Автор: Пользователь скрыл имя, 11 Сентября 2013 в 21:24, автореферат
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Бүгінгі таңда қазақ халқы ғасырлар тоғысында тәуелсіз мемлекетке айналып, өзінің қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-білім парадигмасы жүйесін әлемдік өркениет үлгісінде дамытуда. Өйткені кез келген жаңа тәуелсіз мемлекеттің рухани даму үрдістерінің өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл ерекшеліктер оның аумағында тұрған халықтардың бүгінгі өмірінен туындайды, оның тарихи сабақтастығы және салт-дәстүрімен айқындалады. Сондай-ақ оның өткен өмірі із-түзсіз жоғалып кетпейді, ұлттық санада, халықтық идеяда, мәдени-әлеуметтік және құндылықтар жүйесінде белгілі ретпен жинақталады. Міне, сол ғасырлар қойнауында қорытылып, жинақталып қалыптасқан қазақ халқына тән ұлттық білімнің озық, өнегелі үлгілерін оқыту бүгінгі білім жүйесіне қажет те пайдалы мәселе. Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне қосылуы халықаралық талаптарға сай жоғары білім алудың құрылысына өзгерістер, жаңалықтар енгізуге, оқытудың кредиттік жүйесіне негізделген мамандарды дайындауға қажеттілікті туғызды.
Зерттеудің тәжірибедегі маңыздылығы: Зерттеу жұмысының нәтижелері колледждерде, жоғары оқу орындарында қазақ диалектологиясын оқытудың сапасын арттыруға, дамытуға көмегін тигізеді. Еңбек білім беру тұжырымдамасының кредиттік жүйе талаптарына сәйкес орындалғандықтан, студенттердің танымдық қызығушылығын арттыру мақсатында құрылған әдістемелік жүйені (белсенді әдістер, жаттығу-тапсырмалар, сабақ үлгілері, тест, бағалау жүйесі, электронды оқу құралы т.б.) арнайы орта мектеп пен жоғары оқу орындарының оқытушыларына өз тәжірибесінде қолдануға негіз болады. Бақылау мен бағалаудың үлгілері
студент білімін жан-жақты сараптауға мүмкіндік береді.
Жұмыста ұсынылған әдіс-тәсілдерді, әдістемені колледжде, жоғары оқу
орындарында, мұғалімдер мен оқытушылардың білімін жетілдіру институттарында, әдістемелік, дидактикалық пәндерді жүргізуде, арнайы курстар мен семинарлар өткізуде пайдалануға болады.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі мен негізділігі: Алынған ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен нақтылығы негізге алынған теориялық қағидалардың әдіснамалық тұрғыдан сараланып талдануы арқылы танылады. Зерттеудің мақсат-міндеттері мен оған сәйкес алынған зерттеу әдістері көрсетілген нәтижелердің ұтымдылығымен дәйектеледі.
Зерттеуге ұсынылған теориялық қағидалар әдістемелік тұрғыдан сараланып, оқыту жүйесінде нақты қолданысқа енгізіліп, білім беру сапасын арттыруға негіз бола алады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
● «Қазақ диалектологиясы» пәнін модульдік технологиямен оқыту студенттердің диалектология ілімін ғылыми негізде терең меңгеруіне, танымдық көзқарасының қалыптасуына, сөздіктермен жұмыс жасау дағдысын игеруіне, олардың әдеби тілдегі баламасын дұрыс ажырата білуге машықтандырады;
● «Қазақ диалектологиясы» пәнін модульдік технологиямен оқыту студенттің ізденімдік-зерттеу, өз бетімен білім алу қабілетін жетілдіріп, дағдыларын игереді;
● Студенттің жеке тұлға ретінде дамуына өзі белсенді субъект ретінде қатыса отырып, диалект сөздердің әдеби тілдік қорымызды байытуға ықпал ететін мүмкіндіктерін бағамдай алатындай дәрежеге жеткізеді;
● Модульдік технология арқылы «Қазақ диалектологиясы» пәнінің ғылыми негіздерін меңгерумен қатар кәсіби-қатысымдық құзыреттіліктерін қалыптастырып, қоғамымыздың белсенді, білікті, кез келген ұжымда өзіндік ұстанымы бар тұлға қалыптасады.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру педагогикалық тәжірибеге тірек ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология факультеті, Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент гуманитарлық-техникалық педагогикалық колледжі алынды.
Зерттеудің кезеңдері. Жоғары оқу орындарында «Қазақ диалектологиясы» пәнін модульдік технологиямен оқытуға арналған зерттеу жұмысы үш кезең арқылы жүзеге асырылды.
Бірінші кезең (2006-2007). Білім беру технологияларының педагогикалық, психологиялық, лингвистикалық, әдістемелік мәселелері, ғылыми зерттеу негіздері талданды. Жоғары оқу орны оқытушыларының тәжірибесіндегі жаңа технологиялардың қолданылу аясына бақылау жүргізілді.
Алғашқы кезеңнің ең басты міндеті – қазақ диалектологиясын модульдік технологиямен оқыту арқылы ізденімдік-зерттеу, шығармашылыққа баулу және біртіндеп дайын білімді игеруші объектілерден өздері танып-білу дағдылары қалыптасқан ізденімпаз субъектілерге айналдыру. Бұл мақсатқа жету жолында студенттерден анкеталық сұрақтар алынып, бақылау жұмыстары
өткізілді.
Екінші кезең (2007-2008). Бірінші кезеңдегі жұмыстар негізге алынып, оқытудың жаңа технологияларына арналған педагогикалық, әдістемелік еңбектер мен зерттеулер қарастырылып, қазақ диалектологиясын модуль арқылы оқыту технологиясымен меңгертудің амал-тәсілдері, жолдары анықталды. «Қазақ диалектологиясын» модуль арқылы оқытуды жүзеге асыру үшін сауалнамалық бақылау, салыстыру, көрнекілік, ғылыми ұғымдардың мән-мағынасын талдау әдістері іске асырылды. «Қазақ диалектологиясын» модуль арқылы меңгертуге қажетті жаттығулар, тапсырмалар жүйесі топтастырылды. Модуль арқылы оқыту технологиясын жоғары оқу орындарында мақсатты түрде енгізуге байланысты филология факультеті, колледж студенттері арасында студент пен оқытушының өздік жұмысы (СОӨЖ), студенттің өзіндік жұмысы (СӨЖ) өткізілді.
Үшінші кезең (2009-2010). Модуль арқылы оқыту технологиясы бойынша жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелері қорытындыланып, бір жүйеге келтірілді. Модуль арқылы оқыту технологиясымен жүргізілген эксперимент нәтижелері тұжырымдалды. Сабақ үрдісінде (СОӨЖ), сабақтан тыс кезеңдерде (СӨЖ) жүргізілетін жұмыстардың кешендері жазылып, жүйеленіп, ұсынылды.
Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы.
Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны, тұжырымдары, нәтижелері халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, 2003, 2008, 2009; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, 2009), республикалық ғылыми конференцияларда (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, 1999, 2004), ғылыми әдістемелік семинарда (Астана қаласындағы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Тілдерді дамыту департаменті, 2004) баяндалып, талқыланды.
Зерттеу жұмысының мазмұны мынадай республикалық ғылыми-педагогикалық, әдістемелік басылымдарда: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Хабаршысы, Филология сериясы, 2002, Педагогика сериясы, 2010; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, 2008; «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ұлағат» басылымдарында жарияланды. Диссертация бойынша 1 оқу-әдістемелік кешен, 14 мақала жарық көрген.
Диссертацияның қолжазбасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының мәжілісінде, әдістемелік семинарда талқыланған.
Зерттеу жұмысының құрылымы мен көлемі. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Зерттеу жұмысының бірінші бөлімі «Қазақ диалектологиясын» модульдік технология арқылы оқытудың әдіснамалық негіздері» деп аталып 4 тармаққа жіктеледі.
«Жоғары оқу орнында модульдік технологиямен оқыту мәселелеріне шолу» атты бірінші тармақшада қазіргі қоғамның жағдайында заман талабына сай мәдениетті, білімді, жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу мәселелері төңірегінде ой қозғалады. Оқытудың жаңа технологиясы жөніндегі анықтамаларға сараптама жасалып, мәні мен маңызы айқындалады. В.П.Беспалько, Қ.Қабдықайырұлы, Қ.Қадашева, Ж.А.Қараев, Ж.У.Кобдикова, Н.А.Оразахынова, М.М.Жанпейісова, т.б. ғалымдардың еңбектеріне шолу жасалады.
Оқыту жүйесіндегі модульдік оқыту технологиясының басты ерекшеліктері сарапталады.
К.Б.Жақсылықова: «Модуль – іс-әрекеттің мақсатты бағдарламасы белгіленген деңгейіне жету үшін сұрыпталған, дидактикалық өңделген білім, білік, дағдылы мазмұнының бірлігі және оның әдістемелік нұсқауы мен оқытудың негізгі құралы» екенін, «модульге ену және одан шығу дегеніміз – студенттердің модуль материалын игермей тұрғандағы олардың бастапқы білім деңгейін тексеру» жұмысын қамтитынын сөз етеді [4, 69].
З.Бейсенбаева модульдік оқыту технологиясы жайлы былайша тұжырым жасайды: «Жоғары мектептегі оқу материалын модульге құру білім беруді жекелеу, саралау ғана емес, студенттердің келешек мамандығына кәсіби қызығушылығын арттыру, әдістемелік пәндерді тереңдетіп оқыту қажеттілігін туғызу» [5, 125 б].
М.М.Жанпейісова модульдік оқыту технологиясының «білімді меңгеруге емес, тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процесстерді: яғни жадының алуан түрлерін (есту, көру, қимыл және т.б.), ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, сондай-ақ тұлғаның қауіпсіздігін, өзін-өзі өзектендіру, өзін-өзі бекіту, қарым-қатынас, ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, белсенді сөздік қорын (ауызша және жазбаша) дамытуға» бағытталатынын айтады [6, 6 б].
Ғалымдар И.Б.Марцинковский, Дж.Д.Рассель, Б.Гольдшмидт, М.Л.Гольдшмидт модульдік оқытудың студент үшін қолайлы екенін, материалды өз бетімен оқуға мүмкіндік туғызатынын, оқу белсенділігін қалыптастыруға көмектесетіндігін дәлелдеп көрсетеді.
Модульдік оқытуда оқытушы жеке тұлғаның қызметін емес, тек жол сілтеуші, бағыт беруші тұлғаның қызметін атқарады.
Модульдік оқыту студентке өзіне ыңғайлы модульді таңдап алуына және өзіне қолайлы уақытта оқуына мүмкіндік береді.
«Жоғары оқу орнында «Қазақ диалектологиясын» модульдік технология арқылы оқытудың лингвистикалық негіздері» тармақшасы модульдік технология арқылы қамтылатын тіл білімінің диалектология
саласына арналған.
Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, Н.Ф.Катанов, П.М.Мелиоранский, Д.Позднеев, М.Терентьев т.б ғалымдардың еңбектерінде қазақ тіліндегі диалектілерге арнайы тоқталмағанымен, қазақ тілінің диалектілерге бөліну-бөлінбеуі жайында аздаған пікірлер айтылады.
Ж.Аймауытовтың «Тіл туралы» атты мақаласы қазақ диалектологиясы жайындағы тұңғыш еңбек екендігі белгілі. Ғалым мақаласында қазақ елінде қолданылып жүрген сөздер туралы сараптама жасап, бұл сөздерге «жергілікті тіл (провинциализм)» деген анықтама береді. Кейбір сөздердің басқа тілдерден енгенін айқындап оны қолданудың жолдарын дәйектеп көрсетеді.
Сонымен қатар жергілікті тіл ерекшеліктерін сұрыптап қолдануды бірлесіп отырып шешу қажеттігін айтады [7].
С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, Ж.Досқараев, Ғ.Мұсабаев т.б. қазақ зерттеушілері жергілікті тіл ерекшеліктерін топтастыру мәселесі төңірегінде ой қозғап, оны диалект не сөйленістік көлемде жіктеу мәселесін қарастырған.
Осы зерттеулердің нәтижесінде диалектілердің дыбыстық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктері әдеби тілмен салыстыра қаралып, ғылыми тұрғыдан дәйектелді.
Диалектілерді тілдің дербес шағын жүйесі ретінде қарастыру орын алды. Диалектілерді зерттеу экспедиция материалдары көлемінен шығып, әлде қайда кең аспектіде қарастырыла бастады.
Диалектілердің шығу тарихы мен қолданылу өрісі, таралу жолдары жан-жақты зерттеліп, жаңа мәліметтермен толықты.
Ғ.Қалиев, Ш.Сарыбаевтың «Қазақ диалектологиясы» атты еңбегі қазақ тіліндегі жоғарғы оқу орындарына арналған бірден-бір алғашқы оқулық болып табылады. Оқулықта диалектілердің зерттелуі, дыбыстық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктері, сөйленістік топтары, әдеби тілге қатысы т.б. мәселелер ғылыми деңгейде айқындалған.
Диалектолог ғалымдар О.Нақысбеков, Т.Айдаров, Ә.Нұрмағамбетов, Б.Бафин, С.Омарбеков, Ж.Болатов,т.б. зерттеулерінде Қазақстанның әр өңіріндегі жергілікті тілдік ерекшеліктерді жан-жақты қарастырды.
М.Атабаеваның зерттеуінде диалектілер этнолингвистикалық тұрғыдан сарапталады. Олардың этимологиясы айқындалады.
Соңғы зерттеулерде диалектілерді сөйленістік топтарға бөлу басым. Диалектілерді зерттеу этнолингвистикалық сипат алуда.
Диалектілерді модульдік технология арқылы меңгертудегі тұлғаның танымдық қабілеттері, ойлау, қызығушылық, психологиялық даму, мінез-құлық, т.б. мәселелер «Жоғары оқу орнында қазақ диалектологиясын модульдік технология арқылы оқытудың психологиялық негіздері» атты тармақшада сөз болады.
Білім алушының ой-өрісін дамыту оқу әрекетімен тығыз байланысты. Оқу әрекеті – білім алушының өзін-өзі тану, өзгертуі. Студент жеке тұлға болып қалыптасу үшін өзі өмір сүріп отырған қоғамның ерекшеліктерін тани білуі қажет. Күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді өздігінен шешіп, талдай білумен қатар өзіндік пікір білдіре алуы шарт.
Ғалымдар оқу әрекеті барысында студенттің пәнге деген қызығушылығы, нәтижені бағалай білуі және қорытынды жасай алуы, т.б. психологиялық сипаттардың қалыптасатынын айтады.
Кредиттік оқыту жүйесінде диалектілерді модульдік оқыту технологиясын пайдалана отырып меңгерту студенттің білім сапасын арттырумен бірге өзіне деген талапты да күшейтеді. Себебі кредиттік оқу жүйесі талап ететін 100 пайыздық көрсеткішке жету үшін студент талпынады. Тұлғаның зейін, ес, ойлау сияқты психикалық қасиеттері оқыту үрдісінде маңызды рөл атқарады.
Танымдық әрекетте студенттің зейіні маңызды фактор болып саналады. Студент зейін қоймаса нәтижеге жету қиын. Ал модульдік технология білімді белгілі бір көлемде ғана беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен ғана шектелмейді. Ол студенттің жалпы тұлғалық дамуын, ойлау, есте сақтау қабілетін дамытуды да көздейді.
Модульдік оқыту оқу танымдық қызметі «субъект-субъектілік» қарым-қатынаста ұйымдастыруды талап етеді. Студенттің психологиялық бейнесі оның қоғамның толыққанды мүшесі бола алу қабілетін танытады. Әлеуметтік орта білім алушының білік, дағдысына, қабілетіне, білімді терең игеруіне де әсер етеді.
Оқу әрекеті білім алушының жоғары психологиялық үдерістерінің дұрыс қалыптасуына және дамуына арналады. «Қазақ диалектологиясы» пәнін меңгерту арқылы студентке өмір заңдылықтарын үйрету, дүниетанымдық қабілеттерін дамыту басты назарда болады.
Педагогика ғылымында тұлғаны дамыту деп жан-жақты дамыған, белгілі бір әлеуметтік ортақ типті қалыптастыру үшін сырттан ықпал етуді айтса, тұлғалық субъектілік ұғымда адамның өз бойындағы ішкі мүмкіндіктері арқылы өзіндік дамытуға бағыттау, танымын кеңейту, шешім қабылдау, нәтижесін өзі бағалау, т.б. қасиеттері түсіндіріледі.