Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Октября 2011 в 23:08, автореферат
Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздікті алғаннан бергі жылдарда Отандық тарих ғылымында өзгерістер мен жаңарулар қалыптасты. Кеңестік тоталитарлық жүйенің күйреуі ұлттық тарихқа жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін туындатты. Қазіргі таңда жеке тұлғалардың өмір жолы, қоғамдық - cаяси қызметі, тарихи көзқарастары ауқымды түрде зерттелуде. Соның ішінде, ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерінің еңбектерін талдау қолға алынып жатыр. Қазақ әдебиетіндегі алыптар тобының өкілі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жазушы ғана емес, сонымен бірге, қоғам қайраткері, зерттеуші ретінде бай мұра қалдырған қайталанбас тұлға. Оның әр шығармасы тарихи негізде жазылып, Отан тарихының қилы кезеңдерінің әдебиеттегі көріністеріне айналды.
ӘОЖ 94(574)(093):821.512.122
АБДИРАЗАХОВА
АЙГУЛ УМИРЗАХОВНА
Академик Ғ. Мүсіреповтің Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеудегі үлесі
07.00.02
- Отан тарихы (Қазақстан Республикасының
тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
даярланған
диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Астана, 2010
Жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
Қазақстан
тарихы кафедрасында
орындалды
Ғылыми
жетекші:
Ресми
оппоненттер:
Жетекші
ұйым:
Диссертация 2010 жылы «23» маусым сағат ____ де Мемлекет тарихы институты жанындағы біріккен БД 53.33.02 Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Мекен жайы: 010000, Астана қаласы, Солжағалау,
Орынбор көшесі, 8 үй, Министрліктер Үйі,
14 кіреберіс.
Диссертациямен Мемлекет тарихы институтының ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Мекен жайы: 010000, Астана қаласы, Солжағалау,
Орынбор көшесі, 8 үй, Министрліктер Үйі,
14 кіреберіс.
Автореферат 2010 жылы «___» ___________ таратылды.
Біріккен Диссертациялық
кеңестің
ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының
докторы
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздікті алғаннан бергі жылдарда Отандық тарих ғылымында өзгерістер мен жаңарулар қалыптасты. Кеңестік тоталитарлық жүйенің күйреуі ұлттық тарихқа жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін туындатты. Қазіргі таңда жеке тұлғалардың өмір жолы, қоғамдық - cаяси қызметі, тарихи көзқарастары ауқымды түрде зерттелуде. Соның ішінде, ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерінің еңбектерін талдау қолға алынып жатыр. Қазақ әдебиетіндегі алыптар тобының өкілі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жазушы ғана емес, сонымен бірге, қоғам қайраткері, зерттеуші ретінде бай мұра қалдырған қайталанбас тұлға. Оның әр шығармасы тарихи негізде жазылып, Отан тарихының қилы кезеңдерінің әдебиеттегі көріністеріне айналды.
Зерттеушілердің көпшілігі мүсіреповтануда ең алдымен оның әдеби мұрасын назарға алады. Бұл әрине заңды. Себебі Ғ. Мүсірепов алдымен жазушы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне кесек туындылар әкелген көркем сөз шебері, дара суреткер. Жазушының суреткерлік қыры өз заманында жеткілікті қарастырылды. Оның көркемдік әлемін ашуға бағытталған ізденістер әдебиеттану ғылымында әлі де жалғасын таба бермек.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ қаламгерлері энциклопедиялық білімге ие кемелді тұлғалар еді. Ғылым мен өнер саласындағы жаңа қадамдар, кәсіби маманның жетіспеушілігі зиялылардың барлық салада қызмет істеуіне жол ашып, жан-жақты жетілу орайын берді. Сонымен бірге бар мүмкіндіктерін жұмсап қызмет істеу міндетін де жүктеді. Қоғамдық өзгерістер, міндеттің ауырлығы мен ауқымдылығы олардың қайраткерлік тұлғасының қалыптасуына игі ықпал жасады. Бұл ретте М. Әуезов, М. Тынышбаев, С. Мұқанов, Қ. Сәтбаев, Е. Бөкетов т.б. айтуға болады. Ғ. Мүсірепов те осындай күрделі де кемелді тұлғалардың бірі, сондықтан Ғабит Махмұтұлы мұрасын әдебиетші ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Оның қайраткерлік қырын тарих және мәдениеттану ғылымдары аясында қарастырған орынды болмақ.
Бұл тақырыпты жан - жақты және терең зерттеу ең алдымен бүгінгі қоғамдық практика сұранысынан туындайды. Ғ. Мүсіреповтің мұрасының ашылмаған қырларын тану өткен тарихтан қорытынды жасап, бүгінгі өмірде ұтымды пайдалану үшін ғана емес, ертеңгі ұрпаққа дұрыс жол сілтеу үшін де қажет. Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Оянған өлке», «Қазақ солдаты», «Кездеспей кеткен бір бейне» т.б. туындыларында Отан тарихында терең із қалдырған оқиғалардың әдеби көркем шежіресі жасалған. Ғ. Мүсірепов мұрасының тарихи негіздеріне үңілу қазақ халқының қалыптасуы мен дамуын, мәдени - өркениеттік деңгейін, әлеуметтік - экономикалық болмыс бітімін ұғынуға кілт ұстатады. Бұл ретте Ғ. Мүсіреповтің дүниетанымындағы мейлінше аз зерттелген мәселелердің бірі - оның тарихи көзқарасы.
Ғ. Мүсіреповтің жазушылық тегеуріні зерттеушілерді оның саяси, тарихи көзқарасын талдаудан ығыстыра берді. Оның тарихтағы алған орнын, қайшылықтарға толы шығармашылық және саяси қызметінің толық бағасын беру, қоғамның рухани әлеуетін нығайтудағы еңбегін жалғыз әдебиеттану тұрғысынан түсіну мүмкін емес. Тарихшылар, мәдениеттанушылар, философтар жұмыла кіріскенде ғана бұл түйінді шешуге болады. Ғ. Мүсіреповтей іргелі құбылыстың тарихқа қатынасын зерттеудің танымдық жағынан берері мол. Өмірін шығармашылық ізденіспен өткізген, өз заманындағы саяси оқиғаларға белсене араласқан ол тарихшылардың назарынан тыс қалған тарихи фактілер мен олардың себебін көре білген. Міне, сондықтан да, Ғ. Мүсіреповтің тарихқа, мәдениеттің дамуына қосқан үлесін зерттеу жазушының қайраткерлік қыры мен рухани мұрасын кешенді түсінуге мүмкіндік беретін қадам.
Қазақ зиялыларының қоғамдық - саяси қызметтерін зерттеу Отан тарихында толық ашылмаған тақырып. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында: «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ» [1,15 б.] деген болатын.
Бүгінде адам баласы сан алуан кәсіпті игерді, талай құпиялардың сырын ашты. Бірақ қиынның қиыны - өзіңді тану. Өзіңді тануды ұлттық зиялыларды танудан бастасақ, тар жол, тайғақ кешуге ұшырамай, ұлы көштен өз орнымызды табарымыз сөзсіз [2,186 б.].
Тақырыптың өзектілігі бұл тұрғыдан да айқын көрінеді. Ғ. Мүсіреповтің тарихи көзқарасында дәстүрлі қазақы ұғым - түсінік пен тарихи құндылықтар да, социализм тұсындағы саяси құндылықтар да шоғырланып, үйлесімді жарасым тапқан. Демек, осы құпиясы мол құбылысты зерделеу өткеніміздің тағылымын бүгінгі күнге қолдануға септігін тигізеді. Тақырыптың ғылыми - практикалық маңызы осында жатыр.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ғ. Мүсіреповтің рухани мұрасы туралы зерттеулер өткен ғасырдың 50 жылдарында басталды. Зерттеулердің дені қаламгердің әдеби - сын идеяларына арналған. Ал оның тарихи көзқарасы мәселесі күні бүгінге дейін зерттеушілер назарынан тыс қалып келеді. Жазушының өмірі мен шығармашылығы алғаш рет Т. Ахтановтың «Ғ. Мүсірепов» атты очеркінде зерттелді [3]. А. Нұрқатов, С. Жұмабеков сынды ғалымдардың еңбектерінде қаламгердің суреткерлік тұлғасын тануға арналған әдеби сын - зерттеулер жазылды. Сонымен қатар Ғ. Мүсірепов қаламгерлігі бірнеше диссертациялық еңбектердің обьектісіне айналды. Н. Ғабдулиннің «Ғ. Мүсірепов - драматург» [4] атты монографиясында Мүсірепов драматургиясы зерттелді. Бұл – Ғ. Мүсірепов шығармашылығын зерттеуге арналған тұңғыш ғылыми еңбектердің бірі еді. Қ. Құттыбаев, М. Бекбергенов, Ж. Молдағалиев, А. Оспанов, С. Әшімханова, А. Ибраева қатарлы ғалымдар өз еңбектерінде жазушының прозалық шығармаларын зерттеуді мақсат еткен.
Р. Нұрғали «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты кітабында: «Әдебиет тарихында Ғабит есімі Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбиттермен қатар аталады. Бұлар - өнеріміздегі жаңа арналардың көш бастаушылары. Әрине үлкен жазушы, кемел суреткер болу - бақыт, ал көшбасылық одан да зор абырой. Қазақ жаңа әдебиетінің ірге тасын қалау миссиясы осы алыптарға бұйырды» [5] деп жазған болатын.
Мәдениеттің ұлттық болмысы мен ерекшелігін айқындайтын басты факторлар қатарында тіл айрықша орын алады. Академик М. Серғалиевтің «Ғабит Мүсірепов және тіл мәдениеті» [6], Д. Ысқақтың «Сырбаз суреткер» [7] атты еңбектерінде Мүсіреповтің қазақ тілінің қоғамдағы орны, оның тазалығы, басқа тілдермен қарым-қатынасы жайындағы ұсыныстары мен тұжырымдары жан - жақты қарастырылған.
Ғабит Махмұтұлы дарынды драматург, сценарист ретінде театр, кино тарихында орны ерекше. Бұл туралы «Көркем суретті Қазақстан тарихында» [8], «Елтұтқа» [9] кітаптарында жазылған.
Отызыншы жылдардағы қасіретті тарих зерттелген еңбектерде «Бесеудің хаты» аталып кеткен құжат қарастырылмай өтпейді. Бесеудің бірі болған Ғ. Мүсіреповтің есімі де бірінші аталады. К. Нұрпейісовтің «Тарихи тұлғалар» [10], М. Қозыбаевтың «Ақтаңдақтар ақиқаты» [11], Т. Омарбековтің «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» [12] атты еңбектерінде кеңестік жолмен қайта құрудағы асыра сілтеушілікті ашып жазған құжаттардың маңыздылығы зерттелген. Т. Омарбековтің «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты кітабында: «20-30-жылдар тарихынан шынайы да ақиқат деректер беретін большевиктік партия мен кеңес өкіметі органдарында сол жылдары жауапты қызметтер атқарған Т. Рысқұлов, Л. Мирзоянның, О. Исаевтың Мәскеудегі И. Сталиннің және В. Молотовтың аттарына жазған және өзара жазысқан хаттарының, сондай-ақ тарихымызда «бесеудің хаты» деген атпен мәлім болған Ғ. Мүсіреповтің, М. Ғатаулиннің, М. Дәулетғалиевтің, Е. Алтынбековтің, Қ. Қуанышевтің Ф. Голощекинге жазған хатының қазақ шаруаларының жаппай босқыншылыққа ұшырау және аштан қырылу себептерін дәлірек анықтауға көмектесіп қана қоймай, осы апаттың демографиялық көлемін анықтауға қажетті сандық мәліметтер де беретінін ерекше атап көрсеткен жөн» [12,15 б.] - деп сонау зұлмат жылдарындағы ақиқатты ашуда осы құжаттардың маңыздылығын көрсетеді.
Ғ. Мүсіреповтің прозасы, драматургиясы филолог ғалымдар тарапынан кең көлемде қарастырылғанмен, оның шығармаларында көрініс тапқан ұлт тарихы, мәдениеті жалпы қаламгердің тарихи көзқарасын арнайы қарастырған еңбек жоққа тән. Мәселенің кейбір қырлары Х. М. Әбжановтың «Ғ. Мүсірепов шығармаларының тарихи мәні» [13] атты мақаласында дәйектелген. Мақалада автор қаламгер шығармаларының хронологиялық ауқымынының кеңдігін көрсетіп, туындыларында Отан тарихында із қалдырған оқиғалардың қисынын ашқанын дәлелдейді. Бұл туралы: «...шығармалары арқылы тарих тұңғиығына еркін бойлаған жазушының өзі де отандық және әлемдік тарихи үрдістерден мол хабардар болатын. Бұған «Күнделігіндегі» әр жылдары өзі үшін жүйелеген сақтар, үйсіндер, қаңлылар, байырғы түркілер, қыпшақтар, қытайлар, славяндар, моңғолдар, қайта өрлеу дәуірі, ислам діні жайлы ойтүйіндері мен деректері айғақ бола алады» [13,4 б.] – деп, қаламгердің зерттеулеріне, тұжырымдарына алғаш тарих ғылымы биігінен баға береді.
Зерттеу обьектісі. Қазақстан тарихы мен мәдениетінің тұтас дәуірін құраған кеңестік жылдардағы ұлт зиялыларының қалыптасуы, шығармашылық қауымға қатысты ұстанған саясат пен өктемдіктің динамикасы және салдары, суреткерлік қауымға пәрменді әсер еткен, тіпті негіз болған саяси, әлеуметтік – экономикалық, рухани факторлар зерттеу обьектісін айқындады.
Зерттеу пәні. Ғ. Мүсірепов шығармаларында көрініс тапқан қазақ халқының қалыптасу тарихы, оның мемлекеттілігі, отарлаушы, тоталитарлық билік тұсындағы қайшылыққа толы тағдыры, ұлтқа ғана тән ерекшеліктері, кеңестік кезеңдегі мәдениет, тіл, ғылым, өнер мәселесі.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – академик Ғ. Мүсіреповтің тарихи және мәдени көзқарастарына талдау жасау. Ғ. Мүсіреповтің теориялық ойларын айқындап ашу, оның тарихтанудағы, Қазақ мәдениетінің өткені мен бүгінін зерттеудегі ұстанымын анықтау. Мақсатқа жету үшін зерттеу барысында төмендегідей нақты міндеттер қойылды.
- Ғ. Мүсіреповтің қазақ этнонимі мен этногенезі жайлы тарихи көзқарасының қалыптасуын, ерекшеліктерін зерделеу;
- Ғ. Мүсіреповтің Қазақ хандығына байланысты тұжырымдары мен ойтүйіндерін дәйектеу;
- Ғ. Мүсіреповтің патшалық отарлау кезеңіне байланысты тарихи ізденістерінің қисынын ашу;
- Ғ. Мүсіреповтің ұлт - азаттық көтерілістер сипатына, басшыларына ұстанған позициясын анықтау;
Информация о работе Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін даярланған диссертацияның