Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Октября 2011 в 23:08, автореферат
Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздікті алғаннан бергі жылдарда Отандық тарих ғылымында өзгерістер мен жаңарулар қалыптасты. Кеңестік тоталитарлық жүйенің күйреуі ұлттық тарихқа жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін туындатты. Қазіргі таңда жеке тұлғалардың өмір жолы, қоғамдық - cаяси қызметі, тарихи көзқарастары ауқымды түрде зерттелуде. Соның ішінде, ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерінің еңбектерін талдау қолға алынып жатыр. Қазақ әдебиетіндегі алыптар тобының өкілі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жазушы ғана емес, сонымен бірге, қоғам қайраткері, зерттеуші ретінде бай мұра қалдырған қайталанбас тұлға. Оның әр шығармасы тарихи негізде жазылып, Отан тарихының қилы кезеңдерінің әдебиеттегі көріністеріне айналды.
Қазақ халқының генезисі мен мәдени - рухани өмірінің бастау бұлағы ежелден іргелі ғылыми мәселелердің қатарында тұр. Геродоттың сақтар жайлы, М. Қашқаридың түбі бір түріктер туралы айтылғандары мен деректері, М. Х. Дулатидың қазақ хандығына қатысты пайымдаулары қазақтардың шығу тегінен хабар беретін, ендігі мойындалған аксиома. ХІХ ғасырда осынау ізденістерді Шоқан мен Абайда жалғастырды. Орыс ғалымдарының жазғандары бір төбе.
Ендеше, терең ой иесі Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің бұл мәселені айналып өтпегені заңды құбылыс.
Академик Ғ. Мүсіреповтің қазақ этнонимі жайлы ой-пікірлері өзектілігін жоймаған. Ол зерттеулерінде «қазақ» деген сөз түрік тілінен туған, бұл сөздің түп тамыры қасақы, қайсар, мойымайтын, өз ырқынан басқаға көнбейтін деген мағынада болуға тиісті» [14] - деп жазады. Ресми тарихнама «қазақ» этнонимінің шығу тегі жайлы әлі нақты шешімге келген жоқ. Тарихшылардың көпшілігі «қазақ» - деген сөзді еркіндікті, азаттықты сүйетін яғни Ғ. Мүсірепов сөзімен айтқанда – қайсар, мойымайтын деген мағынаға тоқталып отырғандығын айта кету керек. Ғабит Мүсірепов қазақ халқын қалыптастырған этникалық топтардың түпкі тамырларын ерте заманғы дәуірден іздеуді қуаттайды. Ол «үйсін және солтүстігіндегі динлин, батысындағы қаңлы елдерін қазақтардың атасы санайды [14,75 б.]. Күлтегін ескерткішінің қытайша бетінде динлин тайпасының аты аталады екен. Л.Н. Гумилев «Динлинская проблема» деген еңбегінде батыстық динлиндерді қыпшақтар деп атаған [15].
Динлиндер жайлы Қ. Салғараұлының «Түрік әлемі» кітабындағы қытай деректерінде үйсіндердің солтүстік көршісі хушиө Иуән патшалықтары тұсында жергілікті тұрғындармен сіңісіп, чинца яғни қыпшақ адамдары болады – деп жазады [16]. Ал, Мүсірепов динлиндер жайын таратып айтпаған.
Негізінен динлин және хушиө көршілес елдер яғни екеуі де үйсіндердің солтүстік көршісі болып табылады. Тарихшылардың осы еңбектері Мүсіреповтің тұжырымдарын толықтыра түседі.
Жалпы, халықтың шығу тегін анықтағанда: осы мекеннің ежелгі иесі ме, өз жерінде отыр ма, ата-бабаларымен әлеуметтік, саяси, тілдік, мәдени сабақтастығы барма деген сұрақтарға жауап беру керек.
Ғ. Мүсірепов бұл сұрақтардың жауабын өзінше іздеген. Ол зерттеулерінде сонау үйсін, қаңлы заманынан қазірге дейін қазақ даласын мекендеген тайпалар мен этностардың сабақтастығын көрсетіп отырады. «үйсінді ұлы жүздің атасы деп, ал ғалымдардың ғұндар дәуірі, түрік қағанатының дәуірі деп уақыт жағынан бірімен - бірін кезектестіріп әкелетініне қарсы болып, оларды заманы бір тұтас елдер» [17,93 б.], - дегенге тоқталады. Бұл көзқарасын бүтіндей қолдау қиын. Алайда ғұн, үйсін, түркілер бір дәуірдегі тұтас ел болмағанымен олар бір елдің түрлі дәуірдегі атаулары болуы ықтимал, оның үстіне осы атаулардың бәрі де «ұлттың да, ұлыстың да аты емес, ұлыстар одағының аты» деген орынды. Ғұндар мен үйсіндердің қатарлас өмір сүрген кезеңі болған, тіпті олардың «тілі, салты, әдет - ғұрпы бір» екені де тарихи кітаптарда анық жазылған ғой.
Белгілі тарихшы Отто Франко өзінің үш кітаптан тұратын «Қытай тарихы» деген еңбегінде; «Хұндар» деген атауды бір халыққа біріккен әр текті тайпалар алған болуы керек. Шамамен «скифтер» деген сияқты. Бірақ бір нәрсеге келісу керек - қай уақытта және қай дәуірде де олардың өзегі түркілер болған [8,114 б.] - деп жазады. «Бұл туралы Ш. Құдайбердіұлы: «қытай сөзінше түрік жұрты бір мезгіл хун яки хуну аталды», «үйсін һәм юечжи ... әр түрлі түріктен жиылып, ел болған халық еді», - деп атап көрсетеді [18,177 б.]. Ал М. Тынышбаев үйсіндер құрамындағы дулат, суан тәрізді рулардың бұрынғы және кейінгі тарихтарын өзара салыстыра зерттеу арқылы бұл тайпалар мен рулардың бүгінгі қазақ халқының ежелгі бабалары екендігіне күмән келтірмейді» [18,178 б.] деген пікір қосады. Байқайтынымыз Мүсіреповтің тарихи көзқарасының қалыптасуына ұлттық мүддені жоғары қойған М.Тынышбаев, Ш.Құдайбердіұлының зерттеулерінің ықпалы болғаны.
Алайда, Ғабит Мүсірепов өткен тарих жайлы дерек жинаушы ғана емес, деректерді қорытушы деңгейіне көтерілген ғалым. Ғабит Махмұтұлы Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөктің биік тұлғасын, асыл мұратын ардақтай отырып, олар туралы өз пікірінде ашық білдіреді. «Оларды қыпшақ қағандары, қыпшақ қолбасылары, ал қашаннан бері түркі қағанаты деп келгеніміз, дұрыс ашылғанда, қыпшақ мемлекеті екен. Орхон - Енисей жазулары тасқа қыпшақ қолынан түсірілген» - деп пайымдайды. Сонымен қатар «Қыпшақ мемлекеті жаңа жыл қайырудың VІ ғасырында құрылған. Мемлекет құрамында оғыз, қарлұқ сияқты әлденеше тайпалар болғанымен тілі бір. Үш тулы қыпшақ деп те аталады» [17,92 б.], - дейді. Бұл жөнінде ғалым Қ. Сартқожаұлы тәуелсіздік тұсында жариялаған еңбегінде «...үш баулы қыпшақтар, тоғыз-оғыз, басмыл, қарлұқ, отыз-оғыз, он-оқ түргештер – осы алтауы бірлікте, ынтымақта болған кезеңдерде айбынды қағанат орныққан», - деп «Қағанаттың билеуші тайпасы қыпшақтар» [19,3 б.] екенін дәйектеді. М. Жолдасбеков осы пікірмен желілес ой түйеді. «Біз тарихқа, тастардағы жазуға қарап отырып, осыны жазып қалдырған, орнатқан кімдер екен дегенге ден қойдық. Ол қыпшақтар деп байлам жасадық. Өйткені, түрік империясын құрған қыпшақтар, он оқ (үйсін, дулат), қаңлы, түргеш, басмыл, қарлұқ, сегіз - оғыз (найман), тоғыз - оғыз (керей), арғу (арғын), қият, қай, таз, әлім, шекті, адай өзге де рулар қазақ халқының этностық ұйытқысына мәйегіне айналды» [19,4 б.] деген пікір ұсынады. Сөйтіп ғалымдар пікірі Ғ. Мүсіреповтің тұжырымдарының өзектілігін аңғартады. Алайда бұл айтылған пікірлердің бәрі де ой салуды мақсат еткен, болжам пікірлер. Ғылымның бірінші қадамы қашанда болжамнан басталады. Ғ. Мүсірепов пікірінің құндылығы да сонда.
Ғ. Мүсірепов қазақ халқын «Батыс Түрік, Шығыс Түрік, Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Ордалардың бәрінде де болды. Әр тұста жайлап жүріп, бағына жүріп, алыстай жүріп, табыла жүріп, тілдерін бұзбаған, әндерін бұзбаған, әдет-ғұрпын бұзбаған. Менің ойымша Керей - Жәнібек тұстарында бастары қосылған қазақ елі Қасым мен Тәуке арасында ұлт болып қалыптасқан. Осыған қарап қазақ жалпы ұлт бола алған жоқ деуге болмайды. Қазақтың тұрақты мекені бар. Бүгінгі жері сол ескі мекен, Азия, Азия топырағы, Азия суы, Азия аспаны, Азия кеңдігі» [20,17 б.] - деп қазақ халқының құралып, қалыптасуын кезеңдерге бөліп жазады. Ұлы жазушының қазақ халқының этнос ретінде қалыптасып, дамуы, ұлттық тұтастығы туралы, ұлттық ерекшелігі жайлы пікірлері байыпты, қисынды, әдебиетшілер үшін де, тарихшылар үшін де қажет, құнды тұжырым, топшылаулар болуға тиіс. Бұл топшылаулар тұтас бір халықтың – қазақ елінің өмір тіршілігі, тарихы туралы ұзақ уақыт ізденістен туған тиянақты ойдың жемісі болса керек. Дегенмен бұл кәсіби тарихшының қорытындысы емес, зерттеушінің тұжырымы. Тұжырым болғанда да арнайы зерттеген, өзі ақиқат деп сенген тұжырым, басқалардың зерттеу нәтижелерінен қабылдаған пікірлері. Қазақ халқының шығу тегі жайлы ойларын Мүсірепов Әлкей Марғұланның: «Араб жолаушысы Әл-Фахиқ жаңа эрамыздың ІХ ғасырында Каспий мен Арал теңіздерінің солтүстігінде қазақ деген көп ел бар. Бұл тұстарда Қазақ көп ел болмаса Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің қырғындарынан кейін Қасымханның тұсында миллионға толмас еді, 300 - 400 мың әскер де шығара алмас еді» [21] деген пікірімен дәйектеп, «олай болса біздің қазақ атанғанымыз ең берісі VIII - IX ғасыр болады да » [21,1 б.] - деп түйіндейді.
«Қазақ халқы мал өсірген көшпелі ел; ғасырлар бойындағы мекені осы күнгі Азия даласы» [20,17 б.] – дегенде қазақ халқын, тілін, шаруашылық тәсілін, ділін, тіпті сыртқы түрін сақтай отырып мыңдаған жылдар бойы осынау байтақ далада жасап келе жатқан халық, оның тарихы осы даланың ежелгі мекендеушілерінің тарихынан бастау алады деген қорытынды жасауға тырысқандығы байқалады.
Академик Ғ. Мүсіреповтің айтайын дегені түсінікті, қазақ халқы ХІV-XV ғасырларда пайда болған деген қағидаға иланғысы келмейді. Табан тірер тарихи фактісі болмағанмен логикалық қорытынды арқылы қалыптасқан қағиданың кісіні ойландыратын тұстарын дөп басады. Ой түйіні «Шығыс Түрік қағанатынан бастап» қазақтар құрала бастады деген межеге саяды. Ғабит Махмұтұлы қазақ халқының этнонимі мен этногенезі жайлы зерттеулерінде «қазақ» деген сөздің түрік тілінен туып, мағынасын «қайсар, мойымайтын» деп түсіндіріп, VII-VIII ғасырлардан бастап қазақ халқы қалыптаса бастаған деп тоқталған.
Халықтың құралуы бар да, сол халықтың мемлекетке ұйысуы бар, бұл екеуі екі кезеңнің туындысы болуға тиіс. Олардың бір дәуірде іске асуы мүмкін емес, оның біріншісі тарихи - этникалық құбылыс. Екіншісі саяси құбылыс. Ғ. Мүсірепов осы екі құбылыстың екеуіне де ден қоя, пікір білдірген ойшыл. Қазақ хандығының қашан құрылғандығы жайлы нақты шешім жоқ. Сондай-ақ, не себепті қазақ хандығы аталғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. М. Х. Дулатидың еңбегінде 1465-66 жылы қазақ ордасы құрылғандығы айтылған. Онда орданың не үшін қазақ ордасы атанғаны туралы дерек кездеспейді.
Қазақ хандығының құрылуына байланысты Ғабит Махмұтұлы: «Біз білетін қазақ хандығы құрылған 1465 жылдан Тәуке хан қайтыс болған 1718 жылға дейін қазақ халқы екі жүз елу жыл өзін билеп тұрды. Толқындап тасыған кездері де бар, тасып төгілген кездері де бар» [21,2 б.] - деп өз тұжырымын береді. «Қазіргі күнде Қазақ хандығының құрылған жылын көрсететін бірнеше болжам пікірлер бар. Олардың негізгілері: 1456, 1458, 1465-66 жылдар» [22,17 б.]. Ғабит Махмұтұлы соңғы датаға тоқталған.
Қазақ ордасы 1465 жылы құрылса да, халықтың құрала бастауы ол дәуірден арыда жатса керек. Халықтың құралуы мен хандықтың құрылуы бір мезгілде болуы ойға күмән туғызады.
Дегенмен, қазақ халқының қай дәуірден бастап құрала бастағандығы туралы осы күнге дейін нақты пікір жоқ. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы жайлы пікірлер жаңадан табылған қолжазбалардың, басқа да деректердің жариялана басталуына орай жылдан – жылға көбейіп келеді.
Ғ. Мүсірепов зерттеулерінде жүздердің тарихы туралы салмақты пікірлер білдірген. Ол «Дүниеде қанша жасаса да қанша жерге жайылса да қанша уақыт сырт жұртқа бағынса да үш жүз деп аталатын қазақ халқында мынадай жігі айрылмайтын тұтастықтар бар: тілі, әні, күйі, аспаптары» - деген екен. Жалпы жүздердің тарихымен көптеген зерттеушілер айналысты және айналысып келеді, ал бұл мәселе жөніндегі пікірлер әр түрлі. Ғабит Махмұтұлы «Қазақта ондық, жүздік, мыңдық деген сияқты әскери атаулар болған емес. Тіпті Қасымханның тұсында ру болып аттанады. Сондықтан қазақтың «үш жүзі» үш жақ, үш бет, үш тұс дегенді аңғартады» [14,162 б.] деп үш жүз жайлы пікірлерін нақтылайды.
Ғ. Мүсірепов әдеби шындық пен тарихи шындықты биік көркемдік – танымдық деңгейде ұштастыра алған қаламгер [13,3 б.]. Әсіресе ұлт тарихының кезеңдері, оның тұғырлы тұлғалары мен тағдыры жайлы қызықты деректерді, Ғабит Махмұтұлы өз күнделігіне жинаған. Академик Ғ. Мүсірепов зерттеулерінде Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым, т.б. хандардың ел алдындағы абыройы мен ішкі-сыртқы саясаттарына ден қойып, Қазақ хандығының өмір сүру механизмдерін аша түседі. Ол зерттеулерінде: «Қасым – қазақ халқын жинап, қазақ хандығын құруға бар өмірін арнаған.
Шайбани - Әбілқайырдың көп елдерді билеген өзбек хандығын қайта орнатуға бар өмірін арнаған. Негізгі тартыс осы» - деп Қасым хан мен Мұхамед Шайбанидің ұзақ жылдарға созылған тартысына өз тұжырымын береді [20,102 б.]. Сол сияқты «Күнделікте» : «Тәуекел Ташкент, Түркістан, Ақсу, Андижан, Самарқант қалаларын алған. Бұқараға екі рет шабуыл жасайды. Екінші жолы жараланып, Ташкентте өледі». Сонымен қатар Ғ.Мүсірепов «Күнделігінде» қазақ хандарының орыс патшалығымен одақтасу жайлы, келіссөздер жүргізгені кеңінен жазылған. Мысалы: «Тәуке хан Тобыл (Тюмень) басшылары арқылы орыс патшалығымен достық қатынас жасауға бес рет өкіл жіберген» [20,241 б.] - осындай деректерді ресми тарихпен салыстыру біздің еншімізде.
Сонымен Ғ. Мүсіреповтің қойын дәптерінде көрініс тапқан – ұлт тарихы, сол кезеңдердегі тұғырлы тұлғалардың еңбегі мен орны, сол уақыттың сыр сипатын тарихи деректермен салыстырып қарастырдық.
Ғабит Мүсірепов Қазақ хандығының құрылуын, дамуын, нығаюын Керей, Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Тәуке, Абылай сынды қазақ хандарының қызметі арқылы зерттеген.
«Ресей империясының Қазақстанды отарлауы Ғ. Мүсірепов шығармаларында» деген екінші тарауда Ғ. Мүсірепов шығармаларында көрініс тапқан патшалық Ресей империясының отаршыл саясатының салдары мен қазақ жеріне шетел капиталының енуі, қоныстандыру мәселесінің нәтижелері, ұлт - азаттық көтерілістер тарихы зерттелген.
Мүсіреповтің «Ұлпан», «Оянған өлке», «Жат қолында», «Ақан сері-Ақтоқты», «Болашаққа аманат», «Амангелді» атты шығармаларында Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалар қамтылған. Бұл қазақ елінің Ресей отаршылдарына бағынған кезіндегі бастан кешірген оқиғалар. Қазақ жерінің патшалық Ресей отарына айналуы дәстүрлі қазақ қоғамына көптеген өзгерістер алып келді. Отарлық сипатта жүргізілген бұл өзгерістер ең алдымен кең байтақ қазақ жерін басқару жүйесінің ел мүддесімен санаспағандығынан, халықтың ежелден қалыптасқан салт - дәстүрінің бұзылуынан, шаруашылық жүйесінің басқа арнада дамып, қазақ даласына ақша-тауар және капиталистік қатынастардың енуінен байқалды. Ғ. Мүсірепов Ресей тарапынан жүргізілген отарлау саясаты туралы арнайы зерттеп, ой - пікірлерін шығармаларында, күнделігінде қалдырған.
Қаламгер қазақ жеріне енген орыс ықпалын - әйел теңсіздігі туралы мәселені көтеру, оқыту жүйесінің енгізілуі мен «орыстарша қысқы үй» салып, егін егіп отырықшылыққа ауа бастағанынан байқатады. Сонымен қатар ел анасы атанған - Ұлпанның трагедиясының астарында күйеу баласы Торсанның орыс шенеуніктерімен ауыз жаласуы екенін аңғартады.
Информация о работе Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін даярланған диссертацияның