Б.Майлин әңгімелерінің негізгі тақырыптары мен өзекті идеялары

Автор: Пользователь скрыл имя, 26 Февраля 2013 в 17:45, реферат

Описание работы

Қазақ әдебиетінің негізін салушы көркем сөз шеберлерінің бірі – Бейімбет Майлин. Әдебиеттің поэзия, проза, драматургия саласында бірдей қажырлы да жемісті еңбек етіп, көркемдік жағынан құнды, көлемі жағынан мол, тәрбиелік мәні зор мұра қалдырды.

Работа содержит 1 файл

анар.doc

— 426.50 Кб (Скачать)

     Қол сүртіп бітірдік.

    • Тіпті қалғаны жоқ па?
    • Жыртық біреуімен сенің темекіңді орап қойып едім.
    • Соны әкелші. («От басында» 9 бет).

Жыртылған газеттен Оңғарбай бұйрықтың бас жағын тауып  алады. Алексей кетіп қалады. Осы  бір шағын көлемді әңгімеде жазушы ел басқаруға араласа бастаған алғашқы  кедейлердің тұрмыс – тіршілігін айнытпай көрсете біледі. Болыс болып  сайланған, ептеп қазақша хат танитын Өңгелбайдың өзі де газет оқуды білмейді, өзіне қатысты приказдың газетке жарияланғанымен де хабары жоқ. Осы бір көріністі жазушы жеңіл юмормен әдемі баяндайды.

       «Құлақ» деген әңгіме де «Өңгелбайға» тақырыбы жағынан жақындау. Шақшасынан айрылған ауылнай насыбайын газетке орап жүр екен. Ауыл мұғалімі оған қағаз береді де, насыбай ораған газетін оқиды. Жиналған жұрт мұғалімнен дауыстап оқуын өтінеді. Ол жыртылған газеттен «Жаз жақындап қалды, елде кедей көп, соларға көлік, тұқым тауып беру – аштар комитетінің міндеті» деген жолдарды оқиды. Бұл сөздер тақыр кедей Ысқаққа ұнап кетеді. Ол ежелеп сұрайды. Арызын айтады. Оған басқа жұрт күлген болады. Әңгіме Бекеннің үйінде болып отыр. Бір кезде «табақтың іші қара құшқыл буы шыққан бір – екі жапырақ ет ортасында көрінер – көрінбес болып жатқан» тамақ келеді. Ауылнай да, Қайрақбай да жаратпаған пішін көрсетеді. Үй иесінің сараңдығын автор қонақтардың алдына қойылған асты суреттеу арқылы береді. «Аз уақыттың ішінде сыпайы мырзалардың саусағы қара табақтың түбін тырнай бастайды» - дейді жазушы. Әкімдер аттанар кезде Ысқақ тағы жабысады. Қайрақбай ауылнайға қарап осы үйден 10 пұт астық алып Ысқаққа бер дейді, «бермеймін» деген Бекенге хатшы протокол жаза бастайды. Бекенді оңаша алып шыққан Қаламбай «Сорлы – ау, кімге сеніп ерегісесің. Сотқа берсе апарып жауып қояды» деп қорқытады. Енді әңгім Бекен мен әйелі арасына ауысады.

    • Әлгілердің «Кулак» деп жатқаны кім еді? – деді.
    • Мені айтады.
    • Сен «кулак» ба едің? Қарашешей ашуланғанда «қаңғырған телеу» дейтіні қайда? Осы сенің руың күніне бір өзгере ме?  Бекен мырс етіп күліп жіберді.
    • Ит-ау, «кулак» дегені – ру емес бай деген сөзі.
    • Солай ма еді. «Қаңғырған телеу» деген сөзін тастай беріп

 «Қарашешей», «Кулак»  деп мазамызды ала ма деп  қорқып едім, - дейді. 

       1923 жылы жазылған осы бір қысқа әңгімеде ауыл белсенділері Қайрақбай мен Қаламбайдың іс - әрекеті де, тақыр кедей Ысқақтың жоқтықтан сасқан аңғалдығы, мұқтаждығы да Бекеннің сараңдығы мен надандығы да күлкіге айналады. Ақырында Бекеннің әйелінің «кулак» деген сөзді рудың аты екен деп қалуын суреттеуі де еріксіз езу тартқызады. Қазақтың газетті жаздырып алғанымен оқымайтындығын де ескертеді. Осы жинақтағы үшінші әңгіме – «Серттескендер». Июль айының ыстық күндерінің біріндегі Қаламбай ауылының тіршілігі суреттелінеді. Ауылдың бозбала – жас шағы шөп шабуға кеткен. Оңаша қалған бірен – саран шалдар кемпірлеріне аяқтарын уқалатуда. Қыз – келіншектер де бір өңкейлеу жиналысқан. Орта жасаған үш әйел де оңаша отырып өткен өмірлерін еске түсіруде. Қыз сатып қалың мал алуға бола ма екен? дегенді әңгімелейді. Толқын деген әйел өз қызын сатпақ түгіл көңілі қалаған құдаласқан адамдарға бере алмай отырғанын сөз қылып отырғанда бір пар атты арбалы екі адам бұлардың үйлерінің маңына тоқтайды. Сөйтсе, Маржанкүлдің серттескен жігіті орыс милиционерді ертіп келген екен. Маржанбикенің законщик байы келіп, «Менікі декрет бар, бұйрық бар, киргизский декрет...  Қалың мал алуға болады. Қызды тартып әкетуге болмайды» деп ара түссе де келгендер көнбейді. Ақырында Маржанкүлдің өзі:

    • Әже, жылама маған ем қонбайды. Біз серттескендерміз!.. дейді.

Махаббат бостандығына қолы жеткен қазақ жастарының ата  – анасын жылатып, ренжітуіне жазушы разы еместігін байқатады. Махаббат бостандығын теріс түсіндірушілерді әдепті болуға меңзейді.

       Жиырмасыншы жылдары жазған көркем әңгімелерінде Кеңес үкіметінің арқасында теңдікке қолы жеткен қазақ еңбекшілерінің санасы оянып, қоғам өміріне белсене араласа бастауы, ескілік кертартпалыққа қарсы күресіп, жаңалыққа ұмтылуы, тап тартысын түсінуі суреттелінеді. Осының бәрінде де Бейімбет тікелей өмірдің өзіне үңіледі, оның неше алуан қырларын қаз – қалпында дерлік шындық тұрғыдан бейнелейді. Бейімбет әңгімелерінің ерекше бір қасиеті – қарапайымдылығы, халықтығы болса, соның негізі оқиғаның өмірлік шындықтан алынып жазылғандығында еді. Бейімбет әңгімелері оқуға жеңіл, әрі тартымды келеді. Суреттелініп отырған оқиғаның нанымды жазылатыны соншалық, кейде тіпті ол өмірде болған күйінде ешбір қосымшасыз берілген тәрізді болып көрінеді. Сондықтан да бір кезде Бейімбеттің бұл ерекшелігін теріс түсініп, оны натуралист жазушы деушілер де болған. Шындығында натурализм Бейімбет творчествосына мүлде жат. Оның өмірдің санқилы сырын құбылта және дәл шындық, өмірлік қалпында суреттей білуі натуралистігі емес, өмір құбылыстарын байқағыштығы, сезімталдығы еді.

Бейімбет өмірдің шынайы картинасын жасайды. Ол жасаған образдарда оқушының кімнің кім екені – дос қайда, дұшпан қайда, жаңаға жанасатын мінез  қайсы, үйлеспейтін кедергі –  кесір мінез қайсы екендігі тайға  таңба басқандай ап – айқын көрініп тұрады. Жаңа мен ескінің күресі үй ішінде, қазан – ошақ басында ерлі – зайыпты, ағалы – інілі, апа- қарындастардың арасындағы ара қатынастарда, әдет – ғұрып, салт – саналық көріністерде өз - өзінен табиғи түрде байқалып отырады. Бейімбет шығармаларының өміршеңдігі де, зор тәрбиелік маңыздылығы да оның осындай қарапайымдылығымен тығыз байланысты. 1923 жылы жазылған «Талақ» атты әңгімесінде автор ерлі – зайыпты Айдарбек пен Зейнептің бұрынғы тату – тәтті отбасын болмашы нәрседен бұзыла жаздағанын, алайда екеуінің өз арасындағы татулық, сыйластық, сүйіспендік сезімдері ескі наныммен, діни ұғыммен іштей арпалысып күресу нәтижесінде ақыры қайта табысқанын суреттейді. Болмашы нәрсеге ренжіген Айдарбек ашу үстінде Зейнепке: «- Мен сенен талақ» - дейді. Зейнепке таяқтан да қатты батқан осы «талақ» деген жаман сөз. Оның бала кезден білетіні, естігені: «неке – ерлі-зайыпты адамның тұрмысы, бірін – бірі сүймеген екі адамды неке сүйдіреді. Неке-махаббат жібі, ерлі-зайыпты адам қаншама бірін – бірі көрместік болып араздасса да, неке тұрған жерде махаббат үзілмейді. Ал, ерлі-зайыпты адамның жиренішті тұрмысына дәнекер болып тұрған жіпті үзетін бір нәрсе бар, - ол – талақ...» Міне, Зейнепті осы ойлар қатты қинайды, Айдарбектен шынымен – ақ айырылып қаламын ба деп өкінеді,  бір жетіден бері одан жеген таяқ та, есіткен сөздері де ұмытылды, бойын тітіркендіріп, тікенектей қадалып тұрған жалғыз сөз – талақ. Ашу үстінде мән бермей айтып қалған Айдарбек те кейінірек есін жиып, өз сөзінен өзі шошиды. Оның ойынша, бұл - кешірілмес қате. Шариғаттың бұйрығын істеймін десе, Айдарбек қатынын екінші біреуге қосып, ол адам талақ қылғанның артынан үш айдан кейін барып қайта неке қиып алу керек. Олай қылмаса некесіз қатын ұстаған болады. «Некесіз қатынның үйінің асы арам» деп шолақ молда екі күннің бірінде қақсайды». Бірақ жастай сүйіп қосылған Зейнебін Айдарбек қалай қисын біреуге? Осы жайлар оны да қатты қинайды. Ондай ой ұшығынан шыға алмаған Айдарбек Зейнепсіз маған шариғаттың қажеті не? деген ойға келеді де: - Шариғаты құрысын, қатынымнан айрылмймын...» деп түйеді ойын. Сырт қарағанда осы бір шағын ғана әңгімеде алып – жұлып бара жатқан тартыс желісі жоқ тәрізді, мынау ұнамды, мынау ұнамсыз деп тізбектеп жататын кейіпкерлер саны да көп емес. Әңгімеге Айдарбек пен Зейнеп екеуінен басқа олардың қызы Күләмза ғана қатысады. Әке – шешесі болар – болмас нәрсеге ренжіп қалса, ол да ренжиді, бүк түсіп ұйықтап қалады да, ал егер олар татуласып жайдары отырса, Күләмза да қуанады, шексіз бақытты адамдай көңілі тасиды. Мұның бәрі өмірде болатын, жиі ұшырайтын, екінің бірінде кездесетін ақаиқат жайлар. Алайда әңгімедегі оқиғаның идеялық мазмұнына тереңірек үңіле қараған адамға оның үлкен философиялық, тәрбиелік мәні бар екендігін түсіну қиынға соқпайды. Біріншіден, әңгімеде автор «талақ» деген ұғым жайындағы шариғат «сырын» әшкерелейді, ескі наным, діни ұғымды ирония арқылы шенейді, әлі де сондай әртүрлі ескі әдет – ғұрыптың ықпалында жүрген адамдарға ояныңдар, ескілік шырмауынан арылыңдар дегендей үгіт айтады. Екіншіден, баланы дұрыс тәрбиелеу үшін отбасындағы ата – ананың атқаратын рөлі, олардың өз бастарының үлгі-өнегесі бала жүрегіне қаншалықты әсер ететіндігі аңғарылып отырады.

       Жазушы қазақ  даласында кеңес үкіметінің алғашқы  күндерінен бастап – ақ болып  жатқан ұшан – теңіз өзгерістердің, жаңа қоғамның алып қадаммен алға басып дамуы үшін қаншалықты зор қарқын қажет екендігін дұрыс түсіне білді. Жаңа қоғамның даму, өсу, өркендеу заңдылығын осылайша түсінген үлкен суреткер халыққа қызмет қылудың басты шарты күнделікті өмірімізде болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде дұрыс байқап, оны көркем сөзбен бейнелеу, сөйтіп өз халқының тарихи шежіресін жасау деп ұқты. Сондықтан да елімізде Бейімбет қаламынан тыс қалған бірде – бір оқиға жоқ деп айтуымызға болады. Бейімбеттің бұл қасиетін заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезов: «Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым – қатынастары әрдайым нанымды боп шығады және бұл шығармалардың түр үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады. Бейімбет әңгімелерінің көп топтар революцияның ең алғашқы жылдарынан бастап, отызыншы жылдардың ортасына дейін совет дәуірінде қазақ ауылында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі деуге болады», - деп әділ бағалаған. Жаңа қоғамымыздағы қаулаған көп жаңалықтардың қас дұшпаны ауылдағы шала молдалар еді. Сондықтан Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында көптеген қазақ жазушылары қаламының уытты ұштарын қожа – молдаларға қарсы жұмсады. Ескі діни ұғымның, кертартпалық салт – сананың қорғаушылары – молдаларды сынау, олардың шын бейнесін жұрт алдына бүркеншексіз шығару қазақ жазушыларының қай – қайсысының да шығармаларынан орын тапқан тақырып. Бірақ қожа – молдалардың арамзалығын, дін иелерінің топас надандығын дәл Бейімбеттей өлтіре сынаған қазақ жазушысы кемде – кем. 1923 жылы жазылған «Шариғат бұйрығы» атты әңгімесінде Бейімбет Кәрібай молданың бастан кешкен «хикаясын» мазақтап сықақ етеді. Мұнда Тайлақбай деген кедейдің жалғыз биесін ұрлап әкеліп сойып алған Кәрібай молда өз ісінің шариғат заңы бойынша дұрыс екенін, не теріс екенін білмей қысылғансиды. «Құдай – ай, тым болмаса шариғат қарауында дұрыс болып, абыройым ашылмаса игі еді...» деп ойлайды да, өзінің ұрлығын ақтайтын шариғаттың риуаяттарын» қарастырады: Кітаптарын сапырылыстырып жүріп Кәрібай «ісмі ағзам дұғасын» тауып алады. Онда «егер бұл дұғаны езіп ішсе, дұшпандарынан сөзі үстем болады» деген жерін көріп, қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздайды. Оның ойы сол дұғалықты езіп ішсе, ұрлық жылқыны сіңіріп кететіндей. «Қаптаған қалың жау келсе де, - «ісім ағызам дұғасы» крепост қызметін атқаратын секілді болды». Бірақ дұғаны езіп ішуге дайын болғанымен, ораза қинайды. Енді қандай жағдайда оразаны ашып жіберуге болатынын қарастырады. Оны да тапты. «Жау қамап, жан қысылғанда» деген жері Кәрібайға ұнай кетеді, өйткені көп ұзамай бір тықырдың да болатынына сезіктенеді. Қызыл сиямен боялған дұғаны Кәрібай молда «шариғаттың бұйрығымен» ішіп жібереді. Әңгіме соңында дұға ішкенде сақалына жұққан қызыл бояу Кәрібайдың ұры екендігінің куәсі болады да, түбіне жетеді. Осы бір әңгімені оқып отырғанда жұртты алдап, садақа жинап күн көріп, шариғаттан өсиет айтып кісімсіп жүрген молда Кәрібай халық алдында ұры атанып, молдалық «сыры» ашылып қалады. Сөредегі қалың кітаптардың, бойтұмар қылған, езіп ішкен – «ісім ағызам» дұғасының шарапатын Кәрекең көре алмай қор болады. Бұдан да басқа әңгіме, новеллаларында, пьесалары мен скечтерінде Бейімбет Кәрібай секілді тұзағын жаюшы бай, молдаларға қайта – қайта оралып, оларды әр қырынан сынап, шенеп отырды.

      Бақсы – балгерге сеніп соның ем – домына үйренген халық дәрігерге сенбейді, ауырса құдайдың ісі, алланың жіберген ауруы ғой, амал жоқ көну керек, шыдау керек деген сияқты қырсық аурумен әрі надандықпен күресу Бейімбет шығармасынан кең орын алды. Оның «Иелі ауру, «Естай ауылы» т.б. әңгімелерінде осы жәйттер сыналды. «Иелі ауру» әңгімесінде Тілеуқабыл деген шаруа кісінің үй іші тегіс трахома ауруымен ауырса да надандықтың арқасында дәрігерге көрсетпейтінін, құдайдың жіберген иелі ауруы, не болса да көндік деген надандығын жазушы үлкен ренішпен суреттейді. «Естай ауылы» деген әңгімесі де «Иелі аурумен» тақырыптас. Жұқпалы аурудың дертінен он бес шақты үйі бар Естай ауылында бес-алты ғана қараша үй қалғанын, олардың да түгел шалдыққанын айтып шошиды әңгімеші. Бейімбеттің бұл тәрізді әңгіме, очерктері сол кездегі ауылда орын тепкен надандыққа қарсы ашық күрес еді, бақсы – балгер, қожа – молдадан бойларыңды аулақ ұстап, дәрігерге көрініп үйреніңдер, ауруларыңды тек солар ғана жаза алады деген идеяны қуаттайды.

       Бейімбет әңгімелерінде байларды конфискелеу де («Сары ала тон») еңбекшілерді артельге ұйыстырған коллективтендіру кезеңі де («Көктеректің бауырында», «Қара шелек», «Қызыл әскердің семьясы») т.б. бірсыдырғы тәуір суреттелінеді. Мұнда да Бейімбет өмірден үйренгені көп, білгені, байқағаны көп жазушы екендігін танытады. Колхоздастыру дәуірін суреттеуде қазақ кеңес жазушыларының біразы Бейімбеттен үйренді. Оған Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің колхоздастыру тақырыбына жазған әңгіме, повестері дәлел бола алады. Ондағы оқиға тартысы да, кейіпкерлер тағдыры да Майлин шығармаларымен үндес келеді. Колхоздасу мәселесі еліміздің тарихында, халқымыздың өмірінде бірінші рет кездесіп отырған оқиға болғандықтан да, ол оп – оңай, ешбір тартыссыз орнай қалған жоқ, көптеген ауыр күрделі қиыншылықтарға кездесті. Ол игілікті іске, бір жағынан «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деуші надандар, екінші жағынан; бетін бүркеніп алған тап жаулары саналы түрде артельге мүше болған колхозшылар арасында іріткі салып, қазаношақ, мал – жан бәрі ортақ болады-мыс, тіпті, әйелдерге дейін ортақ болатын көрінеді деп лақап таратты. Тап жауларының осындай ылаңымен күресу оңай соқпады. Коммунистік партия мен Кеңес үкіметі тап жауларымен де, әпербақан, ұрдажық жалған белсенділермен де қажырлы күрес жүргізді. Еліміздің тарихында болған осы бір жәйттер Бейімбет әңгімелерінде де із тастап, өз бояуын тапты. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Арыстанбайдың Мұқышы», «Ұлбосын», «Колхоз қорасында» т.б. көптеген әңгімелерінде Бейімбет колхоздасу дәуірінде кездескен қиындықтардың сол кездегі шындығын шынайы суреттейді. Бір жағынан саналы түрде колхозға мүше болып оның берік орнығуы үшін күрескен белсенді мүшелерінің ұнамды іс - әрекеттерін сүйсіне суреттесе, Ерман («Көктеректің бауырында») Дайрабай («Колхоз қорасында») т.б. екінші жағынан Омар, Айсары, Жүсіптер сияқты колхоз құрылысына кедергі келтірушілерді де әшкерелеп сынайды.

      Қазақстанда кеңес үкіметі орнауының алғашқы жылдарында сауатсыз халықты сауаттандырып көзін ашуды, сол арқылы надандықтан арылтуды кезектегі басты мақсаттардың бірі етіп қойды. Жаңа мектептер жер – жерлерде ашылып, оған құлшына барған сауатсыздар саны күннен – күнге көбейе түсті. Бұл салада да тап жауларының тигзіген әсері аз болған жоқ. Жаңа оқуды құбыжық көрсетіп, неше түрлі лақаптар таратты. Осындай қиын кезеңдерде ел өмірін кәнігі білетін халық жазушысы Бейімбет халқын жаңалықтан үркітпеуге, жаңа оқуды меңгеруге шақырды. Сөйтіп 20 - жылдардың екінші жартысында оқу – ағарту, халықтық білімдендіру тақырыбына арнап «Қайнаға өтірік айтады», «Бір адым», «Алғашқы сабақ», «Естегілер», «Ленин мектебі», «Бекберген мектебі» тәрізді біраз әңгімелер жазды. Бұл әңгімелерінде ескілік тұзағынан айрылып қалатынын сезіп, жаңа оқуға қарсы болған ауыл ақсақалдарымен, бай, молдаларды сынайды. «Сот алдында» әңгімесінде сюжетке үш жүйе мәселе арқау болды: 1) колхоздасу, г) ірі байды конфискациялау, з) шетелге қашқан байдың ұсталып сотталуы.

       Жазушы бір жүйе әңгімеде («Қара шелек», «Кеңес ағасы Камила» т.б.) колхоз өмірінің қалыптасып, күнделік салтына ену процесін суреттейді.   «Кеңес ағасы Камилада» Камила – белсенді, ауыл советінің бастығы, кохозшы, өзінің ауылын колхозға тартып үлгерген. Күйеуі Нұржан әйелінің тізгін алып кеткенін жаратпай онан ажырасып, балаларын да бөліп алмақ болады. Реніш онша кектеніп алқынбайды, араға өкіл түсіп, ерлі-зайыпты екеуі ажырасады. Нұржан өз ісінің қате екенін мойындайды.  Камила - мемлекеттік тәртіпке дағыланған қызметкер. Шағын әңгімеде ауылды колхоздастыруымен байланысты тұрмыстың түбірлі өзгеріске ұшырап жатқанын көреміз. Жергілікті совет жұмысы, колхоз жұмыстары әйелдердің қолымен, білімімен бітіп жатыр. Әңгімеде олқылықтар да бар.Сары жігіт пен оның зайыбы және Мұқан қартпен байланысты оқиғалар сюжеттен тыс очерктік дәрежеде берілген. Камила әңгіменің бас жағында көрінбейді, онымен сырттай танысамыз; тікелей оқиғаға ол әңгіменің аясында араласады. Нұржанның да эволюциясы байқалмайды. Бір топ әңгімелер («Көктеректің бауырында», «Колхоз қорасында», «Бейсекеңнің үйінде», «Охрана бастығы», «Сары май») колхоздың нығаюы процесін суреттеуге арналған. «Көктеректің бауырында» - сюжеттік уақиғасы қат-қабат, күнделіктің күрделі мәселелерін көтеретін шығарма, повестке тән белгілер бар. Мұнда кеңестік жұмыста біраз жыл істеп төселген қызметкерлердің ( Жақып, Рабиға) образдары көрінеді. Жақып, Омар деген байдың үйіне пәтерде тұрып ,байдың қызы Рабиғаның қылымсығанына елігіп, оған біраз жылы қарап жүреді.Кейін райком секретары Бөрібайдың көмегімен қатесінен арылып ежелгі күрескерлік жолына түседі. Жақып жалғыз емес, оны қолдайтын ауылдың кедейлері бар. Әңгімеде колхозға қас кейіпкердердің де образы көрінеді. Олар «бай Омар, Дәуітов Қасым, бөрінің бөлтірігіндей Жүніс. Бас кейіпкер Жақыпты жан-жақты суреттейді. Бай қызы мен Рақымның құбылыстары да қызық.

Информация о работе Б.Майлин әңгімелерінің негізгі тақырыптары мен өзекті идеялары