Автор: Пользователь скрыл имя, 31 Мая 2012 в 13:04, дипломная работа
Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы.
Өткеніміз бен бүгінімізге тәуелсіз ел тұғырынан қарайтын бақытты күндер туды. Қазақтың публицистикасы қазақ халқының өсіп-өркендеу жолындағы жолбасшысы, ойсерігі, бағдаршамы іспеттес.
Ұлттық публицистика өнеріне неғұрлым шынайы, неғұрлым еркін қарап, бағалап, парықтау мүмкіндігіне жол ашылып отыр. Бұл қажеттіліктен туған мүмкіндік, әрі мүмкіндіктен туған қажеттілік.
Орысбай Әбділдәұлы
«Дос аға! Аға дос – Орағам! Не істей аларсың бұл зымырап өткен уақыт екпініне?! Қалай тосқауыл қоярсың?! Ортамыздан кеткеніне де, сонау жердің түбіндей көрінер Үндістан елінен суық хабар жеткелі де, жиырма жылдың жүзі болыпты…».
Әшірбек СЫҒАЙ
«Әттең, Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінің негізінде телефильм түсірілді. Бірақ ол асықпай, дайындалып көркем фильм түсіруге сұранып тұрған шығарма. Себебі, жалғыз ғана Сайтанкөпірге қатысты шығарманың өзін айтып отырған жоқпын, бір эпизодының өзі қаншама философиялық астарға ие. Әрі түсірген кезде оқиғасын қою қылып, бояуын қою қылып түсіруге болатын, дайын, керемет сюжет. Осылардың барлығы бізде игерілмей жатыр».
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК
«Оралхан Бөкейдің қасында біраз жыл еріп жүрдім, ал енді қазір көзі жоқта шығармаларын қайталап оқысам, кейіпкерлері арқылы бар тәкаппар, романтикалық, қиялшыл болмысымен көз алдыма келе қалады. Оралхан Бөкейдің басқамыздан бір артықшылығы, айналасындағылардың бәрін өзі сияқты ақжүрек деп ойлайтын, солай қабылдайтын. Өмірде солай, кейіпкерлері де сондай. Арамдықтың өзін адалдықпен жасайды».
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК
«...Оралхансыз Алтай жетім сияқты. Бірақ өзі іңкәр жүрекпен жырлап өткен Алтайдың үстінде Оралханның рухы мәңгі қалықтап жүргендей көрінеді де тұрады».
Әлібек АСҚАРОВ
«Ол қалам ұстаған ешкімнің жазу мәнеріне ұқсамайтын шығармалар жазды. Оларын біреу түсінер, біреу түсінбес, біреу қабылдар, біреу қабылдамас, алайда сол ерке мінез, еркіндеу, тентек те телқоңыр дүниелерімен ол өнерде «Оралхан Бөкей» есімін қалдырды».
Дидахмет Әшімхан
«Ол барлық адам оп-оңай түсіне бермейтін, қалтарысы мол, жұмбағы көп, ойлап кетсе – дана, ойнай қалса – бала мінезбен өмір сүрді».
Дидахмет Әшімхан
«Ол – әдебиетте жолы болған, алдынан үнемі жасыл шам жанып тұрған жазушы. Жолы болуының басты себебі өнердегі өз жолын ерте тауып кеткендігі ме деймін. Ол қай жанрда қалам тартпасын, оны жазған Оралхан екенін оқырмандар авторына тартпасын, оны жазған Оралхан екенін оқырмандар авторына қарамай-ақ сезе беретін».
Дидахмет Әшімхан
«Оралхан талантының құдіреті арқасында алыстағы Шыңғыстай, оның қарапайым адамдары бізге ескі танысымыздай етене жақын боп кетті. Бармай-ақ, көрмей-ақ Оралханның кітаптарын оқу арқылы білеміз. Оның талантының қуат күші сол бір елеусіздеу адамдарды есте қаларлық бейне дәрежесіне көтеріп, еріксіз мойындатты.Олар бізге, біз оларға ұқсайды екенбіз».
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ
«Оралханның азаматтық тұлғасы, жазушылық жолы – қиын да қилы тағдыры туралы әлі талай сыр шертілер, мұң шағылар. Өзінің өмірдастанын, көркем шығармаларын қалың елі – қазағына арнаған, аманаттаған жазушының рухани өмірінің мәңгі жасайтынына өз басым сенімдімін. Әр адам елдің есінен шыққанша ғұмыр кешетіні рас болса, Оралхан атының қазақ тарихында қалалары бір Аллаға аян».
Қуанышбай Құрманғали
«Өмірден ерте кеткенімен артына мол әдеби мұра қалдырған Оралхан Бөкей – ұлттық көркемөнерімізде өзіндік орны бар ірі суреткер. Жазушының адамның сезім тұңғиығына, жан-дүние тереңіне ой-арманына үңілген шығармалары туған халқымен бірге жасасып, оның рухани игілігіне қызмет ете береді».
Тұрлыбек Мәмесейіт
«Оралхан Бөкей – адамның сезім тұңғиығына, жан-дүние тереңіне, ой-арманына көбірек үңіліп жүрген жазушы. Сондықтан да оның кейіпкерлері де ойлы, сезімтал, арманшыл, қиялшыл болып келеді».
Тұрлыбек Мәмесейіт
«Біз Оралханды сезім мен суретті іздеп, адамның ой-дүниесіне, жан тереңіне үңіліп жүрген жазушы дедік».
Төлеген Тоқберген
«Оралханның сүйсіне сөз қылатын бір артықшылығы оның осы кезге дейін азын-аулақ шығармаларының бәрінде де табиғи сұлулыққа, жер, су, орман сұлулығына деген қамқорлық, қамқорлық қана емес-ау, шын құштарлық, перзенттік сүйіспеншілік сезіледі. Сондай ыстық леп, терең тыныстар еседі».
Төлеген Тоқберген
«Жалын-жүрек, жан-тамырымен жазатын Оралханның бар мінез-темпераменті әр жолынан айғай сап, от сезімді, ойлы сезімді айғақтап тұрғандай».
Төлеген Тоқберген
«Шыншылдыққа, батылдыққа, мөлдір тазалыққа, соның бәрі қосыла келіп-жан сұлулығына үнсіз шақырып тұратын кейіпкерлер – Оралханның үлкен-кішілігі шығармасына тән құбылыс».
Төлеген Тоқберген
«Оралхан Бөкей – суреткер. Табиғат пен адам жанын ақындық көзбен жіті тінтіп, екінің бірі байқай бермейтін тылсым құпияларды өрнектейді. Және де сол суреттері өзі көргендегідей тылсым күйінде, жұмбақ қалпында тұңғиығына сыр бүгіп тұрады».
Талаптан Ахметжан
«Ол жылдар қоғамның О. Бөкейдің шығармаларымен тыныстаған кезеңі болды, жастар арасында оның туындыларын жатқа оқу сәнге айналды. Және қанша жылдар өтіп, заманның ағымы өзгерсе-дағы олар бүгінгі күннің ұрпағында өздерінің рухани құндылықтарын жоғалтқан жоқ».
Бауыржан ОМАР
«Үш таудың арасында өтті ғұмыры. Алтайда туды. Алатауда өмір сүрді. Гималайда дүниеден озды. Ал төртінші тау, әдебиеттегі алып шың болып өзі қалды».
Бауыржан Омар
«Жалпы, адамдардың бөгделенуі, тамырынан ажырап қалу тақырыбы әлемдік әдебиетте де, өзіміздің әдебиетте де біраз уақыттан бері қозғалып келе жатыр. Кеңес заманынан тәуелсіздікке ұласар шақтағы Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романын сол қатарға қосам. Онда да мәдениеттің тоғысынан туындайтын, адамдардың психологиясында болатын салғырттық, өзінің тегінен жеру, ұлттық мәдениетке деген ішкі қарсылық талай нәрсенің айқын көрінісі деп айтуға болады».
Серік Нұғыман
«Оралхан Бөкей – заман келбетін адам келбетін іздейтін нәзік суреткер. Ол – 60-жылдары ешкімге ұқсамайтын айрықша талантымен шын суреткер ретінде әлемге танылған прозашы».
Оралханның қаламгерлік даңқына, атақты жазушы болуына алғышарттар-оның публицистика жанрындағы сүрлеу-соқпағы.
О.Бөкей - өр Алтайдың аясында туып, өзінің сүйікті оқырмандарына жаңаша көркем сипатпен келген қажырлы қаламгер. Ол – қазақ прозасына романтикалық сарын, өзіндік философиясын қоса ала келген дарын иесі. Жазушы шығармашылығы туралы алыс – жақын шетел жазушыларынан бастап, қазақтың маңдай алды жазушылары, сыншылары бір сыпыра жазды.
Суреткермен замандас жазушы Ақселеу Сейдімбек былай дейді: «Оралханды және онымен тұтас тегеурінді суреткерлерді тудырған замана толғағы біреу болғанымен, сол Оралханның шығармашылық әлемі мүлде оқшау құбылыс болғанын мойындаймыз. Кез келген дарын иесі сияқты Оралхан да халқының тағдыры қыл үстінде ілініп тұрғанын ертерек сезінген суреткер».
Оралханның әлеуметтік - философиялық, әсіресе философиялық ойларының терең іздері оның хйуанаттар жайлы жазған бірді-екілі шығармаларынан айқын көрініс тапты. Әсіресе, адам мен табиғат арасындағы байланысты суреттейтін әңгімелерінде жазушының ерекше таланты таныла түсетіндей. әлемді толғандырып отырған табиғат экологиясымен қатар адам экологиясы, рух дағдарысы құрбанына айналған дала еркелерінің халі «Кербұғы», «Бура» әңгімелерінде көркем баяндалған. Қаламгердің бұл тораптағы ізденістеріне дала тағылары мен түрлі хайуанаттар тағдырын бейнелей отырып жалпы адамзаттық мәселелер тереңіне бойлай алған Дж.Лондон, У.Фолкнер, Ш.Айтматов т.б. суреткерлердің әсері болғаны сөзсіз.
Қалихан Ысқақ: «Алтай – дарындылар ордасы. Алтайдан өнер адамдары топырлап шықпауы мүмкін емес. Неге десең, бұл – киелі мекен, ата жұрт. Оралхан Алматыға менен көп кейін келді. Оған шығармашылық ықпалым болмағаны рас. Өтірік айтсам, Алла бар. Менің түйір ықпалым болмағанын оның өз шығармалары-ақ айтып тұр. Стиль де, композиция да, форма да бөлек, тек тіл ұқсастығы ғана бар. Ол – заңды. Екеуіміздікі де – Төр Алтайдың тілі. Оралхан – тума дарын, туа біткен журналист. Ол көркем әдебиетке журналистика арқылы келді. Ал мен тек көркем әдебиеттен бастаған жанмын. Бөкеев – қазақ журналистикасына төңкеріс әкелген қаламгер. Ол бұрыннан қалыптасқан сеңді бұзды, тоңды талқандады. Бөкеевше кетті. Оқырман алғашында аңырып қалды, жүре-бара аузын ашып, көзін жұмды. Ол көркем шығармаға «ауыз салғанда» да журналистиканың публицистика жанрын оққағар етті, өзегіне айналдырды. Оның көркем шығармаларынан публицистиканың «иісі» аңқып тұратыны сондықтан. Ол жаңа жанр тудырды, журналистиканың публицистика жанрын көркемдік деңгейге жеткізді. Міне, Бөкеевтің басты ерекшелігі осында» - дейді. Расында, Оралхан Бөкеев қазақ журналистикасына төңкеріс әкелгені рас.
Кейіпкер тағдыры мен жаратылыс тұтастығы О.Бөкейдің тек «Кербұғы», «Бурада» ғана емес бірнеше шығармалардың негізгі типі іспеттес. Оралхан кіндік кескен жері, қазақтың ең шұрайлы өлкелерінің бірі – Алтайды жырлау арқылы адамды жырлады. Оның шығармаларындағы кезікті де қатал, сұлу да сырбаз Алтай образдық дәрежеге көтеріліп кетті. Жазушының көркем туындыларындағы адам бейнесі Алтаймен қарым-қатынасқа түспей ашылу қиын. «Қамшыгер», «Мезгіл әуендері», «Табиғат - өмір - Адам», әңгіме новеллаларында, «Мұзтау», «Елең-алаң», «Сайтан көпір», «Жетім бота», «Қыр қызы», «Өліара», «Құм мінезі», «Атау кере» повестерінің қайсысын алмасақ қаһармандар мен табиғат арасындағы жанды байланысқа көзіміз жиі жетіп отырады.
«Публицистика оны қанағаттандырып қана қоймай, жазушылық қызметінде көркемдік әлемнің қалыптасуына мол мүмкіндіктер жасаған. Ол адамның барша болмыс-бітімі мен ішкі дүниесіндегі жан әлеміне зерттеулер жүргізді. Прозалық әйгілі туындыларына көркемдік ізденісті, эстетикалық идеалды публицистикамен айналысқан жылдары тапты»-Мұхтар Шаханов[8;28]. Адам санасы үнемі даму үстінде болатын құбылыс. Сананың даму тетігінің бірі публицистика екені даусыз.
Бүгінгі қазақ публицистикасының бір бастау бұлағы халық даналығында жатқандығын жадымызда әрдайым ұстауымыз керек.
Археологиялық, этнографиялық және жазбаша тарихи деректердің көрсетіп отырғанындай, Еуропа мен Азия кұрлықтарының Ұлы даласын мекендеген біздің бабаларымыз сол кездегі рулар мен тайпалар тек аңшылықпен, мал өсірумен ғана емес егіншілікпен де шұғылданған. Сол бабалардың үлкен мәдениеті де болған. Олар өздерінің тұрмыс-тіршілігін, оқиға-құбылыстарды тасқа таңбалап, ескерткіш белгі етіп қалдырған. Бүгінде белгілі ақын Мұхтар Шахановтың Оралхан Бөкеев жайлы айтқан пікіріне осы да дәлел болса керек.
Оралхан Бөкеев тек туған әдебиетінде ғана емес, сол ұзын сонар құс жолындай ізге дейін журналистиканың тарихында өзіндік қолтаңба қалдырды. Қарымды қаламгердің жалпы көркем сөз әлеміне келуіне септігін тигізген жазушы Шерхан Мұртазаның ағалық қамқорлығы ерекше әсер етті. Әр шығармасынан өзіндік қолтаңбасы аңғарылатын жас талантты «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Шерхан жұмысқа шақырып, бұлақтың көзін ашып, таланттың тұсауын кеседі. Бұл жөнінде Оралханның өзі былай деп жазады: «Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда кәперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмыска шақырдыңыз. Университеттің үшінші-ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз» [29; 65].
Кезінде «Лениншіл жастың» бас редакторы болған тұста Шерхан Мұртаза Оралханның жазғыштығын аңғарып, қабілет-қарымына былайша баға береді: «Өзім басқаратын газетке оқта-текте «О. Бөкеев» деп қол қойған очерктер жарияланады. Ә, дегеннен назар аударды. Автор аз ба, тәйірі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті басқа республикалардан, шет елдерден де жазып жататын қаптаған авторлар. Кейде бөлімге айтып, почтаны өзім шолып шығамын. Адамның жазуында да мінез бар. Жазуына қарап, сөзіне, сөйлеміне карап, бүл хаттың авторын көз алдыма келтірмекші болдым...
Бірақ автордың өзін елестете алмадым. Көрейін дедім. Орынбасарым Тельман Жанұзақовты шақырып алып, конвертті ұсындым:
- Мынау адамды шақырт. Келсін. Командировка редакцияның есебінен», - дедім. «Лениншіл жасқа» қызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім. Ал, Оралхан сол сапардан біраз жыл кейің V мінезі» деген повесть жазды. Міне жазу! Жазсаң - осылай жаз. Әйтпесе кінәсі жоқ ақ қағазды шималап, былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп-білме жердің тамырын басып танып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы-жаның ұғып-білу жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған... Шындықты жазған жазуының шығармасы-қоғамның шипагері. Маман дәрігер жеке-жеке адамды ауруда сауықтырса, шын жазушы қоғам ауруын таниды. Жазады, таниды дегенде қолма-қол емес, адамдардың жүрегіне-жігер, көзіне-нұр, көкірегіне-сәуле қосу арқылы әсер етеді. Оралхан бұл жағынан шебер еді» [29; 98].
Оралханның публицистика саласындағы шеберлігінің ұшталғандығында, Шерхан Мұртазаның рөлі басымдау. Ағалық жүрегімен алыпқа ғана тән абыройлылықпен жазушы-публицистқа шынайы баға беру – бүгінгі біз танитын Оралхан Бөкеевтің негізін қалаған десек артықтық емес.
Римма Жақсылықбаева өзінің «Публицистің шығармашылық шеберханасы» атты еңбегінде былай деген пікірлер білдірді: «Шындығында, Оралханның «Құм мінезімен» танысқан жан «Құмның күлетінін, құмның сөйлейтінің, құмның жылайтынын, құмның толғанатынын құмның ән айтатынын» біліп таң қалады. Мәселен, Мойынқұмның лезде өзгеретін тосын тіршілік-тынысын, екпек желі мен қызыл құмын шебер суреттейді, үзінді келтірсек: «Осы сәтте қатты құйын көтерілгендей болды да, жылдар бойы сіресіп жатқан Қызылқұм айдаһардай ысқырды. Әлгінде ғана желге арқасын сипатып, жым-жырт қалғыған, әлгінде ғана тәңіріне табынып, дүниенін бір үзірін баз кешіп, жалыққандай есінеп-құсынап мантыраған даланың талағы тарс айрылды. Шабына кім түртті, өз-өзінен буырқанып, өз-өзінен шамырқанып, екі езуі көпіршіп, бураша бұлқынып шыға келді. Әлдене құйын боп аспанға шапши тік көтеріліп еді, енді сол ұйтқыған құйын өзі секілді мың-миллион құтырық қарабас сарбаздарын мұқым қызыл құмның бойына анталатып, қаптатып жібергендей болды» [31;65].