ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби айтыстар

Автор: Пользователь скрыл имя, 16 Ноября 2011 в 16:04, автореферат

Описание работы

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің негізгі жанрлары поэзия, проза, драматургия өсіп, дами бастады. Жаңадан қанаттанып келе жатқан әдеби сынның буыны беки түсіп, баспасөз беттерінде әдебиеттің өткені, жаңадан шығып жатқан жеке шығармалар, ақындар мен жазушылар шығармалары туралы сын мақалалар жиірек жарық көріп отырған.

Работа содержит 1 файл

sag.doc

— 265.00 Кб (Скачать)

    Ресми саясат Мағжанды қаншама саяси соққылардың  астына алып жатқанымен де, ақынға жылы қабақ танытқандар баспасөз бетінде сирек те болса, көрініп қалып отырды. «Еңбекші қазақ» газеті Мағжанды айыптаумен болды да, ал «Ақ жолдың» ақынға іш бұрғандығы байқалады. Ташкентте шығып тұрған «Ақ жол» газетінде Пошанның «Әдебиет мәселесі» атты мақаласы жарияланды. Сол кездегі қазақ әдебиетінің өзекті өңірлерін барлаған мақалада ақын шығармашылығы жайлы оң пікір айтылды: «Мағжанның өткен заманға құлаш ұра беретін себебі -өзінің өмірден тез сүйініп, тез қуанатын, ойнақы жүрек романтиктігі. Романтик ақын қай уақытта болса да көрікті көңілге қоңыр өмір үйлеспеген соң аласұрыс, сұлу қиял әуенімен әуреленеді. Мағжанның іздегенде тапқаны қазақтың ескі заманы болды. Оның романтиктігін қоздырып жіберген, әсіресе, төңкерістің алғашқы кезі болды. Кенеттен болған ұлы өзгерістің самалы күшті ақынның жүрегіне үлкен әсер беріп, өмірді тұрақсыз біліп, атты алысқа айдап жіберді» [23].  Сөйтіп, ол да ақынның шығармашылық болмысын аша түсуге ұмтылды.

    С.Мұқанов, тіпті, Мағжанның ұлт ақыны екендігіне күмән келтіреді: «Мағжан өлеңдерінің 75 пайызы орыс, татар ақындарына еліктеу», - деп, керек десеңіз, ақынның бүкіл шығармашылық бітім-болмысын жоққа шығарғандай да болады. Мағжандармен біз біріге алмаймыз деп, ақынды кеудесінен итереді. Қазақ әдебиетінің Мағжандай атақты ақындары «ұлтшылдықпен айыпталып жатқанда, бойында ұлттық қаны бар парасатты зиялы қауым да қарап жата алмады. С.Сәдуақасов, Ш.Тоқжігітов, Ы.Мұстамбаев сияқты ұлтжанды азаматтар Мағжан Жұмабаевқа ара түсті.

    Мағжан, одан қалды ұлттық сипаттағы бүкіл қазақ әдебиеті «ұлтшылдықпен, «байшылдықпен», «ескішілдікпен» айыпталып, бұл туралы жылы сөз естудің өзі қиынға айналып бара жатқанда Ыдырыс Мұстамбаевтың «Жұмабаев және «Тоқсанның тобы» «Советская степь» басылымында 1929-жылдың 24-мамырында мақаласы шықты. Мақала бастан-аяқ Мағжанды қолдап, ақын шығармашылығының күрмеуі қиын қырларына ойлы көзбен карауға шақырады дерлік. Партиялық басылым бетінде орысша жазылғанын ескере отырып, автордың негізгі пікірлеріне тоқтала кетейік. «Біздің баспасөзімізде бір саяси құбылыс еленбей қалды» деп бастайды Ыдырыс өз сөзін. «Ол - Мағжанның «Тоқсанның тобы» өлеңінің шығуы. Бұл өлеңді Голощекин жолдас та өлеңнің біз үшін маңызы зор, себебі ол Қазақстандағы социалистік құрылыс жетістіктерінің жоғары екендігін көрсетеді және оны біздің кешегі дұшпандарымыз, ұлтшылдардың көсемі ақын М.Жұмабаев та мойындаған болатын деп» [24], - жоғары бағалаған.

    Жиырмасыншы жылдары жүріп өткен әдеби  айтыстардың басты мақсаты ұлттық әдебиетті талқандап, оның орнына жаңа тұрпатты пролетариат әдебиетін әкелу болатын. Осы мақсатқа жету үшін билік басындағылар алашордашыл әдебиеттің аса көрнекті өкілі М.Жұмабаевты «әшкерелеуге» бар күшін салды. Мағжанды «әшкерелеу» ұлттық бағыттағы бүкіл қазақ әдебиетін де әшкерелеу еді. Зорлықпен, күшке сүйеніп жүргізілген саяси науқанның арқасында ресми билік белгілі бір дәрежеде ойлаған мақсаттарына да жетті.

    Жиырмасыншы жылдардағы әдеби айтыстардың түпкі  мақсаты «ұлтшыл», «байшыл» атанған Мағжан Жұмабаевты, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов сияқты ұлттық әдебиеттің қаймақтарын тарихтың сахнасынан, әдебиет майданынан күшпен қуып түсіруге алғышарттар жасау болатын. Большевиктер бұл ойын жүзеге асыруға біршама жақындап қалса да, бұл міндетті жүзеге асыра алмады.

      Үшінші  тарауда жиырмасыншы жылдардағы  «Әдеби-фольклорлық мұра мен Абай туралы айтыстарға» орын берілген. З. Ерғалиевтің «Әдебиет» деген мақаласында Қызылорда қаласында әдеби шығармаларды жинаумен, жариялаумен айналысатын комиссия құрылғандығын хабарлаған. Оған материал жіберушілерге әдебиет жайлы түсініктер берген. Автор «Әдебиет» екіге бөлінеді: 1)ауыз әдебиеті; 2)қалам әдебиеті. Ауыз әдебиеті деп ауыздан ауызға, құлақтан құлаққа естіліп, ата-бабаларымыздан осы уақытқа дейін сақталып келе жатқан жырлар, мақалдар, ертегі, жұмбақ, тақпақ сықылдылар айтылады.

    Ауыз  әдебиетін жинау мәселесі Н.Төреқұловтың, М.Әуезовтің, А.Сегізбаевтың және т.б. мақалаларында көтерілді. М.Әуезов «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласында «ауызша әдебиетіміз бай, өрнекті, түрі, тарауы көп кестелі, қысқасынан айтқанда, қазақтың даласы секілді кең, келешегі көрікті үлкен, жалпы түрік әдебиетінің ішінде өріс алатын әдебиет секілді көрінеді... Сөзінен туатын мағынасын, ішіндегі қайратты рухы, сыртындағы кестесі мен келісімі өзін еріксіз еліткендей болады. Біз ескі әдебиетімізді сүйеміз, сүюіміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз, құрметіміз орынсыз емес. Себебі, әдебиетімізде өзге көп жұрттың ауызша әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр. Ауызша әдебиет бір заманда, тәртіпті жазба әдебиетінің қызметін атқарғандығы білініп отыр.  Сол міндетін ұққандықтан ауызша әдебиет сөз өрісін кеңейтіп әкеткенін көріп отырмыз. Сол ескі сөздің ішінде ескі қазақ өмірінің әрбір дәуірі, әрбір мезгілі және әрбір жеке-жеке суреттері де айтылған»[19],- деп жазып, қазақ халқының ауыз әдебиеті аса бай екенін, онда өткендегі халық өмірінің шынайы көрініс тапқанын, сол себептен де оның бүгінгі күнге керектігін орынды көрсеткен.

    М. Жұмабаев Ақан сері, Базар жырау туралы зерттеу-эсселер жазды. Ақынның «Ақан сері» атты мақаласы «Сана» журналының 1923 жылғы бірінші, ал оның жалғасы іспеттес «Ақан сері сөздері» мақаласы 1924 жылғы № 2-3 сандарында басылды.

    Қазақ халқының өткендегі рухани байлығын жинау, жариялау, зерттеу істеріне тек әдебиетшілер ғана емес, басқа мамандық иелері де айтарлықтай үлес қосты. Солардың бірі — Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясын алтын алқамен бітірген дәрігер, кейіннен алашорда қозғалысы серкелерінің бірі болған Халел Досмұхамедов. Ол қазақ әдебиетін зерттеп аса құнды еңбектер жазды. Халелдің қаламынан «Мұрат ақын сөздері» (1924), «Исатай Махамбет» (1925), «Аламан» (1926), «Қазақ халық әдебиеті» (1928, орыс тілінде) сияқты кітаптар туып, әдеби мұрамызды игеруге айтарлықтай үлес болып қосылды.

    Мұрат Мөңкеұлы жайлы алғаш қалам тартып, оны туған халқына таныстырған Х.Досмұхамедұлы болды. Патша өкіметінің қазақ даласын отарлау саясатына ашық қарсы шыққан Мұрат отаршылдықтың елді күйзелткен зардаптарын күйзеле толғанып жырлағаны, «Үш қиян», «Сарыарқа», «Қазтуған», «Шалгез» атты туындыларды жазғаны үшін «Зарзаман» ақыны атанып, орыс билеп, ауызға қақпақ, қаламға кедергі қойылған замандарда есімі белгісіз болып келді. Халел Мұрат поэзиясындағы қарсылық сарынын дұрыс түсіндіреді: «Мұраттың өлеңдерінде патша үкіметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Үкіметтің жақсы жерлерін тартып алғаны, ел қамын жегендердің қамалғаны, өлтірілгені анық айтылады»[25, 113-б].

    «Мұраттың заманында қазақ елі патша  үкіметінің шенеуніктерінен басқа  орысты көрген жоқ. Қазақтың көрген орысы - патша үкіметінің жиһангершілік саясатын жүргізген орыстан  шыққан залымдар.  Мұраттың заманындағы казақ салты, әдеті туғызады» деп, үш түрлі ерекшелігін атап көрсетеді.

    Ғалым Б.Омаров: «Мұратты эпикалық жырларды шаршамай-талмай ұзақ уақыт бойы айтатын майталман жыршы ретінде де тануымыз керек. Ол Ноғайлы дәуірінің алтын қазынасы – «Қырымның қырық батыры» жыр циклін кейінгі ұрпаққа жеткізгендердің бірі. Мұраттың өзіндік орындаушылық тәсілі, жыр үйрету әдісі болған. Әрбір жырға өз өрнегін салып, әрлендіре түскен. «Қарасай-Қази» жырының Мұрат жырлаған нұсқасының өзгеше түрге еніп, басқа нұсқалардан едәуір ерекшеленуі -осының айғағы» [26,19-б].- жеп жазды. Х.Досмұхамедов - М.Мөңкеұлының тарихи тұлғасы, ақындық ерекшеліктері, ауыз әдебиетін жинауға қосқан үлесі туралы толымды пікір білдірген алғашқы ғалымдардың бірі.

    Ауыз  әдебиеті үлгілері, өткендегі ақындардың өлеңдері А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышында» [27] да біршама орын алған. Әдебиетке мысал ретінде Абайдың есімін  ауызға алып, оның «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» атты өлеңін келтіреді. Ахметтің жалпы әдебиетке, оның тарихына деген көзқарасының қалай болғандығын аңғартса керек. Кітапта Асан қайғы, Қаз дауысты Қазыбек, Орынбай, Мұрат, Сүгір, Ы.Алтынсарин, Шернияз, Нұржан Наушабаев, Мәделі, Бұдабай, Наурызбай жырау, Досқожа, Әубәкір, т.б. сияқты - «Ер Тарғын», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Ер Сайын» жырларынан үзінділер келтіріліп, бұлар сөз өнерінің үздік үлгілері қатарында бағаланған.

    Ә.Бөкейхановтың 1905 жылы «Семипалатинский листокта» жарық көрген қазанамасынан бастау алып, кейіннен Қ.Ысқақұлының, А.Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың парасатты пайымдауларынан кейін Абай қазақ әдебиетіндегі өзіне лайықты орнын ала бастаған болатын. Ақындар Абайды жырға қосты. 1918 жылы ақпан айынан бастап Семей қаласында Ж.Аймауытовтың редакторлығымен «Абай» журналы шыға бастады. Журнал ақын Абайдың атымен аталады. «Абайдың» алғашқы саны «Журнал туралы» деген «Екеудің» беташар мақаласымен ашылды. Онда: «Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды. Береке кетіп,  азды,  тозды. Сол кезде қалпың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп Абай туды. Ақылды дана, рахымды әділ, шынға сусаған, қыңырды жөнге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алысып өткен Абай еді. Қазақтың әдебиетіне жөн берген: сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңнен өрнек шығарған, ақындық, сыншылдық бірдей дарыған Абай еді. Өнер тап, оқы, харакет қыл, тәрбие ал, ынсапты, адал бол деп қақсап өткен Абай еді. Халықтың қамын же, адам баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет деген Абай болатын, өмір жолында Абайдың айтпағаны аз. Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда, Абай қазақтан шыққан философ (данышпан) екендігін айта келіп, «... кемеңгердің атына арнап, журналымыздың атын «Абай» қойдық» - деп жазады. «Басқа жұрттың атақты білімдісінен Абай кем емес, білімдіні құрмет ете алмасақ – тоғышарлығымыз» [28]- деп, Абайды аса жоғары бағалайды.

    «Екеу» Абайдың сыр-сипатымен таныстыра түскен:  «Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін, айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң, журналды Абайға арнадық, Абайды қай жерінен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді... Еңбек қылған ер қадірін білу – ел борышы. Абайды құрметтеуге бүкіл қазақ, оның ішінде көңілі тетік оқығандар борышты. Абайды бетке ұстасақ, білгішке ергіш нысанамызды көрсетеміз -  бір, адамдық борышымызды атқарамыз – екі» [28]. Мақалада Абайдың өлеңдері талданылмайды: оның халыққа, әдебиетке сіңірген еңбектері санамаланып, үлгі тұтылады. Мақаланың соңы «маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазағым» деп үмітпен шығарып отыр» деген жолдармен аяқталады.

    Сол кездегі жаңадан орнап жатқан кеңес өкіметінің әдебиет жайлы ресми пікірін «Еңбекші қазақ» және «Қызыл Қазақстан» басылымдарында жарық көрген материалдардан анық көруге болады. «Қызыл Қазақстан» журналындағы әдебиеттің» өткеніне қатысты  1922 жылы С.Мұқановтың  «Қазақ әдебиеті һәм Ыбырай» атты сияқты мақаласы жарияланды. Бұларда  әлі таптық көзқарасқа негізделген ұр да жық солақай сындар көрінбейді.

    Жиырмасыншы жылдары көркем әдебиетке, оның өкілдеріне қойылған талаптар өте ауыр еді. Бұрынғы өмір мен жаңа өмірді қалай жырлау керектігі басты мәселелердің бірі болатын. Сол кездегі саясаттың әдебиетке тигізген әсерінен қазақ қалам қайраткерлеріне сын да, мін де көп болды. Әдебиеттің негізгі шығармашылық мәселелері қағыс қалып, көркем туындылар саяси тексеруден, идеологиялық сүзгіден өткізілетін жағдайлар да кездесті.

    Б.Кенжебаев: «Абай - өте ақын кісі, бұған өлеңдерінің  суреттері, ұйқасымдары, ойына келгенді қиналмай толқытып, түйдектеп шығаратындығы дәлел. Осымен бірге Абай – сыршыл ақын» [29] - деген негізгі ойды ақынның қазақ поэзиясына қосқан жаңалықтарын айта отырып дәлелдейді. Сөйтіп, «Абай қазақтың жазба әдебиетін бастады, соған негіз салды. Сондықтан жазба әдебиетінің ағасы. Бұл орын Абайға үлкендік те, кішілік те қылмайды. Абай өлеңдерін қарап келіп, шығаратын қорытындымыз: Абай – халық ақыны»[29] - деген тұжырып жасаған. Мұндай пікірдің солақай тұрпайы социологиялық сын үстемдік құра бастаған жиырмасыншы жылдардың орта шенінде айтылуы үлкен ерлік еді.

    С.Мұқановтың атышулы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» [30] аты мақаласынан кейін-ақ алашордашыл қаламгерлерді қазақ әдебиетінің тағдыры қатты ойландыра бастады. Пікірлесіп, ойласып, ортақ тұжырымға келгендей де болды. Олардын әдебиетке деген ортақ көзқарасы М.Жұмабаев жасаған «Алқаның» бағдарламасында көрініс тапты. «Алқаның» әдебиет жайлы бағдарламасы пролеткультшылдардың бағытына мүлдем қарама-қарсы болды. Әдебиетке, Абайға қатысты пікіріне көз жіберейік: «Қазақ әдебиетінің алыбы Абай – қазақ даласына кеулеп кіріп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа халықтың қанды жас төгіп, еріксіз жасалған бірінші құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап өмірден үміт үзуге, тұңғиық ойға барып тірелген Абайдың өмірінің, ақындығының трагедиясы да тереңдігі осындай. Абайдың алыптығы – қыл көпірдің үстінде тұрғандығы, екі қолмен, екі үмітпен алысқандығы, сондықтан казақ әдебиетінін ескі мағынасын, бұрынғы бағытын тереңдеткендігі, әдебиетке жаңа түр кіргізгендігі» [31].

    Жиырмасыншы жылдардағы айтыста белсенділік  танытқан Ы.Мұстамбаев 1927 жылы «Қызыл Қазақстанның» №45 санында Абайды солақай сындардан барынша қорғады. Өйткені, Абайдың мәселесі дұрыс шешілмей, әдебиеттің мәселесі дұрыс шешілмейтінін сыншы дұрыс түсінді. Сондықтан да Ы.Мұстамбаев Абай туралы айтылып жүрген біржақты пікірлерге қарсы шықты. «Ол қазақтың нағыз әдебиеті Абайдан басталады». «Қазақ елінің тұңғыш шын ақыны – Абай», «ұлтшылдар Абайды жақсы көреді деп Абайды  Абай демеуге бола ма?» [32] - деген пікір айтты «Көркем әдебиет туралы» атты мақаласында.

    С.Мұқанов  Ыдырыстың Абай туралы айтқан пікірлеріне  тағы да қарсы дау айтты. Сәбит қазақ әдебиеті Абайдан басталады деген Ыдырыстың пікірін жоққа шығарып, өз дәлелдерін ұсынады. «Ар жағында түк болмаса да Абай бұйырып соққан ұстаның пышағындай, жаңадан қазақ әдебиетін қолдан соқсын! Міне, қызық, осы да затшылдық па? Негізсіз, материалсыз турадан тура басталып кететін жұмыс бола ма екен. Менің әлі де айтатыным: Абайдың ар жағында да қазақтың жақсылы-жаманды әдебиеті болды. Сол әдебиеттер сарқылып келіп, Абай заманында бір қазық қағып өтті» - деп, назар аударарлық ой айтады да, сөзінің соңын «Осының кезеңіне Абай кез-келген соң даяр тоқпақтың ұрушысы, даяр тарихтың қағушысы болды да жүре берді»,- деп жазады ол. «Әркім өзінше ойлайды» [33] атты мақаласында автор пікірінің аяғын бұлталақтатып, Абайды мойындағысы келмеген ыңғай танытады. Сәбит «Абай – байшыл табының ақыны», «Абай байшылдықтан қашса да құтыла алмайды», «Абай кедейге көріне қарсы жазған жоқ. Бірақ кедейшіл емес, байшыл» дей отырып, «Абай жаңашыл. Онысында дау жоқ. Өз заманында пайдалы адам болды. Әлі де пайдасы бар. Онысында да дау жоқты» айтқанымен де «Бірақ ол - өнерге ұмтылған  қазақтың ақ сүйектіктен жаңалыққа ұмтылған жаңашыл байының тілегінен туған ақын» екендігін ескертуді де ұмытпаған.

    Сәбит Мұқановтың бұл айтқандарына Ы.Мұстамбаев «Жөн-жөн, Сәбит!!! Онан да қазақша: «Абай – арамтамақ» деп бір-ақ айтсаңшы» [34] - деп кекетіп алып, «Тарихта жалғассыз еш нәрсе жоқ. Қазақтың бұрынғы кәкір-шүкір әдебиеті болсын, орыс әдебиеті болсын Абайға азық болды, олар барып Абайды туғызды. Абай болған соң, Байтұрсынов болған соң, бұл күндерде Сәбит шықты» [34],- деп, өз пікірін нақтылай түсті.

    Ы.Мұстамбаев Абайдың ақындық тағдырына қауіп  төніп тұрғанда, оны қорғау үшін барын салды. Ыдырыстың Абай туралы пікірлерінің жиынтығы ретінде «Абай» атты көлемді мақаласы «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылы  №7-8-сандарында жарық көреді.

    Жиырмасыншы жылдарда Абайтану ісінің бастамашылары  болған Ы.Мұстамбаевтың, Ғ.Тоғжановтың, І.Қабыловтың, Д.Ысқақовтың, А.Байтасовтың, М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, Б.Кенжебаевтың еңбектері елеулі болды. Ал, кеңес заманы тұсында Абайтану ісін негіздеп, ғылыми жүйеге түсірген - М.Әуезов. Абай шығармашылығын зерттеу-талдау туралы айтыстар  сол кезден бастау алған абайтану ғылымының негізін қалап, оның жалғасы алдыңғы зерттеулерді қорытып, жинақтап, абайтанудың тарихын жасап,  қазақ халқының Абай арқылы адамзат мәдениетінің көркемдік биігіне шығуына жол ашты.

Информация о работе ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби айтыстар