Техникалық ТОО

Автор: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2011 в 23:56, реферат

Описание работы

техникалық ТОО-лар

Работа содержит 1 файл

Үш күндік жолдың бүгінгі.docx

— 88.05 Кб (Скачать)

Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын  салды.

Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны  Байтасты да таң атар-атпаста оятып  тұрғызып еді.

Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде өзіне таныс  Көкүйірім мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы  жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады.

Арттағылар - Байтас пен жорға Жұмабай:

- Мына баланың  ауылға асығуын-ай!

- Сорлы бала қыстай  іш құста болып қалған-ау,- деседі. Бала шәкірт ұзап кеткенде  бұлар да еріксіз желе шоқырақтап  шауып отырып қуып жетеді. Жорға  Жұмабайдың тақымында қара шоқпары  бар. Байтастың да аяғының басына  ілген ұзын қайың сойылы бар-ды. Тақырбұлақ тұсына келгенде Байтастар  баланы жеке шабудан тежеп: 

- Енді бізден ұзап  кетпе! Анау Есембайдың жырасын  білесің ғой!... Ұры жатады... - деді.

- Сені мен бізді  манадан көріп отыр! «Қоқырақтап  жалғыз шабатын неме екен, түсіріп,  атын әпкел езінің!» - дейді  де, сені төбеден бірақ нұқып,  мына бәйге бестіңді алады  да кете барады,- деді Жұмабай  да.

- Е, сендер ше? Сендер беріп жібересіңдер ме?

- Ойбай, бізде  не қауқар бар? Біз екеу-ақ...

- Олар самсаған  сары қол. Бұл Есембайда ұдайы  жау жатады. Тек бізді өзіміздің  елдің адамы деп аман қалдырмаса, жер жаман,- деп Жұмабай шошыта  сөйлегісі келеді.

Баланың қытығына тиетіні  осы жері.

- Әйтеуір, сендерден  дәрмен жоқ екен. Ендеше бірге  жүрдім не, жеке жүрдім не? Ал  кеттім!-деп, соқтырта жөнелді.  Бұл - Тақырбұлақтан өте бергенде  бастағаны еді. 

Содан жаңағы қауіпті  деген Есембайға жеткенше, артына бірде-бір қараған жоқ. Көз ұшына  кетіп ұзап алып, ылғи жапа-жалғыз шауып  отырған.

Жолдың бұл тұстары  ылғи белес-белес болатын. Осы қазіргідей боп жұрт Шыңғысқа, жайлауға қарай  көшкенде елсіз боп қалатын жер. Алыстан жолды бағып отыратын тұрғылары бар. Тақ иек артпадан, өкпе тұстан жүргіншіге жауды қоян-қолтық, құшақтастыра түсіретін ұры сай, жасырын жыралары да бар. Бұдан бұрынғы екі күндік жолда үлкендер жылдам жүрмей, баланың шыдамын әбден тауысқан-ды. Ол сондықтан бүгін, ауылға жететін күні үлкендерді еріксіз қатты жүргізудің айласын тапқанына дән ырза. Күні бойы осылай етуге байлаған.

- Бала деген қорқар  болар еді. Ес бар ма өзіңде, пәруәрдігер,- деп, Байтас бабын  таба алмай басын шайқайды.

Жұмабай әбден болмаған соң:

- Қап, мынаның  баласы!... «Мен бөрінің бөлтірігімін»  деп келеді-ау! Қой, не де болса  қалмайық енді. Байтас, жүр!- деп шаба  жөнелді. Екеуі де жарыса бастады. 

Байтастың мінгені  Құнанбайдың қара жал бурыл аты, дәмелі бәйге аттың бірі еді. Жұмабайдың астындағы да сол Құнанбайдікі - Найманкөк деген, үлкен ақ көк  ат болатын. Екеуі жарыса жөнелгенде, амалсыз егеске түсіп, «мен озам, мен  озаммен» тепкілесіп, созыла берді. Бір  белден асып екінші белдің өріне қарай  тоқтамай жарысып келе жатты. Осы  өрде бурыл ат есік пен төрдей алға түсе беріп еді. Белге шығып алып шауып келе жатып қарағанда, бала көрінбеді. Бұлар тағы да сілтесе  бермек болды. Сөйтіп, осы белдің ойына  қарай құлай бергенде, жорға Жұмабай  арт жағынан, сол иығы тұсынан  тасырлатып кеп қосылған бір дүсірді  есітті. Дәл Есембай биігінің тұсы. Және дәл Есембай жырасының өзі  екен.

- Әй, кәпір, содан  қосылған жау болды-ау. Баланы  алып, бізді баққан екен-ау!- деп,  ақ көк атты тепкілей берді.  Артына қорқақтай қарап, шала  бұрылып, көз қиығын тастап  көрді. 

- Мас көзіңді,  мас!- деп, әзірейілдей төніп келе  жатқан бірдеме. Атын да, кісісін  де болжай алмады. Әдейі танытпайын  деп, бет-аузын таңып алыпты. Бұл  өңірдегі күндіз шабатын ұрының  әдеті. Байтаста үн жоқ, өз  бетімен замғап барады. Қолды  болса, болатын жорға Жұмабай. 

Енді не де болса  жанды қармайын деп, тақымындағы  шоқпарына жабысты. Соны суыра беріп: «Әй, анау да көк желкеден ұрады-ау!»- деп жасқаншақтап келе жатыр еді.

Қуғыншы ойлағандай-ақ шоқпарды жөндеп суыртпады. Тақымынан  толық шығарып алғанша бастырмалатып  кеп, Жұмабайдың қалың қара тымағын  көзіне қарай баса кигізіп жіберіп, сол сәтте шоқпарға жармасты. Жұмабайдың басын көтеріп, тымағын түзеуге  де мұршасы келмеді. Тартысуға да қорғаншақ, шабуға да мүгедек болып  қалды. Сөйткенше, жырынды жау мұның  жаңағыдай сасқалаңымен пайдаланып, шоқпарды да тартып алды.

Енді, ақ боз ат та бірдемеге тіреліп тоқтағандай, Жұмабай зорға дегенде бойын  түзеп ап, жаңа ғана тымағын кейін  қайырып қап еді. Қараса, бұның  шоқпарын тартып ап, ақ боз аттың  алдынан көлденең шығып, қазір ішек-сілесі қатып, үнсіз күліп тұрған бағанағы бала шәкірт. Өзі айтқан «Құнанбайдың бөлтірігі»- Абай екен.

Баладан қорыққанына  Жұмабай ұялды да, ыза болды.

- Өй, балам-ау, мына  жер - жау жатағы. Бұл ұрының  ойнағына кеп алып, жаман ырым  бастағаның не қылғаның?- деді.

Байтас та күлген бойында қайта оралып келеді екен.

Абай өзінен үлкен  кісінің қорыққанына қатты ырза еді. Жұмабайдың неге ашуланғанын ұғып тұр. Қоңыр жүзі қызарып, төмен қарап  қысыла күле беріп, бөркін айналдыра  бастады. Кәдімгі «жолбасар» ұрыларша шапан-бөркін айналдырып киіп, мұрны  мен аузын қызыл орамалмен  таңып 

алып, Жұмабайды куғанда  тағы сол ұрыларша, «дауысымды танытпаймын» деп, мыңқылдап сөйлеп бұйрық берген. Байтас қорықса, қорықпаса да сыр  алдырған жоқ. Сондықтан Жұмабайдың ашуын алыстан танып, мәз болып  күліп келе жатып:

- Құла бестінің  тебелін де жоқ қыпты, қарай  гөр өзін!- деді. Жұмабай да жаңа  байқады. Бала бестінің төбелін  саз балшықпен баттастырып тұрып  сылап қойыпты. Жұмабай кісілікті  кісі. О да күлкі бола бергісі  келмейді. Енді бұ да уақиғаны  ойынға айналдырғысы кеп, мысқылдап: 

- Өй, ұқсамасаң тумағыр!  «Ұры Тобықты, ұры Тобықты!»-  деп Керей, Уақ зар қағады. Қаршадай  баласына шейін ұры болудың  жөнін жете біліп тұр. Зар  қақпай қайтсін Керей, Уақ!...- деп  өзі де күлді. 

Жұмабайдың қалаға бұ жолы не жұмыспен барғанын Абай дәлді  білмейді. Бірақ оның Байтасқа айтқан бір сезінде Құнанбай тапсырған  бір жұмыспен барып келе жатқаны  мәлім боп еді. Абайдың бұрыннан байқауынша, бұл Құнанбайға қадірі бар кісі. Абайға ашуланып, ренжіп барса, алдымен әкесіне шағады.Осыны  еске алып кеп, Абай енді күлкіден тыйылып, жаңа қатарласқанда:

- Жол ұзақ. Ұйқы  ашар болсын деп ойнап ем, ғайыпқа  бұйырмаңыз, Жұмеке!- деді. Енді тіпті  сыпайы. Сызылып тұр. 

Жұмабай жас баланың  пішініне ырза болып қарады да үндемеді. Байтас Абайды құрбысындай қағытып:

- Жарайсың, «ғайыпқа  бұйырмаңыз». Сенің мынауың, менің:  «Көшкенде жүк артамын сары  атанға, айтамын не бетімді Ойке  апама?!»- деген өлеңім сияқты  болды-ау!- деді.

Абай жете түсіне алмады.

- Қалай дейсің, Байтас  аға? Ойке апа деп кімді айтасың? 

- Е, Ойке апаны  білмеуші ме ең? О несі екен?!

- Бәсе...

- Бәсе, Ойке апа  деген біздің қатын. Былтыр  ала жаздай серілік құрып, ел  қыдырып, қыз -келіншекпен сауық-сайран  салмадым ба? Содан аяғы қызық  бітіп, үйге қайтатын да мезгіл  жетті. Енді қатынға қалай қарарға  да, не деп барарға да бет  жоқ. Сонда әдейі бетінің зәрі  қайта 

берсін деп, «Не  бетімді айтамын Ойке апама...»  деген өлеңімді өзім ауылға бармастан  бір-екі күн бұрын айтқызып, жолдастарымды  жіберіп жатып ем. Сол осы күні мәтел боп кетіпті,- деді.

Абай да, Жұмабай  да қызығып тыңдасты. Өзі сері, әнші, сұлу Байтасқа екеуі де - бірі кәрі, бірі жас бала - қызғана да, тамашалай  да қараған еді. Абайдың көз алдына Ойке деген жеңгесі де, Байтастың  былтыр жаздағы әншіл, сауықшыл жолдастары да толық елестеді. Естіген әңгімесінің  бәрін еңсесімен ынтыға тыңдайтын  бала, бұрын Байтаспен сырлас, әңгімелес  болмаса да, жаңағының аяғы немен  тынғанын білгісі кеп, қызығып келе жатты. Байтастың құрбыдай қалжыңдағанын  пайдаланып:

- Ал Ойке апаңа  не бетіңді айттың сонымен,  Байтас аға?...- деп, жабыса түсті. 

Байтас бұған күліп, енді іріленіп қарап: 
- Не бетімді айтушы ем? Сорлы қатын алыстан әнмен арыз айтып жатқанға шыдасын ба? Келсем, алдымнан өзі шығып, атымды байлап жатыр,- деп, Жұмабай жаққа қарап, иек қағып қойды.

Абай үндеген жоқ. Ішінен «алдаған екен ғой» деп байлады.

Сол әңгіме жүргіншілердің таңертеңнен бергі қатты жүрісін  Найманкөктің ақырын бүлкегіне әкеп салған еді.

Бала шәкірт ауылға асыққан, лепірген күйіне қайта келіп, тағы да тебіне жөнелді.

- Уа, қой деймін, бала! Ат зорықтырасың!

- Жапа-жалғыз ұзап  кетіп, жауға жем боласың!- деп,  екі жолдасы тағы тежей бергісі  келді. 

Бірақ қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып, енді үйіне, ауылға жетуге асыққан бала шәкірт ол сөздерді тыңдайын деп ойысқан жоқ.

Үлкендер қорыққан Есембай да, тіпті, ұрылар да Абайға сондайлық жат, суық боп көріне алмады. Ұры десе, осы елдің өздеріндей қазақтары. Көп болса: киімдері, ер-тұрманы  ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай ұрылар жайында Абайдың  естіген әңгімелері соншалық көп. Кейде, тіпті, сарытоқым ұры болған - ел ішіндегі үлкендердің өз аузынан  естіген әңгімелері де ұмытылмайтын. Қайта бір кездесіп, дәл жауға  шапқан пішіндерін көрсем деген іште жүрген ынтықтығы да болатын.

Ал «Қарауыл биігі  анау, жасырын жырасы мынау» деген  Есембай - Найзатастар болса, ол Абайдың  өз аулының аса мәлім қоныстары. Көктем мен күз уақыттарында, жылында  екі рет осы жерлерге Құнанбай ауылдары келіп қонып, ұзақ уақыт  отырып, жайлап та кететін. Анау көрініп  тұрған төскейдің сай-саласы, бие-бауы, ауыл қонысы, қой өрісі - барлығы  да соншалық таныс, жақын. Тіпті, былтыр боқырауда, күзем үстінде, қалаға оқуға  кеткенде дәл осы қоныстан, Есембайдан кеткен болатын. Сонда тайға шапқан, асық ойнаған құрбы балаларымен  жаяу жарыс жасап, асыр салған ең соңғы  бір ыстық қоныс осы болатын. Қыс бойы ауылды, елді сағынғанда есінен кетпейтін соңғы күндері дәл  осы Есембайда өткен.

Енді кеп: «Бұл жерде  ұры бар, сұмдық жер, бәле жатқан жер» деген сөздің қандайы болса да көңілге дарымайды. Жазықсыз Сары биік, көкшіл қоныс, ақ көделі әдемі өлке мұнарланады. Барлық айналадағы кең  дүниеге, әсіресе, мынау өзі туған  сахара, өлке-белдеріне соншалық бір  туысқандық ыстық сезіммен, кешіріммен де қарайды. Жабыса, сағына сүйеді. Үзілмей, қатаймай, бір қалыппен желпіп соққан әдемі салқын қоңыр жел қандай рақат. Осы желмен құлпыра, толқып, су бетіндей жыбыр қағып шалқып жатқан алкүрең көде мен селеу далалары... дала емес - теңіздейі қандай! Сол  даладан көз алмай, тоя алмай, үнсіз телміріп, ұзақ-ұзақ қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлерді құбыжық  көру емес, үрке қарау емес, құшағын  керіп аймалар еді. Сылап-сипап  «Мен сені сағындым, өзгелер жаман  жер десе, мен олай демеймін. Тіпті, қойныңа тыққан ұры-мұрыңмен де жатсың, бөтенсің демеймін» деп қараған  сияқты.

Тағы да шапқылап, қара үзіп, алыстай берді. Болмайтын  болды.

- Артыңда қалып,  майырға ерген лаушыдай қашанғы  текіректейміз. Бұл қорлықты көргенше  кел, Жұмеке, біз де аттың басын  қоя берейік,- деп, Байтас бурыл  атты ағыза жөнелді. Жұмабай  да еріксіз шапты. 

Аздан соң Абай бұларды  тосып алып, енді үшеуі бірдей ұзақ-ұзақ жарысуға айналды.

Қорықтан шыққалы  таңертеңнен бері бөгелместен тартқан  үш салт атты, аттарын қан сорпа  қылған қалпында, кешкі екінді кезінде  Көлқайнардағы Құнанбай аулына, Абайдың  өз шешесі Ұлжанның отырған аулына кеп жетіп еді.

Көлқайнар суы мөлдір, мол бұлақ болғанмен, кең қоныс  емес. Жайлауға қарай, Шыңғыс асқалы беттеп келе жатқан елдің үш-төрт аулы қоныпты. 
Бұның бәрі «Құнанбай аулы» деп аталады. Өзінің аулы мен жақын туысқандарының ауылдары.

Көлемі аз бұлақтың айналасына жиі қонған ауылдардың үйлері де, шұбыртқан малы да, адамдары да қешкі  мезгілде ыю-қию араласып жатқан сияқты. Жер ошақтардан шыққан түтіндері  де біріне-бірі қосылып ұласып, тұтасқан көкшіл мұнардай тарайды. Үрген иттер, мал қайырған айқайлар, маңыраған  қой, қозы шулары араласып жатыр. Кешкі  суға келе жатқан қалың жылқының кісіней  шапқан дүбірі, шаң-тозаңы болсын немесе оқта-текте азынай кісінеп, үйірін іздеп  шапқан, мінуден босаған жас айғырлар дауыстары болсын - барлығы да осы  отырған ауылдардың осы кештегі  тіршілік тынысын білдірген сияқты. Баланың барынша сағынған көрінісі. Қазір жүрегін аттай тулатып, соншалық қуантып, еркін алған көрінісі. Жүргіншілер бұлақтың дәл қасына ең жақын қонған ауылға келе жатыр. Ортасында бес үлкен ақ үйлер  бар, көп үйлі ауыл - Абайдың екі  шешесі Ұлжан мен Айғыздың аулы.

Информация о работе Техникалық ТОО