Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:58, лекция
Мемлекеттік реттеу негізін экономикалық үдерістерді реттеуші тікелей және жанама тетіктер мен әдістер құрайды. Мемлекет экономикалық ісәрекеттердің әртүрлі аспектілерін бюджеттік, банктік жүйелер, мемлекеттік тапсырыстар және кедендік қызмет арқылы реттеп отырады. Реттеу ісінде жоспарлау, экономикалық болжау, бақылау және басқа да басқару функциялары кеңінен қолданылады.
Бағалар диспаритеті екі формада көрініс табады:
Ауыл шаруашылығына тауар жеткізілімдері мен қызмет көрсетулерге шығындар деңгейінен әлдеқайда артық баға тағайындау;
Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу бағасын шығындарды жабу және қажетті пайдалылықты қамтамасыз ету деңгейінен едәуір төмен тағайындау.
Сондықтан, ауыл шаруашылығын бағалық диспаритеттің қатаң құрсауынан шығару үшін бағаларды қалыптастыру және реттеу іс-әрекеттеріне мемлекеттің белсенді түрде араласуы қажет.
Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуде келесі бағалар жүйесі қолданылады:
Ауыл шаруашылығы өнімдері, шикізат және азық-түлік рыногында экономикалық негізі сұраныс және ұсыныс әсерімен қалыптасатын рыноктық (келісімді) бағалар болып табылады;
Егер орташа рыноктық бағалар кепілденген (гарантиялық) бағалардан төмен болса, онда ауыл шаруашылығы өнімдерге кепілді бағалар қолданылады;
Мақсатты бағалар (нормативтік индикаторлар) өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өнімдеріне паритеттік (теңестірілген) бағалар арақатынасын қамтамасыз ету үшін; салық төлеумен байланысты шығынды жабу үшін; кредит бойынша пайыздарды төлеу үшін қолданылады.
Ауыл шаруашылығындағы бағалар паритетін орнықтыру барысында ауылдық тұрғындар үшін тұтыну бағаларының да паритеті ескерілуі тиіс. Ауылдағы жалдамалы жұмысшылардың жалақысы жұмысшы күшінің ұдайы өндірісі мен әлеуметтік сфера дамуын қамтамасыз етуі қажет.
Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығын жеңілдікті несиелеу жүйесін ұйымдастыру әдістері қалыптасқан. Ауыл шаруашылығын несиелеу қызметін атқаратындар:
Кооперативтік ауыл шаруашылығы банктері;
Мемлекеттік банктер;
Мемлекет бақылайтын және қолдайтын мамандандырылған банктер;
Бюджеттік несиелеу.
Рынокқа бейімделген қаржы-несие жүйесіне мыналар жатады:
Бағалық кешірімдер мен орнын толтырулар (дотациялар мен компенсациялар);
Жеңілдікті шарттар негізінде бөлінетін ақшалай несие;
Ауыл шаруашылығының жекелеген салаларын қолдау үшін республикалық бюджеттен субсидиялар (қайтарымсыз арнайы ақшалай жәрдем).
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың болжамды көрсеткіштерін негіздеу үшін келесі әдістер қолданылады:
Бағдарлы-мақсатты әдіс;
Баланстық (теңгермелі) әдіс;
Нормативтік әдіс.
Агроөнеркәсіптік кешенді бағдарлы-мақсатты жоспарлаудың отандық тәжірибесі, сондай-ақ шетелдік практика мемлекеттік реттеудің аталған әдісін талдап жасаған. Экономикасы дамыған елдерде (Еуропалық Одақ, АҚШ т.б.) А.Ө.К.-тің мақсатты бағдарламалары шеңберінде аграрлық сфераны қолдауға жыл сайын ондаған миллиард доллар бөлінеді. Мұның сыртында сатып алу бағалары мен айналмалы қорларды несиелеу үшін субсидиялауға берілетін сома тағы бар.
Агроөнеркәсіптік мақсатты бағдарламалар саланың нақты проблемасын шешуде пайдаланылады. Аталған әдісті қолдану үшін проблеманы анықтап, жан-жақты негіздеу маңызды рөл атқарады. Мақсатты бағдарламалардың басты міндеті проблеманы кешенді қарастыру негізінде жан-жақты және терең сараптау арқылы жүзеге асыру болып табылады.
А.Ө.К. салаларын дамытудың пропорционалдығын қамтамасыз ету үшін баланстар жүйесі талдап жасалынады. Бұның көмегімен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемдерін ауыл шаруашылығын материалдық-техникалық жарақтаумен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемдерін өңдеуші өнеркәсіп қуаттарымен, А.Ө.К. салаларын дамытуға жұмсалатын күрделі қаржымен баланстық байланыс қамтамасыз етіледі.
А.Ө.К. баланстар жүйесіне мыналар кіреді: ауыл шаруашылығының негізгі өнімдерін өндіру және пайдалану материалдық балансы (астық, ет және т.б. баланстар), өндірістік қуаттар балансы, А.Ө.К.-тің салааралық балансы және т.б. А.Ө.К. үшін арнайы талдап жасалынған динамикалық моделдер көмегімен А.Ө.К. салалары мен сфераларының салааралық байланыстары мен балансталған дамуы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ А.Ө.К.-тің күрделі қаржылар, еңбек және материалдық ресурстарға қажеттіліктері анықталады.
Нормативтік әдіс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтыну көлемдері мен құрылымын анықтау үшін халықтың жан басына шаққандағы тамақ өнімдерін және азық-түлікке жатпайтын тауарларды тұтынудың рационалды тұтыну нормалары пайдаланылады.
Ауыл шаруашылығы өндірісін жоспарлауда тұқым, жем-шөп, тыңайтқыштар т.б. материалдық ресурстарын шығындау нормалары қолданылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдері рыногының баланстылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет, сондай-ақ рынокта сатып алу және тауар интервенцияларын жүргізеді. Сатып алу интервенциясы ауыл шаруашылығы өнімдерін, шикізатты, азық-түлікті сатып алуды ұйымдастыру формасында жүзеге асырылады. Бұндай интервенциялар ауыл шаруашылығы өнімдерінің, шикізаттың және азық-түліктің рыноктық бағалары минималды деңгейден төмендеп кеткенде, немесе агроөнеркәсіп өндірісі сферасындағы тауар өндірушілер сұраныстың қысқаруына байланысты өнімдерін өз күшімен өткізе алмайтын жағдайларда қолданылады.
Тауар интервенциялары республикалық және өңірлік қорлардан ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізаттың және азық-түліктің көтерме саудасын ұйымдастыру формасында жүзеге асырылады. Бұндай интервенциялар рыноктық бағалар максималды деңгейден артып кеткенде қолданылады.
Ізденіс сұрақтары
1. Агроөнеркәсіптік кешеннің құрамы
2. Агроөнеркәсіп кешенінің мақсаттары мен міндеттері
3. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттары
4. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің бағыттары
5. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің әдістері және нақты механизмдері
6. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудегі бағалар жүйесі
7. Агроөнеркәсіптік кешеннің баланстар жүйесі
Лекция VII Мемлекеттік антимонополиялық реттеу
§1 Бәсекелі және монополды рыноктар. Мемлекеттің монополизмге қарсы әрекеті
Рыноктық экономика тиімді қызмет атқаруы үшін рынокқа қатысушылар: тауар өндірушілер, сатушылар, кәсіпкерлер, яғни кімде-кім өз тауарларын жеткізу мен сатуды ұсынушылар арасында бәсеке болуы шарт.
Рыноктық экономикасы бар мемлекеттер бәсекені дамытуға мүдделі. Бәсеке теориясы және оның рыноктық бағалар мен рыноктық қатынастарды реттеудегі рөлі туралы бұдан бірнеше жүз жыл бұрын классикалық саяси экономия өкілдері айтқан болатын. Еркін рыноктағы бағаларды реттеу бойынша бәсекенің рөліне байланысты Адам Смиттің пікірі белгілі. Ол бәсекені сатып алушыларды сұраныс деңгейіне сәйкес баға тағайындауға мәжбүрлейтін «көрінбейтін қол» деп атаған еді. Тепе-тең баға деген атаумен белгілі сұраныс пен ұсыныс мөлшерінің тепе-теңдікті бағасын бәсекелі рыноктың өзі қалыптастырады. Одан бері бәсеке туралы түсінік кеңейтіп, тереңдей түсті. Нәтижесінде рынокта біртекті тауар сатушылардың шоғырлануы деңгейіне сәйкес бәсекелік күрестің бірнеше түрі ерекшеленеді.
Елдегі өндіргіш кұштердің сандық және сапалық өсуіне ықпал ететін, ұлттық экономика шекараларынан асып өтіп әлемдік рыноктарға тарайтын бәсеке мемлекеттің дүниежүзілік елдер арасындағы экономикалық жағдайын нығайтуға мүмкіндік береді.
Тауар өндірушілер мен сатушылар ортасында жеке пайдаға кенелу және бәсекелестерді рыноктан ығыстыру мақсатында монополизм мен қара ниет бәсекеге ұмтылыс тұрақты түрде бой көрсетеді. Мемлекеттік билік органдары монополияға қарсы саясат арқылы монополизмге кедергі жасайды.
Анитимонополиялық саясат монополистер қызметіне тыйым салу, оларды рыноктан ығыстыру, ірі компанияларды мәжбүрлеу арқылы ұсақтау негізінде арқылы монополиялық үрдістерді жан-жақты шектеуге бағытталған саясат болып табылады.
Айта кететін бір жайт, кейбір коррупцияға ұрынған мемлекеттік шененуіктер, тіпті билік органдары пара алу мақсатында немесе монополистік қызметке және монополизацияланған компанияларға көмек қолын созуға тартылып, монополистерді жасырын да, асқынған түрінде ашық та қолдайтыны белгілі. Мұндай белгілі «шатыры» бар аумақтық монополизм рыноктық трансформациялау кезінде көптеп орын алады.
Монополизмнің кез келген формадағы етек алуы мемлекет пен қоғамға, экономика мен кәсіпкерлікке аса зор шығындар әкеледі.
Монополистік құрылымдардың рынокты жаулап алуының теріс салдарына мыналар жатады:
1. Монополистер астыртын бағалық ымыраға келу арқылы өздері ұсынатын тауарларға жоғары баға тағайындайды;
2. Монополист-өндірушілер өндірісті дамытуға, тауарлар мен қызмет көрсетулердің сапасын арттыруға, тұтынушылардың қажеттілігін неғұрлым толық қанағаттандыруға мүдделі емес, себебі оларға бәсекелестер тарапынан қауіп жоқ, ал жоғары пайданы өндіріс көлемінің шектеулі жағдайында да бағаны жоғарылату жолымен алуға болады;
3. Монополизм өндірістің, ресурстарды пайдалану деңгейінің тиімділігіне қарамастан ресурстарды монополистер пайдасына, тиімсіз бөлу үрдісін туындатады;
4. Бас пайдасын ғана ойлайтын монополистер үшін мемлекет пен қоғам мүдделері кейінге ысырылады, олар бәсекелестерін өндірістен де, рыноктан да аяусыз ығыстырады;
5. Монополизм мемлекеттік билік аппаратымен, мемлекеттік басқару органдарымен, әрдеңгейлі шенеуніктерімен ымыраға келіп өз орбитасына жаңа қатысушыларды қосып алуға мүмкіндігін кеңейте береді.
Монополизмнің осындай теріс көріністеріне байланысты іс жүзінде барлық мемлекеттер кеңейтілген шаралар ауқымын қамтитын антимонополиялық іс-әрекеттерге баруға мәжбүр. Мемлекеттің антимонополиялық қызметі монополизм белгілерінің дәрежесі мен формаларына қатысты ескерту, шектеу, тоқтату, жою арқылы бәсекеге кедергілерді алып тастауға немесе оның мәнін теріс айналдыруды болдырмауға бағытталған шаралар кешенінен тұрады.
Монополиялық өндіріс пен тауар өткізуге қарсы тыйым салу түріндегі мемлекеттік антимонополиялық реттеу бұдан бір жарым мың жылдан астам бұрын пайда болған еді. Бірталай уақыттардан бері монополистік үрдістерге қарсы тұрудың негізгі құралы ретінде көптеген елдерде монополияны шектейтін немесе тыйым салатын антимонополиялық заңнама қолданыла бастаған. Қуатты корпорациялар түріндегі ірі монополистердің пайда болуына байланысты антимонополиялық заңдардың қажеттілігі өсе түскен. Солардың бірі антитрестік деп аталған заңнама өз бастауын А.Қ.Ш.-тан алып, қарқынды дами бастады. 1890 жылы А.Қ.Ш.-ты Шерман заңы қабылданды. Бұл заң бойынша рынокты монополизациялауға, компаниялардың монополистік ымыраласуына, астыртын келісімдерге, кәсіпкерлікті шектеуге тыйым салынды.
А.Қ.Ш.-та 1914 жылы қабылданған Клейтон заңы мемлекеттің монополизмге қарсылығын күшейте түсті. Бұл заң тұтынушыларды бағалық алалауға (дискриминациялауға), активтерін сатып алу арқылы бір корпорацияның басқаларын «жұтып» қоюына, бірнеше компаниялар директораттарының өзара кірігуіне, бәсекені әлсірету үшін басқа да іс-қимылдарға тыйым салды. Одан әрі Клейтон заңы түзетулер енгізу арқылы күшейтіліп, кеңейтілді де, әлемнің көптеген елдерінің мемлекеттік реттеу тәжірибесінде қолданыла бастады.
Кеңестік экономикада антимонополиялық реттеу проблемасына назар аударылмады, өйткені, бір жағынан біртұтас мемлекеттік монополия орын алды және еркін бәсекелі рынок атымен жоқ болды, екінші жағынан мемлекеттік жоспар кәсіпорындар монополизміне кедергі жасады. Ал, бәсекеге келетін болсақ, оны социалистік жарыс деп аталатын тауар өндірушілер арасындағы өндірістің жоғары нәтижесі үшін ұмтылыс алмастырды.
Қазақстанда рыноктық жаңғыртуларды жүргізу және тауарлар мен қызмет көрсетулер рыногының қалыптасуы мемлекеттік антимонополиялық қызметті едәуір жандандыра түсті. 2001 жылы қабылданған, «Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы» заң бұл саладағы жұмыстар монополиялар қызметін қадағалау бойынша нақты тетіктерді белгіледі. Мамандардың пікірінше Қ.Р. антимонополдық заңы өзінің мақсаттары мен мазмұны бойынша монополияны реттеудің батыс Еуропалық үлгісіне жақын.
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы органдарының негізгі міндеттері келесідей:
Тауарлар мен қызмет көрсетулер рыногында кәсіпкерлікті қолдау және бәсекені дамыту;
Монополистік іс-әрекеттің алдын алу, оны шектеу және жою, әділетсіз бәсекені тоқтату;
Табиғи монополистер қызметін реттеу;
Мемлекеттік органдардың қызмет көрсетулері тәртібін реттеу және бақылау;
Баға жасау үдерісін қадағалау;
Тауар рыноктарындағы басым субъектілер әрекетін бақылау;
Тұтынушылар мүдделерін қорғау бойынша мемлекеттік органдар қызметін үйлестіру және т.б.
Антимонополиялық мемлекеттік реттеу теориясы мен практикасында «рыноктағы жағдайының басымдығы» түсінігі пайдаланылады. Бұлған белгілі бір тауар рыногындағы бір немесе бірнеше шаруашылық жүргізуші субъектілердің шешуші әсер етуі жатады. Өзінің басым жағдайын теріс пайдаланушылар қатарына тауарлардың жасанды тапшылығын жасаушылар, баға жасаудың орнықтырылған тәртібін бұзушылар, рынокқа басқа қатысушылардың кіруіне кедергі келтірушілер, контрагенттерге келісімнің өзіндік шарттарын зорлап міндеттеушілер жатады.