Б.Майлин әңгімелерінің негізгі тақырыптары мен өзекті идеялары

Автор: Пользователь скрыл имя, 26 Февраля 2013 в 17:45, реферат

Описание работы

Қазақ әдебиетінің негізін салушы көркем сөз шеберлерінің бірі – Бейімбет Майлин. Әдебиеттің поэзия, проза, драматургия саласында бірдей қажырлы да жемісті еңбек етіп, көркемдік жағынан құнды, көлемі жағынан мол, тәрбиелік мәні зор мұра қалдырды.

Работа содержит 1 файл

анар.doc

— 426.50 Кб (Скачать)

       Қазан  төңкерісінің жеңісі нәтижесінде  қазақ ауылында тап тартысы өрши түсті. Бұрын бай есігінде, үстем таптың тепкісінде таңның атысы, күннің батысын білмей күндіз - түні еңбек ақысыз құл болып мал орнына қызмет қылған кедейлер енді теңдікке қолы жетіп, санасы оянды. Байлардан өздерінің еңбек ақысын талап етуі былай тұрсын, сонымен қатар ол саяси құқығын алғандығын түсініп, әлеуметтік күреске аттанды. Б.Майлиннің « Кедей теңдігі», «Шапайдың хаты», «Ақталған еңбек», «Айранбай» т.б әңгімелерінде Кеңес үкіметінің сол кездегі ұранына үн қосып, соны іске асыруға белсене атсалысып жүрген кешегі жалшы малайларды көреміз. «Кедей теңдігі» атты қысқа ғана әңгімеде Бұқабайдың  Қауқымбайдың есігінде қор боп өткен өмірінен де Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі теңдікке қолы жетіп ауылнай сайланған уақытын да автор әдемі ғана көріністер арқылы шебер бейнелейді. 1917 жылдың күзінде Қауқымбай байдың есігінде малай болып жүрген Бұқабай 1922 жылдың жазында өз алдына үй - жай болып, қазынадан алатын ұнын өзі алып, жеке меншікке тары егіп, шаруашылықпен айналысады. Бір табысын ауылдағы кулар налокке деп жинап алса да үкіметке ренжу сөз айтпайды. «Кедейді теңгереді дегенге мәзбіз, қашан теңгергенше де байлар жанды шығарып болатын шығар»,- деп байлардың әділетсіздігіне налиды. 1923 жылдың күзінде ауылнай сайлауы болған кезде, небәрі 2-3 жылдың ішінде санасы оянып, кеңес өкіметі шынында да кедей, жалшылардікі екенін түсінеді, жиналысты басқарады. «Үкіметтің бұл берген теңдігін пайдалануымыз керек. Бүйтіп санға кіріп, жиылыс басқарамын деу менің өңімде көремін деген ісім емес еді? Бес жасымда әке - шешемнен кетіп қалып, соның ( Қауқынбай байды айтып отыр-С.О) есігіне кіргеннен отызға дейін құлдығында болдым. Сол өмірімнің ішінде не жарытып ақы алғаным жоқ, не алда разы болсын жоқ, ылғи боқтау, сөгумен келді. Басқасын қайтейін, былтырғы ашаршылық жылы қаңғытып жіберді-ау...-ауылнайлыққа кедейдің пайдасын қарастыратын, кедейге жаны ашитын адамды сайлап көріңдер»,- дейді Бұқабай. Кедейлер оны төбесіне көтеріп, ауылнай сайлайды. «Жасасын кедей теңдігі» деп шаттанды кедейлер. «Ақталған еңбек» атты әңгімесінде Ерқан байдың есігінде талай жылғы өмірін қорлықпен өткізген Дүйсенбай конфискация кезінде Ерқанды да, оның сыбайласы Ержанды да бұлтартпай ұстап береді. Таптық жіктің айрылуына туыстық, ағайындық қатынастар кедергі болмайтынын жазушы «Айранбай» атты әңгімесінде шебер суреттейді. Онда автор екі ағайынды кісінің арасындағы ұқсас жанжалды пайдаланып Айранбай деген  кедейдің таптық санасының оянғанын бай інісі Кемелбайдан безінуін, күдер үзуін көңілге қонымды етіп, тартымды да реалистік шындық қалпында шебер суреттейді. Автор Айранбайды шектен тыс әсірелемейді. Ол күрескер, үлкен қайраткер болуды да армандамайды. Әзірше оның бар ойы тамағын тойдыру ғана. Пәлен жылдар бойы туысым деп қызметін қылып, ақысыз ақымақ боп еңбек сіңіргеніне налиды. Етігін жамау үшін кішкентай ғана қайысты қимаған інісінің мақсат- мүддесі мүлде бөлек екенін енді түсінгендей Айранбай. Ойлап-ойлап ой түбіне жете алмай ақыры жақында ғана елге келген жап-жас нұсқаушы жігіттің айтқан сөзінің растығына көзі жетеді. Онда ол:  « ...Кедейдің еңбегі байға желінумен келген; кедей болмаса, бай сол көп малды баға алар ма еді. Бағушы мен қағушы кедей болып, рахатын бай көрген... Енді кедей оян, ойлан»,- деген еді-ау деп түйеді ойын Айранбай. Әрине, Айранбай сол бір қайысты бермегені үшін Кемелбайға қарсы тұрар тап күресінің туын көтеретін кісі емес. Кемелбай қарнын тойғызып, кешірім сұраса өкпесі тарап жадырап шыға келуі де мүмкін. Оның санасы да әлі төмен. Дегенмен қырық жылғы өмірінің жиырма жылын Кемелбайға босқа арнағанына, бір тыным алмай қызмет қылса да тойыну, бүтіндену дегеннің жоқ екеніне, өзіндей Кемелбайдың өткен өмірінде шөптің басын сындырмаса да соншалықты бай тұратынына ой жіберіп әділетсіздікке көзі жете бастауының өзі үлкен іс. Міне, осы бір шындықты автор ұтымды штрихтер арқылы шынайы бейнелейді. «Шапайдың хаты» атты әңгімесі де Айранбаймен үндес. 65-ке келген қарт Шапай елу жылдық өмірін Тоқберлі байдың есігінде өткізсе де еңбегіне ақы алу керектігін білмей келген. Бір күні мұның санасына әсер етерліктей жылы сөз ұялайды. Кеңес үкіметі орнап, жер- жерлерден кедейлер байдан еңбек ақысын талап етіп жатқан кез болатын. Байдың үйіне бір өкіл келеді де, Шапайды шақырады. «Малайың көп байсың деп атайды» деген қауыптан қорыққан Тоқберлі «Малай емеспін, баймен бірге өсіп келемін, еншілеспін» деп айт дейді. Сол күннен бастап Шапай «еншілес» деген сөзге мән бере бастайды. Елу жылдай бай есігінде жүргенде ондай ой өңі түгіл түсіне де кіріп көрген емес. Енді ойлаудың реті бар, өйткені жаңа үкімет жер-жерлерде кедейге теңдік әперуде, еңбек ақысын сот арқылы өндіруде. Сондықтан Шапай санасында жаңалық нышаны пайда болады. Шапай байдан еншісін алатынына қуанады. «Байдың малы алынып, кедейлерге бөлініп берілсін депті, үкімет»,-дейді ол. Сөйтіп осындай «әділ заңды шығарған үкіметтен» айналады.

          Бейімбет бір қатар- «Заман»,  «Жол кеңесі», «Ол бір түс  қой», «Сары ала тон» сияқты  әңгімелерінде бір заманда ақ  дегені алғыс, қара дегені қарғыс  боп адуындап тұрған байлардың  енді күндері мазақ боп мүсәпірлік  мүшкіл халге түскенін мазақтайды. Бір кезде байлар кедейді кісі деп білмесе, енді кедейлер байлардан кегін қайырып, ақысын өндіріп жүр. Ендігі жаңа – «заман» мыңды айдаған байды, үріп ішкен мырзаны, керіле басқан кербез сұлуларды табанына салып илеп, жүн қылып, ішер ас, киер киімге, зар қылып жүр!»,- деп бастайды әңгімесін автор. Малайының арызы бойынша кеңес соты Жайлыбай байдың  мойнына мың сом  өндіру қағазын жібергенде де ол бұзылған заманның кінәсі деп біледі. «Жайлыбай жылады. Бәйбіше дауыс қылды. Бір кезде «алты алашты» тітіреткен «Жайлыекемнің» қара шаңырағы, көне тартқан құрымы айыпқа төленуге айналды.

          Ой- қой, заман, заман!!...,- дейді  автор.

          Елімізде кедейге тиген теңдік  олардың байларға сіңген еңбегінің  ақысы қайтарылып беру арқылы  бір көрінсе, байларды конфискациялау кезінде тағы көрінеді. Бұл белгілі кедейлер Айдарбай, Шапай сияқты санасы жаңа оянып келе жатқандар емес, таптық күрестің нағыз сырына қанық, байлардың еш уақытта дос бола алмайтынын, тап жауы екендігінт олық сезінген, кедейден шыққан белсенділер еді. Бейімбет басқа да өзі тұрғылас қазіргі аға жазушыларымыз тәрізді осы саяси маңызы зор ірі оқиғаны өз көзімен көрді. Сондықтан да оның шығармаларында байларды конфискелеу кезіндегі кедейлердің белсенділік әрекеттері өз бояуын орынды тапты. Бұл тақырыпта жазған әңгімелерінің ішіндегі идеялық- көркемдік дәрежесі жоғары «Сары ала тон». Арыстан, малшы Тұтқыш, арбакеш Қуандықтар кедейлерді байға қарсы ұйымдастырады, олардың мал- мүлкін конфискелеуді өз қолдарымен жүргізеді. Сейпен байдың неше жыл бойы тырнақтап жиған- мүлкі кедейлердің қолында. Патшадан сыйға алған «Сары ала тоны» да бала - шаға, қатын - қалаштың ермегіне айналған, олардың әрқайсысы бір киіп көріп мәз болса, байдың зығыры қайнап, берекесі кетеді. «Тұтқыш сары ала тонды киіп, алтынды медальды төсіне қадады. Аяғында жыртық етік, басында жалбаланған құлақшын, өзі жайнаңдап жымың - жымың етеді. Аяғын керіле басып қараша үйдің жанында отырған бай мен бәйбішенің алдынан кесе көлденеңдей жүрді. Бай бәйбіше қанын тартып сұрланып, көзімен Тұтқышты атып жібергендей болып қарады»- дейді автор.

        Қазақ даласында коллективтендіру  дәуірі үлкен оқиғаның бірі  болды. Ол туралы қалам түртпеген  жазушы кемде- кем. Бейімбеттің  коллективтендіру тақырыбына жазған  әңгімелерін сол тұстағы халқымыздың  бастан кешірген тарихы десе де болғандай. Қазақ даласында коллективтендіру науқаны оп- оңай өте қойған жоқ. Ел ішінде әртүрлі көзқарастағы, ой- өрістері әртүрлі адамдар аз болған жоқ. «Колхоз» деген сөздің өзіне шошына қарап оның келешегіне сенбей, ортақ өгізден оңаша бұзауым артық деушілер де болды. Бұл саяси науқанның алдында ғана конфискеге ілінген байлар мен олардың сойылын соғушы сыбайластарының тигізген кесірі де аз болмады. Олар колхоз жөнінде неше алуан алыпқашты өсектер таратып, зиянкестік әрекеттерін үдете түсті. Колхозға мүше болған адамдардың қазан- ошағы, мал- мүлкі, тіпті әйелдеріне дейін ортақ болады- мыс деп көкіді. Ол кезде әлі санасы төмен, таптық көзқарасты жете ұғына қоймаған, қысқасы «қой аузынан шөп алмайтын» момын шаруаның біразына мұндай өсектердің тигізген ылаңы аз болған жоқ. Бірте - бірте ондай қателесіп жүргендер қайтадан қатесін мойындап колхозға мүшелікке өтіп жатты. Сонымен қатар кімнің дос, кімнің қас екендігіне де көзі жетіп, өткен ісіне өкінішпен қарап, жаңалыққа жанталасып ұмтылды. Міне, осы шындықтың бәрі Бейімбет шығармаларынан мол орын алды. Ауылдағы сол кездегі әлеуметтік - экономикалық, мәдени зор өзгерістерді суреттеуде қиыншылықтарын жеңілдетіп жібермей, табыстарын асыра мақтамай бейнеледі. Үлкен суреткердің шебер қолынан туған көркем шығарманың бірі «Қара шелек». Бұл әңгімесінде Бейімбет көркем новеллалардың машықталған дарынды шебері екендігін танытты. Жұрттың бәрі бірдей байқағыш, танығыш сезімтал бола бермейді ғой. Міне, осы қасиет- Бейімбеттегі ерекше қасиеттердің бірі. Ол тым байқағыш, кішкентай деталь арқылы-ақ үлкен ой тастайды. «Қара шелек» деген шағын ғана әңгімесінің басты кейіпкері- Айша. Ол күйеуі Бірмағамбет екеуі байдың есігінде көп жыл жүріп жоқшылықтың тауқыметін әбден тартқан, сіңірі шыққан кедейлер. Тек Кеңес үкіметі тұсында ғана теңдікке қолы жетіп, бір- екі қара малға ие болып отыр. Күйеуі қара шелек әперген күнгі Айшаның қуанышында шек жоқ. Қызғыштай қорғап, ешкімге ұстатпай жүрген ол шелегін Айша Қожағұлдың әйеліне қалай беріп қойғанын өзі де білмей қалады. Қара тоқал оны майыстырып істен шығарғанын көргенде оған айтар сөз таба алмай қалған Айша қара тоқалды шелекпен бір ұрады. Айша да, күйеуі Бермағамбет те - колхоз шаруашылығына жан салып жүрген белсенділер. Шелек жапырылған күні колхоз ұйымдасып, Айша оның бастығы болып сайланған болатын. Енді оған қара шелектің күйігі батып отыр. Оның үстіне қара тоқалдың байы Қожағұл да шелегің ортақ мүлік емес пе еді? деп Айшаны табалайды. Әңгіменің сюжет желесі осы. Былай қарағанда болмашы ғана деталь, әңгіме қара шелек жайлы болғанымен оның қабатында жеке меншік психологиясы жатыр. Колхоз бастығы болып сайланамын деп жеке меншікті тез арада ұмыта қойсын ба Айша. Онда шындықтан шалғай схемалық суреттеме болған болар еді. Бейімбеттің шебер реалистігі мен үлкен суреткерлігін дұрыс таныған Мұқамеджан   Қаратаев: «Бейімбеттің шебер реалистігінің өзі бұл жерде оның заман шындығын байланыссыз бос баяндаумен емес, яки долбар схемамен емес, суреткерлікпен шебер тоқып, бейнелеуінде; оның ұсақ тұрмыс деталін байсалды қоғамдық мазмұнмен орынды ұштастырып, саяси саналы шыңдалған Бірмағамбет пен жеке меншік психологиясынан бірден арыла қоймаған Айшаның образын (нанымды көрсетуінде),- деп жазды. Шынында да Айшаның образы барлық шындығымен суреттелінген. ...Қараңғы түнде, төсекте жатқан күйінде Айшаның көзіне желіні салпылдаған ала сиыр елестеп өткен тәрізденді. Жапырылған қара шелек елестеген сияқтанды»- деп бітіреді әңгімесін Бейімбет. Тіпті колхоз бастығы боп сайланғаннан кейін де Айшаның өз дүниесі жайлы ойлауы – көп заманнан бері шаруаның біте қайнасқан дүниеқорлық қасиеті. Жазушы бұл әңгімесінде бүгін оп- оңай, ешбір айқай шусыз-ақ колхозға ұйымдасып отырған халықтың алдына әлі талай күрес, талай тартыс барлығын  аңғартады. Қайралап пен Ыдырыс та, Айшаны мазақтағысы келген Қожағұл да келешекте колхоз құрылысының жауы болатындығына күмәнданудың ешбір реті жоқ. Сондықтан айқасқан, бітімсіз күрес әлі алда. Айшаның басында болған жәйттер жазушының «Ұлбосын» әңгімесіндегі Оспан мен Шарипада да ұшырасады. Орташа дәулеті бар момын, шаруа кісі Оспан артельдің мақсатын да оған мүше болудың қажеттігінде жақсы түсінеді. Бірақ жүрек түкпірінде бір күмән оны мазалаумен болады, колхоздың келешегіне қарайды. Ал Шарипа Қалампырдың: «Бәрінен де масқарасы әйелді ортаға салатыны білем. Неке болмайды дейді. Әйел мен еркекті нөмірлейді дейді. Нөмірі тура келген әйел мен еркек қосылуға міндетті дейді... Қызды жинап Қытайға жөнелтеді дейді...» деп көпірткен өсегіне сеніп, қызын ертерек күйеуге беруге асығады.

       Бейімбеттің  колхоз тақырыбына жазған әңгімелерінде қайталау не біркелкілік кездеспейді. Колхоздасу тақырыбына жазушы жан- жақты қарап, әр қырынан суреттеген. Бейімбет шығармаларында ұнамды кейіпкерлермен қатар сан алуан колхоз дұшпандарының типтік бейнелері, жалған белсенділер мен бас бұзар топас та надан өкілдердің образдары бейнеленген. Олардың образы да бір - біріне ұқсамай, ақымақтығы, топастығы жағынан бірінен екіншісі арта түседі. «Ұлбосын» ауылының өкілі Оспанның үйіне келіп, онсыз да бір үзім нанға зар боп, колхоз жөнінде есіктен теріс өсек-аяңына дау боп отырған. Шарипа «үкімет» жоспарын оқиды: «- Шеше, тыңдаңыз сіздің үйге берілген жоспар: бір пұт ет, 10 қадақ шыртылдақ, 10 қадақ ескі темір, 10 қадақ ескі жүн, төрт мүйіз, бес тұяқ, бір ит терісі, бір мысық терісі...» - дейді. Өкілдің портретін баяндап жатпай-ақ автор жоспар айналасында-ақ оның кім екенін аңғартады.

       «Желдібай  Жындыбаев» атты әңгімесінде  елге жиналыс өткізуге шыққан  өкіл жұрттың жалғыз қойын  сойдырып, жылыну үшін он бес  шақырым жерден арақ алғызып  жынданып жүрген Жындыбаевтың сиқын танытады. «Мен Жындыбаевпын. « Товарищ Жындыбаев» десең осы елдің баласына шейін біледі... «деп таныстырады ол өзін.» Шал үндемеді. «Толып жатқан жындының бірі екен деп» ішінен ойлады да атын шаужайлап, тепектеп жүре береді...» дейді автор. Ет- араққа тойып алған өкіл жиналысқа келіп сөйлегенін де автор мазаққа айналдырады.  «Мен Жындыбаевпын!-деп бастады Желдібай. Содан соңғысын жұрт та ұға алмады. Не айтқанын Желдібайдың өзі де білген жоқ. Әйтеуір ұзыннан- ұзақ созылған бітпейтін бір әңгіме болды. Жұрт біріне-бірі қарап күңкілдесіп:

- «Жындыбаев» десе  Жындыбаев екен!... десті...»,- деп жазады  автор әңгімесінің соңында. Жындыбаев  – Талтаңбайдың жиені тәрізді.  Нағашысына ұқсаған Желдібай  аумаған Талтаңбаевтың өзі десе  де болғандай. Бейімбет әңгімелерінен Желдібайдай желіп, Жындыбайдай жынданып жүрген әпербақан өкілдер мен шолақ белсенділерді жүздеп кездестіруге болады. Ел өміріне жетік жазушы өзі көріп- біліп жүрген сорақылықтарды жазбай, жұртқа жариялап масқараламай отыра алмады. Жазушы оларды жиренішпен, мысқыл- күлкімен, ашу ызамен әшкерелей білді. Олардың әрқайсысының өзіндік сұрқиялық кейіп- кескінін, даралап таныта білді.

        Алайда Бейімбет қандай тақырыпқа  жазбасын бәрінде де адам образы  бірінші жоспарда болады. Қайсы  бір әңгіменің бір кейіпкері ұнамды іс-әрекетімен оқушысын сүйсіндірсе, екінші біреуі өзінің ұнамсыз қылықтарымен көрініп, бойыңа жиреніш сезімін еріксіз әкеледі. Ал, кейде тіпті қайшылығы мол, келешегін түсіну қиынға соғатын кейіпкерлермен кездесіп қаламыз. Қалай болғанда да Бейімбет өз әңгімелерінде ауыл адамдарының образын жан-жақты жасауды мақсат еткен. Ауылда кім жоқ? Теңдікке жаңа ғана ие болған ауыл кедейі мен қазақ әйелі, оларға басшылық жасап, адал кеңесін айтып, жәрдемін көрсетіп жүрген  қызметкерлер: жаңа құрылысқа қарсы күресінен таймаған тап жаулары, солардың сойылын соғып теріс жолға түскен азғындар т.б – қысқасы ауыл өмірінде кездесетін неше алуан адамдардың типтік бейнесін Бейімбет әңгімелерінен кездестіреміз. Мұхтар Әуезовтің Бейімбет әңгімелерін «Қазақ ауылында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі» деуі де тегін айтылған сөз емес.

        Бейімбеттің 1925 жылы жазылған  «Ел күйеуі» атты қып-қысқа  әңгімесінде бір қарағанда үлкен  саяси мәні бар мәселе сөз  болмайтын тәрізді. Сөз Жұматай  мен Сыдық, Биғанша үшеуі туралы. Биғанша Жұматайдың әйелі де, Сыдықтың көңілдесі. Бір кезде жап- жас қызды малға алып қорлық көрсеткен Жұматайдың әйелі өлген соң тағы біреуді малға сатып алмақ болған надандығын автор оның іс-әрекеті мен мінез-құлқын суреттеу арқылы әшкерелейді. Оған берген автордың мінездемесі де қызық: «Жұматай өмірінде кісімен ашылып сөйлескен адам емес, қабағы жабылып, иығы салбырап, сүзектен тұрған адамша қатып-семіп тұнжырайды да отырады: қайғыға кездессе, құлап қайғыруды білмейді, қуанышқа кездессе, тасып қуануды білмейді, ашуы келсе, шошқа құсап қорс-қорс етеді. Нақа бір жадырап кетсе, аузын ыржитып күлген болады... Биғанша өзінің Сыдықпен көңілі жарасып жүргенін Жұматай сезгенін есіткенде «енді мені өлтірер» деп ойлайды. Бірақ Жұматай ол ойынан шықпайды.

    - «Ит, сен неге ойнас қыласың?-деп түнеріп келіп, қамшымен тартып-тартып жіберді, Биғанша даусын шығарып жыламады, ұрма деп жалынбады да... Кешке шам сөндіріліп жатқан соң, Жұматай бұрынғысын бастады. Аймалап, сүйіп, өзіне қарай тартты. Биғанша ішінен тынып ернін тістеумен болды: «Мына шіркін малмен бір тәрізді екен ғой... Біле-тұра мұнысы несі?» екен деп ойлады. Жұматайдың малдан айырмасы жоқтығын осы көрініс арқылы бір танытса, балдызын таныстыруға апарған Сыдық екеуінің арасындағы әңгімесі арқылы тағы да аңғартады. Қыздың өзімен сөйлесу керектігін, қыз көнбесе, әкесі бере алмайтынын, Сыдық түсіндіріп айтқанда Жұматай: - «Сөйлескен деген не, әкесіне жолығып, қанша мал алатынын білсейші»,- деп Жұматай күңк етеді.

      Сонымен, бұл әңгімесінде автор Жұматайдың надандығын суреттеу арқылы қазақ қыздарын қалай болса солай малға сатып алып үйренген Жұматай типтес надандардың уақыты біткендігін, енді кеңес үкіметі қазақ қыздарына теңдік әперіп, қатарға қосқанын, енді оларды мал беріп сатып алуға болмайтынын аңғартады. Оны сезбей әлі ескілік шырмауында жүрген Жұматайды мазақтайды. Әйел теңдігі мен махаббат сезімін аяқ асты еткісі келгендерді сынайды.

        Бейімбет Майлин күрделі тақырыпты,  шиеленіскен тартысты қысқа әңгіме  шеңберіне сиғыза суреттейтіні  тәрізді бірнеше адамдардың алуан түрлі характерін де жан-жақты бейнелей біледі. Бейімбеттің бұл қасиетін оның барлық әңгімелерінен аңғаруға болады. Мысалға жазушының «Әліштің пырағы» атты әңгімесін алайық. Бас-аяғы жинақы шағын ғана бұл әңгімеде жазушы Әліш пен Әупілдек деген дінге «берілген» екі адамның отбасы жайлы сөз қозғайды. Әліш-молда. Ауыл-аймақтың өз сөзімен айтқанда «құдай жолынан қия баспайтын тақуа, дұғасы қабыл болатын ескі әулие. Оның әйелі Айтолқын - «өгіз бұзаулапты» десең сенетін ақкөңіл, аңқау. Ол үшін Әліш сөзі құдай сөзінен қымбат, қасиетті. Әупілдек - жасынан дінге беріліп, отызға келгенде Әлішке намазға жығылады, «алқам», «құлқуалданың» әр жерінен бірін білетін дүмше молдалығы тағы бар. Әупілдек Әліштің әйелі Айтолқындай аңқау да, діншіл де емес. Құдай туралы да оның түсінігі өзгеше, құдайға құлдық қылмаған адамның бәрін ол асып, ататын болса, Әліш пен Әупілдектен басқа адамдардың бәрін неге қырмайды деп түсінеді ол. Артель ұйымдастыру үшін елге өкіл келгенде Әліш ырқынан аса алмаған кедейлер колхоз болуға жүрексінеді. Колхоз құрылмайды. Оны Әупілдек «Әліш молданың шарапаты» деп ұғынады. Басқаны да солай ұғындырғысы келеді. Мұны сезген Әліш «шарапатын күшейтеді. Денем түгелдей зікір айтатын болды, көзім ілінсе-ақ болды періште маңымда қаптайтын болды» - дегенді шығарады ол. Оның «әулиелігіне» жұрттың бәрі сенсе де, Әупілдектің әйелі Қант сенбейді. Өйткені Әліш күтпеген жерде көңіл қосқысы келіп, абыройынан айырылған жайы бар. Әліш көзі ілінсе болды, зікір айтып далаға қашатынды шығарады, аңқау әйеліне «артымнан шықпа, егер шыға қалсаң жын соғып кетеді» деп төндіреді. Комсомол жастар оны аңдып жүріп «кереметінің» сырын ашады, көрші әйел Женттің үйінен ұстап алады. Әупілдектің үйінде де жаңалық бар. Жалғыз баласын Әупілдек Әліш молдаға оқытам деп әурелесе, әйелі Қант мектепке бермек, ақыры Қант жеңіп, Болат мектепке барады. Комсомолға өтеді, елдегі бай-молдаларды әшкерелеуге атсалысады. Әңгіменің соңында Әупілдек те өз қатесін мойындап, колхозға бірінші болып жазылмақ болады. Осы әңгімедегі Әліш, Айтолқын, Әупілдек, Қанттар әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен дараланып, оқшаулана түскен. Әрқайсысы жеке тұлға, жеке характер. Мұндай жайт Бейімбеттің барлық әңгімелерінде кездеседі.

     Бейімбет көп жазып, көп оралған тақырыбы – ауыл өмірі, ауылдағы Қазан төңкерісі тудырған өзгеріс пен жаңалықтар, елдегі тап тартысы. Б.Майлиннің прозасы, оның ішінде әңгіме мен новелла жанры көркемдік үлгісімен қымбат.  Бейімбет  көлемі шағын әңгіме мен новеллалардағы суреттелген оқиғасын  өмірлік шындықтан алады, сондықтан да ол оқиғалар оқушысына үлкен ой салады, күшті әсер етеді. Бейімбет Майлиннің прозасы өзіндік ерекшелігі, стилі, тілі, көркемдік айла – тәсілі бар ерекше проза.

         ІІІ. Б.Майлин прозасының көркемдік ерекшеліктері

 

         Бейімбет Майлин - қазақ әдебиетінде қысқа әңгіме – новеллалар, очерк, фельетондар жазумен қатар прозадағы ірі туындылар, повесть, романдар жазуға атсалысқан жазушы. Отызыншы жылдары өлең жазуды сиретіп, қаламының ұшын прозада қайрады. «Әдебиеттегі керекті жанрдың бірі қара сөз болса, - деп жазды Бейімбет – сол бізде мешеулеп өріс алмай келеді. Ондай өлең жазып әдеттенгендерге қара сөз жазу ауыр көрінді. Бірақ оқушыларымыздың тілегі күннен-күнге өсіп, желілі, сюжетті көркем шығарманы керексінеді. Оқушыларымыздың бұл ділгірін елемеу үлкен күнә еді. Мен қара сөзге айналдым. Сонда осы олқылыққа түгел тығын болдым деп мақтанатын кісі мен емес. Менікі шығарманың түрін бір өңкей соған қарай аударып көру еді. Аудардым да, жаман болсын, жақсы болсын, сол отызыншы жылдан бері қара сөзбен едәуір нәрсе жазып тастаған сияқтымын. Бұдан былай да қолымнан келгенше күшті осы қара сөзге салсам ба деймін. Өлеңнен гөрі істелуі ауыр болғанмен, икемім осыған ауды».

         Бейімбеттің қазақ әйелінің тағдырын суреттеуге арналған повестерінің бірі – «Берен» (1935). Мұндағы оқиға тартысы да басты кейіпкер Береннің тағдырымен тығыз байланысты. Берен жағындағы ұнамды кейіпкерлер: Құрымбай, Жәуке, Қайролла, партия ұясының секретары Әбітай Махмудов, окружком өкілі Нұғман Қанаев, Жәукенің әйелі Балдай т.б. Бұларға қарсы топ та даралық ерекшеліктерімен оқшаулана суреттелінген. Сержан бай мен Әбен молда, Еркінбек бұзық пен оның үзеңгілес жолдасы Ерекше немесе байларды іштей қолдап, астыртын арамзалық әрекеттерін іске асырып жүрген ауыл-совет председателі Ерғали Асановтар. Өмір үшін құлшына күрескен жас Береннің тастай қараңғыда өзін байлап әкетпек болған Еркінбекті кіндік темірмен ұрып жығуы – қайсарлығын, өжеттігін көрсетсе, екінші жағынан өмірге құштарлығын да танытады. Әлсіз әкенің шамасын сезген жаулардың арам пиғылына Берен ойламаған жерде орасан соққы береді, енді тайынатын ештеңе қалмағанын сезген ол Құрымбайға ілесіп ауылдағы партия ұясының хатшысы Әбітайға барып комсомол қатарына өту арқылы байлармен және оның құйыршықтарымен аянбай күрес жүргізуге бел байлағанын ашық айтады. Кейінірек небәрі бес-алты жылдың ішінде Береннің өскенін, саналы түрде ауылдағы жұмыстарға белсене араласқанын көргенде өжет те қайсар қыздың шынайы жасалынған характеріне сүйсінеміз. Повестің аяғында Жәуке де өскен, бұрынғы кім көрінгенннің етік-мәсісін тігуден бөлек ештеңемен жұмысы жоқ Жәуке енді ел басқарып кедей жалшылардың сыйлы да құрметті ағасы, ақылды да іскер басшысы болып жүр. Повестің композициясы өте шымыр, кездейсоқ оқиғаларға оқыс ұшырап отырудан ба оқиға желісі ерекше тартымды да қызық.

Информация о работе Б.Майлин әңгімелерінің негізгі тақырыптары мен өзекті идеялары