ФИлолог студенттердің шешендік шеберлігін жетілдіру

Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Ноября 2011 в 10:22, дипломная работа

Описание работы

Зерттеудің өзектілігі. Ел егемендігін алып, демократия кең өрістей бастаған қоғамда, әлемдік қауымдастыққа ұмтылып, бәсекелестік өмір сүрудің басты шартына айналған бүгінгі өзгермелі дүние жағдайында адамның мәні мен әлеуметтік рөлі жаңа сипатқа ие болып отыр. Соған сай рухани құндылықтар әлемі де түбегейлі жаңарып, адамның ақыл-ой қуаты мен интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырудағы білімнің маңызы туралы қағидалар түбірімен өзгерді. ХХІ ғасырдың оқыту жүйесінде меңгерілетін білімнің түпкі нәтижесі ең тұғырлы мәселеге айналды. Сондықтан жалпы білім беретін мектеп қабырғасындағы әрбір пән оқушыны дара тұлға ретінде жетілдіруге, оның шығармашылық қабілеттерін дамытуға алғышарт жасауы қажет деген қағида берік орнықты.

Работа содержит 1 файл

Дипломка.doc

— 363.00 Кб (Скачать)

      Қазақ тіліне мәдениет сөзі араб тілінен (“маданият” – қала, қалалық деген мағынаны білдіреді) енген. Ал, көне заманда “культура” сөзі “жерді өңдеу” деген мағынада қолданылған. Цицеронның еңбектерінде (б.з.д. 45 жыл) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, “жанды жетілдіру” ұғымымен барабар пайдаланылды. Көне Грекияда ерте заманның өзінде-ақ өмірге икемді, қабілетті, жан-жақты қалыптасқан азаматтарды тәрбиелейтін сирек кездесетін білім беру жүйесі болғаны белгілі. “Адамзаттық” қасиеттерді жетілдіруге  ерекше көңіл бөлініп отыратындықтан, мұнда жастарды қоғамдық өмірге дайындауға басымдылық берілген. Бұл бағыттағы  мәдени білімнің мақсаты адамның ойлау, пікір айту, пайымдау қабілеттері мен эстетикалық сезімдерін дамыту болды. Әлемнің түрлі елдерінің қоғамдық даму жүйесінде бұл идеялар сан түрлі бағытта өрістей бастады. Мәселен, уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде “культура” сөзі “білім беру”, “даму”, “қабілеттілік”, “құрметтеу” сияқты мағыналарға ие болды [5,22 б.].

      Орта ғасыр ғалымдары мәдениетті тәлім-тәрбиенің, үйлесімділіктің, тәртіптің өлшемі, адамның үздіксіз рухани жетілуі мен көп қырлылығының көрінісі деп бағалады. Олар адам ақыл-ойының тәуелсіздігін батыл қолдады, мәдениет адамның ішкі табиғи мүмкіндіктерін, ақыл-ойын жетілдіретін қуат көзі деп санады.   Олардың пікірінше, мәдениет – білім мен тәрбиенің құралы, адам қабілеттерін дамытудың тетігі. Ойшылдар мәдениетте адамдық пайым-парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылады деп көрсетті. Мәселен, Э.Тэйлор “мәдениет – рухани құндылықтарды дамыту арқылы адамзат баласын жан-жақты жетілдірудің жолы”  деген тұжырым жасады [6,140 б.].

      Отандық ғылым жүйесінде сөз мәдениетін зерттеудің алғашқы арналары әл-Фарабидің “Риторика” еңбегінен, әлеуметтік-философиялық трактаттарынан, Ж.Баласағұнның “Құдатғу бiлiк”, М.Қашқаридiң “Диуани лұғат ат-түрк”, А.Йүгiнекидiң “Ғабатум Хама”, А.Йасауидiң “Диуани хикмет”, т.б. еңбектерінен бастау алады. Ғалымдардың тұжырымдарын саралай келгендегі басты түйін: білім мен тәрбие – адамзат мәдениетінің қайнар бұлағы болса, өз кезегінде мәдениет – адамның дара тұлға ретінде қалыптасуының негізі.

      Сөз мәдениетінің жеке сала ретінде қалыптасу жолында шешен сөз, шешендік туралы зерттеулер де өзіндік мәнге ие. “Шешен сөз” ұғымын тұңғыш рет термин ретінде қалыптастырып, оны жан-жақты саралап көрсеткен ғалым – А.Байтұрсынұлы. Ол шешендік сөздің құрылымын, түрлерін анықтады.  Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Мәметова секілді ғалымдар шешендікті әр қырынан талдады. Б.Адамбаев қазақ шешендіктану ғылымын жаңа сапаға көтерді. Ол шешендік сөздерді іштей жіктеп, өзіндік ерекшеліктерін саралады.

      Шешендік сөздің табиғатын жаңа заман тұрғысынан қарастырып, оның тілдік сипатын танудың жүйесін белгілеген ғалым – Р.Сыздықова. Ол “Шешендік сөз” еңбегінде “шешендік өнер” мен “шешендік сөз” терминдерінің аражігін ажыратып, қазіргі шешендік пен дәстүрлі шешендіктің ерекшеліктерін айқындап берді, шешен, шешенге қойылатын талаптар жөнінде ғылыми пайымдауларын ұсынды. Ғалым “Сөз құдіреті” және “Сөз сазы” еңбектерінде де сөз шеберлігіне қатысты мәселелерді зерделеді. С.Негимов “Шешендік өнер” атты зерттеуінде жалпы шешендік өнердің тарихын жүйеледі, шешен сөздің жанрлық түрлері, шешендік сөздің тектері жөнінде өз тұжырымдарын ұсынды. Г.Қосымова “Шешендік өнердің негіздері” атты ғылыми еңбегінде қазақ шешендіктануының тарихын көне түркі жазбаларынан бастап зерттеді, оның тарихи арналарын, дәстүрлі және бүгінгі заман шешендігінің арасындағы біртұтас сабақтастықты негіздеді. Осылайша сөз мәдениетінің зерттеу аясының кеңеюіне орай бұрын халық ауыз әдебиетінің бір жанры деп саналған шешендік сөз ендігі жерде сөйлеу өнерінің шыңы деген тұжырым орнықты. Шын мәнінде шешендік өнер қоғамдық мәні жоғары, пайымдық сипаты терең сөз шеберлігінің ең жоғарғы деңгейі болып саналады. Сондықтан ол сөз мәдениеті аясында қаралады.

      Қазақ сөз мәдениетінің пән ретінде қалыптасуында қазақ тілі бойынша жазылған алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарының (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, К.Аханов, т.б.) рөлі зор. Оларда грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық нормалардың ереже түрінде берілуі әдеби тілдің нормаларын қалыптастыруға ықпал етті. Сөз мәдениетіне қатысты Алаш арыстары қозғаған ой-пікірлер аракідік тілші-ғалымдар еңбектерінде бой көрсеткенмен, ол нақты зерттеу нысанына алынбады. Тек 1968 жылы желтоқсан айының 16-18 күндері Алматы қаласында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты мен Қазақстан Журналистер одағы “Тіл мәдениеті және баспасөз” деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өткізді. А.Ысқақов осы конференцияда: “Тіл мәдениеті проблемасы – қазақ әдеби тіл білімінде тіпті тексерілмегені былай тұрсын, сөз болып көрмеген, шеңбері мен шені де, өрісі мен өресі де айқындалмаған аса үлкен де аса актуальды проблема”,- деді [7,52 б.]. Бұл тіл мәдениетінің тек соңғы қырық жыл шамасында ғана зерттеу нысаны ретінде алынғанын дәлелдейді.  Конференцияда тіл мәдениетін  зерттеу күн тәртібіне қойылғанмен, арнайы сала ретінде дами алмады. Дегенмен, тікелей сөз мәдениеті деп аталмаса да, оған қатысты бірқатар зерттеулер осы ғылым саласының негіздерін қалыптастырды. Сөз мәдениетiнің аспектілерін тануда Б.Шалабайдың, сөз этикасын арнайы зерттеген А.Қобланованың еңбектеріндегі пікірлер маңызды рөл атқарды. Сөз мәдениетінің дара тұлға дамуының тетігі екендігін негіздеуде тілі білімі саласындағы зерттеулердегі лингвокогнитивтік тұжырымдар тірек етіп алынды. Көпшілік алдында сөйлеу мәдениетіне байланысты жазылған еңбектер де зерттеу жұмысының негіздерін айқындауға іргетас қалады.

      Сөз мәдениетіне қатысты негізгі ой-тұжырымдарды бүгінгі заман талаптарымен үндестіріп және сөз мәдениетін арнайы сала ретінде тұжырымдап берген іргелі еңбектер Н.Уәлидің “Сөз мәдениеті” және “Сөз мәдениетінің ғылыми-теориялық негіздері” атты зерттеулері болды. Бұл еңбектерде сөз мәдениетінің категориялары, сөз мәдениетінің ғылым саласы ретіндегі маңызы теориялық тұрғыда дәйектелген.

   Сөз мәдениетін оқу пәні ретінде қарастыру  үшін “тіл мәдениеті” мен “сөз мәдениеті” деген терминдердің аражігін, олардың  қарастыратын нысандарын анықтап алу  қажет болды. Ғалымдар арасында пікірталас тудырған бұл терминдер туралы Т.Қордабаев: “Өмірде мәдениетті тіл, мәдениетсіз тіл деген болмайды, мәдениеттілік те, мәдениетсіздік те тілді қолдануда, сөйлеу (жазу) процесінде болады. Тіл мен сөйлеу бір-бірімен айырылмастық бірлікте болатындарына қарамастан, бұл екеуінің бірлігі – тепе-теңдік бірлік емес, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар диалектикалық бірлік. Тіл дегеніміз – сөйлеуге қажетті материалдардың жиынтығы. Ал сөйлеу – сол жансыз материалдардың өзара қарым-қатынасқа келуі, тілдің қимыл үстіндегі күйі. Тілге жақсы, жаман, мәдениетті, мәдениетсіз деген сын жүрмейді. Осы себептен “тіл мәдениеті” дегеннен гөрі “сөйлеу мәдениеті” деу өз мазмұнына сай келеді”,- деп көрсетті [8,41 б.]. Ғалым Р.Сыздықова: “Сөз  мәдениеті” дегенді “сөйлеу”, яғни “тіл жұмсау” тәртібі (мәдениеті) деп танимыз. Демек, бұл жердегі “сөз” – орысша “речь” дегеннің баламасы. Соңғы термин “тілдің қолданыстағы көрінісі” дегенді білдіретіні мәлім. Бізде ғылымның бұл саласын атауда “тіл мәдениеті” деген тіркес жиірек қолданылып жүр. Бірақ мазмұнға сай дәлірегі, дұрысы – “сөз мәдениеті”. Сөз мәдениеті тек тілдің нормаларын бұлжытпай (“сықитып”) дәлме-дәл сақтау ғана емес, айтпақ ойды тыңдаушыға жүрекке жылы тиетін, “айналасы теп-тегіс жұмыр келген”, әсерлі етіп жеткізу жайын да қатар қамтуы тиіс”,- деді [9,3-4 б.]. Ғалым Н.Уәли “тіл мәдениетінің” әдеби тілдің нормасы туралы білім саласы ретінде пайда болғанын, оның жалпы “сөйлеуде, жазуда тіл амалдарын дұрыс қолдана білу” деген ұғымды танытатынын атап көрсетті. Зерттеуші “сөз мәдениетінің қарым-қатынас құралын қалай игеріп, өмірде қалай пайдаланып жүрміз, оның әр қилы амал-тәсілдерін дұрыс, дәл, тиімді қолданып, мазмұнды, әсерлі етіп жұмсай алдық па дегенге саятынын” айтады. Ол сөз мәдениетінің екі сатысын айқындап берді [10,10 б.]. Ғалым З.Бейсенбайқызы: “Тіл мәдениеті” ұғымы көбіне-көп қарым-қатынас құралы болып табылатын тілді жетілдіре беруге, негізгі нормаларын қалыптастыра түсуге тікелей жәрдемі тиетін грамматикалар, сөздіктер, түрлі анықтама құралын жасау бағытында іс-әрекеттерді қамтиды”,- деп тұжырымдады [11,15 б.].

      Орыс ғалымдары  Г.О.Винокур, С.И.Ожегов,  Л.К.Граудина, т.б. тіл мәдениеті мен сөз мәдениетінің аражігін ашуға тірек болатын тұжырымдамалық пікірлерін ұсынды.  А.В. Птушенко: “Культура речи: норма & выразительность. Ее компоненты: мировоззрение (эрудиция), логическая культура, психологическая культура, коммуникационная культура, лексика, стилистика, грамматика, фонетика (орфоэпия), художественные средства”,- деп сөз мәдениетінің құрауыштарын кеңейте түсті [12, 29 б.].

   Алаш  арыстары көтерген оқытудың сан тарау мәселелерінің аясында баланың ойы мен тілін шыңдауға қатысты пікірлерді дамытқан, оқушыны сөз шеберлігіне баулу мен тіл мәдениетін оқытуды арнайы қарастырған ғалым М.Балақаев болды. Ғалымның тіл мәдениетін меңгертуге қатысты ой-пікірлерін мазмұн сипатына қарай екі топқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі – тіл мәдениетін оқыту әдістемесіне қатысты нақты пайымдамалары, екіншісі – қазақ тілінің білім мазмұнына шешендік сөзді енгізуді ғылыми тұрғыда дәйектеген пікірлері. Ол “шешендiкке үйрету жай ғана көркем, шебер сөйлеуге үйрету емес, баланың ой өрiсiн, жалпы, бiлiм дәрежесiн арттыратынын;  шешендікке үйрету оқушының өздік әрекет етуіне негізделгенде ғана оң нәтиже беретінін” негіздеді [13,9 б.]. Бұл пікір Я.Коменскийдің  “сабақта мұғалім аз үйретсін, оқушы көп үйренсін” деген қағидасымен және қазіргі оқыту үрдісінде оқушыны өз әрекетінің субъектісі деп тануды негіздейтін жаңа педагогикалық парадигмамен терең ұштасып жатыр.

      Соңғы жылдары білім беру жүйесінде, тіл дамытуға, сөз мәдениетін үйретуге, шешендік қабілеттерді шыңдауға бағытталған зерттеу еңбектері мен оқу құралдары жазыла бастады. Мәселен, С.Рахметованың, А.Жапбаровтың зерттеулерінде қазақ тілінен оқушының тілін дамыту жайы қарастырылды. Жоғары білім  жүйесінде шешендіктануды оқыту мәселесін арнайы зерттеген  ғалым А.Қыдыршаев “Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері” атты монографиясында студенттерді шешендікке баулудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін зерделесе, Б.Салыхованың “Усвоение казахского ораторского искусства на гуманитарных факультетов университетов с русским языком обучения” атты еңбегінде шешендік өнерді үйретудің талаптары қарастырылды. Н.Құрманованың “Шешендік өнерге баулу” атты зерттеуі де орта мектептерде шешендікті оқыту жүйесін жетілдіруде маңызды орын алды. Сонымен, бұл еңбектер сөз мәдениетінің қалыптасу тарихын зерделеуде, сөз мәдениетінің шешендікпен байланысын ашуда, сөз мәдениетін меңгертудің мақсатын, ұстанымдарын белгілеуде басшылыққа алынды.

      Бірінші тараудың “Сөз мәдениетінің тірек ұғымдары, сөз сапалары” атты екінші тармағында зерттеу жұмысының негізгі нысандары сараланды.

   Сөз мәдениетінің нормативтік сапасы бойынша  функционалдық сауаттылыққа, дұрыс  сөйлеу талабына басымдылық беріледі. Қазақ тіліне қатысты сөз дұрыстығы  жөніндегі ой-тұжырымдар А.Байтұрсынұлының еңбектерінен бастау алады. Ол: “Сөз дұрыстығы – әр сөздің, әр сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы. Ол үшін сөз мағынасын, тұлғасын өзгертетін жалғау, жұрнақтарды дұрыс тұтыну керек; сөйлем ішінде сөздерді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру керек; сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орай-ластырып, дұрыс құрмаластыру, дұрыс орналастыру керек”,- дейді [14,48 б.]. Әдеби тіл нормасы тіл тазалығын қамтамасыз етеді: біріншіден, ол сол қоғамда әбден орныққан ортақ заңдылықтарды қолдануды міндеттейді, орынсыз ауытқушылыққа жол бермейді; екіншіден, тілді қарабайырлықтан сақтайды, диалектілер мен жаргондардың орынсыз қолданылуына тосқауыл қояды; үшіншіден, сөзді талғап жұмсауға төселдіреді. Ортологиялық дағдыларды меңгерту жалпы білім беретін мектептің бастауыш және негізгі мектеп сатыларындағы білімнің өзегіне салынуы тиіс. Тілдің морфологиялық, синтаксистік амал-тәсілдері, лексикалық қазынасы бір-бірімен астаса, ынтымақтаса келіп, тіл байлығын құрайды. Оқушының сөзді құбылтып қолдануда жұрнақтардың, жалғаулардың рөлін білуі, еркін және тұрақты тіркестердегі ойдың нақтылана, тереңдей түсетіні жөнінде түсініктерінің қалыптасуы сөз мәдениетіне төселдіретін баспалдақтар болып саналады. Сондықтан тіл білімінің салалары туралы аяқталған, тұтас білім беруді көздейтін негізгі мектептің мақсаты оқушының тіл туралы дүниетанымын кеңейту және әдеби тіл нормаларын сақтап сөйлеу дағдыларын жетілдіру болып белгіленді.

   Қатысымдық  сапа – сөз мәдениетінің аса маңызды  аспектілерінің бірі. Ол сөйлеушінің  өз сөзін тыңдаушыға өтімді жеткізе білу шеберлігін қамтиды. А.Байтұрсынұлы сөйлеуші тілінің дұрыстығын, анықтығын, тазалығын, дәлдігін, көрнектілігін, әуезділігін, өрнектілігін “көркем сөздің тысқы сындары” деп көрсетеді [14,101 б.]. Бұлар сөз мәдениетінің қатысымдық сапаларына сай келеді. Сөз мәдениетінің орталық негізі – адам – субъект деген антропоцентристік идея қатысымдық сапаның жаңа деңгейге көтерілуіне әсер етті. Кез келген қатысымдық жағдаятта сөз қандай жағдайда, қандай мақсатта, кімге арнап айтылады деген сыртқы шарттар ескеріледі. Олар сөз талғауға, сөз саптауға тікелей әсер етеді. Н.Уәли “сөздің коммуникативтік сапасы туралы айтылғанда адресат факторы басты назарда болатынын; коммуникативтік “уақиға” фреймі – автор, сөз актісі – адресат және сөз жағдаяты деген құрылымдардан тұратынын; мұнда “диалог” концепциясы бойынша адресат позициясы басымдылыққа ие болатынын” айтады [3,28 б.]. Бұл ұстаным оқушылардың тілін дамытып, сөз шеберлігін жетілдіруде басты бағыт етіп алынды. Сөздің қатысымдық сапасы жоғары деңгейде болу үшін оқу үрдісінде оқушының білімдік, танымдық әлеуетінің дамытылуына ерекше мән беріледі. Себебі адам тек тыңдаушы я тек сөйлеуші міндетін атқармайды. Ол өмірде осы екі позицияда да әрекет етеді. Ал диалог – адамзат қоғамының өмір сүруінің басты шарты. Сондықтан сөздің қатысымдық сапасын мектептің жоғары сатысында оқыту тұлға қалыптастыру мақсатымен тығыз ұштасады. Тіл – адам мәдениетінің көрсеткіші. Қарым-қатынас – адамның әлеуметтенуінің негізі. Ендеше, мектептегі тілдік білім жүйесінің өзегі етіп сөз мәдениетін алу – оқушының мәдени әлеуетін, дискурстық қабілеттерін жетілдірудің кепілі.

Информация о работе ФИлолог студенттердің шешендік шеберлігін жетілдіру