Автор: Пользователь скрыл имя, 11 Сентября 2013 в 21:24, автореферат
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Бүгінгі таңда қазақ халқы ғасырлар тоғысында тәуелсіз мемлекетке айналып, өзінің қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-білім парадигмасы жүйесін әлемдік өркениет үлгісінде дамытуда. Өйткені кез келген жаңа тәуелсіз мемлекеттің рухани даму үрдістерінің өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл ерекшеліктер оның аумағында тұрған халықтардың бүгінгі өмірінен туындайды, оның тарихи сабақтастығы және салт-дәстүрімен айқындалады. Сондай-ақ оның өткен өмірі із-түзсіз жоғалып кетпейді, ұлттық санада, халықтық идеяда, мәдени-әлеуметтік және құндылықтар жүйесінде белгілі ретпен жинақталады. Міне, сол ғасырлар қойнауында қорытылып, жинақталып қалыптасқан қазақ халқына тән ұлттық білімнің озық, өнегелі үлгілерін оқыту бүгінгі білім жүйесіне қажет те пайдалы мәселе. Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне қосылуы халықаралық талаптарға сай жоғары білім алудың құрылысына өзгерістер, жаңалықтар енгізуге, оқытудың кредиттік жүйесіне негізделген мамандарды дайындауға қажеттілікті туғызды.
Модульдік оқыту технологиясында басшылыққа алынатын ұстанымдар бірінші тараудың төртінші тармақшасында айтылады.
Қазіргі әдістеме ілімі педагогтардың алдына жауапкершілігі зор мәселелерді жүктеп отыр. Жалаң білім беруден гөрі, нақты нәтижеге жету талап етілуде.
Дидактиканың жалпы заңдылықтарын, ережелері мен ұстанымдарын басшылыққа алып, ұлттық құндылықтарымыз бен озық тәжірибелерге сүйене отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізу – бүгінгі күннің басты талабы.
Зерттеу жұмысында модульділік, оқыту мазмұнының жекелеген бөліктерден құрылуы, қатысымдық бағыттылығы, белсенді екі жақты біртұтас әрекет, мақсаттың нақтылығы, әдістемелік кеңестің кешенділігі, әр модуль бойынша аяқталған жұмыс әрекеті нәтижесін түйіндеп отыру, тепе-теңдік, оқытушы мен студент әрекетінің кері байланыс ұстанымдары басшылыққа алынды.
Модульділік ұстанымы бойынша тақырыпқа сай ғылыми әдебиеттерді сұрыптап алу, ғылыми анықтама, ұғым, терминдерге талдау жасау және студенттің өзіндік көзқарасын қалыптастыру көзделді.
Оқыту мазмұнының жекелеген бөліктерден құрылуы ұстанымы пән
мазмұнын модульдерге бөлу арқылы білім беруге бағытталған. Нақты нәтижеге жету үшін студенттің жас ерекшелігін ескеру арқылы әр кезең тапсырмаларын түсінікті және қабылдауға лайық деңгейде ұсыну көзделеді.
Сөйлесім әрекеттерін негізге ала отырып тілді меңгерту қатысымдық бағыттылығы ұстанымы бойынша жүзеге асырылады. Студенттер модульдің сөйлесу бөлімі кезеңіндегі тапсырмаларды сөйлесу әрекетінің түрлерін пайдалану арқылы талдайды.
Белсенді екі жақты біртұтас әрекет ұстанымы бойынша студент сабақ үрдісінде алған білімін өмірде пайдалана алатындай болуы қажет. Теориялық білімді практикамен ұштастыру арқылы тілді терең меңгертуге бағытталады.
Студенттің білімін нақты мақсатқа бағыттау арқылы қызығушылығын тудыру, белсенділігін арттыру, жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыруға мақсаттың нақтылығы ұстанымы негізделеді.
Әдістемелік кеңестің кешенділігі ұстанымы бойынша оқытушы оқыту барысында әдістерді бір-бірімен үйлестіре қолдана алуы қажет. Білім беру үдерісінде қолданылып жүрген озық тәжірибелерді пайдалану нақты нәтижеге жетуге көмектеседі.
Қорытынды бөлімде жұмыс нәтижесін сараптамадан өткізу, тұжырымдар мен өзіндік пікір айту әр модуль бойынша аяқталған жұмыс әрекеті нәтижесін түйіндеп отыру ұстанымы бойынша жүзеге асырылады. Студент келесі модульге алдыңғы модульдің тақырыбын жан-жақты меңгерген жағдайда ғана өте алады.
Тепе-теңдік ұстанымы бойынша сабақ процесінде «субъект-субъектілік» қарым-қатынас қалыптасады. Пән пакетін пайдалана отырып, студент оқытушының қатысуынсыз жаңа материалды өздігінен игере алады.
Студенттің өзін-өзі бағалауы игерген білім-білік дағдысын сараптамадан өткізе алуы оқытушы мен студент әрекетінің кері байланыс ұстанымы негізінде жүзеге асады. Оқытушы мен студент арасындағы кері байланыс студенттің алған білімін ой елегінен өткізіп, кемшіліктерді болдырмауға жетелейді.
Қазақ тілінің диалектологиясын меңгерту студентті өз халқының ұлттық салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын тани және бағалай білуге үйретеді. Диалектологиялық практика кезінде басқа адамдармен қарым-қатынас жасай білу қабілетін қалыптастырып, рухани дүниесін кеңейтуге септігін тигізеді.
«Қазақ диалектологиясы» пәнін модульдік технологиямен оқытудың әдістемелік жүйесі» атты екінші тарау төрт тармақшадан тұрады.
Бірінші тармақшада модульдік технология арқылы оқытуға бағытталған ғалымдардың бағдарламаларына шолу жасалды және «Қазақ диалектологиясы» пәніне арналған оқу бағдарламасы ұсынылып, оның негізгі критерийлері анықталды.
З.Бейсенбаева модуль құрудың бағдарламасы туралы жан-жақты талдау жасап, модульдік оқытудың «жеке модульдерден тұратын оқу бағдарламасы» екенін «дұрыс құрылған бағдарлама модульді оқытудың басты шарты болып» табылатынын, сондықтан «модульді оқыту бағдарлама құрудан» басталатынын айтып, бағдарлама жасауда басшылыққа алынатын критерийлерді айқындайды. Пән мазмұнын модульге бөлуде басты критерий оқу материалдарын модульге бөлу болып есептеледі. Модульдің саны, көлемі пәннің мазмұнына байланысты болады. Пән мазмұнын модульге бөлуде оны бөліктерге бөлу, мақсатын айқындау, қол жететін нәтижені анықтау және қажетті құрал-жабдықтар мен ұтымды әдіс-тәсілдерді таңдау да негізгі критерий болып саналады. Модульдік оқытуда оны бақылаудың түрлерін алдын-ала анықтап алу да – басты шарттардың бірі.
Оқу материалын жоспарлау мен оқу модуліне бөлуде әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ұлттық менталитетімізді ескеріп әрекет ету тиімді нәтиже береді. Модуль мазмұнын құруда модуль мақсатын айқындау, модульдің мазмұнын құрастыру, оқу әрекетін басқару және оны әдістемелік жағынан қамтамасыз ету, кері байланыс тәрізді аспектілер негізге алынады. Модуль бағдарламаларын жасауда басты ұстанымдарды айқындап алудың мәні зор. Сонымен бірге пәннің теориялық негізін игерту соның негізінде студенттің дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру басты мақсат болып табылады. Басты мақсаттан әр модульдің жеке мақсаттары келіп шығады. Жеке мақсатқа жету үшін бағдарлама блоктарды негізге ала отырып, жоспарланады. Модульдік оқыту технологиясын қарастырған ғалымдар блоктарды қайталау блогы, танымдық-әрекет блогы (теориялық кәсіби-іскерлік блогы), тереңдету блогы, проблемалық блок, мектеп оқулығымен байланыс блогы, қорыту блогы деп бөлу кездеседі.
«Қазақ диалектологиясы» пәні бойынша білім мазмұны 5 модульге жіктелді. Кредиттік оқу жүйесі бойынша барлығы 90 сағатқа негізделген, оның 30-дәріс, студент пен оқытушының өздік жұмысы үшін 30 сағат және студенттің өздік жұмысы үшін 30 сағат берілген.
Қайталау блогында студенттің «Тіл біліміне кіріспе», «Нормативті қазақ тілі» пәндерінде мектеп бағдарламасынан таныс жергілікті ерекшеліктер туралы білімдерін қайта жаңғыртып, еске түсіріледі. Аталған пәндер бірінші семестрде оқылып, ал «Қазақ диалектологиясы» пәні екінші семестрде оқылатындықтан, өткен бағдарламаны қайталап еске түсіру жаңа білімді меңгеруге көп септігін тигізеді.
Танымдық әрекет блогы теориялық және кәсіби іскерлік компоненттерін қамтиды. Теориялық блокта ірі материалдар студенттің жас ерекшелігін ескере отырып, кіші блоктарға бөлінеді. Осының негізінде бағдарлама жасалады. Мысалы ақпарат блогында диалектология ғылымы, диалект термині, оның ерекшеліктері мен әдеби тілге қатысы, тіл білімінде алатын орны туралы мәселелер қамтылады. Кәсіби-іскерлік компоненті бойынша студент пен оқытушының өздік жұмысы (СОӨЖ) және студенттің өздік жұмысы (СӨЖ) жұмыстары жоспарланады. Практикалық сабақтар қамтылады.
Проблемалық блокқа диалектілердің варианттары әдеби тіл формасы екендігін айыруда туатын қиындықтар, әдеби тілде баламасы жоқ зат атауларына диалект сөзден балама іздеу, тума диалектілер мен кірме диалектілердің тарихына талдау жасау, аражігін ажырата білу т.б. мәселелер кіреді.
Мектеп оқулығымен байланысы блогында студенттің мектеп грамматикасы
бойынша алған білік, дағдылары еске түсіріледі. Студенттің осы кезге дейін игерген білімі анықталып, оны ары қарай тереңдету көзделеді.
Қорыту блогында студенттің диалектология бойынша алған теориялық білімі мен практикалық дағдысы сарапқа салынады. Бағалау саясаты бойынша білімі айқындалады. Жеткен нәтиже талданады.
«Қазақ диалектологиясы» пәні бойынша білім мазмұнын игертуде ақпарат, визуальды, проблемалы, лекция-екеу, лекция конференция, лекция диалог, қатеге құрылған лекция, лекция консультация, т.б. тәрізді дәрістің түрлері қолданылды.
Ақпарат лекциясында материал үлестірмелі иллюстративті әдіспен баяндалады.
Визуальды лекция материалды техникалық құралдардың көмегімен жеткізуді көздейді.
Проблемалы лекция материалды проблемалы сұрақтар мен жағдаяттарға құруға негізделеді.
Лекция-екеу материалды екі маманның талдауы бойынша жүзеге асады.
Лекция конференция алдын-ала дайындалған мәселелер бойынша ғылыми баяндамаларды тыңдап, талдауға көмектеседі.
Лекция диалог студент пен оқытушының арасындағы байланысты қамтиды да өзара сұхбат түрінде жүргізіледі.
Қатеге құрылған лекция көркем мәтіннен әдеби тіл нормасынан жөнсіз ауытқыған сөздерді және диалектілердегі қателерді т.б. таба білуге үйретеді.
Лекция консультация білім мазмұны бойынша қамтылған материалды берік есте сақтау мақсатын көздейді. Қиын мәселелерді қайта талқылаудан өткізу арқылы білімді терең игертуге мүмкіндік тудырады.
Дәріс сабағын түрлендіріп өткізу берілген материалды қызығушылықпен қабылдауға жетелейді. Алған білімдерін берік есте сақтауға көмектеседі.
Ғылыми негізде құрылған бағдарлама білім мазмұнын толықтай қамтуға мүмкіндік береді. Оқытушы мен студенттің әрекетін жүйелі ұйымдастыруға негіз болады.
«Қазақ диалектологиясын модульдік технология арқылы оқытуда қолданылатын әдістер» атты тармақша іштей екіге жіктеледі: «Қазақ диалектологиясын модульдік технология арқылы оқытуда студенттің оқытушымен өздік жұмысын (СОӨЖ) ұйымдастырудың амал-тәсілдері», «Қазақ диалектологиясын модульдік технология арқылы оқытуда студенттің өздік жұмысын (СӨЖ) ұйымдастырудың жолдары».
Бакалавриат бағдарламасы бойынша студенттің орындайтын өздік жұмыстарының көлемі көбейді. Өздік жұмыс екі түрге бөлінеді – студенттердің оқытушының қатысуымен жүргізілетін өздік жұмысы (СОӨЖ) және студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ).
Біріншісінде студент пен оқытушының өздік жұмысын (СОӨЖ) ұйымдастырудың амал-тәсілдері көрсетіледі. Өздік жұмыс арқылы студент өзіне қажетті білімді игереді. Білім, білік, дағдыларын жетілдіреді. Өздік жұмыс студентті жүйелі түрде жұмыс істеуге, дербес ойлауға, өзіндік ақыл-ой стилін қалыптастыруға көмектесетін оқытудың формасы болып табылады. Оның басқа оқу формасынан ерекшелігі студент өз әрекетін алдына қойған мақсат-міндеттеріне байланысты өзі ұйымдастыра алады. Жоғары оқу орнында өздік жұмыс – студенттің өз белсенділігін көрсете алатын іс-әрекет болып саналады. Оның ұйымдастырылуына қарай студенттің кәсіби дайындығының нәтижесі көрінеді. Студентке берілген СӨЖ тапсырмасы оқытушының тікелей және белсенді қатысуымен өткізілетін СОӨЖ сабақтарында тексеріледі. СОӨЖ-дің екінші мақсаты материалды игеру барысында қиындық сезінетін студенттерге кеңес беруді көздейді. СОӨЖ аудиториялық сабақ түріне жатады, ол лекциялардың СОӨЖ-і мен практикалық сабақтардың СОӨЖ-і болып бөлінеді.
Силлабус бағдарламасында әр аптада жүргізілетін СОӨЖ, СӨЖ түрлері сағат санына қарай нақты бөлінеді. Мәселен «Жергілікті диалектілер мен говорлар. Тайпалық диалектілер. Әлеуметтік диалектілер» атты тақырыптарды қамтитын бірінші модульдің бірінші сабағы үш кезеңді қамтиды. Бірінші кезең кіріспе бөлімінде дәріс жоспары ұсынылады. Екінші кезең пікір алысу бөлімі үш деңгейден тұрады. Бірінші деңгейде сұрақтар мен тапсырмалар беріледі, екінші деңгейде жаттығу жұмыстары қамтылады:
1-жаттығу бойынша Ж.Аймауытовтың «Тіл туралы» атты мақаласын конспектілеу және мақала туралы пікір білдіру тапсырылған.
Жаттығудың мақсаты – мақаламен танысу, диалект сөздерді анықтау.
Жаттығудың міндеті – мақаланы оқып, түсінгенін конспектілеу; керекті мәліметтерді сұрыптау; негізгі ойды анықтау.
Жаттығудың тиімділігі – студент мақаламен таныса отырып, өзіне қажетті мәліметтерді сұрыптап алады.
Жаттығудың нәтижесі – білімін толықтыратын материалдарды екшелеп ала білуге үйренеді. Қажетті ақпараттарды сұрыптап ала білу ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыруға көмектеседі.
Үшінші деңгейде шығармашылық жұмыс түрлері ұсынылады:
1-жаттығу. Туған жерлерінде қолданылатын жергілікті ерекшеліктерді, диалект сөздерді қатыстырып, туған ауылыңыздың тарихы туралы әңгіме жазыңыз.
Жаттығудың мақсаты – студенттің зерттеушілік қабілетін қалыптастыру, дүниетанымын кеңейту.
Жаттығудың міндеті – жергілікті ерекшеліктерді зерттеу; оның мәнін айқындау; туған жердің тарихын зерттеу арқылы диалектілердің этимологиясымен танысу.
Жаттығудың тиімділігі – күнделікті өмірде өзі қолданып жүрген диалектілердің мәні мен маңызын айқындап, оның қолданысын әдеби тілмен салыстыра қарастыруға мүмкіндік береді.
Жаттығудың нәтижесі – студент аталған тапсырманы орындау арқылы ізденушілік, зерттеушілік қабілетін нығайтады. Сөйлеу жағдаяттарында қолданып жүрген диалектілердің ерекшеліктерін меңгереді. Өзіндік пікір білдіру дағдысы қалыптасады. Коммуникативтілік және танымдық құзыреттіліктері қалыптасады.
Үшінші кезең қорытынды бөлімде студенттердің білімі сарапқа салынады.
Бақылау жұмысы және өзін-өзі тексеру тапсырмалары арқылы білім нәтижесі анықталады.
СОӨЖ-де оқытушының басшылығымен орындалатын жұмыстарды студенттің ұтымды игеруіне мүмкіндік тудыра отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік туады. СОӨЖ жұмыстарын ұйымдастыруда әдістерді сұрыптап алудың мәні зор.