Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Октября 2011 в 23:08, автореферат
Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздікті алғаннан бергі жылдарда Отандық тарих ғылымында өзгерістер мен жаңарулар қалыптасты. Кеңестік тоталитарлық жүйенің күйреуі ұлттық тарихқа жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін туындатты. Қазіргі таңда жеке тұлғалардың өмір жолы, қоғамдық - cаяси қызметі, тарихи көзқарастары ауқымды түрде зерттелуде. Соның ішінде, ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерінің еңбектерін талдау қолға алынып жатыр. Қазақ әдебиетіндегі алыптар тобының өкілі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жазушы ғана емес, сонымен бірге, қоғам қайраткері, зерттеуші ретінде бай мұра қалдырған қайталанбас тұлға. Оның әр шығармасы тарихи негізде жазылып, Отан тарихының қилы кезеңдерінің әдебиеттегі көріністеріне айналды.
Ғ. Мүсірепов Қазақстанды патшалық Ресейдің отарлауының түрлі әдістерін шығармаларында әр тұсынан көрсетеді. «Ұлпанда» қазақ қоғамындағы «жаңалықтардан» байқатады. «Ақан сері - Ақтоқтыда» Ақан сері бодандықтың шылбырынан шыға алмайды. Ал «Оянған өлке», «Жат қолында» еңбектерінің шығу себебі де, тақырыбы да осы отарлау саясатының озбырлығынан туындағаны белгілі. Өйткені оқиға қазақ жерінде болғанымен, бар тізгін жат мемлекет қолында болды. Бұл еңбектерде қазақ халқының өз жерінде отырып жалданып жұмыс істеп, жат ел азаматтарынан жәбір көргені ашып көрсетілген.
Ғ. Мүсірепов «Оянған өлке» романында қоныстандыру саясатының нәтижесінде жерлерінен айрылған, мұқтаждыққа ұшыраған, жұттың кесапатына душар болған, малдарын қырып алған шаруалардың күйзелісін көрсеткен. Мұның себептеріне көшпелі мал шаруашылығына кезектесіп келетін жұттың ауыр зардаптары, ХІХ ғасырдың соңына қарай отаршыл әкімшіліктің қазақ шаруашылықтарына мөлшерден тыс ауыр салықтар салынуы, құнарлы жерлерін жаппай тартып алудың үдей түсуі жатады.
Патша өкіметінің қоныстандыру саясатында пәрменді мақсат әрі үлкен мән бар еді. Бір жағынан шиеленіскен жер мәселесін отар аймақтарға қоныс аударту арқылы шешуге тырысса, екінші жағынан, қоныс аударушы шаруаларды Қазақстан сияқты отар елдерде өзінің әлеуметтік саяси тірегіне айналдыруға ұмтылды [23]. Озбыр саясаттың әр реформасы қазақ халқының тек экономикасына, мәдениетіне ғана әсер етіп қоймай, халықтың санасында рухани жағынан із қалдырды.
Дегенмен, Ғабит Махмұтұлы «Оянған өлке» еңбегінде қоныстандыру саясатын прогрессивті жағынан да көрсетуге тырысты. Ол романда қоныс аударушы орыстар мен қазақтардың достық қарым - қатынасынан байқатады. Академик Ғ. Мүсірепов шығармасында өндіріс жұмысына араласқан қазақ еңбекшілері алдыңғы қатарлы орыс жұмысшыларымен араласып, өз құқықтарын қорғай білудің, ол үшін күресе білудің жолдарын таныды деп көрсетеді. Қаламгердің жеке қорында І. Омаровтың «Оянған өлке» романы жөнінде пікірі сақталған. Онда: «Бұл отарлаудағы бір зор өзгешелік переселение мәселесі. Мәселе осы переселендердің кімдер екенінде. Бұлар отарлауға келген капиталист, помещиктер емес, ел басқаруға келген әкімдер емес, бұлар қысым көріп, мұқтаждықтың дәмін тартқан шаруалар. Ал енді біздің қазақ өміріне осы переселендердің қандай нәтижесі болды, міне соған келейік. Переселендер қазақтардың біраз жерін алды. Дәл осымен байланысты мал жайылымы тарылды. Және тағы бір нәрсе қазақ пен орыстың тамырлығының өзгешелігі. Сол шаруалар бірі мен бірі тап жігін бұзбай жақындасқаны. Осы жақындасудың екі тарихи маңызы болды. 1. Халықтың бірінен бірі жатырқамай, келешек достықтың қалануы. 2. Таптық бірлесу, революциялық қозғалысқа қатынасқанда бірге қозғалысу(қазақтар орыстарға емес, орыс патшасына қарсы көтеріледі). Міне, бұл жағымен қарағанда переселендер прогрессивті рөл атқарды» [24] - деп Мүсіреповтің еңбегіндегі ұстанған позициясын мақұлдайды. Дегенмен академик - жазушы Ресей империясының қоныстандыру саясатының салдарынан халықтың күйзелгенін ашып жазды.
«Оянған өлкенің» жалғасы «Жат қолында» романында да өктем саясаттың іздері көрініп тұрады. Автор бұл еңбекте ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихының қоғамдық, әлеуметтік - экономикалық мәселелерін зерттеп, көзқарасын білдірген. Ол алдымен Ресейде сонан соң Қазақстанға енген капиталистік қатынастардың жергілікті халықтың дәстүрлі шаруашылығына өзгеріс әкелген құбылыс ретінде қарастырды. Қазақ жеріне ақша-тауар қатынастарының келуі күйзелген халықты онан сайын қинап, кәсіпкерлердің байи түсуіне қолайлы болғанын көрсетті. Ғабит Махмұтұлы патшалық ресейдің отарлауы тұсында кең байтақ Қазақстан өз қазына байлығын қолдана алмайтын шикізат көзінде ғана болғанын және әлеуметтік-экономикалық дамудың тежелгенін ашып көрсеткен.
Ғ. Мүсіреповтің «Болашаққа аманат», «Ұлпан», «Амангелді» атты роман, драмалары қазақ халқының Ресей тарапынан жүргізілген отарлау саясатына қарсылығын бейнелеуге арналған шығармалар. Онда елінің азаттығы үшін күрескен Сырым, Кенесары, Амангелді, т.б. қайраткерлердің әдеби-көркем бейнесі әр түрлі сомдалғанымен түпкі мақсаттары бір еді.
Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шекаралық аймақтарды жаңа бекіністерді салып, қазақ жерлерін тартып алуды одан әрі жалғастыруы, қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі тарих сахнасына Сырымдай, Исатайдай, Махамбеттей, Есеттей, Кене хандай ұлы перзенттерді әкелді [25]. Ғабит Мүсіреповтің тарихи көзқарасындағы эволюция ХVIII, ХІХ, ХХ ғасырларда қазақ даласында орын алған түбірлі өзгерістер мен қасіреттің жеке тұлғаға, тұтас этносқа тигізген әсерін оң зерделеуге мүмкіндік ашады.
Академик Ғ. Мүсіреповтің «
XIX ғасырдың 30-40 жылдары патшалық Ресейге қарсы шыққан Кенесары хан Ғ. Мүсірепов еңбектерінде лайықты бағаланбай, тек жағымсыз кейіпкер ретінде суреттелді. Әсіресе, «Ұлпан», «Оянған өлке» романдарында Кенесары ханның саяси жақтан әлсіреп, құрып-жоғалуға айналған қазақ хандығын қайта күшейту үшін арпалысқан саяси күресі төмен бағаланып, оның жеке басындағы кемшіліктері ғана сөз болады. Ғабит Махмұтұлы Кенесары ханды батыр, ел қорғаны, халық жанашыры ретінде суреттемейді. Тіпті өз қаламынан туған Сырым мен Амангелдінің деңгейіне де жеткізбейді. Керісінше хан Кенені жеккөрінішті қылып көрсетуге барын салады. Мысалы: «Шынайы халқына жанашыр болар хан, қалайша зорлық қылып, мені хан сайлаңдар» - дейді [26,10 б.]. Ал хан Кененің осылай айтқанына ешқандай дәлел жоқ. Мүсірепов рулар арасына түскен сызат, іріткіні де Кенесарының ықпалы деп есептейді. Шындығына келгенде көшпенді тіршілік тәсілі тұтас жүйе ретінде жойылу алдында тұрған. Соған байланысты қазақ өміріне деген сыртқы күштердің көзқарасы ғана емес, ел ішінде де рухани, саяси жақтан толқулар пайда болған. Осының салдарынан халық хан Кененің соңынан толық ермегені рас.
Ғ. Мүсіреповтің хан Кенеге қатысты теріс пікірде болуының бір себебі өзі тұсындағы саяси ұстанымдарға да қатысты екенін түсінген дұрыс. Себебі жазушы Мүсіреповті айтпағанда «... ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жазылған еңбектер бұл мәселені шынайы да обективті тұрғыдан көрсету бағытын ұстанса, ал отызыншы жылдарға қарай тарихта таптық көзқарастың белең алуына байланысты тарихи ақиқатты сталиндік концепцияға сәйкес баяндауға тырысушылық байқала бастады [18,187 б.].
Мүсірепов өмір сүрген кезеңде қазақ халқының тәуелсіздік жолында құрбан болған Кенесары ханды жете бағаламауға, тарихта алған орнын бұрмалауға және оның тұлғасына жағымсыз көзқарастардың қалыптасуына әсер еткен кеңестік идеологияның ықпалы деп ойлаймыз.
Академик Ғабит Мүсірепов қазақ халқының азат, тәуелсіз болашаққа жету жолын тек қарулы күрес арқылы емес, ағартушылықпен де жүргізгенін анықтаған. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп жырлаған Абай Құнанбаев шығармашылығы қазақ халқының болашағы үшін, асыл мұраға айналды. Ғабит Махмұтұлы Ұлы Абай мұрасын зерттеп, абайтану ілімінің дамуына өзіндік үлесін қосқан әдебиетші - ғалым. Қазақ әдебиет тарихы ғылымының іргелі саласына айналған Абайтанудың қалыптасу процесі мен зерттелу тарихының өсу, өркендеу жолы қызу пікір - таласы үстінде қалыптасып келгені белгілі. Бұл саланың негізгі зерттелу нысанасы болып отырған Абай мұрасын тану, бағалау жайы қазан төңкерісіне дейін басталып, күні бүгінге дейін жалғасуда. Академик жазушы Ғ. Мүсіреповтің «Алысты болжаған терең ойдың, үлкен сарынның ақыны Абай алды - артын шолып, қазақ халқының жалғыз әдебиеті емес, бүкіл рухани мәдениетінің келешегіне жөн сілтеп кетті. Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді» [14,189 б.] - деген тұжырымы кемеңгердің тарихымыздағы орны ерекше екенін атап көрсетеді.
Ғ. Мүсіреповтің «Амангелді» драмасы – қазақ елі тарихының маңызды кезеңіне арналған шығарма.
Ғабит Махмұтұлы – Амангелді батырдың тұлғасы мен әскери тактикасын зерттеп, ол туралы мақалаларында, пьесаларында жан-жақты ашып көрсетеді. Ғ. Мүсірепов – Амангелді жайлы «....ой сана жағынан болсын, өмір тәжірибесінен алынған білім жағынан болсын, екінің бірі емес, белгілі бір жоғары басқышқа жеткен, ізденген адам. Саяси өмірге тек қана құлағы түрік болған адам емес, соны зерттеп, өзі бастаған күрестің керегіне жаратқысы келген адам» [27,197 б.] - деп жазады.
Ғ. Мүсірепов 1916 жылы халық бұқарасы қарсылығының өршіп ұлт-азаттық көтерілістің басталуына төмендегі себептерді жатқызды: «1) Жасы толсын, толмасын кедейлердің балаларын қос-қосымен әскер жасына іліктіріп қойған. 2) Тізім болыстың қолында, пара алады да тізімді өзгерте береді. 3) Пара бере алмағандардың бүгін бір баласы іліксе, ертең екі баласы ілігеді» [28]. Ғ. Махмұтұлы сонымен бірге Алаш зиялыларын сынға алып, Амангелді көтерілісіне қарсыластары ретінде бейнелейді. Ол қатаң тоталитарлық идеологияның ықпалымен кеңес өкіметін орнату жолында құрбан болғандарды халық батыры деп, ал дербес қазақ елін құру жолында күрескен ерлерді ұлтшыл деп айыптауға мәжбүр болды.
«Ғ. Мүсірепов және Кеңестік Қазақстан тарихы» атты үшінші тарауда Ғ. Мүсіреповтің қазақ жеріндегі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қайта құрулар және оның зардаптары, көркем мәдениеттің дамуы мен қазақ тілінің тағдыры жайлы зерттеулері талданған.
Ғ. Мүсіреповтің ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанда жүргізілген экономикалық және мәдени өзгерістер мен реформаларға көзқарасы 1930-40 жылдарда жазылған шығармаларында көрініс тапты. Ол кеңестік үкімет тарапынан жүргізілген барлық өзгерістерді қуана қарсы алды ма деген заңды сұрақ туады. Жоқ. Ол кеңес үкіметінің қазақ жерінде орнағанын қуаттағанымен, уақыт өте келе қызылдардың эксперименттерінің нәтижелерінен сескене бастады. Қаламгер шығармаларынан бөлек олардың асыра сілтеулерін ашық хатта жариялады. Ғ. Мүсіреповтің «Шұғыла», «Талпақ танау» және т.б. әңгімелерінде ұжымдастырудың елге алып келген зардаптары, шынайы көріністері айтылған.
Ғ. Мүсірепов алғашқы шығармаларында қазақ халқының өмірін, тарихта елеулі орны болған оқиғаларын, елде кеңес өкіметінің орнауымен болған өзгерістерді көрсетеді. Ол жаңарған даланың, өзгерген өңірдің, жаңа салт – сананың қалай туып, қалай өркен жайғанын, Қазақстан өміріндегі аса үлкен оқиға – бұрынғы жекеменшік шаруалардың ұжымдастыру жолына қалай түскенін, осы жолдағы кездескен қиыншылықтары мен кедергілердің сыр – сипатын сомдаған. Ұлы Отан соғысының оқиғаларына арнап та шығармалар жазған. Осының бәрін тұтастай шолып қарағанда, Ғабит Махмұтұлының кеңестік Қазақстанда жүргізілген көптеген әлеуметтік - экономикалық тәжірибелерге көзқарасын ашуға көмектеседі.
Ғ. Мүсіреповтің ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында өткен тарихи оқиғаларды Қазан төңкерісін, азамат соғысын, Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңіндегі тап тартысын «Өмір ертегісі», «Үздіксіз өсу», «Ана туралы әңгімелер», «Жайлау жолында», «Тұтқын қыз» сияқты туындыларда сомдады. Ал қазақ халқының тарихындағы аса ауыр кезең - ауылшаруашылығын күштеп ұжымдастыру мен жедел түрде индустрияландыру тарихын «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Күсен», «Алғашқы адымдар», «Шұғыла», «Жеңілген Есрафил», «Талпақ танау», «Туннель» секілді шығармаларында жазды.
Табиғаттың дүлей күшін бағындырып, тілге көндірген адамдар жайлы Мүсірепов «Жеңілген Есрафил» атты әңгімесінде тамаша сипаттайды. Мұнда ысқырған боран, үскірік аязда темір жол салған жұмысшылардың еңбегі көрінеді. Темір жол салушылар табиғаттың қатал суығына қарамай, үй бойы үйілген қарға бөгелместен, жоспарлы жұмысын атқара береді. Осы аталған шығармада қандай қиыншылық кездессе де жеңе білетін кеңес адамдарының еңбектегі ерлігі, төзімділігі жақсы көрсетілген. Әрине боранмен айқаса жүріп, қар астында темір жол салу шарт емес шығар. Дегенмен, әңгімеге арқау болған еңбек құлшынысы сол 30-шы жылдардың табиғатына тән болатын.
Ғ. Мүсіреповтің «Алғашқы адымдар», «Шұғыла», «Көк үйдегі көршілер» сияқты шығармаларында Қазақстандағы колхоз қозғалысының көптеген қалтарыс шындықтары қамтылған. Бұлар – жекелеген көркемдік ақауларына қарамастан, өз кезеңінің ақиқатын мейлінше әділ көрсетуге бағытталған шығармалар.
Жазушының 1930 жылдардағы қазақ жеріндегі саяси-экономикалық өзгерістерге байланысты көзқарастары «Талпақ танау» әңгімесінен байқалады. Сырт қарағанда оқиғаға онша бай емес осы әңгіменің терең астары бар. Бұл әңгімеде қаламгер кеңестік - орыстық ықпалдың қазақтардың санасына мықтап бекуін көздеген саясаты туралы жазады. Әңгімеде тарихы терең қазақ халқында Сары атанның орнын ерекшелеп, амалсыздан жоспар бойынша көбейту керек болған «талпақ танауды» : «Түйе секілді тарихи орын алар ма, жоқ па, ол арасы әзір қараңғы, шошқалар «Жаңа жол» колхозына келіп кірді» [29,137 б.] - деп жазады.
Қазақ елінде жүргізілген социализмді тезірек орнату мақсаты мен кадрлардың сауатсыздығы, асыра сілтеушілігі салдарынан ел ішінде орын алған аса қиын жағдайлар, саяси - экономикалық өзгерістердің нәтижесі алапат аштыққа алып келді. Байларды тәркілейміз деп, жай халықтың күн көріп отырған бес – алты малын тартып алу, шаруашылық жүргізудің дәстүрлі ерекшеліктерін ескермей, күшпен бір жерге жинап ұжымдастыру сияқты мүлдем қате шаралардың «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген екі жүзді әсіре ұрандармен жүргізілуі елді ашаршылыққа ұрындырып, халықтың жаппай қырылуына әкеліп соқтырды. Қазақ халқының басына төнген бұл қасірет 2,5 миллионға жуық адамның өмірін алып кетті. Қазақстанда жүріп жатқан күштеп ұжымдастыру науқанының қорқынышты көріністерін көріп, мемлекет қайраткерлері, зиялылары тыныш отыра алмады.
1932 жылдың 4 шілдесінде бес коммунист – жазушы Ғабит Мүсірепов, Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатауллин, Коммунистік вуздың проректоры Мүтәш Дәулетғалиев, сол оқу орнының оқу ісі жөніндегі проректоры Емберген Алтынбеков және Қазақ АССР-ы Мемлекеттік жоспарлау комитетінің сектор меңгерушісі Қадыр Қуанышев – Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекиннің атына хат жолдайды. Хат мәтінінде ауыл шаруашылығында мал басының күрт кеміп кетуі салдарынан елдің аштыққа ұшырап, қырылып жатқаны баяндалады [30,120 б.].
1932 жылы Ф. Голощекинге жолданған хатта: «...5. Мал басының қисапсыз кеміп кетуі мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екінші жартысынан бастап) жөнінде әлі күнге дейін үндемей отыру қаншалықты дұрыс» [31, 133 б.] деп - орын алған апаттың себебі өлкелік партия комитеті мен оның жергілікті органдарының асыра сілтеу саясатынан туындап отырғаны сөз болады. Голощекин бұл хатты өзінің, яғни партияның беделін түсіруге бағытталды және байшылдық пиғыл көрсету мақсатымен жазылды деп түсінді. Ол туралы жазушының өзі: «1932 жылдың екінші жартысы болу керек, жаз айлары ғой деймін. Халықтың тарихында болып көрмеген аштыққа ұшырап, қақ жартысы қырылып қалды. Коллективтендірудің қазақ үшін қасіретін көзбен көріп отырып шыдамаған біздер, бес коммунист Казкрайкомға, Голощекиннің атына хат жаздық. Әрине, ол Голощекинге ұнамақ түгіл өрескел қателік есебінде танылып, біз қудалауға түсе бастадық. Солай болатынын біле тұра, соған барған басымыз не болса да мойынмен көтеруге көніскен едік. Айта берсек көзсіз өжеттік екен. Қылышынан қаны тамып тұрған Голощекинге біздің басымыз, немене, тәйірі» [32] – деп айтқан екен. «Бесеудің хатын» жазған авторларын партиядан шығарамыз, қылмыстық жауапқа тартамыз деген айыптаулар түсе бастағанда Ғ. Мүсірепов, М. Дәулетғалиев, Е. Алтынбеков, Қ. Қуанышев төртеуі «қателестік, жаңылдық» деп Қазақ өлкелік партия комитетіне қайта түсінік хат жазуға мәжбүр болады. Ал, М. Ғатауллин ол кезде іс-сапарда жүргендіктен, кешігіп келіп жауапқа тартылады [30,121 б.]. Ғ. Мүсіреповті жазалау үшін Батпаққара ауданына алты айға жібереді.
Информация о работе Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін даярланған диссертацияның