Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін даярланған диссертацияның

Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Октября 2011 в 23:08, автореферат

Описание работы

Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздікті алғаннан бергі жылдарда Отандық тарих ғылымында өзгерістер мен жаңарулар қалыптасты. Кеңестік тоталитарлық жүйенің күйреуі ұлттық тарихқа жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін туындатты. Қазіргі таңда жеке тұлғалардың өмір жолы, қоғамдық - cаяси қызметі, тарихи көзқарастары ауқымды түрде зерттелуде. Соның ішінде, ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерінің еңбектерін талдау қолға алынып жатыр. Қазақ әдебиетіндегі алыптар тобының өкілі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жазушы ғана емес, сонымен бірге, қоғам қайраткері, зерттеуші ретінде бай мұра қалдырған қайталанбас тұлға. Оның әр шығармасы тарихи негізде жазылып, Отан тарихының қилы кезеңдерінің әдебиеттегі көріністеріне айналды.

Работа содержит 1 файл

Академик Ғ. Мүсіреповтің Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеудегі үлесі.doc

— 298.00 Кб (Скачать)

      - Ғ. Мүсірепов шығармаларының тарихи негізін ашу.

      - Ғ. Мүсіреповтің кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы және мәдени-әлеуметтік өзгерістеріне көзқарастарын саралау.

      Зерттеу жұмысының методологиялық негізін ғылыми танымның тарихилық, обьективтілік, жүйелілік, дамушылық сияқты үдерістері қалады.

      Деректерді қарастыру барысында зерттеуші тарихилық принципіне сүйене отырып, тарихи - салыстырмалы, сұрыптау және сыни талдау жасады. Зерттеудің методологиясын анықтағанда қазақ тарихының сабақтастығы мен жалғастығын сақтауға басты назар аударылды. Бұлармен қатар, біз талдаған еңбектердің дені кеңестік дәуірде жазылып, маркстік - лениндік көзқарастарға негізделгендіктен, қазақ халқының қалыптасуынан бастап жеке хандық болып құрылған, патшалық Ресей отарындағы, кеңестік кезең тұсындағы тарихи көзқарастарын зерттеп кемшіліктері мен артықшылықтарын ескеруге тырыстық. Сонымен қатар кейінгі кезде қалыптасып келе жатқан тың бағыттағы ғылыми ой - пікірлер мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарас тұрғысында жазылған еңбектер басшылыққа алынды. Атап айтар болсақ, диссертациялық жұмысты жазуға Е. Бекмаханов, Ә. Марғұлан, Л. Гумилев, М. Қозыбаев, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Н. Мыңжан, К. Пищулина, Қ. Салғара, Қ. Сартқожаұлы, әдебиеттанушылар М. Мағауин, М. Жолдасбеков, Н. Ғабдуллин, З. Ахметов, Р. Нұрғали, Ә. Нарымбетов, М. Сәрсеке, Ж. Ысмағұлов т.б. қазақ және орыс ғалымдарының теориялық еңбектері қолданылды.

      Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Зерттеу жұмысының негізгі деректік қорын Қазақстандағы республикалық, облыстық мұрағаттар, кітапханалар мен мұражайлардан алынған құжаттар мен материалдар құрады. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, С. Мұқанов және Ғ. Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби - мемориалдық мұражайы, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұражайы, Жаңажол ауданындағы Ғ. Мүсірепов мұражайынан табылған құжаттар мен материалдар.

      Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында Ғабит Мүсіреповтің № 1864 жеке қорында сақталған құжаттар 1923-1968 жылдар аралығын қамтиды. Қаламгердің жеке қорында 749 іс сақталған. Құжаттардың дені мақалаларының, әңгімелерінің, очерктерінің, повестерінің қолжазбасы, қызмет бабындағы хаттары, жеке құжаттары, өзінің жинаған құжаттары, суреттері. Құжаттар мағынасына сәйкес, екі бөлімге бөлініп қарастырылды. Бірінші бөлімде Ғабит Мүсіреповтің жеке құжаттары, қаламдас, қызметтес, пікірлес достарымен жазысқан хаттары енгізілген. Бұл құжаттар жазушының саяси және рухани жақтан өсіп - жетілу жолын айғақтайтын деректер. Мұндағы «М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің «Қынаптан қылыш» пьесасына жазылған рецензия; 281 іс «Ғ. Мүсіреповтің Ж. Шаяхметовке хаты»; 262 іс «Ғ. Мүсіреповтің М. Қаратаевқа хаты»; 465 іс «ЦК ВКП(б) Сталин жолдасқа»; 274 іс «Письмо в ЦК КП (б) Казахстана Скворцову об очерке «Отчего чешутся затылки»; 385 іс «Письма и телеграммы Омарова И.О.»;374 іс «Письма Б. Момышулы»; 528 іс «Материалы Европейского обьединения культуры»; 463 іс «С. Мұқановтың Мүсіреповке жазған характеристикасы”; «Автобиография»; «Кзыл-Ординскому Горрайкому»; «Заседания секретариата Петропавловского Окружкома ВКП(б)»; 525 іс «ҚазССР ҒА академигі Ғ.М. Мүсіреповтің есебі; «Партийная творческая харатеристика на писателя Мусрепова Габита»; 143 іс «Выступление с отчетным докладом перед избирателями»; 119 іс «Доклад о работе в области искусства за отчетный период между первым и вторым сьездами КП(б) Казахстана» т.б. деректердің бәрі де жазушының қайраткерлік қырын, тарихи көзқарасын ашып көрсететін құнды деректер.

      Екінші бөлімде Ғабит Махмұтұлының қазақ халқының тарихына қатысты пікірлеріне негіз болған тарихи деректер мен ұлттық тарихымызда орны бар тұлғаларға байланысты жинаған деректері, сондай - ақ өзіндік ой - пікірлері қамтылды. Бұл бөлімнен «Программа работ по собиранию материалов для составления истории казахского народа», составленная Мусреповым Г.; 522 іс «Список исторических личностей Казахстана, включаемых в био-библиографический указатель»; 169 іс «С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасына сын; 175 іс «Мусрепов Г. в соавторстве с К.И. Сатпаевым «Казахский народ против Гитлера» Статья»; 521 іс «Проект плана истории Казахской ССР», составленная при участии Мусрепова Г.; 229 іс «Рецензия на рукопись Жумалиева Х. «Махамбет Утемисов» для 4-го тома истории Каз. ССР» ; 124 іс «Қазақ совет прозасының жайы мен міндеттері»; 223 іс «Б. Майлин туралы естелік» (Отзыв); 485 іс «Абай Құнанбаевтың 100 жылдық мерейтойының Бағдарламасы»; 595 іс «Қозыбаев М. «Алибий Джангильдин»; 577 іс «Бекмаханов Е. «Историческая наука в Казахстане за 30 лет» (1917-1947)» т.б. құжаттар қаралды.

      Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатынан Ғ. Мүсіреповке қатысты қаралған құжаттар 1972-2002 жылдар аралығын қамтиды. Бұл құжаттарда еліміздің жайсаңдарына көрсетілетін ілтипат көрініс тапқан. Олар: «О присвоении звания «Почетный Гражданин города Петропавловска» тов. Мусрепову Г.М.» 30 қор, 1 тізімдеме, 816 іс, 225 п., «Солтүстік Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасына Ғабит Мүсіреповтің есімін беру туралы» 669 қор, 1 тізімдеме, 905 іс, 54 п., «Целинный ауданын Ғабит Мүсірепов ауданы, Целинный ауданының Новоишим поселкесін Еңбек поселкесі деп қайта атау туралы» 669 қор, 1 тізімдеме, 903 іс, 188 п., «Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажол қазақ орта мектебіне Ғабит Мүсіреповтің есімін беру туралы» 669 қор, 1 тізімдеме, 905 іс, 64 п., «Жазушы-академик Ғабит Мүсірепов бюсті» скульптуралық ескерткішін мемлекеттік қорғауға алу туралы» 669 қор, 1 тізімдеме, 919 іс, 104 п. - осындай құжаттар көркем әдебиетімізді кемел шығармаларымен байытқан тұлғаның рухының өшпейтіндігін көрсетеді.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар бөлімінде Ғ. Мүсірепов шығармаларының, мақалаларының түпнұсқасы қаралды. Алғашқы туындылары: «Тулаған толқында», «Әмірқан бидайығы», «Жаңа күш сауатсыздықты жоюға арналған әліппе», Қазақстанда сауатсыздықты жою жұмысы туралы», «Қызыл әскер әліппесі», «Ақиықтар» еңбектеріне тарихи талдау жасалды. Бұл еңбектер зерттеу жұмысында қаламгердің тарихи танымын жан - жағынан тануға көмектесті.

      Алматы қаласындағы Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражайынан пайдаланған кітаптары, 1932 жылы Голощекинге жазылған «Бесеудің хатының» түпнұсқасы қаралды.

      Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұражайында Ғ. Мүсіреповтің қорында көптеген хаттары, суреттері, еңбектерінің түпнұсқалары және ол туралы жергілікті мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалалар, естеліктер сақталған. Ғ. Мүсірепов қорынан алынған хаттарынан оның көркем өнер, театр, көркем әдебиеттің дамуына қосқан үлесін анықтадық. Мұнда: «М. Қаратаевтың Ғ. Мүсіреповке хаты»; «С. Мұқановтың Ғ. Мүсіреповке хаты»; «Ә. Нұрпейісовтің Ғ. Мүсіреповке хаты»; «І. Есхожиннің Ғ. Мүсіреповке хаты»; «Е. Букетовтің Ғ. Мүсіреповке хаты»; т.б. деректер қаралды.

      Ғ. Мүсіреповтің Жаңажолдағы әдеби-мемориалдық мұражайы 1992 жылы (жазушының тоқсан жылдығына орай) ашылған. Мұндағы өте құнды жәдігерлердің қатарына «Ұлпан» романының арабша төте жазумен жазылған қолжазбасының түпнұсқасы (қазір облыстық өлкетану музейінде) жатады.

      Диссертациялық еңбекте Ғ. Мүсіреповтің еңбектерінің кітап болып шыққан, журналда жарияланған түрлі басылымдары, қойын дәптеріне жинаған ой - пікірлері, Ғ. Мүсірепов туралы арнаулы зерттеулер, диссертациялар, Ә. Әбішевтің, Т. Кәкішевтің, М. Сәрсекенің естелік - еңбектері, Мүсіреповтің сьездерде оқыған баяндамалары, жарияланған мақалалары сондай-ақ, әр жылдары басылымдарда жарияланған Мүсірепов және оның шығармашылығы туралы пікірлер пайдаланылды. Қаламгердің 100 жылдығына орай мерзімдік басылымдарда жарияланған мақала, естеліктер қаралды. Бұл басылымдарда Ғ. Мүсірепов шығармашылығының, қоғамдық қызметінің әлі де зерттелмеген тұстары туралы жазылған. Осыдан анықтағанымыз қаламгер мұрасы, дүниетанымы, тарихи көзқарасы тұтас зерттелмеген. Сондықтан да мерзімдік басылымдардың тақырыпты кеңінен ашу үшін маңызы зор болды. Зерттеу жұмысында пайдаланылған газет - журналдар қатарына: «Қазақ тарихы», «Отан тарихы», «Ақиқат», «Парасат», «Ара», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Астана хабары» атты ғылыми-әдістемелік және көпшілік қауымға арналған басылымдар жатады.

      Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысының мақсатына сәйкес тарихи талдау негізінде жинақтау, қорыту, жүйелеу, талдау - сараптаумен қатар логикалық ой қорыту, жалпы тарихи салыстырмалы әдіс қолданылды. Ғ. Мүсіреповтің философиялық, тарихи көзқарастарын зерттеуде ғылыми таным принциптері, сондай - ақ қойылған мәселенің мерзімдік шегіндегі қоғамның дамуына ортақ соңғы кезде қалыптасқан жаңа пікірлер мен тұжырымдар басшылыққа алынды.

      Зерттеу тақырыбының хронологиялық ауқымы Диссертациялық жұмыс Ғ. Мүсіреповтің ғұмыржолына арналмаса да негізінен ұлы суреткер өмір сүрген уақытпен шектеледі. Оның тарихи, мәдени көзқарастарының қалыптасу динамикасы мен еңбектеріне талдау жасалғандықтан, Ғ. Мүсіреповке дейінгі және ол қайтыс болғаннан кейінгі кезеңдердегі тарихи ойлар, зерттеулер қолданымға түскенмен зерттеудің хронологиялық ауқымын кеңейте қоймайды.

      Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.

      Тақырып алғаш рет Отан тарихы ғылымының зерттеу пәні ретінде қарастырылғандықтан қол жеткен нәтижелерде негізінен жаңа болып табылады. Олардың іргелілері мыналар:

      - Диссертацияда Ғ. Мүсіреповтің Қазақстан тарихына, мәдениетіне және жалпы тарих ғылымына деген көзқарасы анықталды. Қазақ этнонимі, шығу тегі жайлы зерттеулерінің өзектілігі ашылды;

      - Қазақ хандығындағы саяси үрдістер туралы қазақ хандары жайлы зерттеулерінің тарихшылардың тұжырымдарымен үндестігі дәлелденді;

      - Ғ. Мүсірепов патшалық Ресейдің отарлау саясатын зерттеп, шығармаларында тарихи көзқарастарымен айқындағаны дәйектелді;

      - Ғ. Мүсірепов шығармаларында көрініс тапқан ұлт-азаттық көтерілістер тарихына, басшыларына деген көзқарасы анықталды;

      - Диссертацияда Ғ. Мүсіреповтің әдеби, тарихи, саяси, публицистикалық шығармаларын, сондай-ақ сьездерде сөйлеген сөздері мен мақалаларын зерттей отырып, оның тарихи көзқарастарына алғаш рет жаңаша тұрғыдан баға берілді. Оның тарихқа, мәдениетке деген көзқарастарына қатысты бұрын - соңды зерттеу обьектісі болмаған деректер мен бірқатар мәселелер қарастырылды.

      - Ғ. Мүсіреповтің Кеңестік Қазақстан тарихы мен мәдениетіне көзқарасы зерттеліп, оның тарихи - әдеби, тарихи - саяси мұраларына талдау жасалды.

      Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

      - Ғ. Мүсірепов қазақ этнонимі, этногезі жайлы тұжырымдарын Күнделігінде, мақалаларында зерделеді. Академик Ғ. Мүсірепов қазақ халқының қалыптасуы жайлы ой - түйіндерін Отандық және шет елдік тарихшылардың ғылыми жұмыстарымен салыстырып, зерттеушілік қабілетін шыңдай түсті;

      - Ғ. Мүсірепов Қазақ хандығының мәдени, саяси тарихын хандар қызметі мысалында дәйектеді;

      - Ғ. Мүсірепов шығармаларында патшалық Ресейдің отарлау саясатын бірнеше бағытта ашып көрсетті;

      - Академик Ғ. Мүсірепов шығармаларында ұлт-азаттық көтерілістер тарихы, оқиғалардың шынайылығы сараланған. Кеңестік идеология үстемдігінен көтеріліс басшыларына көзқарасы өзгерді.

      - Ғ. Мүсіреповтің дүниетанымы, көзқарастары әр түрлі тарихи, мәдени өзгерістердің барысында қалыптасты.

      - Кеңестік Қазақстандағы саяси - экономикалық өзгерістерді Ғ. Мүсірепов материалистік тұрғыдан қабылдады. Қазақ мәдениетінің дамуындағы Ғ. Мүсіреповтің орны мен қызметі айрықша. Қазақ тілінің ерекшелігі, құндылығы, тағдыры жайлы ой - пікірлерінде халықты ана тілін құрметтеуге, бағалауға шақырды.

      Диссертацияның қолданбалы маңызы. Зерттеу нәтижесін тарихи жеке тұлғаларды тануда арнайы оқулық, жоғары оқу орындарында тарих факультеттерінде Қазақстан тарихын оқытуда қосымша материал, филология факультеттерінде мүсіреповтануға көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.

      Зерттеу жұмысының сарапталуы мен жариялануы.

      Диссертациялық жұмыстың негізгі түйіндері мен нәтижелері республикалық ғылыми басылымдарда және «Ғабит Мүсірепов және мұрағат» атты жинақта жарияланған. Негізгі түйіндер «Қазақ тарихы», «Қазақстан музейлері», «Мәдени мұра», «Қазақстан мұрағаттары» журналдарында мақала түрінде жарық көріп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде халықаралық ғылыми - практикалық конференцияларда баяндама ретінде оқылды. Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында алдын - ала талқылаудан өтті.

      Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, негізгі үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. 
 

  НЕГІЗГІ БӨЛІМ 

      Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, зерттеудің тарихнамасы мен деректік негізі, ғылыми жаңалығы мен тәжірибелік маңызы көрсетіледі.

      «Ғ.Мүсіреповтің дәстүрлі қазақ қоғамы мен мәдениетіне тарихи көзқарасы» деп аталатын бірінші тарауда Ғ. Мүсіреповтің қазақ халқының шығу тегі, қалыптасуы туралы тұжырымдары, үш жүз туралы ой - пікірлері және Қазақ хандығының құрылуы, қазақ хандары жайлы зерттеулері қарастырылады.

Информация о работе Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін даярланған диссертацияның