Конституциясы ҚР

Автор: Пользователь скрыл имя, 06 Февраля 2013 в 07:02, лекция

Описание работы

Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз.

Содержание

бөлімі, Жалпы ережелер
2 бөлімі, Адам және азамат
3 бөлімі, Президент
4 бөлімі, Парламент
5 бөлімі, Үкімет
6 бөлімі, Конституциялық кеңес
7 бөлімі, Соттар және сот төрелігі
8 бөлімі, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару
9 бөлімі, Қорытынды және өтпелі ережелер

Работа содержит 1 файл

KR_Konstitucijasy.doc

— 310.00 Кб (Скачать)

20) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;

21) Республиканың Конституциясы  мен заңдарына сәйкес басқа  да өкiлеттiктердi жүзеге асырады. 

45-бап

1. Қазақстан Республикасының  Президентi Конституция мен заңдар  негiзiнде және оларды орындау  үшiн Республиканың бүкiл аумағында  мiндеттi күшi бар жарлықтар  мен өкiмдер шығарады.

2. Конституцияның 53-бабының 4)-тармақшасында көзделген ретте Республика Президентi заңдар шығарады, ал 61-баптың 2-тармағында көзделген ретте Республиканың заң күшi бар жарлықтарын шығарады.

3. Республиканың Президентi қол  қоятын Парламент актiлерi, сондай-ақ Үкiмет бастамасымен шығарылатын Президенттiң актiлерi тиiсiнше осы актiлердiң заңдылығы үшiн заңдық жауапкершiлiк жүктелетiн Парламенттiң әр Палатасының Төрағаларының не Премьер-Министрдiң алдын-ала қолдары қойылып тиянақталады.

46-бап

1. Қазақстан Республикасының  Президентiне, оның абыройы мен  қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне  болмайды.

2. Республика Президентi мен  оның отбасын қамтамасыз ету,  оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.

3. Осы баптың ережелерi Республиканың экс-Президенттерiне  қолданылады.

4. Қазақстанның Тұңғыш  Президентінің мәртебесі мен  өкілеттігі Республика Конституциясымен  және конституциялық заңмен айқындалады.

47-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиiстi салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негiзiнде әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiгiмен қабылданады.

2. Республиканың Президентi  өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiндегi iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке  опасыздық жасаған жағдайда жауап  бередi және бұл үшiн Парламент  оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжiлiс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн.Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестiң қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдамау Республика Президентiне қарсы тағылған айыптың күшi жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентiне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңiнде де осы мәселенiң қаралуына себепшi болған Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.

3. Республика Президентiн  қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Республика Парламентiнiң немесе Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.

48-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасына көшедi; Мәжiлiс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министрiне көшедi. Өзiне Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған тұлға тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының немесе Премьер-Министрдiң өкiлеттiгiн тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттiк лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

2. Осы баптың 1-тармағында  көзделген негiздерде және тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.

IV БӨЛIМ 

ПАРЛАМЕНТ

49-бап

1. Парламент - Қазақстан  Республикасының заң шығару қызметiн  жүзеге асыратын Республиканың  ең жоғары өкiлдi органы.

2. Парламенттiң өкiлеттiгi  оның бiрiншi сессиясы ашылған  сәттен басталып, жаңадан сайланған  Парламенттiң бiрiншi сессиясы жұмысқа кiрiскен кезден аяқталады.

3. Парламенттiң өкiлеттiгi  Конституцияда көзделген реттер  мен тәртiп бойынша мерзiмiнен  бұрын тоқтатылуы мүмкiн. 

4. Парламенттiң ұйымдастырылуы  мен қызметi, оның депутаттарының  құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгiленедi.

50-бап

 

1. Парламент тұрақты  негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.

2. Сенат конституциялық  заңда белгіленген тәртіппен  әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды.

3. Мәжіліс конституциялық  заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады.

4. Парламент депутаты  бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей  мүше бола алмайды. 

5. Сенат депутаттарының  өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс  депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл. 

51-бап

1. Мәжілістің тоқсан  сегіз депутатын сайлау жалпыға  бірдей, тең және төте сайлау  құқығы негізінде жасырын дауыс  беру арқылы жүзеге асырылады.  Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан  халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

2. Сенат депутаттары  жанама сайлау құқығы негiзiнде  жасырын дауыс беру жолымен  сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезектi сайлауы бұлардың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткізiледi.

3. Парламент немесе  Парламент Мәжілісі депутаттарының  кезектен тыс сайлауы тиісінше  Парламент немесе Парламент Мәжілісінің  өкілеттігі мерзімінен бұрын  тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.

4. Қазақстан Республикасының  азаматтығында тұратын және оның  аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.

5. Республика Парламенті депутаттарын сайлау конституциялық заңмен реттеледі.

6. Парламенттiң депутаты  Қазақстан халқына ант бередi.

52-бап

1. 2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен алып тасталды

2. Парламент депутаттары  оның жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте депутаттың жеке өзi ғана дауыс бередi. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқа бiреуге беруi депутатқа заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.

3. Парламент депутатының  басқа өкiлдi органның депутаты  болуға, оқытушылық, ғылыми және  өзге де шығармашылық қызметтен  басқа, ақы төленетiн өзге де  жұмыс атқаруға, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға,  коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.

4. Парламент депутатын  оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға  алуға, күштеп әкелуге, сот  тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

5. Парламент депутатының өкілеттігі  орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген  шешімі бойынша депутат іс-әрекетке  қабілетсіз, қайтыс болған немесе  хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

Парламент депутаты:

1) ол Қазақстаннан тысқары жерге  тұрақты тұруға кеткен;

2) оған қатысты соттың айыптау  үкімі заңды күшіне енген;

3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.

Парламент Мәжілісінің депутаты:

1) депутат конституциялық заңға  сәйкес өзін сайлаған саяси  партиядан шыққан немесе шығарылған;

2) конституциялық заңға сәйкес  депутатты сайлаған саяси партия  қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.

Парламент Сенатының тағайындалған  депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.

6. Депутаттарға жазалау шараларын  қолдануға, олардың осы баптың 3-тармағының талаптарын, депутаттық  әдеп ережелерiн сақтауына, сондай-ақ  депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтатуға  және өкiлеттігiнен әрi депутатқа ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан айыруға байланысты мәселелердi әзiрлеу Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледi.

53-бап

Палаталардың бірлескен  отырысында Парламент:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің  ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;

2) Үкімет пен Республикалық бюджеттің  атқарылуын бақылау жөніндегі  есеп комитетінің республикалық  бюджеттің атқарылуы туралы есептерін  бекітеді. Үкіметтің республикалық  бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді;

3) Президентке оның бастамасы  бойынша әр Палата депутаттары  жалпы санының үштен екісінің  даусымен бір жылдан аспайтын  мерзімге заң шығару өкілеттігін  беруге хақылы;

4) соғыс және бітім мәселелерін  шешеді;

5) Республика Президентінің ұсынысы  бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті  сақтау жөніндегі халықаралық  міндеттемелерді орындау үшін  Республиканың Қарулы Күштерін  пайдалану туралы шешім қабылдайды;

6) Конституциялық Кеңестің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;

7) палаталардың бірлескен комиссияларын  құрады, олардың төрағаларын сайлайды  және қызметтен босатады, комиссиялардың  қызметі туралы есептерді тыңдайды;

8) Парламентке Конституция жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

54-бап

1. Парламент палаталардың  бөлек отырысында мәселелерді  әуелі - Мәжілісте, ал содан  кейін Сенатта өз кезегімен  қарау арқылы конституциялық  заңдар мен заңдар қабылдайды, оның ішінде:

1) республикалық бюджетті  бекітеді, оған өзгерістер мен  толықтырулар енгізеді;

2) мемлекеттік салықтар  мен алымдарды белгілейді және  оларды алып тастайды;

3) Қазақстанның әкімшілік-аумақтық  құрылысы мәселелерін шешу тәртібін  белгілейді;

4) мемлекеттік наградаларды  тағайындайды, Республиканың құрметті, әскери және өзге де атақтарын,  сыныптық шендерін, дипломатиялық  дәрежелерін белгілейді, Республиканың  мемлекеттік рәміздерін айқындайды;

5) мемлекеттік заемдар  мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешеді;

6) рақымшылық жасау мәселелерін  шешеді;

7) Республиканың халықаралық шарттарын  ратификациялайды және олардың  күшін жояды.

2. Парламент палаталардың бөлек  отырысында мәселелерді әуелі  - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы:

1) республикалық бюджеттің атқарылуы  туралы есептерді талқылайды;

2) Республика Президентінің қарсылығын  туғызған заңдар немесе заңның  баптары бойынша қарсылықтар  жіберілген күннен бастап бір  ай мерзім ішінде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбайды немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі. Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға Мемлекет басшысының қарсылығы осы тармақшада көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің даусымен еңсереді;

3) республикалық референдум тағайындау  туралы бастама көтереді.

55-бап

Сенаттың ерекше қарауына мыналар жатады:

1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң  ұсынуымен Республиканың Жоғарғы  Сотының Төрағасын және Жоғарғы  Сотының судьяларын сайлау мен  қызметтен босату, олардың анттарын қабылдау;

2) Республика Президентінің Республика  Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас  прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім беру;

3) Республиканың Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасы мен  судьяларын оларға ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан айыру; 

4) 2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен алып тасталды

5) Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындау;

6) Конституциямен Парламент  Сенатына жүктелген өзге де  өкілеттіктерді жүзеге асыру. 

Информация о работе Конституциясы ҚР