Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:58, лекция
Мемлекеттік реттеу негізін экономикалық үдерістерді реттеуші тікелей және жанама тетіктер мен әдістер құрайды. Мемлекет экономикалық ісәрекеттердің әртүрлі аспектілерін бюджеттік, банктік жүйелер, мемлекеттік тапсырыстар және кедендік қызмет арқылы реттеп отырады. Реттеу ісінде жоспарлау, экономикалық болжау, бақылау және басқа да басқару функциялары кеңінен қолданылады.
Еңбек үдерістері мен жұмыспен қамтуды мемлекеттік реттеу еңбекке, еңбек рыногына, еңбекақыға, еңбек қатынастарына олардың нәтижелілігін арттыру, еңбек жағдайын жақсарту, еңбекке қажеттілікті қанағаттандыру, жұмыссыздықты шектеп, жұмыссыздарды әлеуметтік қолдау мақсатында әдістер мен құралдардың кеңейтілген спектрі әсерін қолдану болып табылады. Мемлекеттің еңбек пен жұмыспен қамтуды реттеу тәсілдері мен механизмі елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық сипатына, рыноктық қатынастардың жағдайы мен дамуына, олардың еңбекке әсеріне тәуелді.
Еңбектің мәні, оның қоғам дамуындағы рөлі әмбебап (универсалды) сипатта болғанымен, рыноктық экономикаға өту кезінде еңбек қатынастары, еңбекті басқару, еңбекті пайдалану түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Егер рыноктық қатынастар еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға радикалды (батыл) түрде әсер етпеген болса, онда рыноктық экономика өзінің негізгі артықшылықтарын жоғалтқан болар еді.
Айталық, кеңестік экономикада марксизмді догматтық (сірескен) түрде түсініп, адамдардың іс-әрекеті құн жасайтын материалдық игіліктерді өндіруге бағытталған жағдайда ғана еңбек болатынын дәлелдеп бақты. Содан, өндірістік емес сферадағы адамдардың еңбегіне сенімсіздік қалыптасты.
Сондықтан, рыноктық экономиканың кеңістік экономикадан түбегейлі айырмашылығы адамдардың кез келген мақсатты іс-әрекеті еңбек болып саналады. Осылайша қоғам еңбек деп танитын іс-әрекет түрлеріде кеңейе түсті.
Рыноктық экономикада төленетін еңбектің жұмысшы күшін тауар ретінде сату-сатып алу актісі арқылы жүзеге асатындығы анық көрінеді. Сонысымен еңбектің мотиві (ішкі себебі) жұмсалған күш-қайраттың ақшалай төлемін алуға мүдделілік болып табылады.
Рыноктық экономиканың басты ерекшелігінің бірі еркін еңбек рыногының қалыптасуы болса керек. Рыноктық экономика жағдайында еңбекке мемлекеттік мәжбүрлеу, жұмысшы күшін белгілі бір орында, белгілі бір сипатта қолдануға мемлекеттік күштеу әрекеттерінің жоқ болуы принципті маңызды болып табылады.
Бірақ, бұл рыноктық экономикада еңбек әлеуетін ұдайы өндіру мен еңбек ресурстары қозғалысы үдерістерін мемлекеттік реттеу жоқ дегенді білдірмейді.
Рыноктық қатынастар жағдайында еңбек туралы заңнамамен қатар еңбек үдерістерін өзін-өзі реттеу жүйесі әрекет етеді.
Жұмыспен қамтудың заманауи концепциясы келесі факторлардан құралады, олар: қамтылу еркіндігі, еңбек рыногының икемділігі және жұмысшы күшінің мобильділігі (жинақылығы), «табиғи» жұмыссыздықтың болуы, әлеуметтік әріптестіктің қажеттілігі, еңбек рыногының реттелуі.
Мемлекет еңбек рыногын тікелей және жанама әдістерді пайдалану арқылы реттейді, соның ішінде нормативтік-заңнамалық, салықтық, кредиттік, бюджеттік әдістер бар. Еңбек рыногын мемлекеттік реттеудің ең маңызды принциптері:
- әлеуметтік еңбек қатынастары сипатының экономика дамуы қажеттіліктері мен тиімділіктің артуына сәйкестігі;
- технологиялық, ақпараттық жүйелер прогресі талаптарына сай жұмысшы күшінің сапалық сипаттарының өзгеруі;
- жұмыскерлердің ең әлжуаз, бәсекеге қабілеті әлсіз категорияларын әлеуметтік қорғау;
- еңбек пен жұмыспен қамтудың орталықтандырылған салалық және аймақтық бағдарламаларын сәйкестендіру, жұмыс орындарын ашу және жабу;
- еңбек рыногын реттеу арқылы экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Еңбек рыногы рыноктық экономикадағы ең күрделі элементтердің бірі болып табылады. Еңбек рыногын жұмысшы күшін меншіктеушілер мен өндіріс құрал-жабдықтарын иемденушілер арасында жұмысшы күшін қоғамдық өндіріске тартуға байланысты туындайтын әлеуметтік-экономикалық қатынастар жүйесі деп анықтауға болады. Бұл рынок жұмыс берушілердің жұмыс орындарын ұсынуы мен жұмыс күшін меншіктеушілердің жұмыс орындарына сұрануын бір уақытта, қатар жүргізеді.
Жұмыспен қамту концепциясы келесі принциптерге негізделеді:
1.
2.
Экономикада еңбек секторын қалыптастырудың рыноктық бастаулары мемлекеттік реттеумен тығыз түрде сәйкесті байланыста болады. Адамдардың жеке қалауымен қатар, олардың таңдауларынан тәуелсіз объективті жағдайлар мен шарттылықтарда орын алады. Қоғамдық қажеттіліктерді, шынайы мүмкіндіктерді өндірістің қалыптасқан құрылымын белгілі бір жұмыс күшіне деген сұранысты ескерусіз болмайды. Қызметкердің сұранысы мен оның жеке басының қасиеттері арасындағы алшақтықтар да байқалып тұрады.
Негізсіз еңбек талаптары ең демократиялық деген елдерде де қанағаттандырылмайды және рыноктық экономика бұл мәселеде қалыс қалмайды. Ол ол ма, рыноктық экономикада біліктілігі төмен адамдар табысты еңбек объектілеріне тартылмайды, бірақ бұл мемлекеттің адамдарды жұмысқа орналастыру, қызметпен қамту бойынша қамқорлығына күмән келтірмейді.
Қазақстанда әлеуметтік еңбек қатынастарының жаңа типінің қалыптасуы, жұмыссыздықтың әлеуметтік қауіптілігі, еңбекке сұраныс пен ұсыныстың тербелісі мемлекетті еңбек рыногында белсенді саясат жүргізуге мәжбүрлейді. Мемлекеттік белсенді саясаттың негізгі мақсаты жұмыссыздарды жұмыспен қамтамасыздандыру болып табылады. Бұл мақсатты жүзеге асыру келесі кешенді шараларды қарастырады:
1) мемлекеттік және коммерциялық мекемелер арқылы жұмысқа орналасуға көмектесу. (соңғыларының қызметі лицензиялау негізінде мемлекеттің реттеуі мен бақылауында болады).
2) кәсіби даярлау және қайта даярлау жүйесін дамыту; мұның өзі жұмыс берушілерді кәсіби даярлау және қайта даярлау бағдарламаларына қатысуын ынталандыру арқылы мысалы салықтық жеңілдіктер беру, компанияның оқыту мен жұмыс орындарына бөлетін қаржылық ресуростарын квоталау т.с.с. шаралар негізінде;
3) қала құрылысы мен абаттандыру, жерді қорғау, аурулар мен қарттарға қарау сияқты қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру;
4) кредиттер мен субсидиялар беру арқылы өзін-өзі қамту мен кәсіпкерлікті жандандыру, жаңа құрылған компанияларға салықтық жеңілдіктер беру, кәсіпкерлерге кеңес беру және оқыту;
5) халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына (әйелдер, жастар, мүгедектер, қарттар, ұзақ уақыт жұмыссыз жүргендер) қайта оқуға жолдама беру, жұмыс орындарын мақсатты квоталау және бекіту (бронирование), жалдау және босату кезінде қосымша кепілдіктер бөлу т.с.с.
Еңбек рыногындағы осындай саясат арқасында жұмыссыздардың жұмыс іздеуге белсенділігі артып қана қоймайды, сонымен бірге жұмыс іздеуге байланысты материалдық, жүйке-психологиялық шығындары кемиді. Мемлекеттің белсенді саясаты қоғамдық еңбек тиімділігінің жоғарылауына және әлеуметтік кернеуді азайтуға көмектеседі.
Толық жұмыспен қамту туралы түсінікті де өзгертуге тура келеді. Жұмысқа жарамды халықты қоғамдық еңбекке максималды, толық тарту концепциясы жұмыспен ұтымды (рационалды) қамту принципіне орын береді. Ал, толық қамтуға келетін болсақ, оны «жаппай», «бас басына» жұмыс беру деп емес, жұмысқа қол жетімділік деп қабылдау керек. Басқаша айтқанда, егер әрбір үміткер төленетін жұмыс орнын алғысы келсе өзінің кәсіби мүмкіндіктеріне сай қамтылуына алғышарттың болуын жұмыспен толық қамту деуге болады.
Жоғарыда айтылғандай рыноктық экономикаға жұмыссыздық тән. Бұл құбылыс, әсіресе жұмыссыздықтың шамасы шекті деңгей деп анықталған 10%-дан асып кетсе, әдетте өте ауыр қабылданады. Мемлекет жұмыссыздықты төмендетіп, оның әлеуметтік салдарын жұмсарту үшін едәуір күш салады.
Мемлекеттің алдына жұмыссыздықты толық жою туралы мәселе қою орынсыз. Сондықтан жұмыссыздықты рыноктық реттегіш механизмінің жетілмегендігінің салдарынан туындайтын әлеуметтік қатер ретінде түсіну керек. Іс жүзінде әңгіме жұмыссыздықты жоюдың мүмкін болар шараларын қолдану туралы болса керек. Егер бұл шаралар жетістікке жеткізбесе, онда іске жұмыссыздарды әлеуметтік қолдау мен қорғау шаралары қосылуы тиіс.
Қорыта жинақтағанда еңбек және жұмыспен қамтуды мемлекеттік реттеу келесі бағыттарда жүзеге асырылады:
- еңбекті еркін таңдау жүйесін қалыптастыру;
- еңбекақының минималды мөлшерін тағайындау және қамтамасыз ету;
- мемлекеттік жұмыспен қамту мекемелерінің тиімді қызмет етуін ұйымдастыру;
- әлеуметтік әлжуаз топтар үшін жұмыс орындарын ашуға көмектесу;
- жұмыссыздық бойынша мемлекеттік жәрдемақы төлеу;
- даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру ісіне мемлекеттің қатысуы және т.б.
Жоғарыда сипатталған функциялардан басқа мемлекет әлеуметтік әріптестік жүйесінде жалдамалы жұмыскерлер мен жалдаушылар арасында ерекше делдалдық функция да атқарады. Әлеуметтік әріптестік – бұл ортақ мүдделерді мейлінше қанағаттандыру және әлеуметтік-еңбек шиеленістерінің алдын алу үшін ынтымақтастық принциптеріне негізделген, жұмыс берушілердің жұмыскерлермен өзара әрекетінің ерекше формасы.
Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу тәсілі және механизмі ретіндегі әлеуметтік әріптестікті жүзеге асырудың нақты формасы ұжымдық келісімдер мен үнқатысулар болып табылады. Бұл құжаттарда еңбекақы мөлшері және төлеу тәсілдері, жалақыны реттеу, жұмыс күні мен аптасының ұзақтығы, еңбек жағдайлары және оны қорғау, әкімшілік пен жұмыскерлердің міндеттері көрсетіледі.
Әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі мемлекеттің рөлі ұжымдық келісімдерге қол қою ережелерін жасап, олардың жүзеге асуын қадағалау болып табылады. Мемлекеттік билік органдары келіссөздер үдерісінде туындайтын қайшылықтарды басып, реттейді. Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік әріптестік жүйесіне қатысуы белгілі бір дәрежеде жұмысшылардың мүддесін қорғаушы кәсіподақтар қауқарсыздығының орнын толтырады.
Ізденіс сұрақтары.
1. Мемлекеттің әлеуметтік үдерістерге қатысу қажеттілігі.
2. Патериалистік концепциясы және рынок талаптары
3. Халықты әлеуметтік қорғау және қолдау міндеттері.
4. Табыстарды индексациялаудың мақсаттары.
5. Мемлекеттік зейнетақы қорларының функциясы
6. Мемлекеттік әлеуметтік реттеудің әдістері мен құралдары.
7. Еңбек және жұмыспен қамтуды мемлекеттік реттеу.
8. Еңбек рыногын мемлекеттік реттеу принциптері.
9. Әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі мемлекеттің рөлі
Лекция ХІ Экономиканы бюджеттік реттеу
§1 Мемлекеттік бюджеттің мәні, түсінігі, қызметі
Экономикаға мемлекеттік әсер етудің қуатты құралдарының қатарында бюджеттік реттеуді ерекше атау қажет. Мемлекеттік бюджет жүйесі экономиканы мемлекеттік реттеудің дербес институты болып табылады.
Мемлекеттік бюджет – бұл белгілі бір мерзімге мемлекеттің кірістері мен шығыстары көрсетіліп, заңнамалық түрде бекітілетін негізгі қаржылық құжаты.
Бюджет терминін «ақшалы қалта», ақшаны салатын, сақтайтын, алатын әмиян деп қарапайым анықтаудың ішкі мәніне үңілсек, онда бұл түсініктің күрделі, көпқырлы екендігіне көз жеткізуге болады. Бір жағынан бұл мемлекет болсын, аумақ, ұйым, отбасы болсын кез келген экономикалық субъектінің қолында бар қаржылық ресурстардың жиынтығы. Екінші жағынан бюджет – бұл экономикалық субъектінің кірістері мен шығыстарының арақатынасы, оның ақшалай қаражатының балансы, тепе-теңдігі. Үшінші жағынан бюджет ақша қаражатын иемденушінің қаржылық әрекеті мен саясатын анықтап, оның кірістер мен шығыстарды теңдестіру, қаржылық ресурстарды бөлу және жұмсау іскерлігін көрсетеді.
Мемлекеттік бюджет бір жыл ішіндегі немесе басқа бюджеттік кезеңдегі алынатын және жұмсалатын мемлекеттік ақша қаражатын жинақтауды ғана білдірмейді, сонымен бірге ол қаржы ресурстары мен ақша ағындарын бақылауда ұстап, әлеуметтік-экономикалық үдерістерге толықтай әсер етеді. Инфляция, мемлекеттік қарыз, әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар, бюджеттік ұйымдарды қаржыландыру, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер мемлекеттік бюджетпен байланысты және оған тәуелді.
Мемлекеттік реттеу формасы ретінде бюджеттеуге мыналар кіреді:
- мемлекеттің ақшалай кірісінің көлемдері мен құрылымын, бюджеттік кезең ішіндегі кіріс көздерін айқындау;
- құрылымы мен көлемін қалыптастыру және бюджеттік кезең ішіндегі мемлекеттік шығындардың бағытын анықтау;
- бюджеттік кезең ішіндегі мемлекеттің ақшалай кірістері мен шығыстарының белгілі бір деңгейдегі теңдестірілуіне қол жеткізу;
- мемлекеттің ақшалай қаражатын жұмсаудың басым бағыттарын көрсету және оларды кепілдендіру (мемлекеттік бюджеттің қорғалған баптары)
- бюджетті мемлекеттік экономикалық және әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарымен үйлестіру;
- мемлекеттік резервтер жасау, ішкі және сыртқы мемлекеттік қарыздарды реттеу.