Стилистистикалық көркемдеуіш сөздердің жеткізілу қиындықтары

Автор: Пользователь скрыл имя, 25 Марта 2012 в 11:51, дипломная работа

Описание работы

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Адамзат аударма арқылы араласып - құраласады. Біз өмір сүріп жатқан әлемнің іштей белгілі бір жүйеге құрылғандығы, адам тіршілігінің кез келген қимыл-әрекеті өзінше шағын жүйе екендігі, онсыз әлемнің тұтас жүйесі жасалмайтындығы белгілі. Әлем халықтары тілдерінің арасында да қарым-қатынастың өз жүйесі, яғни трансляторы болуы керек. Тілдер арасындағы осындай байланыстырушы жүйенің ең қарапайым шешімі – аударма. Бұл тұрғыдан қарағанда аударма адамзатты біріктіріп тұрған факторлардың бірі деуге де болады.

Содержание

КІРІСПЕ.......................................................................................................
1. Стилистика және оның міндеттері
1.1Стилистика және оның зерттеу әдістері...................................
1.2 Тілдің стилистикалық көркемдеуіш сөздері және олардың қолданыс аясы...
2. Стилистистикалық көркемдеуіш сөздердің жеткізілу қиындықтары (І.Есенберлиннің «Көшпенділер» көркем шығармасы негізінде)
2.1 Стилистикалық көркемдеуіш сөздердің көркем әдебиет аудармасында алатын орны .........................................
2.2 Көркем шығармадағы стилистикалық тәсілдердің жеткізілу ерекшеліктері..............................................
2.2.1 Шығармада кездесетін метафора аудармасы.................
2.2.2 Шығармада кездесетін теңеулер аудармасы.......
2.2.3 Шығармада кездесетін эпитеттер аудармасы
2.2.4 Инверсия.............................
2.2.5 Перефраз........................................
ҚОРЫТЫНДЫ.................................................
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.....................................

Работа содержит 1 файл

дипломдық жұмыс.doc Шолпан.doc

— 297.50 Кб (Скачать)

      Бәрінде ел аз, иесіздік мол. Іргелі мекен, өнерлі шаһар жоқ (М. Әуезов). Қазіргі бұлтсыз аспандай алысқа, тазалық рақатқа шақырып, жыраққа меңзейді.

      Шаһар сөзінің көркемдеуіш бояуы алдыңғы сөйлемде анық көрініп тұр. Көркем әдебиет стилі үшін өнерлі қала дегеннен өнерлі шаһар тіркесі жарасымды. Жалпы, осындай жекелеген сөздердің қай-қайысының да экспрессивтік бояуы негізінен көркем әдебиет стилінде айқынырақ көрінеді. Сөйлеу стиліндегі мына бір экспрессивтік құбылыс кейде көркем әдебиет стилінде де өте ұтымды пайдаланылады. Мысалы, дағдылы ауызекі тілде, кекесінді, юморлық ыңғайда кейбір адам жөнінде сөлпекбай немесе бөспебай деп те өз ара айтылады. Мұндағы экспрессивтік бояу Сәрсенбай, Мұратбай тәрізді кісі аттарының ізімен жасалып тұр. Осы әдісті жазушы кейде таза стильдік мақсатқа, көркемдік, ұтымдылық үшін пайдаланды. Мысалы,

Ғ. Мүсірепов «Желкеден бір-екі рет түйіп жіберді» немесе «бір-екі рет желкелеп жіберді» деудің орнына былай дейді: Колхоздың көпшілігі тосқауыл тосқан жаудың үгіті екеніне түсініп, Есілбай мен Сүгірбай молданы сәлдесінен бастап иманына дейін сыпыра боқтап, үйіне де бір қуып тыққан.Бір-екі рет Желкебай да беріп жіберген. Сөйлеу стиліндегі бұл тәрізді экспрессивтік бояу басқа автордан да байқалады. Мысалы, І. Жансүгіров келген қонақтардың күн көріс, дәулет дәрежесінің біркелкі еместігін бір сөзбен ғана өте әсерлі етіп суреттейді. Қыр мен қаланың қоспасынан құралған бай аулының реңі сияқты олардың қонағы араласпай болушы еді. Академик В. В. Виноградов айтқандай, тілдің экспрессивтік сапасы стильді қалыптастырудың бір құралы болып табылады.

      Экспрессивтік бояу сондай-ақ тілдегі кейбір көне құбылыстан да айқын сезіледі. Мысалы бояу зат есімі көркем әдебиет стилінде кейде көне бояқ формасында қолданылады. Оның (бояқ сөзінің) көркем әдебиет стиліндегі экспрессивтік бояуы мына бір өлең жолынан анық көрінеді.

                           Қозға енді, бота көзім, Қызыл атым,

                           Сертті істе өнеріңді қызынатын!

                           Көк бояқ ен далада құлаш керіп,

                           Жұлдыздай көктегі ағып сызылатын (С. Сейфуллин).

Экспрессивтік бояуы бар жоғарыдағы тәрізді жеке сөз, кейбір көне құбылыс сөйлеу стилінде, публицистикалық стиль мен көркем әдебиет стилінде көбірек кездеседі. Ал ғылыми және ресми кеңсе стильдерінде сирек ұшырасады.

      Тілдің стильдік мүмкіндігі жалпы халық шаруашылығының, қала мен ауылдың өсу-өркендеу қарқынына, халықтың заттық және рухани мәдениетінің даму дәрежесіне сәйкес бірте-бірте жетіле түседі, кеңейіп отырады. Сөздің түрлі ауыс мағыналары міне, осы тұста қалыптасады. Олар, белгілі бір стильдік қажетке байланысты, сөздің негізгі (тура) мағынасынан келіп шығады. Ауыс мағына екі түрлі: бірі – жалпы халықтық стильде,екіншісі – оған керісінше, яғни белгілі бір автордың сөз қолдануында жалғыз-ақ рет не өте сирек кездесетін ауыс мағынада келеді. Соңғыны әдетте контексттік ауыс мағына деп атайды. Сөздің осы тура, ауыс және контексттік мағыналарын мына мысалдардан анық көруге болады.

       Күйме алыстап барып, сар көделі белден аса берді (М. Әуезов). Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел – өзің едің (сонда). Қазір бетпақдаланың ойы мен қыры көкпеңбек бояқтай (Ә. Көшімов). Қыр жолаушысы сияқтынған саптамасы бар (М. Әуезов). Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма...Тәтті ауыздан дәм кетпей (Абай).

      Осы үзіндідегі бел, қыр, тәтті есімдері өздерінің тура мағынасында да, сондай-ақ ауыс мәнде де жұмсалған. Бел сөзінің қолданылуы ерекше көңіл аударады. «Сар көделі белден аса берді». Бел бұл арада өзінің нақтылы, тіке мағынасында келіп тұр. Ал содан соңғы екінші сөйлемнің бір өзінде бел зат есімін жазушы қатарымен екі рет әдейі қолданады. Бірақ екеуі де екі түрлі ауыс мағынада: «Қай белдің астында жүрсем де...». Мұндағы бел сөзі қай жерде жүрсем де дегенді аңғартады. Ал «бір бел өзің еді» дегендегі бел тірек, сүйеніш ұғымында алынған. Қыр сөзі де солай. Ол да әуелі тура мәнде, содан соң ауыс мағынада қолданылған.

      Тәтті ауыз дегендегі тәтті сын есімінің мағынасы – контексттік. Тәтті сөзі ауыз зат есімімен тіркесіп, көркем әдебиет пен публицистикалық стильдерде ғана алынады.

     Жалпы халықтық ауыс мағына үш түрлі: метафоралық, метонимиялық және синекдохалық жолмен жасалады.

     Метафораның (ауыс мағыналы не әсірелеу мағынасындағы сөздің) ең көп қолданылатын жері – публицистикалық стиль мен әсіресе көркем әдебиет стилі. Сөздің метафоралық мағынасы шешендік сарындағы өсиет өлеңдерден, мақал-мәтелден, айтыс жырларынан, қиссалардан, жұмбақ пен жаңылтпаштардан, ауыз әдебиетінің өзге де үлгілерінен кездеседі. Бірақ осылардың ішінде өте-мөте көркем әдебиет стилінде жиі және әр тарап түрде келіп отырады.

       Сөз бақпаған момын ағайынның бәрі де Қодарды қараламады

(М. Әуезов). Өмір бойы кімге кездессе де ылғи тарқап кеткен базардың соңына ілінумен өткені ме? Өткен соң базар, қайтқан соң ажар...Сен едің базарым (Абай). Балуан қолы Лениннің, Ұстады заман тұтқасын

(А. Сүлейменов). Бұзау тіс қамшы құйрығын шаншып алып қайқайып барады (Ғ.Мүсірепов).

     Осы үзіндідегі қараламады деген етістік метафоралық тәсілмен өзінің тікелей мағынасынан шығып, стильдік жаңа ұғымда жұмсалған. Метафораның ең басты стильдік ерекшелігі – бейнелілігі, ойды бейнелі түрде жеткізетіндігі. Ол сондықтан да көркем әдебиет стилінде жиі қолданылады. Ал, ғылыми, кеңсе.ресми іс қағаздары стильдерінде метафора дәл мұндай дәрежеде кездеспейді. Поэтикалық метафора көркем әдебиет стилімен тығыз байланысты. Әрбір жазушы образ жасауда осы метафоралық сөз қолдану тәсіліне көбірек барады. Мысалы: Даусы гүжілдеңкіреп шығатын, жарықшақ үнді Ділдә Әйгерімнің жүзінен көз алмайды (М. Әуезов). Барлық жаңағы жас әйелдердің шыншыл сезгіш жүздерінде жағалай дуылдап шапшаң толқын, жеңіл қызғылт нұр жүгірді (сонда). Сол кеште үнсіз қоңыр тартып, жайлауларына қайтысты (сонда). Бұл мысалдардағы метафоралық сөз қолданыстар мыналар: жарықшақ (үн), жеңіл (нұр), қоңыр тартып. Көркем шығармада метафоралардың стильдік қызметі неше алуан болып келеді. Тіпті жалпы халықтық сипат алып кеткен метафораның өзін де жазушылар әдетте неше алуан сақта түрліше құбылтып, құлпырта пайдаланады.

        Бұл қағазда Ғайша жүрегінің қайғысы мен өз өмірінің өкінішті арманын  түгендеп, тізіп жазып еді (М. Әуезов). Сондай кездің қарсаңында өз елінің ішімен қағаздасып жату лайық емес (сонда). Молдалар қызылды сезген қарақұстай жанталасып жүр(М. Әуезов). Ылғи қызыл бер деп, тағы керілмейді (сонда). Қызылы қырманымның мая, қырдай (Керімбеков).

       Қағаз, қызыл метафоралары тура мағынада да, метафоралық мағынада да қолданылған. Жалпы халықтық сипат алып кеткен мұндай метафоралар тілімізде өте көп, бұлардың қолданылу аясы, стильдік бояуы әр алуан болып келеді.

                      Аласы аз қара көзі нұр жайнайды...

                      Бұл іске кім виноват

                      Я Семейдің қаласы?

                      Я қазақтың аласы?... (Абай).

   Осындағы аласы сөзі екі түрлі мағынада: біріншіден, тура мағынада (аласы аз көз), екінщіден, метафора ретінде жұмсалып тұр. Ол көбінесе жалпы халықтық сипаттағы метафорлық мағынада (ала ауыз, ала қол, мал аласы сыртында, адам аласы ішінде, алтау ала болса тәріздес тұрақты тіркес құрамында) жұмсалады. Ал көркем әдебиет стилінде белгілі бір көркемдік қажетке орай бұл тұрақтылық үнемі сақтала бермейді. Яғни жоғарыдағы сияқты тіркестердің ара жігі кейде ашылып, ондағы компоненттер ара тұра өз алдарына жеке жеке де қолданылады. Абай ала сөзін әділдік, адалдық, береке бірлік, жоқтық, алауыз мағынасында, дағдылы сөз орамын өзгертінкіреп, өзіңше стильдік ыңғай беріп, жаңаша қолданып отыр. Бірақ ол бұл жерде де (ала сөзі) өзінің жалпы халықтық ауыс мағынасынан ажырамаған. Осы тәріздес стильдік құбылу тәтті сын есімнің метафорлық мағынасында да айқын байқалады. Мысалы, оның бір өлең жолдарындағы қолданылуына көңіл аударып көрейік.

                        Тәтті ауыздан дәм кетпей...

                        Уылжыған тәтті жас ( М. Әуезов).

                        Жақынның сөзі тәтті де...

                        Мінезі тәтті болмайды...

                        Жылы тәтті жауап айт.

                        Жақсы ән мен тәтті күй... (Абай).

      Бұл үзінділерде тәтті сөзі бес рет қолданылған. Алдыңғы екі мысалдағы ауыс мағынасы контекстік қана, яғни тәтті жас, мінезі тәтті орамдары жалпы халықтық аяда айтыла да, қолданыла да бермейді. Ал тәтті күй, сөзі тәтті тіркесіндегі тәтті сын есімінің метафоралық мағынасы ондай емес. Мұнда олар жалпы халықтық ауыс мағынада қолданылып тұр. Олай дейтініміз жақсы ән мен тәтті күй деген сөз орамы қазақ шәкіртінің қазір қай-қайсысына да таныс, түсінікті. Тәтті сөзінің қоолданылуындағы стильдік ерекшелік әсіресе мына бір контексте көрінеді.

                           Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?

Бұл арада тәтті сөзі өзінің тура мағынасында ма, әлде жалпы халықытық сипаттағы метафора ретінде қоолданылып тұр ма – дәл айту қиын. Себебі оны дәл осы жолда тіра мағынасында да, ауыс мағынада да алып қарауға болады. Жазушы екеуін қатарластыра, қабаттастыра пайдаланған. Автор тәтті сөзін стильдік мақсат үшін әдейі қолданып отыр. Тура мағына мен метафоралық мағына бір-бірін толықтырып, бірімен-бірі астасып кеткен. Тәтті сын есімінің мұндағы ең негізгі стильдік мәнінің өзі де осы.

      Метафораға қарағанда, метонимияның (ауыс мағынасы бір зат пен екінші бір заттың өз ара ұқсастығының негізінде жасалатын сөздердің) қолданылу аясы әлдеқайда тар. Метафора стиль түрлерінің қай-қайсысында (бірінде аз да, басқасында одан көбірек) қолданылатын болса, метонимия мүлдем олай емес. Метонимия тілдегі стильдердің бәрінде бірдей қолданылмайды. Ал ғылыми стиль ( тіпті қоғамдық ғылымның өзінде де) мен ресми-кеңсе стилінде жалпы кездеспейді. Оның көбірек қолданылатын жері – көркем әдебиет стилі. Метонимияның көркем әдебиет стиліндегі қолданылуы метафорадан гөрі өзгешелеу: яғни бұл екі тропаның жазушы шығармаларындағы жұмсалу дәрежесін бірдей деуге болмайды. Өйткені, метонимияны көркем әдебиетте қолдану мәселесі, яғни оның шығармадағы аздығы немесе көптігі ең алдымен әрбір жеке автордың сөз қолданылуындағы өзінджік шеберлігімен тығыз байланысты. Шығармада метонимияны қолдану үшін белгілі дәрежеде шеберлік қажет. Метонимияның кей жазушыда азырақ, кейінде одан көбірек болатыны міне осы себепті. Осы тұрғыдан алғанда, метонимияны М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтың қолдану шеберліктері ерекше көңіл аударады.

       Теңіз қарнын семсердей тілгілеп жүрген жалғыз өзі ғана емес екенін көкқасқа енді абайлайды. Өзімен ата тегі бір Азат-мая нәсілінің естияр еркектері түгел құтырынып, олар да жарқырап ағып, жорық әнін салып жүр. Теңіз астында найзағай көбейген, жарқылдау көбейген. Сол найзағайлар барлық ана балықтарға ұлы жорықтың бет алысын, жөнін сілтейді (Ғ. Мүсірепов).

      Жазушының мұндағы найзағай деп отырғаны – көкқасқа тәріздес ата балықтар. Әрине, «Теңіз астында ата балық көбейген. Сол ата балықтар барлық ана балықтарға ұлы жорықтың бет алысын,жөнін сілтейді» деп те жазуға болар еді. Бірақ мұның көркем экспрессивтік,эмоционалдық бояуы алдыңғыдан әлдеқайда солғын да, өте көмескі. Жазушы соны алдын ала ескеріп, ата балық деудің орнына найзағай метонимиясын әдейі және өте тапқырлықпен, дәл қолданып отыр. Демек, метонимия – көркем әдебиет стиліне барынша тән құбылыс. Көркем әдебиет стилінде метонимияны қолдануда қалыптасқан мынадай бір тәсіл бар. Мысалы, әлгі найзағай зат есімін немесе сондай басқа бір сөзді метонимия дәрежесінде келтіру үшін, алдымен оны -дай (дей) қосымшасын жалғап, бір рет қолданып алады. Бұл метонимияның қандай мағына білдіріп тұрғанын аңғару үшін де қажет.

        Көкқасқа бұлардан ығысқан жоқ. Қанды ауыздар тобын қақ ортасынан найзағайдай жарып өтті. Құлқын тырбаңымен жүргендер найзағайды қалай ұстай алсын, ауыздарын ашқан бойы қала берді (Ғ. Мүсірепов). Алғаш кездескен құламадан аналықтар да көр іркілмей өтті...Бір сәт құлама үстінде күміс қанжар лақтырысып, ойнап жүрген біреулер бардай еді. Төменнен жоғары қарай лақтырған қанжарлар күн көзінде бір жарқ етіп қалды да, суға шаншыла түсіп жоқ болды (сонда).

      Жоғарыдағы найзағай метонимы тәрізді, мұндағы қанжар метонимы да сол барлық мағынасында қолданылған. Метонимия көркем әдебиет стилінде тек жеке сөз түрінде ғана емес, тұтас бір орам, тіркес болып та келіп отырады. Мұндай орам түріндегі метонимияның мағынасы да жалпы контекстен аңғарылады. Метонимияның өзіндік осы ерекшеліктеріне байланысты, ол өзге стиль түрлерінің көбінде қолданылмайды. Метонимияның табиғаты, оған тән сипат ерекшелік көркем әдебиет стилінде ғана жан-жақты, толық көрінеді. Бұған ілгеріде келтірілген үзінділер де, сондай-ақ мына бір мысал да әбден дәлел бола алады.

       Алдыңғы күні Ержан аңшы үйіне екі түлкі әкеліп еді. Екеуі де алтайы қызыл, алтындай жымыңдайды екен...Қалың қызыл алтынның бетінде азғана ақ қылаң күміс сызықтар бар (Ғ. Мүсірепов). Жемсауын шалқайта ұстап, темір найзаларын тоса берді. Тырнақты да білекті екен (сонда).

      Бұл үзіндідегі метонимиялық мәнде жұмсалғандары: қалың қызыл алтын және ақ қылау сызықтар, темір найзаларын деген сөз орамдары.

     Сөздің синекдохалық мағынасы басқа стиль түрлеріне қарағанда әсіресе сөйлеу стилі мен көркем әдебиет, публицистикалық стильдерде көбірек байқалады. Ал ғылыми, ресми-кеңсе стильдерінде ондай дәрежеде кездеспейді. Синекдоха өте-мөте көркем шығармада неше алуан стильдік мақсатта жұмсалады. Бұл жеке жазушылардың тіл байлығымен, сөз қолдану шеберлігімен байланысты.

     ...Құнын айтпаймын. Бірақ Қарашоқыны қайтесің? Ол мына баланың сыбағасы емес пе еді? (М. Әуезов). Қарашолақпен алғаш тоғысқан жерде тайталаста, біздің қостың абыройын айрандай төкті-ау (сонда). Амандаса келген, қайырлы болсын айта келген, Байсал, Құлыншақ дәл бүгінгі күн амандасу емес, Бөкенші, Борсаққа қыр көрсете келіп тұр (сонда).

     Алдыңғы сөйлемде Қарашоқыны емес, сол жерде өлтірілген Қодарды қайтесің деген мағына берілген. Сондай-ақ қостың абыройы, Бөкенші, Борсақ деген жеке сөз тіркесі мен жалқы есімдер де осындай ауыс мағынада қысқа қайырылған, яғни соңғы екі мысалда әңгіме қостың өзі туралы емес, онда тұратын адамдардың абыройы жөнінде және Борсақ, Бөкенші руларының адамдары жайында болады. Бұл сияқты сөздер көркем әдебиетте кейіпкер тілінде де, авторлық баяндауларда да келе береді. Әрине, «қостың абыройы» тіркесі қостағы адамдардың абыройы жөнінде айтылғаны түсінікті. «Қарашоқыны қайтесің» дегендегі Қарашоқы «Қодар өлтірілген жер» мағынасында қолданылып тұрғанын оқушы контекске, шығарманың сюжет желісіне қарап түсінеді.

Информация о работе Стилистистикалық көркемдеуіш сөздердің жеткізілу қиындықтары