Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Апреля 2013 в 16:30, курс лекций
Ә дыбысының тарихы. Түбір сөз құрамындағы дауысты фонемаларды көне түркі тіліндегі дыбыстар тобымен салыстырғанда, көзге оқшау көрінетін фонема-ә. V-VII ғасыр жазбаларының тілінде де, орта ғасырлардың алғашқы кезеңіне қатысты жазбаларда да мұндай фонема жиі ұшырамайды.
Қ, к дыбыстары түркі негіз тілі құрамында қолданылған. Бұл жағдай қыз, қара, кес, кір, кел, кет тәрізді байырғы сөздердің басында айтылуымен дәлелденеді. Бұл сөздер көне, қазіргі түркі тілдерінің барлығында осы сипатында қолданылады. Көне түркі тілінің қ дауыссызы сөз басында қазақ тілінде де өз сапасын сақтаған. Бірақ тіл дамуының барысында сөз ортасындағы қ элизияға ұшыраған. Оның кейбір іздері қазақ тілінде де кездеседі; тарқау-тарау, уқалау-уалау, т.б.
Сөз басында қ, дегенмен, кейбір тілдерде өзгеріп кеткен: азербайжан тілінде ғ, түрік тілінде к, чуваш тілінде х дыбыстарына айналған. Оңтүстік-батыс тілдерінде осы позициядағы қ дыбысы да г-ге айналған: геч, гіт, гөк, т.б. Екі дауысты аралығындағы қ, к дауыссыздары көне түркі тілінде де ұяңдап кеткен. Бірақ сөз соңындағы қ, к екі дауыстының аралығында қалып ұяңдаған: ағыс, көгіс, т.б. Оның бер жағында сөз соңындағы қ, к дауыстыдан басталған қосымша жалғанғанда да ұяңдайды, бұл-нормалық құбылыс.
Сөздің абсолют соңындағы қ, к бірсыпыра тілдерде өзгеріске ұшырады: хақас тілінде х, азербайжан тілінің біраз сөздерінде ғ дыбыстарына айналған (ах, айағ).
Көне түркі тілінде сөздің абсолют басында ғ, г дыбыстары жұмсалмаған. Бірақ сөз соңында жиі айтылған: аңдағ, тег, т.б. Қазақ тіліндегі ғ, г дыбыстарымен салыстырғанда, едәуір айырмашылығы байқалады. Ең алдымен, қазақ тіліндегі көп сөздердің абсолют басында ғ, г дыбыстары айтылады: гүл, ғашық, ғұрып, ғұмыр, т.б. Төркінін байқасақ, ондай сөздер араб-парсы тілдерінен ауысқан болып отырады. Олай болса, қазақ тіліндегі сөздердің абсолют басындағы ғ, г сыртқы әсерден, басқа тілдерден ауысқан сөздер құрамында қалыптасқан дыбыстар. Бұлардың қ, к дыбыстарымен оппозиция құрып, фонемалық мән алуы да сол сөздер құрамында, сол позицияда ғана мүмкін. Қазақ тілі (немесе қыпшақ тобындағы тілдер) бұл жағынан оғыз тобындағы тілдерден бүтіндей өзгеше. Оғыз тілдерінде сөздің абсолют басында болған өзгерістердің салдарынан байырғы сөздер де осы дыбыстардан басталады.
Сөз ортасында қолданылған ғ, г-ықпал заңдылығының нәтижесі.
Көне түркі тілінің осы дыбыстарының қазақ тіліндегі көрінісі мүлде басқаша. Олай екенін көне түркі тілінде қолданылған мына сөздерді салыстырудан байқаймыз: қағун, сарығ, қайғуқ, қығ, қорығ, тағ, тайақлығ, бузағу сөздері қазақ тілінде қауын, сары, қайық, қый, қорық, тау, тайақты, бұзау түрінде дыбысталады. Көне түркілік осы сөздер біздің тілімізде сол мән-мағынасында сақталған, бірақ бір ғана өзгеріске ұшыраған. Ол өзгеріс қ, г дыбыстарына байланысты. С.Е.Малов түркі тілдерінің «ескі», «жаңалығын» айырудың бір критерийі ретінде ғ, г дыбыстарының сақталмауын ұсынуы да қазіргі тілдерде бұлардың көрінісінің әр түрлі болуын еске алудан болса керек.
Сөз ортасында айтылған ғ дыбысы қазақ тілінде у-ға айналған: ағыр, ағыз, бағыр, ағна, қазақ тілінде ауыр, ауыз, бауыр, ауна болып дыбысталады. Мұндағы у, әрине, буын құрайтын дыбыстар қатарына жатпайды, қолданылған позициядағы ғ-ның ішінара й-ге ауысуы да болған: бағла-байла, йығыл-жыйыл, йығрыл-жыйырыл, т.б.
Көне түркі тілінде сөз соңында айтылған ғ қазақ тілінде әр түрлі көрінеді: а) ғ буын құрамайтын у дыбысына ауысты, бұл-негізгі көрінісі: бағ-бау, сағ-сау, тағ-тау, йағ-жау, т.б. ә) кейбір сөздер құрамындағы ғ й-ге айналған: йығ-жый, бағ (ла)- бай (ла). Дегенмен, бұл позициядағы-ғ-ның й-ге ауысуы сирек ұшырасады; б) бірқатар сөздерде сақталып, қазақ тілінде (басқа да қыпшақ тілдерінде) болған процеске ыңғайласып, қатаң қ-ға айналған: тақ, бақ, сақ, пысық, т.б. Бұл фактілер қазақ тіліндегі сөздің абсолют соңындағы қ сөздің абсолют басындағы қ емес, көне түркілік ғ-ның қатаң варианты екенін көрсетеді. Сөз соңында ғ-ның қатаңдануы, соның нәтижесінде бір ғана түбірдің екі түрлі дыбысталуы ортағасырлық ескерткіштер тілінде-ақ байқалады. Мысалы, сол жазбалар тілінде йағ, йақ (қазақ тілінде соңғысы сақталған), бағ, бақ (бақыла сөзінің құрамында сақталған) тәрізді параллельдер кездеседі. Төртінші бір ыңғайда сөз соңындағы ғ-ның түсіп қалуы бар: сарығ-сары, кічіг-кіші, суғ-су.
Ғ дыбысы көне түркі тілінде дауыстылармен бір тіркесте жұмсалған. Кейінгі өзгерістер де бүкіл тіркесті қамтыған. Сол тіркестердің түрлері мен кейінгі көріністері мына төмендегідей болып отырады.
-ағы – бағыр-бауыр, ағыз-ауыз;
Ағыр-ауыр, ағыл-ауыл:
-ағу-йағуқ-жуық, қырағау-қырау;
-оға-йоған-жуан;
-оғу-соғуқ-суық, оғул-ұл;
-ығы- сығыр-сиыр, йығын-жиын;
-ағ-йағлақ-аулақ, бағла-байла;
-оғ-тоғмақ-тумақ, тоғру-тура;
-уғ-буғдай-бидай;
-ағ-тағ-тау, йағ-жау, сағ-сау;
-ығ-азығ-азу, азығ-айу.
Көне түркілік г дыбысы да осыған ұқсас өзгерістерге ұшыраған. Сөз ортасындағы г көп жағдайда қазақ сөздерінің құрамында й-ге ауысқан. Көне түркі ескерткіштері тілінде егін, егрі, йігне, көгле, өгрен, тегі, қазақ тілінде ійін, үйір, ійне, күйле, үйрен, дейі (н). Бұларды өзара салыстырғанда, көне түркілік г-нің қазақ тіліндегі й-ге сәйкестігі айқындалады. Алайда көне түркі тілінде г-мен айтылған кей сөздер сол қалпын сақтап қалуы да бар. Қазақ тіліндегі жігіт, үгіт, көгер сөздері сондай (ескерткіштер тілінде йігіт, өгүт, көгер). Көне түркілік г-нің й-ге айналуы, сонымен, тіл құрамындағы сөз атауылыны түгел қамтыды деп қарауға болмайды. Бұлардың бәрі фонетикалық ұқсас сөздердің сыртқы пішін тұрғысынан жіктелуіне себеп болды. Мысалы, көне түркі тілінде көгле сөзі екі түрлі: бірде ән салу, күй күйлеу мағынасын берсе, бірде көк шөпке жайылу, тойыну мәнін берген.
Сөз соңындағы көне түркілік г көбінесе й-ге айналған. Көне түркілік бег, ег қазақ тілінде бій, ій түрінде дыбысталады. Көне түркілік г-нің й-ге айналуы, сол арқылы сөздің фонетикалық өзгерісі кейде тіл дамуының барысында болған әр түрлі қосымшалардың жалғануы арқылы көмескіленіп кеткен. Қазақ тіліндегі бүйі, шійкі сөздерінің құрамынан фонетикалық өзгеріске ұшыраған көне түбірді, кейін жамалған қосымшаны ажыратуға болады. Көне жазбалар тілінде бүйі сөзі бег, шійкі сөзі йіг түрінде дыбысталған.
Ғ, г дыбыстарының өзгерісі тілдің грамматикалық құрылысына да әсерін тигізді. Бұл әсіресе қазіргі тілдің қосымшалар жүйесінен байқалады. Бұл жерде ең алдымен көзге түсетін –лық және –лы қосымшалары. Көне түркі тіліндегі –лығ қосымшасының негізінде –лы қалыптасқаны айқын: бір вариантында ғ-ның элизияға ұшырауы, екіншісінде оның сақталып, қатаңдауы (-лық). Басқа варианттардың қалыптасуы, әрине, кейінгі құбылыс.
Л, р дыбыстары тарихи тұрақсыз дыбыстар деп аталатын топқа жатады. Л дыбысы сөз ортасында, сөз соңында түсіп қалады (элизия). Қазақ тілінде мынадай фактілер кездеседі: апкел (алып кел), апар (алып бар), әкел (алып кел), боса (болса), т.б. Мұндай реттерде л дыбысының түсіп қалуы әсіресе оңтүстік қазақтарының тілінде қалыптасқан норма. Қазақ тіліндегі отыр етістігі осы күйіне л дыбысының түсіп қалуы арқылы келгені де белгілі. Л, сонымен қатар, бұл сол сілтеу есімдіктері мен ол жіктеу есімдігінің құрамынан да түсіріліп айтылады.
Р дыбысы түсіріліп айтылатын сөздер қазақ тілінде аса көп емес: беркіт-бекіт. Бірақ тарихи тұрғыдан р түсірілу арқылы қалыптасқан фактілер едәуір ұшырасады. Мыс, түрікмен, азербайжан тілдерінде аслан, қазақша арыстан. Осы ізбен ала+туру-аладүр-ала+ды формасы әбден дәлелденді. Яғни, осы шақтық көрсеткіш ал етістігінің көсемше түрі мен тур етістігінің келер шақ тұлғасының қысқарып, кірігуі арқылы жасалған. Р-дің түсіп қалуы қазіргі е етістігінің формасынан да көрінеді. Оның ескі формасы ер екені мәлім. Р дыбысы көне түркі тілінде сөз ортасында, әсіресе сөз соңында, қосымшалар құрамында жиі қолданылған, бірақ ол тілде бірде-бір сөз осы дыбыстан басталмаған.
Н дыбысы түркі негіз тілінде сөз басында бірен-саран сөз құрамында ғана байқалады. С.Е.Маловтың көрсетуінше, Орхон-Енисей жазбаларында –н дыбысынан басталған сөздердің көпшілігі сырттан енгендер. Бұған қарағанда, көне түркілік дәуірде –н дыбысынан басталатын сөздер соншалық көп болмаса керек. Қазақ тілінде сөз басында ж-н сәйкестігі ұшырасады: найқалу-жайқалу. Сөз басында ұшырасатын н дыбысы й-мен негіздес. И дыбысының ж-ға сәйкестігінің екінші бір варианты ш-н сәйкестігі болса керек (н-й-ж//ш). Сөйтіп қазақ тіліндегі нану, шану, илану және найқалу, жайқалу сөздері өзара түбірлес, дыбыстық өзгерістер арқылы қалыптасқан сөздер.
Көне, жаңа түркі тілдерінде
сөз басында айтылмайтын дыбыс-
Көне түркі тілінде т дыбысы сөз басында да, ортасында да, аяғында да жұмсалған. Дегенмен, кейінгі даму барысында бірсыпыра тілдерде, әсіресе оңтүстік тілдерінде (түрікмен, түрік, азербайжан) сөз басындағы т, д-мен алмасқан: дерт, дағ, т.б. Қазақ тілінде т сөздің барлық позициясында да ұяңдамайды. Ал бірсыпыра тілдерде созылыңқы дауыстылардан кейінгі т ұяңдап кеткен: алтай, шор тілдерінде- едүк (тік). Қазақ тілінде бірсыпыра сөздер басында д дыбысы айтылады: дуадақ, доңыз, думан, дәуір, дәріс, т.б.
Орхон-Енисей жазбаларында сөз басындағы б-ның м-ға сәйкестігі бар: бен-мен. Қазақ тіліндегі бұнда, мұнда тәрізді параллельдер сол сәйкестіктің бүгінгі жалғасы. Мәңгі, мана, мұң тәрізді сөздер тек бір вариантта- м дыбысты вариантта орныққан. Ескі жазбалар тілінде бұлар беңгу, бана, бун түрінде ғана ұшырасады. Алайда байла, бақ, бауыр, бар, бат, бас, бек тәрізді сөздердің абсолют басындағы б ешбір өзгеріссіз сақталғандығы айқын.
Ежелгі ескерткіштер тілінде б дыбысы аз ғана сөздің абсолют соңында да айтылған: суб, саб, себ.
Сөз басында с дыбысының орнына ш дыбысын айту негіз тілінің соңғы дәуірлеріне қатысты құбылыс. Олай болса, қазіргі тілдегі сап, сұңқар, сығыр, сол тәрізді сөздердің басында айтылатын с дыбысы түркі негіз тіліне дейінгі дәуірлерден бізге жеткен қолданыс, ал шаныш// шаншы, шаш (етістік) тәрізді сөздердің абсолют басындағы ш түркі негіз тілінің жеке, дербес тілдерге ажырау дәуірінде пайда болған құбылыс болып табылады. Сөз ортасындағы көне түркілік ш қазақ тілінде түгелге дерлік с дыбысына айналып кеткен.
Ал көне түркілік ч қазіргі түркі тілдерінде әр түрлі орныққан: қазақ-шын, татар-чын, хақас-сын. Сөйтіп түркі тілдері арасында ч-ш-с сәйкестігі келіп шығады.
Қазақ тілінің өз топырағына тән екі аффрикат дыбыс бар: дж, ч. Алайда, бұл екеуі де говорлар құрамында ғана сақталған. Ч аффрикаты көне түркі жазбаларында өте жиі қолданылған дыбыс.
Қазақ тіліндегі ж қазіргі түркі тілдерінің бірсыпырасында сөз басында айтылатын й-дің, сондай-ақ көне түркілік й-дің көрінісі. Осылай дегенмен, ж фонемасының да көне түркі тілінде немесе одан да әрі кезеңде болу, болмауы жайындағы мәселе шешімін тапқан деп қарауға болмайды. Бірсыпыра зерттеушілер көне дәуірде түркі тілнде ж дыбысы болмаған деп есептейді. Бұл пікірдің авторлары сөз басындағы й-дің өзгерісін былай түсіндіреді: й-дж-ж. Мысалы: далаң, жалаң, жүз, дүз, дүзу, жүзу.
Қазақ сөзінің басы мен аяғындағы өзгешеліктер
Қай тілде болмасын сөздің басы мен соңы өзіндік белгілерімен ерекшеленеді. Бұлай болуы тілдің даму барысында болған өзгерістердің сол тілдің өзіне тән заңдылыққа айналуының нәтижесі. Түркі тілдері де сөздің қай дыбысқа аяқталуы тұрғысынан бірөңкей болып келмейді.
Түркі сөздерінің барлық шенінде де дауысты дыбыстар жұмсала алады. Сөдің ең басындағы дауысты дыбыстың ықпалымен басқа буындардағы дауыстылар, соған орай фонетикалық сапа алады. Бірақ дауыссыздар жайлы да осы тұжырымды айтуға болмайды.
Дауыссыз дыбыстардан сөздің басталуында түркі тілдерінде белгілі жүйе сақталады және тілдердің өзара жақын топтарға бөлінуінің қосымша дәлелі болып табылады.
Түркі тілдері сөз басында қатаң т, к дыбыстары мен ұяң д, г дыбыстарының қай тобы қолданылуына қарай екі топқа бөлінеді.
Түркі тілдерінің оғыз тобында сөз басында ұяң д, г дыбыстары айтылады да, басқа топтарда, соның ішінде қыпшақ тобында ол позицияда қатаң т, к дыбыстары айтылады. Мысалы, түрікмен даш, дарт, гелин, гит, қазақ тас, тарт, келін, кет, т.б. бірақ түркі тілдерінің көпшілігінде осы заңдылықтан кейбір ауытқулар байқалады. Сол оңтүстік түркі тілдерінің өзінде кейбір сөздер д, г дыбыстарынан емес, қатаң, т, к дыбыстарынан басталып айтылатыны бар. Мысалы: түрік: таш (даш емес), азербайжан: кечмәк (гечмәк емес), т.б. қазақ диалектілерінің көрнекті зерттеушісі С.Аманжолов қазақ говорында т-д, д-т ауысуларының екеуі де барлығын айтады. Егер жоғарыда келтірілген фактілер т-д сәйкестігін көрсетсе, тұзақ-дұзақ, доғару-тоғару тәрізділер д-т сәйкестігін дәлелдейтін фактілер.
Қазақ сөздерінің басында ең жиі айтылатын дыбыс-б, ал п дыбысынан басталатын сөздердің көпшілігі-сырттан енгендер. Бұл жай қазақ тілінің б тілдері тобына жататындығын көрсетеді. Алайда түркі тілдері б, п дыбыстары сөз басында айтылуына қарай белгілі бір негізі бар жүйелі топтарға бөлінбейді. Сөз басында п айтатын тілдер-хақас, чуваш тілдері. Ал, басқа тілдердің бәрі дерлік сөз басында б айтатын топқа жатады. Құрылысы жағынан ескілік күйді танытатын тіл-якут тілі де б тілдері тобына жатады.
Түркологияда қалыптасқан пікір бойынша сөз басндағы б-кейінгі құбылыс, бір кезгі қатаң п дыбысының әлсізденуінің, ұяңдануының нәтижесі, ал сөз басындағы т ескі күйдің көрінісі де, кейбір тілдерде осы позицияда д-дыбысының айтылуы жаңа құбылыс. Егер осы көзқарасты алсақ, қазақ тілі бір ыңғайда (т дыбысын қолдануда) ескі күйдітанытса, екінші бір ыңғайда (д дыбысын қолдануда) жаңа, жас құбылысты байқатады. Сонымен бірге, қазақ тіліндегі анлауттағы т мен д, б мен п оппозиция құра алмайды, сөз мағынасын айқындамайды, олар дублеттік (болат, полат, диірмен, тиірмен) формалар ғана жасайды. Ал кейбір сөздер арасында бұл дыбыстардың оппозициясы ұшырасса, олардың бірі байырғы сөз, екіншісі сырттан енген сөз болып шығады (бол, пол). Бұл фактілер, екінші жағынана, дауыссыздардың қатаң және ұяң топтарға жіктелуі көне түркі тілдерінің қайсысында да фонемалық мәнге көтерілмеген дейтін пікірдің дұрыстығын дәлелдекйді.