Мәдени шаруашылық

Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Апреля 2012 в 21:53, курсовая работа

Описание работы

Қазақ жері ғасырлар бойы шектес мемлекеттердің шабуыл нысанасына айналып келгендіктен XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақтардың бір бөлігі патшалы Ресейдің қол астына кіріп, бағынуға мәжбүр болғандығы тарихтан белгілі.
Осы кезеңнен бастап, Ресейде бол

Работа содержит 1 файл

мәдени өмір.doc

— 337.00 Кб (Скачать)

«Правда» империалистік соғыс қарсаңында Ресейдің, соның ішінде Қазақстан еңбекшілерінің самодержавие мен капиталистерге қарсы қыр көрсететін ереуілдері туралы үнемі хабарлап отырды.

Мысалы, оның бетінде Семей қаласындағы жұмысшылардың сегіз сағаттық жұмыс күні үшін ереуіл жасағаны туралы, Лепсі уезіндегі қазақ шаруаларының қозғалысы және Қостанай еңбекшілерінің аштыққа қарсы күресі жөнінде хабарлар жарияланды.

Большевиктік «Правда» Қазақстандағы ұлт – азаттық қозғалысқа үнемі көңіл бөліп отырды. 1912 жылы болыс пен билер сайлауы кезінде Лепсі уезінің Қаракөл болысында болған оқиға туралы «Правда» газетінде корреспонденция жарияланды. Онда былай делінген: «Уезд бастығы патша чиновниктері мен байлардың қулық – сұмдықтарына қарсы шыққан бірнеше қазақты қамауға алған еді. Мұны көріп тұрған қазақтар қамауға алынғандардың босатылуын талап етті. Уезд бастығы бұл талапты орындаудан бас тартты. Сол кезде қазақтар бастығын қоршап алып, оны күзетшілерден бөліп әкетіп қамаудағыларды босатып алуға бет қойды. Күзеттегі әскерлер уезд бастығынының бұйрығы бойынша жұртқа мылтық атты. Бұған қарамастан қазақтар қамауға алынған жолдастары тұрған бөлмеге басып кіріп, оларды босатып алады және күзетшілер мен писарьларды сабап кетеді. Қаракөл болысындағы қазақтардың толқуы бірнеше күндей басылмады» 8,б.218.

.Лениндік «Правда» орыс және қазақ шаруалары арасындағы қарым қатынастарды нығайтуға үлкен әсер етті. 1913 жылғы апрель айында газет Семей уезі Құлынды болысы Болғанбай ауылының еңбекшілері мен оларға көршілес орыс шаруаларының достық қарым- қатынаста тұратындығын айтып жазды. «Қоныс аударғандар мен қазақтардың – қарым – қатынастары жақсы, шаруашылықтары мен бірлестіктері ортақ, тіпті шаруашылық саймандар мен егіншілік құралдарды бірлесіп, сатып алуда»,- деп жазды «Правда» 11,б.51.

Дүниежүзілік соғыс большевиктердің онсыз да қиын жағдайдағы жұмысын ауырлатты. Әскери –полициялық режим, қатал жазалаулар бұқаралық үгітті және партия ұйымдарының өзара байланысын едәуір қиындатты. Осындай жағдайларда баспасөздің ролі анағұрлым арта түсті. Тағы бір ескеретін жайт, соғыс басталысымен бүкіл ресми – патшалық және либерал - буржуазиялық баспасөз меньшевиктер мен эсерлердің, сол сияқты буржуазиялық ұлтшылдардың, соның ішінде қазақ ұлтшылдарының басылымдары үстем таптар жағына шығып, шовинизм мен жалған патриотизмді дәріптеді. Мұны елдегі большевиктік және демократиялық жария баспасөздің бәрін дерлік жойып жіберіп, патша өкіметі сақтап қалған «Қазақ» газетінің позициясынан айқын көруге болады. Қазақстанның, Орта Азияның, Сибирь мен Астрахань губернияларының бұратана халықтарын армия, тыл жұмыстарына шақыру туралы 1916 жылы 25 июьде патша үкіметі Указ жариялады. Бұл Указ 1916 жылғы ұлт – азаттық көтерілісті империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру, патша өкіметін құлату жолындағы жалпы халықтық күреске айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Ал қазақ буржуазияшыл ұлтшылдарының газеті өзін ұлтын сатқан орган ретінде көрсетті. 1916 жылғы 8 июльдегі бас мақаласында ол халықты патшаның Указын орындауға,патша алдында құрдай жорғалап, қазақтарды дереу шақыру пунктеріне келуге үндеді.

Орасан зор қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстан большевиктері соғыстың империялистік сипатын әшкерелеу үшін, соғыс, бітім және революция мәселелері жөнінде В. И. Ленин жасап берген тактиканы насихаттау үшін барлық құралды, әсіресе баспасөзді пайдаланды. Қазақстан большевиктері жергілікті фактілерге негізделген революциялық әдебиет шығару қамына кірісті. Орынбор губерниясындағы Троицк партия ұйымы жасырын баспаханада орыс және қазақ тілінде листовка шығарды. Мысалы, соның бірі «Орыс жұмысшыларының қазақ кедейлеріне хаты» аталған. Онда түсінікті түрде соғыстың сипаты және онан қалай шығудың жолдары туралы большевиктердің көзқарасы білдіріледі. «Біз, орыс жұмысшылары, соғысқа қарсымыз,- деп жазылған хатта,- сіздер де соғысқа қарсы болыңыздар, патша үкіметіне ешқандай көмек көрсетпеңіздер». Соғыс, бітім және революция жөніндегі лениндік нұсқаулар қазақ еңбекшілеріне осылайша жетіп, оларды патша өкіметіне қарсы батыл аттанысқа шығуға рухтандырды 11,б.67.

«Садақ» атты қолжазба журналды (1915-1918) Уфа қаласындағы «Ғалия медресесінде» оқып жүрген қазақ жастары шығарып тұрған. Оны ұйымдастырушы Бейімбет Майлин және Жиенғали Тілепбергенов болды. Журнал мақсаты – оқуға келген қазақ жастарына жол – жоба көрсетіп, қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан бездіру.

Онда Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Білімдіден шыққан сөз» деген махаббат, тәлім – тәрбие жөніндегі және «Әкесінің баласы, адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген сияқты жастарға арналған бірнеше нақыл сөздер басылған.

«Садақта» новелла сияқты қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, сын мақалалар, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалалары жарияланды. Жалпы алғанда журналдың бағыты мәдени-ағартушылық сипатта болды.

Омбыда оқитын қазақ жастары 1913 жылдың күзінде «Бірлік» атты жасырын ұйым құрған болатын. Бұл ұйымға алғашқы кезде Шаймерден Әлжанов, Нығмет Нұрмақов, Сәкен Сейфуллин белсене қатысып, басшылық етті. «Біздің программамыз және көздеген мақсатымыз, - деп жазды Сәкен «Бірлік» ұйымы туралы,- қазақ арасында мәдени – ағарту жұмысын жүргізіп, қазақ әдебиеті арқылы патша үкіметінің қысымшылығына қарсы идея тарату еді 53,б.4.

Сәкеннің басшылығымен ұйым мүшелері патша үкіметінің отаршылдық саясатын әшкерелейтін листовкаларды кішкене прессмашинаға бастырып, қазақ ауылдарына таратып тұрды.

Профессор Е.Ысмайловтың айтуынша, Сәкен бастаған топ «Бірліктің» алдына тек мәдени – ағартушылық мақсат емес, сонымен саяси күрес программасын да ұсынған. 1914 жылы ұйымның қала сыртындағы жиналысында Сәкен орыс революционерлерімен бірге патша үкіметіне қарсы күреске қазақ еңбекшілерін қатыстыру мәселесін қояды. «Бірліктің» бірталай мүшелері, буржуазияшыл ұлтшылдар, патша үкіметіне қарсы күрес кезінде қазақ тең аралықта тұрсын деген ұсыныс жасайды. Бұған Сәкен қарсы шығады. Сәкен бастаған топ кейін 1918 жылдың бас кезінде алашордашылардың ықпалында болған «Бірліктен» бөлініп кетіп, өз алдына «Демократиялық совет» деген ұйым құрғаны белгілі 52,б.3. 

«Ешім даласы» газеті 1913 жылғы сентябрь айынан бастап Петропавлда екі тілде (қазақ, татар тілдерінде) шыға бастап, жыл аяғында жабылып қалған. Ол шығын көлемді, жетісіне үш рет «Ишимский край» газетінің баспаханасында басылып тұрған 20,б.23.

«Ешім даласы» жөнінде татар баспасөзінің тарихын зерттеуші И.Рамиль былай деп жазады… «Бұл газет қазақтарды отырықшыландыру мақсатын көздеді. Жыл аяғында газет жабылды. Шығарушылар жазаға бұйырылады» 17,б.222.

Тегінде, орталықта және шет аймақтарда революциялық қозғалыс өрлеп тұрған және бірінші империалистік соғыс басталып кеткен жағдайда аграрлық мәселенің шешілуін талап еткен газеттің өмірі ұзақ болуы мүмкін емес еді.

Осы тараудағы ойымызды қорытып айтқанда, Ресейдің революциялық қозғалысының жаңадан өрлеуі және дүние жүзілік бірінші империалистік соғыс кезінде большевиктік баспасөз, демократиялық бағыттағы қазақ басылымы Қазақстан еңбекшілерін самодержавиеге қарсы аттанысқа орыс пролетариаты,

оның серігі еңбекші шаруалармен бірлесіп шығуын әзірлеуде елеулі қызмет етті.

Большевиктік баспасөз патша үкіметінің отаршылдық саясатын, бір ұлтты бір ұлтқа қарсы шатыстырып, ұлт араздығын қоздыру саясатын әшкереледі. Большевиктік партия барлық ұлттардың еңбекшілерін социалистік революцияның жауынгер армиясының қатарына топтастыра отырып, пролетарлық интернационализмнің туын жоғары көтерді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2 XIX ҒАСЫРДЫҢ II ЖАРТЫСЫ МЕН XX ҒАСЫРДЫҢ I ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІ

 

2.1 Қазақ баспасөзінің шығу тарихы

 

Бір жарым ғасырға таяу ғұмыры бар қазақ баспасөзі халқымыздың тағдырымен біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Осы мезгіл ішінде түрлі кезеңдерді бастан кешіп, біресе алға басып дамыса, енді бірде жүрісін баяулатып, тіпті тоқыраған тұстары да болмай қалған жоқ. Бір кереметі, қандай жағдайда да қоғамдық ойдың қозғаушы күші қызметін адал атқарып келеді. Оған тарих куә 28,б.37.

Ұлтымыздың кейінгі жүз жылдан аса тарихының сырлы шежіресі – қазақ баспасөзі 19- ғасырдың екінші жартысында “Түркістан уалаятының газеті”, “Дала уалаятының газеті” болып патшалы Ресей үкіметінің үкімімен дүниеге келді. Бұл басылымдар отарлаушы елдің жыртысын жыртып, жырын жырлау мақсатында шығарылғанымен, шын мәнінде, сол шеңбермен тұйықталып қалмай, ұлтымыздың жоғын түгендеу бағытын да едәуір көп еңбек сіңірді.

Халқымыздың саяси - әлеуметтік, әдеби, мәдени ой – пікірін оятып, қалыптастыруға септігін тигізген “Түркістан уалаяты газеті”, қазақ баспасөзінің көне бастаушы басылымы болып саналады.

“Түркістан уалаятының газеті"(“Туркестанская туземная газета”) 1870 жылы Ташкент қаласында өзбек, қазақ тілдерінде шыға бастады. Газет о баста Түркістан генерал – губернаторының органы – “Туркестанские ведомоти” газетіне қосымша ретінде жарық көрсе де көп ұзамай жеке газетке айналды. Бұл жалпы Орта Азия халықтарының тұңғыш газеті еді. Газет өзінің үкімет бекітіп берген бағдарламасы бойынша жергілікті халықтарға қатысты Түркістан генерал – губернаторы мен облыстық әскери губернатордың бұйрықтарын, сот орындарының шешімдері мен сауда хабарларын Ресей мен өзге мемлекеттердегі ірі – ірі оқиғаларды, шаруашылық жаңалықтарын жазып отырды. Алайда газет бара - бара өз бағдарламасынан едәуір тысқары шығып, қазақ халқының мәдениетіне, тарихына, әдебиетіне қатысты материалдарды жиі жариялады 11,б.89.

Газет айына төрт рет, екі тілде (өзбек, қазақ) он үш жыл бойы үзбей шығып отырды. 1883 жылы Түркістан генерал – губернаторының бұйрығы бойынша, газетті қазақ тілінде шығару тоқтатылып, ол аптасына бір рет өзбек тілінде шығатын газетке айналды. Біраз уақыттан кейін, 1885 жылдан бастап газет өзбек және орыс тілдерінде шыға бастады. Жалпы бұл газет 47 жыл бойы, 1918 жылға дейін шығып тұрды. Дегенмен, газет негізінде өзбек тілінде шыққанымен осы 1883 жылдан кейін де қазақ тіліндегі мақалалар мен қазақ елі жайындағы мағлұматтар жиі жарияланып тұрды.

19 - ғасырдың 60 – жылдарының орта кезінде Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуына байланысты газет бетінде қазақ елінің экономикасындағы прогрестік өзгерістер егіншілік пен отырықшылықтың бұрынғыдан гөрі дами бастауы жағдайындағы мағлұматтар көбірек орын алған. Солардың бірінде егін шаруашылғының пайдасы жөнінде айтылып келеді де, Жетісу облысының таулы жерлерінде егін өсірген Ларионов дегеннің тәжірибесі жергілікті халыққа үлгі ретінде ұсынылады. (1882.№8).

Газет беттерінде қазақ елінің басқа елдермен қарым – қатынасы, экономикасын өркендетудегі темір жолдың рөлі, алғашқы телеграф сымын жүргізу, почта қатынастарын қалыптастыру жөніндегі мәліметтер аз емес.

Газет халықаралық жағдайларға да үлкен көңіл бөліп, көлемді мақалалар жазып отырды. Соның бірінде Қытайда болған ұйғыр мен дұнғандар көтерілісі, олардың феодалдық және ұлттық езгіге шыдамай отанына қоныс аударып, Жетісу бойына көшіп келгені хабарланады.

1970 жылы болған Маңғыстау көтерілісі жайындағы деректер де назардан тыс қалмапты. Бір топ мақалалардың қазақ елінің тарихына, оның шыққан тегін ажыратып, ашуға арналғанын айта кеткен жөн. Үш жүздің құрамындағы тайпалар жайында айтылып келеді де бұл мақалаларда қазақ елінің шыққан тегі жөніндегі халық аузындағы аңыз - әңгімелер келтіреледі. 1875 жылғы 16 – санында жарияланған мақалада қазақ пен қырғыз елдерінің айырмашылығы туралы мағлұмат берілген.

Қазақ елінің әдет – ғұрпы, салт - санасы туралы жазылған мақалаларда қызды қалың малға жас кезінен айттыру әдетінің зияны айтылыпты. 1877 жылғы 3 - санында Семей қаласынан жазылған хатта “Түркістан уалаяты газетінің” қазақтың зиялылары мен оқытушыларының білімін көтерудегі маңызы сөз етілген. Осы газеттің редакторы - Н.П.Остроумов “Түркістан уалаяты газетінің” Орта Азия халықтарының мәдени өміріндегі рөлі, Россия үшін Петр біріншінің “Ведомоствосымен” бірдей деген пікір айтқан.

Қазақ баспасөзінің іргетасын қалаған «Түркістан уалаяты газетінің» соңын ала Орта Азия халықтарының тіліндегі газет – журналдар шыға бастады. Соның бірі «Дала уалаяты газеті» еді 11,б.97.

1888 жылдан 1902 жылға дейін Омбыда шығып тұрған «Акмолинские областные ведомости» газетінде қосымша ретінде орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген «Дала уалаятының газеті» халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тұрмыс – тіршілігін қалың жұртқа танытудағы бірден – бір басылым болды. Орыс тілінде «Особые прибавление к Акмолинским областным ведомостям» деген атпен шыққан осы газет 1894 жылдан бастап орыс тілінде «Киргизская степная газета» деген атпен жарық көре бастады. Жалпы бұл газет 1888 жылдан бастап 1902 жылы наурыз айында басылып, содан кейін «Сельскохозяйственный листокқа» айналды.

Газетте әр жылдары редактор болғандар: И.Козлов, К. Михайлов, Г.Абаза, А.Попов, Д.Лавров. Газетті қазақша шығару ісін басқарушылар: Еммұхамед Абылайханов, Дінмұхамет (Дінше) Сұлтанғазин, Рақымжан Дүйсенбаев. Өзінің бағдарламасына сәйкес газет ресми түрде патша үкіметінің бұйрық – жарлықтарын, заң – закондарын, әкімшілік басқару істерін жариялайтын басылым болды. Сол кездегі басқа газеттер сияқты «Дала уалаяты газетінің» ресми және ресми емес бөлімдері болды. Соңғы бөлімінде көбінесе көпшілікке, пайдалы, ғылымға, білімге қатысты мақалалар жариялады. Бұл газет үкімет тарапынан шыққан ресми басылым болғанымен, бостандықты, теңдікті көксегені, прогресшіл көзқарастары үшін Сібірге жер аударылып келген адамдардың ықпалымен газетіне ұқсайтын еді. Бұл ретте газетке дұрыс бағыт берген Г.Н.Потаниннің, Н.М.Ядринцивтің, Л.К.Чермактың ролі аса зор.

«Дала уалаятының газеті» басқа жергілікті газеттерге қарағанда, қазақ бұқарасының тұрмысын, оның шаруашылық жағдайларын, мәдени тіршілігін толығырақ көрсетіп отырған газет болды. Бұрынғы Сібір әкімшілігіне қараған Семей, Ақмола, Тобыл, Жетісу қазақтары өнер – білім жаңалықтарын алғаш рет осы газеттен оқу мүмкіндігіне ие болды. Газет қазақ жұртшылығын орыс халқының әдебиетімен таныстырды. Сондай – ақ газетте қазақ елінің тұрмысын, әдебиетін, мәдениетін зерттеуші орыс ғалымдары өздерінің мақала хабарларын жиі бастырды. Газет негізінде жергілікті отаршылдық - әкімшілдік орындардың ресми ұйымы болғанымен, халықты отаршылдыққа, мәдениетке шақырып тәрбиелеуде едәуір роль атқарды, қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына зор ықпал жасады.

Оның бетінде қазақ тілінде бұрын болғанмен қоғамдық – публицистикалық, ресми іс – қағаздарын жүргізу жөніндегі мақалалар жарияланды, ғылыми стильдің негізі қаланды, аударма тәжірибесінің алғашқы қадамы жасалынды, араб графикасына негізделінген қазақ жазбасында тұңғыш рет тыныс белгілері қолданылды 28,б.65.

Ұлттық баспасөздің қарлығаштарының бірі – «Дала уалаяты» газетінің дүниеге келуі қазақ халқының өткен ғасырдағы мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. «Дала уалаяты» газетінде басылған шығармаларда қазақ халқының әр кезеңіндегі өмірі, тұрмыс – тіршілігі, күрделі жағдайлар мен оқиғалар толық, тұтас қамтылғанымен, тарихымызда болған ұлы өзгерістер, халық өмірінің жеке- жеке суретері алғаш осы баспасөз бетінде жарияланып, ұлттық әдебиеті мен мәдениетінің негізін қалауға көмектесті.

«Дала уалаяты газетінде» басылған көркем шығармалардың бір тобы қазақтың өз туындысы болса, енді бір тобы орыс тілінен аударылған немесе шығыс әдебиетінен ауысқан үлгілер еді. Бұлардың бәрі мазмұн, көркемдік жағынан бір – біріне ұқсамағанымен, жалпы қазақтың жазба әдебиетінің дамуына ықпал етті.

Газет қазақ халқының қоғамдық - әлеуметтік ой – пікірін оятуға, мәдени - әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті. Саяси – экономикалық мәселелермен қатар оқу – ағарту ісінің жай – күйі, өнер – білімнің пайдасы, орыс мәдениетінің жетістіктері, қазақ әдебиетінің хал – қадірі, қазақ зиялылары мен ғалымдарының өмірі жайында бірқыдыру тарихи мақалалар, хабарлар жарияланды 14,б.537.

Информация о работе Мәдени шаруашылық