақ халқы–елін, жерін, оның табиғи, мәдени байлығын, өнері мен тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтап, қорғап, рухани-адамгершілік тағлымдарын ұрпағына мұра етіп қалдырған. Сондықтан, оқу-тәрбие процесінде қолданылатын бағдарламалар, оқулықтар, дидактикалық материалдардың ұлттық психологиялық ерекшеліктерге сай жасалуын өмірдің өзі талап етеді.
Қазіргі кезде мектептің тұтас педагогикалық процесінде халық педагогикасын пайдалану бойынша мол тәжірибе қалыптасқан. Негізгі мақсат–жас ұрпаққа қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық өнерін, дәстүрлерін меңгерте отырып, оларды оқушылардың бойына дарыту, ұлттық мінез-құлық, қадір-қасиетін қалыптастыру. Өйткені еліміз үшін жас ұрпақтың өнерлі, іскер, жігерлі, намысты өсуі айрықша маңызды болып табылады.
Халықтық педагогика мыңдаған жылдар бұрын пайда болып, қазіргі кезеңнің өзінде педагогика ғылымының басты мәселелерінің бірі болып табылады. Халық педагогикасындағы озық идеялар қай халықтың болсын тіршілік тынысымен, ұлттық тәрбие дәстүрімен тығыз байланысты туып, өсіп-өркендеп, дамып және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жетіп отырған. Бірде-бір адамзат қоғамы өзінен бұрынғы аға буынның ақыл-ойын, тәрбиелік тәжірибесін пайдаланбай өмір сүрген емес.
Ғасырлар бойы әдет-ғұрып дәстүрге айналып, ұрпаққа ақыл-сана беретін, атадан–балаға тұрмыс-тіршілігіне өнеге болып, ауызша жалғасып келе жатқан қазақтың қанына сіңген тәрбиелік қағидасын халықтық педагогика дейміз. Халықтық педагогика жас ұрпаққа өмір тәжірибесінен халықтың сенім, наным-танымынан жинақтап, әдеп пен өнеге беру үшін атадан-балаға ауызша жалғасып келе жатқан қағида, оны жасаушы–халық. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен мақал-мәтелдерде, аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс термелерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні–адамгершілік–имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі.
Халық мұрасының танымдық мәні–ұлан-ғайыр дүние. Ол тұтастай алғанда жас ұрпақ үшін ғана емес, адам өмірінің барлық кезеңінде мәнді, адамзаттың рухани–эстетикалық қуатының қайнары. Оның ішінде тікелей бала тәрбиесіне байланысты, баланың жан-дүниесінің қалыптасуына негіз болатын дәстүрлер көп-ақ. Халық өз бойындағы ең жақсы қасиеттерін жеткіншек ұрпаққа күнделікті тұрмыста үйретіп, бала бойына сіңіріп отырған. Халықтың тілін, салтын, дәстүрін бойына дарытқан ұрпақ тәрбиелеу үшін халық педагогикасын оқу-тәрбие жұмысына негіз етіп алуға болады. Халық педагогикасын келер ұрпаққа айтар ақылы, ұсынар үлгісі, берер тәлім-тәрбиесі сол елдің күй, би, музыкасы, фольклорлық шығармалар арқылы ежелгі ойын-той думанында салт-саналық дәстүрлерінде насихатталған. Яғни, әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіне тән дәстүрі ұлттық мұра арқылы көрініс береді.[3]
Ұлттық тәрбиеге ықпал жасайтын әлеуметтік факторлар сан қырлы. Оған ұлт тарихы, ұлттық материалдық және рухани мәдениет, халық фольклоры, дәстүрлер мен салт-жоралғылар, ұлттық психологияның элементтері, саясат пен қоғам идеологиясы әсер етеді. Осы тұрғыдан ұлттық тәрбиені қалыптастыратын мәселелердің өрісі жайлы айтылып жүр. Мұның арасынан тек мектеп оқушылары ғана емес, жоғары білімді мұғалімдерді ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасының қолға алынуы құптарлык нәрсе. Дегенмен, осы кешенді құбылыстардың арасынан ұлттық тәрбие процесінде ұлттық психология үлесінің қомақты екендігі дау тудырмаса керек. Мұның өзі–қазіргі егеменді тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайында ерекшеленіп отыр. Оған нарықтық қатынастар дәуірінің өмір салтының психологиялык, дәстүрлік өзіндік қасиеттері қосылады. Соған орай көптеген тарихи-дәстүрлік белгілер жаңа рухымызға. ұлттық тәрбиге үйлесімді жүзеге асуы қажет.
Ұлттық тәрбие мен ұлттық психологияның арақатынасында біздің пікірімізше мынадай әдіснамалық талаптар орын алғаны дұрыс сияқты. Ұлттық тәрбие жалпыазаматтық өнегенің құрамдас бөлігі ретінде өрбуі тиіс. Ұлттық тәрбие өз ерекшелігін шешумен қатар ұлттық шектеушілік пен басқа да тар өрісті белгілерден аулақ болғаны жөн. Ұлттық психологияның ұлттық тәрбиеге ықпалынын барысында ескі мен жаңа қасиеттер үйлесімділікті қажет етеді. Ескінің барлығы қазіргі заманға толық сіңісе алмайды.
Тарихи мәдениет, оның өрістері ұлттық рухтың көзі болғандықтан тәрбие процесіне әсері жүйелі әрбір әлеуметтік топтың жас ерекшеліктеріне қарай жүргізілгені дұрыс. Сондықтан бала бақшалардағы, мектептің әрбір сыныптарындағы ұлттық тәрбиенің барысы ерекшеленіп тұруы қажет. Мұндағы ескерілетін жағдай-еліміздің көп ұлттылығында. Әсіресе, мектептердегі қазақ және орыс сыныптарына арналған міндетті оқу құралдарының ұлттық тәрбиеге байланысы мен мазмұны негізгі жатса пайдалы болар еді. Осы мәселенің ара жігін дәл анықтап тәрбиенің құралына айналдыра білу де әдіснамалық міндеттердің бірінен саналады. Басты бағдар–барлық ұлт балаларының елімізге деген ортақ сүйіспеншілік сезімін, мүдделерін қалыптастыру. Тек оқу процесі емес, мәдени-көпшілік шаралары да оқушыларға ұлттык тәрбие беруде түрлі тәсілдердің шебер әрі ұтымды пайдаланылуын іздестіруді талап етеді. [4]
Халқымыздың тәлім–тәрбиелік ұғым–түсініктерінің біздің дәуіріміздің алғышқа мыңжылдығынан бастап даму тарихы ұрпақтан–ұрпаққа ұласып мирас болып келе жатыр. Мұның өте әрідегі ілкі бастаулары, түп–төркіндері Орхон–Енисей ежелгі жазба түркі ескерткіштерінен бастау алса,кейін Қорқыт ата тағылымдарымен жалғасып, сол орта ғасырлардағы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында, Шығыс Аристотелі атанған қазақ жерінің ұлы ғалымы Әбу Насыр Әл–Фараби еңбектерінде, сондай–ақ М.Қашқари, Р.Хорезми, Х.Дулати ілімдерімен сәтті жалғасып, қазақ хандығы құрылған кезден былай қарай қазіргі заманымызға дейін бірте–бірте сабақтасып, дамып келе жатыр. Педагогикалық басылымдарда,жалпы бұхаралық баспасөз беттерінде халықтық педагогика, халықтық тәлім–тәрбие деген ұғым қазіргі дәуірдің көкейкесті мәселелерінің бірі болып отыр. Бізде «Халық педагогикасы» ұғымымен қатар «халықтық тәрбие», «халықтық тәлім», «қазақ тағылымы» ,«халық тағылымы» т.б. осы іспеттес ұғымдар жиі қолданысқа түседі де, олардың бір–бірінен айырмашылығы ажыратылмай, көп жағдайда олар халық педагогикасы ұғымымен пара–пар, синоним ретінде қолданылады. Осы ұғымдардың сыр-сипаты туралы өзінше пікір айтып, кейде бұларды тіпті бір–біріне қарама–қайшы, кереғар қоятын адамдар да кездесіп қалады.
«Халықтық педагогика» дербес ғылым ба, ал «халықтық тәрбие» деген не, оны қайда жатқызамыз деген сауалдар да аз емес.
Туған халқымыздың күллі тыныс–тірішілігінен туындайтын осынау ұлттық тәлім–тәрбиелік ұғымдар жайлы сөз болғанда «халық педагогикасы», «халық тәрбиесі» деген ұғымдарды қолданған ғылыми мәні жағынан дұрыс.
Расында да, бізге тәрбие ұғымы шығыс жақтан, араб–парсы тілдерінен енген, бұл термин бүкіл түркі тілдес халықтарда осы уақытқа дейін бір мағынада қолданылып келеді.[5]
«Халық педагогикасы», «этнопедагогика» ұғымдарына бұрын–соңды берілген түсініктемелерді қорыта отырып,ғалым С.Қалиев өзіндік анықтамасын берді. «Халық педагогикасы дегеніміз–ұлттар мен ұлыстардың әлденеше ғасырға созылған ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық әдет–ғұрыптары мен дәстүрлерінің, мәдени ойлау жүйесінің эмпирикалық негіздегі озық үлгілерінің жиынтығы». Ол этнографиялық салт–дәстүрлермен ауыз әдебиеті үлгілерінен, ұлттық ойын түрлері мен отбасы, ауыл–аймақтық қарым-қатынастан берік орын алатын адам мінезін, іс–әрекетін қалыптастырудың әлеуметтік белгілі нормасы болып табалады. Ал «этнопедагогиканы халықтардың ұрпақ тәрбиелеудегі тәжіриесінің мазмұны мен мәнін ашып, әдіс–тәсілдерін зерттейтін ғылыми педагогиканың құрамдас бөлігі деп қараймыз».
Халық педагогикасына әкенің баласына, енесінің жас келінге айтатын ақыл–кеңесі, тағы да басқа сол сияқты толып жатқан күнбе-күнгі күйбең тіршіліктен туындайтын, ғылыми жүйеге түсе қоймаған, қарапайым ережелер мен тұжырымдамалар, ғылыми тілмен айтсақ эмпирикалық деңгейдегі тәлім–тәрбиелік ұғымдар жатады. Әрине, бұлардың бәрінде де әр этностың өзіндік философиясы мен психологиясы, наным–сенімі, талғам–мұраты, бүкіл тұрмыс–тіршілігі бейнеленеді. Мәселен, бесік жырында, нәресте, бөбек, психологиясына лайықты көркем, әсерлі ырғақтар толып жатыр. Сондай–ақ халық педагогикасына қыз ұзатып, келін түсіру, қазақтың ертеден келе жатқан отыз күн ойыны мен қырық күн тойы, бұларда айтылатын жар–жар, сыңсу, қоштасу, беташар, өлім–жітім болғанда айтылатын естірту, көңіл айту, қайым өлеңдер, бата беру, игі тілеу, сәлемдесу, сәлем қылу, ауыз әдбеиетінің бұлардан басқа да толып жатқан жанрлары (мақал–мәтелдері, жұмбақ, айтыс, эпостық жырлар, толғау, ертегі, дастан т.б.) жатады. Бұлардың бәрінде де тіршілігіне қатысты өмір аясында қолданылмайтын жері жоқ. Бұл айтып отырғанымыз халқымыздың қолданып келе жатқан, атадан балаға мирас, тұтас халықтық тәлім–тәрбиенің, яғни халық педагогикасының әдіс–тәсілдері. [6]
Ғасырлар бойы там–тұмдап қалыптасқан ұлттық тәлім–тәрбиеміздің ғылыми астарларын бірер айда немесе бірер жылда түйіндеп тастаймыз десек бұл артық айтқандық болар еді. Өйткені ғылым–мен оның атаулары талай жылдардың, талай маңдай тердің нәтижесінде барып еленіп, екшеленіп, сұрыпталып жататын құбылыс. Сондықтан да біз алдағы жерде қазақ этнопедагогикасы бағытында, теориялық және қолданбалы зерттеу жүргізу арқылы ғана осы ғылымның ұғымдарын біртіндеп қалыпқа түсіре аламыз. Өйткені, қай халықтың этнопедагогикасы болмасын ғасырлар бойы тірнектеп жинақтаған халық педагогикасының, этностық тәлім–тәрбиенің, оның неше түрлі тәжірибелерінің озығы мен тозығын қорытындылау арқылы, оларды белгілі бір жүйеге келтіру арқылы жасалынады. Бұл жерде біз қазақ этнопедагогикасының басты–басты негізгі принциптері айқындайтын, теориялық сипаттағы ғалым екендігін еш уақытта естен шығармауымыз керек. Ғылыми педагогиканың негізгі салаларының бірі болып табылатын этнопедагогика да теориялық мәселелерімен қатар қолданбалық, практикалық астарлар да кездеседі
Этнопедагогика халықтық педагогикадан жүйеленген ғылыми педагогикаға өтетін аралық көпір, өткел іспеттес феномен. Ал қазірде «халық педагогикасы» дейтін термин басым рөл атқарады. Себебі, этнопедагогика ғылымы өзінің ілкі бастауын халықтық педагогикадан алады. Ал халықтық педагогиканың өзі ауыз әдебиетінің, фольклордың сан алуан жанрларынан, сондай–ақ салт–дәстүрлерден нәр алып отырады. Әрине, біз фольклорлық бай мұрамыздың жарыққа шығуын күтіп жүрмей–ақ архивтердің шаң–тозаңдарында көмулі жатқан рухани асылдарымызды халық игілігіне айналдыру жағынан ерекше көңіл бөлуіміз қажет–ақ. Біз бұл жерде қазақ этнопедагогикасының теориялық аспектілерін жандандыруда бір ғана мақал–мәтелдердің өзі ерекше маңызды десек артық айтпаймыз. Өйткені, қысқа болса да нұсқа тұжырымдамаланған халық даналығында тәлім–тәрбиелік мол мұра жинақталған.
Халық аузында «маржан сөз», «аталы сөз», «ақыл сөз», «сөз мәйегі» деп аталатын осынау мұрамызда имандылық пен имансыздықтың, адамгершілік кодексіміздің небір көріністері ғылыми түйінмен астарласа баяндалған. Мәселе осыларды тереңдете зерттеп, теориялық түйіндеулер жасауға келіп тіреледі.
Этнопедагогикаға теориялық жағынан азық болатын деректер жұмбақтар мен айтыстарданда көптеп табылады. Біз бұл жерде, әсіресе, жұмбақтар мен айтыстарда ғылыми педагогиканың дидактика деп аталатын саласына байланысты ұғымдарды көптеп кездестіреміз. Этнопедагогикалық ұғымдар сондай–ақ халықмыздың ертегілер, өлең–жыр, дастан, лиро–эпостық шығармалардан да, термелер мен аңыздарында да ұштастыратыны хақ. Біз бұлардан сыр мен сымбат мәселелерін, жас пен кәрінің, әйел мен ердің, бала мен еркектің мінез–құлық нормаларын көрсететін ғылыми ұғымдарды қиналмай –ақ тауып ауымызға болады. Бұларды ертегілер мен әнсәнә әңгімелерден де, аңыздар мен толғаулардан да көрумізге болады. Осы мәселелерді кезінде С.Қалиев («Халық қапысыз тәрбиеші». Алматы, 1972) көтеретін болса, осы тақырыпқа арналған зерттеу еңбектері (Ү.Асанова, Р.Дүйсенбінова) де жарық көрген.[7]
Ұлттық тәлім–тәрбиенің пәрменділігін арттыруда этнопедагогика мен этнопсихологиның теориялық ролін көтерудің, оны ғылым дәрежесіне жеткізудің мәні зор. Өйтпейінше біздің әдет–ғұрып, салт–дәстүр, жөн–жосық, жол–жоралғы секілді эпостық ерекшелігіміз қарадүрсін, жәй, тікелей пайымдауға негізделген қолданбалық түйін–тұжырымдамалардың деңгейінде қалып қояды. Сондықтан біз ұлттық педагогика мен психолоиямыздың ғылыми астарларына терең бойлап, бұлардың қайталанбас, тек қазақ этностарына тән белгі бітістерін, оның күнгей мен көлеңке жақтырының даму–қалыптасу жолдарын терең таразылап, ғылыми електен өткізуміз қажет. Мәселен, халқымыздың кезінде талай жұртты тамсандырған тамаша қасиеттерін (иманжүзділік, қонақжайлылық, бауырмалдылық, балажандық, ақкөңілділік, қайырымдылық, ақынжандық, мейірімділік, ізгілік) ғылыми жағынан шегелеп, дамыта түсу қажет. Ал қазіргі кезде белең алып бара жатқан кейбір кезеңсіз қасиеттердің (үлкенді сыйламау, қызғаншақтық, күншілік, көреалмаушылық, бақталастық, рушылдық, дүниеқоңыздық, енжарлық, ішімдікке құмарлық, неке бұзушылық, т.б.) пайда болу себептерін іздестіріп, олардан қандай жолдармен арылуға болатындығын ойластыру–қазіргі таңда өсклең ұрпақты тәрбиелеп жатқан мұғалімдер мен ата–аналардың, жалпы жұртшылықтың, әсіресе ұлттық тәлім–тәрбие мәселелерін зерттеп жүрген зиялылардың борышы және парызы.
Көп ұлттық Қазақстан үшін Отан сүйгіштік сезімінің рухани саладағы тату–тәтті тірлік, азаматтық келсімге ғана емес, мемлекеттік материалдық негізін нығайтуға да тікелей ықпалы бар. Отансүйгіштік рух–қазақ елінің әлемдік өркениетті елдер көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкіндік беретін бірден–бір күш.[8]
Қай ғасырда болмасын тәрбие мәселесі назардан тыс қалып көрген емес. «Бала тәрбиесі–мемлекеттік маңызды міндет»деген сөзді Платонның өзі де бекер айтпаған болар.
Мәселен, М.Қозыбаевтың дерегі бойынша, қазақ жерінде ХVІІ ғасырдың аяғынан 1916 жылға дейін 300–ге жуық ұлт–азаттық көтерілістер өрбіді. Мұндай көтерілістер қазақтың ұлан–байтақ жеріне, сарқылмас қазынасына көз алартушыларға қарсы ретінде туып отырды. Туған жерді,елді қорғауға қазақтың халықтық педагогикасынан нәр алған, ата дәстүрінен сусындаған ақылды да айбынды халық перзенттері–Төле би, Әйтеке би, Абылай, Бөгенбай, Наурызбай, Қабанбай, Райымбектер шықты.
Қазақтың ұлан–байтақ даласын біздің ата–бабаларымыз сан ғасыр «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» аман сақтап келеді. Олардың құрып кету қауіпі туып тұрған кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жауға қарсы тұру нағыз шынайы Отансүйгіштік қасиет еді.
Өз ұлытына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары–Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Алаш Орда қайраткерлері–М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов және т.б. нақтылы іс–әрекеттері мен шығармаларын да байқауға болады.
Ұлтжандық сезімнің обьектісі мен қайнар көзі–Отан десек, оның мазмұны: туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша орындар. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы ұлтжандыққа тәрбиелеудің арқауы.
Ендеше, бастауыш сынып оқушыларының бойына ұлттық сананы қалыпастыруда олардың туған жері мен еліне сүйіспеншілігін оятудың маңызы зор. Ұрпағын өз халқының патриоты етіп тәрбиелеу–қай халықтың болса да тәрбиелеу жүйесінің негізі талаптарының бірі. Ал біздің халқымызда бұл талап әрдайым жоғары болған.
Соншыма кең далада өмір сүрсе де ата–бабамыз үшін атамекен ұғымы–әрдайым қастерлі де қасиетті ұғым. Өйткені, Отан біреу–ақ, ол–туған жер топырағы, ата–баба сүйегі жатқан жер.
«Отанды сүю отбасынан басталады» деп ұққан ата–бабаларымыздың отансүйгіштік қасиеті ата–ана, ауыл–аймақтың, елдің намысын қорғауды өз ұрпақтарына бірінші парыз ретінде ұқтырып өсірді. Қазақи тәрбие барынша елін, туған жерін сүюге бағытталған. «Ер намасы–ел намысы», «Ер намысының құлы», «Арың үшін алысу азаматтық», «Ел үмітін ер ақтарар, атағын ел сақтар» деген ұлтжандылық ұрандар халқымыздың мәңгілік тәрбие қағидасына айналды. Баланы жастайынан ерлік рухта тәрбиелеу, еңбекке, елін, жерін, ана тілін сүюге баулу бесік жырынан бастап бүкіл ауыз әдебиетінің өнегелі өсиеті өзекті орын алады. Еңбек пен ерлікті, ел мен жерді пір тұтқан бабаларымыз ғасырлар бойы ерліктің ерен үлгісін көрсетіп бақты. ХVІІ ғасырдағы Бөгенбай, Наурызбай, Қабанбай, Райымбек т.б. батырлардың тәрбиесіне назар аударсақ айқын байқаймыз. Мысалы, З.Сәнік, Б.Садықанның «Қаракерей Қабанбай» атты еңбегінде Ерасылдың балалық шығанан бастап батырдың жеке тұлғасын қалыптастыруда ата–ананың, ағайын–тумалардың, әлеуметтік ортаның игі отбасы, Отанның, өскен ортаның әсерінің орасан зор екенін байқаймыз. Ер елдің жағынан панасы, бір жағынан қорғаны дап бағалаған ата–бабамыз «Ерлік тәрбиеден туады»деп ұққан. Батыр, ер деген ұғымдар үнемі қатар қолданылып келген.
Информация о работе Мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие берудің теориялық негіздері