Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі (1917-1956 жж.)

Автор: Пользователь скрыл имя, 01 Декабря 2011 в 16:03, автореферат

Описание работы

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақстан- ның орталық және жергілікті мұрағат құжаттары кеңестік саяси репрессия тарихының дерек көзі ретінде талданады. Мұрағат материалдарын кешенді түрде зерттеу отандық деректану ғылымындағы көптеген мәселелерді айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХХ ғасыр тарихы - КСРО мемлекеті, оның құрамындағы Қазақстан үшін арпалысты болды. Ғасырдың екінші онжылдығында дүниеге келген жаңа өкімет қоғамды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, өзімен бірге халықтар тағдырына зор алапат апаттар алып келді. Бұл тоталитарлық мемлекет жүйесі және саяси репрессиялар толқыны еді.
Біз тоталитаризмнен демократияға өткен мемлекетте өмір сүре отырып, шын мәнінде өткен жүйенің қаншалықты қасірет әкелгенін түсінеміз. Қоғам өміріне еніп жатқан жаңа ойлар мен идеялар жылдар бойы кеңестік насихаттаулар арқылы қалыптасқан сананы бір мезетте өзгертпейді. Ұрпақтар алмасуы, тәуелсіз еліміздің жастары ғана бүкіл адамзаттық құндылықтарды қабылдап, жаңа жүйеге өтуге мүмкіндік алу арқасында бұл міндет үдесінен шығуға болады. Кеңестік тоталитаризмнің жүргізген ең ауыр шарасы - саяси репрессиялар. Біздің ойымызша, саяси қудалау тоталитарлық жүйенің ұлттық сана - сезімді күйретуге арнаған бағыты еді.

Работа содержит 1 файл

mussagalieva.doc

— 429.00 Кб (Скачать)

      Деректану ғылымының озық методологиялық  ұстанымдарын отан тарихының  мұрағаттық құжаттарын зерттеуге  пайдалану түйіндер мен тұжырымдамалар  жасауға көмектеседі. Ең басты, негізгі теориялық - методологиялық мәселелерінің шыңы деректердің түпнұсқалығы мен шынтуайтылығын анықтау болып табылады. ХХ ғасырдағы көлемді саяси репрессия деректері кеңес кезінде зерттелмеген, ғылыми айналымға тоталитарлық мемлекет құлағаннан соң ғана енгізіліп отырылған жаңа материалдар екені белгілі. Сондықтан да зерттеу методологиясын қалыптастыруда сан - қырлы әдістерді қолдана аламыз. Деректің тарихи құндылығын анықтауда жасаушының қандай мемлекетте, идеологияда өмір сүріп отырғанын ескеруге міндеттіміз. Әр құжаттан тоталитарлық жүйеге қызмет етушінің қолтаңбасы байқалады. Мәселен, тергеу хаттамаларын алайық. Жартылай сауатты тергеушілердің жазған хаттамаларын сараптау өте қиын. Оған ойдан шығарылған фактілерін қосыңыз. Қатал заңдар, олардың жай түсіндірілдіруі, қорқыныштан пікірдің айтылмауы, тергеушілердің шала сауаттылығы жауап алу хаттамалары мазмұнын бірдей етті. Тергеушілердің қолдан шығарылған істерін зерттеп отырған тарихшы міндетті түрде дәлелдеуі қажет.

      Деректануда тарихшы деректі басқа құжаттармен салыстыра отырып, жұмыс жасай алады. Осылайша, деректің толықтығын, шынтуайттылығын ашуға болады. Алдымен мемлекеттің осы мақсатты жүзеге асыру үшін жасап отырған шараларын, сосын репрессияға ұшыраған адамдардың кейін жазған естеліктерін салыстырамыз. Содан соң жазаланушыны жалған құжаттарға қол қоюға нендей жағдай мәжбүр етті деген сұраққа жауап іздейміз. Осындай ізденістер ғана деректі талдауға мүмкіндік береді. Еңбектердегі нақты мәліметтерді анықтамай, деректегі тарихи шындықты табу қиынға соғады. Әрбір тарихи оқиға мұқият салыстырыла қарастырылуы қажет.

      Кеңестік мемлекеттік мекемелер  қызметін, оның барысында жинақталған  деректерді ашу да маңызға  ие. Себебі большевиктердің жазалау  саясатын жүзеге асырушы құзырлы органдар екені белгілі Ал мемлекеттік мекемелер құжаттарын даярлаған, яғни оның авторлары кеңестік аппарат қызметкерлерінің көпшілігі кәсіби революционерлер болды, бейбіт өмірде мемлекеттік мекемелерді басқаруда олардың өресі жетпеді. Жоғары білімдері жоқ, болса үзік - үзік білім алған олар тек қана әміршіл - әкімшіл өктемдікке сүйенді. Бұл туралы К. Нұрпейісов пен Х. Әбжанов дәл көрсеткен болатын: «Елдің ішкі - сыртқы өміріне шектеусіз билік орнатқан большевиктер партиясының, оның ішінде Қазақстан Компартиясының 30 - шы жылдардың аяғындағы білім, кадрлық және интеллектік әлеуеті мақтанарлық деңгейде болған жоқ. Мәселен, республика коммунистерінің 78-80 пайызы бастауыш мектеп бітіргендер мен шала сауаттылар ғана болса, 600 - ден астамы оқи да, жаза да білмейтін сауатсыздар еді. Ал 1938-1940 жылдар арасында партия мүшелері қатарындағы жоғары немесе аяқталмаған жоғары білімді мамандар үлесі 4,2 ден 1 пайызға дейін азайып кетті» [4].

     Деректанудың саласының бірі құжаттарға сапалы баға беру болып табылады. Деректанулық әдістер іс жүргізу материалдарынан шынтуайтты мәліметтерді алуды көздейді. Әрі қарай деректерді талдаудың әдісі мен методологиясы жасалады. Дерек түпнұсқа немесе шынтуайтты болғанменен, тарихи үдерісті толық аша алмауы мүмкін. Ал кейбір құжаттардың бір бөлігі ғана қалса да, шектелген ақпаратты болса да, оқиғаны аша алмаса да аса құнды болуы мүмкін. Немесе қарама - қарсы майданда соғысқан саяси қарсыластардың бір - біріне әдейі жинаған мәліметтері сақталады. Деректанушы осылардың ішінен, тіпті сөздердің арасынан тарихи шындықты таба алуы қажет. Ол үшін тарихи үдерісті де жан-жақты игеруі керек. Большевиктер өз қылмыстарын көрсетпеу үшін көптеген құжаттарға шектеу салды, кейбіреулерін жойып та жіберді. Дегенменен де, аздаған деректердің өзі де көп мәселелерді анықтайды. Қандай да құжат болсын, сол уақыттағы тарихи оқиғаларды жанама болса да ашатынын ескеруіміз керек. Түпнұсқалық деңгейін анықтауда деректерге сын жасалады. Әрбір деректің тарихи маңыздылығын дәйектеу үшін зерттеуші бұрмалауларды таба білуі керек. Бұл тұрғыда кеңес деректерімен жұмыс істеу қиын емес.

      Сонымен қатар, түпнұсқа мен шынтуайттылықты жүзеге асыруда құжаттарды анықтау және жариялауға даярлау, құжаттың авторлығы, құжаттың мерзімінің қойылуы, көшірме мен түпнұсқаны салыстыру, құжаттың мәтінін оқу ерекшеліктерін анықтау қажет. Алдымен, тарихи зерттеулерде деректік базаның толықтылығы міндетті. Келесі мәселе құжаттың авторлығын анықтау болып табылады. Кеңес өкіметінің кезінде іс жүргізу құжаттарының көпшілігі мекемелердің алқалық жиылыстарында қабылданды. Әрине, бұл тұста басшылардың алдын - ала келісіп алатын фактілерін де жоққа шығара алмаймыз. Құжаттың мерзімінің қойылуына да күмән келтіруге болады. Алқалық мәжілістердің уақытын өзгерту қиын шаруа емес. Кейде даярланған күнін емес, жарияланған уақытын айтуы мүмкін. Көшірме мен түпнұсқаны салыстыру мәселесі күрделі. Кеңестік іс жүргізу құжаттары жасалғаннан кейін бірнеше көшірмелері даярланады. Немесе орталықтан келген материалдар көбейтіліп таратылды. Осының әсерінен зерттеушілер түпнұсқа мен көшірмені айыра да алмай қалады. Құжаттың мәтінін оқу ерекшеліктерін анықтауда бірнеше мұрағаттар мәліметтерін салыстыра отырып, жұмыс істеу қажет.

      Кеңестік мұрағаттық құжаттарды зерттеу методологиясы бізге көп мәселелерді ашуға көмектеседі. Оның ішінде, саяси репрессиялар құжаттарын талдау бүкіл кеңес деректерін анықтауға мүмкіндік береді. Ал кеңес деректері отан тарихының қазіргі заман кезеңін үлкен бөлігін қамтиды.

      Тақырыптың тарихнамасына келетін болсақ, саяси репрессиялар тақырыбы Кеңес өкіметі кезінде жабық болғанын айтып кетуіміз керек. 1956 жылғы ХХ сиезден кейін де мәселе толыққанды ашылған жоқ. Әрине, бұл жылдарда қоғамға тарихи тұлғалардың есімдерінің бірқатары және олардың мұралары ғана қайтарылды. Оның ішінде, саяси репрессияға ұшыраған қазақ интеллигенциясы өкілдері қоғамдық – саяси қызметіне арналған С. Қирабаевтың «Сәкен Сейфуллин» (Алматы, 1958), П. Тибекиннің «Ильяс Кабулов» (Алматы, 1967), Р. Сүлейменовтің «Темирбек Жүргенев» (Алматы, 1968), С. Бейсембаев пен С. Құлбаевтың «Турар Рыскулов» (Алматы, 1974) атты еңбектер жарық көрді. Бірақ ол жылдардағы зерттеу үдерісі саяси репрессиялар тақырыбын толық ашып бере алмады. Шетелге эмиграцияға кеткен саясаткерлер ішінен большевиктер билігін, саяси репрессияларды зерттеген М. Шоқай, З. Валидиді айтуға болады.

      Қазақстандық тарихнамада саяси  репрессиялардың тарихының жан - жақты зерттелуі елдегі қайта құру саясатының басталуымен мүмкін болды. Мәселені шешуде басты ролді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институты ғалымдары атқарып, 1988 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде аталған институттың белгілі тарихшыларымен жүргізілген «Тарихтың әр парағы қымбат бізге» деп аталатын дөңгелек үстелде отан тарихының күрделі кезеңдерін жаңа көзқараспен қараудың тұжырымдамасының негізін салды. Осы кезде алғашқы күн тәртібіне қойылған мәселе кеңестік билік тұсында қудаланған, ұлттық мемлекеттіліктің негізін салған Алаш қозғалысы туралы тұжырымдама жасап, оқыған азаматтар идеяларын халқына қайтару еді. 1988 жылы қоғамдық қысым әсерінен Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті жанынан тоталитарлық жүйенің құрбаны болған қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын қайта қарау үшін құрылған комиссия шешімдері жарық көрді. Бұл мәселені зерттеуге жол ашып берді.

      КСРО - ның құлауы, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде тарихи аренаға шығуы саяси репрессиялар тақырыбының әр қырларының отан тарихында іргелі мәселе ретінде қойылуына игі әсер етті. Оның ішінде, Алаш қозғалысының, шығармашылық интеллигенцияның тарихы мен тарихнамасына арналған А. Ауанасова «Деятельность национальной интеллигенции Туркестана в первой четверти ХХ века» (Алматы, 2001), З. Дүкенбаева «Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының тарихы (1917-1941 жж.)» (Алматы, 2003), Р. Нұрмағамбетова «Движение Алаш и Алаш - Орда. Историография проблемы 1920-1990 - е годы ХХ века» (Алматы, 2003) мен Г. Кәкеновалардың «Судьбы казахской интеллигенции. Историография вопроса» (Астана, 2006), ал аграрлық өзгерістер тарихнамасы О. Мұхатованың «Қазақстандағы аграрлық өзгерістер тарихнамасы (ХIХ - ғасырдың соңы ХХ – ғасыр» (Алматы, 1999), Қазақстанның жаңғыруының социалистік үлгісі Р. Қадысованың «Социалистическая модель модернизации в Казахстане (1917-1940 гг.)» (Алматы, 2005) зерттеулерінде көрінді.

      1993 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы» заңын жүзеге асыру барысында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары «Әділет» тарихи - ағарту қоғамының басшылығы мен белсенділерімен бірге және республика ҰҚК басшылығының көмегімен ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізілді, сталинизм кезеңіндегі жаппай саяси репрессиялар құрбандарының тізімі алынды [5, 28 б.]. Осы жылдары алғашқылардың бірі болып ақталып, халқына оралған белгілі тарихшы Е. Бекмаханов туралы да жазылды. І. Қозыбаев Қазақстан тарихнамасы жайлы кітабының бір тарауын тарихшыға арнады. Тоқсаныншы жылдар зерттеулері ішінде шоқтығы биік тұрған Алаш қозғалысына байланысты cүбелі үлес қосқан еңбектерді ғалымдар Д. Аманжолова, К. Нұрпейісов, М. Қойгелдиевтер жазды.

     1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «1997 жылды жалпы ұлттық келісім және саяси репрессия құрбандарын есте сақтау жылы деп жариялауы туралы» жарлығы шықты. Жарлықтан кейін саяси репрессия тақырыбы кеңінен зерттеле бастады. М. Қозыбаев пен Қ. Алдажұманов «Тоталитарный социализм: реальность и последствия», Қ. Алдажұманов, Е. Алдажұманов «Депортация народов - преступление тоталитарного режима», Д. Шаймұханов «Қарлаг» кітаптарын шығарды. Тарихшы Т. Омарбеков «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» еңбегінде осы жылдарда Қазақстандағы экономикалық саясат әсерінен болған саяси қудалауларды көрсетті.

      Тоқсаныншы жылдардың соңында Қарағандыда 1920-1950 - жылдардағы саяси репрессияларды Г. Жұмасұлтанованың, Ақмоладағы «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагері тарихына А. Кукушкинаның, Алматыда Қазақстандағы БСМБ қызметі туралы Г. Молдаханованың, 1937-1938 жылдардағы Қазақстандағы саяси репрессиялар жайлы Г. Орынбаеваның кандидаттық диссертациялары қорғалды. Т. Садықов Жезқазған өнеркәсіптері тарихына арнаған «Сарыарқаның мыс алыбы» (Алматы, 1999) кітабында осы өңірдегі еңбекпен түзеу лагерлері тарихына тоқталды.

     Қазақстанға күштеп жер аударылу тақырыбы да белгілі ғалымдардың зерттеу обьектісіне айналды. 1998 жылы «Депортированные в Казахстан: время и судьбы» еңбегі жарық көрді. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан аймағы Ж. Қыдыралина, ал Орталық Қазақстан М. Сүлейменовалардың кандидаттық диссертацияларында ашылды.

      2000 жылдан бастап саяси репрессия тақырыбының зерттелу барысы өзгерді. Бұрынғыдай емес, мәселе әртүрлі жағынан ашылды. Осы жылы академик М. Қозыбаев «Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски» деген еңбегінде елімізде саяси репрессия құрбандарын ақтау және теориялық зерттелу бағыты анықталды. С. Ділмановтың «Исправительно - трудовые лагеря на территории Казахстана (30-е-50 - е годы ХХ века)» атты зерттеу жұмысында қазақстандық еңбекпен түзеу лагерінің тарихы ашылды. Ал, ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясы тағдыры мен большевиктік билікке қарсылығын астаналық тарихшы Қ. Ахметов, қарағандылық ғалым Р. Жұмашев айтып өтті. Ал Б. Аяғанның «Красные и черные» атты еңбегінде шетел мұрағатындағы деректер берілген.

      Зерттеушілер ішінде мерзімді басылым материалдарын талдаған Д. Махаттың «Қазақстанда әміршіл - әкімшіл социализм жүйесін қалыптастырудың сталиндік концепциясының мерзімді басылымда насихатталуы (1925-1956 жж.)», әскери тұтқындар туралы Г. Көкебаеваның «Официальная политика Германии и СССР по проблеме военнопленных (1918-1955 гг.)» докторлық диссертациялары, Л. Михееваның «Иностранные военнопленные и интернированные в Центральном Казахстане (1941 - начало 50-х гг. ХХ века)» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы қорғалды. Қазақстандағы еңбекпен түзеу лагерлері туралы Бонн университеті зерттеушілері В. Хеделер мен М. Штарктар еңбектерін жариялады, АҚШ - тың Дж. Мэсон университетінің қызметкері Стивен Барнес Қарлаг тақырыбына байланысты монография шығармақшы.

      Қазіргі кезде қазақстандық тарихнамада саяси репрессия тақырыбы ұлттық интеллигенция қудалануы, большевиктерге қарсы азаттық идеясы уағыздалуда. К. Есмағамбетовтің «Әлем таныған тұлға (М. Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік болмысы)» атты еңбегінде алғаш рет шоқайтанудың деректемелік негіздерін жасады, теориялық талдаулар жүргізді, коммунистерге қарсы ұлт - азаттық саяси күрес ашылды. Сонымен бірге, ұлттық идея мен Алаш зиялылары мәселесін тарихшы Х. Әбжанов, әдебиетші Т. Жұртбай зерттеді.

      Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша кеңестік саяси репрессиялардың зерттелуі біршама дәрежеде жүзеге асуда. Дегенменен, тарихшылар көбінесе жекелеген тақырыптармен айналысып және оған қатысты материалдарды енгізіп жүргенін айта кетуіміз керек. Әрине, мұрағат материалдарының толық зерттелмеуі оған әсер етуде.

      «Кеңестік бастапқы жылдарғы репрессиялар тарихының дерек көздері (1917-1924 жж.)» деген екінші тарауда екі тараушадан тұрады, біріншісінде Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы «қызыл террор», екіншісінде большевиктік жазалау жүйесі мен заңнаманың қалыптасу тарихынан деректері талданады.  

      «Қызыл террор туралы» қаулы шын мәнінде кеңестік саяси репрессиялардың заңдастырылған бастамасы болды деп толық айта аламыз. Большевиктердің билікті басып алудағы қару қолдануы, Құрылтай жиылысының күшпен таратылуы, революциялық трибунал туралы үкім, контрреволюция мен саботажға қарсы күрес бойынша Бүкілресейлік төтенше комиссияның құрылуы, саяси қарсы топтардың өкілдерін қудалау жаппай репрессияның басталуының негізін салып берді. Ал оны заңдастыру саяси жауларға қарсы қолданылатын зорлық - зомбылыққа, өлтіруге алып келді. Ал жазаның ең жоғары түрі – ату туралы шешім қабылдануы негізгі мақсатты ашып берді. Бірақ, шаралар тек қана қарсыластарға ғана емес, сонымен қатар, бейбіт халыққа да бағытталды. Қазақ даласы екі лагердің, «қызыл» мен «ақ» террордың қан майданына айналды. Азамат соғысы және «қызыл террор» кезінде атылғандар мен асылғандар жайлы мәліметтер қағаз бетіне түсе бермеді. Әлі күнге дейін Ресейде де, басқа бұрынғы одақтас мемлекеттерде де аталған кезең құрбандарының жалпы санын анықтау мүмкін болмай отыр. Бұның себебі ату жазасы құжаттарсыз, ресімделмей жүргізілді. Кеңес өкіметін орнату жолында саяси қарсыластардың, интеллигенцияның, оның ішінде, әсіресе, бейбіт қарапайым халықтың да қаны есепсіз судай шашылды.

Информация о работе Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі (1917-1956 жж.)