Автор: Пользователь скрыл имя, 31 Мая 2012 в 13:04, дипломная работа
Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы.
Өткеніміз бен бүгінімізге тәуелсіз ел тұғырынан қарайтын бақытты күндер туды. Қазақтың публицистикасы қазақ халқының өсіп-өркендеу жолындағы жолбасшысы, ойсерігі, бағдаршамы іспеттес.
Ұлттық публицистика өнеріне неғұрлым шынайы, неғұрлым еркін қарап, бағалап, парықтау мүмкіндігіне жол ашылып отыр. Бұл қажеттіліктен туған мүмкіндік, әрі мүмкіндіктен туған қажеттілік.
1.Кіріспе
Адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі - сөз өнері. Сонау көне замандардан бастап қазірге дейінгі адам ақыл-ойының маржандары сөз арқылы бізге жетті. Өмірде болған небір оқиғалар мен құбылыстарды, тіршіліктің алуан түсті бояулары мен айшықтарын келер ұрпаққа жеткізетін де сол өлмейтін сөз.
«Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яғни қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз - осылай шығарған сөз...[1;28]»-деп
Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы.
Өткеніміз бен бүгінімізге тәуелсіз ел тұғырынан қарайтын бақытты күндер туды. Қазақтың публицистикасы қазақ халқының өсіп-өркендеу жолындағы жолбасшысы, ойсерігі, бағдаршамы іспеттес.
Ұлттық публицистика өнеріне неғұрлым шынайы, неғұрлым еркін қарап, бағалап, парықтау мүмкіндігіне жол ашылып отыр. Бұл қажеттіліктен туған мүмкіндік, әрі мүмкіндіктен туған қажеттілік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мемлекеттік тіл туралы бір толғанысында: «...Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!?"[30;2] - деп тебіреніпті. Сол туған тіліміздің барлық қадір-қасиетін "бойына сіңірген қазақ публицистикасы еліміз жүріп өткен ұзақ жолдың шежіресі бола білді. Жұрт қиналса, демеу болып, жігер отын жаныды, намыс рухын оятты, ұлт қуанса, медеу болып жарқын жолға бастады, биік белестерді бағындыруға шақырды. Сөйтіп, қазақ публицистикасы ұлттың рухани байлығының ажырамас бөлігіне айналды. Оның ғажаптығының өзі сонда - публицистика белгілі бір кезеңдегі болған белгілі бір нақтылы оқиғаны айна-қатесіз бүгін көз алдымызға әкеледі. Сол кезде не болды, қалай болды, кімдер өмір сүрді, олар қандай әрекет, мінез көрсетті? Міне осы сауалдардың бәріне публицистикалық шығармалардан жауап таба аламыз. Өткенді бүгінге, бүгінді болашаққа жалғап тұрған ақиқат көпірін көргіңіз келсе — ол публицистика өнері.
Публицистика терминінің төркіні латынның «publicus» деген сөзіне барып тіреледі. Қазақша мағынасы «қоғамдық» деген мағынаны білдіреді. «Төл тіліміздегі баламасын алғаш ғылыми айналымға енгізген – ардақты Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы. Ол өзінің әдебиет танытқыш атты атақты еңбегінде көсемсөз ұғымын публицистика баламасы ретінде қолданады» [29;26].
Публицистиканың қазіргі таңда көтерер жүгі ауыр әрі сыны басым деуге болар. Уақыт талабына дәл жауап беруде басты объект адам болғандықтан, қоғамдағы өзекті проблемаларды жан-жақты таныту үлкен жауапкершілікпен қатар, тілдік шеберлікті талап ететіні сөзсіз.
Қазақ публицистикасының тақырыптық, мазмұндық жағын өзінше дамытып, өз үлесін қосқан белгілі жазушы-журналистеріміздің шығармашылығындағы тілдік шеберліктің әдіс-тәсілдерін терең зерттеу – келешек журналистиканың арқа сүйер мектебін қалыптастыру деген сөз. Сондықтан қазақ журналистикасында қаламгерлік қуаты жағынан дараланатын авторлар нысанаға алынып, терең зерттелуі тиіс. Қазақ публицистикасының бастауы деп Ш.Уәлихановтың «Жоңғар очерктері», Б.Майлиннің «Алыпты аралағанда», І.Жансүгіровтің «Жарыс», «Соқашылар» атты очерктерін айтсақ болады. ХХ ғасырдың басы, қазақ баспасөзі үшін жаңаша даму дәуірі болды. Отан соғысы кезінде Б.Бұлқышевтің, М.Ғабдуллиннің, Б.Момышұлының, Ә.Сәрсенбаевтің, Ж.Жұмақановтың, П.Кузнецовтың көптеген очерктері жарық көрді. М.Әуезовтің «Түрксиб солай туған», С. Мұқановтың «Саяхаттар», «Алыптың адамы», кітаптары мен «Цейлон шеруі», «Адам атаның шоқысы», атты жолжазба очеріктерінің дүниетанымдық, этнографиялық маңызы ерекше сипатқа ие туындылар. Ғ.Мүсіреповтің «Отарлар оралып келеді», А. Тоқмағанбетовтың «Ақ күріштің атасы», И.Шуховтың «Теміртау», М.Иманжановтың «Тыңдағылар», Ә.Нұршайықовтың «Алыстағы ауданда», Х.Ерғалиевтің «Өмір шежіресі» деген очерктері жарияланды. [29;72] Мұны қазақ публицистикасындағы дәстүр жалғастығы, қалыптасып келе жатқан журналистика мектебі десек артық айтқандығымыз емес.
Публицистика саласында сара жол қалыптастырған әрбір тұлға тілінің ерекшелігі – оның тағылымы. Газет-журнал беттерінде жарық көрген жарияланымдардағы көркемдеу тәсілдері – шеберлілігінің айнасы болып табылады. Публицистикалық жанрда оқырман ықыласына бөленген, өзіндік суреткерлік қолтаңбасымен айрықша есте қалған қаламгерлер саны аса көп емес. Әсіресе, XX ғасырдың 20-30 жылдары қазақ прозасында өз туындыларымен топты жарып, қара үзіп шыққан қаншама қаламгер бар десек, ойымызға М. Әуезов, С. Мұқанов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, I. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Б. Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, І.Есенберлин секілді майталман қаламгерлерді ескеру қажет. Бұл суреткерлердің жазғаны әлдеқашан әдебиетіміздің алтын қорына қосылды. Енді ұлтымыздың рухани санатында кейінгі толқын қаламгерлерге суреткерлік шеберліктің, жазушылық талап пен талғамның айнымас өлшеміндей болып отыр. Осындай құнды көркем туындыларды дүниеге келтірген құнарлы орта, әдеби дәстүр қазақ прозасының 1960-1980 жылдардағы кезеңіне де өз әсерін тигізді. Осы жылдардағы ат төбеліндей, аздаған дарынды шоғырдың бел ортасында жазушы Оралхан Бөкеевтің әдеби шығармашылығы оқ бойы озық көзге түсті. Өзіндік публицистикалық ұстанымы бар жазушы, табиғат пен адам, өркениет пен сана тартысын тіпті журналистикалық шындықтың өзін өз туындыларында көрсете білді, публицистикалық стильде өз жолын қалыптастырды, өзінен кейінгі ұрпаққа жол көрсетті.
Оралханның қаламгерлік даңқына, атақты жазушы болып қалыптасуына өз септігін тигізген - оның публицистика жанрындағы сүрлеу-соқпағы.
Публицистика өз алдына көркем тіл орамын ғана емес, тыңғылықты зерттеуді де қажет ететіні аян. Есімі еліміздің әдебиетін ғана жаңғыртпай, дүниенің төрт құбыласына тараған жазушының публицистикасы оны қанағаттандырып қана қоймай, жазушылық қызметінде көркемдік әлемнің қалыптасуына мол мүмкіндіктер жасады. Ол публицистикамен айналысқан жылдары адамның барша болмыс-бітімі мен ішкі дүниесіндегі жан әлеміне зерттеулер жүргізуі арқылы, прозалық әйгілі туындыларына көркемдік ізденістерді, эстетикалық идеалды тапты.
Дипломдық жұмыстың өзектілігі:
Барлық салалары мен өзара ықпал-әсер аясында өсетін дербес жанрлары ғасырлар бойы жетіле толысу арқылы қалыптасып келе жатқан әдебиет үшін көркемдік дамуыдың болашақ мүмкіндіктері де, жинақталған бай эстетикалық тәжірибе де бірдей маңызды. Әрдайым марқаю үстіндегі әдебиет қашанда соны көркемдік ізденістерге жол ашып отырмақ.
Публицистика саласы жылдан жылға сан түрлі сипатқа ие болып, түр мен мазмұн жағынан биік сатыға көтеріліп келеді. Қазақ публицистикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан белгілі қазақ қайраткерлерінің туындылары қашан да жоғары бағаланады. Қанша заман ағылып өтсе де, шығармаларда тақырып, мазмұн, идея сияқты автор даралығын айқын көрсетіп тұратын тілдік ерекшеліктерінің құндылығы жоғалмақ емес.
Ұлттық публицистикамыздың майталманы Оралхан Бөкеевтің көркемдік әлеміне жаңаша көзқарас, ғылыми-теориялық талдау тұрғысынан қарастырып, зерттеу бүгінгі әдебиеттану ғылымының алдында тұрған міндет болып табылады.
Қазіргі қазақ публицистикасының ішіндегі өзіндік стиль қалыптастырған Оралхан Бөкейдің туындыларын жаңаша көзқараспен қарастыру осындай өзектіліктен туып отыр.
Дипломдық жұмыстың нысаны:
Оралхан Бөкеевтің публицистикалық шығармалары.
Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері:
Жұмыстың басты мақсаты – Оралхан Бөкейдің публицистикалық шығармаларындағы ерекшеліктерді зерттеу.
Осы мақсат – мұраттарды жүзеге асыру үшін жұмыстың алдына төмендегідей нақты міндеттер қойдық:
О. Бөкеевтің өміріне, қызметіне жалпы шолу жасау;
Оралхан публицистикасына жалпы шолу жасау;
Оралхан публицистикасының ғалым пікірлеріне талдау жасау;
Оралхан Бөкеевтің публицистикасының өзіндік ерекшеліктеріне сипаттама беру.
Дипломдық жұмыстың ғылыми жаңалығы:
Оралхан Бөкеевтің публицистикасында қозғалған ойлар желісін маңыздылығы бүгінгі күнде тәуелсіз еліміздің ұстанған бағытының бастауы іспетті. Торераннтылық, адамгершілік, этика-эстетикалық нормалардың арақатынасын публицист туындыларынан анықтау – жұмыстың негізгі жаналығы болып саналады.
Дипломдық жұмысының теориялық және практикалық маңызы:
Жұмыстың негізгі тұжырымдары мен нәтижелері әдебиет теориясы мен тарихындағы әдеби бағыт, ағым, көркемдік әдіс мәселелерін талдап, түсінуде үлес қосады.
Дипломдық жұмысының материалдарын орта және жоғарғы оқу орындарында «Әдебиет теориясы», «Әдебиеттануға кіріспе», «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәндерін оқып үйрену барысында және арнаулы курстарға, мектеп мұғалімдеріне көмекші ретінде пайдалануға болады.
Дипломдық жұмысқа ұсынылған тұжырым:
Дипломдық жұмыста О. Бөкей публицистикасының табиғаты мен өзіндік ерекшеліктері анықталып, публицистикалық бағыты зерделенді. Публицисттің ой-тұжырымдары қорытылды.
Дипломдық жұмыстың әдісі:
Жұмыста талдау, жинақтау, салыстыру, қорытындылау әдістер басшылыққа алынды.
Дипломдық жұмыстың құрылымы:
Дипломдық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімі төрт тараудан және қорытынды бөлімнен тұрады. Сонымен қатар, пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетілген.
2. Негізгі бөлім
2.1 О. Бөкеевтің өмірі мен шығармашылығы
Оралхан Бөкеев жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болған Оралхан Бөкеев 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келді.
Ол 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген. 1963-1969 жылдары Оралхан Бөкеев С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқыды.
1965-1968 жылдары ол Большенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» («Дидар») газетінде әдеби қызметкер болды.
Оралхан Бөкеев 1968 жылы республикалык «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді.
1974-1983 жылдары Оралхан бөкеев «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды. [24; 128]
Ол өз туған жерін жанындай сүйді, оған мәңгі ғашың болып, сол ұлы махаббатын ақтық демі біткенше қағазға түсіріп өтті. Әдебиетке келудегі мақсаты да сол. «Көкшетау асқан сүлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырады. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан кем емес. Бірақ оны жырға қостын, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ. Мен алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Мен мақсатыма жетемін деп сенемін» [31;24], - деген екен қаламгердің.
Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалык қамқорлығы ерекше әсер етті. Ешкімге белгісіз Шыңғыстайдағы тракторшы баланың бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны алматыға жетелеп әкеп, дуылдаған қаламгерлер қауымының қалың ортасына салды жіберді. өмірінің соңына дейін ол журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрді.
Оның прозасы мен драматургиясында қоғам өмірінің өзекті мәселелері, ар мен азаматтық алдындағы жауапкершілік, рух тазалығы, жаратылыс пен адам арасындағы қарым-қатынас, жалпы адам проблемасы публицистикалық сарында өткір қойылды.
1970 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан «Қамшыгер» атты алғашқы жинағы жас жазушының атағын шығарды. Осы баспадан оның «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным?» (1973), «Мұзтау» (1975) әңгімелер мен повестері шығарылды. Оралхан Бөкеевтің «Ән салады шағылдар» (1978), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984) әңгімелер мен повестері «Жалын» баспасынан жарық көрді. 1986 жылы оның «Құлыным менің» деп аталатын драмалыкқ шығармалары «Өнер» баспасынан, 1987 жылы «Ұйқым келмейді» деп аталатын творчестволық әңгімелері «Жазушы» баспасынан шығарылды.
1976 жылы Оралхан Бөкеев «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды.