Автор: Пользователь скрыл имя, 10 Октября 2011 в 21:55, реферат
Дін және мәдениеттің арақатынасы жөнінде қыруар пікірлер айтылуда. Соңғы кездері діни экспансия алаңына айналған елімізде «дініміз өзгерсе өзгерсін, мәдениетіміз өзгермесін» (Дулат Исабеков, ҚӘ, №14, 18.04.2003 ж.) дейтіндей, ора шолақ пікірлер де айтылуда. Осы мәселеге байланысты ғылыми қорытынды жасау үшін алдымен қоғам өмірінің ең маңызды ұстыны саналатын дін мен мәдениеттің арақатынасын анықтайық.
Әлеуметтік тұрғыдан алғанда ислам діні:
1) Қоғамға бағыт-бағдар береді,
2) Қоғамды біріктіреді,
3) Идеологиялық және мәдени ұғымдарды күллі қоғамға телиді,
4) Жеке тұлғаның және қоғамның мүдделерін қорғайды,
5) Этникалық негізден гөрі адами, рухани құндылықтарға мән береді.
Діннің мәдениеттің құрамдас бөлігі екені туралы тәжірибелік (эмпирикалық) дәлелдер:
1) Діннің жеке тұлға және қоғам өміріндегі нақты функциялары бар.
2) Дін әр адамға сол адам бағынышты болуға міндетті құдіреттің алдында жеке басының сенімділігі сезімін береді.
3) Дін адамға өзінің төңірегіндегі әлемді түсіну тұрғысынан өзіндік жүйе ұсынады.
4) Дін қоғам қатынастарының қалыптасуында басты міндет атқарады.
Мәдениеттің күштілігі соншалық, мәдениеттер арасындағы қақтығыста жеңіске жеткен мәдениеттің өзі жеңіліске ұшыраған мәдениеттің белгілі элементтерін сіңіріп алуға мәжбүр болады. Нәтижеде аралас мәдениеттер пайда болады. Ислам діні мәдениеттердің арасындағы парықтарды қабылдаған дін. Нәсілдер мен тілдердің, тіпті діндердің әртүрлілігін ислам діні таниды. Құранда адамдардың тайпаларға, түстерге бөлінгендігі, әркімнің діні өзіне екені туралы айтылған және Құран мұны Жаратушының шешімі ретінде көрсеткен. Қоғамдар арасындағы парықтар адамдардың бірін-бірі танып-білуі және қарым-қатынас орнатуы жағынан жағымды рөл атқаруы да мүмкін. Бұл біздің қолымыздағы нәрсе. Сондықтан, ислам дініндегі жүйені толеранттылықтан да жоғары қойған жөн. Тарихқа қарағанымызда сан жағынан аз мұсылмандардың үлкен мемлекеттерді басқарғанын көреміз. Яғни, мұсылмандар басқа дін уәкілдерін де қорғаумен шұғылданған. Мұсылмандар негізінен бір мемлекеттің туының астында біріккен басқа тілдегі және діндегі халықтарға, олардың мәдениетіне хошкөрушілікпен қараған.
Адамзат тарихында дінсіз мәдениет болмаған. Алғашқы қоғамдық құрылымнан бері қарайғы уақытта пайда болған мәдениеттердің барлығы да діни сенім негізінде қалыптасқан. Ал, сенім жүйесі ең жоғары деңгейдегі имани, фәлсәфи негіздерді қамтитын ислам діні осы дінге қосылған халықтардың мәдениетіне орасан зор ықпал жасаған, түбегейлі өзіндік қалыпқа салған...
Дін адамдардың іс-әрекеттеріне бірінші дәрежеде ықпал жасайтын құдірет. Ислам діні мәдениеттің негізгі салаларымен шұғылданады да егжей-тегжейде адамға таңдау еркі береді. Мәселен, исламият адамдардың киінуі мәселесінде негізгі қағидаларды белгілейді, бірақ дәл қандай киім үлгісін киюге араласпайды. Ислам діні адамдардың халал тағамдарды жеуін сұрайды, бірақ тамақты дайындау және қабылдау салтына араласпайды. Мәселен, Қытайдағы мұсылмандар ағаш таяқшамен, Еуропадағы мұсылмандар қасықпен, араб елдеріндегі мұсылмандар қолымен тамақ іше алады. Негізгі мәселе, халал, яғни рұқсат етілген таза тағамдарды жеу.
Кейбір әдебиеттерде, мәселен Жоржи Зейданның (Джирджи Зейдан, Jurji Zeidan, 1861-1914) «Ислам мәдениеті тарихы» атты еңбегінде мәдениет былайша сипатталған: «Мәдениет дегеніміз бір қоғамды қоғам, жамиғатты жамиғат, ұлтты ұлт жасайтын, оны өзге ұлттардан ажырататын өмірлік көріністердің топтамасы. Осы өмірлік көріністер әр ұлттың өзіне тән болып келеді». Қысқаша қайырып айтқанда мәдениет «әр ұлттың өзіне тән ойлау және өмір сүру салтының жүйесі» болып табылады.
Мәдениеттің негізгі қасиеттері мыналар:
1.Ұлттық сипатқа ие
2.Табиғилық және тірілік
3.Жалғастылық және тарихилық
4.Ұлттың ортақ мұрасы болып табылады
5.Өзегі өзгермейді
6.Үйлесімді тұтастық болып табылады
7.Ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
Міне, осы қасиеттердің барлығын зер сала зерттегенімізде ислам дінінің қазақ халқының мәдениетіндегі ең маңызды бөлік екенін көреміз. Ендеше, Қазақстан мемлекетінің сыйлығын алған жазушы Дулат Исабеков (1942- ) ағамыздың «дін мәдениеттің құрамдас бөлігі емес екен, дініміз өзгерсе өзгерсін, мәдениетіміз өзгермесін...» деген сөздерінің ғылыммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны анық болады. Ал, мәдениет пен өркениеттің парқы неде? Мәдениет ұлттық сипатта болғанымен, өркениет дегеніміз халықаралық, ғалами сипаттағы нәрсе. Бір мәдениетті екінші мәдениетке тұтастай аударудың мүмкін еместігін жоғарыда айтқанбыз. Өркениет болса жалпы адамзатқа тән байлық.