Автор: Пользователь скрыл имя, 31 Мая 2012 в 13:04, дипломная работа
Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы.
Өткеніміз бен бүгінімізге тәуелсіз ел тұғырынан қарайтын бақытты күндер туды. Қазақтың публицистикасы қазақ халқының өсіп-өркендеу жолындағы жолбасшысы, ойсерігі, бағдаршамы іспеттес.
Ұлттық публицистика өнеріне неғұрлым шынайы, неғұрлым еркін қарап, бағалап, парықтау мүмкіндігіне жол ашылып отыр. Бұл қажеттіліктен туған мүмкіндік, әрі мүмкіндіктен туған қажеттілік.
Беу-беу Оралхан-Ақтан-ай, қаншама көз көрмес, құлақ естімес меңіреуге лағып, маңып кеткенімен кесірлік пен кесапаттың күйік сасыған иісі іргесінен үріп жатқанын, ерте ме, кеш пе қолқасын қан түкірте қабарын болжамаған-ау!
Әттең, Оралхан-Ақтан-ай, әр пенде шыр етіп жарық дүниеге келген сәттен бастап - ақ оның тағдырдан жер тоқпағы да, бастан сипар мейірімі де, бағы да, соры да ең аяғы тірліктің мәресі-ажалы да соңынан таяқ тастам жерде еріп отырарың соның көбі екі аяқты адам бейнесінде тапырақтап сүмеңдейтінін ертерек ойламағанын қарашы!
Қайран, Оралхан-Ақтан-ай, адам жатырынан адам болып дүниеге келген екенсің, сол тобырдан қолыңды төбеңе қойып қаншама қашқаныңменен, қаншама саяқтаңғаныңмен сол тобырсыз күнің жоқ екенін неге түсінбейді екенсің. Ажалдан қашқан Қорқыт бабаларың қайда ұзап кетіп еді? [8;76].
Адалдық пен Арамдық – егіз ұғым. Ақтан-адалдықтың бейнесін сомдаса, қан-қулық, сұмдығына сырық байламайтын арамдықтың өкілі. Кан жетесіз емес. Ақтан секілді ауызынан әулиеліктің уызы аңқып тұрған он шақты аңқау да адал жандарды қанжығасына бөктеріп кетеді. Тым зымиян. Тым жады. Тым уытты.
Повесть соңында Арамдықтан сілікпесі шыға қорлық көрген Ақтан оның қыр соңына түседі. Арқасына таңып алған, ғұмыр бойы жақ ашпаған мылқау шешесі тұңғыш рет ұлына:
- Құлыным - ай, сол қуды қуып жете алар ма екенсің ?- деп күрсінеді.
Ақтан жетуін жетер, ал оны жеңу үшін өзі де арамдықпен тояттауы қажет -ау.
Повесте қосалқы бейне есебінде үнемі көрініп қап отыратын кейіпкер-өтірікші Асан шал. Бұл кейіпкер-Оралханның алмас алдаспаны. Оны әрі өтірікші, әрі шежіреші етіп алуы – саясат.
Қоғам кереқарлығын, өз ұлтыңның кеңкелес кезеңде іштегі запыранды шығару үшін әр түрлі әдеби тәсілдерге бару қажет болды. Міне, Асан сол олқылықты толтыруға келген өкіл. «Мұзтау» повесінің көтерген ең ауыр жүгі - оның адами мораль мен этикасының жиынтығы екенінде. Оралхан осы шығармасында Арамдық пен Адалдықтың бетін қанжосасын шығарып, аймаңдай етеді. Адамдарды ізгілікке үндейді. Етегі тола еңірей отырып «Адам» болып қалуға шақырады[29;55].
Жалпы "Мұзтау" повесі – Мұзтаудай биікке шыққан шығарма. Ол аласаруы мүмкін емес! Ол ерлік пен өрлікке толы хикаят. Оны оқып шыққан соң өзіңнің де бойыңа шым - шымдап қуат құйылып жатқанын, моншадан шыққандай бусанып, сергіп қалғаныңды сезесің. Күйкі тірлігіңе қынжыласың, аттандап Алтай мен Алатауға шығып, алапат ерлік жасағың келеді-ай! Әсілі, Бөкеевтің қара сөздің інжу-жақұтымен өрілген жырларынан әмәнда ерлік рухы атқақтап, шарасына сыймай асып-төгіліп жатқан асқақтық лебі өн - бойыңызды тоқ соққандай қалшылдатады-ай!
Пенде Оралханның кеудесінен шыбындай жаны ғана пыр етіп ұшып кетіпті. Жазушы Оралхан Бөкеев тірі екен. Шығармашылық өмірі тек ғана өнермен, соның інжу - маржанымен көмкерілген Оралхан кербез жымиып, әне арамызда жүр...Олар: Нұржан ("Қар қызы"), Таған ("Атау кере"), Аға ("Жылымық"), Қиялхан ("Жасын"), Аман ("Сайтан көпір"), Ақпан ("Мұзтау"), Жеңісхан ("Ұйқым келмейді"), қойыңызшы, тіпті, газет үшін жазылған ұсақ мақалаларының өзінде Орекең тұр тәкаппар көз салып.
Оған кербездік жарасушы еді. Оған жұмбақтық жарасушы еді. Оған….. оған, бәрі-бәрі жарасатын...
Оны алты алашқа сүйкімді еткен де, ерке еткен де, шашын жұлғызып, жоқтатқызған да хас таланты болатын. Ал таланты үшін ол Аллаға ғана қарыздар деп білеміз.
Ел айтады: "Оралхан Бөкеев тіпті де өлмепті. Ол түз тағысына - Кербұғыға айналып, алтайдың құзар шыңдарын гуілге толтырып жүр екен"...
О.Бөкеевтің шығармашылық жолы 1970 жылдан басталады. О.Бөкеев әдебиетімізге өз өрнегімен келген жазушы. Ол алғашқы әңгіме повестерінен-ақ оқырманды бірден баурап әкетіп еді. Жазушының ой мен сезімді қатар өрген шығармалары бірде тұңғиық ойға жетелесе, бірде өршілдікке тарта беретін.
Асқар Алтайдың кербез табиғатын, тамылжыған сұлулығын Оралхан Бөкейдей сүйіп, жырлаған жазушы әзірге жоқ. Ол - табиғаттың асқақ жыршысына айналған табиғи тума талант.
Оралхан кейіпкерлерінің тағы бір ерекшелігі - олар арманшыл, қиялшыл болумен бірге ойшыл, мұңшыл, жан-дүниелерінде сағынышқа толы аңсау, ынтығу, күрсініс пен өкініш, шексіз ынтызарлық, жұмбақты сыр жатады. Олармен бірге белгісіз бір сағынышқа толы мұңға беріліп кеткеніңді өзің де байқамай қаласың[10;101].
Оралхан Ұлы Отан соғысы жылдары дүниеге келген ұрпақтың өкілі. Сол бір алапат-сойқанды көзімен көрмесе де анасының құрсағында жатып, тылдағы ауыр еңбектен қабырғасы қайысып, күрсіне-күңірене жүріп күн кешкен қамкөңіл жандармен бірге тыныстап, бірге қиналып дүниеге келген бұл ұрпақтың да жанына соғыс салған жара аз болған жоқ. Осы соғыс тақырыбына жазушы "Бәрі де майдан" повесін арнады. Бұл повесть-тақырыбының сонылығымен де, кейіпкерлерінің тосын тағдырымен де ерекше шығарма. Шығарманың негізгі қаһарманының бірі - Ақан. Қолына мылтық алып, қан майданға қатыспаса да, еңбек армиясында болады. Белуардан батпақ кешіп, таң атқаннан күн батқанға дейін тыным көрмей жер қазатын. Тамағы да өте нашар еді. Қатықсыз қара көже ішіп, үсіген картоп жеген кісілер ауыруға шалдығады. Өлім-жітім де болады. Осының бәріне Ақан мойыған жоқ. Мұнда да ол соғысқа қатысқандардан аз азап шеккен жоқ. Оны қиындықпен келген Ұлы жеңіске үлес қоспады деп ешкім айта алмайды. Ендеше неге бұның: "Еңбегім елеп ескерілмеді? Неге ол Жеңіс мерекесіне арналған жиналысқа шақырылмайды? "Менің кінәм не сонда? Бар жазығым қолыма мылтық орнына күрек ұстағаным ба? Біле -берсе күрек те қару ғой. Осы ғой жанға бататыны. Әйтпесе батыр атағын бермеді деп жүрген мен жоқ [13;87].",-деп қиналады Ақан.
Жалпы, әдебиетімізде соғыс кезіндегі қара жұмыста болғандар еңбегі туралы жазылған шығармалар жоқтың қасы. Көбіне тікелей соғысқа қатысқандарға қарағанда осы бір белгісіз ерліктің иелері еленіп - ескеріле бермейді. Осынау еңбекте ерлік көрсеткен мыңдаған адамдардың тіршілігі қан майдан қаһармандарының тасасында қалып келгені белгілі. Сол олқылықтың орнын толтырған, ерліктің бағасы біреу ғана екенін, мейлі ол майданда жасалсын, мейлі ол тылда көрсетілсін, ашып, айғақтаған бұл повестің тағылымы мол, тәрбиесі толайым. Жақсылыққа ізгілікке деген ұмтылыста жүрген, ұлы сенімді серік еткен Ақан, Алма сынды кейіпкерлер әр жүрекке жол табады. Олардың көрген қиыншылықтары, тартқан азаптары жігерлерін шыңдап, қажыр - қайраттарын арттыра түсуі көңілге қонады[29;45].
Оралхан Бөкеевтің әдеби шығармалары мен публицистикалық туындыларындағы идея тұтастығы бір. Жеткізу стиліндегі өзгешеліктер мен тақырыптық арақатынасының ажырағанын есептемесек, екеуін бір дүние десек те болады.
2.2 Оралхан Бөкеевтің публицистикасына теориялық сипаттама
жасау
О. Бөкей мерзімді баспасөз беттерінде өзінің азаматтық үнін қосқан көп қырлы талант. Қазақ публицистикасын түрлендіре отырып, сүбелі ойлар мен салмақты пікірлер айтқан.
Бүгінгі таңдағы дамыған публицистика бірден пайда бола қойған жоқ. Публицистиканың тууының өзі көне дәуірлердегі адамдардың бір-бірімен ақпарат алмасуынан бастау алады. Сонау ерте замандарда адамдар арасында ақпараттық қажеттілік пайда болды. Бір адам екінші адамға, бір адамдардың тобы екінші адамдар тобына өз ойларын жеткізгісі келді. Бұл алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі тілдің пайда болуымен тікелей байланысты еді. Сөйтіп адамдар санасындағы идеялар, көзқарастар мен ойлар тіл арқылы басқаларға таралып, іс жүзіне аса бастады. Адамзат қоғамында қарым-қатынас құралы тілдің пайда болуы - публицистикаға дейінгі алғашқы құбылыстардың бірі еді[25;28].
Көрудің, естудің және сөйлеудің қосылуы негізінде адамдардың қоршаған орта туралы қоғамдық пікір, көзқарастары қалыптаса бастады. Мемлекеттің пайда болуымен бірге қоғамдық өмір де күрделене түсті де, түрлі саяси құрылымдар мен кәсіби саясаткерлер тарих сахнасынан орын алды. Дәл осы кезде қоғамдық ақпаратты таратуда қалың бұқараның ішінен өзінің көсемдігімен, ақыл-ой, парасаттылығымен оқшауланып, суырылып шыққан шешендер белсенді рөл атқарды. Еуропада шешендік өнер бірте-бірте саяси пікір таластарға ұласты да, ол сөз сайыстары кейінірек парламенттік мәдениеттің құрамдас бөлігіне айналды. Асылы, қазіргі "парламент" сөзінің түп-төркіні, француз тілінен аударғанда "раrler" "сөйлеу" деген мағынаны білдіреді [4;15]..
Сонымен, шешендік өнердің пайда болуы - публицистикаға негіз болған екінші бір кұбылыс болып саналады. Халқымыздың ақындары, батырлары, хандары мен билері, ақсақалдары мен әулиелері тауып айтқан асыл сөздің маржандары ұрпақтан ұрпаққа көшіп отыратын баға жетпес зор байлық.
Бүгінгі қазақ публицистикасының бір бастау бұлағы сол халық даналығында жатқандығын жадымызда әрдайым ұстауымыз керек.
Археологиялық, этнографиялық және жазбаша тарихи деректердің көрсетіп отырғанындай, Еуропа мен Азия кұрлықтарының Ұлы даласын мекендеген біздің бабаларымыз сол кездегі рулар мен тайпалар тек аңшылықпен, мал өсірумен ғана емес егіншілікпен де шұғылданған. Сол бабалардың үлкен мәдениеті де болған. Олар өздерінің тұрмыс-тіршілігін, оқиға-құбылыстарды тасқа таңбалап, ескерткіш белгі етіп қалдырған.
Адамзат дамуында жазудың пайда болуы мен дамуы - қазіргі публицистиканың пайда болуына ықпал еткен үшінші құбылыс болып саналады.
Ежелгі замандардағы жазба мәдениеттің көп таралған ертедегі көріністерінің бірі - шаруашылық, дипломатиялық және жеке жолдаулар мен хаттар болды. Бұл тарихи ескерткіштердің бір тобы - ресми сипаттағы қызметтік құжаттар болса, енді бір парасы - тұрмыстық, отбасылық, достық сипаттағы жеке адамдар арасындағы хаттар болды. Кейбір хаттарда қоғамдағы маңызды мәселелер қозғалып, саяси көзқарас, әлеуметтік идеялар көрініс тапты. Міне дәл осындай жолдаулардан келіп публицистикалық эпистологра-фияның алғашқы көріністері туды.
Сонымен қоғамдық маңызды мәселелерді қозғайтын публицистика - бірнеше ғасырлардағы адамзат ақыл-ойының жемісі.
Оралхан не жазса да, қанымен, жанымен жазған. Очерктің өзіне ол жаңа леп, әр қосып, көркем шығарма деңгейіне көтерген. Қайда да бояуы, эмоциясы, ағысы, өрісі - жалпы Бөкей стилі айдан анық, Құс жолындай сайрап жатыр. Кұдай дарытқан, төгіліп тұрған тілі, ешкімге ұқсай бермейтін мінезі, интонациясы, эрудициясы, есіле сөйлейтін шешендігі, лирикалық шалқымалары, әдібі анық, иінің қанығы оны ешқашан тұйыққа тіремей, шүйгін өріске жетелеп отырады.
Журналистік кәсіптің шырағын жиырма жасында жағып, Большенарым аудандық «Еңбек туы», облыстық «Коммунизм туы», «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының қатардағы әдеби қызметкерлігінен Бас редакторына дейінгі 30 жыл, оны жазу өнерінің ат жалында ойнатқаны жұртқа мәлім. Онда өлі дүние жоқ, буырқанып, бұрсанып, ойнақшып, аунап-төңкеріліп жатқан мәңгі қозғалыстағы әлем, ағыс бар. Шығармаларындағы романтикалық сарын, сөзді қызықтау, төгілте баяндау сол толқынды қуған толықсып тұрған жайсаң табиғаттың, көзде, жүректе тұнған ғашықтық тілін тілсіз тілмен жырлаған әлем қойнауына енесің. Адам табиғатын да, табиғаттың өзін көру, сезіну үшін ақын жүрек, сыршыл да сезімтал көкірек, жан-дүние қажет. Байқап, байыптағанда, Оралханда шабытсыз бірде бір дүние кездеспейді. Уақыт, дәуір толғағы Оралханды толғандырса, толғанып кеткенде ол сол заманға дәру боларлық толымды туындыларын құйындай үйірілген шабыт үстінде төгіп тастап отырыпты. Ұлтын сүйген, Отанын сүйген намысшыл, сезімтал, секемшіл жүрек өзі өмір сүрген, жақсы-жаманды қызметтерін атқарған қоғамға көзсіз табынбай, коммунистік идеология аузына қақпақ қойып, кейде қуатты қаламды қаңтаруға мәжбүр еткен шақта да ебін тауып, жанын жегідей жеген, халық басынан төніп, тұқырып тұрған трагедияларды орайын келтіріп, тұспалмен, аллегориямен орап, ойлы жанның көкірек көзімен сезінуіне мүмкіндік жасады. «От басындағы екеу», «Біз қандай осы?», «Мезгіл әуендері», «Жұлдыз жауған түндер-ай», «Табиғат - өмір - адам», «Ұйқым келмейді», «Жылылық» мақалалары бейнелі, астарлы, әшекейлі фразеологизмдермен жасанып, оранып, ғылыми дерек көздері көкірек құлағына сіңіп, көбесі сөгілмей жатқан кейбіреулерді айтуға жүрексіндіріп жүрген үлкен проблемалар романтикалық атаулар желегін жамылған тақырыбымен-ақ оқырманға шашып-төгілмей жетіп, эстетикалық, философия, психологиялық, танымдық мәні күшті, кәусары жүрекке шымырлай сіңіп, «Біз қандаймыз өзі?» деген намысыңды қоздыратын уытты сұраққа жауап іздетеді[14;67].
«Табиғат - өмір - адам» мақаласындағы терең философиялық тұтастықпен қатарласа жүретін дүниенің шындығы бар. Табиғат-Адам-Өмір үш түрлі концепт болып табылса керек. Әрқайсысын бөліп қарасақ, бір-біріне қырық қайнатса да сорпасы қосылмайтын дүниелер сияқты көрінеді. Расында, табиғаттың адам баласына қаншалықты қажет екенін, қаншалықты байланысты екенін жазушы-публицист өз шығармаларында ерекше атап көрсетеді. Мысалы, «Жетім бота» повесінде адам биік қабатты үйлерді салып, жер бетінен алыстайды екен, тіпті жер бетінде жатып үйықтамайды да. Сондай адамдар табиғаттан алыстайды, адамдықтан алыстайды деген пікір қозғайды. Табиғат – адам баласының қай ғасырда, кезеңде болмасын тіршілік көзі болып табылған. Публицисттің жеткізер ойы да осы болса керек.
Өзінің бір сөзінде Оралхан Бөкеев: «мен очеркке жән бітірдім, бойына қан жүгірттім. «Лениншіл жасқа» мен «мал, малшы, өндіріс, жұмысшы» деп күбірлеп-сыбырлап келгем жоқ, бар дауысыммен айғайлап «адам! » деп келдім, иә бізге керегі ең әуелі адам, адамның тағдыры» [29;65]., - дейді. Рас, Бөкеев публицистикасы жайлы әңгіме қозғау үшін, әуелде оның қалам тартудағы ұстанымы мен бағыттарын айқындап алған жөн сияқты.
Жазушы-публицисттің ұстанымы – адам тағдырының қилы қырларын ашып көрсету. Заман тынысы адам тағдырымен өлшенетіні сөзсіз. Ол жазатын туындысының әрбірінде адам табиғатының ерекшелігін, психологиялық қырларын зерттеп барып қалам тартады.
Бөкеевтің бағыты – адамзаттың тұрпатын шындық пен гуманизмнің (адамгершіліктің) шеңберінде сақтау. Өз сөзінде жазушы-публицист : «айхай. Ойхой, дәриғайді» мен де талай жазғам. Бұл алғашқы кездегі ет пен терінің арасындағы желік қой. Егер оқырманның өзі «айхай, дүние-ай! » деп құлап түссе-міне, шынайы «айхай» сол», - дейді.
Шындықтың жүгі қашан да болса ауыр жүк болғаны сөзсіз. Қазақ асылдарының шындықтың күймесін шерткені үшін өмірлерін қиғанын да тәуелсіз тарих жоққа шығармайды. Өз публицистикасындағы қозғалған ойлары үшін де Оралхан Бөкеевті дәуірі аз сынаққа алған жоқ.
60-жылдардың аяғында «Лениншіл жаста» Оралханның «ақша қардан ақ қала жасап ойнаған құрбым-ау» деген очерігі жарияланған. Онда мынадай жолдар бар еді: «мен алматының төрінде, көктөбенің үстінде ресторанда отырмын. Шалқыған думан... Шадыман күлкі... Жайнаған дастарқан... Дүниенің бар қызығы осында. Ал сен?... Ақша қардан ақ қала жасап ойнаған құрбым-ау, қайдасың қазір? Дәл осы қоңыр кеште не істеп отыр екенсің сен? Мүмкін ескі тракторыңды селкілдетіп, көбентаудан ағаш сүйретіп келе жатқан шығарсың... Мүмкін еңсең түсіп, екі иығың салбырап, үйге сүйретіліп жаңа ғана кірген боларсың әлде... Бүгін осы қандай кино бар екен... Деп, май сіңді қара кепкаңды милықтата киіп, анау, ауыл ортасындағы клубқа кетіп барасың ба?... » Деп кете барады очерк.
Осы очерік үшін Оралхан орталық комитеттің қатты сынына ұшыраған, кінәсі-«советтік өмір шындығын бұрмалағаны, еңбек адамын тым сүмірейтіп жібергені...». Кеңестік идеологияның қазақ әдебиетінен тигізген кесапаты мол болды. Бұл құбылыс тек Оралхан Бөкеевтің басындағы қайғы емес, осы жылдардағы қалам тартқан барлық өнер иелерінің көрген қиындығы. Жоғарыда көрсетілген очеркте терең психологиялық тебреніс бар. Публицист-жазушының аңсаған арманы да, жүрегінің түбінде бұлқынып жатқан күйзелісі де анық байқалады. Тарих тамырымен терең бойласақ, публицист суреттеген ауыл өмірі мен қала өмірі – нақ сол кейіпте. Оралхан шығармашылығының бұл екі жақты тартысы, яғни ауыл мен қала, жаңалық пен ескілік, өркениет пен дәстүр тартысы.