Автор: Пользователь скрыл имя, 22 Ноября 2012 в 17:03, курсовая работа
Әлемдік қаржы дағдарысы көптеген елді тығырыққа тіреді. Оның салқыны Қазақстанға да тимей отырған жоқ. Бірақ Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында ерте бастан қамданып, дер мезгілінде етек-жеңімізді жиып алғанымыз елімізді қиыншылықтарға соқтыра қойған жоқ. Әйтсе де мемлекетіміз сыртқы тапшылық тажалынан сақтану үшін барлық үнемдеу амалдарын қолданып жатқанда, етектен тартқан жау жаман дегендей, қазынаға суық қолын сұғушылар ісі қатер төндіріп отыр.
Кіріспе.....................................................................................................................3
I. Қаржы дағдарысы және Қазақстандық қадам......................................3
1.1 Әлемдік қаржы дағдарысы.....................................................................5
1.2 Әлемдік қаржы дағдарысы әлемдік сарапшылар көзімен...................8
1.3 Дағдарыс шырмауы...............................................................................10
II. Әлемдік қаржы дағдарысының Қазақстанға әсері.............................13
2.1 Қазақстанның дағдарыспен күресуі және оған әсері.........................13
2.2 Дағдарысқа қарсы қимыл: Қазақстандық тәжірибе..........................22
2.3 Әлемдік қаржы дағдарысының Қазақстанға игі әсері.......................25
Қорытынды.......................................................................................................30
Пайдаланылған әдебиеттер.............................................................................32
Әлем көлемінде дағдарыстың әсерлері: Дағдарыс басталған кезге қарағанда қорқытатын немесе уайым туғызатын қозғалыстар азайды, жайымен теңдіктер тұрақтана бастады. Биржадағы қозғалыстар да бірқалыпты жағдайға келе бастады. Доллар евроға қарсы құнын арттырды. Мамандар дағдарыстың екі жыл ішінде аяқталатынын айтуда. Кейбір елдерде банктерге ақша берілгендіктен, дағдарыстан кейін олардың одан сайын мықты болатыны да білдірілуде. Кейбір үлкен фирмалардың табыстарын төмен деп көрсетулері нарықты одан сайын нашарлатты. Құтқару пакеттері алдымен қиын жағдайдағы банктер үшін жоспарланса да, кейіннен іс жүзіндегі саланың фирмалары үшін де берілді. Мысалы Жапония осындай фирмаларға қолдау беру үшін құтқару пакетін іске қосты. Дағдарысқа байланысты әлем көлемінде жаңа реттеу керек екені ортаға шықты. Көптеген бірінен соң бірі құтқару пакеттерін жариялағандықтан, сенім арта түсті. Әлемдік банк секілді халықаралық ұйымдар араға кіріп, қаржы дағдарысының өрбуіне кедергі болуға тырысты. Дағдарыс басталған АҚШ-нда орталық банк нарықтардың үміттеріне болымды жауап беріп, пайыз көрсеткіштерін азайтты. Осы дағдарыс арқасында көптеген ел мәселелерді шешу үшін бірге қозғалудың маңызын түсінді деуге болады.
1.2 Әлемдік қаржы дағдарысы әлемдік сарапшылар көзімен
Бүкіләлемдік банктің, Fіtch агенттігінің, сол сияқты әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында сөздері келтіріліп жүрген бірқатар сарапшылардың пікірлерінше, капитал рыногындағы ауқымы орасан көбік күн санап өсе түсуде. Валюта бағамдарын нығайту арқылы көбіктердің алдын алуды көздейтін дәстүрлі саясаттың да тиімділігі болмай отыр. Сондықтан да сарапшылар жаһандық жаңа дағдарыстың алдын алуда экономиканы реттеушілердің қолдарында қалып отырған құралдар онша көп те емес деп ескертеді.
“Үлкен жиырмалықтың” қаржы министрлері Шотландияның Сент-Эндрюс қаласында болған кездесуде жеке сектор мен банктерге қазіргі көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауды әлі сақтау керек деп уағдаласты. Ал Азия-Тынық мұхит экономикалық қызметтестігіне (АТЭҚ) мүше елдер көшбасшыларының 14-15 қарашада Сингапурде өткен саммитінде осы ұйымға мүше елдердің дағдарыс салдарларын жойып, халықтың қалың топтарының мүдделерін ескере отырып өсу моделін теңдестіру үшін 18 ай мерзім белгіленді. Бүкіләлемдік банк болса өз кезегінде үкіметтердің экономиканы “суға кетіріп алмай” ұстап тұру үшін зор қаржы ресурстарын бағыттауы қор рыноктарында, әсіресе, Азияда жаңа алыпсатарлық көбіктердің пайда болуына соқтыруда деген баяндамасын жариялады.
Аспанасты елінің дағдарысқа қарсы таңқаларлық тұрақтылық көрсетуі барған сайын сарапшылардың қаупін туғызуда. Гонконгте өткен іскерлік конференцияда Қытай ұлттық банкінің кеңесшісі Фун Ганның мәлімдеуінше, ел экономикасы өзге де дамып келе жатқан экономикалармен бірге жылжымайтын мүлік рыногы мен тауар рыногындағы көбіктердің пайда болуының елеулі тәуекелдерімен бетпе-бет келуде. Активтер рыногындағы қытайлық көбік айтарлықтай қатер тудырады және өзге жерлерде экономиканың қызып кетуіне апарып соқтыруы мүмкін. Өте көп ақша жақсы мүмкіндіктер іздеп, ал дамып келе жатқан рыноктар жақсы өсім беріп отырған бірден-бір орынға айналған кезде, шамадан тыс өтімділік акциялардың, жылжымайтын мүлік пен шикізат рыногындағы көбіктердің өсіп кетуіне соқтырады. Біз осыларға мұқият бақылау жасауымыз керек, деп ескертті ол.
Белгілі болғанындай, осылардың бәріне басты кінәлі ретінде АҚШ танылып отыр. Фун Ганның айтуынша, АҚШ ұстанған төменгі пайыздық ставкалар, доллардың әлсізденуі және дамып келе жатқан рыноктарға тәуекелі жоғары капиталдың құйылуы қауіп-қатердің қоюлана түсуіне себеп болмақ. Ал ол жаңа қаржы дағдарысының пайда болуына қатысты алаңдаушылықты ұлғайта түседі. Бұл дағдарыстың негізі Азияда қалануда, оған әлемдік экономикаға АҚШ пен әлемнің орталық банктері тарапынан орасан зор көлемдегі өтімділіктің құйылуы себеп болуда. Фун Ганның пайымдауынша, инвесторлар аз ғана өсім беретін рыноктар іздеуді жалғастыруда, ал дамып келе жатқан елдердің рыноктары дәл соған сәйкес келеді. Сонымен бірге, сарапшы соңғы кездері ашытқы қосылғандай өсіп, біртіндеп көбікке айналып бара жатқан ҚХР-дың жылжымайтын мүлік рыногы қалай дегенде де тежелу мүмкіндігіне ие деп есептейді. Экономиканың жалпы өсімінен күш алып отырған Қытай жылжымайтын мүлігіне қатысты алыпсатарлық операцияларға қарамастан, ел билігі алыпсатарлық көңіл-күйді тыныштандырып, ахуалды теңдестіру үшін қымбат бағалы жылжымайтын мүлікке қосымша салықтар енгізе алады. Қазан айында Қытайдың ірі 70 қаласында тұрғын үй бағасы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 3,9 пайызға өсіп кеткен. Бұл соңғы 14 айда рынокта орын алған неғұрлым жоғары өсім болып отыр.
АҚШ президенті Б.Обама да Пекинде болған кезінде жаңа дағдарыс толқынының туу мүмкіндігін теріске шығарған жоқ. Бюджет тапшылығының өсуі АҚШ-ты рецессияның екінші толқынына соқтыруы мүмкін деп санайды Ақ үй басшысы. Біздер, тіпті экономикалық көтерілу ортасында да борыштарды көбейте берсек, белгілі бір сәттерде адамдардың Aмерика экономикасына деген сенімі жойылуы мүмкін, ал ол рецессияның қайталануына апарып соқтырмақ.
Сингапурде өткен саммиттің қорытынды декларациясында АТЭҚ елдері экономиканың дамуын ынталандырып, халықтың әлеуметтік қорғалуын күшейтетін болады деп атап көрсетілген. Әлемдік экономикада қалпына келу үдерісі басталды, онда Азия-Тынық мұхит өңірі жетекші рөл атқарады. Дегенмен, біз өсу мен сауданың бұрынғы моделіне қайтып бара алмаймыз, бізге ХХІ ғасырдағы жаһандық экономиканың талаптарына жауап беретін жаңа даму стратегиясы қажет, деп атап өтті Сингапурдың премьер-министрі Ли Сиянь Лун. ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао 13 қарашада Сингапурде сөйлеген сөзінде әлемдік экономиканың қайта өрлеу белгісі байқала бастады дей келіп, сонымен бірге қазіргі жаһандық дағдарыстың әлемдік экономикалық дамудың баяу алға басуы және халықаралық қаржы жүйесіндегі елеулі тапшылықтар сияқты өткір проблемалармен сипатталатынына назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта қаржы дағдарысының ықпалы әлі бар, әлемдік экономикалық ахуалдың жақсару негіздері әлі де сенімді емес, халықаралық экономикалық жүйенің ішіндегі түбірлі қарама-қайшылықтар әлі толықтай шешім таппай отыр, ал әлемдік экономиканың жан-жақты қайта өрлеуінің өзі көптеген белгісіздік және тұрақсыздық факторларға ие.
10 қарашада Fіtch Ratіngs рейтинг агенттігі бірқатар дамып келе жатқан елдердің егемен рейтингтері мен болжамдарының төмендегендігі туралы хабарлады. Атап айтқанда, Болгарияның, Венгрияның, Қазақстанның және Румынияның рейтингтері бір пунктке төмендеген. Оның сыртында бірнеше елдер бойынша болжам “теріске” өзгертілген, олардың қатарында Ресей де бар. Ауқымды рецессия қатері мен капитал құйылысының кемуіне байланысты төрт елдің рейтингтері төмендеген кезде дамып келе жатқан рыноктарға қатысты қауіп күшейе түсті деп жазды британдық “Fіnancіal Tіmes” іскерлік газеті. Рейтингтердің төмендеуі осы елдер экономикалары алдында тұрған тәуекелдерді бейнелейді. Осылайша, Fіtch Ratіngs агенттігінің сарапшылары егемен рейтингтерді төмендете отырып, банк жүйесі мен ел экономистері АҚШ долларына деген жетекші әлемдік державалардың орталық банктері тарапынан әлемдік сұранысты қысқартып, сонымен бірге, балама валюта резервтері жүйесін құруға кеңес береді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің хабарлауынша, мұнайдың әлемдік бағасының одан әрі өсуі жаһандық экономиканың қайта қалпына келу үдерісіне, соның ішінде Қиыр және Таяу Шығыс елдері экономикасына да нұқсан келтіреді. Сарапшылардың пайымдауынша, бірінші кезекте тәуекел негізгі энергия көздеріне бағалар жоғары болған жағдайда әлемдік рыноктағы оларға деген сұраныстың төмендеуіне байланысты туындамақ. Аталған ұйымның мәліметтеріне қарағанда баға бір баррель үшін 80 долларға жеткен кезде-ақ дамып келе жатқан елдерде мұнайға деген сұраныс төмендей бастаған. ХЭА-ның мәлімдеуінше, АҚШ-та экономиканың нақты секторы қаржы секторына қарағанда дағдарыстан қиындықпен шығуда. Егер АҚШ үкіметі экономиканы ынталандыру бағдарламасын тоқтатар болса, оның қайтадан тұншығып қалуы мүмкін, ал ол онсыз да ауыр жағдайда тұрған жұмыс күші рыногына бұрынғыдан бетер зардаптар әкелетін болады.
Әлемдік экономиканың келесі жылы жұмыссыздықтың банк секторына ықпал етуі және Азия рыноктарындағы “көбіктер” түріндегі жаңа тәуекелдерге жолығуы мүмкін, деп атап көрсетті Бүкіләлемдік банк президенті Р.Зеллик Сингапурде. Оның айтуынша, Азия елдерінің экономикаларына қолдау шараларын тоқтатуға әлі ерте, себебі былайғы әлемге қарағанда батыл қарқынмен өседі деп күтіліп отырған өңірдің инфляциялық тәуекелдерге ұрыну қаупі де жоқ емес.
Әлемді жайлаған қаржы және экономикалық дағдарыстың қазіргі жағдайы мен беталысы туралы әлемдік сарапшылардың пікірлері міне, осындай. Ең негізгісі, олардың бірде-бірі дағдарыс салдарлары бүгін-ертең жойыла қояды деген болжам айтпайды. Керісінше, олардың ойлары әлі де сақтықпен, абайлап қимылдауымыз керек дегенге келіп саяды.
1.3 Дағдарыс шырмауы
Әлемдік қаржы дағдарысы дүниежүзіндегі барлық мемлекеттердің бір-бірімен тығыз байланыста екендігін айқын көрсетті. Бұл – жаһандану үрдісінің кең қанат жайып келе жатқанының белгісі. Алдымен ең ірі экономикасы бар АҚШ-та ипотекалық дағдарыс басталды. Ол біртіндеп осы елдің және Европа мемлекеттері мен Жапонияның қаржы саласына әсер етті.
Әлемге дендеп енген қаржы дағдарысы барлық елдердің экономикасын әлсірете түсті. Әсіресе, шикізат өндіретін дамушы мемлекеттер аяғына жем түскен жануардай қиналып қалды. Тіпті қуатты елдердің өзі тығырыққа тіреліп, өндіріс қарқындарын едәуір төмендетті. Мәселен, АҚШ-тың ішкі жалпы өнімі 2008 жылдың 4-ші тоқсанында 3,8 пайызға төмендеген. Бұл – 1982 жылдан бергі ең ірі құлдырау. Германияда Еуропа елдеріне өндіріс тауарларын сату деңгейі 12 пайызға кеміген. Экспорт 8,2 пайызға, ішкі нарықтағы сұраныс 5,1 пайызға азайған. Қытай экономикасы да өндіріс көлемін кемітіп, тікелей инвестиция мөлшері 2008 жылы 32 пайызға, импорт ауқымы 18 пайызға төмендеген. Үндістанда экспорт деңгейі 12 пайызға, Ресейде өндіріс көлемі 2 есеге кеміген. Қаржы дағдарысының алғашқы 4 айының ішінде Араб елдері шетелдік активтерінің 40 пайызын жоғалтып, 2,5 триллион шығынға батқан. Исландия сияқты тұтас бір мемлекет банкротқа ұшырады. Дүниежүзілік дағдарыс салдарынан экономикасы әлсіреген елдер Халықаралық валюта қорынан көмек алу үшін кезекке тұрды.
Дағдарыс әлемдік ірі компаниялардың өзін жан алқымнан алып, құтын қашырды. Жылдық табыстары азайып, шығынға батқан алпауыттар амалдары таусылған соң, жұмысшылардың санын қысқартуға мәжбүр болды. Мысалға, мұнай алыбы Royal Dutch Shell Plc компаниясы 2008 жылдың 4 тоқсанында 2,9 миллиард шығын шекті. Ал Exxon Mobil-дің кірісі, 8 миллиард долларға қысқарды. 2007 жылы ғана аталмыш компания 12 миллиард доллар көлемінде пайда тапқан еді. Мұнай алпауыттарының шығыны қара алтын бағасының айтарлықтай төмендеуінен қалыптасты. Бір жыл бұрын ғана рекордтық көрсеткіш барреліне 147 долларға дейін көтерілген мұнай бағасы 2008-дің желтоқсанында бес жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткішке құлдырап, 33 долларға дейін түсті. Дағдарыс салдарынан ірі көлік шығаратын компаниялар да едәуір зардап шекті. 2008 жылдың 3-ші тоқсанында «Тойота» компаниясының шығыны 1 миллиард доллардан асты. Бір жыл бұрын оның табысы 5 миллиард доллардан көп еді. «Мерседес-Бенц» кәсіпорны өнімінің сатылымы да төмендеді. 2008-ші жылдың қаңтарында сатылған көліктердің саны 32 пайызға кеміген. Ал Оңтүстік Кореяның «Саньён мотор» автоконцерні төлем дағдарысына ұшырап, корпорация президенті қызметінен кетті. Бұрындары жылына 200 мың көлік сатып келген ұжым тек 92 жарым мың өнімін ғана сата алған, өндіріс көлемі 30 пайызға азайып кеткен. Әйгілі көлік компанияларының құлдырауына өнімге деген сұраныстың төмендеуі себеп болды. Мәселен, АҚШ-та Тойотаға сұраныс бірден 32 пайызға кеміген. Әлемде тіпті күнделікті тұрмыстық заттарға деген сұраныс та азайған. Электроника саласындағы көшбасшылардың бірі «Сони» компаниясы 2008 жылды 1,1 миллиард доллар шығынмен жапты. Теледидар шығаратын европалық алпауыт «Филипс» бұл жылды 1 миллиард 47 миллион еуро шығынмен аяқтады. Міне, осындай шығынға батқан әлемдегі үлкенді-кішілі компаниялар жұмысшылар санын қысқартуды қолға алған соң, жұмыссыздық деңгейі өсіп кетті. Дүниежүзілік банктің президенті Роберт Зелликтің айтуынша, экономикалық дағдарыс нәтижесінде әлем бойынша 60 миллионға жуық адам кедейлікке ұшыраған. Германияда 3 миллионнан астам адам жұмыссыз қалды. Ұлыбританияда жұмыссыздар саны 2 миллионға жуықтаған. Ресейде 5 миллионға жетті.
Дағдарыс ірі мемлекеттердің амбициясына да әжептәуір әсер еткен сыңайлы. Әсіресе, АҚШ пен Еуропа елдерінің «жүні жығылыңқырап» қалды. Бұрындары өздерін өктем ұстайтын бұл мемлекеттер экономикалары мен қаржыларын тізгіндей алмай әуреге түскенін дүниежүзі көріп, бақылап отырды. Олар мың жерден мықты ел болса да, төтеден келген дағдарыстан абдырап қалды. Бір сарапшылар Ресей мен АҚШ-тың Грузиядағы оқиғаларға қатысты текетіресі дағдарыстың күшеюінің арқасында сейіліп қалды деген пікір білдірді. «Байтал түгілі бас қайғы» демекші, АҚШ Ирактағы әскерилерінің санын да қысқартқаны белгілі.
II. ӘЛЕМДІК ҚАРЖЫ ДАҒДАРЫСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ
2.1 Қазақстанның дағдарыспен күресуі және оған әсері
Қазақстан да қаржы дағдарысының толқынына ілікті. Ипотекалық дағдарыс белең алған тұста еліміздегі құрылыс саласы кібіртіктеп қалды. Үлескерлер қаржысына салынуы тиіс тұрғын үйлер құрылысы тоқтады. Банкілер ипотекалық несие беруді қойды. Біртіндеп қаржы мекемелері орта және шағын бизнеске беретін несиелерін де қысқартты. Сыртқа шикізат өндіретін өндіріс орындары өнімінің бағасы төмендеп, шығындары көбейді. Қалыптасқан бұл жағдайды дереу реттеу үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын» іске қосты. Оған сәйкес, негізінен 5 бағыт бойынша қаржы секторы, шағын және орта кәсіпкерлік, тұрғын үй құрылысы, индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде үкіметке нақты тапсырмалар жүктелді. Осы талапқа сай, үкімет дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітіп алып, жұмыс істеді. Алғашқы кезекте еліміздің негізгі мұнай-газ, атом, электр энергетикасы, металлургия, тау-кен, көлік, коммуникация салаларындағы және жеке компаниялардағы мемлекет активтерін, даму қорлары мен басқа да қаржы тетіктерін бір мүддеге, бір мақсатқа тиімді жұмылдыру үшін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры құрылды. Ол экономиканы тұрақтандыру бағдарламасының негізгі операторы болды. Елбасы бұл қор басшылығы мен үкіметке әлемдік қаржы дағдарысының зардаптарын жою тетіктерін, экономиканы диверсификациялау арқылы жаңа отандық өнім өндіруге негізделген өндіріс орындарын құру, ішкі инфрақұрылымды жаңалау жобаларын жасауды міндеттелді. Бұл мақсаттарға бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, экономиканың негізгі салаларын тұрақты сақтауға жағдай жасалды. Осы басты жоспар қаржы дағдарысының зардаптарына төтеп беруге көмектесті. Экономиканы тұрақтандыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан қаржы алынды. Мұнай өндіруден жиналған қор қаражаты қысылтаяң сәтте көмекке жарады. Бұл қорды құрудағы негізгі мақсаттың бірі де сол болатын. Ұлттық қордан бөлінген қаражат та 5 бағыт бойынша жұмсалды. Қаржы саласын тұрақтандыруға 4 миллиард, шағын және орта бизнеске 1 миллиард, ауыл шаруашылығы жобаларына 1 миллиард, инфрақұрылымдық және серпінді жобаларға 1 миллиард доллар бөлінді. Ең алдымен экономиканың күре тамыры қаржы саласының түйткілдерін шешуге айрықша назар аударылды. Мемлекет 4 ірі негізгі банктің акцияларын сатып алып, олардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасады. Әр банк бір-бір саланың операторы атанып, нақты секторға қажет қаражат айналымына қан жүгірді. Олар арқылы құрылыс саласына да қаржы аударылып, үлескерлер мәселесін шешуге мән берілді. Мемлекет құрылысы тоқтап қалған тұрғын үйлердің толық бітуіне көмек жасады. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларындағы құрылыс компанияларына қаржылық қолдау көрсетілді. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арқылы жеңілдетілген несие беретін арнайы желі ашылды. Оларға ипотекалық несиені 10,5 пайызбен беру талабы қойылды. Екінші тетік ретінде дайын пәтерлерді коммерциялық банктер арқылы нарық бағамымен несиелеу ұсынылды. Үшінші мәселе, бұған дейін берілген ипотекалық несиенің пайызы бір баспана алғандарға 9 пайызға дейін төмендетілді. Экономиканың тұрақты тірегі болғандықтан орта және шағын бизнеске ұлттық қор қаржысынан бұрын «Даму» кәсіпкерлік қоры арқылы 10 миллиард теңге бөлініп, ірі банктер арқылы 156 миллиард теңгелік несие беру бағдарламасы да іске асты. Бұл қаржылар отандық тауар өндірушілерге зор қолдау болды. Бұған қоса үкімет елдегі өндіріс орындары мен мекемелерге отандық өнімдерді тұтыну жөнінде ұсыныс жасады. Мемлекеттік сатып алу кезінде ұлттық компанияларға отандық өнімдерді алу талабы қойылды. Орта және шағын бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланды. Жаңадан «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы жасалды. Бұл да мемлекет тарапынан жасалған оңтайлы қадам еді. Экономиканы тұрақтандыру бағдарламасына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға да зор көңіл бөлінді. Өйткені дағдарыс шикізат өндіруден гөрі, нақты өнім өндіру тиімді екенін көрсетті. Бұл сала бірден табыс әкелмесе де, біртіндеп қор жасауға болатынын байқатты. Ең бастысы, тәуекел аз да, тұрақты табыс бар. Бұған қоса Қазақстан экономиканы диверсификациялап, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндік туындағанын дөп пайдаланды. Осы бағытта «Қазагро» ұлттық холдингі арқылы бір жылда 199 жаңа инвестициялық жоба қаржыландырылды. Оның ішінде азық-түлік өнімдерін өндіретін жобаларға басымдық берілді. Агроөнеркәсіп саласы алдағы уақытта да тұрақты дамудың кепілі ретінде қалыптаса түспек. Мемлекет дағдарыс кезінде инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларды да ұмытқан жоқ. Мұндай қысылтаяң сәтте мемлекеттің ішкі инфрақұрылымдық жобаларға қаржы құюы тиімді екенін заманында АҚШ президенті Рузвельт те атап өткен. Америка ұлы депрессия тұсында көпірлері мен жолдарын жөндеуге мән бергені тарихтан белгілі. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл тәжірибеден бас тартқан жоқ. Үкіметке «Жол картасы», «Индустриялық-инновациялық» бағдарламаларын тиянақты жүзеге асыруды тапсырып,оның орындалу барысын қадағалап отырды. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінудің арқасында қалалар мен қоса ауылдарда да жолдарды жөндеу ісі жүргізілді.Мектеп, денсаулық сақтау, басқа да әлеуметтік мекемелердің құрылыстары жалғасты. Бұл бір жағынан ішкі өндірістік белсенділікті арттырып, жұмыс орындарының ашылуына тікелей әсер етті. Ірі жобаларды қаржыландыру да тоқтаған жоқ. Мәселен, 2009 жыл бюджетінен Бейнеу-Шымкент газ құбыры магистралін салуға 32,8 миллиард, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізіне 31,3 миллиард, Атырау облысындағы газ-химиялық кешен құрылысына 4 миллиард теңге қарастырылды. Мемлекет ірі өндіріс орындарынан жұмыс орындарын қысқартпауды да талап етті. Олар мен облыстық әкімшіліктер меморандумдарға қол қойысты. Арнайы бағдарлама жасалып, мамандарды қайта оқыту ісі қолға алынды. Бұл жұмыссыздықты ауыздықтауға бағытталған қадамдар болды. Ең бастысы, дағдарыс кезінде бюдджеттегі әлеуметтік шығындар қысқартылған жоқ. Жоспарланған төлем уақытында тұрғындарға беріліп отырды. Тіпті ақылы бөлімде оқитын студенттерге жеңілдікті несие беру жобасы да ұсынылды. Үкімет мемлекеттік органдардың шығындарын үнемдеуге де барды. Ұлттық компаниялар басшылары мен қызметкерлерінің бонустары, сыйақылары азайтылды. Дағдарыс барысында теңгеге девалвация жасалды. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы өсті. Бұл әлемдік тәжірибе де бар үрдіс, еліміздегі сыртқа шикізат және өнім жіберетін компаниялар үшін үлкен қолдау еді. Міне, Қазақстанның дағдарыс кезінде жүзеге асырған кешенді іс-әрекеттері осындай болды. Сарапталып барып іске асырылған дағдарысқа қарсы бағдарламаның алғашқы оң нәтижелері 2010 жылдың алғашқы жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық қорытындыларынан анық байқалды. Жалпы ішкі өнімнің өсуі 8 пайызды құрады, өндіріс көлемі 11 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде – 18,3, кен өндіру өнеркәсібінде 6,3 пайыздық өсім қалыптасқан. Іске қосылған агроөнеркәсіптік жобалардың арқасында тамақ өнеркәсібінің өндірісі 14,6 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы өнімі өндірісі 3,1 пайызға өсті. Бұған дейін төмен көрсеткіш көрсетіп келген құрылыс қарқыны маусым айында 0,5 пайызға көтерілген. Инфляция деңгейінің төмендеу үрдістері байқалды. Жыл басынан бері жалпы инфляцияның деңгейі 4,4 пайызды құрады. Бірақ бұл көрсеткіштер дағдарыстың толық еңсерілгенін көрсетпесе керек. Кейбір әлемдік сарапшылардың дағдарыстың әлі де бір құйтырқысы шығуы ықтимал екендігін болжаған жорамалдары да БАҚ-та оқтын-оқтын жарияланып қалып жүр. Сондықтан «сақтансаң сақтармын» дегендей, қазіргі әлемдегі қаржы орталықтары мен қор биржаларындағы жағдай әрдайым сақтықты қажет етеді.
Информация о работе Әлемдік қаржы дағдарысының Қазақстанға әсері және оның тереңдігі