Автор: Пользователь скрыл имя, 12 Февраля 2013 в 10:17, дипломная работа
Жарасқан Әбдірашев – қазақ поэзиясынан алар өзіндік орны бар көрнекті ақын. Ол ХХ ғасырдың 70-жылдарында әдебиет табалдырығын батыл аттап, көп ұзамай-ақ әдебиеттегі өз орнын бірден белгілеп алған болатын.
Жарасқан Әбдірашев – қазақ әдебиетіндегі әзіл-оспақ, эпиграмма жанрын тың өріске шығарып, жаңа биіктерге көтерген ақын. Оны кәсіби әдеби орта ғана емес, көзі қарақты оқырманның бәрі біледі. Жарасқан Әбдірашев туралы пікір айтқан ғалымдар мен сыншылар, ақындар мен жазушылар оның қазақ әдебиетінде жаңа бетбұрыс әкелгендігін, арғы-бергі қазақ поэзиясының ең озық үлгілерінен терең үйренгендігін, өзінің ақындық әлемін ашу арқылы әдеби құбылысқа айналғандығын ашық айтады.
КІРІСПЕ............................................................................................3
І ТАРАУ
Р.ТОҚТАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ........................................6
ІІ ТАРАУ
«АБАЙДЫҢ ЖҰМБАҒЫ» РОМАНЫ
2.1. Романның құрылымы және кейіпкерлер жүйесі...........................23
2.2. Романдағы мінез бен тартыс.......................................................35
ҚОРЫТЫНДЫ.................................................................................47
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР..................................................49
Р. ТОҚТАРОВТЫҢ «АБАЙДЫҢ ЖҰМБАҒЫ» РОМАНЫНДАҒЫ ТАРТЫС ЖҮЙЕСІ
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ.......................
І ТАРАУ
Р.ТОҚТАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ..........................
ІІ ТАРАУ
«АБАЙДЫҢ ЖҰМБАҒЫ» РОМАНЫ
2.1. Романның құрылымы және кейіпкерлер
жүйесі........................
2.2. Романдағы мінез бен тартыс........................
ҚОРЫТЫНДЫ.....................
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР....................
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. ХХ ғасырдың 60 жылдары - ұлттық әдебиетіміздегі жаңа бір кезеңнің бастауы болды. Бұл кезеңде әдеби жанрлар барынша дамыды. Проза жанрындағы елеулі ізденістер өз жемісін бергеніне осы кезеңде жазылған әртүрлі тақырыптағы романдар мысал. Жиырмасыншы ғасырды ұлттық жазба әдебиетіміздің алтын ғасыры деп түрлі мазмұндағы, көркемдік сапасы жоғары шығармалардың дүниеге келуімен бағалап жүргендігіміз белгілі. Бұл кезеңдегі проза ұлт өмірінің әр қилы қырларын бейнелей отырып, көркем бейненің бай галереясын жасады. Проза жанры бүгінгі күн тақырыбы мен тарихи дәуір шындықтарын игере отырып, ұлт өмірінің шежірелі болмысын бейнелеп берді. Бұл салада 60-жылдары әдебиет әлеміне келген Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, М.Мағауин, Т.Әбдік, Қ.Жұмаділов, Д.Досжанов, Р.Тоқтаров есімдерін ерекше атауға болады.
Аталған кезеңдегі прозаның ең басты табысы - оның көркемдігінде. Дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік келбетін суреттей отырып, жазушыларымыз оны көркем бейнелердің мінезі, қарым-қатынасы, әрекеті, ой-аңсары, мақсаты, ішкі жан-дүниесі арқылы бейнелеп берді. Жазушылар қаламына көп іліккен тарихи тақырып әр қырымен көрініп, ұлт тарихындағы ұлы оқиғалар мен ұлы тұлғаларды бейнелеп-сомдауда әдебиетіміздің тамаша табыстарға қол жеткізгені белгілі. Сондай арналы бір тақырып – ұлтымыздың ұлыларының өмірін арқау еткен туындылар болды. Тарихи оқиғаны, тарихи тұлғаны сомдауда көркем прозамызда тамаша үлгі – М.Әуезов дәстүрі бар еді. Ұлы суреткердің қаламынан туған «Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерумен бірге ұлттық әдебиетте өміршең дәстүр қалыптастырды. 60-жылдарда көптеп дүниеге келген екі кітапты, үш кітапты тарихи романдар – осының дәлелі. Осы кесек туындылар қатарында белгілі қаламгер Р.Тоқтаров романдары да ерекше орын алады. Өзінің шығармашылық жолында оннан астам роман жазған жазушы аса күрделі де қиын, көтерер жүгі орасан зор тақырып – Абай тақырыбына барды. Ол дүниеге әкелген «Абайдың жұмбағы» романы – жанр талаптарына толығымен жауап беретін көркем туынды. М.Әуезовтен кейін бұл тақырыпқа батылы барып, роман жазудың өзі үлкен ерлік еді. Р.Тоқтаров Әуезов дәстүріне деген адалдықты, ерекше құрметті сақтай отырып осы бір жауапкершіліг мол тақырыпқа қалам тартты. Сөйтіп үлкен туындыны жазып шықты. «Абайдың жұмбағы» романы - өз алдына жекелей қарастырып, жүйелі зерттеуді қажет ететін туынды. Өзіміз нысан етіп алған тақырыптың өзектілігін Р.Тоқтаров сынды әдебиеттен алар өзіндік орны бар қаламгердің шығармашылық жолын зерделей отырып, Абай тақырыбындағы романын, оның құрылымы мен тартыс жүйесін қарастырумен сипаттауға болады.
Зерттеу нысаны. Р.Тоқтаровтың әр жылдары жарық көрген “Ертіс мұхитқа құяды”, “Бақыт”, “Тұлпардың сыны”, “Жердің үлгісі”, “Сусамыр”, “Таңбалы жарғақтың құпиясы” романдары және “Абайдың жұмбағы” роман-хамсасы.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының негігі мақсаты – Р.Тоқтаровтың қаламгерлік шеберлігін, әдебиет тарихынан алар орнын саралау, «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасының жаңалығын, көркемдік қырларын, мәні мен маңызын, ондағы тартыс жүйесін таныту. Осы мақсаттан туындайтын міндеттер – қаламгердің шығармашылық өсу жолын қарастыру, романдарының көркемдік құндылықтарын анықтау, «Абайдың жұмбағы» романындағы тартыс пен кейіпкерлер жүйесін зерделеу болып табылады.
Зерттеу әдістері. Жұмысты жазу барысында талдау, жинақтау, баяндау әдістері қолданылды.
Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспе мен қорытындыдан, негізгі екі тараудан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Бірінші тарауда Р.Тоқтаровтың шығармашылық жолы, әр жылдары жарық көрген романдарының тақырыптық, көркемдік сипаты туралы айтылады. Екінші тарауда «Абайдың жұмбағы» романының құрылымы мен кейіпкерлер жүйесі, мінез бен тартыс мәселесі қарастырылады. Қорытындыда диплом мазмұнында айтылған, талқыланған мәселелер туралы ой қорытылып, түйінделеді.
І ТАРАУ
РАМАЗАН ТОҚТАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Рамазан Тоқтаров 1935 жылы 13 қаңтарда Павлодар қаласында туған. Алматыдағы шет тілдер институтының француз тілі факультетін бітірген. Жазушы қаламынан әр жылдары “Ертіс мұхитқа құяды” “Бақыт”, “Тұлпардың сыны” “Жердің үлгісі” “Сусамыр”, “Таңбалы жарғақтың құпиясы”, “Бітеу жара“ романдары және “Абайдың жұмбағы” роман-хамсасы туды.
Жалпы, ХХ ғасырдың 60-жылдарын роман жанрының қарқынды дамуымен, әсіресе, тарихи тақырыптағы романдардың көптеп жазылуымен сипатталады дедік. Аталмыш жанрдың, жалпы көркем прозаның дамуын, көркемдік қырларын қарастырған сын-зерттеу еңбектер де көптеп жазылды. Олардың қатарында Р.Бердібаев [1], З.Қабдолов[2], Ш.Елеукенов [3], С.Қирабаев [4], Р.Нұрғали [5], З.Серікқалиев [6], Ж.Дәдебаев [7], Б.Майтанов [8], Т.Рақымжанов [9], М.Хамзин [10], Қ.Әбдезұлы [11] еңбектерін атауға болады. Ал, Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасы туралы Ж.Ысмағұлов, Б.Майтанов сияқты әдебиеттанушылар мен сыншылар өз пікірлерін уақытында білдірген болатын.
Алпысыншы жылдардың басында, кәдімгі Хрущев әкелді дейтін аз уақыт «жылымық» кезеңінде бүкіл кеңес әдебиетінде дүр етіп тұтанған қаудай жаңа бір өрлеу дәуірі болған еді. Сол кезеңге есіктен де, терезеден де соққан асау желдей қазақ әдебиетінде бір толқын кеулеген.
Әдебиетке әлгі жас толқынның алдыңғы легінде келген талантты өкілінің бірі – Рамазан Тоқтаров болатын. Оның алғашқы тырнақалды туындысы – «Махаббат операциясы» атты новелласы 1960 жылы «Қазақ әдебиетінде» жарық көрді. Әңгіменің басты кейіпкері тіл – құлағынан бірдей айырылған мақау қыз. Бірақ, ол туа мақау болмаған, әлдебірдеңеден шошынып, өзі сөйлеуден құлағы естуден қалған. Бойжеткен арудың мүшкіл жағдайы оқушыға қатты әсер етеді. Алматыдан келе жатқан сүйген жігіті қыздың мұндай халінен бейхабар. Сүйген қызына тезірек жетуді аңсап асығып келеді. Әңгіме осылайша шұғыл шиеленіспен басталады.
1968-69 жылдары жарияланып, екі кітаптан тұратын «Ертіс мұхитқа құяды» [12] атты романында ол отызыншы, қырқыншы, соғыстан соңғы ондаған жылдар бойына елімізде орын алған әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Бас кейіпкер Бекеттің туған күнінен бастап азамат болып ат жалын тартып мінгенге дейінгі өмірін, оның төңірегіндегі адамдардың тағдыр-талайын жан-жақты әңгімелей отырып, жазушы жарты ғасырдағы қазақ елінің тұрмыс-халын көз алдымызға әкеледі. Отбасы мен қоғамның арақатынасындағы қайшылықтар, кішкентай адамдардың күнделікті михнатқа толы өнімсіз тірліктері мезі ғып жібергендей болады.
«Ертіс мұхитқа құяды» - жазушының роман жанрын мықтап игергенін және ізденудің жаңа жолында екенін дәлелдеді. Өкіметтің ноқталы басқа ауыздықтың жүген салған темір идеологиясы халықты қанша қыспаққа алғанымен отызыншы жылдардағы ашаршылықты, репрессияны, Ұлы Отан соғысын бастан кешкен халық ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, берік рухы барын танытты, қандай қиындықтарда да өзінің бет-бейнесі мен адамгершілік ажарын сақтап қала алды. Бұл роман Р.Тоқтаровтың суреткерлік шеберлігінің бір қырын танытқан туынды болды. Ғалым Б.Майтанов «Оқиғаның аз, сезім-тебіреністің молдығы белгілі қаламгер Р.Тоқтаровтың сыршыл да сыншыл табиғатына жарасымды» [8,211] деп, қаламгердің шығармашылығына әділ баға береді де, «Осы бір бағаналы мұрат жіті психологизм мен композициялық шеберліктерді ұштастыру арқылы «Ертіс мұхитқа құяды» атты роман-дилогияда айқын көрінген.Автор мұнда рухани-әлеуметтік құбылыстарды кең шеңберде алып, характерлер тарихына байыппен үңілу үстінде қаһармандар кешкен ғұмырдан заманалық сырлар түйе білді» - деп, романның көркемдік табиғатына ғылыми тұрғыда барлау жасайды. Белгілі сыншы С.Әшімбаев осы роман-дилогияның кейбір кемшін тұстарын айта отырып, жетістіктерін атап көрсетеді. «Жазушыға қажетті фактордың бірі – суреткерлік. Ол кең мағынасында болмысты кесиелі көркем тілмен қозғалыс үстіндегі жанды суреттер арқылы көрсету, елестету. Атап айтатын нәрсе – Рамазанның суреткерлік қабілеті. Оны романның қайсыбір беттерінен де еркін ұшыратып отырасыз. Әдемі жазылған табиғат суреттері, адамдардың сырт портреттері, динамикалық қимыл-әрекеттері мол аңғарылады» [13, 47] деген сыншы пікіріне назар аударсақ, аталмыш романның қазақ әдебиетіндегі елеулі жаңалық болғанын аңғарамыз. Романда баяндауға мүлде орын берілмеген. Кейіпкерлер болмысы психологиялық талдаулар арқылы ашылады. Көңіл аударатын кейіпкерлер – Бекет пен Қоңырат. Бұл екеуі жазушы мүсіндеген тың кейіпкерлер. Бекет жас та болса, өзі өмір сүріп отырған ортаға ырза емес, наразы. Бала күнінен көргені, сезінгені - әділетсіздік пен жалғандық. Қоғамдағы тіршілік, мемлекет билігі оған мүлде жат тәрізді. Халықтың рухани қажеттігімен, шынайы тұрмысымен санасып жатқан ешкім жоқ. Ылғи бір қызыл ұран, ауыр еңбекке жұмылдыру Бекеттің санасын шаршатқан. Мәскеуден өнер институтын бітіріп келген Бекет ештемеге мойын бұрмай, ертеректе қайтыс болған әкесінің мүсінін жасап шығарады. Ал, екінші бір кейіпкер Қоңырат – кешегі ел билеген болыстың, жуан тұқымның ұрпағы. Елде мұғалім болған. Қуғын-сүргіннен әлдебір түсініксіз себептермен аман қалған ол, соңынан түртпектеушілер көбейіп кеткен соң өзі сұранып, майданға аттанады. Соғыста жүріп, немістердің тұтқынына түседі. Өз ісі өзіне қылмыс боп жамалып, не үйден, не түзден тірек таппай қалады. Сүйіп қосылған әйелі Мәлике де оны мойындамай қояды. Ақыры ол Колымаға, содан кейін Салехардқа жер аударылады. Қоңырат елге оралғанда өзін түсінетін, қасіретіне ортақтасатын жас жігіт Бекетті ғана табады. Мәликеден туған ұлы Наурызға да Қоңырат сияқты әкенің керегі болмайды. Бірі жас, бірі жасамыс Бекет пен Қоңырат тағдырлары бұрын еш әдеби туындыда қайталанбаған ерекше үлгіде мінезделген кейіпкерлер. «Сырдария, Еділ-Жайық, Есіл секілді Ертіс те қазақтың бас өзені болып табылады. Және ол қазақтың ұланғайыр сар даласын қақ жарып өтіп, көп сулар құсап құрдымға жоғалмай, өзеннен өзен сағалап, мұхитқа барып құйып жатыр. Осыны жұрттың бәрі біле тұра, қастап айту ешкімнің ойына келе қойған жоқ қой. Рамазан-аға оны үлкен-үлкен екі кітаптан тұратын дилогия-романына ат етіп, айдар тағып отыр. Сол сәттен бастап ол Ертіс те өзінің рухани биік мағынасын, ұлттық арнасын қайта тапқан секілді» - деп жазады әдебиетші Т.Зәкенұлы [14]. Бұл романның «Ертіс мұхитқа құяды» деген атын ақтап тұрған тағы бір орнықты мәселе бар. Ол – қаламгердің романды жазу барысында Ертіс суының мұхитқа құяр сағасын көріп қайту үшін сонау Тундраға барып қайтуы. Өзінің қасіреті мол кейіпкерінің ізімен жүріп қайтқан жазушы сол жақтардан тундра халқын зерттейтін танымы мол тамаша повесть жазып қайтады. «Терістік шұғыласы» деп аталатын өз алдына тұтас бір жинақты бастатқан осы повесте автор сол кездегі тоталитарлық саясаттың «бөліп ал да билей бер» деген зиянды әрекеттерін қалай жүзеге асырып отырғанын көркем образдар, нақты көріністер арқылы шебер бейнелеп көрсетеді. Повесте сонау бір қиырдағы түрі-түсі бөлек ненец халқының қазақтармен әлдебір ұқсастығы әңгімеленеді. Көлемі үш баспа табақ болатын бұл повестен жалпы Сібір табиғаты, Алтайдан ары қарай кеткен етектегі өлке, ондағы түрлі салт-сана көріністері этнографиялық планда аса құнды деректер арқылы бейнеленеді.
1975 жылы жарық көрген «Тұлпардың сыны»[15] атты романында Р.Тоқтаров жаңа белеске көтерілді. Романда қазақ қызының сәтті бейнесі бар. Алматыға келіп оқуға түсе алмай, сандалып, әр кеменің құйрығын бір ұстап жүрген Мағрипа есімді бойжеткеннің ауыр қасіретін сөз ете отыра, «әйел – қырық шырақты» деген халық даналағының өміршеңдігін арқау етеді. Сол қыздың жолында кезіккен бар қиындықты өз бойындағы ата-анадан жұққан асыл қасиеттері арқылы жеңіп шыққанын әсерлі түрде баяндайды. Бас кейіпкер Мағрипа жетім өскен, жарым көңіл бола тұра мінсіз сұлу жан. Бірақ ол өзге кейбір құрбылары сияқты көркін саудалағысы келмейді. Бірақ, сұлу қыздың соңына түсушілер көп. Романға эпиграф етіп алынған «Жұртқа жақсылық жасаған адам – жақсы адам, жұртқа жасаған жақсылығы үшін жапа шеккен - өте жақсы адам. Алайда, сол жолда қасқайып тұрып, өзін құрбан етуге барған – ізгілік пен ерліктің шыңына ту тіккен ең ғажайып, әрі қаһарман адам» деген француз жазушысы Лабрюердің сөзі романның күллі мазмұнын жинақтап тұрғандай. Мағрипа да өзінің қасіретті өмір жолында осы үш бірдей адам үлгісін кезіктіреді. Біріншісі – Қара Жұман. Ол Мағрипаны көзге де, сөзге де тәуірлігімен өзіне ғашық етіп, артынан түрлі сылтау айтып, мүлде көрінбей жоғалып кетеді. Екінші жолыққан адам – Иренғайып. Ол бойында адамгершілік қасиеті мол, үлкенді де, кішіні де аялап тұратын азамат. Бірақ, осы адам Мағрипаға жақсылық жасаймын деп жүріп, өзі жазықсыз түлі кесапаттарға ұрынып қалады. Мағрипаның Гераттан жасырып, ішін тартып жүріп туған кемтар баласы бар. Осы кемтар баламен Сардар есімді дәрігер машинасы тоқтап, боранда адасып қалғанда өзінің үстіндегі киімін оған жабамын деп жүріп үсіп өледі. Романдағы Құлажал айғырдың қасіреті де оқырманға ой салғандай. Құлажал айғыр – жылқының тұлпары. Иесі ерегесіп, иен далаға тұмылдырықтап, тұсап кеткен Құлажал айғыр сол бетінде қасқырға шарасыз халде жем болады. Бұл да бір халықтың құрдымға шақ қалған, құсалы да күрделі жағдайын паш етсе керек. Романның «иә, тіршілік – шиыршық атқан бұралаң жол. Буын-буын өмір. Алуан тағдыр шеңбер жасап, түйісіп, қатар-қатар дөңгеленеді. Кейде өрге, кейде қырға салады. Кейде соқыр балықша шыңырау түбінде, қараңғы тұңғиық әлемде жүріп тіршілік құрады. Жан біткен дене, жанар біткен ес жарық дүниеге ұмтылады. Қиянат – сол жолға тосқауыл болу. Ол мүмкін бе? Күнді немен қалқалайсың? Шындықты қараңғыға қаншалықты қамалағанмен, бәрібір шығар жер, түйісер нүкте біреу. Ол - әділет жарығы. Ақырғы зауал шақ... Тұлпарлар түгесілмепі-ау біздің даладан» [15,] - деп аяқталуының өзі оқырманды жаңа тынысты ойларға жетелейді.
Бір қарағанда Р.Тоқтаров әр кезеңде әртүрлі тақырыпты қозғап, шығарманы уақыт талабына сай жазып отырған сияқты көрінеді. Тіпті кейде оның романдарының тақырыбына қарап-ақ анау науқанға, мынау науқанға арнап жазылған-ау деп долбар жасауға да болады. Алайда, жазушы шығармаларын бірінен кейін бірін қадағалап, оқып шыққан кезде олардың тек аттарының ғана әр кезеңдік науқанға арналған тәрізді боп көрінгенімен ішкі мазмұны, қозғаған мәселесі өзгеше болып отырады. Кәдімгі адами, күнделікті тіршілік-тірлікті, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, қайшылықтарды көрсетуді, ізгілік пен зұлымдық арасындағы бітіспес күрестің себеп-салдарын ашуды нысана етеді. Жаңағы тақырыптық жағынан әртүрлі көрінген шығармаларының бір-бірімен іштей үндестігі осы тұста аңғарылады. Осыдан келіп жазушы шығармашылығын жаппай назарға алғанда бір арнаға тоғысар тұтастық барын көреміз.
Мысалы, «Жердің үлгісі» романы (1979 ж.) алтын кенін өндіретін Майқайың өндірісін көрсетуге арналған дейміз, алайда, мұнда да автор жастардың ата-ана алдындағы парыз-қарызы аталатын үлкен адамгершілік, мейірімділік секілді асыл қасиеттерді ашатын өзінің негізгі моральдық тақырыбын діттейді. Жазушының «Жердің үлгісі» деп отырғаны – аяулы ананың бейнесі. Күн - ата болғанда, Жер –ана, он сегіз мың ғаламда бәрі де Күннен нәр алып, Жер-анадан өніп-өсіп жатады. Міне, бұл шығарманың да ішкі астары адами асыл мұра. Сонымен бірге бұл романда шөл даланы суландыру секілді қосалқы проблемалық мәселе де бой көтереді.
«Ғасыр наны» атты романы да бір тың және тыңайған жерлерді игеруге арналған шығарма секілді Бұл шығарманы оқымай, немесе үстірт қараған адамға ғана солай болып көрінеді. Кезінде солақай кей сыншылар кітаптың затына емес, атына қарап: «Романда тың жоқ, еңбек аз көрінеді, механизаторлардың бейнесі шықпай қалған» - деп байбалам салып, жазушының басына әңгір-таяқ ойнатқан кездерде болған. Оның бәрі уақыттың, жалған идеоогияның, қала берді қызғаныш дертінен туған құбыжық талап екенін қазіргі уақыттың өзі дәлелдеп берді. Керісінше, бұл романда ұлт тағдыры, оның болашағының құрдымға жоқ болуға айналғаны сөз болады.
«Сусамыр» атты роман (1985 ж.) бір қарағанда басынан аяғына дейін детективтік тақырыпқа құрылған секілді. Машина ұрлап, кісі өлтіру, бандалық топтар құрастыру. Кәдімгі бүгінде барлығымыз тоқырау уақыты деп жүрген Кеңес үкіметі кезіндегі көп ешкім айта алмаған қылмысты жағдайларды әңгімелейді. Кезінде бұл романның жарыққа қалай шыққанына таңданасың. Алайда соның барлығын жазушы өзінің үстірт көзге ұстатпас әдісімен берген. Жазушы бұл шығармасында да адами тақырыпты қазық етеді. Бірде тату, бірде қату жүрген екі құрбы жігіттің жеме-жемге келгенде бір-бірлерін құтқаруға дайын тұратын ғажайып достықтары баяндалады. Күнделікті тірлікте бірінің озғанын бірі күндейтін іштарлыққа баратын, іс-қылықтарынан тақастық, тіпті қаскөйлік көп көрінетін екі жігіттің ауыр сынға кезіккенде әлгі күйкіліктің бәрін ысырып тастап нағыз адамдық қасиеттерімен көрінгені оқушы көңілін селт еткізеді. Роман соңында салауатты отау иесі Мерқадам екі бүйрегі бірдей істемей қалған, өмір бойы өзімен бақас болып келе жатқан (Моцарт пен Сальери тәрізді) Бозжан есімді ғалым досына өзінің бір бүйрегін беруге келісімін береді.
Р.Тоқтаровтың тағы бір көлемді туындысы – «Таңбалы жарғақтың құпиясы» романы. Бұл романға көшпелі қазақ халқының басынан кешірген үш үлкен тарихи дәуірі арқау болған. Атап айтсақ – біздің жыл санауымыздың бас кезінен бастап, кешегі аумалы-төкпелі жиырмасыншы жылдар, одан қалса бүгінгі қыспаққа тірелген тар заман тірлігі, ұлт болып сақталудан қала бастаған қорқынышты болашағы әңгімеленеді. Романда Айысбек атты дәрігер альпинист жігіт тауда жүріп екі жолдасын құтқарып қалу үшін өзінің басын құрбан етеді. Қазіргі есепшіл, өзімшіл заманда бұл мүмкін бе? Айысбек үй-ішілік, қоғамдық, саяси-әлеуметтік толып жатқан қасіреті бар. Соның бәрі қосылып ол өзінің жеке бас өміріне түкке тұрмайтын нәрсіздік есебінде қарай бастайды. Бұл - әрине, жамыраған сан-салалы мол үнді, кең тынысты романның бір ғана компоненті болуға тиіс. Шығармада бұдан басқа да қала, дала тіршілігі, уақыт, заман жөніндегі толып жатқан философиялық тұжырымдар, шым-шытырық сюжет иерімдері, астарлы әлеуметтік көріністері толып жатыр. Романның тақырыптарының өзінде қаншама астарлы сыр бар: «Жұмбақ жалын», «Перғауын-Рақай», «Уилисс», «Жетім немере», «Ұлы Хұнзақ»... боп кете береді. Міне, осы тараулардың әрқайсысы жекелеген кейіпкерлердің тағдырына арналған, әр тарау жеке шығармадай оқылады. Бірақ бірімен-бірі үзілмес таспамен байланыстырылып қойған тағдырлар қамшының өріміндей бір арқауға өріліп, үлкен шығарманың бір тұтас сүйегін құрады.
Информация о работе Жарасқан әбдірашев поэзиясының көркемдік қырлары