Автор: Пользователь скрыл имя, 15 Марта 2012 в 04:51, монография
Қазақстандық бизнес–инкубаторлардың қызметінің шағын ғана тәжірибесі олардың бірқатар ерекшеліктері мен өзекті мәселелері бар екенін көрсетті, атап айтқанда [39]:
көптеген бизнес–инкубаторлар халықаралық қорлар мен ұйымдар қолдауымен құрылған;
жеке бизнестің бизнес–инкубаторларды құруға деген ынтасының жеткіліксіздігі;
Қазақстанда 2008 жыл ҰИЖ-ні мемлекеттің белсенді қатысуымен қалыптастыру мақсатын көздеген 2003-2015 жылдарға арналған Республикалық индустриалды–инновациялық даму Стратегиясын жүзеге асыруда 2-кезеңнің соңғы фазасы екені баршамызға мәлім. Жалпы алғанда, сарапшылардың бағалуы бойынша, Қазақстанның индустриалды–инновациялық саясатын жүзеге асыру мемлекет қызметінің барлық салаларына әсер етті, бұл бойынша заң қабылдау саласында түрлі жұмыстар атқарылып, бағдарламалық құжаттар мен нақты шаралар қолданылып жатыр. Республикадағы инновациялық қызметті ынталандыру бойынша үкіметтің қабылдаған түрлі шараларының нәтижесінде бұл саладағы халық белсенділігінің өсу тенденциясын байқауға болады. Дәлірек айтсақ, ҚР статистика жөніндегі Агенттіктің 01.01.2008 ж. берген мәліметіне сәйкес, республикадағы инновациялық белсенді кәсіпорындар саны 505 бірлікті құрады. Бұл респонденттердің жалпы санының 4,8 %–на тең (кесте 7.11).
Кесте 7.11 – 2003-2007 ж.ж. Қазақстан Республикадағы кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі [16], [4].
Көрсеткіштер | Жылдар | |||
2004 | 2005 | 2006 | 2007 | |
Респонденттер саны, барлығы | 7212 | 8022 | 10392 | 10591 |
Соның ішінде инновациялық белсенді кәсіпорындар саны | 148 | 154 | 352 | 505 |
Инновация саласындағы белсенділік деңгейі, % | 2,1 | 2,3 | 3,4 | 4,8 |
Қазақстанның ҰИЖ-гі мемлекеттік даму институттарына «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ, «Экспорттық несие мен инвестицияны сақтандыру бойынша мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ, «Технологиялық трансферт пен инжиниринг орталығы» АҚ, «Маркетингтік–аналитикалық зерттеулер орталығы» АҚ жатады.
Даму институттар қызметінің нәтижесін бағалайтын болсақ, Даму банкі құрылғаннан бері республикамызда жалпы сомасы 1970,2 млн. АҚШ долл., соның ішінде Банктің қатысуымен 807,7 млн. АҚШ долл. көлемінде 84 инвестициялық жоба мен экспорттық операциялар мақұлданған. Сондай-ақ 2007 ж. 1-ші жарты жылында жалпы сомасы 196,9 млн долл., Банктің қатысуымен 57,7 млн. АҚШ доллар көлемінде 10 инвестициялық жоба мен экспорттық операциялар мақұлданғанын да айта кеткеніміз жөн. Банк тарапынан қаржыландырылатын жобаларының қатарынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоқыма кластерін құру мен Ақтау қаласындағы халықаралық теңіз сауда портын дамытуды бөліп көрсетуге болады.
«Ұлттық инновациялық қор» қызметінің негізгі бағыттары отандық және шетелдік венчурлық қорларды құруға қажетті инвестициялау мен инвестиция тарту ғана емес, сондай-ақ инновациялық жобаларды іске асырушы компанияларды қолдау, инновациялық қызметтің маманданған субъектілерін қалыптастыру (технопарктер, технологиялық бизнес-инкубаторлар) және тәжірибелік–конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру жатады.
2009 ж. 1 шілдедегі мәліметке сәйкес ұлттық инновациялық қор жалпы құны 102 млрд. теңгеге бағаланған 53 жобаны қаржыландыру туралы міндеттеме алып отыр. Бұл жобалардың түрлері келесі 7.10–суретте көрсетілген.
Сурет 7.10 – 2009 ж. ҚР Ұлттық инновациялық қорының қаржыландыратын жобалары
«Технологиялық трансферт пен инжиниринг орталығы» АҚ-ы («ТТИО» АҚ) ҚР Үкіметінің бекітуімен 2003 ж. тамызында құрылған. 2004 ж. желтоқсан айынан бастап «ТТИО» АҚ-ы ҚР технопарктер желісін дамытуға бағытталған компания ретінде белгіленді. Бүгінгі таңда АҚ алдыңғы қатарлы шетелдік технологияны тарту мен Қазақстандық инновациялық жұмыстарды әлемдік нарыққа шығару бойынша қызмет атқаруда.
«Технологиялық трансферт мен инжиниринг орталығы» АҚ-ның соңғы жұмыстарының бірі – технологияны трансферттеудің Қазақстандық желісін құру (ТТҚЖ). ТТҚЖ – технологиялық алмасумен/трансфертпен айналысатын инновациялық инфрақұрылымының ұйымдар жүйесі – технологиялық ақпаратты тиімді тарату мен инновациялық, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға серіктестерді іздеуге мүмкіндік беретін инновациялық инфрақұрылымның құралы [39].
Бұл желінің негізгі мақсаты Қазақстандағы инновациялық бизнестің дамуы мен ғылыми сыйымдылығы жоғары технологияны өндіріске енгізуді қолдау болып табылады. ТТҚЖ–ның электрондық платформасы – ашық технологиялық биржа, яғни технология трансфертін жүзеге асыру мақсатында әлеуетті технологиялық жабдықтаушылар мен тұтынушылардың мүдделі кездесулері өтетін сауда алаңы. ТТҚЖ-ң негізіне Еуропалық инновациялық релей-орталықтар желісінің (IRC) бейімделген әдіснамасы алынып отыр.
ТТҚЖ желісін ұйлестіруші ұйым - «ТТИО» АҚ-ы. Бүгінгі таңда ТТҚЖ-не қатысудың нысаны - Желінің мүшесі – инновациялық инфрақұрылымның кәсіпорындары және ұсынылатын немесе талап етілетін технологиялар жайлы ақпаратты жинайтын, технологияны трансферттеумен айналысатын, сондай-ақ технологиялық аудит жүргізу мен ТТҚЖ базасына енгізу үшін профильдерді толтыра отырып, аймақтық мәліметтер орталығын қалыптастыру ісімен шұғылданатын басқа да ұйымдар. Мәліметтер орталығының мазмұны ұшін бұл ұйымдар толық жауапты.
Желінің мүшелері халықаралық маманданған мәліметтер орталығына, соның ішінде «ТТИО» АҚ-ы арқылы технологиялық трансферттің Ресейлік жүйесіне (RTTN), «ТТИО» АҚ-ы мүше болуды жоспарлайтын шетелдік ақпараттық агенттіктер мен баспасөздерде мәліметтерді (технологиялық профильді) орналастыруға мүмкіндіктері бар. Қазіргі кезде Қазақстанды IRC-ке енгізу туралы келіссөздер жүргізілуде. Бұл сұрақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комисcияның отырысында қаралатын мәселелер тізіміне кіріп отыр. Айта кететін жәйт, бұл мәселе оңды шешілген жағдайда жүйенің мүшелері IRC ресурстарын қолдануға мүмкіндік алады. Сондай-ақ «ТТИО» АҚ-ы электрондық платформа мен мәліметтер базасын құру бойынша жұмыстар жүргізуде.
«Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-нда қарастырылатын жобалар экспортқа бағытталған және импорттың орнын басатын жаңа өндірісті қалыптастыру мен құрылыс материалдар өндірісі, агроөнеркәсіп кешені, шыны жасау өнеркәсібі, металлургия, машина жасау өнеркәсібі, орман және ағаш өңдеу, химия өнеркәсібі, балық шаруашылығы, инфрақұрылым (энергетикалық және көлік) сияқты салалардағы қызмет етуші кәсіпорындарды жетілдіруге бағытталған. 2007 ж. 1 шілдесіне қатысты жалпы құны 9,8 млрд. АҚШ долл. құрайтын 362 жоба қарастырылуға жіберілді. Жалпы сомасы 174,19 млрд. АҚШ долл. құрайтын 36 жоба мақұлданды. Қордың қатысу үлесі – 24,08 %. 2007 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметтеріне сәйкес қордың жарғылық капиталда қатысуымен жалпы құны 350 млн. АҚШ долларынан астам 27 жоба қарастырылды. Қордың қатысуы – 182 млн. АҚШ доллары [39, 47].
«Экспорттық несие мен инвестицияны сақтандыру бойынша мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ-ы. 2007 жылы 1 шілдеге қатысты корпорацияға құны 800 млрд. теңгеге бағаланған экспорттық несие мен инвестицияны сақтандыру бойынша 221 жоба берілді. Корпорация басшылығы тарапынан қарастырылған 202 жобадан (жалпы құны - 36 млрд. теңге) 162 экспорттық жоба мен инвестицияны (жалпы құны - 28,8 млрд. теңге) сақтандыру туралы шешім қабылданды. Соның ішінде 96 жоба (жалпы құны - 17,4 млрд.теңге) бойынша сақтандыру келісімшарттары жасалып, жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жалпы сомасы 7,2 млрд. теңге құрайтын 40 жобаны шикізаттық құрамына байланысты және шетелдік сатып алушының қаржылық жағдайының қанағаттанарлық болмауынан сақтандыруға қабылданбады. 2007 жылы 1 шілдеге тиісті қазіргі сақтандыру келісім шартының көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе өсіп, 11,8 млрд. теңгені құрады.
«Тұрақты даму қоры «Қазына»» АҚ-ы жанындағы «Маркетингтік–аналитикалық зерттеулер орталығы» АҚ-ы кеңес беру қызметінің нарығында 2003 ж. тамыз айынан бастап қызмет атқарады. Орталықтың стратегиялық мақсаты – ҚР индустриалды инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру шеңберінде ұлттық экономиканы диверсификациялау процесін маркетингтік, ақпараттық – аналитикалық қамтамасыз ету, өнімдердің экспорты мен бәсеке қабілеттілігін жоғарылату.
Сондай-ақ, 2007 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде үш ұлттық технопарк (Ақпараттық технологиялық паркі, Ядролық технологиялар паркі, Биотехнологиялық паркі) және Орал, Қарағанды, Алматы қалаларында үш аймақтық технопарктер қызмет етуде. Бұл аймақтық технопарктердің мамандануы сол аймақтың негізгі өнеркәсіптік бағыты мен ғылыми әлеуетіне сәйкес келеді.
Қорыта келгенде, Қазақстан шикізаттық фактордың басымдылығынан туатын қауіпті ұғына отырып, өндірісте ғылыми сыйымдылығы жоғары технологияны қолданатын өндірісті дамытуға бағытталған жаңа экономикалық саясатты қалыптастыруда. Мұндағы ең маңыздысы – еліміздегі қаржылық, ғылыми–техникалық ресурстардың тапшылығына қарамастан, мемлекеттің бұл мәселеге тікелей мүдделі болуында. Бұл мүдденің сипаты тек шығарылған заңдар, жарғылар мен бекітулерден ғана емес, нақты атқарылған істерден де айқындалып отыр.
Алдағы он жылдың ішінде Қазақстан Республикасы алдына әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндетін қойып отыр. Қазақстан бұған қандай стратегиялық жолмен қол жеткізеді? Әрине, ең бірінші еліміз халықаралық рынокқа шығу үшін қызмет көрсетудің және өндіріс саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың алатын орны айрықша. Осыған байланысты өндіріс саласының рентабельділігін арттыруда ғылымға негізделген технологиялар мен инновациялық жобалардың жүзеге асуы маңызды.
Осы ретте Израиль мемлекетінің дамуын айта кеткеніміз жөн. Өткен ғасырдың 50-жылдарында көлемі шағын әрі жері бос жатқан Израиль мемлекеті өркениеттен тыс қалған сияқты көрінетін. Бірақ елдегі экономикалық саясат халықтың ынта-жігерін оятып, қиындықтан қорықпауға тәрбиеледі. Соның нәтижесінде қазір Израиль жоғары өркендеген экономикасы бар, бәсекеге қабілетті, ақпараттық технологияларға негізделген венчурлік кәсіпорындары табыстың 60 пайызын әкелетін мемлекетке айналды.
Тағы бір мысал ретінде Қытай мемлекетін алайық. Өткен ғасырдың 70-жылдарында Қытай Халық Республикасы әлемдік экономиканың жетекшілерінен көп кейін қалды. Бұл елде тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету елеулі проблемаға айналды. Ал қазір сол күрделі кезеңді еске түсірудің өзі оңай емес, бәрі де бір күндей болмай ұмытылған тәрізді. Бүгінгі Қытай мемлекеті әлемдік рыноктағы алпауыт мемлекеттермен бәсекеге түсе отырып, тауар өндіру, түрлі қызмет көрсету, әлемдік деңгейдегі жоғары технологияларды игеруде біраз мемлекеттерді артқа тастады. Бұған қоса, Қытай мемлекеті қазірдің өзінде ғарышқа адам ұшырып, ал 2020 жылы ай бетінде ғарыштық стансасын салу жоспарын жаһанға жариялады.
Орталық Азиядағы жоғары дамып келе жатқан мемлекеттің бірі – Қазақстан. Ол тәуелсіздік алған жылдардан бастап шетел инвестициясын өз экономикасына тарту көлемі жағынан ТМД елдерінің ішінде көшбасшы қатарында. Сонымен қатар, елімізде жаңа салық және банк жүйесі құрылып, олар отандық кәсіпкерлермен шағын бизнеске жан-жақты қолдау көрсете бастады. Ауылдық жерлерде де экономика дұрыс жолға қойылды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, орташа табыс деңгейі бар мемлекеттер тобына кіреді. Сонымен бірге, Қазақстан Еуроодақ пен АҚШ-тың орынды мойындағанындай, бұрынғы Кеңестер Одағына қараған мемлекеттердің ішінде рыноктық экономикасы қалыптасқан алғашқы елдің бірі болып табылады. Ал енді Дүниежүзілік банк Қазақстан Республикасын инвестиция тартуға мүмкіндігі мол әлемдегі 20 мемлекеттің қатарына жатқызды. ТМД мемлекеттері арасында еліміз инвестициялық рейтингке ие болды. Осылайша Қазақстан экономикалық-саяси салада тұрақты дами келіп, қазіргі уақытта сапалық жаңа деңгейге жетуге мүмкіндік алды. Тәуелсіздік жылдарында экономикалық реформаны тиімді дамыта отырып, Қазақстан қазіргі уақытта өндірісті ілгерілетудің сервистік-технологиялық түріне көшуді қолға алды. Осы мақсатқа жету үшін Қазақстанда 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге асырылуда. Осы стратегияға сәйкес елдегі өндіріс бес салаға: ақпараттық технология, биотехнология, нанотехнология, энергетика және көмірсутегі шикізатын өңдеу технологиялары бірыңғай жүйеге біріктіріледі. Бұл ретте жоғарыда айтылған ғылыми зерттеулерді талап ететін салалардың құрылуы мемлекетіміздің қаржы саласында біршама бюджеттік төлем бөлуін талап етеді. Қазақстан Үкіметі осыған орай арнаулы экономикалық аймақтар құрды. Онда технопарктер және жоғары технологиялық өндіріс орындары ашылды. Мұның өзі өндірісті дамыта отырып, жоғарыда аталған технологияларды қолдану арқылы оның тиімділігін арттырды.
Өндіріс пен экономиканы дамыту үшін елдегі технопарктерді жетілдіруге көңіл бөлінуде. Мұның өзі ғылым мен өндірісті бір мақсатқа жұмылдыра отырып, жеке сектордың, жекелеген адамдардың, ғалымдардың, әлемдік ғылым мен тәжірибенің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.
Осындай іргелі міндеттерді жүзеге асыруға елдегі дұрыс құрылған венчурлік капиталдың жүйесін пайдалана білу маңызды. Бұл үшін Ұлттық инновациялық қор құрылды. Ол қазіргі уақытта технопарктермен, биотехнология орталықтарымен, мұнай-химия парктерімен, басқа да ғылымды дамытуды талап ететін орталықтармен бірлесіп жұмыс атқарады. Бұл жерде Елбасымыз атап откен “30 корпоративтік көшбасшы” бағдарламасын жүзеге асыру айрықша маңызға ие болуда. Оның өзі елімізде инновациялық жаңа экономиканы қалыптастырудың тиімді құралы болып саналады. Сондықтан да мемлекет елімізде ұлттық жетекші компаниялардың құрылып, нығайып және дамуына мүмкіндік жасауда. Экономикадағы мұндай өзгерістер Қазақстанның аймақтық және жаһандық дәрежеде бәсекеге сай өнім шығарып, алға қадам жасауына мүмкіндік береді.
Жұртшылыққа мәлім корпоративтік көшбасшы кәсіпорындар еліміз экономикасының анағұрлым жетілдірілген секторында дамытылады. Оған конкурстық негізде шетелдік бизнестің тәжірибесі енгізіледі. Корпоративтік көшбасшылар алдағы уақытта еліміздің сыртқа шығарылатын өнімдерін бәсекеге қабілетті, сапалы әрі мол шығаруына негіз қалайды. Бұл бағытта отандық және дүниежүзілік тәжірибенің жетістіктері кеңінен пайдаланылады. Бұл жерде еліміздегі әр азаматтың Қазақстандағы ірі компаниялардың капиталына акционер болуының маңызы зор. Сөйтіп, олар табиғи байлықтарды игере отырып, стратегиялық саладағы байлықтан өз үлесін алады. Екінші жағынан инновациялық технологияларды дамыту жоспарларын жүзеге асыруда қаржымен қатар адам күші де қажет болады. Осы мақсатқа жету үшін Қазақстандағы оқу орындарының материалдық базасы нығайтылуда. Соның ішінде жаңадан перспективалық оқу орындары ашылуда. Атап айтқанда, Елбасымыз атап көрсеткен Қазақтың халықаралық университеті бұл маңызды іске зор үлес қосады. Президенттің Жолдауында айтылғанындай, жыл сайын шетелдегі беделді жоғары оқу орындарына мыңдаған студенттер жіберілуде. Олар келешекте инновациялық экономиканы, технопарктерді жоғары білікті, білімді кадрлармен қамтамасыз етеді.
Мемлекетіміз ғылымның дамуына да ерекше назар аударады. Экономикалық, қаржылық, адам ресурстары проблемаларын шеше отырып, ел Үкіметі Қазақстандағы ғылымның алдыңғы шепке шығуына мүмкіндік береді. Елбасының Жолдауында ол біздің алдымызда тұрған стратегиялық міндеттің бірі ретінде атап көрсетілді. Мұның өзі келешекте Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуына септігін тигізеді.
Қазақстан Президенті өзінің Жолдауында инновациялық дамуды стратегиялық міндет ретінде белгілеп, оған осы заманғы ғылым мен техниканың барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, елдегі әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуді осыған негіздеді. Ал мұның өзі әрбір азаматтың белсенділігін, іскерлігін арттырады. Соның нәтижесінде еліміз таяудағы жылдар ішінде дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылады.
Информация о работе Қазақстандағы инновациялық белсенділікті арттыру жолдары