Автор: Пользователь скрыл имя, 23 Февраля 2013 в 16:03, реферат
Өндірістік тәсіл мен құралдардың жедел қарқынмен дамуына байланысты, қалыптаса бастаған қоғамның жаңа талап, сұраныстарын қамтамасыз етуге ескі схоластикалық ілім мен діни көзқарастар кедергі болды. Жаңа заманға жаңа ғылыми жаңалықтар, жаңаша дүниетанымдық көзқарастар керек еді. Осы себептен ғылымның пайдалы деп табылған жаңа салалары тез дами бастады. Гидростатика, механика, геометрия, т.б. ғылымдар саласында қол жеткен табиғаттану, философия ғылымдарына үлкен әсер етіп, философияда механистік көзқарасты және метафизикалық ойлау тәсілін қалыптастырды.
Декарттың философиясы артында өзіндік із қалдырған, соны идеяларымен кейінгі философиялық ағымдарға ықпал етіп, адамдарды басқаша ойлау арқылы, қазіргі техниканы жасауға мүмкіндік туғызды.
Бенедикт Спиноза (1632—1677 жж.) – нидерланд философы.
Негізгі еңбектері: «Діни-саяси толғау», «Декарт философиясының қағидалары», «Этика», т.б.
Спинозаның ілімі бойынша, барлық материалдық денелер мен құбылыстарды біріктіретін ұғым ол — субстанция (түпнегіз). Құдай, табиғат, әлем, түпнегіз біртектес, бір реттегі түсініктер, синонимдер. Түпнегізге сансыз көп атрибуттар (ең басты қасиеттер) тән. Солардың ішіндегі ең маңыздылары кеңістікте көсілу мен ойлау. Түпнегізді ешкім (құдай да, табиғат та) жаратпайды, ол өз-өзінен пайда болуына себепкер (causa sui). Түпнегіздің атрибуттары модустарды дүниеге әкеледі. Олардың өздері екі түрлі болады. Біріншісі, түпнегіздің атрибуттарынан тікелей туындаған модустар. Бүлардың өзі атрибуттарының табиғатына қарай: а) кеңістікте кесілу атрибутынан қозғалыс және тыныштық модустары; б) ойлау атрибутынан – ақыл-ой және жігер модустары болып бөлінеді. Екіншісі, әлемдегі жеке денелер — модустар. Әлем түпнегізбен пара-пар болғандықтан, бұл модустар түпнегіздің (әлемнің) жеке денелер арқылы көрінуі. Әлем универсум (әмбебап жалпы ұғым) ретінде мәңгі және өзгермейді. Ал оған кіретін жеке денелер үздіксіз өзгерісте, қозғалыста болады. Өзгермейтін, қозғалмайтын әлеммен үздіксіз өзгерісте, қозғалыста болатын жеке денелердің арасындағы байланыс қозғалыс модустары арқылы жүзеге асады.
Түпнегіздің ойлау атрибутының модустары (тіршілік, рух, жан) барлық жеке денелер мен құбылыстарды қамтиды.
Осы модустардың әрқайсысы өздеріне лайық жеке денелерде әр түрлі болып кездеседі. Егер, жануарларда – жан, адамдарда – жан, рух, ақыл-ой, жігер модустары болса, басқа заттарда – тіршілік модусы ғана болады. Бұл жерде Спиноза тіршілік деп жеке денелердің пайда болған кезінен өлгенге дейінгі өмір сүруін айтады. Спинозаның әлемдегі барлық денелерді басынан бастап жанды заттар ретінде қарастыруы философиада гилозоистік көзқарастың жанданып, одан әрі қарай дамуына үлкен әсер етті.
Спинозаның ілімі бойьшша, тек денелер ғана модустар емес, сонымен бірге идеялар да – модустар. Олай болса адамдар өз мүмкіндіктерін, және табиғаттың заңдылықтарын, сырын неғұрлым көбірек білсе, соғұрлым ол өзі үшін әдептілік қағидаларын белгілеп, пайдасыз іс-әрекеттерден аулақ болып, құдайдың мәнін түсінуге жақындар еді. Ал құдайды жақсырақ түсінген сайын, оны көбірек сүйеміз. Осындай құдайға деген сүйіспеншілік — біздің игілігіміз. Адамдар өзін туғаннан еріктімін деп есептейді, шындығында олар ерікті емес. Өйткені, олардың іс-әрекеттері себептілікке бағынады. Бұл заңдылықты білмегеннен кейін, олар өздерін еріктіміз деп ойлайды.
Табиғаттың, адам өмірінің себептілік заңдылығына бағынышты екенін түсіну үшін ойлаудың математикалық тәсілі ғана бізді ақиқатқа жеткізеді.
Жалпы алғанда, таным процесі үш сатыдан тұрады: біріншісі — сезімдік таным. Бұл сатыда біз шынайы білім ала алмаймыз, себебі түйсіктер арқылы алған ақпараттар көп жағдайларда көңіл-күйге байланысты болады; екіншісі — рационалдық таным, басқаша айтқанда ақыл-ой арқылы таным. Танымның бұл сатысында да біз ақиқатқа жете алмаймыз; үшіншісі – интуиция, немесе заттар мен құбылыстардың мәнін іштей түсіну. Бұл сатыда заттардың мәнін түсініп-білу арқылы, олардың түпнегізін (құдайды) білуге мүмкіндік аламыз.
Сөйтіп, құдайдың (түпнегіздің, табиғаттың, әлемнің) мәнін, мазмұнын, табиғатын түсіну тек математикалық тәсілді қолданған ғылымдарың ісі, ал дінге келетін болсақ, оның құдай туралы айтқан пікірлері қате. Жалпы алғанда, діннің шығуына екі түрлі себептер әсер еткен. Олар: 1) адамдардың табиғаттың өзінен табиғаттағы кұбылыстардың себептерін түсіндіре алмауы, және 2) олардың табиғаттың дүлей күштерінің алдыңдағы қорқынышы.
Бірақ Спинозаның пікірінше, дін халықты уыстан шығармай ұстап тұру және қоғамда тәртіп орнату үшін қажет.
Спиноза ілімінің атеистік идеялары XVIII ғ. француз ағартушыларының еңбектерінде әрі қарай өріс алса, оның дедуктивтік тәсілі мен таным проңесіндегі кейбір соны идеялары (интуиция т.б.) Шеллингтің, Канттың, Гегельдің философияларында дамытылды.
Готфрид Вильгельм Лейбниц (1642—1716 жж.) немістің көрнекті физигі, математигі, тарихшысы және философы. Негізгі еңбектері: «Адамның ақыл-ойы туралы жаңа тәжірибелері», «Мондология», т.б.
Лейбництің ілімі бойынша, құдай өзінің ішкі даму заңдылығына сәйкес түпнегіздерді (субстанция) дүниеге келтірді. Ал барлық мәнділіктердің, соның ішінде материяның да түпнегізі — ұсақ денелі, шамалы болса да саналы монадалар. Олар табиғаттың нағыз атомдары. Монаданың негізгі қасиеттері: 1) барлық мәнділіктің түпнегізі ретінде ол қарапайым және бөлінбейді; 2) олардың өз алдына бөлек және әрекетшіл мүмкіндігі бар.
Монадалар кеңістікке көсілмейді. Олай болса, монадалар физикалық, немесе геометриялық тұрғыдан қарастыратындай денелер қатарына жатпайды, олар тек «философиялық нүкте» ғана, басқаша айтқанда «әрекетшіл күштің» түпнегізі. Монадалар табиғи жолмен жоғалмайды, өшпейді, бірақ басқа күштің (кұдайдың) әсерімен пайда болуы да, өшуі де мүмкін. Алғашқы монада — құдай, ал калғандары оның сәулелері. Біздің денелер, заттар, құбылыстар деп жүргендеріміз шындығында монадалар жиынтығы, ал кеңістік пен уақыт — монадалар күшінің көрінісі.
Монадалар күшінің әрекеттілігі оның «еске алу» қабілетінде жинақталған. Монадалардың әр түрлілігі олардың «еске алу» қабілеттерінің әр түрлілігіне байланысты. Монадалар өздерінің «еске алу» қабілеттерінің даму сатыларына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді: 1) «еске алу» қабілеті бейсаналық күйіндегі қарапайым, ұйқыда жатқан монадалар, оларға минералдар мен өсімдіктер жатады; 2) «еске алу» қабілеті түйсіктер мен ес күйіне айналған, жанданған монадалар, оларға жануарлар жатады; 3) «еске алу» қабілеттері айқын да, анық рухқа, жанға айналған монадалар, олар — адамның жандары; 4) шын мәнінде саналы, объективті «еске алу» қабілеті бар монада, ол – құдай.
Әр монаданың «еске алу» кабілетінің даму заңдылығы тек өзімен шектеледі. Басқаша айтканда, еш нәрсе оған сырттан кірмейді және одан сыртқа шықпайды. Мысалы, минералдар мен өсімдіктер жануарларға, жануарлар адамға, ал адам кұдайға айнала алмайды, әрқайсысы өз деңгейінде қалады.
Лейбництің таным процесі туралы іліміне келсек, ол сезімдік түйсіну мен рационалдык танымдардың өзара қатынасын екі түрлі ақиқаттың табиғатын айқындаудан шығарады. Бірінші түрі — ақыл-ой ақиқаты, немесе кездейсоқтық ақиқаты деп аталады. Бірінші ақиқат деп отырғанымыз логика мен математиканың қағидалары. Оларды сезімдік түйсіну арқылы танып-білуге, дұрыстығын дәлелдеуге болмайды. Сондықтан, бұл ақиқатқа жетудің бірден-бір жолы Аристотельдің логикалык заңдарына сүйеніп, танып-білу.
Ал, фактілер ақиқатына келетін болсақ, олар табиғатынан кездейсоқтық мәнде болатындықтан, оларды аталған логика заңдары арқылы түсіндіріп, білу өте қиын, сондықтан олардың дұрыстығын, ақиқаттығын дәлелдеу үшін, «жеткілікті негіздеу» заңын қолдану керек. Сөйтіп, Лейбниц логиканың төртінші заңын ашты.
Лейбництің адам және қоғам туралы пікірлері өзіндік ерекшелігімен көрінеді. Оның пікірінше, «мен» («жеке тұлға») модус емес, өз алдына бөлек монада. Сондықтан да, ол қайталанбайтын, дараланған, өзіндік ерекше қасиеті бар адам. Бірақ «жеке адам» өзінің тек тұтастықпен байланысты екенін түсінеді. Сөйтіп, әрбір жеке адам өз алдына бөлек, белсенді және ерікті түрде өз мүддесімен сәйкес келетін, қоғам (тұтастық) мүддесіне қызмет етеді. Ал қоғам (тұтастық) болса, адамдардың біріккен «хоры», онда жеке адамдар өзінің ерекше қасиеттерін дамыту арқылы басқалардың игілігін дамытады, сөйтіп өркендеуге өз үлесін қосады.
Лейбництің ілімі Дидроның, Робинэнің, неміс классикалық философиясының қалыптасуына зор әсер етті. Әсіресе, олар Лейбництің монадалардың әмбебаптық байланысы, олардың өзара бір-біріне ауысуы т.б. идеяларын әрі қарай дамытып, өзіндік ерекшеліктері бар философиялық, қағидаларды дуниеге әкелді.
Франция XVIII ғ. ағылшын философиясының ықпалымен ағартушылық, ілімнің ошағына айналды. Бұл қозғалыстың көсемі Волътер, шын аты-жөні Франсуа Мари Аруэ (1694 – 1778 жж.) болды. Негізгі шығармалары: «Тарих философиясы», «Философиялық повестер мен әңгімелер», «Эстетика», «Хаттар», т.б.
Вольтердің өткір де шыншыл шығармалары арқылы ағартушылық идеясы толық қалыптасып, барлық Еуропа елдерінде тарады. Өз шығармаларында Вольтер феодализмнің келеңсіз жақтарын және діннің қағидалары мен уағыздарын келеке етіп, сынға алды. Дегенмен де, ол құдайдың бар екенін мойындайды, бірақ ол жоқты бар ете алмайды, ол тек табиғаттың алғашқы қозғаушы күші ғана. Табиғат, қоғам әрі қарай өз заңдылықтарымен дамиды. Вольтер құдайдың әр түрлі қасиеттерін негіздеуге тырысатын дінді де, оған қарсы — атеистік ілімді де жақтамайды. Олардың біріншісін дәлелсіз болғандықтан мойындамаса, екіншісіне қоғамдық тәртіпті бұзады, — деп қарсы болады. Адамзат тарихы, Вольтердің пікірінше, адамзаттың прогресс (үдеу) пен білімділік үшін күрес тарихы. Өркениетті адам табиғатпен алғашқы қауым адамымен салыстырғанда әлдеқайда үйлесімді өмір сүреді. Осы тұрғыдан ол «адамзат үшін мәдениеттің құндылығын баса көрсетті. Мемлекетті басқарудың ең тиімді түрі — ағартушылық монархия. Ол ерікті қоғамның қалыптасуына жағдай жасауы керек. Сол кезде ғана ерікті қоғамның басты табиғи талантары — сөз, баспасөз, ар-ождан бостандықтары шын мәнінде жүзеге асады. Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік — заңды құбылыс, ал адамдар тек қана заң алдында тең болулары керек.
Жалпы алғанда, Вольтер тарихқа, әсіресе мәдениет және философия тарихына ерекше көңіл бөліп, осы ғылымдардың дамуына себепкер болған және ағартушылық идеяны қағида ретінде қабылдап, уағыздаған ойшыл.
Шарлъ Луи Монтескъе (1689—1755 жж.) — құқық және тарих мәселелерін философия тұрғысынан қарастырған француз ойшылы. Негізгі еңбектері: «Фарсылық хатхар», «Римдіктердің ұлылығы мен күйреуінің себептері туралы пікірлер», т.б.
Монтескье әр халықтың және елдің заңдарын, саяси өмірін табиғи және тарихи жаздайлардың ерекшеліктерінен деп түсіндірді.
Заңдар – табиғи және қоғамдық болып екіге бөлінеді. Табиғи зандарға әр елдің табиғат ерекшеліктеріне байланысты (ауа райы, жер реңі, т.б.) қалыптасқан психологиялық мінез-құлықтар жатады. Бұл зандылықтар мәңгі және еш өзгермейді. Осы заңдар негізінде өзгермелі қоғамдық заңдар қалыптасады. Мемлекеттік басқару ісі билеуші бекіткен қоғамдық заңдар бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Билеу түрінің өзі мемлекеттің жер көлемінің үлкен-кішісіне қарай әр түрлі болуы мүмкін. Осыған орай Монтескье: үлкен мемлекеттер үшін – деспоттық, орта көлемді елдер үшін — монархиялық, ал шағын көлемді елдер үшін — демократиялық билеудің түрлері тиімді деп есептейді. Оның пікірінше, билік бөлініп: заң шығару, атқарушы және сот биліктері дербес, бір-біріне тікелей бағынбайтын болып қызмет атқарулары керек.
Монтескьенің саяси-әлеуметтік ілімдері қоғам дамуының қозғаушы күштерін айқындауға, Қоғамдағы болашақ реформалардың тиімді жолдарын қалыптастыруға негізделгендіктен, оның біршама ойлары кейінгі ойшылдарға, саясатшыларға зор әсер етті.
Жан Жак Руссо (1712—1778 жж.) француз ағартушылық ағымының шеңберінен шыға алмаса да, оның негізгі идеяларымен келіспейтіндігін көрсеткен жазушы және философ. Негізгі еңбектері: «Теңсіздіктің себептері туралы», .«Қоғамдық келісім туралы», «Эмил, немесе тәрбие туралы». Егер Вольтер адамзат тарихы прогресс пен білімділік үшін күрес тарихы десе, Руссо мәдениеттің прогресімен қатар өнегеліктің құлдырауы сәйкес келіп отырады дейді. Себебі, қоғам неғұрлым ілгері дамыған сайын, теңсіздік тереңдей түседі. Ал теңсіздік, өз тарапынан керенаулықтың, жалқаулықтың, тоқмейілсудің қайнар көзі болғандықтан ол, адамгершіліктің, мінез-құлықтың азғындауына әкеліп соқтырады.
Теңсіздік мәңгі әлеуметтік құбылыс емес, алғашқы қауымдық қоғамда теңсіздік болмаған, себебі онда меншік болған жоқ, сондықтан, барлық, мәселе адамгершілік тұрғысынан шешілді. Ал кейінірек, өндірістік құралдардың жетілуі және жоғары сатыға көтерілуі — жеке меншіктің, ал ол – теңсіздіктің пайда болуына себепкер болды.
Әлеуметтік теңсіздікті жоюдың бірден-бір жолы — Руссоның айтуынша, — бәсеке бостандығы арқылы адамдардың табиғи құқықтарының (өмір сүруге, ерікті болуға, меншік иесі болуға) қанағаттандырылуына мүмкіндік беретін жағдайлар жасау.
Адам туғанда бас бостандығымен туады, бірақ өз еркімен «қоғамдық келісімге» бой ұрғаннан кейін, олар өздерінің жекелеген жігер-еркін біріккен, «ортақ жігер — ерлікке» шоғырландырады. Сөйтіп, мемлекет пайда болады. Мемлекеттің негізгі міндеті бейбітшілік пен: әділеттілікті сақтау.
Руссоның теңсіздіқ, «қоғамдық келісім» туралы пікірлері көп елдің саяси, рухани өмірінде мемлекеттік құқық тәрбиесі, т.б. әлеуметтік құбылыстардың қалыптасуына үлкен әсер етті.
Аты-шулы француз «энциклопедиясын» (1751—1788 жж.) шығару барысында, сол кездегі табиғаттану ғылымдарының жетістіктеріне сүйенген бір топ ойшыл ғұламалардың дүниетанымдық көзқарастары қалыптасты. Олардың ілімдерін жеке-жеке бөліп қарамай, жалпы «энциклопедистер ілімі» деген ортақ атпен біріктіріп қарағанды жөн көрдік. Негізгі өкілдері мен олардың еңбектері: Дени Дидро (1713—1784 жж., «Рамо жиені»). Ламетри (1709—1752 жж„ «Адам — машина»), Гольбах (1723 — 1789 жж., «Табиғат жүйесі»), Гельвеңий (1715 — 1771 жж,, «Адам туралы»), т.б.
Энциклопедистер пікірінше, әлемнің түпнегізі — табиғат, материя. Оның негізгі қасиеттері: кеңістікте көсілу, салмақ, бірлік, түр (форма), қозғалыс.