Қызмет көрсету саласындағы франчайзингтің қалыптасуы және даму бағыттары (Алматы қаласындағы франчайзингтік фирмалардың материалдары

Автор: Пользователь скрыл имя, 13 Марта 2012 в 20:45, автореферат

Описание работы

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында елімізді жан-жақты жаңартудың жаңа кезеңіндегі басты басымдықтарының маңызды бағыттары ретінде қолымызда бар мүмкіндіктерді айқындау және пайдалану, сондай-ақ жаңа бәсекелестік артықшылықтар қалыптастыру арқылы Қазақстанды жаһандық экономикаға ойдағыдай кіріктіруге негізделген мемлекеттік саясат, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін толымды стратегия әзірлеу және оны іске асыру, осы тұрғыда орта және шағын кәсіпкерліктің жаңа инновациялық сипатын құруды айқындады.

Работа содержит 1 файл

манап.doc

— 423.50 Кб (Скачать)


ӘОЖ  332.439.5. (574)                                                          Қолжазба құқығында

 

 

 

 

 

 

 

МАНАП АЛМАГҮЛ СЕРІКҚАЛИҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

Қызмет көрсету саласындағы франчайзингтің  қалыптасуы және  даму бағыттары (Алматы қаласындағы франчайзингтік фирмалардың материалдары негізінде)

 

 

 

08.00.05 –Экономика және халық шаруашылығын басқару

(қызмет салалары және сфералары бойынша) мамандығы

 

 

 

 

 

 

Экономика ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

 

 

АВТОРЕФЕРАТЫ

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2008

 

Жұмыс Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университетінде орындалған

 

 

Ғылыми жетекшісі:

экономика ғылымдарының докторы, профессор Есімжанова С.Р.

 

 

Ресми оппоненттер:

 

 

экономика ғылымдарының докторы

Джангарашева Н.В.

 

экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Базарова С.Қ.

 

 

Жетекші ұйым:

 

Қазақстан Республикасы Білім         және ғылым министрлігінің Экономика институты (Алматы қ.)

 

 

                 

 

 

 

Қорғау 2008 жылдың «23» мамыр күні 14.00 сағатта Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университетіндегі экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін іздену жөніндегі Д 14.02.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде өткізіледі, мекен-жайы: 050035, Алматы қаласы, Жандосов көшесі, 55, 144 бөлме.

 

 

 

Диссертациямен Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университетінің кітапханасында танысуға болады.

 

 

 

 

Автореферат «       » сәуір 2008 жылы таратылды.

 

 

 

 

 

 

Диссертациялық кеңестің

ғылыми хатшысы, э.ғ.д.                                            А.Б. Темирбекова

КІРІСПЕ

 

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында елімізді жан-жақты жаңартудың жаңа кезеңіндегі басты басымдықтарының маңызды бағыттары ретінде қолымызда бар мүмкіндіктерді айқындау және пайдалану, сондай-ақ жаңа бәсекелестік артықшылықтар қалыптастыру арқылы Қазақстанды жаһандық экономикаға ойдағыдай кіріктіруге негізделген мемлекеттік саясат, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін толымды стратегия әзірлеу және оны іске асыру, осы тұрғыда орта және шағын кәсіпкерліктің жаңа инновациялық сипатын құруды айқындады. Осы тұжырымдар Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы Жолдауында да өзінің ары қарай дамытылуымен сипатталады. Кәсіпкерліктің инновациялық нысандарының бірі – өндірісті дамытуға және филиалдар ашуға өз қаражатын салмай-ақ өркендеуге мүмкіндік беретін фирманың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін жаңалықтарды енгізуге бағытталған бизнесті ұйымдастырудың ерекше нысаны – франчайзинг.

Қазақстан экономикасының жандануына шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы тікелей әсер етеді. Кәсіпорындардың нарықтағы тұрақтылығын шешу жолдарының, шағын кәсіпорындарды дамытудың тиімді әдістерінің бірі – франчайзинг болып табылады.

Франчайзинг – ұзақ мерзімді іскерлік қатынастардың нысаны, ол тәуекел дәрежесі төмен және тұрақты пайдалылық деңгейі бар кәсіпкерлікті ұйымдастырудың тиімділігі жоғары жолы. Франчайзинг жүйесін пайдалану тұтынушылардың сұранысын толығымен қанағаттандыруға және оның өзгерісіне жедел жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Франчайзингтік қатынастар желі қатысушыларына бірқатар артықшылықтар ұсынуымен тартымды: біріншіден, жаңа кәсіпкерлерге – табысы тұрақты бизнестің көмегімен өзіндік кәсібін ұйымдастыруға мүмкіндік береді, екіншіден, танымал компаниялардың нарықтағы қызметін кеңейту және нығайту жолы, үшіншіден, мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдаудағы тиімді тетігі болып табылады.

Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының мәліметтері бойынша, елімізде 120 франчайзингтік жүйе және 1000 франчайзи кәсіпорындар бар. Экономиканың қарқынды дамуы, шағын және орта бизнестің ЖІӨ-гі үлесінің өсуі, алдыңғы қатарлы бизнес технологияларына сұраныстың артуы, салыстырмалы түрде франчайзинг тауашасының қанықпағандығы және тағы басқа бірқатар факторлар жуық арада бұл сектор үлесі бірнеше есеге ұлғаяды деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Бірақ, франчайзингтің дамуына кедергі болып отырған факторлар бар, олар: франчайзингтік секторға арналған мемлекеттік жеңілдіктер мен преференциялардың болмауы, санаткерлік меншіктің толық қорғалмағандығы, кәсіпкерлердің қаржылық мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігі, франчайзинг туралы ақпараттың аздығы, жылжымайтын мүлікке деген бағаның әлі де болса жоғары болуы. Жоғарыда аталғандарға байланысты, кәсіпкерлік дамуының ерекше нысаны ретіндегі франчайзинг жүйесін қалыптастыру мен дамытуға байланысты теориялық және практикалық аспектілерді зерттеу уақтылы және өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Тақырыптың ғылыми зерттелу дәрежесі. Франчайзингтің көп аспектілі сипаты мен өзектілігі ғалымдардың оған деген қызығушылығын арттырады.

Франчайзинг мәселесін зерттеген шетелдік авторлардың ішінен оның жан-жақты дамуына өз үлесін қосқандар: М. Мендельсон, Я. Мюррей,                   Дж. Стэнворд, Б. Смит, Н.К. Сирополис және т.б.

Франчайзингтің теориялық және ғылыми тәжірибелік аспектілері ТМД ғалымдары – В.В. Довгань, Д.Н. Земляков, Д.Н. Колесников, А.З. Майлер,    М.О. Макашев, С.В. Поворин, И.В. Рыкова, С.А .Силинг, Л.Б. Сульповар,          А.В. Цират және т.б. еңбектерінде көрініс тапқан.

Шағын кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуының жекелеген аспектілерін отандық ғалымдар Ә.Ә. Әбішев, О.Б. Баймұратов, Ж.О. Ихданов,                            М.Б. Кенжеғозин, А.Қ. Қошанов, Қ.О. Оқаев, Х.Н. Сансызбаева,                     Т.С. Сатқалиева, Ә.Ә. Сатыбалдин  және т.б. қарастырған.

Кәсіпорындардың маркетинг қағидалары негізінде нарықта әрекет жасау мәселелері Ш.Р. Әбділманова, Н.В. Джангарашева, С.Р. Есімжанова,            Ұ.М. Искаков, К.К. Қажымұрат, С.Н. Нысанбаев, К.Ә. Сағадиев,                   Ф.С. Сейдахметова, Н.Н. Хамитов сияқты отандық ғалымдар еңбектерінде сипатталған.

Бірақ, шағын және орта кәсіпкерлік жүйесіндегі, оның ішінде қызмет көрсету саласындағы франчайзингтік қатынастар мәселелерін толық қамтитын еңбектер аз. Қазақстанда қалыптасып келе жатқан франчайзингтік қатынастардың теориялық және тәжірибелік аспектілері толыққанды зерттелмеген. Қызмет көрсету саласындағы франчайзингтің даму беталысы және оны маркетинг қағидалары негізінде ұйымдастыру мәселелері ғылыми тұрғыда негіздеуді талап етеді.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты – франчайзингтің теориялық және практикалық аспектілерін кешенді талдау арқылы оның Қазақстан Республикасының қызмет көрсету саласындағы дамуы жөніндегі ғылыми негізделген ұсыныстарды жасау болып табылады.

Осы мақсатқа жету үшін жұмыста келесі міндеттер анықталды және шешімін тапты:

–    франчайзингтің теориялық негіздерін, нарықтық тұжырымдамасын жан-жақты зерттеу және жүйелендіру;

–    франчайзингтің қалыптасуы және дамуының Қазақстан экономикасындағы артықшылықтары мен кемшіліктерін жалпылау;

–    Қазақстандағы франчайзингтің дамуына әсер ететін факторларды талдау;

–    франчайзинг түрлерінің салалық аспектілердегі ерекшеліктерін шетелдік тәжірибе тұрғысынан айқындау;

–    қоғамдық тамақтану кәсіпорындары тұтынушыларының талғам-талаптарын, қалауын анықтау үшін маркетингтік зерттеу әдістемесін дайындап, жүргізу;

–    франчайзингтік қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының қызметін ұйымдастыру және жетілдіру бойынша ұсыныстарды дайындау.

Зерттеу пәні. Қазақстандағы франчайзинг жүйесінің қалыптасуы және даму үрдісінде пайда болатын экономикалық қатынастардың жиынтығы диссертацияның зерттеу пәні болып табылады.

Зерттеу объектісі ретінде Алматы қаласындағы қызмет көрсету саласының франчайзингтік кәсіпорындары алынды.

Диссертациялық зерттеудің теориялық-әдістемелік негізі ретінде экономикалық теория, франчайзингке, маркетингке байланысты отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері, Қазақстан Республикасының Заңдары, Президент Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулылары және франчайзингтік қатынастар мәселелеріне жөніндегі нормативтік құжаттар қарастырылды.

Зерттеу жұмысында Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің, Алматы қаласы Статистика басқармасының ресми мәліметтері, сонымен қатар франчайзингтік кәсіпорындар мен Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының мәліметтері және жүргізілген маркетингтік зерттеу нәтижелері ақпараттық база болып табылады.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:

–     франчайзер мен франчайзи арасындағы келісім шарттық қатынастарға негізделген бизнестің инновациялық нысаны ретіндегі франчайзинг түсінігіне авторлық анықтама берілді;

–     франчайзингтің түрлері жүйелендіріліп, жіктелу белгілері теориялық негізделіп, олардың Қазақстандағы қолданылу салаларына сипаттама жасалды;

–     Қазақстандағы франчайзингтің даму факторлары, кезеңдері мен ерекшеліктері айқындалып, оның қазіргі жағдайына баға берілді;

–     маркетингтік зерттеулер жүргізу арқылы қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары тұтынушыларының таңдауына әсер етуші факторлар айқындалды;

–     қызмет көрсету саласындағы франчайзингтік қатынастарды нормативтік-құқықтық базаны, салық жүйесін және қызығушылық білдіретін шаруашылық субъектілерді ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру негізінде жақсарту туралы ұсыныстар берілді.

Қорғауға шығарылатын негізгі тұжырымдар:

–     франчайзингтің анықтамасы мен оның Қазақстандағы даму ерекшеліктері;

–     мейрамхана бизнесі саласындағы франчайзингтік қызметтер нарығындағы тұтынушылардың талғамын айқындау бойынша маркетингтік зерттеулер әдістемесі;

–     Қазақстанның қызмет көрсету саласындағы франчайзингті дамыту бойынша  ұсыныстар;

–     франчайзингтік қызметтер нарығының қалыптасу және даму үрдістерін кезеңдеу.

Зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы. Зерттеу жұмысында ұсынылған іс-шаралар қызмет көрсету, соның ішінде қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарындағы франчайзингті қалыптастыру мен жетілдіруге үлесін қосады. Теориялық және әдістемелік материалдарды жоғары оқу орындарында «Маркетинг», «Тұрмыстық қызмет және сервис» мамандықтарының пәндерінен дәріс оқу және тәжірибелік сабақтар жүргізу барысында қолдануға болады.

Жұмыстың негізгі нәтижелерінің қолданылуы. Зерттеу жұмысының негізгі қорытындылары мен ұсыныстары халықаралық және аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалып талқыланған.

Диссертациялық жұмыстың нәтижелері Қазақстан Франчайзинг қауымдастығы және Қазақстан Туристік қауымдастығы жұмысында пайдаланылып, қолдау тапты.

Зерттеу нәтижелерінің жарияланымдары. Зерттеу тақырыбы бойынша 3,57 баспа беттен тұратын 11 ғылыми мақала жарық көрді. Оның ішінде төрт мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің нұсқауындағы экономикалық басылымдарда жарияланған.

Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

 

«Франчайзинг» термині француздың «franchise» - жеңілдік, артықшылық, сонымен қатар салық пен жарналардан босату сөзінен пайда болған. Франчайзингтің қалыптасу және даму тарихы, оның дефинициясы мен терминінің мағынасы батыс және отандық әдебиеттерде әр түрлі белгіленген. Франчайзингтің бастапқы пайда болу мекені – АҚШ-та ол тауарлар мен қызметтерді сату, сатылған күрделі тауарларға сервистік қызметтер көрсету қажеттілігіне байланысты дистрибьюторлық желіні құру, кеңейту және жетілдіру мәселелері туындаған кезеңде кеңінен таралды. Әйгілі «Зингер», «Форд», «MC Donald,s» сауда маркілері франчайзинг қатынастары негізінде дамыған.

Дамыған елдерде франчайзинг тұтынушылардың әр түрлі қызметтерге деген қажеттіліктерін қанағаттандырудың құралы ретінде жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Франчайзингтің әлемдік жылдық тауар айналымы 2 триллион АҚШ долларынан астам соманы құрайды, оның әлемдегі франчайзингтік 20 мың желілерінде 30 миллионнан астам адам қызмет етеді. Шетелдердегі франчайзингті қолданудың көпжылдық тәжірибесі оның іскерлік тиімділігін дәлелді түрде көрсетеді. Бүгінгі таңда франчайзингтік желілердің саны бойынша әлемдегі көшбасшысы – Қытай, оның 3000-нан астам франчайзингтік желілері бар, екінші орында АҚШ, үшіншіде Жапония тұр.

Қазақстанда франчайзингтік қатынастардың орын алғанына 10 жылдан асты, алайда отандық экономика үшін осы бизнестің кең дамыған ұйымдық нысаны әлі де жаңа құбылыс болып табылады.

Информация о работе Қызмет көрсету саласындағы франчайзингтің қалыптасуы және даму бағыттары (Алматы қаласындағы франчайзингтік фирмалардың материалдары