Саяси партиялар жөне партиялық жүйе

Автор: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2012 в 15:37, реферат

Описание работы

Қазіргі типтегі саяси партиялар мен партиялық жүйелердің қалыптасу кезеңі XVI-XVII ғасырларда Еуропада болған буржуазиялық революциялар дәуірімен тікелей байланысты. Тек XX ғасырдың соңғы жылдарында олар саяси күресте шыңдалған, басқару жағынан мол тәжірибесі бар әр түрлі әлеуметтік топтардың сыннан өткен нағыз саяси партиясына айналды.

Работа содержит 1 файл

61__.-__.doc

— 839.50 Кб (Скачать)

Лидерлерді өздерінің лидерлік функцияларын жүзеге асыру тәсілдері бойынша авторитарлық және демократиялық деп бөлуге болады.

Авторитарлық лидер өз қызметінде қысым көрсету, мәжбүрлеу, бағындыру әдістеріне басымдық беріп, бағынушысының жақсы атқарушы болуын талап етеді. Демократиялық лидер бағыныштыларына еркіндік пен жауапкершіліктің белгілі бір дәрежесін бере отырып, олардың дербестігін, бастамасын қолдауға ұмтылады.

Алайда, лидерлік функцияның типінен, оны жүзеге асыру тәсілінен тәуелсіз лидерлік:

а) ортақ мақсатқа жету жолында топ мүшелерін біріктіруді;

ә) осы топқа кіретін адамдар арасындағы өзара қатынастарды реттеуді;

б) топтық құндылықтардың қалыптасуы мен олардың жүйеленуіне ықпалын тигізуді қамтамасыз етуге міндетті.

Саяси лидерлік – саясат сферасында жүзеге асатын әлеуметтік лидерліктің бір формасы. Саяси лидерлік тұлғадан кәсіби қызмет үшін қажетті қасиеттердің бар болуын талап етеді. Бұл қасиеттер әртүрлі болып келеді. Оларды жалпы түрде былай топтауға болады:

1. Салмақты саяси шешімдер қабылдауға қажетті дағдылардың, іскерлік пен білімнің болуы. Бұл үшін адамдардың мүдделерін білуі, оларды біріктіре әрі саясат сферасына икемдей алуы керек.

2. Мақсаттылықты, ерік пен ұйымдастырушылық талантты талап ететін шешімдерді жүзеге асыра білу қабілеттілігі.

Саяси лидердің функциясын тиімді түрде жеке индивид, тұлға емес, саяси партияға ұйымдасқан саяси топ атқара алуы мүмкін. Саяси партияның лидер ретіндегі басымдығының өзі сонда, ол мүшелері саясат сферасын өздерінің қызметі үшін таңдаған әлеуметтік-белсенді топтың саяси энергиясын өзінде біріктіреді. Саяси өмірдің тарихында партиялықтың дамуы саяси ынтымақтас топтардың пайда болуынан саяси партия тәрізді саяси ықпалды құрылымдардың құрылуына дейінгі жолдан өтті.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында демократиялық қоғамның қажетті құрылымы көппартиялық саяси жүйені қалыптастыру процесі белсенді жүргізілуде. Біздің еліміздегі барлық саяси партиялар қызметтерін ҚР Конституциясының шеңберінде жүргізуге, парламенттік партиялар есебінде «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарды орындауға міндетті. Олардың негізгі міндеттері өкілетті органдарда сайлауға қатысу, осы негізде билік құрылымдары арқылы өздерінің мақсаттарын жүзеге асыру. Бұл мәселенің іске асуымен партияның шынайы ықпалдылығы және саяси салмағы өлшенеді.

 

Тақырып №10: Саяси тәртіп

1.       Саяси тәртіп ұғымы мен типтері

2.       Тоталитаризм ұғымы және оның идеялық бастаулары

3.       Авторитарлық саяси тәртіп.

4.       Авторитаризмнен демократияға өту.

Дәріс тезисі:

Саяси режим саяси жүйенің де, қоғамның, мемлекеттің, тұлғаның да мәнді сипаттамасы.

Саяси режим тұлғаның саяси шынайылықты және оның проблемаларын түсінуіне шешуші ықпалын тигізетін саяси еркін қалыптастыра отырып, белгілі бір деңгейде тұлғаның әлеуметтік-саяси белсенділігін шектейді. Сондықтан да, саяси режим – абстрактілі категория емес, ол шынайы әлеуметтік-саяси мазмұнға ие. Ол сонымен бірге адамның ішкі дүниесін, оның құндылық бағдарларын қалыптастырады.

Саяси режим саяси жүйенің құрылымдық элементтеріне, олардың саяси басымдылықтарына, биліктік әсер етудің әдістерін, құралдарын таңдауына ықпал етеді.

Саяси режимнің қызмет етуі қоғамның саяси мәдениетіне, адамдардың саяси тәжірибесіне, халықтың діліне айтарлықтай әсер етіп, тұлғаның қандай да бір саяси режимді қалауын қалыптастырады.

Авторитарлық режим. Ол айтарлықтай кең негіздерге ие. Өйткені, бедел – билік пен билік құрудың қажетті құрылымдық элементі. Оны биліктің атрибутивтік белгісі деп есептеуге болады. Сондықтан билік, билік құрушы субъект өз беделінің сақталуы мен өсуіне әрдайым қамқорлық жасап отырады. Бедел биліктің және оның шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығын қамтамасыз етеді. Билік құру тек қана зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу емес, оны бағынушының келісімі негізінде басқару болып табылады. Бедел билік құрушы субъектіні бағынушылардың үстінен қарайтын және олардың тіршілік әрекеттеріне бағдар беретін күшке айналдырады.

Авторитаризм, авторитарлық саяси режим – билік құрушы элитаның бөлініп шығуы, жеке бостандықтар мен саяси бәсекелестіктің шектелуі, адамдарды саяси қауымдастыққа біріктіретін тіршілікке қажетті әлеуметтік-саяси факторлар тән ерекше саяси режим. Сол себепті авторитарлық режим өз бетінше қызмет етеді, - онда билік үшін ашық бәсекелестік күрес жоқ. Билік үшін күрес, көп жағдайда, саяси тартыстар түрінде билік құрушы элитаның ішінде жүреді. Қоғам құрылымданған, саяси рөлдер анықталынған, саяси жинақылық төмен.

Қоғам үшін ашықтықтың белгілі бір дәрежесі мен саяси бәсекелестіктің болуы тән. Саясат элитарлық әрекет деп танылып, саяси элита топтарының арасында ашық, заңдастырылған саяси күрес жүреді. Тарихи тұрғыдан қарасақ, бұл, мәселен өнеркәсіптік және аграрлық экономикалық элиталардың арасындағы күрес болуы мүмкін. Мысалы, XVII ғ. Ағылшын революциясы 1688 ж. даңқты революция деген атауға ие болған оқиғамен аяқталды, соның нәтижесінде күресуші элитарлық топтар арасында келісімге қол жеткізілінді. Осы компромисс және одан кейінгі саяси процесс Англияда саяси консесуалдық мәдениетті қалыптастырып, Англияның саяси өмірінің ірге тасын қалады.

Ағылшын демократиясының көптеген ерекшеліктері өздерінің тамырын осы саяси дәстүрден алған.

Бәсекелесуші олигархияның автократиялық режимінде қатаң әлеуметтік қарсы тұру жоқ болғандықтан, бұл режим біртіндеп либералдық демократия режиміне өзгеруі мүмкін.

Авторитарлық-бюрократиялық режим.

Мұндай режим саяси дағдарыс жағдайында пайда болады. Ол, әсіресе саяси өзгерістерді басынан кешіріп отырған өтпелі қоғамдарға тән. Режимнің ең маңызды саяси міндеті – қоғамдағы саяси тұрақтылықты сақтау мен әлеуметтік дағдарыстың таптардың, этникалық, әлеуметтік топтардың ашық теке-тіресіне ұласып кетпеуін қадағалау. Сол себепті, үстемдік етуші саяси элита ептілігімен ерекшеленеді, ол қарсы тұрушы күштердің үстінде тұруға ұмтылады, әлеуметтік демагогияға, кеңтаралымды үндеулерге жүгінеді, популистік бағдарламаларды ұсынады.

Режимнің міндеті – бұқараны тыныштандыру, олардың саяси процеске қатысуын шектеу. Мұндағы негізгі ұран: саясатпен айналысу қажет емес, тек қана еңбек ету керек. Режим белгілі бір лидерге харизма жасай отырып, оның танымалдығын пайдалануы мүмкін. Режимде үстем партияны, халықты біріктіретін идеологияны қалыптастыруға деген тенденция пайда болады.

Авторитарлық-әскери режим.

Әскери төңкеріс нәтижесінде билікке келген әскерилер қалыптастырған режим. Оған дағдарыстан шығудың жолын іздеу және төтенше, әскери тәртіптерді орнатуға ұмтылу тән. Бұл режим кезінде халықтың саяси белсенділігі айтарлықтай жоғары болмайды, қоғамда төтенше заңдар әрекет етеді. Жеке адамның бостандығы, құқығы шектелінеді, жаппай күш көрсетудің ашық шараларын қолдану заңды деп танылады.

Алайда әскерилер экономиканы тиімді басқара және әлеуметтік мәселелерді жемісті шеше алмайтындықтан, әскери режим өз танымалдығын тез жоғалтып алады. Сонымен қатар әскери режим үшін негізгі қауіпті әскерилер арасындағы жікшілдік тудырады. Қатардағы әскери бұқараға жақын тұрған атаққұмар полковниктер төңкеріс жасау арқылы генералдарды билік басынан тайдыруы мүмкін.

Тоталитаризм.

Авторитаризммен органикалық байланыстағы және одан тек тоталдығымен (лат. totalis-жалпы, жаппай, барлығын қамтитын), яғни акциялардың, әрекеттердің бәрін қамтып, жекелікті жоққа шығарушылығымен ерекшеленетін ерекше саяси режим. Саяси өмірде тоталдық идеясы ежелден белгілі. Адамдардың тіршілік әрекеттерін жаппай қадағалау мен оны толықтай реттеудің қажеттілігін ежелгігрек философы Платон  (б.д.д.428-348 жж) ұсынып, талдаған болатын. Ол идеалды мемлекетте адамдардың барлық өмірі қатаң  ережелерге бағынуы керек деп есептеді. Тек мемлекет қана жеке мүдделерді ортақ мүдделерге бағындырып, заңдарды қолдану арқылы қоғамда тәртіп орнатуға міндетті.

Қытай императоры Цинь Ши-Хуанди (б.д.д. 259-210 жж) Фацзы (легистер) мектебінің идеяларына сүйене отырып, билікті орталықтандыру мен бірпікірлілікті қалыптастыру арқылы тоталитарлық идеяларды жүзеге асыруға талпынды. Ол ұлы қытай ойшылы Конфуцийдің еңбектерін еркін ойлаудың уағыздаушысы ретінде отқа жақты.

Дегенмен тоталитаризм ХХ ғ. жемісі болып саналады. Ғасырдың саяси процесіне өзіндік қолтаңбаларын қалдырған ірі тоталитарлық мемлекеттер осы ХХ ғ. пайда болды.

Итальяндық фашистердің лидері Бенито Муссолини өзінің 1932 ж. жарық көрген «Фашизм доктринасы»  атты еңбегінде тоталитаризмнің бір түрі фашизмнің идеологиялық концепциясын нақты және айқын түрде баяндап берді. Онда ол, ең алдымен,мемлекетшіл ретінде көрінеді. Ол: «Мемлекет халықтың ұжданы мен еркінің білдірушісі болды. Либерализм Мемлекетті индивид үшін жоққа шығарды; фашизм индивидтің нағыз мәнінің жоқтаушысы ретінде Мемлекет құқығына көңіл аударады» деп есептеді.

Мемлекеттің басымдылығына баса назар аудара отырып, ол әрдайым бұл терминді бас әріппен жазады: «Мемлекеттің фашистік концепциясы барлығын қамтиды: одан тыс ешқандай адами, рухани құндылықтар болмайды немесе ондай құндылықтардың мәні өте төмен болады. Осындай түсініктегі фашизм тоталитарлық және фашистік Мемлекет – ол өзіне барлық құндылықтарды жинап алатын синтез және бірігу, -  халықтың барлық өмірін түсіндіреді, дамытады және күш береді».

Муссолинидың доктринасында күш көрсету факторы неміс национал-социализмі мен кеңес коммунизмі доктриналарындағыдай  айқын көрінбейтіндігін байқауға болады.

Адольф Гитлердің атышулы «Менің күресім» атты кітабында герман национал-социализмінің болашақ саяси практикасы ашық түрде баяндалған. Онда бірінші орында – национал-социалистік мемлекеттің мүдделері, нәсілшілдік, сонымен қатар антисемиттік, антикоммунистік идеологиямен қаруланған неміс ұлтының этникалық үстемдігі баяндалған.

Тоталитарлық жүйе ретіндегі коммунизм идеологиясы жаңа тапсыз қоғам құрудың кеңестік тәжірибесінің негізінде қалыптасты. Әрине, оның бастапқы принциптерін К.Маркс берген болатын, ол пролетариаттың таптық диктатурасының ерекше креативтік рөлі туралы  ережелерінде еуропалық елдердегі революциялық тәжірибені зерттеу негізінде осы диктатураның тарихи болмай қалмайтындығы мен қажеттілігін баса атап өтті. К.Маркстың іліміндегі пролетариат диктатурасын орнату қажеттілігі идеясын мойындай отырып, В.И.Ленин бұл диктатураның орнауы таптық күрестің тарихи кезеңіне, азамат соғысына, мемлекетаралық қайшылықтарға алып келеді деп көрсетті. Аталған саяси процесте күш көрсету факторы шығармашылық рөл атқарады. Тек күш қолданудың негізінде ғана жаңа қоғамның пайда болуы және дамуы мүмкін.

Яғни, «сталинизм» ерекше ілім болып саналмайды, өйткені ол өзінің мазмұны бойынша  Лениннің тоталитарлық идеяларын іс жүзінде толықтай жүзеге асырған тоталитарлық практика еді.

Тоталитарлық режимдер демократиялық дәстүрлері әлсіз әлемнің көптеген елдерінде қалыптасты, олар: азаматтық соғыстың нәтижесінде демократиясы күйреген Испания, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, Румыния, Албания, Югославия. Чехословакия, Венгрия, Польша, ГДР секілді социалистік бағыттағы Еуропаның бірқатар елдерінде КСРО-ның қысымымен тоталитарлық тенденциялар қалыптасты.

Демократиялық режим. Мұндай режимде ел халқының кең  әлеуметтік жіктері, халық, демос (гр.сөзі  demos – халық) қоғамды, қоғамдық істерді басқарып, билікті жүзеге асырады.  Демократия - әлеуметтік өмір агенттері өздері құрған билік құрылымында шешімдердің қабылдануына тең дәрежеде қатыса алатын басқару формасы болып саналады.

Демократияны ерекше әлеуметтік құндылық дей отырып, ежелгі грек ойшылы Демокрит былай деген: «Демократиядағы кедейлік патша кезіндегі молшылықтан (азаматтардың) қаншалық артық болса, еріктілік құлдыққа қарағанда соншалық жақсы».

Демократия өз тамырын алғашқы басқару құрылымдары мен шешімдерді  әлеуметтік өмір қатысушылары тікелей өздері қабылдаған қоғамның мемлекетке дейінгі кезеңінен алады. Тарихи әдебиетте, саяси ойлар тарихында негізі Афины қала-мемлекетінің ерікті ата-анадан туған азаматтары болған ежелгігректік афины демократиясы толықтай сипатталған.

Алайда Афины қала-мемлекетінің ересек тұрғындарының барлығының бірдей биліктік мәселелерді шешуге қатысу құқығы болмады. Қатысу құқығына құлдар, өте ірі қала-порт, экономикалық өмірдің орталығы Афиныға сауда, қолөнер, экономикалық пайда үшін келген әртүрлі тектегі келімсектер  ие бола алмады. Афинылық демократия туыстық және сословиелік құрылымдардан шыққандықтан, ондағы демократиялық режимді қалыптастыратын әлеуметтік өмірдің агенті Афины азаматы, яғни ерікті ата-анадан туған, жынысы ер, жасы кәмелетке толған афинылық болатын.

Қоғамдық істерді шешу мен шешімдерді қабылдауға мүдделі адамдардың барлығының демократиялық жолмен қатысуы көптеген елдердің тарихында болды. Мысалы, орыс тарихи әдебиетінде, Ресейдің саяси ойлар тарихында новгород вечесі, казактар алқасы, боярлар думасы, дворяндар жиналысы, земство ерекше орын алады.

Шыңғыс ұрпақтарының және оған жақын адамдардың ортасынан жоғары билеушіні – ханды сайлауы, жерлерде жергілікті билеушілер – билердің сайлануы, ашық пікір алысудың негізінде жайылым бөлісу, сыртқы басқыншылардан қорғану және т.б. өмірлік маңызды шешімдердің қабылдануы Қазақ хандығының тарихында да орын алған.

Информация о работе Саяси партиялар жөне партиялық жүйе