Автор: Пользователь скрыл имя, 10 Октября 2011 в 21:55, реферат
Дін және мәдениеттің арақатынасы жөнінде қыруар пікірлер айтылуда. Соңғы кездері діни экспансия алаңына айналған елімізде «дініміз өзгерсе өзгерсін, мәдениетіміз өзгермесін» (Дулат Исабеков, ҚӘ, №14, 18.04.2003 ж.) дейтіндей, ора шолақ пікірлер де айтылуда. Осы мәселеге байланысты ғылыми қорытынды жасау үшін алдымен қоғам өмірінің ең маңызды ұстыны саналатын дін мен мәдениеттің арақатынасын анықтайық.
Дiн социологиясы жөнiндегi материалдарды сонау антикалық дәуiр авторларының еңбектерiнен ұшырастыруға болғанымен, қазiргi ғалымдар бұл саланың ХIХ-ғасырдың бас шенiнде қалыптасқанын атап айтады. Дiн социологиясының негiзiн салушылар Клауд Анри де Сен-Симон (Claud Henri de Saint-Simon, 1760-1825), Август Комте (Auguste Comte, 1798-1857) және Карл Маркс (Karl Marx, 1818-1883) саналады.
Дiни iс-әрекеттер екi формада жүзеге асырылуы мүмкiн: бiрiншiден, кейбiр адамдардың яки тұтастай қоғамның белгiлi уақыттарда белгiлi iс-әрекеттердi жүзеге асыруы. Мұндай жағдайда дiни өмiрдi ұйымдастырушы дiни ұйымның болуы шарт емес. Екiншiден, дiни iс-әрекеттердi белгiлi ұйымдардың ұйымдастыруы (діни институт – М.Б.) және олардың мән-мағынасын белгiлеуi. Осы тұрғыдан алғанда дiн социологиясы дiни ұйымдар мен қоғамның әлеуметтiк тұрғыдан талдауын мына мәселелер бойынша жүзеге асырады:
1-дiни ұйымды сипаттау
2-дiни ұйымдардың тармақталуы
3-дiни ұйымдардың типологиясы
4-дiни ұйымдардың дамуы
5-дiни жамағатты сипаттау
6-дiни жамағаттың құрылымдық жүйесi
7-дiни жамағат мүшелерiнiң дiни ұстанымдары мен әрекеттерi
8-дiни жамағат пен қоғамның ара қатынасы
9-дiни сипаттары бойынша қоғамның әлеуметтiк таптарға жiктелуi
10-әлеуметтiк жiктер жүйесінiң дiнмен ара қатынасы
11-әлеуметтiк таптардың спецификалық дiндарлығы
12-дiни көпшiлдiк және әлеуметтiк таптарға жiктелу
13-дiн және әлеуметтiк динамикалардың ара қатынасы.
Бұларға қоса, әсiресе Макс Вебер «Протестант этикасы және капитализмнiң рухы» атты еңбегiнде дiннiң экономикалық өмiрдегi рөлiн – экономикалық iс-әрекеттердегi дiннiң рөлi, дiн және экономикалық әдiс тақырыптары бойынша зерттеп, Қытай, Жапон, Үндi және Еуропа экономикаларындағы бұл елдердiң дiни нанымдарының әсерiн талдаған (Вебер М. Избранное образ общества. – Москва: Юрист, 1994. 600-623 бб.).
Адамдардың саяси өмiрiндегi дiни әрекеттер мен ұстанымдарды зерттеу дiн социологиясының мiндеттерiне жатады. Зерттеулер азаматтардың дауыс беруiнде дiни факторлардың айтарлықтай рөл атқарғандығын дәлелдеген. АҚШ президентiнiң Библияға қолын қойып ант беруi, АҚШ, Австралия және Жаңа Зеландиядағы орташа һәм төменгi ауқаттағы католиктердiң көбiнесе солшыл партияларға, ал жоғары ауқатты буржувазияны құрайтын протестанттардың көбiнесе оңшыл партияларға дауыс беретiнi дiн мен саясаттың әлеуметтiк қатынастарына мысал. Германиядағы католиктердiң басым көпшiлiгi CDU (Christlische Demokratische Union – Христиан демократиялық одақ) партиясына, ал протестанттардың басым көпшiлiгi солшыл бағыттағы SPD (Германия социал-демократиялық партиясы) партиясына дауыс беретiнi анықталған. Түркиядағы жағдайға келер болсақ, ұлттық-дiни ұстанымдарды күштi сақтаған кедейлер мен төменгi тұрмыстағы азаматтар дiни және ұлттық бағыттағы партияларға, ал әл-ауқаты жоғары және орташа ауқаттағы азаматтар болса оңшыл яки солшыл партияларға дауыс беруде. Түркияда солшыл партияларға дауыс беретiндер көбiнесе зайырлы қоғамды жақтаушылар мен сүнни топқа жатпайтын азаматтар һәм кірмелер.
Дiн социологиясының ендiгi зерттеу саласы – жанұя қатынастарындағы дiннiң рөлi. Бұл сала жанұяның дiни-әлеуметтiк тұтастығын, жанұя өмiріндегi дiн факторының рөлi мен дiни ритуалдердi (үйлену, ажырасу, жанұя құрылымы, өлiм, балалардың жыныстарына қарай тәрбиелену ерекшелiктерi, жанұядағы қарт мүшелердiң орны, экзогамия-эндогамия, полигамия-моногамия, туыстық қатынастардағы дiннiң әсерi т.т.) жан-жақты зерттейдi. Дiн социологиясы, сонымен қатар, дiн және әлеуметтiк қақтығыстардың ара қатынасын анықтаумен де шұғылданады. Алуан этникалық топтар мен діндерден құралған Қазақстандық зерттеушiлер үшiн бұл сала тың һәм маңызды...
Бiзде дiн социологиясы, оның iшiнде ислам социологиясы саласындағы зерттеулер ендi-ендi бастап келе жатқанын айта кеткен жөн. Мұның себебi ретiнде дінге қарсы негізделген бұрынғы томаға-тұйық қоғамның әсiре позитивист һәм «профан» ұстанымдары мен Батыстың отарлау жүйесінiң осы саладағы өзiнiң үстемдiгiн дәлелдеуге бейiмделген бiржақты шолақ харекетiнiң салқын ызғарын айтуға болады. Бiзде жалпы дiн мәселесi көп жылдар бойы еленбей келе жатқан күрделi де маңызды ғылым саласы. Дiн дегенде тек дiннiң ғибадат жағын яки естен танып зікір салуды ғана ойлайтындар бар. Ал, жоғарыда есiмдерi аталған Батыс зерттеушiлерiнiң еңбектерiнде ислам дiнi туралы материалдар тым аз һәм көбiнесе бұрмаланған түрде келтiрiлген. Батыс зерттеушiлерi көбiнесе Үндiстан, Қытай, Африка, Солтүстiк уә Оңтүстiк Америка мен Тынық Мұхит аралдарындағы отарланған тайпаларды зерттеумен һәм олардың қаншалықты «тұрпайы» екендiктерiн анықтаумен келген. Ең мәшһүр ғалымдардың өзiнiң еуропа-центризмге яки этноцентризмге негiзделген бақылаулардан аса алмағанын көресiң...