ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби айтыстар

Автор: Пользователь скрыл имя, 16 Ноября 2011 в 16:04, автореферат

Описание работы

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің негізгі жанрлары поэзия, проза, драматургия өсіп, дами бастады. Жаңадан қанаттанып келе жатқан әдеби сынның буыны беки түсіп, баспасөз беттерінде әдебиеттің өткені, жаңадан шығып жатқан жеке шығармалар, ақындар мен жазушылар шығармалары туралы сын мақалалар жиірек жарық көріп отырған.

Работа содержит 1 файл

sag.doc

— 265.00 Кб (Скачать)

    Диссертацияның  құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ  НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

      Жұмыстың  кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі және мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, теориялық және практикалық мәні, қорғауға ұсынылған тұжырымдар, жұмыстың жариялануы мен талқылануы туралы сөз болады.

    Диссертацияның  бірінші тарауы «ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби сынның сипаты» деп аталады. Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде өкімет басында жүрген Н.Төреқұлов, С.Қожанов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов сияқты қайраткерлер әдеби сынға араласып тұрды. Сондай-ақ, түрлі қызметтерде жүрген Қ.Кемеңгеров, Ы.Мұстамбаев, Ш.Тоқжігітов секілді азаматтар да әдеби өмірде белсенділік танытты. Әдеби сынның ауыр жүгін Ғ.Тоғжанов, Ә.Бәйділдин, Е.Бекенов, Х.Жүсіпбеков, Е.Алдоңғаров, А.Сегізбаев, Ә.Айсарин, Қ.Өтепов, Ә.Қоңыратбаев және т.б. көтерісті. М.Әуезов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов сияқты жазушылар да әдебиет майданының қақ ортасында жүрді.

    Ескі  өкімет құлап, жаңа билік аяғына нық  тұра алмай жатқанда, қазақ әдебиетінің жай-күйі жайлы ой толғап, қалам тербеген алғашқы азаматтардың бірі С.Сәдуақасов болды. Оның «Киргизская литература (историко-критический очерк)» атты зерттеу еңбегі «Трудовая Сибирь» (1919, №1) журналында орыс тілінде жарық көрді. Бұл еңбек қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті төмен деп түсінетін орыс оқырманына ұлттық әдебиеттің, әсіресе, ауыз әдебиетінің дамыған түрі болғандығын, өзіндік ерекшеліктерін таныстыруды мақсат тұтқан. Онда қазақ поэзиясындағы ақындық, жыршылдық, импрови-заторлық дәстүр жоғары бағаланған. Смағұл қазақтың жазба әдебиетін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан, Абай Құнанбаевтан бастап қарастырған. Қазақ әдебиетін дамытудағы «Айқап» пен «Қазақтың» атқарған қызметін жоғары бағалаған. М.Ж.Көпеевтің, А.Құнанбаевтың жолын қуған М.Дулатұлының, М.Жұмабайұлының, С.Дөнентайұлының, Ғ.Қарашұлының, Ш.Құдайберді-ұлының, С.Торайғырұлының, А.Мәметұлының, С.Сейфоллаұлының, С.Шорманұлының, Б.Өтетілеуұлының шығармаларына тоқталып, әрқайсысының шығармашылық деңгейлерін айқындап, сипаттамалар берген.

    Бұл кезде «Қазақ», «Абай» сияқты басылымдарда оқта-текте бір көрініп қалатын жекелеген кітаптар, қаламгерлер туралы жазылған шағын мақалалардан басқа қазақ әдебиетін тұтасымен тану үшін керекті осындай үлкен жұмысты алғаш рет С.Сәдуақасов тамаша орындап шықты. Бұл турасында Смағұлдың шығармашылығын арнайы зерттеген Дихан Қамзабекұлының:  «С.Сәдуақасұлының «Қазақ әдебиеті» еңбегінің қазақ әдебиет тануындағы орнының ерекшелігі оның бұл саладағы орыс тіліндегі алғашқы зерттеулердің бірі болуында ғана емес, қазақ әдебиетін осындай кең ауқымда, жанр-жанрға жіктеп, тұңғыш саралауында» [9,122-б] - деп жазуы өте дәл және орынды.

    Осы кездегі елеулі оқиғалардың бірі А. Байтұрсыновтың қазақ жазушыларының Құрылтайын шақыруы еді. Оған небары үш-ақ кісі келген. Осыған орай Ахмет «Қалам қайраткерлерінің жайынан»[10] атты арнайы мақала жазды. Заман өзгергенімен, қазақтың жағдайы түзелмегенге күйінген ұлтжанды азамат жүрекжарды ойларын жайып салған. «Кеңес өкіметі тарапынан қазақтың қазіргі күтетін көмегі – мәдениеті көтерілуіне қолдан келген жәрдемін аямау. Солай болған соң, қазақ үкіметі құр декретті көбейте бермей, қазақтың мәдениетін күшейту жағына көбірек көз салып, көбірек күш жұмсау керек. Мәдениет күшейеді - өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді – оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Әдебиетсіз оқу, қуаттану жоқ, мәдениет қуаттанбай қазаққа қорлықтан, зорлықтан құтылу жоқ. Азаттық, асылы – мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі – оқу мен әдебиетте» [10] - деп, әдебиеттің орнын жоғары қояды. Өткір де батыл жазылған бұл мақала, әрине, кеңес өкіметінің идеологтарына жақпады. А.Байтұрсыновқа саяси тұрғыдан айып тағылып, партия қатарынан шығарылуына, халық комиссары қызметінен босатылуына әкеліп соқты.

    Жаңа  заманда қазақ әдебиетінің жай-күйі қалай болмақ, қай бағытта дамиды деген мәселе күн тәртібінде тұрды. Өйткені, большевиктер өткен кездегілердің бәрі де ескі, бүгінгі жаңа заманға жат, социализмнің рухани қазынасын тыңнан жасаймыз деп, әдеби мұра атаулыға қарсы шыға бастаған болатын. Міне, осы кезде М. Әуезовтің «Қоңыр» атты бүркеншік атпен «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» [11] атты көлемді мақаласы жарияланды. Мақаланың негізгі міндеті ретінде сол кездегі қазақ әдебиетінің жайын бажайлау алға қойылғанымен де, автор өткендегі әдебиеттің тарихына да тоқталған. Оның себебі, бұрынғы қазақтарда шын мәніндегі әдебиет болды дегенге күмәнмен қараушыларға тойтарыс беру, бүгінгі әдебиеттің өткеннің заңды даму жалғасы екендігін көрсету болған.

    Заман өзгеріп, соған байланысты көркем әдебиетке  қойылар талаптар да өзгеріп жатқан кезде қазақ қаламгерлері арасына  да жік түсті: бірсыпырасы кеңестік идеология жағына шыға бастады, енді біразы ұлттық мүддені көздегендер болды. Қазақ кеңес әдебиетінің туын алғаш С.Сейфуллин көтеріп шықты. Заманның аңдысын аңдып, оған тез бейімделген Сәкендер төңкеріс әкелген өзгерістерді шындығында да халықты бақытқа жеткізер дұрыс жол деп түсінді. Сөйтті де, бірден революцияны жырлауға кірісіп кетті. «Сәкен осы кездерде өнімді еңбек етіп, кітап үстіне кітап шығарды. Оның әлеуметтік және мемлекеттік ісі мен беделі, 1922 жылы табаны күректей үш кітапты бірден шығаруы әрқилы ой-пікірге қозғау болады. Бұл кітаптар жайында жазылған 20 шақты мақала, қағытпа, құптаулардың бәріне белгілі идеялық, көркемдік нысана негіз болады»[1,152-б],- деп жазды бұл жайында сәкентанушы Т.Кәкішев.

    Революция дауылпазына айналған Сәкеннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасы сын садағына көбірек ілінді. «Қоңыр» деген бүркеншік атпен пьесаға пікір жазған М.Әуезов драманың сюжеттік құрылымын, тіл кестесін сынай келіп: «Қазақ пьесасы болып саналуы мүмкін емес. Жоғарыда айтқан әлгі геройлары түгелімен бір-ақ кісі болудың үстіне оларда қазақтан белгі де жоқ. Бұл кітаптың болашағына келгенде айтатыным сол, қазақ әдебиетінің жұрнағы болып, оның ішінен орын алуы неғайбыл»[11] - деген қатқыл пікір білдірсе, төңкерілісшілер, ресми идеология жағындағылар пьесаны өмірге жаңалық әкелген «жыл құсына» теңеді: «Қызыл сұңқарлардың» әдебиет майданында жаңа жол көрсетіп шығуы Қазан төңкерісімен байлаулы нәрсе, оны ұмытпасқа керек. Қоңыр мырза бұл пьесаны қазақ әдебиеті тарихының бетінен орын алуына шектенсе де, біз шектенбейміз. Қазақ әдебиетінің бет алысын жаңа ағымға бұрып, жол салған – «Қызыл сұңқарлар». Сондықтан, ол – жыл құсы» - деп, аспанға көтерді.

    Бір жылда үш бірдей кітабының шығуы, үшеуінің де революция тақырыбына арналуы  С.Сейфуллинді сол кездегі әдеби  сынның басты қаһарманына айналдырды. Сәкенді төңкерісшілер жағы жаңа кеңестік әдебиеттің басы деп, ресми басылымдарда насихаттап, марапатты күшейтіп жатса, ұлтшылдар жағы сынды барынша күшейте түсті. Осындай мақаланың бірі Н.Төреқұловтың Мәскеуде шығып тұрған «Темірқазық» журналында жарияланған Сәкеннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағына жазған пікірі болды.

    Журналдың алғашқы санында Ғ.Тоғжановтың «Ұлт деген не?», «Ұлт мәселесі», М.Дәулетбаевтың «Қазақ һәм музыка», Ә.Бөкейхановтың «Керейдің ажалы», «Бекет батыр», «Мырза Едіге», Қ.Кемеңгеровтің «Қазақтың саяси-тарихи тұрмысы» сияқты материалдарының орын алуынан бұл басылымның, оның редакторы Н.Төреқұловтың алға қойған мақсаты мен бағыт-бағдары айқын көрінеді.

    «Сыншы (критик) һәр уақыт шынын сөйлеуге міндетті. Шынын сөйлеу – сыншының парызы. Сыншының «өтірігі» жұртқа зиян, жазушы мейлі «өлетін» болсын, критикасы көңіліне тіпті ауыр тиетін болсын, жазушының мінезі жаман-ақ болсын, «аждаһадай жұтам» деп тұрған болсын, иә болмаса «жат туған бұл дүниеге мен бір ғаріп» деп көзіне жас алып, жалынған болсын, сыншы еш нәрсеге қарамай, өз міндетін атқаруға тиіс!  Жазушының жазғанына сыншы – би; сыншының сынына оқушы – би»[12]-деп білген Нәзір «Темірқазық» журналының үш нөміріне Сәкеннің «Асау тұлпар», «Тар жол, тайғақ кешу», «Бақыт жолында» атты шығармаларына сыни пікірлерін жариялады. Нәзір бетің бар, жүзің бар демей, «шынын сөйлеу – сыншының парызы» деп, үш кітапқа да қатты сын айтқан. Ол не айтса да, жалпылама кетпей, нақтылы, мысалдармен сөйлеп, ойын өткір, ашық айта алған.

    Соның ішінде Сәкеннің «Асау тұлпар»  (1922) атты жинағы туралы «Қарасам, «асау  тұлпар» шынында да «асау» екен, бірақ асау болғанда, «білімсіз асау» екен! Дәлел керек пе?! Дәлел керек болса, мен үндемеймін,  Сәкеннің өзін сөйлетейін» - дейді де нақтылы мысалдар арқылы талдауға кіріседі. «Мысалы, қатын туралы жырласын» - деп, «Маржан» өлеңін талдайды. Өлеңнің кемшілікті жерлерін келтіріп, оған түсініктемелер беріп отырады. «Орынсыз жерде іс қылып жүрген бір қатынға барып жабыса кету таңқаларлық: бірақ ойлап қарағанда, таңқалатын дәнеңе жоқ. «Жұмыста жүргенде»  ісі бар ма? Сөйтсе, Сәкен «қайғысын» ойлап жүргенінде, есіне заман түсіп кетіп, ұялғаннан өлеңін былай аяқтайды» - деп, оған мысал келтіреді. Өлең туралы талдауын  «Маржан білмейді енді: білегін ақынның мойнына артсын ба, жә болмаса, «бай қызындай керілмей, іс істесін бе?» Менің ойымша, ең жақсысы, іс уақытында келіп, «білегіңді артшы мойныма» деп, қарқылдап жүрген кісіні сол «күрекпен» басқа салып қалу керек. Болмаса, бұл өлеңде не бар? Революцияның бізге берген не көркемдік сезімі, не ақлақы, не ақылы! Бұлардың ешбірі болмаған соң, жауабы керек болады» [12] - деп аяқтауында ащы мысқыл, қатқыл сарказм жатыр.

    Осы сияқты «Марияға», «Жазғы түнде», «Надежда, Үміт, Омила» деген өлеңдерін де: «Мен оны құшақтадым, ол мені құшақтады, бір-бірімізді құшақтадық» дегеннен басқа «білімді» білмейді. «Кейде сабаз жас қыздарға да кез келіп қалады» [12]-деп сынаған. Сәкеннің махаббат тақырыбында жазылған өлеңдері жайлы ойларын «Кітаптағы 68 өлеңнің төрттен бірі әйел, махаббатқа арналған. Бірақ байғұстың білген әйелі осы. Бөтенін білмейді, көрмейді. Бірақ трагедия мұнда емес. Білмегендігін өзі сезбейді. Міне, трагедия қайда?» [12]- деп қорытқанда, сынның қара бұлтын қоюлата түскендігі көрініп тұр. Осындай тәртіппен Сәкеннің «Айт күні», «Азия» өлеңдері де өз «сыбағаларын» алған.

    Н.Төреқұлов: «Сөздің қысқасы: мұндай білімсіздікпен өлең жазып, әуре болып жүруінің өзі - ұят. Білімсіз болғанда, ұятты болу керек. Болмаса, Еуропаны жамандау керек болса, ауылда жүрген әншейін бір қарт ақынға: «Базарбай, кәне, бір Еуропаны жамандап бер» [12]-десең, сол да шамасы келгенше жамандап берер еді. Сол Сәкеннен өткізбесе, қалыспас еді. Бірақ не пайда? Жамандағанда біліп жамандау керек. «Уа, Еуропа, Еуропа» дегеннен болмайды. Әдебиет «митинг» емес. Біздің міндет – Еуропаның білімін, техникасын алып, капитализмнің бізге керекті өнерін үйреніп, кеңес үкіметін көркейту, күшейту...  Жаңа өлеңдерінен Сәкеннің өз ақылыменен жазғандары түкке жарамайды» - деп, түгін қалдырмайды. Қыза - қыза келе, тіпті Сәкенді түкке алғысыз етеді.  «Не десең де, байғұс Сәкен өзінен шығарып бір ұнамды, пікірлі өлең айта алмаған. Бір жақтан порнография жазған, бір жақтан Азия мен Еуропаны айыра алмай, басындағы ботқасын жұртқа үлестіріп берген, бір жағынан, өзінен шығарып жазуға тура келгенде, «білімсіздігін интернационализм қылып көрсеткен» кісіні революционер ақын деп айта алмаймыз»[12] - дейді. Ащы мысқылға, кекесінге, ажуаға толы рецензияда кейде тым қатты кетіп қалатын жерлері де бар. Сәкенді «сабаз», «байғұс» деп кекетеді. «Сабаз жас қыздарға да кез келіп қалады», «байғұстың білген әйелі осы» дегендердің сынның этикасына сия бермейтіндігі анық. Мұнысын Нәзірдің өзі де білетін сияқты. «Әдебиетте – көпшіліктің жазғаны әр уақыт «қатты тергеуден» өтуі тиіс» - деп, қатты кету себебін түсіндіреді.

    Көп күттірмей-ақ, Нәзірдің бұл пікіріне қарсы Сәкен Сейфуллинді жақтаған мақалалар қаптап кетті. Солардың ішінде Сәкеннің ізбасары С.Мұқановтың  «Сынға сын» атты мақаласы ерекше көзге түсті. Онда: «Нәзірдің бұл сыны – қазақ совет әдебиетіндегі алғашқы сын мақалалардың бірі», «Нәзір Төреқұлұлының сын жаза бастауы жақсы беталыс» дей келіп, «Нәзір  «Асау тұлпарды» қолына алғаннан-ақ о жақ, бұ жағын сығалай қарап, ішінен сөкет нәрсе табуға тырысады. «Асау тұлпардағы» жақсы шығарма-лардың ешқайсысын көрмейді.... тек бұл жинақтың қате-кемшіліктерін ғана тереді» [13]-деп, Нәзір Төреқұловты кінәлады. Нәзір айтқан пікірлерге партиялық тұрғыдан дау айтты. «Тұлпардың сүрінген, жығылған жерлері де бар» [13]-деп, Нәзір сынын түгел жоққа шығармай, жалпы негізімен келіскендей де болды. «Бірақ, ол – қазақ еңбекші табының мүддесінен туған бірінші көркем шығарма» [13] екендігін қатты ескертеді.

    Н.Төреқұлов  С. Сейфуллиннің «Бақыт жолында» атты пьесасын да сәтсіз жазылған деп тапқан. «Бұл міндетті жазушы өз шамасынша жығыла-сүріне орындаған» - деп, ондағы кемшіліктерге, әсіресе, махаббат тақырыбының қалай шешім тапқанына шүйіледі: «Сәкеннің айтатыны  баяғы бір Қаратау, баяғы бір сөз «мен оны құшақтадым, ол мені құшақтады», «тіршіліктің мәнісі – сүю, құшу!» ... деген – «терең» сөздерімен Сәкен  «ақын» жүрегін айнытып бітірді» [12]. Мұнда да Нәзірдің ащы тілі мірдің оғындай діттеген жеріне қадалып жатады.

    Жиырмасыншы жылдардың бас кезіндегі елеулі оқиғалардың бірі 1923 жылы А.Байтұрсыновтың елуге толуының аталып өтілуі болды. А.Байтұрсыновтың елу жылдығын ресми органдар Қазақстанда өткізуге рұқсат бермеген соң, жиын Орынборда өткен. Оған сол кездегі қазақ зиялыларының, қалам маңында жүргендерінің көпшілігі қатысқан. Салтанатты кіріспе сөзбен С.Сейфуллин ашып, А.Байтұрсыновтың өмір жолы, шығармашылығы жайлы С.Сәдуақасов баяндама жасаған. Осы жиынға қатысқан С.Мұқанов бұл турасында С. Сәдуақасов «1923 жылдың басында Орынбордағы ең үлкен зал – Свердлов атындағы клубтағы... мыңнан аса кісі орналасатын залға адам лық толғанда... Байтұрсыновтың елу жасқа толғанына арналған кеште... «Ахаңның алдында» деген баяндама жасады»[14]-деп жазды. С.Сәдуақасов баяндамасында А.Байтұрсыновты қазақ халқына айтарлықтай еңбек сіңірген Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай істерін жалғастырушы күрескер, аса үлкен қоғам қайраткері ретінде бағалайды.

    М.Әуезов «Ахаңның 50 жылдығы» атты мақала жазды. Бұл оқиғаны Мұхтардың аса жоғары бағалағанын мына жолдардан байқаймыз: «...Ахаңа арналған тұңғыш той – біз ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты істің бірі. Әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі». Мұхтар А.Байтұрсыновтың қазақ халқына сіңірген еңбегін шынайы бағалаған. «Қаламынан туған өсиет үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ...«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табылдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Осы істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш»[15,185-186-б],- дей келіп, Ахаңның, әсіресе, «Қазақ» газетін шығарудағы еңбегіне ерекше баға береді. Негізінен А.Байтұрсыновтың халқына сіңірген еңбегін көрсетуді мақсат тұтқан шығармашылық портрет «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілік ұраны, «Қырық мысалы» , «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымас қайратын біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын істер болатын» - деген оптимизмге толы, өршіл жолдармен аяқталады.

Информация о работе ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби айтыстар