Техникалық ТОО

Автор: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2011 в 23:56, реферат

Описание работы

техникалық ТОО-лар

Работа содержит 1 файл

Үш күндік жолдың бүгінгі.docx

— 88.05 Кб (Скачать)

Мезгілімен жетсе, әкесіне өмірінде бірінші рет  жалынып аяғын құшса да өлтіртпей  алып қалмақ еді. Кешігіп қалды. Енді топтың ішін көрмек емес. Атына қайта  жүре берейін деп еді. Бірақ дәл  осы кезде, үнсіз тұрған жиын жақтан жапыр-жұпыр дауыстар естіліп қалды.

- Сен ал!

- Е, сен ше?

- Ал өзің?- десіп  қау-қауласып тұрған жұрт, қолды-қолына  бір-бір кесек тас көтеріп алыпты. «Төбелес» пе деп еді. Солай  басты. Бұл төбелес емес-ті. Қодар  құласымен Құнанбай:

- Әлі жаны шыққан  жоқ. Енді анау кәпірден өз  жанымызды ақтап, аулақ әкету  үшін, қырық рудың қырық кісісі  кесек атсын. Ал осы жиындағы  әр атаның баласынан бір-бір  кісі кесек алыңдар қолдарына!- деген. 

Өзі алдымен алды да, Бөжей мен Байсалға қарап жердегі  тасты нұсқап: «Алындар»!- деді. Бұйыра айтты. Аналар бағынды да тас алды.

- Міне, шариғат бұйрығы.  Атыңдар кесектеріңмен!- деп, алдымен  өзі лақтырып, Қодардың- жонынан  ұрды. Бөжейлер алған кезде тасты  біреу алып, біреу алмай тартыныңқы  еді. Жаңағы дабырлаған дауыс  сол тас алдырып, ұрғызудың  бұйрықтары екен.

Абай жеткенше жұрт бірі артынан бірі тас жіберіп  ұрып жатыр. Топтың шетіне Абай келе бергенде Жиренше қолынан ұстай алып, бетіне бетін тақап:

- Ананы қара! Мынау  ұрғалы жатқан шалды қара! Осы  Қодардың жақыны. Өзі шал. Өзі  Борсақ. Жексен!.. Бұған не жоқ  екен, көк төбетке!?- деді.

Абайға нағыз өлтіруші осы сияқтанды. Ентелей ұмтылып, Жексеннің желке жағынан тақай  бергенде, Жексен Қодардың өлігіне  қарап:

- Кет, бәлекет,  жүзі қара! Кет!- деп, үлкен тасты  жіберіп қалды. Қодардың денесін  Абай жаңа көріп еді. Бас  сүйегі мылжа-мылжа болыпты. Жүрегіне  қан төгілгендей қайнап кеп: 

- Өй, кәрі малғұн!- деп, Жексенді желкеден қойып  жіберді. Жексен Қодарды ұрған  біреудің топшысы тиді ме деп  сырт айналып қарағанда: 

- Не деген имансыз  едің, кәрі төбет?!- деп тұрған  Құнанбайдың баласын көрді. Абай  сырт айналып кете беріп еді,  Жексен бұған зекіп: 

- Өй, бала!.. Ой, сен  өзің!- деп тұрып, дауыстап:- Мен  бе екен?.. Ер болсаң, әне... әкең!- дей  берді. 

Жұрт: «О не, о не?»  десіп жатты. Абай жылдам басып атына  жетті. Белдеуден атын шешіп жатып, осы үй ішінде жылап отырған көп  жанның үндерІн есітті. Әйелдер көрінеді. Бірі солқылдап, бірі ыңырсып, бірі сыбырлай сөйлеп жылайды. Дауыстарын шығара алмай, қыстығып жылаған қатындар.

Еркектер бұл ауылдың  бар әйелдері мен баласын осы  үйге ерте бастан қаматып қойған. Солар  екен. Қатты қорқытып қойған болу керек, дауыстарын шығара алмай жаншылып, егіліп жылайды. Бұ да Абайға оқтай  тиді. Тыңдауға дәті шыдамай атына  міне берді.

Осы кезде Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесі Абайға айқайлап:

- Ей, құдай ұрған,  тұра тұр! Көрермін бәлем!- деді. «ұстаңдар, алып келіңдер» деп  айта алмай қалды. Абай атЫна  міне сала, ауылға қарай шаба  жөнелді. 

Артынан мұны қуып жеткен Жиренше:

- Әй, Текебай тентек... Текебай тентек!- деп ат қойып  апты. Бұлар ойға қарай жосытып  кете барды. 

Жиын болып, кісі өлтіріп, ел ортасында құлақ естіп, көз көрмеген сұмдықты өз қолдарымен істеп шыққан топ, атқа міне сала, жан-жаққа  шашырай тарады. Үнсіз, жым-жырт айрылысты.

Жалғыз-ақ Бөжей ғана Сүйіндік, Қаратаймен бірге үшеуден-үшеу боп оқшау кетіп бара жатып, күрсініп:

- Ер өлтіргенге  құн сұраушы ең. Енді құн сұрамақ  түгіл, өкпе-кінә қылар да мұршаң  жоқ. Өлтірген - өзіңсің. Қырық  рудың адамы кесек атып өзің  өлтіріп отырсың, не бетіңмен  үн шығарасың?- деді. Қаратай танып  келеді, Бөжейдің түп есебінің  көбін Құнанбай бұзып кетті.  Бөжейге, әсіресе Құнанбайдың  осы айласы батқан тәрізді.  Қаратай соны ескеріп: 

- Шариғаттың шын  бәлесін түпке сақтапты ғой.  Бұл шариғат та айлаға құрық  бере беретін болды ғой. О  да Құнанбайдың қойны-қоншында  десейші,- деді.

Сүйіндік басылып, шошып қалғандай екен:

- Құрсын! Тек бәле  осымен бітсін, тынсын десеңші!-деді.

Бөжей, көп арбасқандықтан, Құнанбай тәсілін түкпірлей танушы еді:

- Біту, тыну ма?- деп  күрсінді де:- Бөкенші, Борсақ, қашан  айттың деме, шылбырды Қодар мойнына  салған жоқсың. Бұйырса, осыменен  өз мойыныңа да салған боларсың, жазған!- деді.

Әрқайсысы да осы  ойдың соңында еді. Үндемей салбырап кете барысты.

 

5

Абай мен Жиреншенің бүгін бұл бәленің үстінен  шығамыз деген ойы жоқ болатын. Үлкендер тегі көпшілік құлақтанбасын  деп, бүркеп ұстаған болу керек. Ешбір  ауылда бұндай сыбыс айтып, сыр Берген жан білінген емес.

Жиренше таңертең Құнанбай аулына бір әдемі тарғыл тазы ертіп  келді.

Келуі - ауылды азан-қазан  қып, бала-шағаның көбін тысқа  еріксіз шығарған. Бұл шудың басы тентек Оспан болған.

Жиренше тазысымен  қонақ үйдің сыртына тақай  бергенде, Оспан анадайдан көріп  қалып:

- Айтақ, айтақ,  жеңдер. Ойбай, жеңдер, әне Жиреншенің  тазысын! Жолдаяқ, Бөрібасар, Бөрібасар!- деп Құнанбай үйінің көп сары  аласын ұран шақырғандай ғып  өре тұрғызған. 

Жиренше Оспанның бүлдіретінін алыстан біліп:

- Ой, Оспан! Айналайын!  Қалқатайым... қой! Қоя ғой! - деп  сонша тоқтатпақ болып еді,  Оспан:  

- Бөрібасар... һайт!- деп сақылдап күліп, секіріп  ырғып, бар итін тарғыл тазыға  қарай қаптатқан болатын. 

Осы кезде қонақ  үйге жетіп қалған Жиренше атын тастай беріп, тазы итін мойнынан ұстап тұра қалған. Бірақ жеті-сегіз сары ала, әрбір үйдің ығынан құлшынып, құтыра шығып, «гүр-гүр» етіп кеп, қоршап алды. Үйге де кіргізбей, табан аудырмай да қойған еді. Оспан Жиренше «қой»  деген сайын сақ-сақ күліп, иттерін  өшіктіріп:

- Ар..р!..- деп, өзі  тап-тап беретін. Бірақ өңшең  кексе тартқан иттер Оспанның  күнде осындай сан рет жоқ  шатаққа бастай бергенінен мезі  болған ба, тазыны жұлмады. Құр  ырылдауы мен арсылдауын ғана  молайтып тұр. 
Үлкен үйде отырып, осы шуды естіген Ұлжан бәйбіше, таңертеңгі асын ішіп отырған Абайға:

- Шықшы, Абайжан!  Қушы анау иті құрғырды! Тағы  бүлдіріп жүрген әлгі жынды  неме ғой!- деп, Абайды тысқа  шығарып және үйге кірген бір  жас әйелді де жұмсаған. Абай  Жиреншені айырып алып, тазысымен  екеуін қонақ үйге қарай алып  жүрген. Бұлар сонда кіре бергенде, жаңа тапқан қызығы шұғыл біткенге  наразы боп қалған Оспан арттарынан  бұғып кеп, дәл үйге кіре  берерде Жиреншені қылтадан қатты  шымшып алды. Анау ит екен деп,  ытқып, шошып кеткенде төбесін  маңдайшаға соға-моға қонақ үйдің  төріне барып бір-ақ шыққан. Оспан  оған да сақылдап күліп: 

- О, қорқақ, қорқақ,- деп мазақ еткен. Мойнында салдырмақ  қарғысы бар, қара ауыз, тарғыл  қаншық Абайға бір түрлі сұлу  көрінді. Жұтынып тұр, жылмаң  қағады.

- Аты не?- деді  Жиреншеге. 

- Желқұйын.

- Аты да әдемі  екен.

- Аты емес-ау, өзі  де қоян дегеніңді тап құйындай  ұйтқытып соғады!- деді.

Бұл Желқұйын туралы өз аулындағы бір үлкен аңшының  айтқан сөзі еді. Жиренше осыны үнемі  айта жүретін.

Абайды сол сөзбен Желқұйынның жаланып тұрған түрі қатты қызықтырды.

- Қоянға шығамысың? - деді.

- Жүр, атың бар  ма? Мен сол қоянға шығып барам. 

Осымен екеуі, Абайдың  құла бестісі ерттелгенше қымыз  ішіп алды да, күнбатыс жақтағы Қызылшоқы  деген ұсақ адырға қарай желе жортып, тартып кеткен.

Бұлар Қызылшоқыға  кіре бере, алғаш келген екпінімен  бір қоянды бездіре қуып еді. Алыстан  қашқан қоян оңай жеткізбей, екі-үш қырқадан асқанда ғана Желқұйын талдырып жетіп  еріксіз алған-ды. Осыдан басқа қоян тез көрінбеген. Соны іздеп табамыз  деп, екеуі Қызылшоқының Шыңғыс жаққа  қараған шеткі тұмсығына шейін  барып қалыпты.

Осы араға келгенде Шыңғыстың Қарашоқы тұсынан шығып  келе жатқан бір салт атты кездескен. Ол Майбасардың тағы бір атшабары Жұмағұл болатын.

Сол Жиреншеге қарап:

- Сендер одан да  ана Қарашоқыға барыңдар. Бүгін  сонда Қодарға бір сый болады. Жұрт жиналып жатыр!- деген. 

Жиренше қатты ентелеп:

- Е, немене, Қодар  мен келіні қайда?- дегенде: 

- Жаңа, Қамысбай бар,  бес жігіт боп ұстап әкелгелі  кетті. Жиын Жексен аулында,- деді. Жұмағұл атын қамшылап, асыға  шауып кетті. 

Жиренше осыны естіген  соң Абайға:

- Барайық, көрейік!  Жүр! Ал жүр!- деп, ойландырмастан  еліктіріп, алып кеткен.

Көргені әлгі. Енді қайта  беттеп, тоғайлы өзенді құлдилап желе шауып келеді. Абайдың іші мұздап, жүрек қаны, жан тамыры дір-дір  қағып қалтырап үріккендей. Кімнен, неден үркеді? Әсіресе әке... әке  істеген мінез, әке қолындағы  қаннан үркеді. Өз әкесі... қатал, кәрлі  әкесі!..

Абай Жиренше сөздеріне  жауап та айтпайды. Өзенді бойлап бөктер таудың ішінен жуықта шыға алмады. Жол  болса, жалғыз аяқ. Екеуі қатар жүре алмайды. Абай алға түсіп, желе-шоқытып  келеді. Әлі қалмай жүрген Желқұйын екеуінің алдында. Жолдың ыңғайсыздығы әңгімені тыятын жөні бар еді. Бірақ  Жиренше Абайдың артынан өкшелеп  қалмай отьірып, сөйлей берді.

Ол жаңағы Жексен аулыңда бір-екі кісімен тіл  қатып, оны-мұны естіп алған екен. Соны айтады. Ауырған адамдай қалтырап, жүрегі қатты қобалжып келе жатқан Абай Жиреншенің бар сөзін ұқпаса да, бір-екі жерін анық аңғарды.

Тегі, жиын ішінде бүгін  екі сөз ауыздан-ауызға көшкен тәрізді. Екеуі де Қодар сөзі деп айтылған. Біреуі бұрып алған сөз де, біреуі дәл өз сөзі. Соның алғашқысы Қодарды  кінәлаушы сөз. Бүгінгі қатал  жазаның дәлелі, тірегі.

Ол: «Құдай маған  қылса, мен құдайға қылам!»- депті  деп, өлтірушілердің қайта-қайта айтатын  сөзі.

Екіншісі аз айтылған. Бірақ о да жиынға тегіс жеткен. Тегіс іште, есте қалған сөз. «Мен көк  ит болсам, сендер көп ит... Таларсың да жерсің!» деген сөзі.

Абайды қатты толқытқан  осы сөз болды. Ол жаңағы қатындардың  жасырын зарын да еске түсірді. Жиреншенің алдында келе жатып еңіреп қоя  берді.

Артта келе жатса  да Жиренше Абайдың жылағанын  байқап қап:

- Өй, өй, Текебай тентек! Сен не ғып келесін!- деп қатарласқысы  келді. Абай жасқа толы көзімен  Жиреншенің торы қасқа атының  басы мұның үзеңгілік тұсына  келіп қалғанын көрді де, тебініп  қап шаба жөнелді. 

Бұл уақытта екеуі  де бөктер таудан құтылып шығып, жазыққа  түсіп еді. Абай Құлабестінің басын  Көлқайнар жаққа бұра бере, қамшы  басты. Жиреншеге көз жасын көрсетпегісі келді. Анау да шапты. Бірақ Абай жеткізетін емес. Ол оқ бойы ұзап кетіп бара жатып, өз-өзіне ерік беріп, өксіп-өксіп  жылап келе жатыр.

Көп жылдан бері Абай жылаған емес еді. Тоқтай алмай егіліп жылады. Ағындап ұшып келе жатқан бестінің екі жағында кәделі, бетегелі көк  дала, тасқын судай зулап жөнеліп  артқа қарай құлдырап ағып кетіп  жатыр. Екі құлағын бітіргендей  боп, дыңылдап соққан екпін желі Абайдың  көзінен аққан жастарды, қат-қат  тамшыдай, жаңағы көде мен бетегеге ұшырып түсіріп келеді.

Абай бұрынғы жас  бала күнінде мұндайды аңғарып сезінген де, таныған да емес. Енді байқады. Көздің жасында адамды барлық өне бойымен  өзіне қарай құлата тартқан бір  өзгеше ыстық күш бар екен. Үлкен  кұз биіктің басына шыққанда, бір  сәт ойға қарай кұлап кеткің келетін  сияқты, өзіне тартқыш, ұғымсыз күш. Бала жүрегінде бұл шақта көп  сезімінің алай-түлей құйыны соққандай.

Бұнда, қорлықпен  өлгендерге барынша жан ашыған, мейірбандық  та бар. Өлтіргендерге ыза мен  қарғыс та бар. Сонымен бірге әсіресе  бір-бірімен шарпысқан сезім: «әке»  деп жамандыққа қимау бар да, және сол «әкеден» шошып, үрку бар.

Барлық ішін теңселте сіліккен бала жанын ойран етіп, сескенте тітіреткен сезім.

Жылап егілуі, бір  сәтте, медіресе, дін халфелер айтуы  бойынша - айыптылардың күнәсіне өтесін сияқты, соның кешірімін тілеген  сияқты жалбарынудың жасы ма деп еді. Бірақ одан тез түңіліп кетті.

- Ол емес! 
Өйткені олар дін атынан, әсіресе имам берген фатуа бойынша істеп отыр ғой. Кімге шақпақ? Құлазығандай жапа-жалғыз! Өзін бір ең панасыз, ең сорлы жетімдей сезінді. Іштен тағы да бір үлкен, ауыр толқын бүктетіліп, булығып кеп, бала жүрегін жаныша ұрғанда, ол бұрынғысынан да қатты, аса қатты бір өксікпен, солқылдап жылап жіберді.

Информация о работе Техникалық ТОО