Автор: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2012 в 15:37, реферат
Қазіргі типтегі саяси партиялар мен партиялық жүйелердің қалыптасу кезеңі XVI-XVII ғасырларда Еуропада болған буржуазиялық революциялар дәуірімен тікелей байланысты. Тек XX ғасырдың соңғы жылдарында олар саяси күресте шыңдалған, басқару жағынан мол тәжірибесі бар әр түрлі әлеуметтік топтардың сыннан өткен нағыз саяси партиясына айналды.
Тақырып №8: Мемлекет және азаматтық қоғам
1. Мемлекеттің мәні, белгілері, қызметтері
2. Марксизм мемлекет жөнінде
3. Мемлекеттің пайда болуының негізгі концепциялары
Дәріс тезисі:
Мемлекет саяси жүйенің негізгі өзегі ретінде. Мемлекеттің пайда болуы мен мәні. Мемлекеттің белгілері, оның қызметтері және мақсаттары. Мемлекеттің типтері. Мемлекеттік жүйелердің типологиясы. Қазіргі мемлекет және оның ерекшелікті белгілері.
Азаматтық қоғам ұғымы. Азаматтық қоғам идеясының пайда болуы. Азаматтық қоғам ұғымының кең және тар мағынасы. Азаматтық қоғамның құрылымы. Құқықтық мемлекет ұғымы және оның ерекшелікті белгілері. “Әлеуметтік” мемлекет және оның эволюциясы. Әлеуметтік мемлекеттің қызметтері және демократияның жаңа тұжырымдамалары. Қазақстанда азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті қалыптастыру проблемалары
«Мемлекет» термині қазіргі саяси және тұрмыстық лексикада көбінесе ортақ территорияда өмір сүретін адамдардың әлеуметтік-экономикалық және саяси қауымдастығын белгілеу үшін пайдаланылады. Бұл тұрғыда «мемлекет» термині мағынасы жағынан «ел» терминіне жақын. Мемлекет ұғымын бұлай түсіну қарапайым санаға тән және оған негіз жеткілікті де.
Расында да, мемлекетті адамдар заңды деп таныған және оларды әлеуметтік тұтастыққа біріктіретін билікке ие ел деп атауға да болады. Осы анықтаманың қысқалығы қанша күмән тудырса да, мемлекет ұғымымен белгіленетін құбылыстың мағынасын дәл беріп тұр.
Бұл анықтамадан ел (яғни, территория мен тұрғын халық) мен биліктің мемлекеттің өзіне тән көрнекті және ажырамас элементтері, атрибуттары болып табылатындығын көруге болады. Ежелгі үнділердің «Артхашастра» (пайда туралы, практикалық өмір туралы ғылым) атты трактатында «билеуші және оның державасы – мемлекеттің ең басты элементтері» деп көрсетілген. Сондықтан да, қызмет ету тиімділігі қандай болмасын билігі жоқ елді мемлекет деп есептеуге болмайды .
Ұзақ уақыт бойы адамдар мемлекетке дейінгі жағдайда өмір сүрді. Олардың тіршілік әрекеттері үшін қажетті басқару мен билік шешімдерін осы іске қажетті бедел мен тиісті әрекеттерді жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ие ру, тайпа көсемдері мен ақсақалдары қабылдады.
Мемлекетке дейінгі кезең адамдар қауымдастығының сол кезеңдегі әлеуметтік-мәдени даму деңгейімен анықталынды.
Әлеуметтік қатынастар бір тектен тараған туыс адамдар топтары (отбасы, ру, тайпа) арасында жүргендіктен ресми емес сипатта болды.
Өмір орнықты, яғни тұрақты әрі өзгеріссіз қалыпта болды, онда бірізділік принципі айқын көрінді.
Адамдардың мүдделері көп жағдайда қарапайым және тікелей болғандықтан, оларды іске асырудың қажеттілігі айқын көрініп тұрды.
Адамдар арасында мүдделер қайшылығын, келіспеушілігін тудыратын әлеуметтік, мүліктік, құқықтық айырмашылықтар болмады. Пайда болған жеке қайшылықтар көбінесе субъектілер деңгейінде дәстүр немесе үстем күштер негізінде шешілетін.
Уақыт өте келе, тауар - ақша қатынастарының дамуы, қоғам мүшелерінің мүліктік жіктелуі, патриархалды-отбасылық, туыстық-тайпалық байланыстардың бұзылып, ірі туыстық-тайпалық одақтардың, халықтардың пайда болуы мемлекеттік билікке, мемлекет құруға деген қажеттілікті тудырды.
Ғылым адамдардың мемлекетке дейінгі өмірі мен қарапайым мемлекеттер жайлы дұрыс түсінікке ие болғанымен, ол хатқа түсірілмегендіктен, ал билік пен билік құрушы адамдардың есімдері анықталмағандықтан сол кезеңдегі өмір шындығы тарихтың терең қойнауларында ұмыт қалды.
Мемлекеттер типологизациясы олардың мазмұнын бағалау және айырмашылықтары мен ортақ қасиеттерін айқындау негізінде мейлінше тиісті формаларын анықтаумен байланысты. Мемлекеттің саяси қатынастардың тоғысында тұратындығын жоғарыда біз айтып өттік, сол себепті оның мазмұнын бағалауда идеологиялық фактор басым болады. Мемлекеттерді типологизациялаудың кейбір жалпы принциптеріне тоқталып өтелік:
1. Мемлекетті таптық үстемдіктің, диктатураның құралы ретінде таптық қайшылық тұрғысынан бағалау. Мемлекетке қатысты осы көзқарас саяси идеология ретінде мемлекет пен мемлекеттік биліктің маркстік-лениндік теориясында толық көрініс тапты.
Әрине, бұл теорияның дамуына дейін де биліктің элитарлық негізін көрсеткен (Конфуций, Платон, Н.Макиавелли), билікті байлардың кедейлерге қастандығы (Томас Мор) немесе қанау құралы (Сен-Симон) ретінде қарастырған ғалымдар болғанымен, марксизм мемлекетті таптық үстемдік құралы ретінде қарастыратын концепцияға ашық, рационалды түрде дәлелденген, теориялық-методологиялық негіз қалады.
Мемлекет қоғамдық-экономикалық формацияның қондырмасының маңызды элементі ретінде оның базисімен анықталынады, қоғамдағы антагонистік таптардың болуы мен таптық үстемдіктің қажеттілігі дәл осы экономикалық базиске, оның құрылымдарына тәуелді. Экономикалық үстем тап өз мүдделерінің басымдығын қамтамасыз етуден туындайтын әлеуметтік қажеттілікті қанағаттандыру үшін билікті қолына алады. Мемлекет мемлекеттік билікті осылай қолға алудың нәтижесі ретінде, таптық диктатураның мемлекеті ретінде құрылып, қызмет етеді.
Марксизм мемлекет мәнін таптық тұрғыдан бағалауды басшылыққа ала отырып, оның келесі түрлерін бөліп көрсетеді: құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік. Мұндағы идеологиялық мақсат – социалистік емес мемлекеттердің барлық түрлеріне таптық-араздық қатынастарды қалыптастыру, өйткені К.Маркстің пікірі бойынша, капитализмнен коммунизмге өтуді жүзеге асыратын шынайы әлеуметтік процесс билікті жұмысшы таптың қолына алуының нәтижесінде қанаушылардың мемлекеттік машинасын қиратып, пролетариат диктатурасын орнатқанда ғана мүмкін болады.
Құқықтық мемлекетте, ең алдымен, адамның өмірі мен ар-намысы, оның еркі, жеке құқықтары секілді негізгі құндылықтары заңды тұрғыда қорғалуы тиіс, сондай-ақ оның тіршілік әрекетінің барлық аспектілеріне, яғни еңбектенуіне, танымына, ұрпақ жалғастыруына, материалдық және рухани мәдениетті игеруіне, өзінің жеке шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына және т.б. заңдық негіз ендірілуі керек. Құқықтық мемлекет – тек заң негізінде қызмет ететін мемлекет қана емес, адамзаттың өмір сүруінің негізгі құндылықтары құқық тарапынан қорғалатын мемлекет. Ол қазіргі демократиялық мемлекеттердің даму тенденциясы ретінде, олардың идеялық-құқықтық мәні ретінде қалыптасады. Міне, сондықтан да демократиялық мемлекеттер өздерінің арасында құқықтық мәдениетінің дамуымен салыстырылуы және бағалануы мүмкін.
Мемлекеттерді құрылысы және орталық билік пен аймақтар арасындағы қатынастардың сипаты бойынша унитарлық, федеративтік, конфедеративтік деп бөлуге болады.
Унитарлық мемлекеттердің территориясы өзінің дербес биліктік органдары бар жекелеген мемлекеттік құрылымдарға бөлінбейді және жергілікті билік органдары орталыққа қатаң бағынады. Негізгі басқару импульстері бір орталықтан келеді және жергілікті жерлерде жалпыға бірдей нормативтік негізде жүзеге асады.
Мұндай мемлекеттерде билік бір орталықтан жүргізіледі, оның бөлшектенуі төменгі деңгейде болады. Жалпы алғанда, мемлекеттің унитарлығы антидемократиялық тенденцияға жатпайды. Белгілі жағдайларда ол әлеуметтік өмірдің негізгі аспектілеріне биліктік ықпалдың күшеюінің саяси факторы ретінде, сондай-ақ орталықтың басқаруынан шыққысы келетін тенденциялардың дамуына тосқауыл ретінде мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз ету үшін қажетті.
1995 ж. Конституцияның 2-ші бабы бойынша Қазақстан Республикасы басқарудың президенттік формасындағы унитарлық мемлекет ретінде анықталады. Біздің мемлекетіміздің унитарлық болып жариялануы геосаяси мәнге ие. Ол, ең алдымен, оның территориялық тұтастығын сақтау үшін қажетті.
Қазақстан Республикасының қазіргі шекараларымен белгіленген территориясы қазақтар мен олардың ата-бабаларының ежелден тіршілік етіп келген мекендері. Оған күшпен жаулап алынған бөтен жерлер қосылмаған. Бірақ тарихта, этникалық көші-қон процесінде қазақтардың таралу аймағы едәуір өзгеріске ұшырағандықтан, Қазақстан мемлекетімен көршілес елдердің бірқатарында қазақ ұлтының өкілдері бар.
Федеративты мемлекеттік құрылыс үшін өздерінің биліктік органдары бар жергілікті территориялық құрылымдардың дербестігінің белгілі бір деңгейі тән. Территориялық құрылулардың барлығына қатысты биліктік өкілеттіктерге ие, тиімділігі жеткілікті орталық билік болады. Мемлекеттік құрылыстың бұл түрінде орталықтан келетін биліктік импульстер танылғанымен, жергілікті мүдделерге сәйкес өзгерістерге ұшырайды.
Мемлекеттің федеративті құрылысы этнотерриториялық, экономикалық-саяси аспектілермен байланысты болуы мүмкін. Көпұлтты мемлекеттердегі этникалық топтар өздерінің атамекен жерлерінде мемлекеттік тағдырын өздері шешу үшін этнотерриториялық автономия алуы мүмкін.
Конфедеративты мемлекеттерде жергілікті территориялық құрылымдар мен олардың билік органдарының еркіндіктері жоғары деңгейде болады. Жоғары орталық органдардың билік шешімдері жергілікті органдардың келісімімен қабылданады, жергілікті заңдар мен үкімет шешімдері басым болып танылады.
Ескеретін нәрсе, жоғарыда аталған мемлекеттік құрылыстар өміршең. Олардың мақсаты бірлесіп өмір сүрумен, қоғам тұтастығын сақтаумен, билік пен халық арасындағы тиімді өзара әрекетті қалыптастырумен анықталынады.
Мемлекетті типологизациялау үшін билік өкілеттілігін кім жүзеге асыратындығын және билік жүргізуші субъект қалай қалыптасатынын ескере отырып басқару формасының ерекшеліктерін де пайдалануға болады. Бұл жеке адамдардың (деспот, тиран, монарх, көсем), адамдар тобының (элитарлық басқарудың әртүрлі формалары: аристократия, бизнес-элита, әскерилер, партократия, бюрократия), барлық халықтың (республика – халық тікелей немесе өздерінің сайланған өкілдері арқылы жанама түрде билік функцияларын жүзеге асырады) билік жүргізуінің әртүрлі формалары.
Мұнда жіктелу қанша күрделі болса да, бұлай бөлуге негіз бар. Өйткен, билік функциясын атқару – ерекше элитарлық қызмет, сондықтан басқарудың барлық формаларында шынайы билікті халықтың элитарлық тобы жүргізеді. Олар не өздерінің ортасынан тиранды, монархты, көсемді бөліп шығарып, билік органдарын тікелей ұйымдастыра отырып басқарады, не билік функциясын халық арасынан сайланған өкілдер ретінде оған сүйене отырып жүзеге асырады.
Тақырып №9: Саяси партиялар және қоғамдық-саяси қозғалыстар
1. Саяси партиялар және партиялық жүйе.
2. Басқарушы, коалициялық, революциялық, консервативтік және реакциялық партиялар.
3. Қоғамдық-саяси ұйымдар мен қозғалыстар
Дәріс тезисі:
Мүдделі топтар: ұғымы, қызметтері, типологиясы. Қысымшы топтар. Қазақстандық лоббизмнің ерекшеліктері.
Саяси партия ұғымы. Партиялар генезисі және партия жүйесі. Саяси партиялардың мақсаттары, міндеттері және қызметтері. Саяси партиялар генезисінің кезеңдері: аристократиялық үйірмелер, саяси клубтар, бұқаралық партиялар. Партиялар типологиясы. Партияларды типологиялаудың өлшемдері.
Партия жүйелері ұғымы. Партия жүйелерін жіктеу. Бірпартиялық, екіпартиялық, көппартиялық. Қазақстанда партия жүйелерінің ерекшеліктері мен даму тенденциялары. ҚР саяси партиялардың қызметін заңмен реттеу.
Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар. Қазақстан қоғамының саяси өмірінде қоғамдық қозғалыстардың орны мен рөлі.
Саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар арасындағы өзара қарым-қатынас.
Саясаттағы лидерлік, саяси партиялар.
Саяси лидерлік жеке тұлғаның, саяси топтың бұқарамен өзара әрекетте болуымен байланысты ерекше функция. Лидерлік тұлғаны, саяси топтар осы мәртебеге лайық деп таныса ғана мүмкін болады. Ал лидер танылуы үшін лидерге тән қасиеттерді иеленіп, оларды көрсете алуы тиіс. Олардың ішіндегі ең бастысы - бұқараның барлық құрамдас бөліктерінің әрекеттерін біріктіру мақсатында оған ықпал ете алу қабілеттілігі болып табылады. Сондай-ақ, егер лидер саясатты жобалап, жүзеге асырса да саяси лидерлік болуы мүмкін. Ол мақсаттарды жобалауды және оны адамдардың тіршілік әрекетінің негізіне айналдыруды қамтамасыз етуі керек. Сондықтан кез келген әлеуметтік лидердің саясаткер болуы шарт. Саясат – лидер қызметінің мәнді аспектісі. Макс Вебер лидерліктің келесідегідей түрлерін бөліп көрсетеді:
І. Дәстүрлі лидерлік. Әлеуметтік топтың тұлғаны лидер деп тануы қалыптасқан дәстүрдің негізінде өтеді. Негізгі өлшемдері:
а) тұлғаның әлеуметтік мәртебесі, оның шыққан тегі, осы тұлғаны қалыптастырған кіші әлеуметтік ортаның беделділігі;
ә) өмірлік тәжірибесі мен лидерлік функцияны атқаруға ынтасының болуы:
б) әлеуметтік топтың тұлғаның лидерлік функцияларды атқару үшін қажетті қасиеттерін тануы, қолдауы және бағынуы.
ІІ. Харизматикалық лидерлік. Елден ерек, айрықша жеке қасиеттерінің арқасында тұлғаның ерекше құндылығын әлеуметтік топтың тануы. Харизманың қалыптасуы тұлғаның өмірі мен қызметін белгілі бір тұрғыда мифологияландырумен байланысты. Харизматикалық лидерлер адамдардың қалың бұқарасын тартатын ірі, түпкілікті қайта өзгерістердің қажеттілігі туындайтын әлеуметтік дағдарыстар кезеңінде пайда болады. Дін Адам-Құдай мәртебесін берген Иса пайғамбардың (егер осы тұлға шынымен өмір сүрген болса), Мұхаммед пайғамбардың харизматикалық лидерлер екендігі даусыз. Харизматикалық лидерлер қатарына Махатма Ганди, В.И.Ленин және басқа да саяси қайраткерлерді жатқызуға болады.
Харизматикалық лидерлердің ойлары мен сезімдері, қызметтері – ірі әлеуметтік қозғалыстардың белгісі болып саналатындықтан, де олардың ықпалы өлгеннен кейін ұзақ уақыт бойы сақталынады. Бірақ шынайы өмірде бұқараның әлеуметтік үміті ақталмайды, сондықтан уақыт өте келе харизматикалық лидер өз ықпалын жоғалта бастайды.
ІІІ. Ресми-бюрократиялық лидерлік. Ол бюрократиялық жүйеде болады және лауазымдық лидерлік болып табылады. Бюрократиялық жүйе қатаң иерархияланғандықтан,лидерлік функция осы жүйедегі жоғарғы эшелонның өкіліне беріледі. Мұндай лидерлік тұлғаның жүйе құндылықтарын берік ұстанушылығын, жүйедегі мінсіз жүріс-тұрысын, басқару тәжірибесін, жеке қасиеттерін, жүйе ішіндегі байланыстары мен қолдауын ескере отырып ішкі сұрыптау негізінде қалыптасады. Мұнда тұлғаның көрнектілігі мен таланты басты емес, функционалдық міндеттерді қатаң орындау, тәртіптілік, аппараттық жұмыс мәдениетін игеруі мейлінше құнды болып табылады.