Бейімбет
Майлиннің «Қоңсылар» атты романы
жер-жерде кеңес үкіметі жаңа
орнай бастаған кезде, яғни
азамат соғысының шым-шытырық
оқиғаға толы қатерлі кезеңін
суреттейді. Бір кезде ақтың солдаттары
келіп елді тонауға кіріссе, қазақ ауылының
байлары оларға пара беріп жағынып, өздері
де бір көтеріліп, революцияның жеңісінен
үміт күткен кедейлерге доқ көрсетіп,
ақтың солдаттарына сабатып, оларды мейлінше
тұншықтырып отырған кезеңді суреттейді.
Мұнда әлі колхозда, коллективтендіру
де жоқ, қазақ ауылындағы бірен-саран хат
танып қалада оқып жүрген кедейлер болмаса,
жалпы кедей атаулысы революцияны, кеңес
үкіметін түсініп те үлгермеген кезең,
олардың бәрі дерлік әлі байдың есігінде
малайлықта жүрген, малын бағып, таяғын
жеп, езгілікте жүрген кез суреттелінеді.
Жазушының суреттеп отырған оқиғасы қазақ
даласындағы көп байлардың бірі Құсайын
байдың аулындағы кедейлердің өмірі. Жазушы
сонымен қатар байдың үй-тұрмысы, тіршілік
ісін де, оның есігінде жүргендердің байға
қайтсем жағынам деп жалпақтаған бейшаралық
халін де тәптіштеп жеріне жеткізе суреттейді.
Роман Қарақоға басындағы он шақты үйдің
әдеттегі тып-тыныш қалпы бүгінгі тіршілік
кезіндегі қызықты өмірді салыстыра суреттеуден
басталады. «Күн төбеге келген кезде, -
деп бастайды жазушы романды, - Қарақоға
көлінің басы әдеттегідей артықша шыжыған
секілді болды. Оған өзінше себеп бар:
бұрын Қарақоғаның күнбатыс жағында шоқиған,
мыжырайған, қара шұбарланған он шақты
ғана үй отыратын еді; тап бұл кезде бұл
он үйдің маңында адам тынысын тарылтқандай
таршылық, тығызшылық болмайтын еді, үй
көлеңкесінде қатын-қалаш, қыз-қырқын
жүн түтіп, түбіт иіріп, іс тігіп уақыт
оздырар еді...
Бүгін
аспандағы күн қандай қызса
Қарақоға көлінің маңы да сондай қызды: лек-лек атты,
топ-топ арба көлдің о жағынан да, бұ жағынан
да аңдағайлап келіп, он шақты үйдің орта
шегіндегі қоңыр төбел үйге кеп ат тұмсығын
тіреп жатты». Бұл - Құсайын елінде болған
қыз ұзату тойы. Құдалардың жастары, үлкен
кемпір-шалдары, немесе атақты сыйлылары
осы елдегі жасы елуге не келіп, не келмеген
өзі кедей болса да осы елге сыйлы Боқбасардың
үйіне түседі. Боқбасарды елі «Боқа» деп
сыйлайды. Өйткені Боқбасардың көбіне
жасы үлкен және осы он шақты үйдің бәрі
де – «Күнтуған» тұқымы аталады. Жастар
да осы үйге түскісі келеді, өйткені Боқаңның
Жұмакүл, Ырымкүл, Теңгекүл деген үш қызы
бар. Бірақ оларға өз қатарларың Жұмағазының
үйіне түсіңдер дейді.
Жазушының
үлкен шеберлігінің бірі деп
білетініміз – оқиғаның мейлінше
қызықты етіп суреттейтіндігінде. Бұл той
кімнің тойы еді, кімнің қызы ұзатылмақ?
Құдалар кімдер? – міне, бұл сұрақтарды
жазушы мүлде жауапсыз қалдырады. Оған
кейінірек келесі тараулардың бірінде
шегініс жасау арқылы айтады. Қазір оқушы
да ол мәселеге онша құмарта қоймайды,
өйткені жазушы тойдың той-думанын сонша
қызықты да тартымды етіп суреттеген соң,
сол оқиғаның ізін қуалаумен болады. Әуелі
жазушы тойдың қызықтығына қызықтырады,
сонан соң Боқбасардың отбасымен, әйелі
яғни Дәметкенмен одан көрген үш қыз бір
ұл барлығын айтып кетеді де Боқаңның
мінезін, характерін, бүкіл табиғатын
асқан реалистік шеберлікпен суреттейді.
Әке-шешеден ерте жетім қалған Боқаң 15-ке
жетер-жетпесте-ақ қой соңына түскені,
одан жылқы баққаны, сөйтіп жүргенде өзімен
тете ағасы өліп, оның жас әйелі Дәметкен
жесір қалғаны, оны ел Боқаңа қосқаны әдемі
баяндалады. Дәметкенді жазушы кедей
жерден шықса да, кісі есігінде жүріп күні
өтсе де өте таза, епті адам еді дейді.
Асықпай саспай жүріп жұмысты тап-тұйнақтай
етіп бітіруші еді, соның арқасында байлардың
үйіне басқадан өтімді, бір аяқ қымызды
артық ішіп кететіндей өнері бар еді –
дейді. Үш қызы да қолдың саласындай боп
қатар өскенмен, көрік пен ақылға кем болмағанмен
үйде көп отырып қалады. Оның себебін жазушы
тұп-тура әкесі Боқбасардан көреді. Боқбасар
бір емес талай адамның бетін қайырады.
Оның осы мінезін жазушы қызықтап кетеді.
Қыз айттырып келгендер Күнтуған тобына
келіп көрші үйдің біріне түсіп бір пысықты
Боқбасардың қызын көріп келуге жібереді
екен де, олар ұнатып келген соң енді құда
түсудің қамына көшіп, сол елдің молдасы
Бекболатты жібереді екен, ол келіп әңгіме
бастай бергенде-ақ Боқаң: - «Байсырап
отырған қызым жоқ, әзір асықпаймын... бере
алмаймын» дейді екен. Құдалар кеткен
соң, Боқбасар үйде жалғыз қалса, өзінен-өзі
ойланып: «осы менікі не? Неге тырыстым
осы?» деген сұрақтар жан-жағынан жауа
бастайды. Нақ мұндай, өзіне-өзі жүгініп
отырған кезде күйеуді мақтамай ғана біреу
келіп сөз салған болса, Боқбасар үш қызын
қабатынан беріп жібере жаздайтын сияқтанады.
Дұрыстыққа жатпайды-ау... Баланың бағын
байлап... «деген ойға да келген секілденеді.
Сөйтіп жүргенінде тағы біреу келсе, «құданың
байрығы, пайғамбардың сүндеті» деп Бекболат
сөзін бастаса, Дәметкен ынтығып телмірсе,
Боқаңның ескі жыны ұстайды да қалады.
- Бере алмаймын!... Жұмысың болмасын! – деп басы қақшаң етеді.
Міне, Боқтыбайдың мінезінің
бір көрінісі. Бұған ызыланған
құдалар да, өз
ағайындары да неше түрлі
сықаққа жүгіртеді: «Қақпас шал,
сиырдай ғып үш қызды бірдей сақтап
қайтпекші екен?... деп те кеийді.
Сонда Боқаң не құданы, не күйеуді ұнатпағандықтан емес,
тек кесірліктің әлегінен көнбейтін көрінеді.
Жұмакүл 21-ге, Ырымкүл 19-ға, Теңгекүл 16-ға
келеді. Елдегі 20-ға келген қызды «кәрі
қызға» жатқызады. Енді бұрынғыдай жастар
емес, әйелі өлгендер келе бастайды. Бірақ
Боқаңның сырын білгендер оған барып сөз
айтудан бас тартады. Енді Күлеуіттегі
Асанбайдың тоқалы өліп, сол сөз айтады.
Асанбайдың сөз айтуы Күнтуған тұқымына
қатты батады. Өйткені, Асанбай байлықпен
емес, «етінің тірілігімен» ептілігімен
аты шыққан жігіт. «Асанбайдың қырық жігіті
бар екен» деген атақ та елге тарап кетеді.
Сондықтан оны елінің игі жақсылары төреден
бетер сыйлайды. Боқаңның тағы бір мінезі
Күнтуған тұқымындағы он үйлі ағайын-інілерінің
бәрі де өзінің ізін басып жүргеніне қарамастан
бәрін де әлі бала көреді. Егер біреуіне
ашуланса дұрыс-бұрысын тексерместен
көзі шақшиып шыға келеді де қайың таяқты
ыңғайлай бастайды. Оны ертеңіне жігін
жатқызып «араларыңдағы жалғыз шал ғой,
сендердің арқаңда кісі боп жүр ғой» деген
сөздермен жарастырып жүрген Дәметкен.
Боқаң ертеңіне келген інілеріне кеше
түк болмағандай сөйлеседі. Бұл, әрине,
Боқаңның ешкімге кек сақтамағанын көрсетсе,
екіншіден біздің халқымыздың үлкенді
сыйлап үйренген жақсы әдетін көрсетеді.
Құсайын
байдың есігіндегі кедейлер психологиясы
әртүрлі. Олардың санасы бірте-бірте оянып
жатқанға ұқсайды. Араларындағы тартыс
та қызық дамып өрбиді. Бұл роман басқа
шығармалардан гөрі көлемірек те, идеясы
айқынырақ. Осы романның бөлек бір үзіндісі
«Әдебиет майданы» журналының 1932 ж №10
санында жарияланған.
Бейімбет
«Ауыл» атты әңгімесін «ұзақ
әңгіменің бір көрінісі» деп
көрсеткен. Әңгімедегі баяндалған
оқиғаның желісіне қарағанда
бұл шығарма «Қоңсылар» романының
бір тарауы екенін байқау қиын
емес. Әңгімедегі оқиға «Қоңсылар»
романындағы оқиғаның алғашқы көріністерінің бірі. Құсайын
байдың аулында болған бір оқиғаның көрінісі
десе де болғандай. Оқиға дамуы өрістей
келіп, шарықтау шегіне жетеді, ақыры шешімін
табуы – бәрі де бір шығарманың жинақты
түрін танытады. Сондықтан да оны өз алдына
бір көркем шығарма деуге болар еді, бірақ
әңгімеде оқиға тартысына араласқан кейіпкерлердің
бәрін «Қоңсылар» романынан кездестіргендіктен,
еріксіз сол романның бір бөлігі екенін
айтпасқа болмайды. Мұндағы Құсайын байдың
өзі, бәйбішесі Карима, баласы Әбділда
туралы қосымша түсініктеменің, яғни олардың
портретін суреттеп жатудың қажеті жоқ,
ол бізге «Қоңсылар» романының басқа да
жарияланған үзінділерінен белгілі. Әңгімеде
суреттелінген оқиға тартысы өте қызық
та, тартымды. Бірден дами түседі. Оқушысын
енді не болар екен дегізіп ентелендіріп
қызықтыра түседі. Тартыс мейлінше қою,
оған қатысқан адамдардың ара-қатынасы
анық, характерлері де тайға таңба басқандай
айқын. Әңгімеде суреттелген оқиғаның
барысына көз жіберсек, Құсайын деген
бай қашып жүрген ақтардың бір солдатын
ұстап алып, оны ақтарға апарып қосу міндетін
өзінің есегінде жүрген жалшылары Боқбасар
мен Имашқа тапсырған сияқты. Олар солдатты
ақтарға тапсырмақ болғанда ол бұлардың
ат арбасын тартып алып, өздерін де өлердей
қорлайтын көрінеді. Әңгімедегі оқиға
он күндей жол жүріп, арып-ашып аулына
әрең жеткен Боқбасар мен Имаштың ауылға
жетуінен басталады. Имаштың бұл елге
келіп Құсайын байдың есігінде жүргеніне
үш-ақ жыл болған, ал Боқбасар Құсайын
байдың казіргі студент баласы Әбділданы
кішкентайынан біледі. Ол осы үйге малайлықта
жүргенде Әбділда жалаңаш жүрген бала
еді. Оны Боқбасар талай еркелеткен болатын.
Сол Әбділда енді Боқбасарды ақтардың
отрядынан солдаттар алғызып, Имашты тауып
бер деп қинауда. Боқбасардың аман келгеніне
үй-іші қатта қунса, Имаштың аман келгеніне
байдың үйі қуана қоймайды, тіпті ат пен
арбадан айрылып келгенін есіткенде байдың
үйі шу ете түседі. – «Бір ат құрлы құны
жоқ шірік, сорайып өзі келгені несі!»
- деп бәйбіше шаптықса, «кім таста деді
саған? Ат арбаны тастап неге келесің?
Таптырамын! Табасың» - деп тепсінеді Құсайын.
Әңгіме ұшқыны келіп Құсайын Имашты сабамақ
болып таяғын ала ұмтылғанда Имаш өзін
ұрғызбай шап беріп, оның қолынан таяғын
тартып алады. Бұл оқиға Құсайынның жүрегіне
оқтай қадалады. Есігінде жүрген кедейдің
қол көтеруі, өзін ұрғызбауы – аспаннан
жай түскенмен бірдей әсер етеді. «Масқара-ай!
Сұмдық-ай! Құлдың да басынғаны ма?» - дейді
бәйбіше булығып. Сонымен бұл ауылда қалудың
орны жоқ екендігін сезінген Имаш түнделетіп
басқа ауылға қашып кетеді. Кетер алдында
сол ауылдағы Молдаш деген мұғалімге барып
жол сұрап кеңескісі келіп еді баймен
қарсыласуға қарсыласты, бірақ сол қарсыласуы
дұрыс па еді? Осы мәселелерді түсіне алмай
Молдаш мұғалімнен ақыл-кеңес күтіп еді.
Одан ештеңе шықпайды. Оның айтқаны: «Қалай
болсын, большевикті талау. Большевик
деген сөз» - деп түсіндіреді. Өз ісінің
әділдігіне сенгенмен Әбділда сияқты
шонжарларға қарсы тұрар күштің әлі жоқтығын
сезген Имаш поселктегі Алексей Федоров
бастаған большевиктердің отрядына қосылуды
ойлап, түнделетіп жүріп кетеді. Студент
Әбділдә жер-жердегі большевиктердің
отрядтары жайлы хабарлап тұрған ақтардың
жансыз агенті болатын. Имаштың өзі ғана
емес, оны қолдаушыларды түгел қырып-жою
үшін Қызылжардан солдат шақыртады. Ертеңіне
сау етіп келген он шақты солдат Әбділдасын
тауып алады да соның айтуымен Боқбасарды
алып қалады, соның айтуымен Боқбасарды
өлтіре қинайды. Ел болып үй-үйден ақша
жинап жүріп солдаттардың бастығына пара
беріп, Боқбасарды алып қалады, бірақ оның
тірілер-тірілмесі белгісіз, есінен айырылған
қалпында жатады. Міне, әңгімедегі оқиға
тартысының ұзын-ырғасы осындай. Оқиға
еліміздегі азамат соғысы болып жатқан
кезеңді суреттейді. Сол ауыл кедейлерінің
таптық санасының бірте-бірте оянып келе
жатқандағы даму процесін жазушы асқан
шеберлікпен суреттейді. Бүкіл өмірін
Құсайынның есігінде өткізген Боқбасар
он шақты күн жүрудің арқасында ақтардың
кім екендігін, большевик дегендер қандай
болатынын және олардың кедей үшін жандарын
қиятынын көріп, көзі ашылып, санасы ояна
бастайды. Имаш кеткен күні Құсайындардың
зорлықшылдығына ашуланған Боқбасар:
- «Бәлем, тоқтай тұрсын, большевик аман-есен
келетін күн болса, біздің де күніміз туар»
- деп кіжінеді.... Большевик бұлай істемейді.
Большевик кедейді сүйеді. Большевик әділдік
істейді. Большевик біздің Имаштар сияқты
адамдар. Имаштар көрдің бе, нағыз большевик
– дейді ол қызына түсіп. Большевик деген
сөздің не екенін түсінбей отырған Боқбасардың
кемпірі Дәметкен: «Батыр-ау, ол айтып
отырғаның адам ба еді? – дейді. Кемпірімен
сөйлескен кезде большевиктерден ғана
үміт күткен Боқбасар ақтар отрядының
бастығы Имашты тауып бермесең өлтіремін
деп қинағанда Әбділдәдан жақсылық күтеді.
«Бәрінің ортасында қолға түскен қасқырдай
алақтап Боқаң отыр. Солдаттың ортасында
жалғыз қалмағандығына, Әбділданың отырғандығына
өзінше шүкірлік қылатын секілді» - деп
түсіндіреді жазушы. Бейімбет реализімінің
күші де осында. Жаңа ғана Әбділдалардан
мүлде түңіліп, большевиктерге арқа сүйеп
отырған Боқбасар енді қысылған кезде
Әбділдадан жәрдем күтіп, әлде болса да
солдаттардың жүндеуіне бере қоймас деп
үміттенеді. Бірақ ол үміті ақталмайды.
Әбділда мұны адам-ау деп те аямайды. Қайта
ақтардың қорлығына шыдай алмай жан ұшырып
– «Әбділдажан, өлдім!» - деп кіжінеді.
Бұл
әңгіме «Ауыл»деген атпен «Әдебиет
майданы» журналының 1932 жылғы №10
санында жарияланған болатын. Ал 1933 жылдан бастап Бейімбет
«Қоңсылар» атты романын «Әдебиет майданы»
журналында жариялаи бастайды. Үзінділері
«Әдебиет майданы» журналының мына сандарында
жарық көреді: 1933, №4, 18-24 б. №5,4 бет; 1935 ж.
№1, 45-55 бет, №2, 23-36 б, №4, 7-11 б, №12, 14-24 бет;
3, 1936, №1, 45-55 беттер, №2, 23-36 б, №4, 7-11 бет.
Бейімбеттің «Тартыс» атты романындағы
суреттелінген оқиға Тобыл өзенінің
бойындағы жұрт аузына іліккен
ауылдың бірі – Жалмамбет қажының
ауылы. Мұнда Жалмамбет қажының
өз ұрпағы аз, қалғандары қырық ру керей, найман,
башқұрт, татар, қарақалпақ, түрікпен елінен
де бар. Осылардың бірсыпырасы Жалмамбет
қажының шешесінің шақырғанына сеніп
келгендер. Содан ауыл құралған. Ауыл болған
соң бұлардың әрқайсысының өз кәсібі бар:
біреулері қажының отымен кіріп, суымен
шықса, енді біреуі шабармандық қызмет
атқарады. Осының бәрін ұйымдастыратын
Берғали. Тәңірберген, Жүсіп дегендерді
өлке бойындағы ел қажының саудегерлері
дейді. Өйткені өлке бойындағы үш ауылнай
ел бұларды іске араластырмай ала арқанын
да сатып көрген емес. Түскен пайданың
теңжартысы – қажынікі. Жазушы қажыны
шын әулие» кісі ғой, ол кісі біреуден
олжа дәмету дегенді біле ме, мына қулар
қажыға «сездірмей», Бәйкен бәбішеге
«жасырып» қана береді ғой» - дейді.
Романдағы
басты кейіпкердің бірі Жоламан (шын аты
Абдрахим). Оның арғы түбі түркпен көрінеді.
Елдің айтуына қарағанда оның әкесі Жалмамбет
тұқымына ұзатып келген бір келіншектің
шаңырақ түймесіне мініп келіпті деседі.
Қажы «мейірімділік» жасап Жоламанның
әкесіне бір жалшының қызын әпереді. Содан
Жоламан туады. Оның сыртқы келбетін де
жазушы тұқырта суреттейді: «Мұрны қолағаштай,
иегі – кем иек, қасының арасы қосылып,
түксиіп, көз жанарын басып кеткен; бет
аузы ұйысқан сақал. Сөзді дәбірлеп сөйлейді,
бірақ аз сөйлейді. Басқа жұрттай әңгімеге
араласпайды, я ғибадат істеп діншілдікпен
де атағын шығармайды. Ауыл-аймақ бұдан
көптен түңіліп «екі аяқты хайуан» деген
қорытындыны әлдеқашан шығарып қойған
болатын».
Жоламанды
үйінен шығарарда қажы оған
қойшы мінетін жауыр кер шолақты, Ырысбек деген кедейден өлген
тайдың құнына алған сынық мүйізді қоңыр
сиырды берген екен. Содан бірнеше жыл
өтсе де Жоламан осы кедейлігінен өзгеріп
кетпейді. Соңғы жылдары жоқшылық па, жоқ
зердесіне біткен өнер ме ол ағаш өнерін
кәсіп етіп алады. Жазғытұрым ағаш соқа
істейді, жұрттың сынық арбасын бүтіндейді,
кереге көктейді, уықтың жазылған қарын
иіп береді. Күннің шыжыған ыстығынан
да қорықпайды, күнге күйген қайыс маңдайын
жалтыратып ағашпен алысады да жатады.
Шөп шабу, егін салуға келгенде де Жоламан
алдына жан салмайды. Жалмамбеттің қойын
бағып жүрген кезінде Жоламанның жолы
бола кетеді. Жалмамбеттің Досан сиыршысы
қайтыс болып, оның Гүлбарша деген әйелі
жесір қалады. Оны бәйбіше қолдан шығарғысы
келмейді. Сондықтан мұндайда жалаңдап
жүгіретін Ыдырыс пен Ысқақ ақсақалдардың
діңкесі құриды. Гүлбаршаның басын саудаға
сала алмай үні өшеді. Сөйтіп жүргенде
«Гүлбарша жүкті екен» деген хабар бәййбішенің
құлағына жетіп, оны біраз таяқтаған соң,
бәйбішенің ұйғаруымен болу керек, Берғали
пысық Абдрахман қалфені шақыртып, Гүлбаршаның
некесін Жоламанға қияды. Содан былай
Жоламан мен Гүлбарша ерлі-зайыпты адамның
өмірін басынан өткізе береді. Жұртқа
ұқсап ұрып-жұлысуды да білмейді, тіпті
бір-біріне қатты сөз де айтып көрген емес.
«Жаз болса байдың қараша үйінің босағасында,
қыс болса төл қамайтын үйдің пешінің
жанында бірер құрым киізге оранып жатып
түнді өткізеді».
Өмір
осылай өтіп жүре береді. Бір
күні Гүлбарша ұл табады. «Мұны
кімнен таптың? деп Жоламан да
сұрамайды», шын әкесі түгенше
еді» деп Гүлбарша да айтпайды. Қайта Жоламан езу
тартып қуаныш сезімін білдіреді.
- «Әй,
жігіт, балаңның атын кім қоямыз?»
- деді Гүлбарша күлімсіреп.
- Мұның
аты «Жақсылық» болсын деді
Жоламан.
Сосын
басқа баладай «шілдехана» да
болған жоқ, Абдрахман қалфе азан да шақырған жоқ, әлгі
бала өзінен - өзі «Жақсылық» - аталып жүре
берді» - дейді жазушы.
Суреткер Жоламан образын шынайы бейнелейді.
Оның қой аузынан шөп алмайтын жуастығын
да, таңның атысы, күннің батысы қолынан
балта кетпейтін еңбекқорлығын да, күш-қуаты
азайып, бойын кәрілік дерті билей бастаған
кезеңі де барлық кішігірім фактілерімен
реалистік бейнеде суреттейді. Ол Гүлбаршаға
үйленгеннен кейін тоғыз ай күтпей-ақ
алты ай өткен соң босанған Гүлбаршаның
тағдырына да ой жүгіртіп, күдіктенуді,
қызғануды білмейді. Жақсылық та қанаттанып
өсе береді, қайратты жігіт болады. Жоламан
алпамсадай жігіт болған Жақсылықты көргенде
бойын қуаныш билеп, Гүлбаршаға қарап:
«Сен жаманға тартпаған, балам өзіме тартып
туған» деп жымыңдайды. 1916 жылдың дүрбелеңі
келіп Жақсылықты әскерге алып кетеді.
Бұған Жоламан қатты қиналады. «Патша
тағынан түсіпті, балалар қайтатын болыпты»
деген хабарды естігенде Жоламан өмірінде
бірінші рет: Ә, тегіңді пәлен етейін, өзіңе
де осы керек еді!» - дейді. Күнін әрең
көріп, үлкен бейнет үстінде әлектеніп
жүрсе де өз өміріне, өсіп, қайраттанып
келе жатқан Жақсылығына масаттанып, кедейлік
өміріне де қанағаттанып жүрген Жоламанға
тағы да ойда-жоқта қауіп төнеді. Оны Берғали
пысық қажының үйіне шақырып алып: -Ақ
түйенің қарны жарылды, алаш үкіметі құрылатын
болды. Соған сіздің балаңызды аттандыратын
болдық,- деп көлгерсиді. Әскер десе шошып
түсетін Жоламан: - «Алашыңның да керегі
жоқ, ордаңның да керегі жоқ: ата-бабам
ордаға кіріп те көрген жоқ: бала өзімдікі,
менің баламда ешқайсысыңның жұмысың
болмасын!» - деп қарсы болады. Оның аяғы
келіп уезден келген өкілдің айтуымен
алашқа қарсы Жоламанды да, оған ара түскен
баласы Жақсылықты да ауылнайдың жігіттері
таяққа жығып кетеді. Тұла бойын қан жауып,
естен танып, әкелі-балалы екі азамат өлім
халінде жатқанда қажының үйінде той -
думан болып жатады. Жазушы осы бір қарама
–қарсы өмір көріністерін аса асқан шеберлікпен
бейнелейді. Бір ауылда бір кезде болған
екі өмірді суреттей келіп жазушы өз ойын
былай түйеді: «Ауыл өмірі осы. Ешнәрсені
сезбеген, ешнәрседе жұмыстары жоқ сияқтанып,
малын иіріп, сиырын сауып, қазанын шақырлатып
қырып, жер ошақ біткеннен көк түтінді
көлбете ұшырып сол өмірімен алданып отырған
сияқты.» Жақсылық ер жетіп, жігіт болды.
Әкесіне ара түсемін деп ауыл шабармандарының
таяғына жығылды. Енді жазушы сол Жақсылықтың
алаш отрядына алынып, сонда қызмет етіп
жүргендігін суреттейді. Алаш отрядында
жүрген Жақсылықты Сейіт деген жолдасы
үгіттеп 200 шақырым жердегі нағашысының
аулына қарай көндіреді. Халық қамқоршысымыз
деп көлгірсіген алаштың халыққа жасаған
«қамқорлығы» романда байқалмайды. Оның
өкілі алаш үкіметіне қарсылық көрсету
деп, Жоламан мен баласы Жақсылық екеуін
таяққа жықты. Енді не болар екен? деп ойлаған
оқушы Сейіт пен Жақсылықтың қыстың сықырлаған
аязында айдаладағы Сейіттің нағашысы
Жақиядан пана іздеп қашуы да тегін болмаса
керек.
«Тартыстағы»
суреттелінген басты оқиға Қазан
төңкерісі жеңіп, жер-жерлерде
азамат соғысы жүріп жатқан
кез. Тап күресі де әлі белең
алмаған кез. Алаштар өз алдына
үкімет құрамыз деп аласұрып жүрген кез. Қазақ
даласындағы байлар да баяғы қалпында
есігінде жігіт ұстап, малайлар жұмсап
отырған кез. Патша үкіметінің құлағанына
қуанғанмен кедей сорлы әлі де жақсылық
атаулыны көре қойған жоқ. Бір жағынан
елдегі байлар, билер, елдің пысықтары
бұрынғы езуін, қорлауын қоймаса, екінші
жағынан, «алашорда» үкіметі деген бәле
шығып, неше түрлі салық салып әбден титықтатып
болды.
Осы
романында Бейімбет азамат соғысы
кезіндегі ауыл өміріндегі осындай
қым-қиғаш оқиғаны суреттеуді
мақсат еткен. Оқиға тартысы енді қызып
келе жатқанда шығарма аяқталмай үзіліп
қалады. Бірақ осы баспа бетін көрген романның
алғашқы бөлімін оқыған оқушыға оқиғаның
немен аяқталатынын байқау қиынға соқпайды.
Шығарманың негізгі идеясы айқындалып
қалады. (1932 ж. «Әдебиет майданы» журналының
№2,3 сандарында жарияланған көлемі 3 бет).
Осы басылымның өзінде Бейімбет бірнеше
характерлер жасай білген. Мұнда бірнеше
кедейлердің жұпыны өмірі де, алаш үкіметінің
сиқы да, сол кездегі қазақ байларының
байлыққа мастанған масыл тұрмысы да өз
бояуын тауып, реалистік шындықпен шынайы
суреттелінген. Алаш отрядынан қашып,
«бізге пана болуға жарайды» деп алыстан
арып-ашып іздеп келген Сейіттің нағашысы
Жақияның өмірін жазушы қандай шебер бейнелей
білген.
«Сығырайған
білте шамның түтіндеген жарығына төне түсіп,
қоныштық былғарыны тізесіне салып, екі
үлкен тарамысты ерсілі-қарсылы қою сақалды
қотыр бет арық қара кісі тігін тігіп отыр.
Бұл Аманға қараған елдегі Жақия дейтін
белгілі тігінші еді. Еттен айрылған қара
қайыс бізді тезінен шанышқанда адамның
көзі ілеспейді. Арбиған дене иіліп, бүгіліп
машинеше қозғалады. Түннің біразы өтті.
Дала түтеген боран. Ызылдаған, ысқырған
қатты желдің екпіні үй ішіндегі адамды
түршіктіріп жібергендей. Қиыршық па,
қар ма терезеге тырс-тырс тиеді. Астаудай
қушиған аласа, тар үйдің жалғыз терезесін
қар сірестіріп әлдеқашан көміп кеткен».
Міне, бұл жертөледе өмірін өткізген Жақия
кедейдің өмірінен бір көрініс. Әрі қарай
бір-екі жолдар арқылы жазушы Жақияның
образын айқындай түседі. Оның өмір бақи
тігіншілікті кәсіп етіп, неше жылғы тапқаны
бір қыздың қалың малына зорға жеткенін,
сөйтіп жасы қырыққа келгенде әрең үйленгенін,
Сақып деген жар сүйгенін баяндай келіп,
ерлі-зайыпты тұрмыс құрғанына екі-ақ
жыл болған екі кедейдің тұрмыстағы қарым-қатынасын
бет пішіні мен мінез-құлқына дейін тәптіштеп
суреттейді. Қосылғанына екі-ақ жыл болған
жас келіншек Сақып туралы жазушы былай
баяндайды: «Көйлекшең, төменгі жаулығын
орай салып, бір тізелеп қана отыр. Екі
көзі тарамыста. Быршықтау келген қара
қошқыл кір саусағы тарамысты талдап жып-жып
етеді. Оқта-текте басын көтеріп, аларған
көзін Жақияға бір қадайды» - дейді де
енді жазушы Жақияның портретін Сақып
көзімен қарайды да былай суреттейді:
«Бет аузы қож-қож қорасанның дағы, қоюлана
біткен сақал-мұрт шүңірейіп ішке батқан
екі көзі – осыдан басқа Жақияда түр де
жоқ, сын да жоқ». Бейімбет шығармалары
жайлы сөз қозғағанда, олардағы образ
характерлердің жасалу тәсілін талдағанда
еріксіз жазушының өзіне сөз бергің келе
береді. Өйткені ауыл өмірін, ондағы байлар
мен кедейлер тұрмысын өте жақсы көретін
нағыз халық жазушысы Бейімбет бірер сөзбен-ақ
адамның сыртқы тұлғасын да, ішкі психологиялық
дүниесін, сана-сезімін, мінез-құлқындағы,
кейбір оғаш қылықтарына дейін ап-айқын
суреттей білген. Жазушының жасаған характерін
оның өзінде ешбір зерттеуші жеткізе алмайды.
Мысалы, осы Жақия мен Сақыптың ара-қатынасына
көз жіберейікші. Бағатын малы, ермек қылатын
баласы жоқ жас келіншек Сақып көрген-білгені
Жақия болған соң соған серік болғысы
келіп қасына барып әңгімеге шақырады.
Күндіз-түні еңбектен қолы бір босап көрмеген
Жақия оның әңгімесін жаратқысы келмейді.
Еркектігін білдіріп әйелін мұқата сөйлеп
тәрбиелегісі келеді.