10. Тәртiптiк
жаза тәртіптік терiс қылық
мәлiм болған күннен бастап
бiр айдан және тәртіптік теріс
қылық жасалған күннен бастап
алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
Қызмет
бабында қызметкер бағынатын
адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы
берілгеніне не берілмегеніне қарамастан,
тәртіптік теріс қылық жасалғаны
туралы белгілі болған, бір айлық
мерзім басталатын күн тәртіптік
теріс қылық байқалған күн
болып есептеледі.
11. Қызметтiк
тергеу жүргізiлген, қылмыстық іс
немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық
туралы iс қозғалып, сотта қаралған
жағдайда тәртіптік жаза, кінәлінiң
сырқаттануына немесе демалыста,
іссапарда болуына байланысты
жұмыста болмаған уақытын есептемегенде,
тиiсiнше тергеу аяқталған, қылмыстық
iсті немесе әкiмшiлiк құқық
бұзушылық туралы iс бойынша істі
жүргізуді қысқарту туралы процессуалдық
шешiм қабылданған күннен бастап
бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
12. Қылмыстық
іс қозғаудан бас тартылған
не қылмыстық іс қысқартылған
жағдайда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде
тәртіптік теріс қылық, әкімшілік
құқық бұзушылық белгілері болған
кезде жаза қылмыстық іс қозғаудан
бас тарту не оны қысқарту
туралы шешім қабылданған күннен
бастап - бір айдан, сыбайлас жемқорлық
құқық бұзушылық белгілері болған
кезде - үш айдан кешіктірілмей
қолданылады.
13. Қызметкер
сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық
не сыбайлас жемқорлыққа жағдай
туғызатын құқық бұзушылық жасаған
жағдайда, тәртіптік жаза тәртіптік теріс
қылық жасалғаны мәлім болған күннен бастап
үш айдан кешіктірілмей қолданылады және
тәртіптік теріс қылық жасалған күннен
бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға
болмайды.
14. Қызметкер
еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста
немесе iссапарда болған кезеңде,
сондай-ақ егер тәртіптік терiс
қылық жасалған күннен бастап
алты айдан астам уақыт өткен
жағдайда, оған тәртiптiк жаза
қолданылмайды.
15. Еңбекке
уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста,
iссапарда болуы, егер жасалған
тәртіптік терiс қылық туралы
осы кезеңде немесе ол басталғанға
дейiн белгiлi болса, жаза қолдану
мерзімін тоқтата тұрады.
16. Қызметкер
өзін тәртіптік жауапкершілікке
тартумен байланысты барлық материалдармен
танысуға құқылы.
17. Қызметкерге
қолданылған тәртiптiк жазаның
мерзiмi оның қолданылған күнiнен
бастап алты айдан аспайды.
Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер
жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса,
онда оның тәртiптiк жазасы
жоқ деп есептеледi.
18. Егер
қызметкерге, тікелей басшының
құқықтары шегiнен шығатын жазалау
шараларын қолдану қажет болса,
онда ол бұл туралы жазалау
шараларын қолдануға уәкілетті
жоғары тұрған лауазымды адамға
өтiнiш жасайды.
19. Жоғары
тұрған басшының, егер бұрын жарияланған
жаза жасалған тәртіптік терiс
қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе,
төмен тұрған басшы қолданған
тәртiптiк жазаны алып тастауға
құқығы бар.
20. Тәртіптік
жазалар қолдану жөнiнде өзiне
берiлген құқықтарын асыра пайдаланған
басшы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке
тартылады, ал жазалау шараларын
қолдануға уәкілеттi адам жазалау туралы
бұйрықтардың күшін жояды.
21. Қызметкер
өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға
жоғары тұрған органға не сотқа
шағымдануға құқылы.
58-бап. Қызметтік тергеу
1. Қызметтік
тергеу қызметкердің тәртіптік
теріс қылық жасауының себептерін,
сипатын және мән-жайларын анықтау,
осы Заңда көзделген, сондай-ақ
Қазақстан Республикасының заңнамасына
сәйкес мән-жайлардың болуы немесе
болмауын растау қажет болған
кезде, оның ішінде қызметкерлердің
жазбаша баянаты және құқық
қорғау және сот органдарының
хабарламалары негізінде құқық
қорғау органы басшысының немесе
уәкілетті басшысының шешімі
бойынша жүргізіледі.
2. Қызметтік
тергеу жүргізуге оның нәтижесіне
тікелей немесе жанама мүдделі
қызметкер қатыса алмайды. Мұндай
жағдайда ол қызметтік тергеу
жүргізу туралы шешім қабылдаған
адамға, өзін осы тергеу жүргізуге
қатысудан босату туралы жазбаша
баянатпен жүгінуге міндетті. Осы
аталған талаптар сақталмаған
жағдайда, қызметтік тергеу нәтижелері
заңсыз деп есептеледі.
3. Қызметтік
тергеу жүргізу кезінде мынадай:
1) қызметкердің
тәртіптік теріс қылық жасау
фактісін;
2) қызметкердің
тәртіптік теріс қылық жасауына ықпал
еткен себептер мен жағдайларды;
3) қызметкердің
тәртіптік теріс қылық жасау
нәтижесінде келтірген залалдың
сипаты мен мөлшерін;
4) қызметкердің
қызметін өткеруге кедергі келтіретін
мән-жайлардың болу немесе болмауын
объективті және жан-жақты анықтау
шаралары қолданылуға тиіс.
4. Қызметтік
тергеу оны жүргізу туралы
шешім қабылданған күннен бастап
бір айдан кешіктірілмей аяқталуға
тиіс. Аталған мерзімге қызметтік
тергеу жүргізілетін қызметкердің
демалыста, іссапарда немесе емделуде
болған уақыты, сондай-ақ оның
өзге де дәлелді себептермен
қызметте болмаған уақыты есептелмейді.
5. Қызметтік
тергеудің нәтижелері қызметтік
тергеу жүргізу туралы шешім
қабылдаған адамға жазбаша нысандағы
қорытынды түрінде беріледі, ол
оны тергеу аяқталған күннен
бастап күнтізбелік үш күннен
кешіктірмей бекітеді.
6. Өзіне
қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін
қызметкерден қызметтік тергеу
жүргізудің мән-жайы бойынша түсініктеме
талап етіп алынады.
7. Өзіне
қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін
қызметкер:
1) жүргізілетін
қызметтік тергеудің мәні бойынша
жазбаша түсініктеме беруге;
2) өтініш
айтуға, айғақтар және өзге де
құжаттар ұсынуға;
3) қызметтік
тергеу жүргізу туралы шешім
қабылдаған құқық қорғау органының
басшысына немесе уәкілетті басшысына
қызметтік тергеу жүргізетін
қызметкерлердің шешімдеріне және
әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
4) егер
ол мемлекеттік құпияларды және
заңмен қорғалатын өзге де
құпияны құрайтын мәліметтерді
таратпау талаптарына қайшы келмесе,
қызметтік тергеу аяқталғаннан
кейін қорытындымен және басқа
да материалдармен танысуға құқылы.
Қызметкер
жазбаша түсініктеме беруден
бас тартқан кезде тиісті акт
жасалады.
8. Қызметтік
тергеу нәтижелері бойынша қорытындыда:
1) қызметтік
тергеу нәтижесі бойынша анықталған
фактілер мен мән-жайлар;
2) қызметтік
тергеу нәтижесі бойынша тұжырымдар мен
ұсыныстар көрсетіледі.
9. Қызметтік
тергеу жүргізу кезінде қызметкердің
әрекетінде қылмыс белгілері
мәлім болған жағдайда, қызметтік
тергеу жүргізу туралы шешім
қабылдаған құқық қорғау органының
басшысы немесе уәкілетті басшысы
алынған материалдарды процессуалдық
шешім қабылдау үшін тиісті
құқық қорғау органдарына дереу
беруге міндетті.
10. Қызметтік
тергеу жүргізу тәртібі құқық
қорғау органдарының нормативтік
құқықтық актілерінде белгіленеді.
8-тарау.Қызметкерлердің
атыс қаруын, арнаулы құралдар
мен дене күшін қолдануы
59-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдар
мен дене күшін қолдану мақсаты
Атыс
қаруы, арнаулы құралдар мен дене
күші қоғамға қауiптi әрекеттерді
тоқтату, құқық бұзушылықтардың
сипаты мен нақты ахуал ескерiле
отырып, оларды жасаған адамдарды
ұстау және құқық қорғау органдарына
жеткiзу мақсатында қолданылады.
60-бап. Арнаулы құралдар мен дене күшін
қолдану
1. Қызметкерлердің
дене күшін, оның ішінде жауынгерлік
күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнаулы
құралдарды, оның iшiнде қол кiсендерiн,
резина таяқтарды, көзден жас
ағызатын заттарды, алаңдатып әсер
ететін жарық-дыбыс құрылғыларын,
үй-жайларды ашуға, көлiктi мәжбүрлеп
тоқтатуға арналған құрылғыларды,
суатқыштарды, қызметтік жануарларды,
броньды машиналар мен тiзбесiн
Қазақстан Республикасының Үкiметі
айқындайтын басқа да арнаулы
көлiк құралдарын:
1) жеке
тұлғаларға, қызметкерлерге және
қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық
қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және
қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл
бойынша қызметтiк немесе қоғамдық
борышын атқарып жүрген өзге
де адамдарға жасалған шабуылды
тойтару;
2) кепiлге
алынған адамдарды босату, жаппай
тәртiпсiздiктердің және қоғамдық
тәртiптi топтасып бұзудың (қылмыстық-атқару
жүйесі мекемелерінде ұстаудың
белгіленген режимін топтасып
бұзушылықтарды), сондай-ақ сотталғандар,
күдіктілер және айыпталушылар
түзеу мекемелерінен және тергеу
изоляторларынан қашқан кездегі
немесе қашқандарды ұстау кезіндегі
құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу;
3) жеке
тұлғаларға, ұйымдарға және мемлекеттiк
органдарға тиесiлi үйлерге, үй-жайларға,
ғимараттарға, көлiк құралдарына,
жер телімдерiне жасалған шабуылды
тойтару, сол сияқты оларды
басып алудан босату;
4) егер
құқық бұзушылар (сотталғандар, күдіктілер,
айыпталушылар және әкімшілік
құқық бұзушылық жасағандар) қызметкерлерге,
қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық
қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша
өздерiне жүктелген мiндеттердi атқарып
жүрген өзге де адамдарға бағынбаса
немесе қарсылық көрсетсе, оларды
құқық қорғау органдарына жеткiзу
үшін ұстау үшін, ұсталған, күзет
қойылған адамдарды, сондай-ақ
әкiмшiлiк қамауға алынған, сотталған,
күдікті және айыпталушы адамдарды,
не олардың қашып кетуi немесе
айналадағыларға немесе өзiне
зиян келтiруi мүмкiн деп санауға
жеткілікті негiздемелер болса,
сондай-ақ қызметкерлердiң өздерiне
заңмен жүктелген мiндеттерді
жүзеге асыруына қасақана кедергi
келтiретiн адамдарға қатысты
күзетпен апару және күзету;
5) қызметкердің
өзін-өзі қорғау немесе өзінің
отбасының мүшелерін қорғау мақсатында
оған және (немесе) олардың денсаулығына
немесе өміріне ауыр зиян келтірудің
нақты қаупі төнген кезде шабуылды
тойтару;
6) қажетті
қорғаныс, аса қажеттік;
7) егер
бұл құқық бұзушылықтың жолын
кесу, құқық бұзушының жеке басын
анықтау, сондай-ақ егер хаттама
жасау мақсатында міндетті болса,
оны сол орында жасау мүмкін
болмаған кезде әкімшілік құқық
бұзушылық туралы хаттама жасау
міндетті болса, құқық бұзушыларды
жеткізу үшін қолдануға құқығы
бар.
2. Айналадағылардың
өмiрi мен денсаулығына қауіп
төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл
жасаған не қарулы қарсылық
көрсеткен жағдайларды қоспағанда,
әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi
анық бiлiнiп тұрған адамдарға
және жас балаларға қатысты
арнаулы құралдар мен жауынгерлік
күрес тәсілдерін қолдануға тыйым
салынады.
61-бап. Атыс қаруын қолдану
1. Қызметкерлер
атыс қаруын:
1) жеке
тұлғалардың өмірі мен денсаулығына
қауіп төнген жағдайда оларды
қылмыстық қол сұғудан қорғау,
сол сияқты кепiлге алынғандарды
босату;
2) қызметкерлерге
және олардың отбасы мүшелерiне,
қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық
қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және
қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл
бойынша қызметтiк немесе қоғамдық
борышын атқарып жүрген адамдарға
жасалған шабуылды тойтару;
3) жеке
тұлғалардың тұрғын үй-жайларына,
құқық қорғау органдары күзететiн
объектiлерге, мемлекеттiк ұйымдардың
үй-жайларына жасалған шабуылды
тойтару, қызметтiк немесе әскери
нарядқа жасалған шабуылды тойтару;
4) қарсылық
көрсеткен не қылмыс жасау
кезінде қолға түскен, қамаудан қашқан
адамдарды (әкiмшiлiк қамаудағылардан басқа)
ұстау, қарулы адамдарды ұстау үшін;
5) егер
көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды
талаптарына бағынбаса және жеке
тұлғалардың өмiрi мен денсаулығына
қауіп төндiрсе, көлiк құралдарын
ақау келтiріп тоқтату;
6) хайуанаттар
шабуылынан қорғану;
7) дабыл
белгiсiн беру немесе көмек
шақыру;
8) қажетті
қорғаныстың және аса қажеттіктің
барлық өзге де жағдайларында
қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге,
анық мүгедектік белгілері бар
адамдарға, кәмелетке толмағандардыңжасы
белгілі немесе анық болған
кезде оларға қатысты, олар
қарулы шабуыл жасаған, қарулы
қарсылық көрсеткен, кепiлге адам,
көлiк құралдарын, оның iшiнде әуе
кемесiн алған не топтасып шабуыл
жасаған жағдайларды қоспағанда,
қару қолдануға тыйым салынады.
62-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды,
дене күшін қолдану шарттары
1. Атыс
қаруын, арнаулы құралдарды, дене
күшін қолданудың барлық жағдайларында
қызметкер жеке тұлғалардың қауіпсіздігін
қамтамасыз ету, зардап шеккендерге
шұғыл медициналық көмек көрсету
үшін қажетті шараларды қолдануға,
атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене
күшін қолданғаны туралы тікелей басшыға
баяндауға міндетті.