Жалпы тарихтан тест сұрақтары

Автор: Пользователь скрыл имя, 28 Сентября 2013 в 19:21, тест

Описание работы

Дүние жүзінің дамыған елдері жүріп өткен урбанизация процесін ерте ме, кеш пе біздің халқымыздың да басынан өткізуі қоғамдық заңды құбылыс. Ең қысқа тарихи кезеңде өткен олқылықтардың орынын толтырып, салт-дәстүрімізбен ұлттық менталитетімізді жалпы адами құндылықтарға негізделген, қалалық өркениетке бейімдеп, рухани қазынамызды әлемдік үрдістен қалдырмай байыта беру бүгінгі ұрпақтың үлесіне тиіп отыр. Әлемдік жаһандану дәуіріне ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, сақтай отырып, бәсекеге қабілетті экономика құру, бәсекеге лайықты халық болу қала өркениетімен бірге қалыптасады. Бүгінгі мектеп партасында отырған жас жеткіншектер, сендер бұл тарихи кезеңнің бел ортасында жүріп, еліңнің ертеңін өз қолдарыңмен, жасампаз еңбектеріңмен көркейтуге ат салысасыңдар.

Работа содержит 1 файл

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қаракөл орта мектебі.docx

— 111.09 Кб (Скачать)

Сабақтың түрлері, өткізу әдістері мен көрнекі құралдары      

 Стандартты емес сабақ  түрлері: «Дебат», «Сарамандық», Баспасөз-конференциясы сабақтарын  өткізу, «Пікірлесу», «Кездесу» әдістерін пайдалану, «Әдеп» т.б пәндермен интеграциялық сабақтар өткізу

Негізгі және қосымша  әдістемелік әдебиеттер

  1. «Қала-өркениет орталығы» әдістемелік оқулық  Н.Маденов 
  2. « Мінез-құлық эстетикасы» В.И.Толстых
  3. «Қазақ тәлім-тәрбиесі» (Қазақ ұлттық педагогикасы)
  4. «Человек и город» М.М.Тажин, К.М.Казкенов
  5. «Механизм и факторы формирования цивилизованного сознания молодежи Казахстана» З.С.Айдарбеков (Материалы междунар. Науч. Конференций. Алматы КАз. Унив. 2004 г)

Қосымша ақпарат

Қазақ хандығы  қандай мемлекет болған?  

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚАНДАЙ МЕМЛЕКЕТ БОЛҒАН?  
 
 
 
1. Қазақ хандығы қандай мемлекет болған?  
 
А) Қазақ хандығы кімдермен дипломатиялық байланыста болған?  
 
Ә) Қазақ хандығын кімдер мойындаған?  
 
Б) Қазақ хандығының аумағы, географиялық жағдайы, әкімшілік-басқару жүйесіндегі ерекшеліктері жайлы не білесіз?  
 
В) Қазақ хандығы тарихындағы ең басты немесе жетекші тұлғалар кімдер?  
 
Г) Тәуке ханның Қазақ хандығы тарихындағы миссиясын қалай бағалайсыз? Оның саясатының артықшылықтары мен кемшіліктері неде болды?  
 
Ғ) Тәуке ханның тұсында Қазақ хандығында қандай атақты билер мен батырлар, ақын-жыраулар т.б. тарихи тұлғалар болды? 

 

2. Тәуке ханның  тұсындағы Қазақ хандығының ең  басты ата заңы қалай аталды?

А) Оны кімдер және қашан  жасады?

Ә) Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ тарихындағы өзіне дейінгі заңдар жүйесінен несімен ерекшеленді? 

 

3. Қазақ хандығының  халқы кімдерден құралды?

А) Алты алаш деген кім?

Ә) «Қазақ» деген этимологиялық  ортақ атау қашан және қалай пайда  болды?

Б) «Қазақ» атауының пайда  болуы жайлы қандай дереккөздер  бар? Оларды кімдер жазып қалдырған?

В) Қазақ халқының жүзге  бөлінуі қай кезде басталды? Жүзге бөлінуге қандай тарихи жағдайлар әсер етті?

 

 

 

  Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ,   

 тарих ғылымының  докторы, профессор:

 

 

  ЕЛДІ ҮШТІК АРҚЫЛЫ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ СОНАУ ҒҰН МЕМЛЕКЕТІНЕН БАСТАУ АЛАДЫ 

 

 

 1. А-Ә) Қазақ хандығы көршілес барлық елдермен    дипломатиялық және сауда қатынастарын жасауға тырыс  ты. Тек 1758-1823 жылдар аралығында Чиң әулеті билігіндегі Қытай еліне 31 рет елші аттандырды. Жоңғар, Хиуа, Бұхара, Қашқариямен де берік қарым-қатынаста болды. Құрамына 90 адам енген Төле би бастаған қазақ елшілігі 1743 жылы Жоңғарияға барып Абылай ханды қалмақтан азат етуі – дипломатиялық үлкен жеңістердің бірі еді. Қытайдың Цянь-лунь (Тәңірдің еркесі) патшасы Абылайдың хандығын мойындаған. Ресеймен дипломатиялық қатынас Тәуекел ханның (1583-1598) кезінен басталды. Ал Тәуке хан 1683-1693 жылдар аралығында Ресейге бес дүркін елші аттандырып, еларалық қатынастарды реттеп, сауда-саттық ісі және стратегиялық кейбір мәселелерді алға тартты. Бірақ тарихта Ресеймен тепе-тең дипломатиялық қарым-қатынас болып көрген емес. Олар қазаққа үнемі қысым көрсетіп отырды. Орыстар 1693 жылы қазақ елшілері Сары мен Келдейді себепсіз тұтқындайды. Мұны естіген Тәуке хан орыс патшасына жолдаған хатында: «Адам атадан осы уақытқа дейін елшіні қамауға алу дегенді құлақ естіп, көз көрмеген еді», – деп реніш білдіріп, елшілерді тұтқыннан босатуды талап етеді. Нәтижесінде елшілер босатылып, еларалық мәселелер бейбіт шешім тапқан. Тәуке хан 1687-1688 жылдары Бұхара ханы Сұлтанқұлмен келіссөздер жүргізді. 1711, 1712, 1714 жылдары башқұрттардың көтерілісіне қазақ-қарақалпақтың біріккен 20 мың қолын жіберіп, Башқұрт халқына қол ұшын берді. 

Б) Қазақ территориясының қазіргі аумағы Қасым хан, Хақназар хандардың тұсында қалыптасты. Ол Алтайдан Атырау, Еділ, Жайыққа дейінгі, Батыс Сібірден Сырдарияға дейінгі ұлан ғайыр даланы алып жатты. Енді мемлекеттің сипатына келсек, жүздік құрылымды Қазақ мемлекетінің бір ерекшелігі деп қарастыру керек. Мемлекетті хан басқарды. Хандар хан әулетінен тарайтын мұрагерлердің арасынан «хан кеңесінде» сайланды. «Хан кеңесіне» төбе билер мен батырлар да қатысқан.

В) Қазақта 24 Бас хан, 19-20 Жүз хандары (кіші хандар) болды. Одан кейін әйгілі сұлтандар мен батырлар, билер бар. Мен қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібекті, қазақтың елін – ел, жерін – жер еткен даңқты Қасым хан, Хақназар хан, Абылай хандарды ерекше атар едім. Тәуке ханның ата-бабалары Жәдік сұлтан, Есім хан, Жәңгір хан және Тәукенің өзі де асқан батыр тұлғалар болатын.

Г) Тәуке хан – Қазақ хандығын 60 жылдан астам уақыт (1652-1715) билеген аса елеулі тұлға. Заманы ауыр болды. Қазақты шығысынан жоңғар, батысынан қалмақ, башқұрттар, солтүстік батысынан Сібір және Жайық казактары қысқан кезеңнің өзінде Тәуке хан ел ішінде тыныштық орнатып, халқын үш жүздің хан, сұлтан, билері арқылы жұдырықтай жұмылдырып ұстай білді. А.Левшин Тәукені қазақтың Қасым ханнан кейінгі аса құдіретті әрі ақылды патшасы деп атап, оны Спартаның ақылға кең данасы Ликургке теңеген. Тәуке заманын халық «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» деп атады.

Ғ) Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қожаберген жырау, Тілеу батыр – Тәуке хан билік құрған заманның ірі тұлғалары.

2. А-Ә) «Жеті жарғы» Тәуке ханның тұсында шамамен 1670 жылдары өмірге келген. Заңды түзуге Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және басқа да бек, пірлер қатысқан. Заңның түпнұсқасы табылмағанымен, зерттеушілер ел аузынан оның 34-35 бабын тауып жазып алған. Түпнұсқасы Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңымен үндес. Екеуі де жеті түрлі дауды реттеген. Заңның «Жеті жарғы» атануы да сондықтан. Оған жер дауы мен қоныс дауы, жесір дауы, құн дауы, руаралық қатынастар,  барымта, айып-жаза, алым-салық т.б. кірген. «Жеті жарғыны» Қазақ мемлекетінің алғашқы заңы деуге болады. Ол «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» қатарлы заңдардың жалғасы, оларды жүйелеп реттеген нұсқасы болып табылады.

3. А) Қазақ хандығы құрылғанда оның құрамына 32-34 тайпа кірді. Қазақтың үш жүзінің басын құраған негізгі тайпалар солар. Ал «Алаш» дегеніміз – «қазақ» атауының синонимі. Қазақтың басты ұраны әрі ұлт бірлігінің белгісі. Ақ орданың кезінде қазақ және оның әскери құрамы «Алаш мыңдығы» деп аталған. Қазақ арасында қазақ, ноғай, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, татарларды «Алты алаш» деп атайтын ұғым бар. Бұл – 1666-1763 жылдары өмір сүрген Қожаберген жыраудың «Баба тілі» дастанынан қалған, көрші халықтарды елдестіру мақсатынан туған сөз. Іс жүзінде, аталғандардың ішінде ноғайлы мен қазақтан өзгесінде «алаш» деген ұғым түбірімен жоқ. Ноғайлыда болатыны: ноғай мен қазақ – түбі бір халық. Құрбанғали Халид «Алаш, алаш!» дегенде қазақ, ноғай бір болып, сарт сыртта қалады» деп бекер айтпаған. Ал Қадырғали Жалайыр «Алты алаш» деп Алаш мыңдығының ағасы – алты бекті атаған. Олар – Тебре бек, Шайқы софы бек, Атұлы бек, Итбаға бек, Қараша бек және Тоңқа бек. Шоқан Уәлиханов: «Қазақтың тарихи шежіресінің дәлдігіне келгенде, Қадырғали Жалайырдан асқан еңбекті көрмедім», – десе, Алашорда көсемдерінің бірі Ә.Бөкейханов: «Біз,«Алаш» ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық. Сондықтан партияның атын «Алаш» қою, ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр», – деген.

Ә) Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:

Кеше Алаш, Алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Үйіміз ағаш болғанда,

Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік, – демей ме?

Мұнда ол, сөз жоқ, қазақ  хандарының атасы, Ақ орданың қабырғалы  ханы – Орыс ханды айтып отыр. Орыс ханның тұсында Ақ орда «Алаш елі», Орыс ханның өзі «Алаша хан» атанған. Бұл туралы Ш.Уәлиханов жазған. Бұрын, тіпті күні кешеге дейін қайсыбіреулер «қазақ» атауының тегін орыс тіліндегі деректемелерден, «қашақ» немесе кезбеліктен (вольники) іздеп келді. Кезінде М.Тынышпаев, Ш.Уәлихановтар «қазақ» атауын орыс деректемелерінен іздеп, жауап таба алмай түңілген. Өйткені орыс тілді деректерде Сақтарға «Үнді еуропалықтар» ретінде қарағаны жазылады. Әрине, мұнда идеологиялық әрі стратегиялық мән жатқаны белгілі. Қазақтардың бірі Шоқанның қалжыңының астарын түсінбей, «Қазақ тарихының Геродоты» деп тым асығыс атап жіберген А.Левшиннің өзі: «Біз ХVІІІ ғасырға дейін қазақ деген жұрттың кім екенін білмедік», – депті. Егер «тарих атасы» қазақты ХVІІІ ғасырға дейін білмесе, онда орыстар «қазақ» атауының тегін қайдан білсін?

Б) Қазақ (хассақ) атауының тегін қытай, моңғол, парсы деректері арқылы Сақ, Үйсіннен іздеу керек. Бұл төңіректе қытай, моңғол жазбаларында жеткілікті деректер бар. «Тан Шу» (Тан патшалығы тарихы) былай тұрсын, Жунғо қоғамдық Ғылым академиясының этнография институты құрастырып, 1956 жылы шығарған «Жунғодағы аз ұлттар» энциклопедиясында: «Қазақ туралы қытай жылнамаларында жеткілікті деректер бар. Б.з.б. 119 жылдары тарихта белгіленген Үйсін және Сақ, Юувейшилер – олардың ата-бабасы. VІ ғасырдан бастап олар Алтай түркілері атымен сақталды», – деп жазылған. Ал «Моңғолдың құпия шежіресінде» құдды «Алмания мерседесі», «Жапонның Тойотасы» дегеніміз сияқты, «Хассақтардың арбасы» туралы баяндалады. Бұл тіркес «Құпия шежіреде» үш рет қосалқы түрде, екі рет жалқы (арба) түрде жазылған. Қытайлар бүгінде қазақты «Хайсак», моңғолдар «Хассақтар» деп атайды. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда орыстар «Киргиз» деген атауды қазақтар мойындамағасын «Қырғыз-қайсақтар» дейтін болған. Мұның өзі – олардың қазақтың «Хас-Сақ» тегінен екенін мойындағанының белгісі. Сөйтіп, біздің халық әр ғасырларда «Хассақ», «Хаса», «Ғыса», «Қыпшақ», «Алаш» сынды түрлі атауларға ие бола жүріп, ХІV-ХV ғасырлардан бастап бүгінгі «Қазақ» атымен толысып қалыптасты.

В) Қазақ жүздерін «Әскери жүздік» немесе «Үш орда» деп тарихи ойды тығырыққа тіреген – тағы да орыстілді әдебиеттер. Жүздік жүйенің генеологиясы мен дамуы, ат-атауы мен жүздердің қалыптасқан уақыты туралы түрлі пікірлер бар. Мен бұл мәселені 2010 жылы жарық көрген «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты монографиялық еңбегімде талдадым. Қазақ жүздерінің тарихын әскери жүздік (сотня) немесе қазақ шежірелері сияқты сан жеткісіз аталықтардан іздеу – тарихты адастыратын жол. Орыстың «сотня» дегені – ежелгі түркілердің «Juz» сөзін орысшалаған механикалық аудармасы. Ал түркілердің  «Juz», қазақтардың «жүз» сөздерінің нақты мағынасы – цифрлық жүз (100) емес, бағыт-бағдарды білдіретін («ортақ жатқан Үйсінім, Дулатым тағы бар, ары барсақ, Қыпшағым» деген сияқты) ұғым. Ежелгі түркі-моңғолдар бұл ұғымды «Juz» (жүз), «Gar» (қол), «Jiguur» (қанат) деген мағынада қолданған. Мұндағы «қол» – «әскери қол (корпус), «жүз» –«оң жақ», «сол жақ» немесе «оң қанатым», «сол қанатым» деген ұғымды білдіреді.

Негізі, жүз генеологиясын  әріректен, көшпенділердің ел басқару жүйесінен іздеген жөн. Ежелгі көшпенділердің өмір салтында үштік интеграл және 3х3 (9) саны (тоғыз татар, тоғыз оғыз, тоғыз ұйғыр одағы, тоғыс айы, тоғыз айыбы т.б.) киелі де тұғырлы болып табылды. Үш (3) – ошақтың үш бұтындай мығым сан. Үш екіге бөлініп кете алмайды, не өз-өзіне, не үшеуі біреуіне бағынады. Бірлік мағынасында да «үштік», «жетілік», «тоғыздықтың» орны бөлек. Егер сан төртеу болса, екі-екіден жақ болып бөлініп кетуі мүмкін. Көшпенді мемлекеттерде екіге бөлінгені болмаса, үшке бөлінген тарих жоқ. Сондай-ақ ол елдерде ел басқарудың үштік жүйесі қабылданды. Елді үштік арқылы басқару жүйесі сонау Ғұн мемлекетінен бастау алады. Ғұндар б.з.б. 209 жылы Иран, Түріктердің 36 аймағы, Тахлаг Маханның ұлы шөлінен батысқа қарай 146 мың отбасы, 844 мың жаны, 240 мың қарулы қолы бар 26 ұлыс елді бір шаңырақ астына біріктірген Ұлы дала мемлекетін құрды. Ерте және орта ғасырларда мұндай үлкен ел, жерді бір орталықтан басқару мүмкін емес еді. Сондықтан олар елін үш қанатқа (жүзге) бөлді. Бұлайша бөлінуде ру-тайпалардың орналасу жайы, жер-суының жағдайы және халықтың этникалық жақындастығы ескерілді. Осыған орай Тәуке хан үш жүзге хан тағайындап, таңбасын, ұранын белгілеп берді. Бірақ бұл – «Орталық мемлекет тарап кетті» деген сөз емес, әрбір жылдың күз айында үш жүздің игі жақсылары жиылып жиын (құрылтай) құрып, келелі мәселелерді шешіп тұрған. «Жеті жарғы» сондай бір жиында қабылданған.

 

 

 

 

 

  Ислам ЖЕМЕНЕЙ,   

 филология ғылымының  докторы, шығыстанушы, ҚР  мәдениет қайраткері:

 

«Қазақ» атауы жазба деректерден алғаш  Шарафеддин Әли Иәздидің «Зәфәрнаме» шығармасында аталады 

 

 

  1. А) Қазақ хандығы өз заманында Моғол, Шағатай,    Шейбан, Иран, Қытай, Ресей сынды елдермен байланыста болғаны тарихи деректерде анық көрсетілген. 

Ә) Өз дәуірінде Қазақ хандығын билеушілерінің саяси  ұстанымдарына  қарап өзге елдер түрлі деңгейде мойындап келді. Мұхаммед Хайдар Дулати әйгілі «Тарих-и Рашиди» атты шығармасында: «Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өзіне қаратып алғаны соншалықты – Жошы ханнан кейін ешкім де ол сияқты үлкен билікке қол жеткізген емес. Әскерінің саны миллионнан асатын еді», – деп жазған. Қазақ хандығының басқару жүйесі өзге де хандықтар сияқты хан мен оның төңірегіндегі жоғары лауазымды кеңесшілер, қолбасшылардан тұрғанын Мұхаммед Хайдар Дулати, Әли Иәзди, Ата Мәлік Жовейни секілді тарихшылардың еңбектерінен ұға аламыз.

В) Қазақ хандығы тарихындағы ең басты немесе жетекші тұлғалардан ең бірінші Жәнібек, Керей, Қасым, Әбілқайыр, Абылай, Тәуке, Кенесары хандарды ауызға алар едім. Олардан бөлек атақты жыраулар мен қара қылды қақ жарар билер де болды.

Г) Тәуке хан мемлекетті нығайту мақсатында үш негізге жүгінді. Олар: 1) Билер кеңесі арқылы қазақтың елдік санасын қалыптастыру; 2) «Жеті жарғы» арқылы қоғамды қалыпты ережеге бағындырып, тәртіп орнату, әрі қоғамның басқарушы ақсүйектерін сомдап шығару; 3) Ислам дінін күшейту. Ол ислам дінін халықтың ынтымағын қамтамасыз ете алатын, әрі халыққа тәрбие бере алатын рухани тірек ретінде қоғамдық жүйеге енгізуді мақсат етті.

Ғ) Тәуке ханның тұсында билер көп болған, сонымен қатар олар абыройсыз да емес еді. Қазақтың атақты үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтекелер мемлекет істерінің басы-қасында жүрді. Олар арқылы халықтың елдік санасы ояна бастады.

2. А) «Жеті жарғы» Тәуке ханның жанындағы билердің ақыл-кеңестері негізінде жасалғаны анық.

Ә) Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ тарихындағы өзіне дейінгі заңдар жүйесінен бірнеше қырымен ерекшеленеді: 1) тайпалық қазақ қоғамындағы алауыздықты жоюды көздеді; 2) қоғамдық қатынастарды жүйелеуді мақсат етті; 3) халықтық сананы қалыптастыруды ойлады. «Жеті жарғы» жаңа қоғам қалыптастыруға, түрлі кемшіліктерді жоюға қауқарлы екендігін танытты. Қазақтар көбінесе жазылмаған салт-дәстүрлерін тіршілік заңы ретінде қабылдап, сонымен өмір сүріп келген. Оны халықтың санасынан шығару үшін ұтымды сөз керек болды. Сол себепті көпшілікке жаңа заңды қабылдату мақал-мәтелдер арқылы іске асып жатты.

3. А) «Алты алаш» – қазақ халқының алғаш қалыптасу кезеңінде берілген атау болуы әбден мүмкін. Ол шамамен XIV-XV ғасырларда дүниеге келген. Ресей патшалығының қысымын сезе бастаған көреген даналар бір-бірінен бөліне бастаған қазақ, өзбек, қырғыз т.б. қосып, «Алты алаш» деп атағаны анық.

Ә-Б) «Қазақ» деген этимологиялық ортақ атау жазба деректерден алғаш Шарафеддин Әли Иәздидің «Зәфәрнаме» шығармасында аталады. «Қазақ» атауының пайда болуы жайлы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды. Әркім өз мүмкіндіктеріне қарай  қауіпсіз һәм дұрыс өмір сүру үшін Керей мен Жәнібекті паналады. Басында елден қашып, олардан бөлініп қалып, біраз уақыт тарығып әрі сергелдеңде болғандықтан, оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды», – деп жазды. Сонымен қатар Әли Иәзди мен Фәзлолла Хәнжиде де «қазақ» сөзінің этимологиясына ғана тоқталған.

 

 

 

 

 

 

Жанұзақ ӘКІМ,

Еуропа Ғылым  академиясының академигі:

ХАНДЫҚ  БИЛІКТІҢ ӘЛСІРЕУІНЕ ЕЛ БИЛЕУГЕ БИЛЕР  ИНСТИТУТЫНЫҢ АРАЛАСУЫ ДА КЕРІ ӘСЕРІН ТИГІЗДІ 

1. А) Қазақ хандығы көрші Шайбани мемлекеті  ыдырағаннан кейін Бұхар хандығымен, Моғолстанмен,  Ресеймен, Абылайдың тұсында Қытаймен дипломатиялық  байланыс жасады. Сонымен қатар, Жоңғариямен екі ғасыр  бойы дипломатиялық және соғыс жағдайында болды. Ал  Хақназар хан өзі башқұрт пен ноғайды билесе, қырғыз бен қарақалпақты балаларына қаратып, Моғолстанда билікке өз адамдарын қойды. 

Информация о работе Жалпы тарихтан тест сұрақтары