Автор: Пользователь скрыл имя, 31 Марта 2012 в 20:19, дипломная работа
Мемлекеттік бюджет мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын жасау және оны ұдайы өндіріс пен қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсаттарына пайдалану жолымен қоғамдық өнімнің құнын бөлу және қайта бөлу үрдісінде мемлекет пен қоғамдық өндірістің басқа қатысушылары арасында пайда болатын экономикалық қатынастарды білдіреді.
Құндық бөліністің айрықшалықты сферасы ретінде мемлекеттік бюджет мына өзгеше белгілермен сипатталады:
Автоматты тұрақтандырғыштардың іс-әрекетінің маңызды ерекшелігі бюджет тапшылықтары мен артығын реттеу болып табылады: бюджет тапшылығы өрлеу фазасында қысқарады, онан кейін жоғалады және бюджет артығы пайда болады, бұл инфляцияны тежеуге жәрдемдеседі, өйткені ұлттық өнімнің жоғары деңгейі инфляциямен жалғасады; құлдырау фазасында құлдырауды жоюға ынталандыратын бюджет тапшылығы біртіндеп өсе бастайды [4].
Тәжірибеде тепе-теңдік үлгілерінде қаралған тәуелділіктер қосымша факторлардың әсерін бастан кешіреді:
1) фискалды саясаттың қабылданатын шараларының уақыттылығы (уақыттың кешеуілдеуі);
2) ығыстыру әсерінің іс-әрекеті, бұл ақша нарығында пайыздық мөлшерлемелердің өсуімен байланысты үкімет шығыстарының көбеюі кезінде жекеше инвестициялар элементтерінің қысқаруында көрінеді;
3) сұранымды ынталандыру жиынтық ұсынымға әсер етеді, бұл бағалардың инфляциялық көбеюіне әсерін тигізеді және жиынтық шығыстардың көбею әсерін төмендетеді;
4) ашық экономикада ұлттық өндіріс жиынтық шығыстардың элементі ретінде таза экспорттың мөлшерін өзгертетін валюта бағамдары өзгерістерінің ықпалын басынан кешіреді.
Сондықтан ынталандырушы фискалды саясаттың шаралары жоғарыда айтылған факторлардың іс-әрекетінен әлсіреуі мүмкін. Сөйтіп, кейнсшілдік тауарлар мен қызметтер көрсетуге болатын сұранымды экономиканы реттеудің негіз қалаушы факторы ретінде бөліп көрсетеді: мемлекет жиынтық сұранымды ынталандыруға мүмкіндік туғызады, ресурстардың қамтылу деңгейінің артуына ықпал етеді, мемлекет көтере сатып алудың көлемін кеңейтеді, несиенің құнын реттейді. Кейнс шаралары салықтарды төмендетуді, шығыстарды көбейтуді, инвестицияларды ынталандыруды (пайыз мөлшерлемелерін төмендетудің көмегімен) қажет етеді.
Стагфляцияны жеңу үшін ұсыным экономикасы теориясының жақтаушылары ұсынған шаралар жарамды. Тұжырымдаманың мәнісі − өндіріс шығындарын төмендету жөніндегі қаржы және ақша саясаты шараларының кешені есебінен ұсынымға нысаналы ықпал ету, бұл нарық субьектілерінің инфляциялық болжамдарын төмендетуге жеткізеді. Ұсынымды ынталандыру жөніндегі шаралар мыналарды қамтиды:
1) өндіріс шығындарына қосылатын салықтарды қысқарту;
2) еңбекке ақы төлеуге жұмсалатын шығындарды тежеу (еңбек өнімділігінің өсу қарқынын оған ақы төлеудің өсу қарқынынан озық жүруі);
3) өндіріс ауқымын арттыру жөніндегі ұйымдық-техникалық сипаттағы шаралар (жабдықтың тиелімін, оның жұмысының ауысымдылығын арттыру, бос тұрып қалуларды азайту, өндірістің ырғақтылығына жету);
4) өндірісті техникалық жағынан жетілдіру жөніндегі инновациялық бағдарламаларды енгізу.
Бұл бағытта заңдылыққа сәйкес Филлипс ауытқымасы бойынша анықталғандай тұрақтандыруға және инфляцияны төмендетуге жұмыссыздықтың өсуі есебінен жетуге болмайды [5, 223 б].
ХХ ғасырдың аяғында жаңа теория − тұрақты даму теориясы қалыптасты, онда қазіргі кездегі жағдайлар тұрғысынан ғаламдық экономикалық және қаржылық үрдістер түсіндіріледі, күрделі шаруашылық жүйелердің тұрақты эволюциялық дамуы жөнінде ұсыныстар жасалынады.
Тұрақты даму теориясында тұрақты жұмыс істейтін жүйелерді − төменгі шаруашылық жүргізуші субьектіден ұлттық экономика мен бірнеше елдің экономикалық одағына дейінгі жүйелерді дағдарысты құбылысқа алып келетін себептер айшықталады. Бұл теория мына қағидаттарға негізделген:
1. Кез келген ауқымдағы күрделі экономикалық жүйелердің өздігінен дамуының мәнін қамтып көрсететін эволюциялық қағидаты. Бұл осы теориядағы өзекті қағидат.
2. Экономикалық мүдделерді үйлестіру қағидаты қалыптасқан тепе-теңдікті тұрақсыздандыратын сан алуан факторлардың үздіксіз өзара іс-қимылының күрделі жағдайларында өзара іс-әрекет ететін тараптар мүдделерінің балансын сақтауды қажет етеді.
3. Эволюцилық қағидатының логикалық дамуы мен оны нақтылау ретіндегі әртараптандыру қағидаты. «Әртараптандыру» термині кең мағынада экономикалық жүйенің құрамды бөліктерінің әр алуан түрлерінің, тұрпаттарының жиынтығы, құрылымдық нысандардың әр түрлілігі, функциялық әртараптандыру ретінде пайдаланылады.
4. Экономикалық жүйедегі оның дамуына қарай иерархиялық саралау қағидаты. Орташа деңгейді бөліп көрсетуді қажет етеді.
Бір жағынан, дағдарыстық құбылыстардың терең себептерін және екінші жағынан, өндірістің құлдырауына қарсы әрекет ету механизмдерін анықтау тұрақты дағдарыссыз дамудың негізгі қағидаттарын айырып, ажыратады, оларды қолдану келеңсіз факторлардың әсерін айтарлықтай төмендетуге және тіпті экономикалық жағдайдың жалпы дүниежүзілік нашарлау кезеңдерінде де экономикалық өсуді қолдап отыруға мүмкіндік береді.
Орта мерзімді кезеңде фискалдық саясаттың негізгі мақсаты әлеуметтік-экономикалық дамудың басым міндеттерін шешу үшін салық-бюджет құралдарын тиімді қолдану, атап айтқанда Қазақстанды әлеуметтік және экономикалық жедел жаңғыртуға бағытталған ел экономикасының бәсеке қабілеттілігін арттыру болып табылады.
Орта мерзімді фискалдық саясат әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарын іске асырудың негізгі тетіктерін − кірістер мен шығындар саясатын, бюджеттік несие беруді, қаржы активтерін басқаруды, бюджетаралық қатынастарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борышты басқаруды қамтиды [6].
Мемлекеттің салық саясаты салық салудың нақты салық түріне экономикалық негізделуінен, кәсіпкерлікті дамытуға тосқауыл болатын кедергілерді жоюдан, салық заңдары нормаларының қарапайымдылығы мен айқындылығынан, сондай-ақ салық мәдениетін одан әрі арттырудан бастау алуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзiмдi фискалдық саясаты Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң фискалдық стратегиясын белгiлейдi, бар мемлекеттiк ресурстар көлемi мен үш жылға арналған негізгi фискалдық басымдықтарды айқындауға мүмкiндiк бередi. Осыған орай, 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттiк бюджет болжамы 1-кестеде көрсетілген.
Кесте 1− 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттiк бюджет болжамы
ЖIӨ-ге пайызбен
Атауы | Болжам | ||
2006 жыл | 2007 жыл | 2008 жыл | |
Кірістер | 22,3 | 22,7 | 23,2 |
Шығындар | 22,4 | 23,3 | 23,3 |
Операциялық сальдо | -0,1 | -0,6 | -0,2 |
Таза бюджеттік несие беру | 0,5 | 0,1 | 0,0 |
Бюджеттік несиелер | 0,6 | 0,2 | 0,1 |
Бюджеттік несиелерді өтеу | 0,1 | 0,1 | 0,1 |
Қаржы активтерімен жасалатын операциялар бойынша сальдо | 1,1 | 1,0 | 0,8 |
Қаржы активтерін сатып алу | 1,2 | 1,0 | 0,8 |
Мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер | 0,03 | 0,02 | 0,01 |
Бюджет тапшылығы | -1,7 | -1,7 | -1,0 |
Бюджет тапшылығын қаржыландыру | 1,7 | 1,7 | 1,0 |
Бұдан басқа, фискалдық саясат мемлекеттің жалпы экономикалық саясатының маңызды құрамдаушысы бола отырып, жоспарланған кезеңде инфляцияның орташа жылдық деңгейi бойынша белгiленген меженi, төлем балансының орнықтылығын, тауарлар мен қызмет көрсетулердiң соңғы тұтынуының өсуiн және капиталдың жинақталуын қолдауға ықпал етуi тиiс.
Фискалдық саясат міндеттерін іске асыру мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
1) салық заңдарын және салық әкімшілігін жүргізуді жетілдіру;
2) мемлекеттің мұнай кірістерін Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры арқылы пайдалану тетіктерін жетілдіру;
3) шығыстарды, бір жағынан, мемлекеттік функциялардың толық көлемде тиімді орындалуын және, екінші жағынан, макроэкономикалық тұрақтылыққа жәрдемдесуді қамтамасыз ететін деңгейде ұстау;
4) мемлекеттік шығыстардың нәтижелілігі мен тиімділігін, соның ішінде бюджет үрдісінің барлық деңгейлерінде бюджеттік бағдарламалау әдістерін одан әрі енгізу жолымен арттыру;
5) дамуға бағытталатын бюджет шығыстарын тиімді қалыптастырудың жүйелілігін қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық жобаларды дайындау, қарау, іріктеу үрдісін реттеу;
6) бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бюджет жүйесінің түрлі деңгейлері арасында кіріс және шығыс өкілеттіктерді нақты ажыратуды белгілеу.
Фискалдық саясат ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жағдайында салық-бюджет құралдарын, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық дамудың басым міндеттерін шешу үшін тиімді қолдануды көздейді [7, 45 б].
Үкімет салықтық әкімшілік етуді жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Салық саясаты елдің индустриялық-инновациялық дамуын ынталандыруға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, көлеңкелі экономика үлесін қысқартуға және экономикадағы салықтық жүктеменің ұтымды теңгерімін құруға бағытталатын болады. Салықтық жеңілдіктер бойынша терең талдау жүргізу, олардың экономиканың тиімділігіне әсер ету дәрежесін бағалау міндеті алда тұр.
Тұтастай алғанда, жүргізіліп отырған салмақты фискалдық саясат бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етуге, мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін тиімді орындауға және шығыстарды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына бағдарлауға бағытталған [8, 2 б].
Салық саясатының негізгі бағыттары мыналар болады:
− жалақыны көлеңкелі төлеуді азайту мақсатында әлеуметтік салықтың мөлшерлемесін азайту;
− өндірісті кейіннен дамыту және кеңейту мақсатында қосылған құн салығының мөлшерлемесін азайту;
− қосылған құн салығын экспорт бойынша және ел ішінде өтеу тетігін жетілдіру;
− халықтың әл-ауқатының өсу жағдайы кезінде қазақстандық экономиканың бәсеке қабілеттілігін күшейту мақсатында салық ауыртпалығын заңды тұлғалардың кірістерінен жеке тұлғалардың кірістеріне біртіндеп қайта бөлу;
− жеке тұлғалардың табыстарын жалпы декларациялауға көшу мүмкіндігін қарау;
− сыбайлас жемқорлықты азайту, салық төлемеушілерге шараларды бір мезгілде қатаңдата отырып, есептілігін жеңілдету мақсатында салықтық әкімшілендіру бөлігінде заңнаманы одан әрі жетілдіру.
1.3 Мемлекеттік бюджет фискалды саясаттың құралы ретінде
Бюджеттік үрдіс бюджетті жоспарлау, әзірлеу, қарау, бекіту, атқару, нақтылау, түзету жөніндегі, бюджеттің атқарылуы бойынша бюджет есебі мен есептемені жүргізу, мемлекеттік қаржылық бақылау, сонымен бірге байланыстырылған гранттарды жоспарлау мен пайдалану жөніндегі бюджет заңнамасымен регламенттелінген қызмет болып табылады. Бюджеттік үрдістің барлық кезеңдері өзара байланысты және қоғамның экономикалық үрдістерін ғана емес, сонымен бірге саяси өмірінің тікелей бейнеленуі болып табылады. Қазақстан Республикасында бюджеттік үрдіс Бюджет кодексіне, «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару туралы», жыл сайынғы «Республикалық бюджет туралы» Заңға және Қазақстан Республикасының басқа заңдарына сәйкес жүргізіледі. Бұл заңдар әртүрлі деңгейдің бюджеттерін қалыптастыру үрдісінде пайда болатын қаржы қатынастарын реттейді, республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу, қарау, бекіту, атқару және бақылау тәртібін белгілейді.
Бюджеттің жобасын уақытылы және сапалы әзірлеу мен бюджетті нақтылау және атқару жөнінде ұсыныстар жасауды қамтамасыз ету мақсатымен Қазақстан Республикасының Президенті бюджеттік комиссияны құрады, ол туралы қағиданы бекітеді, оның құрамын анықтайды.
Бюджеттік комиссиялардың құзіретіне мыналар кіреді:
1) алдағы үш жылдық кезеңге орта мерзімді фискалды саясат жөнінде ұсыныстар талдап-жасау;
2) тиісті қаржы жылына арналған бюджеттер жобаларының көрсеткіштерін айқындау жөнінде ұсыныстар талдап-жасау;
3) алдағы үш жылдық кезеңде және жоспарланып отырған қаржы жылында қаржыландыруға арналған бюджеттік бағдарламаларды іріктеу, орта мерзімді фискалды саясатты негізге ала отырып, оларды іске асыру механизмін айқындау жөнінде ұсыныстар талдап-жасау;