Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Апреля 2012 в 21:53, курсовая работа
Қазақ жері ғасырлар бойы шектес мемлекеттердің шабуыл нысанасына айналып келгендіктен XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақтардың бір бөлігі патшалы Ресейдің қол астына кіріп, бағынуға мәжбүр болғандығы тарихтан белгілі.
Осы кезеңнен бастап, Ресейде бол
Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың, классик ақыны Абай Құнанбаевтың, ағартушы әрі жазушы Ыбырай Алтынсариннің қоғамдық – саяси көзқарастарының қалыптасуына 19 - ғасырдың екінші жартысындағы Еуропа әдебиеті мен мәдениеті ықпал етті. Газетте Ш.Уәлихановтың 60 жыл толуына арналып мақалалар берілді. Халық игілігі үшін аянбай еңбек еткен дарындардың бірі – қазақ халқының тұңғыш ағартушысы, жазушысы, жаңашыл Ыбырай Алтынсарин туралы да газет бетінде мақала – хабарлар жарияланып, оның өзі жазған өлеңдері де басылып тұрды. Бір жарым ғасырдан астам тарихы бар қазақтың мерзімді басылымдарының алғашқы қарлығаштары туралы С.Исаев былай дейді: «…Әуелгі кезде (революциядан бұрын) мерзімді баспасөз тілі жазба әдеби тілдің өзіндік ерекшеліктері орныққан нормалары бар жүйелі тілдік өрнектерімен публицистикалық мазмұны сай сөз тігісімен сипатталатын тұрақты көрініс ретінде бірден қалыптасып кете алмады. Біздің байқауымызша, оның басты себебі, революциядан бұрынғы газет – журнал шығару ісінің тарихы онша терең, мерзімі ұзақ болмауында ғана емес, сонымен бірге сол мәселені, жалпы баспа ісінің қазақ қауымы үшін жаңалық болуымен, баспа ісінің көршілес татар, башқұрт, өзбек халықтары өкілдерімен тығыз қарым – қатынаста болуымен және маман да сауатты журналистердің жетіспеуімен тікелей байланысты» 19,б.129.
Ғалым – зерттеуші Б. Әбілқасымов алғашқы қазақ газеттерінің программасы жөнінде әңгіме қозғай келіп: «Ол программа бойынша газет жоғары ұлықтардың қазақ даласына қатысты бұйрық – жарлықтарымен қазақтарды таныстырып тұруға, сондай – ақ олардың арасына елдің табиғаты, тұрмысы, шаруашылық жайы туралы хабарларды таратуға тиісті болғанын тілге тиек етеді. Патша үкіметі сөз жүзінде осылай дей тұрса да, іс жүзінде қазақ халқын ағартуды тіпті де көксеген жоқ. Шын мәнінде оның көздегені – үкімет жарлықтарын ана тілінде тарату арқылы оны сөзсіз орындатуды қамтамасыз ету, жергілікті халықтарды басқаруды жеңілдету, қазақтың артта қалған патриархалды шаруашылығын біраз ілгері көтеріп, оны патша үкіметінің шикізат жөніндегі қажетін өтейтін дәрежеге жеткізу, сондай – ақ қазақтың өз тілін дамытып отырып, сол кездің өзінде «патша үкіметінің орыстандыру саясатына зиянын тигізе бастаған шағатай, түрік, татар тілдерінің ықпалына қарсы күресу болды. Сөйтіп, өзінің отаршылық саясатын одан әрі күшейте беру мақсатын ұстады» – дейді 5,б.168.
Жалпы қазақ газеттерінде жарияланған материалдардың маңызы мен мәнін ескеріп, халық санасын ояту үшін атқарған ағартушылық қызметін алуға болады.
Газет материалдарын іріктеп топтап, құрастырып, осы күнгі әліпбиге түсіріп, жарыққа шығарған зерттеуші Ү.Сұбханбердина 1905-1907 жылдары Ресейде болған революция дүмпуі нәтижесінде қазақ газеттерінің екінші бір үлкен шоғыры дүниеге келгендігін айтады 45,б.326.
Олар: «Серке» – 1907 жыл, «Қазақ газеті» –1907 жыл, «Дала» «Қазақстан» –1911-1913 жылдар, «Ешім даласы» – 1913 жыл. Осы аталғандардың қатарына Ә.Бөкейханов сынды қайраткер азамат әр жылдары шығарып тұрған “Голос степи», «Омич» газеттерін де қосу керек екендігін айтады.
Қазақ тіліндегі алғашқы газеттерінің бірі – «Қазақстан». Газеттің бұлай аталуының өзінен жаңа заман лебі сезілгендей. Алғаш Орда қаласында, одан араға алты ай салып, Орал қаласында қайтадан бірінші саннан бастап шығуы бұл газеттің көп қиындыққа душар болғанын көрсетеді. Оны шығаруда Ғ.Қарашев, Е.Бұйрин, Б.Қартаев, Ш.Бөкеев сынды қазақтың абзал азаматтары аянбай еңбек етті. «Қазақстанның» бірінші саны 1911 жылы наурыздың 16 - да Ғ.Қарашевтің «Газет деген не зат ?» атты мақаласымен ашылады. Оқу – ағарту, мектеп ашу, қазақ тіліндегі баспасөзді дамыту мәселелері газеттің әрбір санында әр түрлі қырынан қаралады. «Бакудегі қыздардың медрессесі», «Бұ қай заман?», «Жаңа өрнек», «Әдебиет таңы» тағы басқа мақалалар осыған куә.
«Серке» газеті 1905-01907 жылдарда Ресейде болған бірінші революция екпінімен шыққан баспасөз түрінің бірі. «Серке» газеті 1907 жылы қазақ оқушыларына арналып, Петербургте шығып тұрған. «Улфат» газетіне қосымша ретінде Шәймерден Қосшығұловтың басқаруымен Хажы Ибрагимовтың редакторлығымен шыққан. «Серке» газетінің шығуы туралыы 1911 жылы Мұхаметжан Сералиннің оқушыларға арнап жазған бір мақласында: «1907 жылы 2- мемлекеттік думаның мүшесі Шаһмардан Қосшығұловтың, ілтипатымен Петербургта «Серке», атты журнал шыға бастаған еді, ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылды”, - дейді.
Бұл басылымдардан сәл кейін дүниеге келген «Қазақ» – 1913 – 1918 жылдар, «Алаш» – 1916-1917 жылдар, «Бірлік туы» – 1917 жыл, «Сарыарқа» – 1917-1918 жылдар, «Ұран» – 1917 жыл, «Үш жүз» – 1917 жыл, «Тіршілік» – 1917 жыл және тағы басқа газет – журналдар қазақ халқының дүниетанымына әсер етіп, көзқарастарын кеңейтіп, прогрессивтік ағартушылық бағытта үлкен қызмет атқарғаныны байқауға болады 28,б.97.
Осылардың ішінен өз өрнегімен, өзіндік ой ерекшелігімен оқшау тұрған басылым – «Қазақ» газеті. «Қазақ» – қоғамдық – саяси және әдеби газет. Газеттің ашылуын ұйымдастырып, алғашқы санынан бастап ақырына дейін редакторы болған адам – түркология әлемінде ірі тұлғалардың бірігейінен саналатын қазақтың айтулы ғұлама ғалымы - Ахмет Байтұрсынұлы.
Ахмет Байтұрсыновтан өзге Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұхаметжан Тынышбаев сияқты қазақтың біртума таланттар шоғырының осы газет арқылы үзеңгі қағыстыра мәдениет майданына шығуы ұзақ уақыт отар болып келген елдің қордаланып қалған келелі мәселелерін қопара көтереді.
Газет ХХ - ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси - әлеуметтік
мәселелеріне, қазақ шаруашылық жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу - ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен шежіреге арналған мақалалар жарияланды.
Қазақ қауымы үшін қызмет көрсеткен «Қазақ» газеті ақпараттарының тақырыптары сан түрлі болды. Барлық тақырыптардың, газетте көтерілген күрделі мәселелерден келіп тоғысар тұсы – қазақ жағдайы еді. Өйткені, газет шығарушылардың ұстанған жолы, діттеген мақсаттарының өзі қазақ жағдайын жақсарту, көзін ашу, ұлт ретінде қалыптастыру, ол үшін қазақ зиялылары қандай ұлт жұмысын атқару керектігін саралап алу сынды әлеуметтік маңызы зор мәселелерден тұрады. Ал газетте «Ішкі жағдай», «Сыртқа хабарлар», «Европа соғысы», «Г.Дума», «Думадағы қазақ мәселесі» т.б. сынды тақырыптар сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. Газеттің ақпарат жеткізуші, үгіт –насихат саласындағы қызметі жөніндегі А. Байтұрсыновтың: «Газет –халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды» (Қазақ, 1898, №10) –деуі, газеттің әлеуметтік – қоғамдық өмір саласындағы алатын орнын, қызметін нақты бағалаудан туындаған 45,б.98.
1913-1918 жылдары «Қазақ» газеті шығып тұрған уақытын Мұхтар Әуезов «Қазақ» газетінің дәуірі» деп атады. Бір дәуірдің бар салмағын арқалаған «Қазақ» газетінің М.Әуезов тарапынан бұлайша бағалануы бүгінгі таңдағы ондаған газеттер атқарар қыруар шаруаны, басылым, атаулының қоғам алдындағы атқаруға тиісті қызметін жалғыз әрі қал – қадірінше мүлткісіз атқаруымен тығыз байланысты деп есептейміз. Осылайша, «Қазақ» газеті ұлт үгітшісі, халық жыршысы дәрежесіне көтеріле алды.
Қазақ газеттерінің ішінде ерекше ілтипатпен көңіл аударуға тұратын газеттің бірі – «Алаш». Газеттің шығарушысы әрі редакторы – Мәриам Төгісова. Осының өзі қазақ әйелдерінің арасындағы зор серпілісті көрсеткендей. Газетке Н.Құлжанова, Ғ.Жанайдарова сынды қыз – келіншектер де үн қосып отырды. Мәриямның газет шығаруына оның ері Көлбай Төгісовтің де сіңірген еңбегі ұлан – ғайыр екені күмәнсіз. Сондықтан бұл газетті қазақ тарихындағы ерлі – зайыптылардың өз күшімен шығарған тұңғыш газеті деп бағалауымыз орынды. Көлбай Төгісовтің «Бабамыз Алаш» атты журнал шығару ниетімен әрекеттенгенін де осы газеттен білеміз. Бірақ аласапыран заманда бұл ойын жүзеге асырудың сәті түспесе керек. Газет тақырып аясы кеңдігімен көзге түседі. Онда мемлекеттік Дума, ішкі, сыртқы хабарлар, қазақ шаруасына қатысты кеңестер, өлең, пьеса, әңгімелерге орын берілген 45,б.105. 1917 жылдың ақпан төңкерісінен соң Ресейде қос үкімет орнап, өмір мен өлім үшін шайқас жүргізіп жатқан кезде большевиктер Ресей мен Шығыстың Мұсылман еңбекшілеріне: «Уақытты өткізіп алмаңдар, ғасырлар бойы жерлеріңізді жаулап алып келгендерді серпіп тастамаңыздар. Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңіздер. Өз елдеріңіздің қожайыны өздеріңіз болуға тиіссіздер».
Міне, осындай «Большевиктер ұранымен» көңіл демдеген мұсылман орталығы енді шыға бастаған газеттері «Ұлы Түркістан» мен «Бірлік туында» автономия құруға әзірлік жасай бастайды. Орталықтың Мұстафа Шоқайұлы бастаған мүшелерінің қанатының астында шығып тұрса, «Бірлік туы» болса, «Алашорда» қазақ ұлттық партиясының органына айналып, оған осы партия басшыларының бірі Міржақып Дулатов басшылық етті», - деп жазды кезінде өзінің «Мұстафа Шоқай…Ол кім ? » атты саяси сипаттамасында белгілі жазушы Әнуар Әлімжанов.
«Бірлік туы» – мәдениеті, танымдық, тез ақпар жеткізушілік деңгейі – жалпы сапасы өте жоғары болған. «Бірлік туы» газеттің беттерінде жарияланған материалдардан сол кезеңнің тарихи шындығы бет – ажары толық айнадай болып көрініп тұрған сияқты. «Сарыарқа газеті» 1917 жылдың маусым айынан бастап, Семей қаласында қазақ тілінде аптасында бір рет шыға бастаған. Редакторлары Райымжан Мәрсеков пен Халел Ғаббасов, бастырушысы - «Теңдік»серіктігі.
Газетте патша үкіметінің отаршыл саясатының қазақ еліне тигізген зияны, Алаш партиясының бағдарламасы, қазақ жеріне қоныс аударған орыс шаруалары мен қарым – қатынасы, оқу – ағарту ісі туралы Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Р.Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Ә. Ермековтың т.б. мақалалары жарияланған 45,б.120.
Әрбір жаңалықтың ескіден туатынын еске ұстасақ, «Сарыарқа» газетінде жарық көрген нұсқалардың да қазіргі әдебиетіміздің, мәдениетімізді зерттеуде құнды дерек екені даусыз. 20 – ғасырдың 50 – жылдарында газеттердің ақпараттық, үгіт – насихаттық бағытында жүргізілген қызметтері жандана түсті. Нақ осы жылдары совет қоғамы, соның ішінде газеттерге деген көзқарас аса саясаттандырылды. Мұның өзі газеттің қоғамдық – саяси лексикасы қатарының өсуіне қатты әсер етті 45,б.122.
Ал, 1960-1970 жылдары тілімізде қалыптасқан қоғамдық – саяси лексика элементтері туралы Р. Барлыбаев еңбегінде толық танысуға болады. Бұл тұста шығып тұрған басылымдардың баршасы жалғыз идеологиялық мақсатқа, коммунистік үгіт – насихатқа, саясатқа бағындырылды.
Социализм бесігі атанған КСРО жетістіктері мен жеңісінен халықты хабардар ету, социализмге жету үшін аянбай еңбек етуге құлшындыру, үгіттеу, насихаттау – совет басылымдарының негізгі қызметі болды.
Жалпы газет атаулыға тән төл ерекшелік осы үгіт – насихат қызметін атқару барысында салмақтанады. Сондықтан да болар әр жылдары жарық көрген басылымдар – еліміз тарихының әр күні, айы мен жылының жылнамасы іспетті.
2.2 «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының жалынды жаршылары
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары мен ақын жазушылары аңсаған ілім-білімге үндесу XX ғасырдың бас кезінде біршама нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы азаматтарды, елді ояту, азаттыққа ұмтылу мақсатына жетеледі. Осы зиялылар арасында ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуға ұмтылған жаңа тұлғалар шоғыры қоғамдық өмір өрінде көріне бастады. Сол көш бастаушылардың ең танымалысы - Ахмет Байтұрсынов. Ахмет Байтұрсынов қазақ зиялыларының арасындағы күрескерлік бағытты ұстанған саяси топтың көрнекті жетекшіл рухы, өзгеше сарын танытқан қаламгер болды. Азаттық пен бостандыққа бастайтын өткір қаруы - әрбір қазақ оқырманына түсінікті өлеңдері мен мән - мағынасы терең көсемсөздік еңбектері. Бұл күнде Ахмет Байтұрсынов өмірбаянына қатысты біраз материалдар жарық көрді. Олардың көбі өз арқауын М.Дулатовтың «Ахмет Байтұрсынович Байтұрсынов» атты көлемді мақаласынан алған. Сол мақалада Ахмет Байтұрсыновтың 1905 жылдардағы қызметі жайлы былай делінген:
«…XX ғасырдың басында Қарқаралыда тұрған кезінде революциялық қозғалысқа қатыса бастайды, алғашқы кезде астыртын қабылдап, ал 1905 жылы 17 қазанда жарияланған манифестен кейін қалың қазақтың көрнекті де белсенді бастаушыларының біріне айналды».
Өз халқының азаттық күресіне жолбасшы болуға бекінген А.Байтұрсынов 1909 жылы шілденің бірі күні Т.Шыңғысовтың көрсетуімен тұтқындалып, Семей түрмесінде бір жыл отырып, екі жылға дейін Қазақстанда тұру құқығынан айырылды. 1910 жылдың 9 наурызынан Ұлы төңкерісіне дейін Орынборды мекендеді. Осы кезеңнен бастап оның ғылыми-ағартушылық, саяси - қайраткерлік, творчестволық еңбегі ерекше күшейе түседі. А.Байтұрсынов өмірінің қиын да қызықты кезеңі басталады. 1909 жылы Петербург қаласында 1901-1904 жылдары «Қырық мысал» атты өлеңдер жинағы шықты.
Ол 1913 жылы «Қазақ» газетінің ашылуын ұйымдастырды, оның редакторы ретінде, қызмет атқарды. Аталмыш газетті редакциялап жүргенде бірнеше мәрте әкімшілік жолымен айып тартып, тұтқындалды. «1917 жылдың соңына дейін редактор болып істедім», - деп жазады А.Байтұрсынов өз өмірбаянында. А.Байтұрсынов ұйымдастырған «Қазақ» атты тұңғыш би ресми ұлттық газеттің патша әкімшілігінің көңілінен шыға бермегендігін, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған сара жолы, өзіндік көзқарасы бар, саяси бедері айқындалған беделді басылым екенін тарих растайды.
Бұл шындықты Ахаңның замандастары тап басып танып, айтып-ақ кеткен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов 1923 жылдардағы Ахметтің 50 жылдық мерейтойына орай жазылған мақаласында «Қазақ» газетінің қазақ ұлтына, жасаған қызметін Абайдың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегіне парапар санайды.
1913 жылдың 2-ақпанынан, 1918 жылдың 16-қыркүйегіне дейін шығып тұрған «Қазақ» жаңа дәуірдің шежіресі десе болғандай. Оянған сана үніне айналған газет өз тұсында ең көп таралған басылым болды. Мұның басты себебі қазақ тарихының қилы - қилы кезеңдерінде замана ағымын саясат аңғарын айнытпай тануында. Танып қана қоймай, ұлтына азаттық жолдың сілемін тауып, сүрлеуін нұсқады 4,б.139.
«Оян, Қазақ» деп аттан салып, бостандық пен азаттықты аңсаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды қыран ойлы қазақ зиялыларының күш-жігері, қайраты мен табандылығының арқасында дүниеге келген «Қазақ» ұзақ жылдар бойы ұраншыл айқайдың тоқпағында қалып, тапшыл саясатының тозағына қарылды. Ақ - қараны айыртпас солақай саясат дегеніне жетті. «Халық жауларының» газетін 72 жыл бойы ел көзінен тысқары, сананы улаған тар қапаста ұстады. Кезінде ұлттың ар - намысына айналған, халқының бағдар айтар жарық жұлдызы бола білген газеттің сонындағы жазығы не еді? Жазығы ұлтымыздың шерлі кезеңінің шежіресіне айналғандығында. Қазақтың кең даласын апай - топай етер қара дауылдың алдын болжағандығында.
Халқы аялап, ардақтаған Ахмет Байтұрсынұлы ғұлама ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, тюрколог, ақын, аудармашы, қазақ баспасөзінің іргесін қалаған журналист, композитор, қоғам және мемлекет қайраткері болумен қатар, ол ұлтымыздың Бас баспагері болған. Патша өкіметінің отарлық саясатын бүкпесіз батыл да ашық түрде әшкерлегені үшін қуғын - сүргінге ұшырап, жер аударылған ол 1910 жылдың басынан 1917 жылдың аяғына дейін Орынбор қаласында тұрады. Міне, осы бір шақта ілгеріде айтылғандай ол өзінің «Маса» деп аталатын кітабын, оның алдында Санкт-Петербургте 1909 жылы «Қырық мысал» атты классикалық жинағын шығарып та үлгерген-ді, ал 1913 жылдың наурызынан бастап дана Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, ұлтымызды ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газетін шығарып, содан 1917 жылдың қыркүйегіне дейін оның редакторы болады.