ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби айтыстар

Автор: Пользователь скрыл имя, 16 Ноября 2011 в 16:04, автореферат

Описание работы

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің негізгі жанрлары поэзия, проза, драматургия өсіп, дами бастады. Жаңадан қанаттанып келе жатқан әдеби сынның буыны беки түсіп, баспасөз беттерінде әдебиеттің өткені, жаңадан шығып жатқан жеке шығармалар, ақындар мен жазушылар шығармалары туралы сын мақалалар жиірек жарық көріп отырған.

Работа содержит 1 файл

sag.doc

— 265.00 Кб (Скачать)

    Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде бір жағынан өзі сын жазып, екінші жағынан көркем шығармалары жұртшылық назарын өзіне аударып, сыни пікірлердің негізгі бір нысанына айнала бастаған дарын иесі – М. Әуезов. Оның қаламынан шыққан публицистикалық, сыни мақалалар сол кездегі ұлттық бағытты ұстанған басылымдар бетінде жиі жарияланып тұрды. Оның «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласы сол кездегі күллі қазақ әдебиетінің өткені мен бүгінін дұрыс салалап берген кезеңдік мақала болғанын айта кеткеннің артықтығы жоқ.

    М.Әуезов шығармалары хақында «Еңлік-Кебек» сахнаға қойылған 1917 жылдан бастап пікірлер айтыла бастады. Солардың ішінде «Қорғансыздың күніне» («Қазақ тілі», 1922, №20) «Ж»-ның (Ж. Аймауытовтың) және Даниял Кәкітайұлының «Бәйбіше тоқалға» («Сана», 1924, №2-3) С.Сәдуақасовтың жазған пікірлері елеулі. Алғашқы автор М.Әуезовтің үлкен дарын иесі, болашағы зор екендігін айта келіп, жазушыға үлкен талап қойған. Сөйтіп, «Қорғансыздың күніне» көңілі толмайтындығын ашық айтқан. Негізгі кінәсі: шығарма логикалық мұратына жетпеген, оқиғалар оқырманды сендіре бермейді. М.Әуезовке «Сақа» (Таутан Арыстанбеков) ара түсіп, «Ж»-ның пікірлерін теріске шығарды. Жазушының көздеген нысанасын автор түсінбеген дейді («Қызыл Қазақстан», 1922, №10).

    Жиырмасыншы жылдары көркем әдебиетке қойылған талаптар өте ауыр болды. Жаңа мен ескінің көрінісін қалай жырлау керектігі басты мәселе еді. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ қалам қайраткерлеріне сын да, мін де көп еді. Жиырмасыншы жылдардың басында қазақ әдебиетінің даму бағыты қандай болмақ, қазір қандай дәуірдеміз, кімдерден үйренеміз, пролетариат әдебиеті дегеніміз не, ол бар ма деген тақырыптардың төңірегінде басталған пікіралысулар қыза-қыза келе бой бермейтін коммунист жазушылар мен алаш ордашылардың ара жігін ашып, кейінгілердің саяси тұрғыдан қуғындалып, әдебиеттен шеттетілуіне алып келді. Жекелеген қаламгерлердің бір-бірімен есеп айырылысу жолына айналып, алғашқы басталған кездегі шығармашылық сипаты саяси рең алып, идеологиялық құрал ретінде «жікшілдік» туралы айтысқа ұласты. Әдебиеттің шығармашылық мәселелері қағыс қалып, қаламгерлерді саяси тексеруден өткізетін идеологиялық сүзгі рөлін атқарған жағдайлар да кездесті.

    Екінші  тарау «Мағжантану қалыптасуының өрісі мен өресі» деп аталып, осы кезең Мағжанның ақындық тағдырына айтарлықтай өзгерістер әкелгені туралы айтылады. М.Жұмабаевтың поэзиясының негізгі күшті жақтары –сыршылдығы, ұлттық, халықтық сипаты – оның басты кемшіліктеріне айналады. Халық төбесіне көтерген ақынның қуғын-сүргінге, қасіретке толы ауыр тағдыры басталады. Мағжанды «ұлтшыл», «алашордашыл» ретінде әшкерелеу ұйымдасқандық сипат алды. 1924 жылдың басында Орынборда Мағжанға әдебиеттік сот ұйымдастырылды. Сотта Мағжанды қазақ халқының қас жауы, оның шығармалары еш жерде оқылмасын, баспасөз беттерінде шығармаларының жариялануына орын берілмесін деген мәселелер қойылады. Осындай жиналыстың бірі сол жылы Мәскеуде қараша айында өтті. Мағжан өлеңдерін халыққа жат деп тауып, қарар қабылдады. Ж.Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы» атты мақаласында: «Мағжанның нағыз кінәсі, жалғыз-ақ кінәсі – аса үлкен дарындылығында»[16],- деген болатын. Шын мәніндегі мағжантану Жүсіпбектің осы мақаласынан бастау алды. Бұл мақала жайлы «Бұл сыни еңбектің, біріншіден, Мағжан ақындығының қыры мен сырын ұғынып алуға, көркемдік әлеміне қалай кіріп, қалай түсіну, ақын бүкпелерін қалай ұғу керектігін көрсеткен, жалғыз мағжантануды ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеттануында асқар бел басып келе жатқанымен, екіншіден, әдебиет сынының қаншалықты биік көтерілгеніне көрсеткіш, сын тарихында белгілі бір кезең жасаған туынды екендігімен құнды. Осындай ерекшеліктерімен күні бүгінге дейін сын саласындағы биік шеберліктің «эталоны» болып келеді» [1, 224-б] –деп жазды ғалым Т.Кәкішев.

    Жүсіпбек  Мағжанды қазақ поэзиясындағы Абайдан кейінгі ірі тұлға деп көрсеткен. Ақынның ұлттық өлеңге енгізген түрлік, көркемдік жаңалықтарына тоқталып, өзіндік мектебі бар жаңа бағыт деп санайды [17, 36-бет]. Шын мәнінде қазақ әдебиеті Мағжанмен мақтанатын болады деген осыдан жетпіс жыл жуық бұрын айтылған пікір бүгінде шындыққа айналып отыр.

    Жүсіпбектің осы мақаласы Мағжанның көңіл-күйін  жарқыратып ашатын, анда-санда мұң-шерге  орап жеткізетін сыршылдығын алдымен  ұзақ дәлелдеп алған соң теңеу  таба алмай қиналады. Суретшілдік жағынан Мағжанмен иық теңестірерлерді орыс, еуропа ақындарынан іздеп, кейде қазақ ақынының өресі биік екенін қазақ қауымына түсіндіріп еңсесін көтеріп тастайды. Сондықтан Мағжан дүниетанымын өзінің әр кездегі өзгерісіне лайықты баяндай келе, тамаша пікірлер білдірген.

    Кейбір  сын, зерттеу мақалаларда әдебиетті  сол кездің әлеуметтік-саяси жағдайларымен  байланыстыра қарау мақсатымен ұзақ-сонар  тарихи шолуларға кетіп қалатын  жағдайлар жиі кездеседі. Бұлар  тікелей әдеби талдаулармен ұштасып  жатса құба-құп. Кейбіреулерінде тарихи жағдайлары бір бөлек, әдеби талдаулары басқа жақта, бастары бірікпей тұрады. Тіпті тарихқа жеке, әдебиетке жеке талдаулар жасалғандай әсер етеді. Бұл жерде сыншының өз зерттеуін тарихшылдық тұрғыдан өмірмен байланысты қарастыру ниеті бар да, шын мәнінде нақтылы жағдайда қолдануға келгенде, шеберлігі жетпегендігі көрінеді. Жүсіпбек Мағжан жырындағы зар-мұңның да тарихи дәлеліне назар аудара баяндайды. Өлім-жітімге толы қан майданды ешкім тілеп алған жоқ, бірақ қайтсек жеңеміз, теңдік аламыз деп даурыққандардың тапқан пайдасы аз. Міне, осы тұста сезімтал, әрі ойлы ақынның жан-дүниесінде болып жатқан өзгерістер тек көз жасын төккізіп қоймай, талай тұманды ойлар, қасіретті көріністерді суреттеп тастағаны белгілі. Оны Жүсіпбек мықтап түсіндірген.

    Мағжанға қайрат-жігер беру мақсатында 1924 жылы мамырдың 16-сында Жүсіпбек Молдағали Жолдыбаевпен қосылып, Мағжанға жолдастық хат жолдайды. «Сен - қазақтың ақынысың. Алаштың қайғысын жырлайсың, ұлтыңды өліп-өшіп сүйесің, онымен бірге күйзелесің. Қазақтың келешегінен үміт жоқ болса, онда жойылып кету халіндегі халыққа көркем әдебиеттің керегі қанша? Біз сенен кеудемізге рух пен қуат құйып, дертімізден айықтыратын, бақытқа бастайтын сөз күтеміз.

    Сен – қазақтың байрағысың. Мейлі тасбақа  аяңмен жүр, бірақ өмірден үмітіңді үзбе, өмірге орал, ХХ ғасырда тұрғаныңды ұмытпа! Өрісіңнің кеңеюін тілеп, қайғылы сезімнің құрсауынан өз-өзіңді ептеп босатуыңды қалаймыз» [1,229-б] - деген өтініш-тілектің қаншалықты қуатты, өрелі, биік, оралымды екенін көріп, сыншылдық қаламға осынша ойлардың іліккеніне қуанамыз, әрі талантты ақын інісін заман талабынан сырт қалмауға шақырғанын түсінеміз.

      «Мағжанның ақындығы туралы» мақала - ұлттық әдебиет қозғалысындағы М.Жұмабаевтың шығармашылығын бағалаудың биік үлгісі. Мақалаға баға беріліп, нақтылы көзқарастар білдірілді. С.Қирабаев: «Бұл - кеңес әдебиеті сынының қалыптасып, кәсіптік мамандығын жетілдіре түскен тұсында жаңа сын үлгісіне бағыт, бағдар берген мақала. Онда Жүсіпбек Мағжан жайлы ойларын оның шығармаларын талдау арқылы дәлелдей отырып, әдеби шығарма талдаудағы сынның негізгі міндеттеріне, әдебиеттанудың келелі мәселелеріне назар аударады. Әсіресе, жазушының көркем туындыны бағалаудың өлшемі туралы ойлары маңызды» [18,184-185-б], - дейді.

    С.Сәдуақасовтың  «Трудовая Сибирь» журналының 1919-жылғы №1санында жарияланған «Киргизская литература» (историко-критический очерк) атты еңбегінде М.Дулатовтармен бірге М.Жұмабаевқа да жақсы баға берді. Ақынды қазақ поэзиясындағы жаңа бағыттың басы деп бағалаған бұл мақалада Абаймен салыстыра отырып, өлеңдегі нәзіктік, шынайылылық, көркемдік жағынан оған жетер ешкім жоқ деген пікір білдіреді. Автордың осы мақаласының мән-маңызы туралы ғалым Д.Қамзабекұлы былай дейді: «Хронологиялық тұрғыдан қарағанда, С.Сәдуақасұлының аталған еңбегі - әдебиетімізге мейлінше толық талдау жасаған орыс тіліндегі алғашқы мақалалардың бірі. Смағұлдың бұл зерттеуі оқушыны сындарлы пайымымен, ғылыми тұжырымдарымен тәнті етеді. Еңбекті оқи отырып, әдебиетке көшелі пікір айту үшін арнайы оқудың міндетті емес екеніне көзіңіз жетеді. Әйтпесе, қаламгердің осы шақтағы бар оқуы жоғарыда айтылғандай 2 класты қазақ-орыс училищесі мен ауыл шаруашылығы училищесінен алған білімі еді» [9, 50-51-б].

    М.Жұмабаевтың  өлеңдерін 1922 жылы Қазанда Б.Күлеев кітап етіп бастырып шығарды. Өлеңдер жинағының «Бастырушыдан» деген алғы сөзінде «Мағжаннның бұл өлеңдерінің әдебиетте қандай орын алатынын айтуды сыншыларға қалдырып», «қазақ әдебиеті жаңа қаз-қаз тұрып келе жатқан секілді,  түспей қалған бірен-саран емле қатесі болса, оқушылар айыптамас» - деп,  ақын поэзиясын әрбір үтір-нүктесіне дейін аса жоғары бағалайтындығын аңғартады.

    М.Жұмабаевтың  талантын алғаш тани білгендердің қатарында  қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов те бар. Ол «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» (тарихи-әдеби сын) атты мақаласында әдеби дамуға шолу жасай келіп,  ондағы соны жаңалыққа тоқталады: «Ол жаңалық – жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік,  сыршылдық (романтизм) дәуірі. Бұрынғы ауызша әдебиеттен,  одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан реализм сарыны көбінесе құрғақ ой,  жадағай сөз (рассуждение) күйі осы күнгі терең сезім,  нәзік сыр күйіне айналып келеді. Бұның белгісі М.Жұмабаевтың соңғы «Ертегі»,  «Қорқыт» сияқты өлеңдерінде бар»[19] деген жолдар «Шолпанда» 1923 жылы  № 4-5 сандарында жарияланған. Бұл жерде Мұхтар Мағжанды қазақ поэзиясының дамуындағы жаңа бір саты,  бағыт деп жоғары бағалаған.

    С.Қожанов  М.Жұмабаевтың өлеңдерін бастырып шығару саяси тұрғыдан қаншалықты қауіпті  екенін сезе тұра,  саналы түрде кіріскен сияқты. Сондықтан  да ол Мағжан өлеңдерін  талдамайды. Сол кезде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып,  оны қоғамдық,  ғылыми өмірдің барлық саласында қолдану мәселесі көтеріліп жатқан болатын. С.Қожановтың өзі басқарған «Ақ жол» газетінде М.Жұмабайұлының шығармаларына көп орын берілгені туралы ғалым А.Шәріпов былай дейді: «Дәл осы тұста Мағжан туындылары «Ақжолдың» бетінде жиі жарияланып жатты. 1923-1924 жылдары бұл газетте оның «Жай әншейін ойын ғой», «Сырдағы алашқа», «Берниязға», «Тірі бол», «Асық иіру», «Еділдің сағасында», «Қызыл жалау», т.б. біраз өлеңі жарық көрді. Сондай-ақ «Ақ жолдың» 1924 жылғы сәуірдің 1-індегі санында авторы көрсетілмей, басқарма атынан берілген «Мағжан» атты мақала басылды» [20, 40-б],- дейді. Бұл мақаланы А.Шәріпов мазмұн-мәнеріне қарай С.Қожанұлының алғысөзімен сабақтасып жатқанын алға тартады.

    Осы кезде Мағжанды қудалау ұйымдасқандық сипат ала бастады. 1924 жылдың бас кезінде Орынборда Мағжанға әдеби сот ұйымдастырылды. Онда басты айыптаушы .Мұқанов болды да, қорғаушылық қызметті Жәкен Сәрсенбин атқарған. Екі сағатқа созылған айыптау баяндамасын тындап болған соң, қатысып отырғандар айғайлап, қорғаушыны сөйлетпей қойған.

    «Сот  үш тармақты қаулы алды:

  1. М. Жұмабаев қазақ халқының, онымен қатар, қазақ халқына  қамқор болып отырған совет өкіметінің қас жауы деп танылсын. Оның барлық шығармалары оқылудан алыну өкіметтен сұралсын.
  2. Бұдан былай советтік баспасөздің бетінен Жұмабаевтардың шығармаларына орын берілмесін» [14, 521-б].

      Мағжанды  ұлтшыл ретінде «талқандау» мақсатымен 1924 жылдың қараша айында Мәскеуде тағы бір жиын болып өтті. Жиын ресми түрде Мағжан Жұмабаевтың 1923 жылы Ташкентте шыққан өлеңдер жинағын талқылауға арналғанымен де, шығармашылықтан гөрі саяси сипат алғандығы көрінеді. Оған Н.Төреқұлов, Ғ.Мұратбаев, Ғ.Тоғжанов, Сапарбеков, Ж.Сәрсенбин және т.б. қаламгерлер қатысады. «Күн тәртібінде қойылған мәселе туралы өзіміздің оқушы, жас ақынымыз Өтебай Тұрманжанов баяндама жасады. Баяндама бойынша көп адам шығып сөйледі. Университет оқушыларынан басқа Нәзір, Ғани, Ғаббас, Жекен шығып пікір айтты. Қызу да үлкен айтыс болды.

    ...Бірқатар  сөйлеушілер «Мағжанның бірсыпыра  өлеңдері қате: ұлтшылдық, сары уайымшылдық рухта жазылған. Жалпы Мағжан үлкен ақын», - деді де көпшілік буржуазияшыл-ұлтшыл, бізге мүлдем жат ақын деп қорытты. Жиналыс Мағжан  және оның өлеңдері жөнінде осы бағытта қаулы алды» - деп еске түсіреді кейіннен осы жиынға қатысқан Б.Кенжебаев («Лениншіл жас» №4.1. 1989).

    Ж.Аймауытовтың атақты мақаласынан кейін Ғ. Жүсіпбектің  осы мақаласынан кейін Ғаббас Тоғжановтың 1926 жылы жазылған «Мағжанның ақындығы, Жүсіпбектің сыны» деген еңбегі жарық көреді.

    Жүсіпбек  Мағжанды байшылсың, ұлтшылсың, түрікшілсің  деп айыптамай, оны «ұлт ақыны» десе, Ғаббас: «Жүсіпбектің сөзінің шеті «ұлт,  ұлт» деп қана бітеді. Оның ұлт ішіне көзі түспейді. Ұлт ішінде бай барын, кедей барын көрмейді. Маған ұлт ішінде қайсысының ақын екенін Жүсіпбек айтпайды. Февраль төңкерісіне дейін қазақтың теңдік көксеген байы да кедейі де бір келді. Сыртқы жаумен, орыс патшасымен екеуі де күресті... Ұлт қозғалысын бұл кезде бай табы, байшыл окығандар бастады. Бірақ бұл сөзден қазақтың бай-кедейінің тап жігі болған жоқ деген сөз шықпайды. Жүсіпбектің өзі де айтып отыр ғой. Төңкеріске дейін де қазақ арасында болыс, би байдан сайланды. Ел сөзін осылар бітірді. Қатарға енген кедей бұқара болған жоқ. Кедей сөзі ешкімге өтпейтін. Мұны «Марксизм мұнарасымен» сынап отырған Жүсіпбек көрмейді. Мағжан қазақты жалпағынан алады. Бай, кедей деп айырмайды. Біз бұлай демейміз. «Марксизм мұнарасына» шығып, тым жоғары көтеріліп кеткен Жүсіпбек бай, кедейдің барын көрмесе де Мағжан оны көрмеді деуге болмайды. Қазақ ортасында Мағжанның өскені рас болса, оның көрмеске лажы жоқ. Мағжан тұрмыс құрығынан шыққан емес. Ол қазақтың бай, кедейін білген, көрген, көріп қана қойған жоқ, тілегін тілеген. Кедей белгілі таптың ғана пайдасын сөйлеп, отырғанын ақынның өзі де білмей қалады.   Біз   Мағжанды  бай   ақыны,   байшыл   ақын  дейміз»[21] -   деп,   мәселеге басқаша көзқараспен қарап, ақынды «байшыл» - деп дәлелдейді.

    Ғ.Тоғжанов Мағжанды «байшыл» ақын деп дәлелдеп жатқанымен де оның ақындық қуатын жоғары бағалайды. «Мағжанның жақсылығынан біз безбейміз» - деп тарауға айқайлатып тақырып қойған. Ғаббас «Өлеңнің сыртын (формасын) Мағжандай келтірген (бір Абай болмаса) қазақта әлі ақын жоқ. Мағжан сөзге еркін ақын, күшеншек ақын емес. Көркемдік, шеберлік, әдемілік жағынан Мағжанда үлгі қыларлық қасиет көп. Біздің еңбекші адамдарымыз, жас ақындарымыз Мағжанның сыртқы сұлу, әдемі сөздеріне терең ой, тура жол сала білсе, бәйгеден келгені» [21], - дегенді кездейсоқ айтып отырған жоқ. Мағжанның қазақ поэзиясындағы үлкен құбылыс екендігін мойындап, оны өзгелерге үлгі қылу Ғ.Тоғжанов сынының абыройын арттырып тұр. Ғаббастың сынында сол кезде үстемдік құра бастаған тұрпайы әлеуметтік талдауды басшылыққа алғанымен де сыншылық талғамы Мағжанның бұлақтың суындай мөлдір поэзиясының құдіретіне бас иеді. Сөз ретінде айта кету керек, қазақтың алғашқы профессионал сыншыларының бірі Ғ.Тоғжановтың бүкіл сыншылық қызметінде тұрпайы социологиялық сипат, таптық принцип басым болғанымен де Мағжан поэзиясының көркемдік қуатын мойындаған. Кейін 1928 жылы мамырдың 6-сы күні Мәскеуде өткен қазақ әдебиетінің жай-күйін талқылаған жиында баяндамашы Ә. Бәйділдин Ғаббастың сыни пікірлеріндегі осындай «екіұштылықты» қатты сынға алады. Жиынға катысып отырған Ғ.Тоғжанов шығып сөйлеп, кейбір мәселелер жайлы түсініктер бере келіп, Мағжан туралы өз ойын тағы да ашық айтады: «...Мен әлі де айтам - Мағжан көркемдік жағынан артық. Сондай көркемдікті біздің жалпы жазушыларымызға үйренуі керек. Сәкеннің көп әңгімелері мылжың, ешкім оқымайды. Сөйтіп жүріп біз мазмұнды жақсы етсек болды, түрді орыс жазушыларынан-ақ үйренеміз дейді. Мағжаннан үйренуге несіне арланады?»[22,34-б].

Информация о работе ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби айтыстар