Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі (1917-1956 жж.)

Автор: Пользователь скрыл имя, 01 Декабря 2011 в 16:03, автореферат

Описание работы

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақстан- ның орталық және жергілікті мұрағат құжаттары кеңестік саяси репрессия тарихының дерек көзі ретінде талданады. Мұрағат материалдарын кешенді түрде зерттеу отандық деректану ғылымындағы көптеген мәселелерді айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХХ ғасыр тарихы - КСРО мемлекеті, оның құрамындағы Қазақстан үшін арпалысты болды. Ғасырдың екінші онжылдығында дүниеге келген жаңа өкімет қоғамды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, өзімен бірге халықтар тағдырына зор алапат апаттар алып келді. Бұл тоталитарлық мемлекет жүйесі және саяси репрессиялар толқыны еді.
Біз тоталитаризмнен демократияға өткен мемлекетте өмір сүре отырып, шын мәнінде өткен жүйенің қаншалықты қасірет әкелгенін түсінеміз. Қоғам өміріне еніп жатқан жаңа ойлар мен идеялар жылдар бойы кеңестік насихаттаулар арқылы қалыптасқан сананы бір мезетте өзгертпейді. Ұрпақтар алмасуы, тәуелсіз еліміздің жастары ғана бүкіл адамзаттық құндылықтарды қабылдап, жаңа жүйеге өтуге мүмкіндік алу арқасында бұл міндет үдесінен шығуға болады. Кеңестік тоталитаризмнің жүргізген ең ауыр шарасы - саяси репрессиялар. Біздің ойымызша, саяси қудалау тоталитарлық жүйенің ұлттық сана - сезімді күйретуге арнаған бағыты еді.

Работа содержит 1 файл

mussagalieva.doc

— 429.00 Кб (Скачать)

      1947 жылы 26 шілдеде КСРО Жоғары Кеңесінің ең жоғары жаза – атуды жою туралы указы соғыстан кейінгі саяси репрессиялардың жұмсаруының бір көрінісі болатын. Ату жазасы еңбекпен түзеу лагерінде жиырма бес жыл қамаумен ауыстырылды.

      1948 жылы 21 ақпанда «Ерекше қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді жазалау мерзімін өтеу үшін КСРО - ның шет аймақтарына жер аударуға жіберу туралы» КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумының указы [9, 46 б.] шықты. Осы кезде құрылған қазақстандық ерекше Далалық лагерь деректері тұтқындардың жайын, еңбекке тартылу кезіндегі орын алған жағдайларды, адам өлімі көрсеткіштерін ашып береді. Жезқазған мемлекеттік мыс қорыту комбинатына арзан жұмысшы күшін беріп отырған лагерь басшылығының келісім шарттары, жұмысқа келген тұтқындардың еңбегін дұрыс ұйымдастыру туралы Мыс қорыту комбинаты директорына жазылған хаттар, керісінше жұмысшылардың еңбек өнімділігін арттыру жолындағы жұмыстар жайында лагерь басшылығына ескертулер беріп жіберген хаттар жетіп артылады. Бұл тұтқындардың өндіріс орындағы жұмыс істеу жағдайы немесе комбинаттың қызметіндегі лагерь тұтқындардың сіңірген еңбегі секілді мәселелерді ашып беретіні сөзсіз.

      Бұл жылдарда елдегі репрессия  қазақ интеллигенциясына «ұлтшыл»  айдарын тағумен байланысты болды.  Бұрынғыдай емес, қудалаудың реңкі  мүлдем өзгерді. «Үлкен террордың», одан кейінгі Ұлы Отан соғысы кезіндегідей емес, 1940-1950 жылдарда сот үдерістерін жүргізу жаңа қалыпқа түсті. «Екіліктер» мен «үштіктер» жойылған, Мемлекеттік Қорғаныс комитеті бұйрықтары күшін жойған кезде саяси репрессияға ұшыраған адамдар сотталмастан бұрын ұжымдарда көпшіліктік талқылауларға ұшырады. Алдыңғы екі репрессиямен салыстырғанда, мерзімді басылым бетіндегі жарияланымдар басты орынға шықты. Егер 1937-1938 жылдарда баспасөз қосымша хабарлама ретінде партия - кеңес ұйымдарының қаулыларын және шешімдерін жариялаумен айналысса, 1940-1950 жылдарда олардың маңызы әлдеқайда асып түсті. Интеллигенцияны қудалауда газет және журнал беттерінде олардың әріптестері ғылыми шығармаларын, кітаптарын, идеяларын сынап, жарияланымдар шығарды. Беделді газет тілшілері партия-кеңес органдарына қырағылықты күшейтуде нұсқаулар бере бастады. Енді тергеушілер тек қана үкімдерді жазып, жазалар қойып отырды. Бұрынғыдай олардың тарапынан ашық күш көрсетіп, ұрып - соғу да болған жоқ.

      Соғыстан кейінгі жылдарда маңызды құжаттардың бірі - 1949 жылы 29 сәуірде КСРО ІІМ және КСРО Бас Прокурорының екіқабат және кішкентай балалары бар сотталған әйелдерді жазадан босату туралы бұйрығы [18]. Қаулы негізінде түрмелерден шығарылған әйелдер туралы мәліметтерді талдау көп жағдайда шешімнің толық орындалмағанын байқатады.

      1947-1953 жылдары «Қазақалтын» трестінің шахталарында жұмыс істеген Степняктағы жеке лагерь бөлімшелерінің деректері соғыстан кейінгі еңбекпен түзеу лагерлерінің жағдайын ашып беруге көмектеседі. Оның ішінде, аурулардың себептері, өлім көрсеткіші туралы ақпараттар жеткілікті. 1949-1951 жылдары Қарағанды облысы бойынша жұмыс жасаған ІІМ басқармасы еңбекпен түзеу колониядар бөлімі жұмыс істеп тұрды. Бөлім деректерінен қазақстандық еңбекпен түзеу колонияларының барлық ақпараттарын аламыз. Сонымен қатар, бұл колонияларда ұсталған, қылмыстық іске тартылған әскери тұтқындар туралы мәліметтер және қылмыстық істің құрамы да сарапталды.

     1953 жылы И. Сталин өлген кезде саяси тұтқындарды босату туралы түрлі заңдар шыға бастады. 27 наурызда КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының «Амнистия туралы» указы жарық көрді. Указ бойынша бес жылға дейінгі мерзімге саяси себеп бойынша айыпталғандар алдын - ала босатылған. Осы жылы 1 қыркүйекте КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының «КСРО ІІМ жанындағы Ерекше Кеңесті жою» туралы указы [9, 71 б.] шықты. Бірақ бұл Лагерлер бас басқармасының ыдырауы емес еді. И. Сталин өлген кезде еңбекпен түзеу лагерлерінде қалыпты жұмыс істеп жатқанын көптеген мұрағаттық құжаттар айғақтайды.

      1955-1956 жылдар аралығында жұмыс істеген Атбасар қаласындағы еңбекпен түзеу лагерлер басқармасы және №154 совхоздар құрылысы жаңа деректермен ашылды. Мұрағаттық құжаттар арқылы лагердің қалыптасуы мен жұмыс істеу жағдайы, бұл салаға енгізілген кейбір өзгерістер көрсетілді. Сталиндік режимге ерекше қарсылық білдірген қазақстандық Далалық лагерде болған Кеңгір көтерілісінің деректері Лагерлер Бас Басқармасының іргесінің шайқалуына әкелгенін дәлелдейді. Кеңгір көтерілісі құжаттарын ашу барысында жоғары басшылықтың тұтқындар талаптарын орындау мақсатында жасаған шаралары мен қаулы – қарарлары талданылды.

      Кеңес азаматтарын сталиндік  террордан толық құтқарған 1956 жылы 14-25 ақпанда болған КОКП ХХ  сиезі болып табылады. Онда 25 ақпанда  КОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.С. Хрущевтің «Жеке басқа табынушылық және оның зардаптары» деген тақырыпта баяндамасы тыңдалды. Бұл баяндама – тұтас халықтар өкілдерінің, жеке тұлғалардың тағдырын анықтаған еді. Сондықтан да бұл баяндаманы тарихи дерек ретінде зерттеу саяси репрессиялар тарихын ашуға көмектеседі. ХХ сиездің материалдары – кеңес тоталитаризмінің тарихи дерегі, адам құқығын төмендетуді ашып беретін құжат. ХХ сиезден кейін саяси репрессия құрбандарын ақтау және құқықтарын қалпына келтіру туралы мемлекет тарапынан шаралар қабылдана бастады.

      Осылайша, Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы қырық жылға жуық уақыттағы кеңес азаматтарына қарсы ашық саяси репрессиялар аяқталды. Ал қазақстандық әртүрлі дәрежедегі мұрағаттарындағы құжаттарды ғылыми айналымға ендіру сараптау жұмысын жүзеге асыруда маңызды болып табылады.  

   ҚОРЫТЫНДЫ 

    ХХ ғасырдағы ірі тоталитарлық мемлекет КСРО тарихын зерттеуде қарастырылатын үлкен мәселелердің бірі кеңес азаматтарының құқықтарын шектеген саяси репрессиялар тарихы болып табылады. Кеңес өкіметі орнағаннан - ақ большевиктердің террорлық әрекеттері мемлекет саясатының құрамдас бөлігіне айналып, нормативті - құқықтық базасы жасалуы болмай қоймайтын құбылыстың негізін салып берді. Революцияға қарсы күштерді талқандау бірте-бірте тұтас әлеуметтік топтарды, интеллигенцияны, халықтың бетке ұстар азаматтары соңына шырақ алып түсуге әкелді. Ұлттық саяси элитаны қудалаумен қатар, оның соңынан ерген, идеясына қалтқысыз сенген қарапайым адамдар да еш кінәсіз алдымен «қызыл террордың», кейін жаппай ашық репрессиялардың талқысына ұшырады. Кеңес өкіметінің алғашқы жиырма жылында - ақ халқымыздың төрт миллионға жуығының (1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының қорытындысы мәліметтері бойынша есептелді) мемлекет тарапынан жасалған әртүрлі эксперименттердің құрбанына айналып, қырылуы зор қасірет еді. Қазақстан территориясы түрмелер ордасына, яғни жер аударылған әлеуметтік топтар мен «сенімсіз» халықтардың көшірілу обьектісіне айналды. Осы тұрғыдан келгенде, ХХ ғасырдың алғашқы жартысы саяси репрессиялар тарихынан тұрады деп айтуға болады. Саяси қудалаулар қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, барлық саланы қамтыды.

      Саяси репрессиялар деректерін  талдау тақырыбының күн тәртібіне  қойылуы еліміздің тәуелсіздік  алуымен қатар қоғам өміріндегі өзгерістермен тікелей байланысты, бұл үдеріс тарих ғылымындағы жаңа көзқарастар туындауына ұштасты. Өйткені мыңдаған адамдардың тағдырындағы қасіретті беттерді, адам құқығының мемлекет саясат тарапынан аяққа тапталуын ашу Кеңес өкіметінің тарихын зерттеуде маңызды орын алады.

      Қазақстанның орталық және жергілікті  мұрағат қорларындағы саяси репрессиялар  құжаттарын зерттеу жұмысы барысында  жасалған негізгі тұжырымдар  келесі түйіндер мен қорытындылардан  көрінеді:

      1. Тақырыпқа байланысты кешенді тарихнамалық талдау барысында отандық мұрағаттар қорларын кандидаттық және докторлық диссертациялардың, жекелеген монографиялардың деректер базасында қолданылу дәрежесі туралы анықталынды. Осы жерде саяси репрессиялардың отандық тарих ғылымындағы зерттелу дәрежесі мен орны айқындалды. Сонымен қатар, мемлекеттің тарапынан жасалған шаралардың мәселені зерттеуге әсері толық сарапталды.

      2. Қазіргі кездегі ресейлік және  отандық деректану ғылымында  жаңа көзқарастардың деректерді  зерттеу методологиясының кеңес дәуірінде қалыптасқан әдіс – тәсілдері өзгертудегі үдерістері қарастырылды. Басты назар деректерге ішкі және сыртқы сын мәселесіне аударылды. Осының нәтижесінде қазақстандық мұрағат құжаттарымен жан - жақты жұмыс істеу тәсілдері жасалды.

     3. Саяси репрессиялардың алғашқы толқыны большевиктердің мемлекет басында келуінен – ақ басталғаны қазақстандық және ресейлік мұрағаттық деректерді қолданыла отырып, дәлелденді. Қазақтардың «қызыл террордың» нәтижесінде сотсыз, тергеусіз атылып, қырылуға ұшырағаны сан - қырлы мәліметтермен ашылды. Тақырыпты байланысты құжаттар жетіспеушілігінің шығу себептері ресейлік және қазақстандық мұрағаттары қорларын талдау арқылы берілді.

      4. Большевиктердің революциядан  кейін шығарған заңдары тарихи  дерек көзі ретінде сарапталып, осы ретте жазалау жүйесінің негізінің қалану үрдісі анықталды. Қазақстандағы саяси қудалауларға кеңес заңдарының әсері орталық және жергілікті мұрағаттар құжаттары арқылы дәлелденді. Құзырлы органдар қызметінің қазақ интеллигенциясына қарсы бағытталуы осы кезде басталғаны құжаттарды сараптау жолымен дәйектелді.

      5. Алаш қайраткерлерінің кеңестік  саяси қуғын - сүргіндерге ұшырауы кешенді түрде зерттелінді. Кеңес өкіметінің алаштықтарға қарсы бағытталған саясаты мемлекет орнаған алғашқы кезден - ақ зиялыларды толық құртқанға дейін жалғасқаны туралы кең түрде талдаулар жасалынды. Оларды қудалауға байланысты тергеу материалдары мен орталық мұрағаттар мәліметтері қатар қарастырылып, алдын - ала ұйымдастырылған сот үдерістері құжаттары талданылды. Тақырыптың деректік әлеуеті толық жинақталып, түйінді мәселелер шешілді.

     6. Кеңестік саяси репрессиялардың шарықтау шегі 1937-1938 жылдардағы қуғын – сүргіннің құқықтық - нормативтік базасы ашылды. «Үлкен террор» деректері жоғарыдан төмен болған сот үдерістерімен айқындалды. Аталмыш кезеңдегі «қолдан жасалған» деректердің ерекшелігі, мұрағат мекемелерінің құзырлы органдардың бақылауына алынуына байланысты түйіндемелер жасалды. 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының деректерінің негізінде қазақ халқының санының азаюы қарастырылды.

      7. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақстандық мұрағат деректері саяси репрессиялардың жаңа қырларын ашып беруге көмектесті. Саяси қуғын-сүргіндерге байланысты кеңес заңдарының аталмыш жылдарда ерекше қаталдандырылғаны мұрағаттық құжаттармен жан-жақты дәйектелді. Оның ішінде, темір жол қызметкерлерінің қудалануы, арнайы қоныс аударушылар құжаттарының жасалу ерекшеліктері, еңбек армиясында болған қазақтар туралы мәліметтер, еңбекпен түзеу лагерлерінің шындығы арқылы әскери жағдайдағы саяси қудалаулардың күшеюі тың деректермен талданылды.

      8. 1940-1950 жылдардағы сталиндік соңғы репрессиялардың сан қырлығына назар аударылды. Әскери тұтқындар лагерлері, кеңестік еңбек түзеу лагерлері, ерекше лагерлері жөніндегі әртүрлі мұрағаттар материалдары жинақталып, тұжырымдар жасалынды. Қазақ интеллигенциясына қарсы қудалаулардың ерекшеліктері айқындалды. Тұтастай алғанда, аталмыш кезде саяси репрессиялардың реңкі бұрынғыдан өзгергені дәлелденді. Осы жылдардағы кеңестік құқықтық база туралы да айтылды. 1956 жылғы Кеңгір көтерілісінің құжаттары арнайы сарапталды.

      Зерттеу жұмысы жазу кезінде  қойылған мақсат пен міндеттерді  орындау жұмыстың деректік базасының кеңдігі мен негізгі методологиялық және әдістік ұстанымдарды қолданудан көрінеді.

      Диссертацияның негізгі тұжырымдары  мен түйіндерін Кеңес мемлекетінің  тарихын талдауға, деректанудың  теориялық және методологиялық  мәселелерін анықтауға, кеңес  деректерімен жұмыс істеуге, Қазақстан  тарихының деректері бойынша  еңбектер жазуға, заңдық құжаттарды талдауға, теориялық және қолданбалы археографияны дамытуға қолдануға болады. Сонымен қатар, құқықтану, саясаттану пәндері бойынша еңбектерге, саяси репрессиялар тақырыбына жасалған көрмелерді, тақырыпқа арналған музейлердің бағдарламаларын жасауға көмектеседі.

      Осылайша, қазақстандық мұрағаттар материалдары Кеңес мемлекеті тарихын ашудағы орны мен ролін анықтап берді. Ал мұрағаттық құжаттарды тарихи дерек көзі ретінде талдау көптеген жаңа мәселелерді туындатады. Қорыта келгенде, саяси репрессиялардың мұрағаттық құжаттарының тарих ғылымы, оның ішінде Қазақстанның қазіргі заман тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен орнын белгілеуге байланысты төмендегідей ұсыныстар берілді:

      - Ұлттық мұрағат қорының мұрағаттық құжаттарын анықтап, кешенді түрде талдаулар жүргізу керек. Оны тақырыптар бойынша да, кезең - кезең бойынша да жасауға болады. Бұлайша жұмыс жасау археографиялық мәселелерді шешу үшін қолайлы. Бүгінгі күні Отан тарихында құжаттардың жариялануының кенже қалуы тарихи еңбектердің деректік базасының толықтылығына әсер етуде;    

      - қазақстандық деректерді зерттеу методологиясын қалыптасуы қажет. Онда қазіргі күнгі деректанулық методологияға енгізіліп отырған әдіс - тәсілдердің ескерілуі, жоғары технологияның деректерді сараптауға қолданылуы, тарихи информатиканы пайдалану сияқты қызметтердің игерілуі басты орынға шығуы тиіс. Бұл тек қана кеңестік құжаттарға ғана емес, Қазақстан тарихының барлық кезеңі деректеріне ортақ болуы міндетті;  

Информация о работе Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі (1917-1956 жж.)