Лекция грэ

Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:58, лекция

Описание работы

Мемлекеттік реттеу негізін экономикалық үдерістерді реттеуші тікелей және жанама тетіктер мен әдістер құрайды. Мемлекет экономикалық ісәрекеттердің әртүрлі аспектілерін бюджеттік, банктік жүйелер, мемлекеттік тапсырыстар және кедендік қызмет арқылы реттеп отырады. Реттеу ісінде жоспарлау, экономикалық болжау, бақылау және басқа да басқару функциялары кеңінен қолданылады.

Работа содержит 1 файл

Лекции ГРЭ.doc

— 1.02 Мб (Скачать)

Стратегияны ойдағыдай жүзеге асыру ел экономикасы құрылымдарын сапалық өзгерістерге әкеліп, оның адами өндіргіш және табиғи капиталын тиімді пайдалану негізінде Қазақстанды әлеуметтік даму мен қоғам құрылысының жаңа деңгейіне шығарады.

Экономиканы мемлекеттік реттеудің әдістері мен механизмін жетілдіру бойынша жекелеген ұсыныстарды негіздеу үшін стратегияның тиісті бөлімдерінде импортты алмастыру және экспортқа бағдарланған саясатты жүзеге асыру туралы шетелдік тәжірибе келтірілген, сондай-ақ әлемдік рынокта бәсекелік артықшылықтарға жетуге көмектесетін экспорттық саясаттың бірқатар түрлері мен кезеңдері көрсетілген.

Толықтай алғанда, стратегияны жүзеге асыру нәтижесінде 2015жылға қарай Қазақстан экономикасы сервистік-технологиялық даму жолына түсуге әзір болуы тиіс.

 

Ізденіс сұрақтары

 

1.       Инвестицияның мәні және түсінігі

2.       Инвестиция бастаулары және оны тұтынушылар

3.       Инвестициялар құрылымы

4.       Инвестицияларды мемлекеттік реттеудің мақсаты мен міндеттері

5.       Инвестицияларды мемлекеттік реттеу проблемалары

6.       Инвестициялық үдерістерді мемлекеттік қолдауды белсенділендіру

7.       Инновациялық-инвестициялық қызметті мемлекеттің реттеу.

        

 

Лекция ІХ

Аймақтар дамуын мемлекеттік реттеу

§1 Өндіргіш күштерді дамыту және орналастыру заңдылдықтары

Аумақтық әлеуметтік-экономикалық басқарудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде аймақтар дамуын мемлекеттік реттеу өндіргіш күштерді дамыту және орналастырудың арнайы заңдылықтарына негізделеді. Атап айтқанда, өндіргіш күштерді орналастырудың заңдылықтары өндіргіш күштер мен аумақтардың арасындағы мейлінше ортақ қатынастарды анықтайды.

Аумақтық даму мен орналастырудың аймақтарды кешенді дамыту, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлерін теңдестіру, өздерінің аумақтық шектерінде аймақаралық ұтымды еңбек бөлінісін жүзеге асыру сияқты заңдылықтары ерекше үлкен рөл атқарады.

Аталмыш заңдылықтардың мән-мағынасын ашып көрсететін экономикалық аудандардың шаруашылығын кешенді дамыту – бұл жалпықазақстандық маңызы бар рынок жағдайындағы салаларды аумақ бойынша кешенді толықтыратын салалармен және инфрақұрылыммен үйлестіру. Мұндағы реттеу міндеті салалардың барлық үш тобының пропорционалды дамуын қамтамасыздандыру, олардың өзара байланысын нығайту арқылы әрбір аймақтың аумақтық-өндірістік кешен болып қалыптасуына қол жеткізіп, оларды дамыту барысында аймақ халқын тауарлар және қызмет көрсетулермен мүмкіндігінше толық қамту.

Аймақтардың әлеуметтік және экономикалық даму деңгейлерін теңдестіру аумақтық дамуды мемлекеттік реттеудің тұрақты және перспективалық міндеті болып табылады.

Табиғи-географиялық, тарихи, экономикалық, әлеуметтік-демографиялық және басқа да ерекшеліктері бойынша аймақтар өзін-өзі қамтамасыз етудің әртүрлі шарттарына сәйкес болуы тиіс. Сондықтан мемлекеттің аумақтық дамуын жетілдіруде басты бағдар республикалық құрылымдық, қаржылық, әлеуметтік, сыртқыэкономикалық саясатты жүргізуде аймақтардың ерекшелігін, әсіресе жағдайлары күрделі, күйзелісті аймақтар үшін арнайы бағдарламаларды талдап, жасап, күнделікті өмірге енгізу қажет.

ҚР Білім және ғылым министрлігі, экономика институтының ғалымдары өздерінің «Қазақстан Республикасы аймақтық саясатты жүзеге асырудың экономикалық механизмі» еңбектерінде ел аймақтарын өндіргіш күштердің даму деңгейі бойынша төрт ірі экономикалық аудандарға бөледі.

Бірінші топқа жоғары ғылыми-өндірістік әлеуеті бар, өнеркәсіп өндірісіне мейлінше маманданған, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін қолайлы Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарын жатқызады.

Екінші топқа стратегиялық сипаттағы минералды ресурстардың бірегей қорлары бар, ғылыми-техникалық әлеуетті серпінді дамытуға резервтері жеткілікті облыстарды шоғырландырған. Олар: Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары.

Үшінші топты Қазақстанның азық-түлік қорын қалыптастыруда қомақты үлесі бар Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары құрайды.

Төртінші топ – бұлар топырақ-климаттық, әлеуметтік-экономикалық және технологиялық жағдайлары нашар Қызылорда, бұрынғы Семей, Атырау, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары.

Мемлекеттік реттеу республиканың әрбір нақты субъектісінің аумақтық даму ерекшеліктерін ескеріп, олардың экономикалық даму деңгейлерін теңестіру үшін шаралар кешенін қолданады.

Аймақтар арасындағы ұтымды аумақтық және ішкі өңірлік еңбек бөлінісі рыноктық экономика жағдайындағы аумақтық дамудың қажетті шарты болып табылады. Аумақтық дамуды мемлекеттік реттеу әрбір аймақтың өзіне тән экономиканың рыноктық мамандануын таңдау мүмкіндігін және экономикалық байланыс негізінде басқа аймақтармен өнім айырбасына шығуы шарттарын ескеруі тиіс. Экономикалық дамудың қазіргі кезеңінде аймақтар арасында еңбек бөлінісін одан әрі жетілдіру маңызды болып табылады. Бұл мақсатқа олардың қызметтерін біріктіру және келістіру, әрбір субъектінің мүддесін мемлекеттік мүддемен дұрыс байланыстыру арқылы қол жеткізіледі. Ал, мұны ойдағыдай атқару үшін аумақтық дамуды мемлекеттік реттеудің тиімді әрекеттегі жүйесінің рөлі өте маңызды.

Қазақстан экономикасының тұрлаулы дамуының негізгі шарттарының бірі аумақтық диспропорцияларды «тегістеу» болып табылады және мұндағы басты рөлді мемлекеттік реттеу атқаруы тиіс.

Аумақтық дамуды мемлекеттік реттеу жүйесінің әдіснамалық негізін аймақтық саясат қалайды. Рыноктық қатынастардың нығаюы жағдайында өңірлердің ерекшелігін ескеретін, сонымен бірге қазақстандық мүдделерді сақтайтын және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытатын айқын аймақтық саясат түзілуі қажет.

Рынок жағдайындағы аймақтарға бағытталған саясатты жүргізе отырып, оның Қазақстан экономикасын кеңістік бойынша интеграция мүддесін де қорғауға бағдарлау, яғни мемлекеттік салық саясатын қатаң жүргізу, мемлекет есебінен аймақтардағы бірегей табиғи ресурстарды игеру, маңыздылығы зор аймақтық мақсатты бағдарламаларды құрастыру және жүзеге асыру үшін арнайы мемлекеттік органдар құрылуы тиіс.

Ірі көлемді аймақтық бағдарламаларды мемлекеттік реттеу аймақтық дамудың арнайы қорларын жасауды, отандық және шетелдік инвесторлардың келуін ынталандыруды, салықтық шегерімдер беруді, жалға беру бойынша жеңілдіктер тағайындауды, экологиялық таза өнім үшін қолайлы бағалар енгізуді қарастырады.

Аймақтық бағдарламаларды басқаруды республикалық және аймақтық билік органдары арасындағы өкілеттіктерді шектеу өте маңызды болып табылады. Республикалық органдар пионерлік игеру аудандарында жаңа өндірістерді құру үдерістерін реттеуі, аймақаралық экономикалық байланыстарды ұйымдастыруы тиіс. Басқарудың жергілікті органдары басты назарда шаруашылықтың ұтымды құрылымдарын түзуге, локальды (жергілікті мәні бар) ресурстарды пайдалануға, әлеуметтік-демографиялық және экологиялық проблемаларды шешуге, экономикалық реформалар барысын қадағалауға аударуы қажет. Мемлекеттік реттеу аумақтық дамуды жоспарлау мен болжауға тығыз байланыстырылуы керек. Өндіргіш күштерді дамыту мен орналастыру Қазақстан аймақтарының ұтымды мамандануын, қайта құрылымдануын, жекешелендіру және монополиясыздандыру, әлеуметтік-экономикалық дамуды тұрақтандыру бойынша шараларды, ішкі және әлемдік рыноктардың конъюнктурасын (ағымдағы жағдайын) ескере отырып, аймақаралық және сыртқыэкономикалық байланыстарды дамыту шараларын қарастыруы тиіс.

Елдің біртұтас экономикалық кеңістігін нығайту мемлекеттің аймақтық саясатын маңызды міндеті болып табылады. Бұл мәселені капиталдар рыногын құру арқылы, атап айтқанда акционерлік компаниялар, қор биржалары, коммерциялық банктер, тауар және шикізат ресурстары қоры жүйелерін дамыту арқылы шешуге болады. Сонымен бірге халықты қоныстандырудың ұтымды жүйесін қалыптастыру, миграциялық (көші-қон) үдерістерді реттеу шараларын тиімді қолдану, кәсіпкерлікті дамыту маңызды рөл атқарады.

Сонымен, рыноктық қатынастар жағдайындағы Қазақстанның аймақтық саясатының негізгі міндеті әрбір аймақта лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етіп, әлеуметтік болмыстың шектен тыс айырмашылықтарын еңсеру болып табылады.

 

§2 Аумақтық дамуды мемлекеттік реттеу

Қазақстанда рыноктық қатынастарды нығайту және экономикалық реформаларды жемісті жүргізу мәселелері жекелеген аймақтардың проблемаларын шешу бойынша басқару органдарының нақты іс-әрекеттеріне тәуелді. Аумақтық дамуды мемлекеттік реттеу аймақтарға унификацияланған (бірізді) тәсілдерді қолдану жарамсыз, аймақтық саясат икемділікті, сонымен бірге бүкіл ел аумағындағы рыноктық қызметтердің жалпы қағидаларының біртұтастығын қалайды.

Аумақтық дамуды реттеудің тетіктеріне бюджеттік және бюджеттік емес қаржыландыру, мемлекеттік, жекеше, шетелдік инвестициялар, аймақтық жеңілдіктер мен дотациялар жатады. Мемлекеттік реттеу республикалық бюджеттен және басқа да көздерден келіп түсетін қаражаттарды қатаң бақылауды қажетсінеді.

Салыстырмалы дамыған аймақтарда республикалық органдар шаруашылық бастамаларды қолдайды және оларды нығайту үшін ынталандыру жүйесін жасайды. Әлсіз аймақтар үшін орталық құрылымдық өзгертулер бойынша, жұмыс орындарын ашу бойынша, тұрғындардың өмірін әлеуметтік стандарттарға сәйкестендіру үшін қаржылық көмек шараларын жүргізу бойынша бағдарламалар жасап, іске асырады.

Мемлекеттік билік органдары қызметінің кез келген сферасы, ол экономикалық сфера немесе әлеуметтік сфера болсын, мүмкін экология немесе елдің қауіпсіздігі болар, міндетті түрде аймақтық мазмұнда болуы тиіс. Аймақтық саясатты мемлекеттік реттеудің объектілеріне көптеген және сапалық жағынан әртүрлі республикалық, аймақтық муниципалдық таксономикалық (бір біріне тәуелді) бірліктер жатады. Барлық таксономикалық бірліктер шаруашылықты аумақтық ұйымдастырудың біртұтас күрделі жүйесін құрайды.

Сонымен, шаруашылықты аумақтық ұйымдастыру – бұл әртүрлі аумақтық құрылымдардың – экономикалық аудандар, ішкі аймақтық өндірістік кешендер, өнеркәсіптік орталықтар мен тораптар – біртұтас жүйеде қызмет атқаратын кешендері болып табылады.

Шаруашылықты аумақтық ұйымдастыру ұлттық шаруашылықтың аумақтық басқарудың негізі болып табылады, ал оның негізгі буыны республика облыстары. Экономиканы аумақтық дамытуды жетілдірудің басты алғышарты – ол экономикалық аудандастыру. Экономикалық аудандар жүйесі аумақ бойынша материалдық және басқа да баланстарды жасаудың базасын құрайды және оның мемлекеттік реттеуді ұйымдастырудағы маңыздылығы өте жоғары болып табылады.

Заманауи экономикалық аудан – бұл өзінің өндірістік мамандануы, берік экономикалық байланыстары болуымен бірге ұлттық шаруашылықтық толыққанды аумақтық бөлігі.

Экономикалық аудан ішкі аймақтық берік байланыстары бар біртұтас шаруашылық ретінде елдің басқа бөліктерімен қоғамдық-аумақтық еңбек бөлінісі арқылы үзіліссіз байланыста болады. Экономикалық аудандардың болуы – бұл объективті үдеріс және олар аумақтық еңбек бөлінісінің көрінісі ретінде экономикалық, ұлттық және әкімшілік принциптеріне негізделеді.

Қазақстан Республикасындағы экономикалық аудандарда аумақтық-өндірістік кешендер сияқты экономикалық және технологиялық өзара байланысты кәсіпорындар жиынтығы қызмет атқарады. Олар әлеуметтік-өндірістік кешендер, еркін экономикалық аймақтар, кластерлік жүйелер т.б.  атаулармен белгілі. Бұлар жаңа экономикалық аудандар құрудың перспектиавлы негізі болып табылады.

Еркін экономикалық аймақтардың аумақтық шаруашылық ұйымдастырудың басқа формаларынан ерекшелігі артықшылықты қаржыландырудан және инфрақұрылым дамуының жоғары деңгейінен көрінеді.

Аймақтардың өзін-өзі басқару деңгейі жоғарылаған сайын олар орталықтан мемлекеттік меншікті аймақтық деңгейге беруді, өз аумағындағы табиғи ресурстарды пайдалану құқығын алуды, экспорттық мүмкіндіктері болуын талап етеді. Сонымен бірге олар орталықтан жеңілдікті қаржыландыруды, транспортқа электр қуатына, байланысқа тарифтерді төмендетуді сұрайды. Бұл ситуацияда мемлекеттің басты міндеті аймақтық және мемлекеттік мүдделер шиеленісін болдырмау, яғни икемді мемлекеттік саясат жүргізу арқылы жершілдікті тыю болып табылады. Мұндай жағдайда аймақтық дамуды мемлекеттік реттеудің рөлі аса құнды болатындығына ешқандай күмән келтіруге болмайды.

Аумақтардың экономикалық дамуын реттеудің қолайлы әдістерін талдап жасау қажеттілігі дер кезінде ұғынылып, тиісті шаралар арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Басқарудың аймақтық органдары алдында келесідей міндеттер тұрады:

-                             аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағдарламасын талдап жасап, жүзеге асыру;

-                             бағдарламалар мен бюджетті атқару үшін табыс көздерін анықтау;

-                             қаржылық және инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын талдап жасап, қолданысқа енгізу;

-                             аймақ халқының әл-ауқатын жақсарту шараларын талдап жасап, қабылдау;

-                             өндіргіш күштерді ұтымды және пропорционалды орналастыруды қамтамасыз ету.

Информация о работе Лекция грэ