Автор: Пользователь скрыл имя, 01 Декабря 2011 в 16:03, автореферат
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақстан- ның орталық және жергілікті мұрағат құжаттары кеңестік саяси репрессия тарихының дерек көзі ретінде талданады. Мұрағат материалдарын кешенді түрде зерттеу отандық деректану ғылымындағы көптеген мәселелерді айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХХ ғасыр тарихы - КСРО мемлекеті, оның құрамындағы Қазақстан үшін арпалысты болды. Ғасырдың екінші онжылдығында дүниеге келген жаңа өкімет қоғамды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, өзімен бірге халықтар тағдырына зор алапат апаттар алып келді. Бұл тоталитарлық мемлекет жүйесі және саяси репрессиялар толқыны еді.
Біз тоталитаризмнен демократияға өткен мемлекетте өмір сүре отырып, шын мәнінде өткен жүйенің қаншалықты қасірет әкелгенін түсінеміз. Қоғам өміріне еніп жатқан жаңа ойлар мен идеялар жылдар бойы кеңестік насихаттаулар арқылы қалыптасқан сананы бір мезетте өзгертпейді. Ұрпақтар алмасуы, тәуелсіз еліміздің жастары ғана бүкіл адамзаттық құндылықтарды қабылдап, жаңа жүйеге өтуге мүмкіндік алу арқасында бұл міндет үдесінен шығуға болады. Кеңестік тоталитаризмнің жүргізген ең ауыр шарасы - саяси репрессиялар. Біздің ойымызша, саяси қудалау тоталитарлық жүйенің ұлттық сана - сезімді күйретуге арнаған бағыты еді.
Осылайша мұрағаттар қорлары материалдары Кеңестер Одағы құрамындағы Қазақстанның ішкі саяси үдерістерін, оның ішінде интеллигенцияның қарсылығын анықтауға мүмкіндік береді. Осы құжаттарды көріп отырып - ақ, болашақта кеңестік саяси репрессияларға қазақтың оқыған азаматтарының барлығының ұшырайтынын болжауға болады.
Тұтас деректер кешені Қазақстандағы саяси қудалауларды жүргізілу барысын аша алады. Большевиктік басшылық қолын ешқандай заңмен байлаған жоқ, революциялық құқықтық сана жазалау саясатының құрамына айналды. Деректер ашып көрсеткеніндей, жазалау органдарының әрекетіндегі жүгенсіздік, террорды тұрғындардың тұтас әлеуметтік топтарын жою үшін пайдалану, әлеуетті қарсыластардың көзін жою, шектеудің болмауы адамдарды қорлаудың Ресейде революцияға дейінгі болмаған әрекеттеріне апарды.
Голощекиндік репрессиялар және «үлкен террор»: дерек пен дәйек (1925-1938 жж.) деп аталатын үшінші тарауда Алаш зиялыларының саяси репрессияға ұшырау барысында жинақталған деректер әлеуеті сарапталады және «үлкен террор» құжаттары талданады.
1925 жылдан бастап Алаш қайраткерлеріне қарсы саяси қудалау ашық түрге ие болды. «Ақ жол» газетін қудалаудан басталған шаралар алаштықтарға қарсы репрессияны одан сайын күшейтуге ықпал еткені сөзсіз. Сонымен қатар, осыдан бастап большевиктердің Алаш қайраткерлеріне басталған репрессияны эмиграциядағы белгілі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқаймен байланыстыруды көздегені құжаттар арқылы дәйектелді. Осыдан соң оқу ағарту, баспасөз саласында қазақ интеллигенциясын жаппай қудалау ресми түрде басталғаны деректермен айқындалды.
Қазақстандағы қудалаудың келесі кезеңі БКП (б) Қазақ өлкелік комитетіне Ф.И. Голощекиннің келуі одан әрі жандандырылды. Ол басшылық етіп тұрған кезде, Қазақ Өлкелік Комитеті Өлкелік Бақылау комиссиясымен бірігіп, қазақ партия - кеңес қайраткерлеріне қарсы күресті күшейтті. Алаш зиялыларына қатысты деректер оларға қарсы үлкен сот үдерісінің даярланып жатқанын айғақтайды. Алаштықтардың коммунистік партиядан шығарылуы, әртүрлі қылмыстық істерге тартылуы, баспасөз беттерінде сыналуы, міне, осы мәселенің жасалуы жолын анықтады.
Алаштықтарға қарсы құзырлы органдардың құпия іс - әрекеттерінің ұйымдастырылуы шолулық - талдамалық құжаттардан көрінеді. Елдегі жағдайды қадағалап отырғысы келген большевиктер жоғары билік орындары үшін кеңейтілген құжаттар кешенін даярлады. Партиялық басшылық үшін берілетін Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың құпия деректері сталиндік әміршіл - әкімшіл саясаттың орнығуына байланысты саяси мәселелерге ерекше мән берді. Сондықтан да құзырлы органдар олардың аграрлық реформаларға араласуы арқылы саяси курсты өзгертуге күш салуда деген пікірде құжаттар жасай бастады. Осы мәліметтер арқылы Алаш қайраткерлерінің қасіреті жан – жақты ашылды.
Оның ішінде, Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың ақпараттық материалдарында алаштықтардың жергілікті халықпен қарым - қатынасы, большевиктердің реформаларына араласуы талданды. Тіпті тәркілеуге ұшыраған ауыл байларының айтқан сөздері, пікірлеріндегі Кеңес өкіметіне қарсы ойлар терілді. Біріккен мемлекеттік саяси басқарма және Бақылау комиссиясы Алаштықтарға қарсы тығыз жұмыс істеді, бір – бірімен байланыста отырды. Алдыңғы органдар сот үдерісіне даярланса, Бақылау комиссиясы партия қатарын тазалау жұмыстарын жүргізу мақсатында алдыңғы мекемелерге біршама материалдар жинап берді. БКП (б) Қазақ өлкелік комитеті үдерісті негізгі бақылаушыға айналды. Мекемелер деректері саяси репрессияның жасалу жолындағы жұмыстарды анықтап береді.
Алаш қайраткерлерінің мәдениет және білім – ғылым саласындағы қызметтері Халық ағарту комиссариаты қоры құжаттары арқылы ашылды. Мекеме қорында алаштықтардың партиядан және жұмыстан шығарылуы туралы ақпараттар, Халық ағарту комиссарларының қуғындалуы, олардың шығармаларын жариялауға тиым салу, басқа да қайшылықтарға қатысты көптеген деректерді кездестіруге болады. Мәселен, Халық ағарту комиссариаты қорының материалдары белгілі қазақ интеллигенті С. Сәдуақасовтың қудалануы туралы кешенді ақпараттарды бере алады. Қазақстандық жоғары оқу орындарындағы белгілі қазақ зиялыларының балалары болып табылатын студенттерді оқудан шығаруға байланысты тың деректер де осы үдерістің бір қырын ашып бере алады.
Сонымен қатар, 1928 жылғы 27 тамыздағы қазақ байларын тәркілеу туралы декреттің алаштықтарға қарсы құжаттар жасауына әсері берілді. Әсіресе, қазақ зиялыларының өздері мен олардың туыстарына жасалған мал – мүліктерін тартып алуға жасалған ашық шабуылдар жөніндегі мұрағаттық деректер алынды.
Осы жылы басталған зиялыларға қарсы тергеу материалдары олардың қос революция, азаматтық соғысы кезіндегі қоғамдық – саяси қызметі, большевиктерге қарсы күресі, Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі мемлекеттік, қоғамдық қызметтері сияқты ақпараттарға толы. Тергеу құжаттарындағы берілген ақпараттар басқа дерек көздерімен салыстырылып, негізгі мәліметтер анықталынды. Әр қайраткердің тергеушілерге берген жауаптары жеке – жеке қарастырылып, негізгі шешуші мәселелердің қойылуы мен олардың жауаптарының мазмұнына сараптамалар жасалынды.
Алаш қайраткерлерінің Біріккен мемлекеттік саяси басқарма мен Бақылау комиссиясы қызметкерлері алдында берген жауаптары тақырыпты ашуда үлкен дерек көзі бола алады. Оның ішінде, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Х. Болғанбаев, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов және тағы басқа қайраткерлер бар. Алаш қайраткерлерінің әрқайсысына тергеушілер тарапынан қойылған сұрақтар мен олардың берген жауаптарының мәтіні тексеріліп, қудалаудың мақсаты мен міндеттері айқындалды.
Тергеу барысындағы жасалған құжаттар жеке – жеке сарапталып, негізгі бағытты анықтау басты орынға қойылды. Сонымен қатар, осы кезеңде алаштықтарға қарсы құжаттардың жиналу барысы да ашылды. Бұл жерде большевиктердің Алаш зиялылары үстінен жинаған ақпараттарды қайдан алынғаны, қалай тапқанына мән берілді. Мәселен, Кеңес өкіметі жағына шығу кезіндегі мәліметтер мен жазысқан хаттардағы көзқарастар, қайраткерлердің қызмет еткен орындарынан, араласқан адамдарынан алынған жауаптар, тіпті кей кезде тартып алынған деректер, мерзімді басылымдардағы пікірлер, жиылыстарда айтылған әңгімелерінің мазмұны түгел қарастырылды.
Айыптау қорытындыларында келтірген мәліметтер тексеріліп, басқа деректер арқылы айқындалды. Мәселен, большевиктердің зиялыларға Қазан революциясы, азамат соғысы, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қоғамдық – саяси қызметтері кезіндегі мемлекеттік саясатқа ұйымдастырған қарсылықтары туралы негізсіз айыптары олармен тығыз қарым – қатынаста болған З. Валидидің естеліктеріндегі мәліметтермен салыстырылып, қаншалықты дәйектілігі тексерілді. Себебі Алаш қайраткерлері тоталитарлық жүйенің құрбандарына айналған кезде, айыптауға басты дәйектеме олардың З. Валидимен байланысы еді. Кеңес өкіметінің репрессивті органдары қазақ зиялыларының азамат соғысы жылдарындағы ақгвардияшылармен байланысын және түркітілді халықтармен одағын түбегейлі зерттеп, қудалау құжаттарын жасаған еді.
Большевиктердің Алашқа қарсы 1925-1933 жылдардағы саяси қудалауы сот үдерістерімен аяқталды. Сот үдерістері барысында жасалған құжаттар мен тағылған айыптар және олардың өзгертілу, орындалу барысы арнайы қарастырылып, большевиктердің репрессияны орындаудағы көздеген мақсаттары талданылды.
Елдің қоғамдық - саяси өмірінен зиялыларды ығыстыру «үлкен террорға» жол ашып бергенін сан - қилы құжаттар дәйектейді. Алаш зиялыларының қасіретіне байланысты мұрағаттық деректер жиырмасыншы жылдардың аяғындағы кеңестік Қазақстанның бүкіл тарихының бағыт - бағдарын, мақсатын анықтауға мүмкіндік береді деп толық айта аламыз.
«Үлкен террор» кезінде жиырмасыншы жылдардың аяғымен салыстырғанда «халық жауларын» табуда нақты іс - әрекет күшейді. Заңдар кез - келген қоғамның тарихы бойынша маңызды құжаттарға жатады, өйткені мемлекеттің құқықтық негізін құрайды: ол мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың барлық күнделікті жұмысын бағыттайды және реттейді, азаматтар мен ұйымдар арасындағы қарым - қатынастарды белгілі бір құқықтық нормаға әкеледі. Деректанулық ішкі және сыртқы сынды жасау үшін заңдар негізгі дерек көзі ретінде алынады.
Заңдардың шығу тегін, мәтінін, мазмұнын тексеру бізге мемлекеттік машинаның қандай шаралар жүргізгені туралы толық мәлімет береді. Мәселен, 1926 жылы РКФСР Қылмыстық Кодексі кеңейтіліп, қайта шығарылуы үлкен шараның заң жүзінде бекуі болатын. Кеңестік өкіметтің контрреволюциялық әрекетке жатқызған шараларының ауқымы өсті. Онда 58 баптың өзі 18 бөліктен тұрды. Кең көлемді бап тармақтары атылатындарға жан - жақты, бір - бірімен байланысты соттауға мүмкіндік берген болатын. Кодекстің баптары мыңдаған адамдарға айыптау құжаттарын жасауға жол ашты.
С.М. Кировтың өлтірілуінен кейін кеңес заңдары күшейді. 1934 жылдың 1 желтоқсанында қатал жазалауды жүзеге асыратын КСРО ОАК Президиумы «Террористік актілерді жасау немесе даярлау туралы істерді жүргізу тәртібі туралы» қаулысы қабылданды. Қаулының мәтінін талдау кеңестік террордың шарықтау шегіне жеткенін анықтап береді. Тергеу мекемелері, сот органдары, ІІХК істерді былай жүргізді: айыпталушы ісі тез, он күн қаралды, кешірім жасау туралы шағым - өтініштер қабылданбады, ату жазасы сот үкімі шыққан бойда орындалды. Осы күні КСРО ХКК және ОАК - інің «Одақтық республикалар Қылмыстық - процессуалды Кодексіне толықтырулар енгізу туралы» қаулысы [9, 33-34 б.] қабылданды. Онда жоғарыдағы мәселеге байланысты Қылмыстық Кодекске тергеуді он күнде бітіру, айыптау қорытындысын істі сотта қарауға бір күн қалған кезде беру, істі айыптаушы мен қорғаушының қатысуынсыз тыңдау, сот үкімдерін бұздыру туралы шағым арыздарды, сондай-ақ кешірім беру туралы өтінішті қабылдамау, жоғары жаза үкімін тез арада жүзеге асыру сияқты өзгерістер енгізілді. Кеңес заңдық актілері демократияға қарсы жасалған, олардың саяси тұрғыда айыпталған адамдар тергеу әдісі шектен шығып кетті. Көптеген істерді соттан тыс «үштіктер» мен «екіліктердің», қаталдығымен көзге түскен Ерекше Кеңестің қарауы, сотталушыларды ұрып - соғып мойындатуы, куә ретінде сөз жеткізушілерді пайдалануы заңдылықты сақтамағандықтың көрінісі болатын.
Осылайша большевиктер «үлкен
террорды» жүзеге асыруға
«Үлкен террор» кезінде
Аталған кездегі тергеу істерін дерек көзі ретінде талдау қиынға соғып отыр. Бұл туралы Ресейдегі саяси репрессиялар тарихын зерттеуші белгілі ғалым А. Литвин былай дейді: «Бұл істерді құқығы бойынша БСМБ - ІІХК қолдан жасаған деп атайды. Мүмкін аталған себеп осы түрдегі құжаттарға деректанулық талдауы жоқтығының себебі шығар. Шыныменен, егер құжаттың бұрмаланған мазмұнды екеніне сенімді болсаң, егер одан тек мемлекеттің өз азаматтарына қарсы идеологиялық саясатының куәландыратынын көруге ұмтылып тұрсаң ондай құжаттарға назар аударудың не қажеті бар» [11].
Қазақстандағы «үлкен террорды» сипаттаған кезде, мұрағаттық деректер М. Шоқайдың шетелде «Яш Түркістан» журналы бетінде жазған жарияланымдарымен салыстырмалы түрде талданып отырылды. Оның кеңестік мерзімді басылым материалдарын дерек көзі ретінде пайдаланып, жазған мақалалары «үлкен террор» кезін ашуға зор мүмкіншілік береді. Мерзімді басылымдағы материалдар сол кезеңдегі қоғам тынысы туралы мәліметтерді ашық көрсетіп, «халық жауларын» әшкерелеуінің бір түрі болғандығы шүбәсіз. Осы тұрғыда қарағанда, М. Шоқай «үлкен террордың» күрделі мәселелерін анықтап, талдап берді. Оның еңбектерінде ой еркіндігі анық байқалады, деректанулық талдау дәрежесі де жоғары. Сондықтан да шығар, қаншама тың мұрағат деректері жарияланып жатса да, қайраткердің негізгі ой - түйіндері маңызды орын алуда. Сонымен қатар, М. Шоқайдың тергеу материалдарына байланысты пікірлері «қолдан жасалған» айыптау құжаттары ақпараттарының негізсіздігін дәйектеуге көмектеседі.