Автор: Пользователь скрыл имя, 01 Декабря 2011 в 07:31, диссертация
Жалпы нарықтық экономика элементтерінің бірі ретіндегі еңбек нарығының маңызды объектілерінің бірі жұмыссыздық болып табылады. Қазақстандағы жұмыссыздықтың туындауының негізгі факторы ретінде тәуелсіздік алғаннан кейінгі қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси жүйесінің дағдарысынан келіп шығатын жалпы өндіріс қарқынының төмендеуіне байланысты жұмыс күшінің босап қалуын айтуға болады. Жұмысқа қабілетті халықты жұмыспен қамту жоспарлы экономиканың негізгі мәселелерінің бірі. Жұмысынан айрылған және жұмысқа орналасуға дайын қоғам мүшесі мемлекеттік қолдауға сенім артатыны белгілі.
ӘОЖ
657.2/.6:3.07(574.5)
САДЫКБЕКОВА
АЙЖАРКЫН АБДРАЗАККЫЗЫ
Халықты
жұмыспен қамту бойынша
мемлекеттік мекемелердегі
бухгалтерлік есеп және
есептілік жүйесін ұйымдастыруды
жетілдіру (Оңтүстік
Қазақстан облысының
жұмыспен қамтуды үйлестіру
және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасы мысалында)
08.00.12 - Бухгалтерлік
есеп, аудит, статистика
Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертация
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Түркістан, 2010
Жұмыс
Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінде орындалған.
Ғылыми жетекшілері экономика ғылымдарының докторы
экономика ғылымдарының кандидаты
Ресми оппоненттер экономика ғылымдарының докторы
Жетекші ұйым Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық
Қорғау
2010 жылдың «11» қыркүйегінде сағат 14-00 Қ.А.Ясауи
атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде
экономика ғылымдарының докторы ғылыми
дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғау
жөніндегі Д14.61.15 диссертациялық кеңесінде
өтеді. Мекен-жайы: 161200, Оңтүстік Қазақстан
облысы, Түркістан қаласы, Университет
қалашығы.
Диссертациямен
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінің кітапханасында танысуға
болады.
Автореферат
« » тамыз 2010 жылы таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, э.ғ.д., профессор Раимбеков Ж.С.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Жалпы нарықтық экономика элементтерінің бірі ретіндегі еңбек нарығының маңызды объектілерінің бірі жұмыссыздық болып табылады. Қазақстандағы жұмыссыздықтың туындауының негізгі факторы ретінде тәуелсіздік алғаннан кейінгі қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси жүйесінің дағдарысынан келіп шығатын жалпы өндіріс қарқынының төмендеуіне байланысты жұмыс күшінің босап қалуын айтуға болады. Жұмысқа қабілетті халықты жұмыспен қамту жоспарлы экономиканың негізгі мәселелерінің бірі. Жұмысынан айрылған және жұмысқа орналасуға дайын қоғам мүшесі мемлекеттік қолдауға сенім артатыны белгілі. Экономикасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, жұмыссыздық, мобилді және потенциалды еңбек резерві болып табылады. Сондықтан да жұмыспен қамту үрдістерін ұйымдастыру мен реттеудің жаңа моделін таңдау аса жауапты және күрделі мәселе. Қазіргі уақыт талабы жұмыспен қамту мен жұмыссыздық арасындағы арақатынасты, еңбек нарығындағы жұмыс күшінің қозғалысын туындату себебі мен шарттарын зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, бірінші кезекке еңбек қатынастары, жұмыспен қамтудың тиімділігін қамтамасыз етудің жаңа көздері мен нысандарын іздеу, жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қолдау мен оларды жұмыспен қамтуға арналған іс-шараларға жұмсалатын шығындардың мақсаттылығын негіздеу мәселелері қойылады. Бұл мәселелерді зерттеудің өзектілігі халықты жұмыспен қамту бойынша мекемелерді бюджеттік қаржыландыруымен айқындалып отыр.
Бюджеттік есеп бүгінгі таңда бюджеттік классификациялардың шоттар жоспарымен интеграциялануы мен бюджет орындауының қазынашылық жүйеге өтуіне байланысты қайта өрлеу жағдайында. Сонымен бірге, мемлекеттік сектордағы салалық есеп стандарттарының болмауы бюджеттік есептің қайта құрылуына бөгет келтіріп отыр.
Халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік мекемелердегі (ХЖҚММ) шығындар сметасының орындалуы туралы ақпарат, халықты жұмыспен қамтуға байланысты арнайы шығындардың нәтижелілігін айқындау мақсатында тек бюджеттік классификация баптары бойынша ғана емес, сонымен бірге әрбір бөлімшенің шығындарын қамти отырып, құрылуы тиіс.
Міне, осы айтылғандардың барлығы халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік есеп жүйесін жетілдіру қажеттілігін туындатады. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік органдарының бастапқы буыны - облыстық, қалалық және аудандық халықты жұмыспен қамту бөлімшелері. Осы бөлімшелердің бухгалтерлік және шұғыл есеп жүйелерінде қалыптасатын ақпараттардың шұғыл және нақтылық деңгейі бүкіл мемлекеттің жұмыспен қамту саясатын жетілдіру бағытын айқындауда аса үлкен теориялық және тәжірибелік мәнге ие.
Облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік мекемелер қызметіндегі есептік-талдау функцияларын еңбекке деген сұраныс пен ұсыныс, жұмыссыздық деңгейі, оған жұмсалатын шығындар туралы нақты ақпараттарды жинақтау мен жүйелеуге бағдарлау мақсатқа лайық екенін тәжірибе көрсетіп отыр.
Міне осы жағдайлар, зерттеу тақырыбының өзектілігі мен оның тәжірибелік мәнін анықтайды.
Диссертация тақырыбының зерттелу деңгейі. Жалпы еңбек нарығы, ондағы іс-әрекетті ұйымдастыру мен қызмет нәтижелерінің жалпы ережелері, еңбек қатынастары мен бухгалтерлік есеп пен есептіліктің теориялық негіздері мен негізгі мәселелері келесі шет елдік және ресейлік авторлардың еңбектерінде қарастырылады: А.Смит, А.Пигу, А.Маршалл, Дж.М.Кейнс, П.Самуэльсон, К.Р.Макконнелл, Г.Беккер, Р.Эренберг, Р.Смит, Р.К.Филер, Д.С.Хамернеш, Л.Роббинс, Ф.Кэне, У.Петти, Д.Рикардо, Э.Бернштейн, Д.Робинсон, С.Л.Брю, Белов А.Н. және т.б.
Бұл мәселелер бірқатар қазақстандық авторлардың еңбектерінде де қарастырылған, олар: Шаяхметов К.О., Абдраимов Г.Т., Дүйсембаев К.Ш., Тажибаев С.Д., Сатубалдин С.С., Ержанов М.С., Берешев С.Х., Мырзалиев Б.С., Даулетбеков А.Д., Раимбеков Ж.С., Миржакипова С.Т., Бутин М.Е., Радостовец В.К., Айтжанова Ж.Н., Тайгашинова К.Т., Тулешова Г.К., Жакипбеков С.Ж., Алиев М.К., Сатмурзаев А.А., Тулегенов Э., Каренова Г.С.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы (ЖҚҮӘББ) бухгалтерлік есепті, экономикалық талдауды және аудитті ұйымдастыру мен жетілдірудегі көптеген маңызды мәселелер әлі де жеткілікті зерттелмеген және осы мекемелерге қатысты кейбір арнайы зерттеулер мүлдем жүргізілмеген. Осы айтылғандар диссертациялық зерттеу бағытының мақсаты мен мәселелерін таңдауды анықтайды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеудің мақсаты халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік есеп пен есептілік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру.
Аталған мақсатқа сәйкес ғылыми зерттеуге келесі міндеттер қойылды:
Зерттеу нысаны Оңтүстік Қазақстан облысының (ОҚО) жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының есептік тәжірибесі болып табылады.
Зерттеу пәні халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру бойынша мемлекеттік мекемелердің қызметіндегі бухгалтерлік және шұғыл есеп пен есептіліктің элементтері болып табылады.
Диссертациялық зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі экономикалық теорияның жалпы заңдылықтары мен категориялары, отандық және шет елдік ғалымдардың бухгалтерлік және шұғыл есеп пен есептілік, экономикалық талдау мәселелеріне қатысты фундаменталды еңбектері, заңдылық және нормативтік құжаттар, бухгалтерлік есеп пен есептіліктің отандық және халықаралық стандарттары болып табылады. Танудың әдістемелік ұстанымы ретінде жүйелік әдіс, сонымен қатар, диалектика, себептілік және функционалдылық ұстанымдары да қолданылады. Зерттеу барысында келесі жалпы және жеке ғылыми әдістер қарастырылды: диалектиканың талдау және синтез әдістері, жүйелік-функционалдық, тарихи-логикалық әдістер, абстрактілі-логикалық, есептеу-конструктивті, экономикалық-статистикалық, нормативті, эксперттік бағалау.
Зерттеулерді құқықтық және ақпараттық қамтамасыздандыру ретінде Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің Жарлықтары, Қаулылары, ҚР Президентінің Жолдаулары, ҚР Қаржы Министрлігінің, Қазақстан Республикасы статистика Агенттігінің, Оңтүстік Қазақстан облысы статистика Департаментінің және ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының материалдары, ҚР-ның құқықтық-нормативтік актілері, Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары пайдаланылды.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы нарықтық экономика және еңбек нарығының даму жағдайындағы халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік мекемелердің шұғыл және бухгалтерлік есебі мен есептілігі жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру болып табылады.
Ғылыми жаңалыққа ие негізгі нәтижелер ретінде төмендегілерді атап көрсетуге болады:
– халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік мекемелердің ХҚЕС-ке сәйкестендірілген шұғыл және бухгалтерлік есебі, аудит және есептілігінің құрылымы, мақсаты мен міндеттері, есептік талдау функцияларының құрамы нақтыланып, бухгалтерлік есепті жүргізудің нормативті-құқықтық реттеу деңгейлері анықталды;
– халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсызандыруға бөлінген бюджет қаражаттарының мақсатты шығындалуын қамтамасыз етуге бағытталған, мекемедегі шығындар сметасын орындаудың міндеттері, кассалық және нақты шығындарды есепке алудың бухгалтерлік өткізбелері мен халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік мекемелердің ішкі аудитін жүргізудің ережелері нақтыланып ұсынылды;
– есептіліктерді пайдаланушылар үшін сапалы есептік-талдау ақпараттарын қалыптастыруды қамтамасыз ететін және мекеменің қаржы-шаруашылық қызметіне жұмсалатын шығындарды төмендетуге бағытталған халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік мекеме мен оның құрамындағы орталықтандырылған есеп-қисап бөлімінің ұйымдастырушылық құрылымының жетілдірілген нұсқасы ұсынылды;
– мекеменің қызметінің ерекшеліктеріне байланысты бухгалтерлік шоттар жоспарының, құжат айналымының кестесінің, жұмыспен қамтуға бөлінген бюджет қаржыларын есепке алу үшін пайдаланылатын мемориалды ордерлердің толықтырылған нысандары және халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік мекемелердің есеп саясатының схемасы құрылды;
– халықты жұмыспен қамту үшін атқарылатын іс-шараларға жұмсалатын бюджеттік шығындардың есебін тіркеу және экономикалық талдау мен шығындардың кейбір баптарын бақылауға қажетті ақпараттарды қалыптастыратын ішкі шұғыл және бухгалтерлік есептіліктің нысандары жасалды.