Автор: Пользователь скрыл имя, 13 Марта 2012 в 20:45, автореферат
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында елімізді жан-жақты жаңартудың жаңа кезеңіндегі басты басымдықтарының маңызды бағыттары ретінде қолымызда бар мүмкіндіктерді айқындау және пайдалану, сондай-ақ жаңа бәсекелестік артықшылықтар қалыптастыру арқылы Қазақстанды жаһандық экономикаға ойдағыдай кіріктіруге негізделген мемлекеттік саясат, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін толымды стратегия әзірлеу және оны іске асыру, осы тұрғыда орта және шағын кәсіпкерліктің жаңа инновациялық сипатын құруды айқындады.
2-кестеде көрсетілгендей, франчайзингтік компаниялардың ең дамыған салалары – қоғамдық тамақтандыру және бөлшек сауда саласы. Франчайзингтік фирмалар жылдам тамақтандыру кәсіпорындарының санындағы үлесі 2007 жылы 2001 жылмен салыстырғанда 3,9 есе, ал 2004 жылмен салыстырғанда 1,9 есеге өсіп – 4,3%-ды, ал фирмалық бөлшек сауда үлесі сәйкесінше 8,6 және 3 есеге ұлғайып - 8,2%-ды, азық-түлік өнімдерінің ерекше түрлерін сату – 2,4%-ды және денсаулық сақтау және фитнес 2,4 есеге артып - 3,3 %-ды құрады. Бұл мәліметтер жоғарыда қарастырылған еліміздегі франчайзингтің ерекшеліктерінің негізгі сипаттамаларын растайды.
Осы көрсеткіштерге сәйкес еліміздегі франчайзингтік бизнестің келешекте қарқынды даму бағыттарын айқындауға болады, олар: туристтік кластерді дамыту бағдарламасына сәйкес қоғамдық тамақтандыру, қонақүй шаруашылығы, тұрмыстық қызметтер және бөлшек сауда, сонымен қатар бизнесті ұйымдастыру мен жүргізуге қатысты кеңес беру, автокөлік және оны жөндеу, құрылыс-жөндеу қызметтері.
Қазақстандағы франчайзингтің қалыптасуы мен даму жағдайын зерттей келе, нарықтағы бірқатар отандық кәсіпорындар өзін әлеуетті франчайзер ретінде жариялағаны айқындалды (3-кесте).
3-кестеде көрсетілген қазақстандық әлеуетті франчайзерлер қызметтерінің көрсеткіштерін талдай келе, саудалық франчайзинг саласындағы франчайзерлердің роялти мөлшері жалпы табыстың 3 %-ын, ал қызмет көрсету саласында 3-4%-ды құрайды. Отандық нарықтағы франчайзингтік негізде қызмет атқарушы кәсіпорындардың қызметін жан-жақты сараптау барысында олардың бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші тұрақты пайда алу екені анықталды.
3- кесте - Отандық нарықта қызмет атқарушы франчайзерлердің сипаттамасы
Компания атауы | Қызметінің сипаты | Франчайзинг түрі | Роялти мөлшері |
«Сеймар» (жалпы табыстан, %) | Құс шаруашылығы өнімдерін өндіру, сату | өндірістік | 5 |
«Транссистема» (жалпы табыстан, %) | Автокөлік кәсіпорыны | мастер-франчайзи | 3 |
«Ромат» (жалпы табыстан, %) | Дәріханалар желісі | саудалық | 3 |
«Алма – TV» (жалпы табыстан, %) | Кабельді телеарна | мастер-франчайзи | 3 |
«Көтерме сауда клубы» (жалпы табыстан, %) | Азық-түлік дүкендері желісі | саудалық | 3 |
«Медведь» (жалпы табыстан, %) | Мейрамхана | сервистік | 4 |
«Мебельер» (жалпы табыстан, %) | Жиһаз өндірісі | саудалық | 4 |
«Umex Realty» (таза пайдадан, %) | Жылжымайтын мүлік компаниясы | мастер-франчайзи | 4 |
«Nails Club» (таза пайдадан, %) | Сұлулық салондар желісі | мастер-франчайзи | 3 |
«Folding Space» | Жиһаз саудасы | саудалық | айына 5000 теңге |
Ескертпе – ҚФҚ-ң мәліметтері негізінде автор құрастырған. |
Бизнестің франчайзингтік үлгілерін жүйелеу мен жіктеу коғамдық тамақтандыру саласында франчайзинг тұжырымдамаларының таралу келешегі үшін қажетті шарт болып табылады. Зерттеу тақырыбын жан-жақты ашу мақсатында қоғамдық тамақтандыру саласындағы франчайзингтің ерекшеліктеріне тоқталып өтейік. Мейрамхана бизнесі кез келген елдің экономикасының маңызды құрамдас бөлігі және релаксация мен рекреация функцияларының шешімдерін қамтамасыз етеді. Кафе, мейрамханалардың және дәмханалар франчайзерлерінің орналасқан жерін қарастырсақ, олардың көбі қала орталықтарында және жанданған сауда орталықтарында орналасқан. Орналасу орнына байланысты мейрамханалардың көлемі мен интерьері де өзгереді.
3-суреттегі мәліметтер бойынша, қоғамдық тамақтандыру саласындағы франчайзингтік компаниялардың – 2,8 %-ы мейрамханалардың үлесінде. Бұл осы салада мейрамханалардың кеңінен таралуымен айқындалады. Ал 2,3%-ы кафелер мен барлардың және асханалардың - 2%-ы франчайзингтік екені анықталды.
3-сурет – 2007 жылғы Қазақстан Республикасындағы қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарындағы франчайзингтік компаниялардың үлесі
Ескертпе - ҚР-ның Статистика агентігінің және ҚФҚ-ң мәліметтері.
Қазақстан нарығындағы франчайзинг негізінде қызмет ететін жылдам тамақтандыру саласындағы көшбасшы «РосИнтер Алматы» кәсіпорынының «Ростик`с», «IL Патио» мейрамханалары және «English First» компаниясы франшизаларының сипаттамалары 4-кестеде қарастырылған.
4-кесте- «Ростик`с фудкорт», «IL Патио» мейрамханалары және «English First» компаниясы франшизаларының сипаттамалары
Көрсеткіштер | «Ростик`с фудкорт», | «IL Патио» | «English First» |
Мейрамхананы/компанияны ашуға қажетті алғашқы жарна (АҚШ доллары) |
25000 |
40000 |
30000 |
Инвестиция мөлшері (АҚШ доллары) | 170000-250000 | 500000
| 160000 |
Роялти мөлшері (жалпы табыстан %) | 7 | 6 | 10 |
Жарнамалық қорға төленетін мерзімдік төлемдер (%) | 2 | 2-4 | 10 |
Мейрамхана/компанияны ашуға қажетті алаң мөлшері (шаршы метр) | 90
| 300
| 200-300
|
Ескертпе – ҚФҚ мәліметтері негізінде автор құрастырған. |
Кесте мәліметтері бойынша, Алматы қаласындағы «Рамстор» сауда кешенінде орналасқан «Ростик’с» мейрамханасын ашу үшін қажетті алғашқы жарна 25000 АҚШ долларын, ал инвестиция мөлшері 170-250 мың АҚШ долларын құрайды. Роялти ай сайынғы жалпы табыстың 7 %-нан тұрады. «IL Патио» мейрамханасының алғашқы жарнасы 40 мың АҚШ доллары және инвестиция мөлшері 500 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл жағдай, яғни, бір компанияның франшиза құнының әр түрлі болуы әрбір мейрамхана тұжырымдамаларының өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты.
Аталған төлемдерді мейрамханалардың ашылған кезден 3-6 ай өткеннен кейін өтеуіне мүмкіндік беріледі. Жарнамалық қорға төленетін мерзімдік төлемдер осы аймақтағы жарнама науқаны кезінде франчайзердің жарнамалық шығындарының белгілі мөлшері ретінде төленеді. Әлемдегі білім беру саласындағы ағылшын тілін үйретуге маманданған «English First» компаниясы Қазақстандағы жеке меншік франчайзингтік кәсіпорындардың бірі болып табылады. Компанияның мектептері дүние жүзінің 50 мемлекетінде жұмыс атқарады. Оның алғашқы жарнасы 30 мың АҚШ доллары, ал қажетті инвестициялары 160 мың АҚШ долларын құрайды. Роялти мөлшері алдыңғы екі кәсіпорынмен салыстырғанда жоғары - 10%, оның себебі – білім беру саласындағы шығындар мейрамханалармен салыстырғанда төмен.
Жоғарыдағы келтірілген мәліметтер екі компанияның бизнесін жүргізу үшін франчайзингті таңдауы, оның кәсіпкерліктің бірден-бір тиімді бағыты екенін дәлелдейді. Қазақстан франчайзинг қауымдастығының мамандарымен бірге жүргізілген зерттеулер бойынша Қазақстан нарығындағы франшизалардың көпшілігінің құны 5000 АҚШ долларынан басталып, 500000 доллар шамасы аралығын қамтитыны айқындалды. Алайда, еліміздің көптеген кәсіпкерлерінің осындай сомаларды төлеуге қаржылық мүмкіндіктері жоқ, бұл франчайзингтің дамуын тежеуші факторларының бірі болып табылады.
Франчайзерлердің басым бөлігі франчайзингтік желі қызметіне бір жағынан, оның шығындарының төмендеуінен, екінші жағынан, бәсекелік артықшылықтарын арттырып, осыған сәйкес нарық үлесін өсіру негізінде пайда алады. Қазіргі кезде отандық нарықта бірқатар әлеуетті франчайзерлер тобы айқындалуда. «РосИнтер» компаниясының франчайзингтік желілерді дамытуда жоғары жетістіктерге қол жеткізуі – оның әлеуетті франчайзиді таңдап, оларды оқыту, бизнесті регламенттеу және желіні кеңейтуді қамтитын барлық мәселелерді табысты шешуімен айқындалады.
«РосИнтер» – бұл тамақтандыру кәсіпорындарының пайдалылығы жоғары желісі. Қазір осы марка атауымен ТМД және Еуропа елдерінде 250-ге жуық мейрамхана бар, олардың 22-і Қазақстанда қызмет етеді. Тамақтандыру кәсіпорындарындағы шаруашылық қызметтің франчайзингтік үлгісін ұйымдастыру ерекшеліктері қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының франшизасы екі негізгі құрамдастан, яғни санаткерлік меншік объектілері мен көрсетілетін қызметтен тұратындығымен түсіндіріледі (4-сурет).
Қоғамдық тамақтандыру саласындағы франчайзингтік жүйені құруға қажетті ең басты фактор – технологиялық деңгейді қалыптастыру. Осы мақсатпен «РосИнтер Алматы» компаниясы келесідей іс-шараларды жүзеге асырады: франчайзингтік кәсіпорын тұжырымдамасы тиімділігін дәлелдеу, оның беделінің параметрлерін анықтау, әзірлейтін тағамдар мен ұсынатын қызметтер сапасын талдау, жұмыс әдістерін, қолда бар жүйесін басқа кәсіпорындарға ұсыну мүмкіндігін айқындау, роялтиді өтеуі, еңбек ақыны, франчайзердің құрылған жүйеден алатын пайдасын есептеу.
4- сурет - «РосИнтер Алматы» компаниясы франшизасының компоненттері
Ескертпе - «РосИнтер Алматы» компаниясы мәліметтері негізінде автор құрастырған.
Франчайзингтік қатынастар бойынша франчайзер қолданыстағы «ноу-хаудың» күрделі пакетін сататындықтан оған франчайзингтік жүйе құрылғанға дейін осы пакеттің өткізу қабілеттілігін дәлелдеу қажет, себебі франчайзи роялти төлеу және нарықтағы өзіндік қызмет стилін сақтау қажеттілігінен франчайзерге тәуелді болады.
Франчайзингтік жүйенің сәтті дамуында маркетингтің рөлі зор. Осыған байланысты қоғамдық тамақтандыру нарығындағы тұтынушылардың талғам талаптарын анықтау үшін пікір сұрау арқылы маркетингтік зерттеулер жүргізілді. Мақсаты – 18-65 жас аралығындағы Алматы қаласы тұрғындарының қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары қызметтерін тұтынудағы талғамдарын айқындау. Оның әдістемелік негізі ретінде зерттеу жүргізудің әдістері, кезеңдері, тәсілдері алынды. Зерттеудің репрезентативтілігі іріктеме мөлшерімен анықталып, 385 адамды қамтыды. Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарына тұтынушылардың келу жиілігін; респонденттердің мейрамханаларды таңдауына теріс ықпал ететін факторлар белгілеу; қызмет көрсетудің тартымды әдістері мен түрлерін айқындау зерттеудің негізгі міндеттері ретінде қарастырылды. Мәліметтерді жинау пікір сұрау әдісі арқылы жүзеге асырылды. Респонденттерді жынысына байланысты рангтерге бөлу негізінде олардың 83,2%-ы әйелдер, ал 16,2% еркектер екені айқындалды, олардың ішінде мейрамханаларға келушілердің негізгі бөлігінің жас шамасы 20-49 жастағылар 69,6% болды. Келушілердің нақты мейрамхананы таңдау себептері мен жеке жағдайлардағы факторлардың ерекшелігін 5-суреттегі мәліметтер негізінде қарастырамыз
.
5-сурет – «Жанұяның нақты мейрамхананы таңдауында қандай фактор басты рөлді атқарады?» сұрағына респонденттердің жауаптары
Ескертпе- жүргізілген пікір сұрау мәліметтері негізінде автор құрастырған.
Суретті талдай келе, «жанұяның нақты мейрамхананы таңдауында қандай фактор басты рөлді атқарады?» деген сұраққа респонденттердің 83 %-ы – «тағамдардың бағасы» критериін негізгі ретінде атап өтті, ал 66%-ы – «тағамдардың дәмдік қасиеттері (ас үйі)», 61,7% – «мейрамханадағы қызмет көрсету сапасы», респонденттердің 55,3%-ы – «желдету жүйесінің болуы» және 48,9 %-ы – «сауда орталықтарында орналасуы» көрсеткіштерін де атап өтті. Маңыздылығы төмен факторлар ретінде респонденттердің 4,3%-ы – «мекеменің беделін», 4,3%-ы – «алкогольді сусындардың кең ассортиментін», 10,6%-ы – «мейрамханалардың осындай түрлеріне сәннің болуы» факторларын көрсетті.
Зерттеулердің нәтижелері фаст-фуд мейрамханаларының жақсы жақтарының әлі де танылмағандығын сипаттайды. Жүргізілген бағалаулар бойынша мейрамханалар тағамдардың бағасы, дәмдік қасиеттері, қызмет көрсету сапасы факторларына басты назар аударулары керек. Зерттелген тұтынушылардың 83%-ы франчайзингтік қоғамдық тамақтандыру орындарында сұралды, бұл зерттеулердің нәтижесі осы мейрамханалар мен фаст-фудтарға жеткізілді.
Франчайзингтік компаниялар өкілдерінің қызметіне кедергі келтіретін факторларды айқындау мақсатында маркетингтік зерттеулер жүргізілді. Іріктеме мөлшері 20 компания болды. Респонденттер ретінде қызмет көрсету салаларындағы франчайзингтік компаниялардың менеджерлері алынды.
Кәсіпорындардың мақсаттарын жүзеге асыруға кедергі болатын негізгі фактор ретінде «қаржы-қаражаттардың жетіспеушілігі» көрсеткішін қоғамдық тамақтандыруда респонденттердің 73%-ы, ғылым және ғылыми қызмет көрсету саласында - 70%-ы, ақпараттық-есептік қызмет көрсетуде - 57%-ы және тұрмыстық-коммуналдық шаруашылықта - 55%-ы атап өтті. Қоғамдық тамақтандырудағы франчайзингтік кәсіпорындардың мақсаттарын іске асыруына кедергі болатын факторлар ретінде: 42% - мекемені жалға алу шарттарын, 36% - заңның тұрақсыздығын, 27% - салықтардың жоғары болуын, 26% - несие беру шарттарын, 12% - қоғамдық тамақтандыру қызметіне сұраныстың төмендеуін атап өтті. Сонымен қатар, бәсекенің жоғары болуы, құрал-жабдықтардың тозуы және технологияның артта қалуы, жабдықтау мәселелері, басқарудағы қиыншылықтар, жұмыскерлердің біліктілік деңгейінің төмендігі сияқты факторлар аса маңызды деп қарастырылмаса да, компанияның қызметіне әсер ететін факторлар қатарында.
Келесі кезекте франчайзингтік компаниялардың іс-әрекетіндегі маркетингтік стратегияларды қолдану тәжірибесіне тоқталып өтейік (6-сурет).
Бостон Консалтинг групп матрицасы негізінде «РосИнтер Алматы» компаниясының мейрамханалары желісі нарықтағы салыстырмалы үлесі мен сату көлемінің өсу қарқыны бойынша жіктеліп, олардың әр қайсысына қатысты даму стратегиясын әзірлеу мүмкін болды. Матрицадағы ұқсас позицияларда орналасқан мейрамханаларға жиынтық стратегия мен маркетингтік шаралар қолданылады.
Матрица мәліметтері бойынша «Ростик’с», «IL Патио», «Амбар» «Жұлдыздарға» жатады – бұл келешекте жылдам өсуші мейрамханалар, нарықтың толысуы мен қарқынды дамуы жағдайында желіге тұрақты табыс әкеледі, ал шығынды болса «Қиын балалар» жағдайына ауысуы мүмкін, яғни, инвестицияның көп мөлшерін талап ететін, бірақ пайдасы төмен кәсіпорындар қатарына өтеді. «Планета суши» мейрамханасы «Сауынды сиыр» квадрантында орналасқан – бұл мейрамханалар компанияның басқа кәсіпорындарын инвестициялау мүмкіндігі жоғары, олар компанияның нарықтағы көшбасшылық жағдайын қолдаушылар болып табылады. Ал «Мокка Локка» «Қиын балаларға» ауысты, бұл мейрамханаларды көбінесе компанияның нарықтағы үлесін сақтап қала алады және өсу мүмкіндіктерін пайдаланып «Жұлдыздарға» ауысуы мүмкін. «РосИнтер Алматы» компаниясының мейрамханалары негізінде құрылған БКГ матрицасы бойынша келесідей қорытындылар жасауымызға болады: